Тұлғалар тағылымы
Жандос Әубәкір
Мұхтартану ғылымының хал-аһуалын салмақтау, кемелдігін саралау және М.О.Әуезов пен дарынды шәкірті Қайым Мұхамедханұлыныңғылыми-әдеби мұрасын жаңаша ұлттық дүниетаным тұрғысынан тану бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.
Көркем ойдың кемеңгері М.О.Әуезовтің шығармашылық мұрасы – еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің асыл жетістігі ғана емес, сонымен бірге бүгінгі қазақ ғылымының жалпыадамзаттықмәдениет кеңістігіндегі мәңгі жарқырап тұрар темірқазығы.
М.О.Әуезовтің жазушылық, зерттеушілік және жалпы қаламгерлік қызметін қарастырғанда ең алдымен, әрине, қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы аузымызға оралады.
Абай мен Мұхтар Әуезов шындығында да егіз ұғым. М.О.Әуезов Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын әлемге танытса, сол арқылы әлем де ғұлама ғалымды, теңдессіз жазушыны таныды. Әуезовтің ізгі жолын Қайым жалғастырды.
Замана көші қанша алыстаса да бұл рухани байланыс желісі еш үзілмек емес, керісінше уақыт алшақтығы алыстай бергенімен, тұлғаларарасындағы алтын көпірдің құндылығы арта бермек.
М.О.Әуезов: «Абай жөніндегі ең қызықты, ең соны және әдебиеттік прогрестік ретіндегі ірі мәселе – Абайдың ақын шәкірттері» деген еді. Шындығында да бұл тақырыптың өзектілігін, өміршеңдігін уақыт көші озған сайын айқын аңғарудамыз.
1936-37 жылдары Абайдың туғанына 95 жыл толу қарсаңында, әрі жүз жылдық тойға даярлық жұмыстарын жасау барысында Абай мұрасын жан-жақты қамтып, тереңдете зерттеуге бағытталған «Қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы – қазақтың данышпан ақыны Абай Құнанбаев туралы биографиялық тезистік жоспарында» көрсетілген күрделі мәселелер мен тақырыптар 30 жылдардан бастап оны зерттеу нысанына алған М.О.Әуезовтің алдағы уақытта жазар сан-салалы еңбектерінің бағыт-бағдары еді. Осы еңбектің жетінші бөлімі «Абайдың классикалық әдеби мектебі» деп аталып, Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әріп, Әубәкір, Тұрағұл сынды ақындар ғалым жоспарына енеді.
Кешенді болашақ жұмыстарды жоспарлай жүріп ғұлама ғалым абайтанудағы «Абайдың ақындық, әдеби мектебі» сынды күрделі, зерттеушілердің назарына ілінбеген тың тақырыпты жас, білімді шәкірті Қайым Мұхамедханұлына сеніп тапсырды.
Қ.Мұхамедханұлы 1938 жылдың мамыр айында Жамбылдың ақындық қызметіне 75 жыл толуына орай өткен мерейтойға келген кезінде ұcтазына жолыққанын, араларында болған әңгімені, М.О.Әуезовтің ақыл-кеңесін былайша өрбітеді: «Абайдың ақын шәкірттері Ақылбайдың, Мағауияның, Көкбайдың, Тұрағұлдың, тағы басқаларының өлең-жырлары, дастандары түгел жинақталған жоқ. Осыларды жинап, зерттеп, жазу жұмысын қолға алуың керек», – деп, тағы басқа істелуге тиісті жұмыстарды нақтылап атап-атап айтты».
Қ.Мұхамедханұлы М.Әуезов тапсырмасын бұлжытпай орындайды. 1939 жылы Алматыда өткен Қазақстан жазушыларының екінші съезіне Семейден делегат болып барғанда ұстазына өзінің бір жылдың ішінде жинаған материалдарын көрсетеді. Бұл жөнінде Қайым аға: «Бұл жолы құр қол келгем жоқ. Көкбайдың он шақты өлеңін, «Сабалақ» атты, Абылай хан туралы дастанын және Әріп ақынның көп өлеңін ала келген едім. Мен әкелген өлеңдермен Мұхтар бұрын таныс емес екен. Бірге оқып шықтық. Мұхаң қатты риза болып, көңілденіп: «Бәрекелді, міне, жақсы жұмыс бастапсың. Осы бетіңмен жинай бер. Абай шәкірттерінің шығармаларын біршама жинақтап алған соң, олардың өмірбаянын жазып, шығармаларына әдеби талдау жасау қажет...» дей келіп, «Абай мектебі» деген ұғымның мән-мағынасын түсіндіріп берді», – деген еді.
