Тарихи тақырып және назиралық сипаттың соны үлгілері
Бауыржан Ердембеков
Абай мектебі өкілдерінің тарихи шығармалары туралы сөзді Абай мұраларымен қатысты айту ләзім. Абай мұрасындағы тарихи тақырыптар деген мәселе абайтану ғылымында толыққанды зерттеле қойған жоқ. Аса аз айтылып келе жатқан Абай шығармаларындағы тарихи тақырыптар турасында кейінгі жылдардың көзқарасымен ой өрбіту – игі сұраныстардың бірі. Абай шығармашылығында тарих, оның ішінде төл тарихымыз аз қамтылған деп, бұл саланы мүлдем жауып қоюға келмес. Ақынның туған тарихтан алған рухани олжасы қандай мөлшерде, айтқан ойы қане?- деген сұрақтар төңірегінде батыл ой өрбіту бүгінгі тарихшылардың сыбағасында. Абайдың әр өлеңі өз ұлты туралы, қазақтың сол заманғы болмысы мен жарқын болашағы туралы десек, дәл сол мәселелер тарихты айналып өтпесі хақ. Біраз уақыт бұрын тарихшы ғалым М.Қойгелдиев көтерген «Абай тұлғасы мен мұрасының қазақ тарихындағы орны» [265] мәселесінің кең түрде зерттелетін уақыты жетті.

Абай - өз заманында тарихты, қазақтың төл тарихын зерттеген санаулы тұлғалардың бірі. Сол уақытта қолы жеткен тарихқа қатысты кітаптар мен түрлі жазбаларды аса ықыласпен оқыған. Оқығаны жалаң тарих емес, соған іргелес ғалымдар этнография, топография, экономикаға қатысты еңбектерді де қарастырған. Қазақ тарихының құрамдас бөлігіндей шежіре, мұсылман, қазақ шежіресіне аса мән берген. Абайтанушы ғалымдардың тұжырымдарына сүйенсек, шамамен қырыққа жуық әлемге танымал тарихшылардың еңбектерін оқыған [205]. Әбу Бәкір Ән-Наршахидің «Тарихи Бұхара», Рашид-ад-диннің «Жылнамалар жинағы», Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі» деп шығыс оқымыстылары, орыстан Аристов, Бичурин, Радлов, Рычков тағы басқалардың еңбектерімен тізімді ұзарта беруге болады. Абайдың қазақ тарихына байланысты еңбегі - «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы». Жанрлық жағынан тарихи очеркке келетін бұл еңбек - Абай кітапханасының, оның ішінде тарихи көздердің қаншалықты мол болғандығын анықтауға мұрсат беретін бірден-бір құнды туынды. Осы туындыда Абайдың өзі атап көрсететіні - «Бабырнама» еңбегі. Ғалымдар Н.Я.Бичурин, Әбілғазы Баһадүр ханның, Мирза Мехди, Мұхамед Қазими тағы басқа оқымыстылар еңбектерін Абай дәл осы еңбегінде пайдаланғанын дәлелдеп отыр [266, Б. 241-245]. Абай бұл шежірені жазуда өзіне дейінгі айтылып келген аңыз-әңгімелерді құрғақ баяндамай, нақты деректермен бекітіп отырады. Ел аузынан аңыз боп жеткен ата-баба туралы әңгімелерді біржола терістемей, олардың тарихқа жанасатынын тарихи дереккөздер арқылы дәлелдейді. «Абай бұл мәселеде өзінен бұрынғылардың ізімен аңыз қуып, ауыл-аймақ арасында қалмаған, оның қолында халқымыздың түп негізінің шығу шежіресіне жол сілтейтін орыс, қытай, араб, парсы тілдерінде жазылған әдебиеттер болған» [266, 241-б.] ,- деген пікір Абай шежіресінің ғылыми мәнін байқатып тұр. Демек, Абай өткен тарихқа баруда екі жолды ұстанған. Бірі – сол халықтың дүниетанымына сай ұрпақтан-ұрпаққа сарқылмай келе жатқан ескі аңыз-әңгімелер болса, екіншісі - өткен тарих туралы жазылған еңбектер. Осы екеуі Абайдың ой елегінен өтті.
«Біраз сөзді...» жазғанда Абай тарихшы болуды мақсат тұтпағаны анық. Сол уақытта қазақтың қайдан шыққандығы туралы баспасөз бетінде басылып жатқан мақалаларға үн қосу еді. Дәлірек айтсақ, «Қазақ хусусында Қарқаралыдан жазылып келген сөз» [267], және Әбдірахман Ахунның «Қазақтардың асыл түбінің қайдан шыққанының хикаясы» [268] мақалаларындағы қазақтың түп атасын сахабалар әулетіне жатқызатындарға қарсы - дұрыс, шын тарихты ұқтыруды мақсат қылған. «Біздің қазақтың ықыласы атасын ғараптан шықты дегенді, яки бәни Исраилден шықты дегенді ұнатқандай. Онысы - әрне, тауарихтан хабар тисе, сол жақтан тигендіктен, ислам діні бұрынғы ата-бабаларды ұмыттырып, діндестерді жақын көрсеткендіктен һәм артқы жағы хабарсыз қараңғылыққта қалғандықтан болған іс» [117, 226-б.] ,- деп алдыңғы жазғандарды жеңіл түйреп өтеді. Мәдениеті жоғары ақын шежірені қиыс таратушылармен дауға бармайды, тек өз пікірін дәлелдейді. Демек, Абайдың мақсаты қазаққа қайдан шыққанын білгізу, анық атасын тауып беру десек қателеспейміз. Төл тарихын, ата-баба шежіресінен көз жазып қалуға шақ қалған көк түріктің ұрпағы Абай заманында шынымен қараңғылыққа мықтап қамалған еді. Бір жағы дінмен келген араб астамшылығы, екінші жағынан орыс миссионерлерінің «мәдени шабуылы» тарихын танудан қалып бара жатқан қазаққа үлкен қатер әкелді. Тарихи тамырынан ажыратылған халықты басып алудың жеңіл жол екенін Абай білмеді емес. Шежіре жазудағы қарекеті қараңғылық қамауына тұншығып бара жатқан елге саңылаудан жарық сәуле түсірумен бара-бар жанкештінің қармануын еске салады. «Біраз сөзінің...» жалпақ жұртқа аздық боларын білді. Және Абай бұл шежірені кемеліне келген шығармасы деп есептемегені анық. Білімін толықтыруға қолын кеш сермегені кедергі болды. Жәрдемге қолқанат Шәкәрімді шақырды. Шәкәрім - басқа артықшылықтарын былай қойғанда, өзге шәкірттердің ішінде тарихқа жетігі. Абай тапсырмасымен он тоғыз-жиырма жасынан қазақ шежіресін жинап, қарасөз түрінде де, өлең түрінде де жазған осы – Шәкәрім. Жылдар өте Шәкәрімді Меккеге жіберуінің негізгі себебі де тарихқа қатысты деректер жинату. «Афин-Грек білімі Стамболға жиналған, содан табылады. Араб білімі, Меккеде, бірақ, менше, Меккеден гөрі Мәдинадан көбірек табылуы керек. Және Мысырдағы Александр атындағы кітапханаға барасың. Осы төрт жерге барып, тарихи орындарды аралап, керек кітаптарыңды алып, біліміңді толықтырып қайтасың» [36, 16-б.] ,- деп қолмен ұстатқандай қып Шәкәрімге бағыт-бағдарына дейін анықтап береді.
Сөз арасында айта кетуіміз керек, Шәкәрімнің білім іздеп шет елдерге шыққан жолсапар бағытын анықтап, қай қалалардың қандай кітапханаларында, тарихи орындарында болды деген сұрақтарға нақты жауап таппай Шәкәрімнің тұтынған білім көздері, ақындық кітапханасы сияқты ақынның шығармашылық өмірбаянын құрайтын негізгі тақырыпты толыққанды игеру мүмкін емес екендігін қайталап айтамыз. Шәкәрімге шежіре жаздырумен шектелмей, бірнеше шәкірттеріне қатар тарихи тақырыпты жырлауға тапсырма береді. Абай тапсырмасымен Шәкәрім Тобықты ішінде үлкен дүрбелең тудырған Еңлік пен Кебектің, Қалқаман мен Мамырдың оқиғасын жырлады. Қодардың өлімін жазуы да ақиқат іздеген ертеңгі ұрпаққа тарихи шындықты тасқа басып қалдыру керек болды десек, осының артында Абай емеуірінінің тұрғанын байқамау мүмкін емес. Шәкәрімнен бұрын Еңлік пен Кебек Мағауияның сыбағасы болған. Көкбай ақын Абылай хан мен оның ұрпақтары туралы және қазақ-қалмақ соғысынан «Қандыжап» атты тарихи шығармалар жазады. М.Әуезовтің айтуынша Мағауия да «Абылай» деген дастан жазыпты [57, 229-б.]. Бірақ бұл дастан бізге жетпеген, ол туралы дерек сақталмаған. Уәйіс ақын Абайдан естіп Жошы-Алаша хан аңызын дастан етті. Міне, бұл құбылыстар Абай айналасындағы тарихи шығармалардың жазылуына көбіне Абай өзі себеп болғандығынан хабардар етеді. Біздің мақсат - ақын шәкірттері қолға алған тарихи туындылардағы Абайдың орны деген құбылыстарға жете мән беріп, Абайдан кейінгі әдебиеттегі тарихи тақырыптардың дамуына тигізген Абай ықпалын аршып көрсету.
Ең алдымен, бұл шығармалардың жазылу тарихына көңіл бөлсек, Абайдың нағыз ұстаздық қарекеті, яғни шәкірттеріне тақырып беру, оны тексеру, шәкірттер ортасына салып талқылау сияқты нақты әрекеттері көрініс береді. Екіншіден, ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастықтан туындайтын әдеби ортадағы ұжымдық қарекеттер, шығармашылық бірлік, ұстаз идеяларын, оның әдебиеттегі ісін жалғастыру сияқты дүниелер шәкірттердің өз ішіндегі рухани байланысын күшейте түсті. Ұстаз бен шәкірттің тікелей қарым-қатынасынан туындаған рухани байланыс көздері қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрінің дәл осы ортада алдымен қалыптасуына әсер етті. Ахат Шәкәрімұлы өз естелігінде келтіретін Абайдың сөзіне құлақ түрейікші: «Мен етек басты болып, білім қуа алмай қалдым. Сол көксеген арманымды Шәкәрім арқылы орындаймын деп, саған білім қуғызатын болдым» [36, 16-б.] ,- деген бір ауыз сөзінде ақын аманаты айқын көрінеді. Бұл тұрғыдан алғанда шәкірттері Абайдың айта алмай кеткенін жеріне жеткізіп айтушы, орындай алмай қалғанын ілгері апарушылар. Абайдың рухани ісін жалғастырушылар ғана емес, өз деңгейінде шама-шарқынша дамытушылар. Қазақ әдебиетіндегі Абай мектебінің салмағы дәл осы тұрғыдан өлшенгенде ғана, кемеңгер ақынның тағы бір жасампаздық ісі әділ бағаланады.
Шәкәрімнің «Түрік, қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі» - бір күннің немесе бір жылдың туындысы емес. Жасынан қазақ шежіресіне байланысты мәлімет жинауға кіріседі. «Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып, көп уақыттан бері сол туралы естіген, білгенімді жазып алып және әр-түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым» [131, 6-б.] ,- дейді. Ең алдымен пайдаланғаны Абай кітапханасы болғаны сөзсіз. Абай кітапханасымен шектеліп қалуын ұстаздың өзі жөн көрмей алыс шет елге аттандырады. Абайдың назарында болып көп жылдар жинастырылып, пысықталған шежіре алғаш 1911 жылы Орынборда жарық көреді. Осыдан кейін де салмағы ауыр бұл туындысына қайта оралып, өңдеп, толықтырып отырғанға ұқсайды. 1931 жылы С.Мұқановқа жазған хатында: «...шежіренің бір жыртылып қалғаны табылып, бұрынғы басылғандарында қате бар, һәм қосылмаған сөздер бар болғандықтан, көшіріп жатырмын түзетіп» [131, 76-б.] ,- дейді. Кейінгі түзетілген нұсқа өкінішке орай оқырманына жетпеді. Сәбитке хат жазған жылы Шәкәрім атылып, оның қолжазбалары түгел жойылды.
Шәкәрім шежіресі баспаға шығысымен жұртты елең еткізген елеулі дүние болды. 1913 жылы Ә.Бөкейханов бұл еңбекке арнайы мақала арнап: «Мұнан бұрын қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. Шаһкәрімнің бұл кітабы – қазақ шежіресін білмек болған аға-іні іздегенді осы кітаптан табасың. Енді мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі, Шаһкәрім кітабын әбден білмей қадам баспа. Кітап жиған жері жоқ көшпелі далада жүріп Шаһкәрім шежіресіндей кітап жазбақ оңай жұмыс емес» [12] ,- деп, туындының әділ бағасын сол уақытта-ақ беріп қойған. Шәкәрім ақталғаннан кейін, бертінгі уақытта бұл еңбекке Қ.Мұхамедханұлы, М.Мырзахметұлы сынды әдебиетші ғалымдар тоқталып, шежіренің қазақ әдебиеті мен тарихындағы орнын айқындап берді. Десек те, Шәкәрім шежіресі әсіресе тарихшылар тарапынан зерттеуге зәру. Тарихшы ғалым Ж.Артықбаевтың: «Менің ойымша шежіре мәтінімен өте ыждихатты жұмыс керек. Шәкәрімнің өзінің келтірген атауларының ішінде толып жатқан мәселелер бар. Екіншіден, шежіре мазмұнына қатысты ұлан-ғайыр дерекнамалық жұмыс қажет. Үшіншіден, шежіре толып жатқан ғылыми түсініктемелерді (коментарий) қажет етеді» [269, 48-б.] ,- деген ұсыныстары әлі көп жұмыстың алда екенін аңғартады. Біз бұған дейін пікір айтқан ғалымдардың пікірлерін қайталап немесе талдап жатуды мақсат етпедік. Шежіре жазуда Шәкәрімге Абай ықпалының, көмегінің қаншалықты болғанын айқындау.
Шәкәрім шежіресі мен Абайдың «Біраз сөзінің...» арасында шығармашылық бірлік жоқ емес. Тіпті, Шәкәрім шежіресін Абай еңбегінің жалғасы, толықтырылған нұсқасы деп қарауға да болады. Алдымен, екі еңбектің жазылу мақсаты бір. Жоғарыда айтқанымыздай қазақтың шығу тегі, түп атасының түркілерде екендігін дәлелдеп, қазақтың көзін ашу. Абайдың осы бағдары Шәкәрім шежіресінде кеңінен таратыла баяндалады.
«Қазақтың түп атасы» деген өлеңмен жазылған шежіресінде Шәкәрімнің:
Ұғып ал осы сөзді, жас ұландар,
Өз бауырың ол түрік те осыны аңғар.
Құл болып біз қорлықта отырсақ та
Көп шыққан атамыздан арыстандар [131, 73-б.] ,-
деген бір ауыз өлеңі Абай еңбегінің жазылу қажеттілігін айғақтай түседі. Абай өз еңбегінде түркі тектес халықтардың дүниетанымынан алшақ кетпей, салт-дәстүр, мақал-мәтел, аңыз-әфсаналардың шығу төркінін ғылыми тұжырымдармен бекітіп, әрі оны жалпақ жұрт ұғатындай қарапайым тілмен жазды. Шәкәрім қазақтың аңыз-әңгімелері мен әр-түрлі тарихшы ғалымдардың пікірлерін қоса-қабат өре келтіруде Абай салған із-жобадан алшақ кетпеді. Абай қысқа қайырған тұсты Шәкәрім толықтырып, ғалымдар пікірін келтірсе, жай ғана атап өтпей, ол пікірлердің дұрыс-бұрыстығына өз көзқарасын білдіріп отырды.
Абайдың аса мән берілмей келе жатқан тарихи құны екінші бір еңбегі – «Орта жүз қазақтарының рулары туралы» шежіре ақынның досы Н.Я.Коншиннің баспаға ұсынуымен орыс тілінде «Памятные книжки Семипалатинской области на 1900» кітабында жарияланды. Коншин атынан жарияланған еңбектің Абай жазған шежіре екендігін Қ.Мұхамедханұлы дәлелдеген-ді [270]. Коншиннің өзі де автордың құпия қалуына байланысты түсінік берген шежіренің алғысөзінде. Бұл жазба мазмұнына қарай «Біраз сөздің...» жалғасы десе де болғандай. Абай алдыңғы мақаласында Жошы ханға келіп тоқталса, кейінгі еңбек орта жүз – Арғын, Найман т.б. руларды таратумен басталады. Тек, екіншісінде еркін әңгімелеу жоқ. Орыс зиялысының өтініші бойынша болар, «Орта жүз қазақтарының рулары туралы» шежіре қасаң кестеге құрылған. Бұдан шығатын қорытынды Абай қолында өзі жазған қазақтың толық шежіресі болған. Қажеттілік туған жағдайда ғана белгілі бір бөлігін баспаға ұсынған. Алғашқысы қазақтардың түп-төркінін дұрыс көрсету үшін, келесісі Коншиннің өтініші бойынша жарияланған. Ал, баспаға ұсынылмай Абай қолында қалған қазақ шежіресі туралы мол деректерді Шәкәрімнің сарқа пайдаланғаны күмәнсіз. Абай деректерімен тоқтамай, шежіре жинауда Шәкәрім көп ізденді, ел ішіндегі әңгімелерді жинап, солардың ақиқатқа жақынын шежіреге арқау етті. Ол: «...бір үлкен атамыз Құнанбай қажы марқұм Арғын аға хан болған кісі екен деуші еді»[131, 40-б.] ,- деген сөздерінен байқалады.
Абайдың екі еңбегі мен Шәкәрім шежіресінің ішкі мазмұнына үңілсек ой бірлігі, оқиға орайластығынан көптеп мысалдар келтіруге болады. Мәселен, Абай мақаласындағы «татар» сөзі, Шағатай, Жошы тағы басқа ел билеушілер туралы деректер мен аңыз-әңгімелер, тіпті соларға қатысты халықтың аузында қалған мақал-мәтел, нақыл сөздер Шәкәрімде де келтіріледі. «Алаш-алаш болғанда, Алаша хан болғанда, қалмаққа не қылмадық», «Сарт – садағам, өзбек - өз ағам» деген халықтық нұсқалар екі ақын еңбектерінде де қолданылған. Сондай-ақ, Коншин жариялаған шежіредегі Ақжол (Дайырқожаның) Қара қыпшақ Қобыланды найзасынан өлгендігі туралы деректі Шәкәрім кеңейтіп жазады. Шәкәрімнің әр-бір руға берген анықтамасындағы әңгіме ауаны Абай шежіресінен, дәлірек айтқанда шежіре соңындағы түсініктегі сөздерден алшақ кетпейді. Бірер мысал: «...Саржумартом были приняты в братья: Баганалы и Балталы (дети рабыни, которую привела мать Саржумарта) Кокжарлы (купленный Саржумартом) и незаконнорожденный родственник Бура. Саржумарт служил докладчиком при одном из ханов, который дал его тамгу «Ергенекты» (дверной косяк). От этой тамги роды всех лиц, группировавшихся около Саржумарта (сыновья Саржумарта Каратай, Баганалы, Балталы, Бура) получили общее название Ергенекты» [271, 27-б.] ,- деген пікір Шәкәрім шежіресінде: «Саржомарттың нәсілі Ергенек таңба салып, Ергенекті Найман атанып еді. Сол себептен бұлар Ергенекті атанды. Бірақ халықтың көбі оларды Уақ деп кетті. Саржомарттың күңінен туған Балталы, Бағаналы және бір құлы Көкжарлы» [131, 38-б.] ,- деген сияқты айнымай қайталанатын тұстар көп. Шәкәрімдегі: «Орта жүз Арғын ішінде Тарақты деген ел бар, оның нәсілі кім екенін ешкім анықтап білмейді» [131, 39-б.] ,- деген нақты анықталмаған мәселелер Абай шежіресінде де басы ашық күйінде. Абай Тарақтылар туралы орыс зерттеушілерінің әрқилы пікірлерін келтіргенмен, «мынаған қосыламын» деп нақты айтпайды. Осындай ұқсастықтар Абай мен Шәкәрім арасын ғана байланыстырып қоймайды, олардың пайдаланған деректерінің бір жерден шыққандығын айғақтайды. Мәселен, жоғарыда келтірген Алаша хан туралы деректі Шәкәрім Абайдан естігенімен шектелмегені анық, Абай арқылы «Бабыр-наманы» оқыды десек әділ болады. Ал, мұның ар жағында Абай мен Шәкәрім кітапханасы арасындағы бірлік пен байланыс деген арналы тақырыптың мойны көрінеді. Мұхаммед Бабыр мен Абай арасындағы байланыс туралы Б.Қожабекұлының пайымды пікірлерінің де мәні зор екенін атап өткен орынды [272]. Демек, Шәкәрім Абай деректерін сол қалпында көшіріп алды деген ой тумауы керек. Ол ұстаз үлгісін қорландырып, әсіресе сөздің этнонимдік шығу төркінін қазған Абай үрдісін ары қарай дамытқан. Шәкәрімнің этнонимикалық атауларға қатысты лингвоталдаулар жасаған ғалым Қ.Шаяхметұлының айтуынша: «Тайпалық, рулық, ататектік қаншама аталымдарды саралап, тұрақты жәдігерлік қалыпқа түсірді. Бұл еңбек қазақ тілінің ғана емес, барша түркі тілдерінің этнолингвистикалық бай қоры болып табылады» [209, 39-б.].
Шәкәрім шежіресінің өлеңмен жазылған нұсқасы да бар дедік. Шежірені өлеңмен жазу тек қазаққа ғана емес, түркі тектес елдердің көбіне тән болған. Шәкәрімнің замандасы, қырғыз елінің ақыны - Тоғолоқ молда өз елінің шежіресін өлеңмен жазған.
Қазақтың түп атасы – батыр Түрік,
Арабтан деген сөздің түбі шірік [131, 70-б.] ,-
деп Абай позициясын ұстанған бойда Шәкәрім қазақ шежіресін өлеңмен өріп шығады. Ақындығын паш ету үшін емес, сол кездегі халықтың қабылдауына қара сөзден гөрі өлең жақын болғандықтан.
Қалжың емес, қам үшін жаздым мұны,
Білсін деп кейінгілер түп атасын [131, 66-б.] ,-
деп жазады шежіремен бірге басылған «Мақсұт» өлеңінде. Жалпы Шәкәрім өлеңге де, қара сөзге де жүйрік болған соң, бір шығармасын екі түрде беруді машық еткенге ұқсайды. Бұны атақты «Ләйлі-Мәжнүн» дастанының прозалық үлгісінің бар екендігінен де көруге болады.
Шәкәрім 1931 жылы 3 ақпанда Саят қорда жатып Сәбит Мұқановқа біраз шығармаларын жіберіп хат жолдап, сол хатта «Қазақтың түп атасын» жиырма бес жасымда жазған шығармам [131, 77-б.] деп көрсетеді. Осы өлең шежіренің соңында:
Жазғанмын ендігісін мұнан бұрын,
Шежіремнің «Еңлік-Кебек» оқы бірін.