Қ.Мұхамедханұлының Абай дәстүрін жалғастырушы шәкірттері жөніндегі мақаласы 1940 жылы Семей қаласындағы «Екпінді» газетінде жарық көрсе, «Абайдың әдебиет мектебі» атты көлемді мақаласы 1945 жылы жарияланады. Бұл ретте 1934 жылдан бастап М.О.Әуезовтің «Абайдың ақындық мектебі» тақырыбына байланысты көтерген мәселесінің ғылыми шешімін берген 1951 жылдың 7 сәуірінде Қазақстан Ғылым академиясының ғылыми кеңесінде үлкен тартыспен қорғалған кандидаттық диссертациясын тағы да құрметпен атап кетуіміз ләзім. Бұл М.Әуезов үшін де, Қ.Мұхамедханұлы үшін де, Абай шәкірттері үшін де үлкен қиындықпен келген жеңіс болды. Бірақ бұл еңбектің қаншама жылдар бойы толық айтылмай келуі, «Абайдың ақын шәкірттері» еңбегінің 90 жылдары ғана жарық көргендігі туралы Сіздер жақсы білесіздер!
Ғалымның 50 томдық шығармаларының толық жинағындағы мақалалар мен түрлі зерттеулерді, оқулықтар мен повестерді, очерктер мен жолжазбаларды, әңгімелер мен аудармаларды, пьесалар мен либреттоларды, киносценарийлер мен ғылымның сан түрлі саласына орай жазған өзге де еңбектерін қарай отырып, ғұламаның тереңдігіне, жан-жақтылығына қайран қаласың! Бұл ретте Көкбай ақынның Абайға тамсанатындай: «Келбеті біліміне лайықты, Апырым-ай, мұндай адам қалай туған», – деп таң қаласың..!
М.О.Әуезовтің өзге ғылыми-зерттеулерін былай қойғанда, тек Абай тақырыбының өзі Мұхтардың даралығын айқындап береді. М.О.Әуезовтің: Абайдың толық өмірбаянын жазуы; Ақынның рухани нәр алған қайнар бұлақтарының ерекшеліктерін ашуы; Абай Құнанбайұлының шығармашылығын, әдеби мұрасы жан-жақты зерттеуі; Абайдың шығармалар жинағын жарыққа шығаруы; Абайдың ақындық мектебін, ақындық дәстүрін зерттеп, ақын шәкірттер мұрасын ғылыми айналымға қоюы; Абайтану арнайы курсын оқытуы, Абайтану бағдарламасын жасауы; Абайға арналған драмалық шығармалар жазуы; Әлемдегі теңдессіз шығарма «қазақ өмірінің энциклопедиясы» «Абай жолының» жазылып, жарық көруі; «Абай» журналының өмірге келуі;Абайға қатысты тарихи жерлерге маңыз беру мен Қазақстандағы алғашқы әдеби музей «Абай музейін» ашылуы мен қалыптасуына қосқан үлесі т.б. ұлы ақынға қатысты қаншама бағыттарды айта беруге болады.
Осы бағыттардың әр қайсына жеке-жеке мән бере қарасақ, ғұлама зерттеулерінің өміршеңдігі мен құндылығын айқын байқаймыз. М.О.Әуезов еңбектерінің жазылған уақытынан алыстап келе жатсақ та, бүгінгі күні абайтану ғылымы көкжиегі соншама кеңейді десек те, қаншама жылдар бұрын жазылған әр бағыттың басты темірқазығы да, негізгі дерек көзі де М.О.Әуезов сөзі болып қала бермек.
Мысалы, Абай Құнанбайұлының ғылыми өмірбаянын зерттеу мәселесі. М.О.Әуезовтің 1933, 1940, 1945 және 1950 жылдары жазған Абай өмірбаянының төрт нұсқасы – бүгінгі абайтанушылар басшылыққа алар құнды еңбектер. Ғалымның өзі: «Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып жазу жұмысы жетер өрісіне жетіп, аяқталған жоқ. Абай өмірі туралы бұдан былай да ел аузынан жиналатын естегілер, жалпы әңгімелер жамала беруге тиіс»,– дейді. Ия, М.О.Әуезовтен кейін де ақынның өмірбаянына қатысты түрлі деректер мен архив құжаттары табылуда. Бірақ Абайдың шығармашылық өмірбаяны әлі қайта толыққанды түрде М.О.Әуезовтей жазылған жоқ емес пе?!