Осыған соны қосып жаттап алсаң
Білерсің түп атаңның барлық сырын [131, 76-б.] ,-
деп «Еңлік-Кебек» дастанын шежіресінің бір тармағы ретінде насихаттайтыны бар. Осы арада ақын шығармаларының шығу уақытын анықтау мәселесі тығырыққа тірелгендей. «Қазақтың түп атасын» жиырма бес жасында, яғни 1883 жылы жазса, «Еңлік-Кебек» дастаны одан да бұрын жазылған болып шығады. Ал, Шәкәрім «Еңлік-Кебегінің» Мағауия «Еңлік-Кебегінен» кейін жазылғаны белгілі. Ел арасындағы естеліктерге сүйенсек, бұл тақырыпты жырлау Абай тапсырмасы бойынша алдымен Мағауия еншісіне тиіпті. Аса ақжүрек, сезімтал Мағауия екі жасқа жаны ашып, Кеңгірбайды қатты сөгіп жіберсе керек, Абай «ел арасы бүлінеді»,- деп Мағауия шығармасын қабылдамай, Шәкәрімге қайта жазғызған көрінеді.
1870 жылы туған Мағауия 1883 жылы немесе одан да ерте «Еңлік-Кебекті» жаза алмайтыны анық. Қ.Мұхамедханұлының дерегінше: «Мағауия бұл поэманы 20 жасында, 1890 жылдарда жазған» [212, 96-б.] ,- деген пікірі көңілге қонымды. «Еңлік-Кебектегі» тағы мынандай жолдарға назар аударайық: «Қалмақ жеңіп қазақтан алған кегін, Қалқаман қиссасында жазып едім,- дегені - «Қалқаман-Мамырдың» «Еңлік-Кебектен» бұрын жазылғаны. Шежіредегі сәйкессіздіктерге қарап «Шәкәрім үш салмақты поэмасын жиырма бес жасқа дейін жазған» деген пікір қорытуға келмес. Демек, «Қазақтың түп атасы» Шәкәрімнің өзі келтіргендей жиырма бес жасында жазылуы көңілге күдік әкелмейді. Тек, өлең-шежіредегі «Еңлік-Кебек» дастанының ауызға алынуы – осы шумақ кейіннен қосылуы мүмкін деген жорамал айтуға болады. Өйткені, Шәкәрім көп шығармаларын қайта қарап, түзетіп, толықтырып отырған. «Елу бес жыл жинаған қазынамды, оңашада қорытам ойға салып»,-деген ақынның талай дүниені қайта жазғандай етіп түлеткені анық. Демек, жиырма бес жасында жазылған өлеңнің ішінде «Еңлік-Кебектің» ауызға алынуы – кейінгі түзетулер мен толықтырулардың нәтижесі. Шәкәрім дастандарының шығу уақытын анықтауға арнайы мақала жазған А.Омаровтың: «Нартайлақ-Айсұлу» 1883 жылы, «Қалқаман-Мамыр» 1889-90 жылы, «Жолсыз жаза» шамамен 1891-92 жылы жазылған деп білдік» [273, 75-б.] ,- деген пікірі шындыққа жақын.
Абай кеңесімен жазылған шығармасы жалғыз «Шежіре» емес. Ақын болып қалыптасуына өлшеусіз ықпал еткен Абайдың тікелей тапсырмасымен Шәкәрімнің тағы да «Мұсылмандық шарты» еңбегі, «Қалқаман-Мамыр» және «Еңлік-Кебек» дастандары жазылды.
Аса көңіл бөлінбей келе жатқан діни-философиялық еңбегі – «Мұсылмандық шарты» десек, бұл еңбектің мәнділігі сол ішкі мазмұны Абайдың дүниетанымымен ұштасып жатқандығында ғана емес, «қазақ халқының өз тілімен» (Шәкәрім) жазылған туындыны Абай тапсырмасы екендігінде. 1980-жылдардың аяғында «халық жауы» деген аттан арылған ақын шығармалары жарық көре бастады. Солардың соңын ала М.Мырзахметұлының редакторлығымен «Мұсылмандық шарты» еңбегі 1993 жылы араға 82 жыл салып қайта жарық көрді. Бұл еңбектің ішкі табиғатынан Абай қарасөздерінің түп-төріні менмұндалайды. Бірер мысал, Шәкәрім сөзі иманнан басталады. «Иман деген Алла тағаланың барлығына, бірлігіне, онан басқа Алла жоқтығына, Құран сөзінің бәрі шындығына анық ықыласпен нанбақ. Иман айтқанда «Лайлаһаилалла Мұхамед расул Алла» дейміз, оның мағынасы: «Бір құдайдан басқа құдай жоқ және Мұхаммед Ғалиссалам Алла тағаланың бізге тура жолды көрсетуге жіберген басшысы» деген болады. Мұны мағынасын білмей құры айтқаныңмен иман болмайды. Және анық шын нанып айтпай, құр тіліңменен ғана айтса, о да иман емес» [274, Б. 7-8] ,- деген ойының төркінін Абайдың 28-қарасөзінен табасыз. Дәлірек айтқанда, Шәкәрім Абай сөзін қарапайым тілмен жеткізіп, ұстаз қарасөздеріне түсіндірмелік қызмет атқарып тұрғандай да. Еңбектің жазылу мақсаты да Абайды меңзейді. «Абайдың аса күрделі мәселелерге құрылған 38-қарасөзіндегі ахлақ мәселесі мен иман, имандылық жайындағы ой-толғаныстарын Шәкәрім поэзиясы мен «Үш анық», «Мұсылмандық шарты» деп аталатын қазіргі жас ұрпаққа беймәлім шығармаларында өзіндік таныммен жалғастырыла дамытылған дәстүрлік құбылысқа да кезігеміз»,- дей келіп, М.Мырзахметұлы ары қарай: «Шәкәрімнің «Мұсылмандық шартын» автордың дүниетанымының өзекті белгісі ретінде қарап бағалайтыны бар. Бұл, әрине жаңылыс қадам, болмас жарқылға алданып теріс кету ғана» [274, Б. 3-4] ,- деген пікірі - Шәкәрім дүниетанымына бойлап бара алмағандарға ескерту. Құп аларлығы - бұл еңбек Шәкәрім ойшылдығының өлшемі емес. Тіпті діни сауатының да деңгейін дәл осы еңбектен іздеу – адасқандық. Еңбектің қарапайымдылығын, қарабайырлығын Шәкәрімнің сауатына итере салудың қажеті жоқ, еңбектің жазылу мақсатына үңілгенде ғана анығына көз жеткізуге болады. Автор бұл еңбекті жазудағы мақсатын: «...біздің қазақ халқының өз тілімен жазылған кітабы жоқ болған соң, араб, парсы кітапты білмек түгіл, ноғай тілімен жазылған кітаптарды да анықтап ұға алған жоқ шығар деп ойлаймын. Сол себептен иманғибадат турасынан шамам келгенше қазақ тіліменен жазайын деп ойладым. Бұл кітап әр-бір қазақ оқуға оңай болып, әрі оларға пайда, әрі өзіме сауап болар ма екен деп Алла тағаланың рахметінен үміт еттім» [274, 7-б.] ,- деп ұқтырса, осындағы әр-бір қазақтың санасына ұялайтын қарапайым тілмен жазылған еңбекпен Шәкәрім танымының деңгейі өшенбейтіні түсінікті. Демек, Мұсылмандықтың шартын бар қазаққа ежіктеп түсіндірер әліппе, тілашар іспетті қабылдаған жөн бұл еңбекті. Ал, Шәкәрім ойшылдығының шырқау биігін оның философиялық поэзиясы мен «Үш анығынан» іздеген жөн. «Мұсылмандық шарты» еңбегінің жазылу мақсаты - қараңғы қазақтың қамы. Орыс миссионерлік саясаты өршіп келе жатқан шақта қазақты мұсылмандық жолға түсірудің маңызы зор-тын. Діні берік, иманы жолдас болған жанды шеттен жау алмайды. Қазақ даласына шоқыншылар дайындайтын мектептерін қаптатып жатқан кәпірлік саясатқа қарсы қылыш кезеп, оқ ату келмеске кеткен заман еді. Жалғыз амал мәдени басқыншылыққа мәдени тосқауыл ғана керек екенін Шоқан, Абай, Ыбырай сынды көзі ашық қайраткерлер ұқты. Орыспен жағаласып, қазақ баласына ұлттық тағлым-тәрбие беру мақсатында үлкен еңбек атқарған халқымыздың біртуар перзенті Ы.Алтынсарин Шәкәрімнің алдында ғана осы мазмұндас «Шариат-уль ислам» кітабын жазған болатын. Миссионерлік дерттің дендеп кеткеніне шыдамай, өмірінің соңында сүйікті ісін тастап ел ішіне кеткен. Кеткенде де жай жатпай, отаршыларға қарсы болып, тергеуге алынады. Дәл осы тұста Ақмолалық Шаймерден Қосшығұловтың хатына байланысты Абай үйі тінтілгенін есіңізге алсаңыз, миссионерлік басқыншылықтың қаншалықты қарқын алғанын анықтай беріңіз.
Орыс миссионерлерінің жанкешті әрекетінен ерік-жігері мойый бастаған қазақ баласының руханни санасын оятып, бетін бері бұрғызу үшін мұсылмандардың шарты жазылды. Қазақты рухани құлдыраудан аман сақтап қалудың бірден-бір жолы – көзін ашу. Абай насихатқа толы қарасөздерін дәл соларға арнап жазған демесек те, ауылындағы «Ескі там» медресесінің шәкірттеріне оқытқаны – еріккеннің ермегі емес. «Қазақты қайтсем қатарға қосам» деген ақынның Шәкәрімге «Мұсылмандық шартын» жазғызуының себебі де осы туған халқын жарқын болашаққа жетелеу жолындағы жанкешті қарекетінің бір көрінісі.
Абай тапсырмасымен жазылған Шәкәрімнің келесі шығармасы – «Жолсыз жаза» дастаны. Бұл дастанның жазылу тарихы кеңірек сөз қозғауды қажет етеді. Еңлік пен Кебектің оқиғасы ел арасына үлкен лаң әкелген, қазақтың өз ішінде некен-саяқ болатын ірі руаралық қақтығыстармен ерекшеленіп тарихтан орын алды. Қалмақпен соғысып, атыс-шабыстан зәрезап болған ел мен сол елдің тізгінін ұстаған топ екі ру арасындағы тұтанғалы келе жатқан шапқыншылықтың алдын алып, ата жолын аттаған екі боздаққа қатал үкім шығарды. Шабысқалы келген екі ел басылып, Тобықтының батыры – Кебек пен Матайдың сұлуы –Еңлік бейбіт өмірдің құрбандығы болады. Қос мұңлықтың қайғылы тағдыры ел аузында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа аңыз боп жетті.
Еңлік пен Кебек оқиғасына байланысты әр-түрлі жанрда қазақ тілінде хатқа түскен бес көркем шығарманың жазылуының өзі бұл оқиғаның халық арасындағы салмағын байқатқандай. «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген атпен 1892 жылы «Дала уалаятының газетінің» он санында жарияланды (№29,30,31,32,34-40). Әңгіме «Ұмтылған» деген бүркеншік атпен берілген. «Ұмтылған», яғни «Мұтылған» – Шәкәрімнің бүркеншік есімі. Сондықтан да, бұл әңгімені бірауыздан Шәкәрімнің шығармасы деп қабылдауға болады. Бірақ, Шәкәрім шығармаларын зерттеп жүрген жазушы М.Мағауиннің айтуынша бұл шығарма - Шәкәрімдікі емес, Абайдікі [275]. Мағауиннің дәлелдері де қисынды. Әңгіменің жазылу стилінен Шәкәрімге қарағанда Абайға жақын сөз саптау, суреттеу мен портреттеулердің үлгісін ұсынған зерттеуші сараптаулары құптарлық. Десек те, Мағауин салыстырған аталмыш әңгіме мен Абай прозасының арасындағы ұқсастықтардың өзі мынау Абайдікі дейтін дәлелдер емес. Дәл сол стильдің маңайында әңгіме қылсақ, Мағауин Абай сөзіне жақын деп алған мысалдан келтірейік: «Енді бұрынғыны айтып отырған қарттар байқай ма екен, бұрын күннің жылы болатыны – сол замандағы орман-ағаштың көптігінен екенін»,- деген сияқты үлгіде сөз жазу Шәкәрім стилінен алыс екені рас. Солай бола тұрғанмен, осы үлгіде сөйлеу, яки сөлем құрау тек Абай емес, сол уақыттағы қалам иелерінің көбіне тән. Алысқа бармай-ақ, «Дала уалаятының газетінің» сол санына шыққан келесі бір мақаладан үзінді келтірейік: «Бұрынғы заманда Тарбағатай тауынан Алатауда, Балқаш пенен Алакөл арасында жайлап жүреді екен Қарабай, Сарыбай деген екі бай» немесе, «Бәрінен де қоймаған Қодар құлға тиюді Баян сұлу жек көретін еді, әрі жүріп тұрып қоймастан өзін аламын деп ұмтылғаны үшін» [276, 34-б.]. Газеттегі әңгіме мен Абай тілінің ерекшелігіне назар аударғанда тағы бір байқағанымыз, әңгімеде «Мәзікүр» сөзі бірнеше жерде қолданылады. Абай шығармаларында бұл сөз кездеспейді. Абай шығармаларында есімшенің ескірген формасы –тұғын тұлғасымен келетін сөздер көп кездессе, «Дала уалаятының газетінде» басылған әңгімеде мұндай сөздер есімшенің қазіргі қолданыстағы –атын, -етін, -йтін формасында келеді. Мысалы, Абай қарасөзіне үңілсек: «Уа ләкин, кім де кім иман неше нәрсе бірлән кәмеләт табатұғынын уа неше жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірәдәр атын көріп, рузашыл, намазшыл болып жүргені көңілге қалың берлей тұрып жартысын салғанға ұқсайды»,- делінсе, газеттегі әңгімеде: «Сол себептен үйінде отыра алмай, қайратына шыдай алмай Абыз, яғни білімді, сәуегей Нысан дегенге жөнеліпті, өзінің қандай болатынын сұрауға... Нысан көп сөйлемейтін, түсі суық, қарт кісі екен»,- деп келеді. Демек, әңгімені Абайға арта салу сәл ертерек сияқты.
М.Мағауин «Абайдың белгісіз әңгімесі» деген мақаласында бұл әңгімені Абай шығармасы деп танығанмен, бұл жаңалықты не қостап, не қарсы болып жақ ашқан әдебиет зерттеушілері болмады. Зерттеушінің осы мақаласы «Абай» энциклопедиясына енді. Демек, абайтанушы қауым үн-түнсіз болса да аталған шығарманы Абайдың әңгімесі деп қабылдаған сыңайлы.
Көркем шығарманың сыртқы пішіні, оқиға ауаны Шәкәрімге жақын тақырыптар. Әңгімеде сөз болатын Еңлік пен Кебек, Қалқаман мен Мамыр - кейіннен Шәкәрім дастан етіп жазған дүниелер. Солай бола тұрса да шығарманың ішкі мазмұнына, көркемдік ерекшелігіне үңілгенде Абайға жақын штрихтарды байқамау мүмкін емес. Шығарманы дәлелдей келе қорыта айтқан М.Мағауиннің: «...хикая ешқандай даусыз Абайға ғана тиесілі шығарма екенін қайталап айтқымыз келеді. Сонымен қатар, бұл – жабайы ақпар, қарадүрсін мақала емес, бас-аяғы бүтін, артық-ауыс мүшесі жоқ, машықты, шебер прозашының қолынан шыққан, ұлы Абай атына лайық туынды екеніне куәлік береміз» [275] ,- деген қорытындыға келген мақала авторы бұл туындыны анық Абайдікі ете алмағанымен, оған кемеңгер ақынның тікелей қатысын аңғартатын дәлелдер келіруімен құнды.
Баспасөз бетінде бұл оқиғаға байланысты ел аузынан алынған «Қазақ турасынан хикая» [277] деген атпен осы әңгіменің тағы бір нұсқасы басылды. Мұнда батыр – Сергелі, қыз – Қаңлық, абыз – Келдей, Тоқтамыс – Бесқабан, Кеңгірбай - Шалпақ деп өзгергені болмаса оқиға желісі бір, кей тұстар сөзбе-сөз келіп отырады. Ғалым Ш.Сәтбаева екі әңгімені де Шәкәрімге телиді [278]. Сондай ұқсастықтары бола тұрғанмен кейінгі басылған әңгімеде тілдік жұтаңдық, баяндауда қарадүрсіндік бар. Авторы белгісіз. Сол белгісіз автор әңгіме кіріспесінде Кебеков дегеннен жазып алғанын айтады. Бұл «Кебектің ұрпағынан, сол елдің адамынан алынған» деген сияқты мағынаны білдірсе керек.
Бір ескеретіні осы екі әңгіме де алдымен орыс тілінде жарық көрген. «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» әңгімесінің орысша нұсқасының соңында «Сибирский вестник» газетінен алынып басылғандығы айтылса [279, 108-б.] , «Қазақ турасынан хикая» орыстың «Природа и люди» журналынан алынғандығы көрсетілген [279, 191-б.]. Бұл Еңлік пен Кебек оқиғасының орыс оқырмандарының да қызығушылығын оятқанын аңғартады. Ал, осы еңбектерді орыс тілінде кім баспаға ұсынған деген мәселеге келсек, Ә.Марғұланның деректері бұл әңгімелерді Абайдың орысша оқыған інісі Халиоллаға меншіктейді: «Кадет корпусының соңғы екі класында оқып жүріп, Халиолла Н.Ф. Костылецкийге қазақ тілінен көп сөздер жазып береді, оларды әрі қазақ тілінде аударып жазады. Оның ішінде «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Есім ханның ескі жолы», «Қазақ билерінің ерте кездегі шешімдері» тағы басқалары бар... XIX ғасырдың 90-жылдары Халиолланың жазулары Н.М.Ядринцевті, Н.И.Наумовты, Н.Н.Максимовты қатты толғандырды. Олардың ортасынан Н.И.Наумов пен Н.Н.Максимов «Дала уалаяты» газетіне хат жазып, Халиолланың жазуларын Омбыға жіберсе деп сұрады. «Еңлік-Кебектің» ғажайып әңгімесін Н.И.Наумов «Сибирь» газетіне басып шығарды, тағы Ақмола облысының газетіне шығарды (1892). Халиолланың көп жазулары Н.Н.Максимовтың архивінде сақтаулы» [130, 194-б.] ,- деген пікіріне сүйенсек жоғарыдағы екі әңгімеге де Халиолланың да қатысы бар. Қатысы болғанда ел ішіндегі осындай аңыз-әңгімелерді жинап, орыс оқымыстыларын таныстырған адамның бірі – Халиолла. Бұл туралы алдыңғы тарауларда сөз болғандықтан бұл арада тоқталмаймыз. Демек, Еңлік-Кебек оқиғасының алдымен орыс басылымдарында жарық көруі Халиолланың еншісінде. Ал, сюжеті жағынан бір-біріне ұқсас, бірақ жазылу машығы екі бөлек қос әңгімені бір Халиолла жазды деу қисынға келмейді. Алғашында бұл аңызды хатқа түсіруші Халиолла да, кейіннен 1892 жылғысы Абай өңдеуінен өткен сияқты. Өйткені, бұл нұсқаның тілі көркемдік құралдардан, әсіресе адам портретін жасау детальдарынан да жадау емес. Бірер мысал: «Ұзын бойлы, ақ киіктей, шашы қарғаның қанатындай қара, маңдайы жазық, көзі қара һәм өткір» Еңлік, «Түсі суық, қарт кісі» Нысан абыз портреттері - сол заманның жазуларында кездесе бермейтін көріктеулер. Кебектің толғанысы: «Маңайына қараса, биік жартас, қалың орман ағаш һәм сарқырап ағып жатқан бұлақ дейді. Сонда Кебек батыр ойлады дейді – менің ғұмырым да осы дүниемен бірдей-ау,- деп. Мына жартас болса бір қалыппенен тратын дүние, самсап тұрған орман өткен ғұмырға ұқсас, ағып жатқан су - өтіп бара жатқан ғұмыр ғой- деп». Кейіпкердің ішкі көңіл-күйі психологиялық егіздеу арқылы шебер жеткізілген. Ол кездегі қазақ прозасына жат болған мұндай үлгілерді қазақ поэзиясына пейзаждық лириканы әкелген Абайға ғана телуге болады.
Н.И.Наумов сияқты орыс зиялылары «Қазақ туралы хикая» деген әңгімесін «Природа и люди» журналына басты делік. 1900 жылы орыс журналынан алынды деген осы әңгіменің басында Халиолла өмірінен елес беретін төмендегідей жолдарды оқуға болады: «...менің қызметімнің өзі де жүріп тұру, бір жерден бір жерге көшіп жүруге лайықты еді. Жай қызмет арасында істейтұғын емес еді. Соның үшін құмар боп жүрген маған әрдайым кез кеп тұрды. Естуге қазақ турадарынан әртүрлі хабарлар, хикаяларды тұрмыс халдері турасынан»,- деген сөздер әскери қызмет бабымен бір арада тұрақтамаған, соны пайдаланып ел арасындағы аңыз-әңгімелерді жинаушы Халелдің қарекетін аңғартады. Дәл осы әңгіменің бір нұсқасы Абай қолында қалуы мүмкін. Өйткені, Хелел өлгенде барлық кітап-қағаздарын Абай алған. Абай Халиолланың жазғанын өңдеуден өткізіп, Шәкәрім арқылы баспаға ұсынды деген болжам жасауға болады. Екі әңгімені салыстырғанда Абайдікі делінетін нұсқаға аса сауатты біреудің араласқаны бірден байқалады. Дәл осы нұсқадағы Тимучиннің Шыңғыс тауларына келіп Шыңғыс хан атануы, хан көтерген биік - Хан биігі, Орда тауы - ханның ордасы болғандығы туралы аңыздар «Қазақ турасынан хикаяда» жоқ. Ол – заңды да. Себебі, Халиолланың Шыңғыс туралы аңызы «Қазақ аңызы» деген атпен орыстың басқа басылымында бөлек басылған-ды [280]. Халиолланың: «В 160 км к югу возвышаются горы Чингистау. Эти горы определяются долиной от стоящих горных груп Орда, Догалан и Чунай. Почти посередине горного Чингис-тау возвышается отдельная гора под именем «Кхан». Об этих местах сохранилась у кайсаков следущие придание», деп (сонда) жалғасатын сөз саптаулары 1892 жылғы нұсқада Абай қаламымен өңделген деген болжам айтамыз.