Екіншіден, Абай шығармаларының текстологиясына қатысты айтсақ: Қазақ әдебиеті тарихында ең көп зерттелген ақын Абай екені анық. Әйтсе де Ұлы ақын мұрасына қатысты қаншама зерттеу жұмыстары жасалынып, алғашқы абайтану баспалдақтарынан бері Абай шығармаларының текстологиясымен айналысып келе жатсақ та бұл сала әлі де өзекті болып қала бермек. Қазіргі таңда Абай шығармаларын кез-келген баспа шығара алатын болғандықтан, түрлі текстологиялық ауытқулар, орфографиялық қателер ғана емес, жекелеген құрастырушының өз ойы бойынша ғана өзге де басқа шығармалардың еніп кетіп жатқанын байқап қаламыз. Бұл ретте осы салада еңбек етіп жүрген ғалымдар еңбегін жоққа шығармаймыз. Бірақ әр жарық көрер жинақ абайтанушылардың, мәтінтанушылардың, мамандардың талқылауынан өтіп, жан-жақты зерделеніп барып, баспаға ұсынылғанда ғана сапалы болатындығы сөзсіз.
Бұл мәселе жайында М.О.Әуезов «Абай жайын зерттеушілерге» деген ұлы ақынның туғанына 95 жыл толуына орай жазылған мақаласында былай дейді:
«Біз осы күні Абай жайын зерттеуді тараң түсініп жүрміз. Әр жинаушы, не қылса, ең әуелі Абай айтыпты-мыс, бірақ жазылмай, басылмай қалыпты-мыс деген өлең табуға құмар-ақ. Өзі соған бейімделіп, етпеттеп тұрған соң, орала кеткен өлең сөздің бәр-бәріне жабыса түседі», – дей келіп, жиналмасын демейміз, бірақ жиналу басқа да жариялау бір басқа. Зерттемей, жете танымай жатып. Құр ниетім жақсы еді деп жығыла бермейік: «Абай сөзі деген бір-ақ жол болса, Абайга шықса жарасар, Абайдың Абайлығы сонда шығар. Осы Абай өлеңдерінің санын көбейтейік деп өзеурегенше, бар сөзінің кенеуін кетірмейік деп көбірек ойланайық. Абай сөзін көбейтеміз деп, көбік етіп алмайық. Жауаптырақ қарайық».
Сол себептен де белгілі М.О.Әуезов бастаған абайтанушы ғалымдар бірлесіп шығарған және кейінгі жылдары жарық көрген академиялық жинақтарды негізге алуларымыз керек.
Үшінші мәселе, қазіргі таңда Абайға қатысты тың естеліктер мен дәлелсіз деректер көптеп шығып жатқандықтан, жаңа шығып жатқан осындай кейбір ғылыми негізі, нақты айғағы жоқ, қисынын келтіруге тырысып жазылған әңгімелергесақ болуымыз қажет. Әрине ғылым дамуы барысында жаңа нәтижелердің шығатыны анық, бірақ деректі айғағы, не дәлелі болмағанәңгімелерге еш сенудің және оны халыққажеткізудің қажеттілігі шамалы. Басшылыққа Абай туралы табылған архив құжаттарын, нақты тарихи деректерді, сонымен қатар сол заманда жазылған замандастары мен ұрпақтарының естеліктерін және М.О.Әуезов жазғандарын алуымыз керек.
Төртіншіден, М.О.Әуезовтің жазғандарына еш ғылыми негізсіз ойша түзету жасаудан аулақ болуымыз қажет. Өзінің Абай мұрасына қатысты тезистік жоспарларында да, мақалаларында да, тіпті «Көкбайдың ақындығы» атты зерттеуінде де айтылған жайларды: «Десек те, саяси ахуал кей-кейде Шәкерімнің орнына Көкбай дегізіп, яғни «Көкбай айтты» деп сілтей салуға мәжбүрлеп отырғанын аңдаймыз», – деп М.Әуезовтің айтып тұрғаны Көкбай емес Шәкәрім деп ойша жорамалдаудан сақ болғанымыз абзал.