Енді, Абай мен Халиолланың ортақ туындысы саналатын әңгіменің соңында Ұмтылған (дұрысы – Мұтылған Б.Е.) есіміне қатысты мәселенің басын ашып алу керек сияқты. М.Мағауиннің осы лақап атқа қатысты: «1892 жылы отыз төрт жасқа жаңа шыққан Шәкәрімнен гөрі, сөз өнерінің асқар биігіне жеткен, алайда «қалың елі – қазағына» әлі таныла алмай, тар қапаста күңіреніп отырған Абайға көбірек үйлеседі» [275] ,- деген болжамы шындыққа жанаса қоймайтын сияқты. Әңгіме Абай мен Халиоллаға ортақ десек, Шәкәрімнің бүркеншік есімінің тұруына себеп не? Бұған бірнеше ой-барлау жүргізуге болады. Жазған шығармаларын өз атынан жарияламауы – Абайдың машықты ісі болғандығы белгілі. Оның түрлі себептері де болған. 1889 жылы «Дала уалаятының газетіне» «Жаз», «Болыс болдым мінеки» деген өлеңдері шәкірті Көкбайдың атынан берілсе, Коншиннің жариялауы бойынша шыққан «Орта жүз қазақтарының рулары туралы» шежірені де ел ішіндегі дау-дамайдан сақтанып, өз атынан бергізбеген. Ал, Еңлік пен Кебектің тағдыры тіпті ауыр. Ата дәстүрінен аттағандарды жазалап, әділ билік айтқан бір рулы елдің ұранына айналған Кеңгірбайға қарсы сөз айту ел ішінің жанжалына әкелетінін Абай жақсы білген. Кеңгірбай биді тым қатты сынап жіберген Мағауияның «Еңлік-Кебегін» тыңдап: «Көсем (Мағауия көсе болған Б.Е), көселікке салған екенсің. Ел арасы бүлінеді. Жария етпе!- деп тыйым салып, қиссаны қайта жазуды Шәкәрімге тапсырған деген сөз сақталған» [34, 152-б.].
Халиолла да тарихи есімдерді өзгертіп беруінің басты себебі осы, ру арасының ушығып кетер қақтығысынан сақтанған. Тіпті, «Кебековтен жазып алдым» дегендегі Кебековтің өзі - Халиолланың ойдан алған кейіпкері, Кебектің ұрпағының аузынан естідім дегенге келтірген қисыны шығар. Бұдан шығатын қорытынды, Халиолла адамдардың атын өзгертіп берсе, Абай өз нұсқасын атынан жариялауды жөн көрмеген. Шығарманың түп қазығы Халиолланікі болғандықтан Абай «Мұтылған» деген бүркеншік есіммен беруі мүмкін. Байыбына барып қарасақ, «Мұтылған» Абай мен Шәкәрімнен гөрі қыршынынан қиылған, жазған еңбектері сақталмай ұмыт болып бара жатқан Халиолла Өскенбайұлына келеді. Шәкәрім кейіннен арманына жетпей өмірден озған аяулы ағасына деген құрмет, інілік парыз есебінде өз шығармаларын осы атпен жариялауы ықтимал. Шәкәрімнің бүркеншік есімі дәл осы шығармадан бастау алды десек ше? Әрине, бұл болжам ғана. Қалай деген күнде де, Халиолладан қалған әңгіме-аңыздарды, тарихи шежірелерді қарап, сұрыптап, жарамдысын өңдеп баспаға дайындауда Абайдың қолқанаты болған Шәкәрім бұл тақырыпқа енді өзі ынтықты. Осы оқиғаға байланысты іле-шала екі поэма жазады.
Демек, «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген әңгімені алғашында ел аузынан жазып алған Халиолла да, Абай ол әңгімелерді нағыз көркемдік талаптарға сай етіп өңдеген. «Қазақ турасынан хикая» деген Халиолланың шығармасын Абай өңдеп, «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген біраз сөз» деген кейбір пікірлерде келтірілгендей «деректі очерк қана емес» [281, 383 б], көркем әңгіме жазып қалдырады. Әрине, Абай заманындағы әңгімеге қойылатын талап пен бүгінгі әңгіменің талап-тілектің арасы жер мен көктей екенін де естен шығармауымыз керек. Шәкәрім осы әңгімелердің негізінде, Абайдың тапсырмасы бойынша «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» поэмаларын жазады. Кейіннен Әуезов бұл тақырыпқа пьеса жазып, 1917 жылы Әйгерім отауында алғашқылардың бірі болып қазақ театрының сахнасын ашты.
Тамыры Абайдан тарап, әр жанрда ақындық айналасында жапырақ жайған Еңлік пен Кебек оқиғасының бірнеше интерпретациялық үлгісін Абай және оның ақындық мектебінің аясында қарау – шығармашылық бірлік, тақырып ортақтастығы сияқты мәселелердің байыбын аша түсуге жетелейді. Абай айналасында бір тақырыптың бірнеше үлгідегі нұсқасын салыстыра зерттеуге кеңірек көңіл бөлуіміздің себебі Халиолла, Абайлардың қатысы бар, Мағауия, Шәкәрім поэма жазған, кейіннен М.Әуезов пьеса арнаған тарихи оқиғаның әр автордың көркемдік танымында көрініс беруін, шығармадағы ұқсастықтар мен даралық нақыштарды айқындау.
Абай тапсырмасымен Еңлік пен Кебек оқиғасын поэма еткен бірінші Мағауия болды. Мағауияның өз қолжазбасы сақталмаған. Дайырбай Қожанұлы деген М.Әуезовке тапсырған жалғыз қолжазба арқылы бізге жетіп отыр. Оның себебі түсінікті. Ел арасына тараған аңызды жырлауда Мағауия тарихи шындықты екі жастың жазықсыз құрбандығына апарып тірейді. Сол себептен Еңлік пен Кебек - қатыгез зорлықшыл топтың қолынан құрбан болған бәйкүнә жандар да, ал оған үкім шығарған Кеңгірбай - «іші қатты, залым би» болып сомдалған. Шығарманың басында:
Заманның ғаділетсіз надандығын,
Қозғады жүрек, тілім, сөйле мығым.
Баяғыны көксейді білімсіздер
Мінекей көрсетейін жамандығын [212, 162-б.] ,-
деп, автор өз позициясын айқын көрсетеді. Бұл тұрғыдан алғанда Мағауияның поэмасы тарихи шығарма емес. Шәкәрім поэмасындағы сияқты оқиғаның нақты қай уақытта, қай жерде болғандығы туралы ақпарат та жоқ. Автордан тек:
Батыр Кебек қиссасын білуші едім
Көп кейіген жүрегім дейді шығар [212, 162-б.],-
деген ақпар ғана аламыз. Тарихи оқиға бұл арада фон ғана. Сондықтан, бата бұзған екі жасты ақтадың, талай ұрпақ «Би ата» деп табынған Кеңгірбай биді қараладың деп кінә арта алмаймыз. Ақынның авторлық идеясы онсыз да өз заманында тұсалды. Мағауияның көркемдік шындығын сол кездегі қоғам қабылдай алмайтын еді. Соны байқаған Абай бұл шығарманың халыққа таралуына тиым салды. Абай тарапынан қабылданбаған туындының «кемшілігін» тек осы мәселеге қатысты деп танығанымыз жөн. Әйтпесе, Мағауияның «Еңлік-Кебегі» ақынның жас шағындағы алғашқы поэмасы бола тұрғанмен бәлендей сорлы шығарма емес. Абай шәкірттерінің ішінде сөзбен сурет сала білетін лирик ақын – осы Мағауия. Өлеңдерінен көңіл-күй әуені есіп, нәзік сезімнің сипаты байқалатын ақынның поэмасы да - екі жастың махабатын баяндайтын лиро-эпикалық шығарма. «Мағауия жазған «Еңлік-Кебекте» рушылдықтың белгісі де жоқ. Найман, Тобықты деп қарамайды, «халық» деген ұғым бар. Өз елінің – Тобықты ру басыларының Еңлік пен Кебекке қаталдығын Мағауия кешпейді» [212, 128-б.]. Жаратылысынан нәзік жанды ақынның екі жастың сезім-сырларын ақтарып, қайғылы тағдырына ортақтаса мұңға батуы да заңды. Абайдан бастау алып, жаңа белеске көтерілген қазақ лирикасын өз мәнінде жалғастыра алған Мағауияның «Еңлік-Кебек» поэмасында лирик ақынның атын ақтап алар көркемдік нысандар жетерлік. «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөзде» кездесетін портрет түрлері поэмада кемеліне келген:
Тіп-тік жауырын, нәзік бел, бұрымы ұзын,
Салмақпенен салады қара көзін.
Жауап берсе қалжыңға сондай ұста
Ешкім сөгер жан емес айтқан сөзін.
Биік қабақ, ақ сұрлау, қара қасты,
Тік маңдай, толық жүзді, қолаң шашты.
Қарауында бір түрлі реңі бар
Сынап, байқап қалатын жеңіл жасты [212, 164-б.].
Суретте Абай поэзиясының ізі байқалады. Тіпті, қыз портретін беруде сыртқы пішіні ғана емес, ішкі жан дүниесіне де бойлай аласыз. Ақылы мен көркі астасқан сұлудың киген киіміне дейін өзіне жарасымды. Дәл осындай портрет Шәкәрім поэмасына жат. Қыз бен жігіттің серт байласқан кезі поэмадағы лирикалық мотивті күшейте түседі.
... Қыраулатқан атпенен
Қысты күні желмекке.
Дүниеде тоқтау бар ма екен
Жарын іздеп келмекке.
... Сағымды қуып сандалып
Кетті күнің келмеске.
Суыған көңіл қозғалмас,
Жар сөзіне: «кел кешке»
... Жаралы болды жас жүрек
Бола ма енді сөнбеске [212, 166-б.],-
деген сияқты автор монологындағы Абай сөз саптауының үлгісін байқамауға болмайды. Нағыз реалистік шығармаға жауап бола алады бұл жолдар. Мағауия Еңлік пен Кебектің оқиғасын өзінше өріп, адал махаббат иелерін жазықсыз өлімге қиған қазақтың салтын сынап көрсетуді мақсат етіп, лирикалық күйге толы ғашықтық поэмасын жазады.
Кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынасты сөз етер болсақ, Мағауия поэмасындағы Еңлікке тіл қататын Кебектің өзі. Нағыз қазақтың ибалы қызы «Қойыңыз тоқтаталық шайтанға ермей»,- деп алқынған жігіт көңілін тежейді. Қатты өтініп Қақпатасқа шақырған жігіттің сөзінен соң ғана Еңлік қыз «әрі-бері толықсып барып» жолығуға бел байлайды. Шәкәрімде керісінше, ұйықтап жатқан батырды қыз оятып мұңын шағады. Атастырылған күйеуінің ынжықтығын айтып Кебекке байлана түседі. Тіпті, «Қайда барсаң обалым жібермейді»,- деп жігіттің алмасына амал қалдырмайтындай. «Соғысқа сылтау таба алмай отырған Матай мен Тобықтыны бүлдірмелік»,- деген Кебектің секем сөзі де қызға тоқтау болмайды. Демек, Шәкәрімде бастаушы – қыз. Шыны керек бұл арада Мағауия қос ғашығының бейнесі моральдық жағынан биік тұр. Жігіттің қолқа салуы жарасымды. Сондай-ақ, Мағауияның Еңлігі - ұстамды, ұяң, алды-артын ойлайтын нағыз қазақтың ақылды үкілісі. Шәкәрімнің сұлуы туралы ондай сөз айта алмаймыз. Әбден ашынған, не ашылған сұлу ғана бір көрген адамының мойнына оралады. Солай дей тұрғанмен Шәкәрім Еңілігінің ашынуына қортыққа күштеп қосақтаған қатал салт-дәстүр кінәлі. Қазақтың өңі айналып, әбден асқынған әдет-салт Еңлікті өжет етеді. Қалай десек те, Шәкәрім поэмасында бәленің басы Еңілік қыздан болып тұр. «Шын сүйсең мені алып қаш, келер істі жалғыз-ақ Алла білер» деп Кебекті мәжбүрлегендей кейіпте сомдаған автор. Осылайша ақын ел тізгіні билердің қолында болған уақыттағы қазақтың салт-дәстүріне іш тартып, бата бұзған екі жасқа кінә артқандай болса, Мағауия керісінше Еңлік пен Кебекті жазықсыз жандар етіп көрсетеді. Екі ақынның авторлық позициясы екі басқа. Көркемдік шешім тұрғысынан келгенде екеуіне де дау айта алмайсың. Өйткені, бірі махабат тақырыбын негізгі өзек етіп лиро-эпикалық поэма жазса, екіншісі тарихи оқиғалардың негізінде тарихи-әлеуметтік поэма жазды. Шәкәрімнің шығарманың басында тоқталатын тарихи оқиғалары жеке кейіпкерлердің трагедиялық күйіне қызмет етеді. М.Мағауиннің бұны «тарихи шығарма емес»,- дейтіні де сондықтан. Тақырып бір болғанмен, екі автордың ұстанымы екі басқа. Шәкәрім Мағауияны қайталамаған. Шығарманың атының өзі «Жолсыз жаза яки кез болған іс» деп аталуында да көп мән жатыр.
Мағауияға қарағанда Шәкәрімнің поэмасы ел ішіне кеңінен тарады. 1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспасынан жеке кітап болып жарық көрді. Көп уақыт авторы ақталмаған поэманы ел арасында айтып жүрді. Тек, 1988 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан ақынның жинағында, «Жалын» баспасынан шыққан «Жолсыз жаза» жинағында жарық көрді. Дәл сол жылы «Жұлдыз» журналында шықса, 1990 жылғы ақынның «Рауан» баспасында қайыра басылған өлеңдер жинағында жарияланды [282]. Әр-түрлі зерттеушілердің құрастыруымен жарық көрген Шәкәрім шығармаларының, соның ішінде «Жолсыз жаза» поэмасының текстологиясында сын көтермейтін кемшіліктер болды. Ақын жинақтарындағы текстологиялық ақаулықтарды тізіп көрсетіп, ол туралы дер кезінде мәселе көтерген ғалым Қ.Мұхамедханұлы болатын [283]. Қайымды қайталап, немесе ойын жалғап текстологияға талдау жүргізуді жөн көрмедік. Айтайық дегеніміз, қазіргі күнде М.Мағауиннің «Жұлдыз» журналына басқан нұсқасы текстологиялық жағынан тәуірі ретінде танылып отыр. Жарты ғасырдан артық атын атауға тиым салынған ақынның шығармаларын жарыққа шығарған зерттеуші қауымға ел алғысы шексіз. Десек те, Шәкәрімді тану, басқаға таныту бір күнмен, немесе бірер жылмен шектелмек емес. Енді аяқтана бастаған Шәкәрімді тану ғылымы ақын шығармаларының текстологиялық зерттеуден өткен толық шығармалар жинағының академиялық нұсқасын дайындаса, ақын мұрасының бір олқы тұсы бүтінделе түсер еді.
Мағауия шығармасына қарағанда Шәкәрім поэмасы мол пішілген. Махаббат трагедиясының маңайында қалып қоймай, замана кейпіне, өткен күннің тарихи оқиғаларына тәптіштей тоқталады. Жеке характерлердің шиеленіскен трагедиясы арқылы қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтардың бет-бедерін көрсете білген озық туынды. Еңлік пен Кебектің қайғылы хәліне себеп болған қоғамдық-әлеуметтік жағдайларды санамалап көрсетуінің ар жағында елдің тарихи шежіресін ұсыну да жоқ емес. «Қазақтың түп атасы» өлең-шежіресінде «Шежіремнің Еңлік-Кебек оқы бірін» деп ескертетіні бар. Негізгі оқиғаның алдындағы тарихи ақпар махаббат табыстырған қос ғашықтың бірге болуына мұрсат бермейтін бөгеттерді алдын-ала сипаттайды. Қалмақпен соғысты былай қойғанда, онсыз да жерге сыймай қысқа күнде қырық шабысатын көршілес ел - Матай мен Тобықтының арасына бітпес дау әкеліп отырған екі тентекті шарасыз Кеңгірбай ұстап береді. Елінің тыныштығы үшін батырын оққа байлайды. Бұл арада Кеңгірбай жеке бастың мүддесінен ел тыныштығын жоғары қоя білген ел қамқоры, ағайынның панасы. Шәкәрім позициясы, ол - заманын айыптаушы.
Әншейін әңгіме деп құлақ салма,
Құр ғана қызығы мен қызын алма.
Ғаділ-залым, шафхатлы-мейірімсіз
Соларды айыра алмай, қапы қалма [163, 308-б.],-
деп ескертеді поэма соңында.
Ал, Мағауия шығармасына Абай тиымының артында жағымсыз бейнеленген Кеңгірбай би образы тұрғаны белгілі. Поэмада Еңлік-Кебек лаңының тууына Кеңгірбайдың екі қылығы себеп болған:
Тобықтыда сол күнде Кеңгірбай би,
Қыз қайнынан астыртын алыпты сый.
Айтады қыз еліне бітім жерде:
Әуелі ұстап алып қызыңды тый,-
деп, парақор ретінде көрсетсе, екінші себеп:
Жуантаяқ жақсысы Тоқтамыспен,
Кеңгірбай араз еді бірер істен [212, 167-б.].
Кеңгірбай би - баспасөздегі екі әңгімеде де оқиғаның қайғылы аяқталуына себепкер. «Сонда бүтін Тобықтыдан шыққан төбе би Кеңгірбай айыптыларды Матайға жаза салу үшін беруді тілеп, Тоқтамыс би жоқта қылықты қылды дейді... Кеңгірбай сыртынан Кебекке болысса да, ішінен Кебекті өлтіргенін тәуір көрді дейді, халық оған ауып кетпесін деп... Сөйтіп ақырында Кеңгірбай Кебекті, Еңілікті баласыменен «Не қылсаң ол қылыңдар»,- деп берді дейді». Әңгімедегі Кеңгірбайдың әрекеттері Мағауияда бояуы қалыңдатыла берілгені анық. Мағауия биге екі қиянат жасаған. Бірі – қыз қайындарынан пара алды десе, екіншісі – Кебекті алдап қолға түсіріп, өз қолымен өлтіреді. Осы көркемдік қиялын Абай Мағауияға кешпеген сияқты. Шығарманы қайтара жазуға тапсырма алған Шәкәрім Кеңгірбай бейнесін сомдауда өте нәзік жолды ұстанған. Шәкәрім Кеңгірбайының жалғыз кінәсі - қыз жоғалтқан көрші елдің сөзін әу баста құлаққа ілмегендігі.
Қуа-қуа осы сөз анықталды,
Матайлар Тобықтыға кісі салды.
Қыз дегенің немене, білмейміз деп
Тобықты оны елемей жатып алды [163, 304-б.],-
дейді, Шәкәрім поэмада. Оның өзінде қызды іздеуші Матай еліне жауабын дер кезінде бермей, сөзбұйдаға салуы – жорыққа кеткен Тоқтамысты тосуы деп ақтайды автор. Қалған жерде Кеңгірбай шарасыз.
М.Әуезов те пьесада Шәкәрім поэмасының оқиғасын негіз еткен. «Абай жолы» эпопеясында Еңлік-Кебек жырына таласатындардың ішінде Мағауия болмайды. Шәкәрімнің орнына қиялап кіргізген Дәрмен мен Шұбарды Еңлік жырына таластырғанда, Әуезов Мағауияның дәл осы поэмасын жазғанын білмеді емес. Мағауияның «Еңлік-Кебегін» бізге жеткізуші Мұхтардың өзі. «...Образдарды бейнелеуде, өткеннің қараңғылығын сынап көрсетуде, адамгершілік талабын ең үлкен мақсат, арман етіп биік сапада танытуда Мағауияның бұл поэмасы да өз уақытындағы бағалы еңбек болатын» [57, 236- б.] ,- деп ең алғашқылардың бірі болып Мағауия поэмасына толымды баға берген Әуезов романда Мағауияның Еңілік жырына оқиғаға араластырмауының мәні неде? Абайдың салған тиымы Әуезов заманында да, одан кейін де ел ішінде әлі мәнін жойған жоқ-тын. Әулиедей сиынған Кеңгірбай бабаның атына ауыр сөз айтқан Мағауияның Еңлік жыры эпопеядан тыс қалды. Мұхтардың пьеса жазуда тек Шәкәрім нұсқасына сүйенуіне де қаншама уақыт өткенмен, тасқа таңбаланғандай болып жаңғырып тұрған Мағауияға жасаған Абай ескертпесі әсер етпеді емес. Ал, ата-баба намысы дегенге жанын салатын қыр қазағының арасына барып (1917 жылы Әйгерім ауылы Ойқұдықта) ойын көрсетуде Әуезовтің қаншалықты қиындықтарға тап болғанын ғалым Т.Жұртбай «Бесігіңді түзе» еңбегінде екжей-текжейлі жазған болатын. Абайдың айналасында бірнеше ақын бірден қызығушылық танытып жырлаған аса бір тартымды трагедиялық әфсана Әуезовті де баурап, қазақ даласында тың өнердің шымылдығын ашуға итермеледі. Бұл өз алдына ұзақ әңгіме. Біздің айтайық дегеніміз Еңлік- Кебек тақырыбының бастау көзі Абай екенін алғаш айтқан Әуезов еді. «Абай жолына» үңілейік. Шәкірттерін ертіп Еңлік пен Кебек моласының басында тұрып: «Осы жалғыз мола осынау елсіз жотаға пайда болғалы, міне, биыл жүз рет жадырап жаз, кірбең тартып күз кепті. Сол бір ықылымнан бергі көп буындар тіршілігінің үнсіз куәсі – осы мола. Бұл қос мола – ішіне аса бір ауыр сыр бүккен молалар. Шанда бір осы тұсқа соғып өткенде, әлдебір арылмаған қарызым бардай боламын. Ақындық қарызым сияқтанады. Бұнда жатқан бір қыз, бір жігіт. Жігіті Кебек, қызы Еңлік атанушы еді!- деген кезде Абайдың үні ажарланып, машықты қалпына ауысып, қатаң сөйледі» [94, 7-б.] ,- деген сөздерді Әуезов Абайдың аузына тегін салып отырған жоқ. Абайдың ақындық қарызы өтелді. Шәкірттері өтеді. Мағауия мен Шәкәрімнің соңын ала мүлде бөлек, қазаққа бейтаныс жанрда Әуезовтің өзі Еңлік-Кебекті қайта түлетті.
Шәкәрімнің кейіпкерлері нағыз өмірдің өзінен алынған күрделі бейнелер. Мағауияда Еңлік пен Кебек қаншалықты кіршіксіз ақ болса, Кеңгірбай оларға қарсы тип, соншалықты ұнамсыз. Ал, Шәкәрімнің қыз бен жігітін немесе биді дәл солай етіп бір жағына шығара сала алмайсыз. Бейнелер - нағыз реалистік. Поэмаға тоқталған ғалым А.Ісімақова былай дейді: «В поэмах Шакарима нет четко выраженных положительных и отрицательных персонажей. Его герои, осмысливающие происходящее, имеют каждый свой голос, свой ход мыслей» [284, 48-б.]. Шәкәрім кейіпкер сомдауының шеберлігі міне осында жатыр.