Бесіншіден, М.О.Әуезовтің абайтанудағы көптеген жайларға аса мән бере қарау керектігімізді сол заманның өзінде тұспалдап айтып кеткен ұлылығын аңғарып, дөп баса білуіміз қажет.
Мысалы «Абай жолында» Құнанбай жөнінде кеңестік саясаттың әсерінен толық айта алмады, Құнанбай толық жағымсыз бейне ретінде суреттелді десек те роман-эпопеяны оқи отырып, Әуезов шеберлігіне таңданасың:
Мысалы: «Құнанбайды бар тобықтының атқа мінері «Мырза» деп атайды», – дейді. Роман бойынша да Байсал, Бөжей, не басқа емес Құнанбай екен қадірлі, сыйлы.
«Қаратай жүйрік қой, Жер таниды. Айтқаны шын болса керек. Бірақ өз топшылауым бойынша, адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі міні де болады. Мен өмірімде ұсталған нәрсемді берік ұстанам. Жақсылық - кісінің айнымас табандылығында деп білемін. Соның түбінен мін шығатын кез де болатын шығар. Адам пенде ғой! Пенденің жоқ-жіті толған ба?» Осындай көптеген роман үзінділерінен озбыр Құнанбайды емес, өз бағасын білетін, ісіне табанды, тұрақты, өз жолын дұрыс дегенмен, оған да күмәнмен қарайтын ақылды, ойлы пендені көреміз.
Тағы да бір үзінді келтірелік. Кәмшат ауру деген кезде: «Үй ішінің наразы үнін осылай баспақ. Бірақ, онысына Зере болған жоқ.
– Қорқытпа келіндерімді! О несі? – деп қатты зекіп қап, ілгері жылжып келіп, екі қолымен жер тіреп отырып баласының жүзіне аса суық қарады. (Тағы ұрсады)
– Қайтейін? Мен қайтейін? Кеше Арғынның игі, жақсысы бұйырады!- деп, шешесіне арыз шағып бірақ тоқтады». Қанша жерден аға сұлтан болса да анасы алдында қарапайым баласы бола білген, жер тіреп отырып қалатын дәрменсіз адамды байқай аламыз. Осындай эпизоттар мен детальдарға мән бере қарасақ, Әуезовтің аз сөзбен көптеген дүниелерді астарлап жеткізе білген шеберлігін байқаймыз.
Енді зерттеуіне қарасақ, кеңестік дәуірдің өзінде Абайға орыс демократ достарының ықпал әсері жайында нақты айтып кеткен. Ғалым былай дейді:
«Сол Михаэлис осы келгеннен бастап Семейдің кітапханасынан Толстойдың кітабын сұрап тұрған Абайды көреді. Танысады. Басында кітапханада кездесіп жүріп, артынан жақын таныс, достар адамдардың халіне жетіседі», – дей келіп, –«Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов еткен әсердің бәрін – Абай өз бетімен, орыс классиктерін оқудан, жаңағы соңғы адамдардың еңбектерін зерттеуден соң табады. Сондықтан Михаэлис, Долгополовтардың Абайға көмегін айтқанда, оның шегін біліп айту керек. Абайдың классик ақын болған маңызын, әлеуметтік көзқарасын тек Михаэлис әсерінен деп қойсақ, әрі Абайға, әрі орыс халқының мұрасына және даналарына қияна сөз айтқан болар едік. Ал ақынның Михаэлис туралы үлкен алғыс сөз айтқанына келсек, ол алғашқы адым жөніндегі қарыздарлығын жақсылап білдіргені». Міне осы уақытқа «Абайдың дүние көзін ашқан адамы – Михаэлис» деп келген пікірімізге мән бере қауымыз керектігін осыдан 72 жыл бұрын айтыпкеткен М.О.Әуезов сөзінің құндылығы еш уақытта маңызын жоймақ емес.
Қорыта айтқанда, Абайға қатысты жазылар барлық еңбектерде қай уақытта болмасын басшылыққа М.О.Әуезовтің зерттеулерін негізге алуымыз қажет.
Абай, Мұхтар, Шәкәрім сияқты ұлыларымызданқалған баға жетпес асыл мұраларды қаз-қалпында сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу және М.Әуезов пен Қайым Мұхамедханұлы арасындағы рухани байланысты жан-жақты зерттеп, тұлғалар даралығын насихаттау біздің абзал борышымыз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