Бірнеше интерпретациялық үлгіге түскен туындыларда ортақ белгілер де жетерлік. Тақырып бірлігі, оқиға ұқсастығы, ондағы кейіпкерлер бейнесінің сомдалуы сияқты негізгі ұқсастықтарды айтпағанда, кейбір жеке құбылыстардың еш өзгермей барлық шығармаларда көрініс табуы Абай айналасындағы шығармашылық бірліктің көрсеткіші бола алады. Әңгімеде «... ұзын бойлы, ақ киіктей, шашы қарғаның қанатындай қара, маңдайы жазық, көзі қара һәм өткір» боп келетін қыз бейнесі Мағауияда «Биік қабақ, ақ сұрлау, қара қасты»,- деп суреттелсе, Шәкәрім «Ажалың биік қабақ, сұрлау қыздан»,- деп Нысан абыздың аузына осы сөзді салады. Тіпті дәл осы деталь «Сұңғақ бойлы, биік қабақ, сұрлау қыздан ажалың бар»,- деп М.Әуезов трагедиясында да өзгермеген күйде алынған. Биік қабақ, сұрлау қыз - тек Еңліктің портреті емес, Кебектің ажалын жұмбақтап тұрған символ.
Екінші ортақ дүние қос мұңлықтан қалған бала. Әңгіменің 1892 жылғы өңделген нұсқасында далада қалған бала жылап өлсе, 1900 жылы басылған әңгімеде Матайлар баланы да өлтіреді. Мағауия Кеңгірбай тобын қаралап:
Балаға ешбір пенде қарамапты,
Тобықты неткен жандар діні қатты.
Шеткі Ақшоқы басында бесігімен
Деседі бір күн бойы жылап жатты [212, 169-б.],-
десе, осы өлең мәнерін бұзбаған Шәкәрім:
Надан жұрттың болады діні қатты,
Қабекеңе тапсырмай аманатты.
Шеткі Ақшоқы басында қалған бала
Шырқырап күн батқанша жылап жатты [163, 308-б.],-
деп жағдайды авторлық позициясына орайлап бұрып әкетеді. Еңлік пен Кебектен Ермек атты бала қалыпты-мыс. Бұл туралы ел аузынан жеткен дастан да бар . Ол бөлек әңгіме.
Еңлік- Кебек – Абай айналасында үлкен қызығушылықпен қолға алынып, ақын шәкірттердің жарыса поэма етіп жазған сол кездегі ел аузында жүрген тарихи оқиғалардың елеулісі. Халықтың өткен тарихын танып-білу ғана емес, сол асыл қазынаны кейінгіге жеткізуді мұрат еткен Абай өзі де қатысып, шәкірттеріне де тапсырма беріп, бұл тақырыпқа қайта айналып соға берген. Ел аузында алуан түрлі боп айтылатын аңыз-ақиқаты аралас әңгіменің шәкіртері тарапынан жырланғанда халыққа дұрыс жетуіне аса мән берген. Тек екі жастың сүйіспеншілік сезімін басты назарға алған Мағауия жырына тұсау салғанда, орта қалай қабылдайды, оқырман не дейді,- деген күдікті Абай алдымен ойлаған-ды. Орыстандырудың астыртын саясаты қаймағы бұзылмаған қазақы билікті ығыстырып, орыс заңына бағына бастаған елдің кешегі әділеттің ақ туын жықпаған билері мен шешендерін үлгі ету еді - Абайдың арғы ойы. Шәкәрім Ұстаз ойын ақтады. Сөз жоқ, ел ішін бүлдіріп ала жаздаған сезімтал Мағауияның поэмасынан кейін, Шәкәрім шығармасының жазылуы Абайдың қатты қадағалауында да болуы ықтимал. Екі жастың трагедиясын жеке адамдардың мүддесінен іздемей, одан терең жатқан ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтардан табады. Бұл тұрғыдан алғанда Шәкәрім ұстаз көңілінен шықты деуге болады.
«Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөзінде» әңгіме болып кейіннен Шәкәрім поэма етіп жырлаған оқиға Қалқаман мен Мамырдың оқиғасы. Поэмаға сын айтып, алғаш мақала жазған Ә.Бөкейханұлы: «Рас, біздің қазаққа осы бойымен де, «Қалқаман-Мамыр» айтулы жақсы өлеңнің бірі болар. Бірақ «көп бергеннен көп сұралады» деген. Мұны Шәкәрімнен көп сұрап жаздым» [13] ,- деген биік талаптың артында Шәкәрімнің ақындық талантын жоғары бағалау жатыр. Шәкәрімнің айтуынша Қалқаман-Мамыр оқиғасы 1722 жылы болған да, осы оқиғаның өткеніне 190 жыл толуына орай «Қалқаман-Мамыр» поэмасын баспадан кітап етіп шығарады. Ал, шығарманың жазылуы бұдан да ертерек, «Жолсыз жазаның» алдында жазылғандығын жоғарыда айттық. «Жолсыз жазамен» тақырып ұқсас. Бірақ, «Қалқаман-Мамырда» Шәкәрім алдыңғы шығармадағыдай кеңінен таратып тарихи баянға бармаған. Қалқаманның шыққан тегіне аз аял жасап, бірден негізгі оқиғаға көшеді. «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» әңгімесінде Қалқаманға айып кесуші поэмадағыдай Әнет баба емес, Кеңгірбай болады. Әңгімеге қатысты Халиолла мен Абай десек, олардың бұл оқиғаны, яғни Қалқаманға билік айтқан Әнет баба екенін білмеуі мүмкін емес. Солай бола тұрғанмен, ел арасындағы түпкі идеясы бауырлас екі оқиғаның да шешімін бір адамның қолына ұстатуы мүмкін, қазақ билерінің бәрін қатігез, өз бауырын өлімге қия беретін шетінен безбүйрек етіп көрсетуді Халиолла, Абайлар қош көрмеді ме екен. Әйтеуір Халиолла мен Абайдың қаламы тиді, Шәкәрімнің қатысы бар деген әңгімеде екі жұптың да қайғы-қасіретін Кеңгірбай биге арқалатқан. Әнет баба туралы ештеңе айтылмайды. Ал, поэмада Қалқаман-Мамыр дауының ортасында Әнет бабаң жүреді. Әнет Кішікұлы шамамен 1623-1723 жылдары өмір сүрген.
Әнет бабаң Арғынның ел ағасы,
Әрі би, әрі молла ғұлымасы.
Орта жүзге үлгі айтқан әділ екен
Сол кезде тоқсан беске келген жасы [163, 280-б.],-
деген Шәкәрімнің сөздері тарихтан алшақ кетпейді. Орта жүз сөзіне құлақ асқан Әнет бабаңның Қалқаман мен Мамырға ара түсе алмауының себебі не? Оның түп-төркіні тағы да қазақтың ескі салт-санасына жетелейді. Кебек алып қашқан Еңлік біреудің атастырылып қойған қалыңдығы болса, Қалқаман мен Мамырдың кінәсі одан да ауыр.
Қыз алған жоқ жақыннан Тобықты әзір,
Өлтірем деп жүрмесін бізді қазір,-
деп өрекпіген Мамыр қыздың аузына өлім түсуінің өзі содан.
Мамыр-ау, айтып тұрсың әлденені,
Шариғат қосады екен немерені,-
деп Қалқаманның басу айтатыны бар. Поэманың екінші бір тұсында:
Мамыр-ау, мені сүйсең, кетпе жатқа,
Құдайға хақ, сөзім жөн шариғатқа.
Басы Бабаң, аяғы шала молда
Бәріне анық, оқыған жамиғатқа [163, 284-б.],-
деп Қалқаман шариғатты тағы алға тарта сөйлейді. Автор бұл арада жастар жағында. Ақынның «Мұсылмандық шарты» еңбегінің «Қатын қылып алуға шариғат қоспайтындар» деген бөлімінде: «Есебі екеуі де немере болса шариғат қосады» [274, 63-б.] ,- деп жазды. Олай болса Мәмбетейлердің басшысы Көкенай батырдың ширығып, Әнет бабаның «бітімсіз іс кез болып қалар ма екен»,- деп қобалжуының сыры неде? Ол кезде бір-бірінен қыз алысып, қыз беріспеген аз ғана ру Тобықтының бір атасы Сары батырдан барып қосылады қыз бен жігіттің ныспысы. Тарататын болсақ, Сары батырдың бәйбішесінен Кішік, Кішіктің тоқалынан Әйтек, Әйтектің тоқалынан Байбөрі, одан Қалқаман. Кішік пен Мәмбетей бірге туады. Мәмбетейден Байғазы бай, Байғазының қызы Мамыр. Қазақ жеті атаға жетпей қыз алмаған. Шариғат қосқанмен, таза қанды ұрпақ өсіру үшін жеті атаға дейін қосылмауды қатаң сақтаған бабалар әдет-ғұрпына қылау түсіру – кешірілмейтін іс. Көкенайдың қарындасы Мамырды өлімге қиып, Әнет бабаның өз туысы Қалқаманды оққа байлаған шарасыз қарекеті қашаннан қылшығы бұзылмай келе жатқан ата-баба салтының беріктігінен болса керек.
Айттырылған жері бар Еңлік пен Кебектің қосылып қашуы қазақ үшін үйреншікті іс болғанмен, Қалқаман мен Мамырдың жазасы әуел бастан ауыр-тын. Аяқты кеңге салып, істі ушықтырып алған, бәлкім Тоқтамыспен бақталасып жасағаны ол жағы нақты анық емес Кеңгірбайдың жағдайы мен бұрын-соңды болмаған сұмдықтан Қалқаманды арашалауға еш мүмкіндігі қалмаған Әнет бабаның жайын салыстыруға келмейді. Екі поэмадағы билердің пішініне бақсақ, Кеңгірбайға қарағанда Әнет бабаның образы айқын сомдалған. Тарихи шындыққа жүгінді ме кім білсін, Шәкәрім Әнет бабаны шын жанашыр етіп суреттейді. «Көрсетемін, қайтемін, тыныш жатам» деген Кеңгірбай бидің самарқаулығы жоқ. Алдымен мал беріп бітіспек болған Бабаң, «ел болмай кетісеміз»,- деген Көкенай тобына:
Бабаң айтты: Өлтірер жұмыс емес,
Таспен атып өлтірмек – бұл іс емес.
Біреудің некелісін бұзбаған соң
Қанына ортақ болу дұрыс емес [163, 285-б-],-
деп тоқтау айтады. Дау бұған да ауыздықталмай ұзаққа кетеді. Арада төркіндеп барған Мамырды Көкенай атып өлтіреді де: «Мен тентегімді өлтірдім, ендігі кезек сенікі»,- деп Бабаңа кісі салады. «Бір еркек, бір қатынның құнын алсын»,- деген Бабаң сөзіне тағы болмайды Көкенай. Қан көрген күшігендей құтырған Көкенай Қалқаманды алып тынбасын білген кәрі би лажсыздан соңғы шешімін айтады. Әнет бабаның асау елмен алысқан осы бір қасіретті шағын Шәкәрім аяулы Абайымен салыстырады да:
Бабаңның нұр жүрегі болды мұздай,
Жазасыз жасқа ешкімнің қаны қызбай.
Мысалы көз алдыңда тұрған жоқ па
Қойдыңдар Абайға да не қылғызбай [163, 288-б-],-
деген ақын толғанысының ішінде тентек елді бағудан әбден мезі болған қос дананың қайғы-қасіреті бұғып жатыр. Қалқаман да:
Ей, жұртым, мен өлемін, сендер қалдың,
Орнына бауыздадың айтқан малдың.
Өз бауырын оққа байлап өлтірді деп
Қалдыңдар обалына мына шалдың [163, 288-б.],-
деп, Әнет бабаны емес, өзіне ара түспеген елін кінәлайды. Көкенайдың тартқан жебесінен аман қалғанмен, еліне өкпелеп, нағашы жұртына Бұхар жаққа кетеді. «Батыр Қалқаман нағашы жұртында абройлы адам болып ел құрметіне бөленеді. Қалқаманның ұрпақтары өсіп-өніп Үйсін Шапыраштың ішінде Айқым-Қалқаман Тобықты атанады» [285, 401-б.]. Шәкәрім көзі тірісінде Қалқаманның ұрпақтарымен байланыс жасаған да. Шығармасының соңында:
Хан Шыңғыс деген тауда тұрмыз біз де,
Егер де іздесеңдер, сонан ізде.
Тобықтыда Құнанбай қажы десе
Басты кісі – біледі Орта жүзде [163, 290-б.],-
деп туыстарына іздеу салады. Шәкәрім заманында тағдырдың айдауымен шетке кеткен туыстармен байланыс та орнаған. «Қалқаман руының сол кездегі үлкені Құдайберген қажы дегенге елге қайтыңыз деп шақырған туыстарына қажы:
- Көп туысымызға шақыра келгенің жақсы. Ал, дәм жазып баруымыз одан да жақсы болмақ. Сапар сәті түсіп бара қалсақ, кімді іздеп барамыз дейміз? Ол айқын ғой десек, кімнің үйіне ат басын тірегеніміз жөн болады?- депті.
- Шәкәрім қажы бар емес пе?-дегендерге, Құдайберген ойланып отырып:
- Е, е, е! Онда таяу уақытта біз бармайды екенбіз. Ертеде атамыз Қалқаман бәйбіше баласы Олжай ызғарымен туысынан кеткен. Тағы да барып Олжайға тәуелді болуымыз келіспес. Дәм бұйырып, Алла жазғандай заман болса, ол келешек ұрпақ ісі болсын,- деп қайырған екен» [34, 421-б.]. Осы арада бір көңіл бөлетін нәрсе, Қалқаман да, оның ұрпақтары да кінәні өз туысы Олжайдан көреді. Поэмадағы автор ұстанымы да осыған жақын. Екі жасқа үкім кескен Көкенай да, еріксіз өз бауырын оққа байлаған Әнет баба да емес, солардың артында тұған есер көп шуылдақ.
Ел қылып Тобықтыны тұра алмаймын,
Ешкіммен ойнап-күліп жүре алмаймын.
Өлерде аямады, қайда аяйды
Сендерге енді мойын бұра алмаймын [163, 289-б.],-
деп өкпесі қара қазандай Қалқаманның елінен безінуі де содан. Тобықтының жігіттері Кебекті ұстап беруге қарсы болатыны бар «Жолсыз жазада». Ал, Қалқаманды құтқаруға келгенде көп Олжайдан ондай қимыл шықпайды. Көкенай да жалғыз емес, артында шулаған Мәмбетей, одан қалса тамам Арғын тұр. Көпке топырақ шаша алмайсың. Дәстүрден аттаған екі тентекке де қатал үкім шығарған және оны орындатушы сол көп болып шығады. «Ар сүймейтін іс қылған» Қодарды атанға асып өлтіретін Құнанбай емес, мырзаның қасындағы көп.
Шәкәрім поэмаларындағы осындай ұқсас шешімдер жалпы тақырып таңдаудағы автордың идеялық бірлігіне алып келеді. «Жолсыз жаза», «Қалқаман-Мамыр» және соңғы тілге тиек еткен «Қодардың өлімі» поэмаларын біріктіріп тұрған дүние бар, ол – қазақтың әдет-салтын бұзғандарға ең ауыр жаза кескен елдің бет-бейнесін шынайы қалыпта жеткізу. Шәкәрім бұл арада белгілі бір мақсат қойған. Қазақта аса сирек кездесетін өлім жазасына кесудің ең сұрапыл мысалдары әр заманда Тобықты елінде болған екен. Әнет баба, Кеңгірбай би, Құнанбай аузымен айтылған қатал үкім көп жылдар ел есінде сақталып, кезі келген шақтарда Тобықты елінің осы бір қаталдығы басқа елдердің тарапынан сынға алынып та отырды. «Аттың жалы», «түйенің қомы», «садақтың оғы» не?- деп қанды оқиғаны тұспалдаған арты ауыр сауалдар Абайға да қаратыла сан мәрте қойылған. Абайдың жауап қата алмай үнсіз қалатынын ескеріңіз. Кезінде жалғыз Абай емес, Тобықтының сан жүйрігін тосылтқан ата-баба билігінің шектен шыққан қаталдығын Шәкәрім өз тарапынан түсіндіру мақсатында осы үш шығармасын жазған. Жеті атадан қосылмайтын қазақтың заңын аттаған Қалқаман мен Мамырды арашалауға Әнет бабаң шарасыз болса, шабыспаққа сылтау іздеп отырған қалың Найманға қарсы тұра амаған Кеңгірбай Кебекті береді. Қодар мен Қамқаның кінәсі әлгі екеуінен де ауыр еді. Келінімен жақындасып жын-шайтанның жолына түскен Қодардың қылығы онсыз да орыстың отарлауына түсіп, салт-дәстүрден айырыла бастаған елдің азғын кейпін танытқан-ды. Елдікті сақтау үшін Құнанбай ессіз кеткен ерінің мойнына арқан салуға мәжбүр болды. Міне, осы шындықты бүркемей жеткізіп, келер ұрпақтың алдында ел панасы болған, сын сағат туғанда елдің бірлігі үшін, болашағы үшін адам айтқысыз қатал үкімге барған, қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлғаларды сомдаушы Шәкәрім туындылары қашанда шыншыл, қашанда өміршең.
Қазақ тарихында Абайдың аса мән беріп, көңіл бөлген тақырыптың бірі – Абылай хан тақырыбы. Өкінішке орай Абылай хан туралы Абайдың айтқандары бізге жетпеген деуге болады. Абайдың Абылай туралы айтқандарын Көкбай ақынның естелігі арқылы ғана білеміз. ҚР ҰҒА қолжазбалар қорында «Абылайдың алғашқы аты шыққан әңгімесі» деген атпен дастан сақталған. Соның сыртқы бетінде: «Абайдың тапсыруы бойынша Көкбай жырлаған, одан Төлеу ақын үйреніп айтып жүрген. Қ/ж. Қаскен Төлеуовтен алынды. 1936 жылы жазылған, 1946 жылы түскен» [286],- деген жазу бар. Сондай-ақ, Кенесары мен Құнанбай арасы, Абай мен оның ауылында құтты қонақ болған Қасым ханның қызы Бопай ханша арасындағы байланыстардан да пікір суыртпақтауға болады.
Анығы – Абайдың тарихи шығармалар жазуға бейімді өзінің шәкірті Көкбайға Абылай және олардың әулеті туралы дастан жазуға тапсырма бергені. Шамамен 1889-90 жылдары жазған шығармасы, яки Абай тапсырмасы туралы Көкбай ақын өз естелігінде былай деп жазды: «Бір жылы менің өзіме «Абылай хан мен Кенесарының қазаққа істеген еңбектерін ұзақ әңгіме қылып айтып беріп, осыны өлең қыл»,- деді. «Абылай да, Кенесары да қазақтың мақтан қылатын ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай, ұмытпастық еңбек. Сондықтан бастарынан кешкен дәуренді жақсы сөзбен жыр қылып, ел ортасына жаю – жақсы өлеңшінің міндеті, сен үйіңе барып орнығып отырып, осыны өлең қылып кел,- деді. Содан кейін үйге келіп отырысымен өлең қылуға кірісіп, Абайға қарай қайта жүрдім» [186, 204-б.] ,- деп бастайды әңгімесін Көкбай ақын.
Абылай және оның әулеті туралы циклды туындыны М.Әуезов «Сабалақ» және «Абылайдың бір топ нәсілдеріне арналған жыр» деп екіге бөледі [5, Б. 110-111]. Үлкен бір тарихи дәуірді қамтитын бір ұрпақтан өрбіген бірнеше хан-сұлтандардың өмір тарихын жыр ететін шығарма «Сабалақ», «Төрт төре», «Наурызбай-Фатима» деген атпен үшке бөлініп жеке-жеке беріліп те жүр. Анығында бұл Абай заманында Көкбайдың «Абылай» деген атпен белгілі поэмасының ішкі бөлімдері. Көкбай ақынның қолжазбалары бізге жетпеген. Ел аузында сақталған нұсқалары ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапхана қорында сақталған. Көкбайдың аталмыш дастаны туралы М.Мағауин [287], Б.Абылқасымов [229], Ж.Әубәкір [82], Ә.Тарақ [288] еңбектерінде сөз болады. Десек те, қолда бар нұсқаларда үлкенді-кішілі өзгешеліктер кездесетінін ескерсек, оларды салыстырып, текстологиялық жұмыстар жүргізу болашақтың еншісіне қалып тұр.
Кеңестік заманның салқыны Абай шәкірттерін шарпығанда ең алдымен Көкбай ақынның нысанаға алынуы да осы «Абылай» «кесірінен» болды. Хан мен оның тұқымын аса дәріптеген ақын мұрасы бір ауыз сөзге келмей мұрындықталды. Абай мектебін сынаушы С.Мұқанов Көкбайдың «Сабалақ» дастаны туралы былай деп жазды: «Поэманың негізгі мақсаты хандықты дәріптеу, халықтың қас жаулары Кенесары мен Наурызбайды мақтау. Көкбай онымен ғана қоймай, орыс халқын қазақ халқына жау ғып көрсетуге тырысады» [55, 62-б.] ,- деген пікірде тек Мұқанов қана емес, сол кездегі тарихи, әдеби орта өткен тарих туралы осы тұрпаттағы көзқараста болды. Басқа да ел билеуші хандар сияқты Абылай хан жайында жазылған көркем шығармалардың өзі біржақты қабылданып, тек Абылайды хан емес, қарақшы ретінде сомдаған туындылар ғана сұрыпталып алынып, аса жоғары бағаланды. Хан Абылайды жырлаған өміршең жырлар «болмыс шындығын дәстүрлі эпикалық әсірелеу тәсілімен» жазылған да, «ал, енді Абылайдың өктемдігі мен қатігездігіне, оның басқыншылық жоспарларына, екі жүзді және ру аралық қырқыстарға сүйену саясатына қарсы айтылған аңыздар мен жырларға келетін болсақ, олар өз дәуіріндегі тарихи шындық оқиғаларға неғұрлым жақын келеді, және ең бастысы оларда Абылайдың іс-әрекеттері мен саясатын халықтың айыптауы айтылады» [288, 91-б.] ,- деп қолдан жасалған туындыларды кеңестік идеологияның көрігімен дем беріп, қыздыра көтермелеп жатты. «Көкбайдың ақындығы» деген уақытында жарық көрмеген мақаласында кеңестік идеологияның құрсауынан шыға алмаған Әуезов Көкбайдың Абылайына өз дәрежесінде баға бере алмады. «Сабалақ» пен Әуезов шығарманың екінші бөлімі деп атаған «Төрт төре» дастандарына тоқтала келіп: «Осы аталғандай салт-саналық, терістік ерекшеліктеріне қарағанда, бұл шығарма Абай мектебі ақындардың белгілі біреуінің қаламынан туса да, сол мектептің жақсы үлгісі болмай, қайта керісінше теріс, құнсыз мысалының бірі боп шығады» [5, Б. 112-113] ,- деген пікірі сол заманның ығына еріксіз жығылғандық. Әуезовтің анық шын пікірін кеңестік саясаттың ызғарына шалынбаған 1927 жылғы «Әдебиет тарихы» еңбегіндегі «Тарихи өлеңдер» бөлімінен табасыз. Сәл кейінірек, 1950 жылы жарыққа шыға салысымен тәркіленген «Ақын аға» романына үңіліп, кейінгі басылымдарда еріксіз өзгеріске түскен, тарих тылсымымен табыса бүлкілдеп жатқан жазушының көркем қиялына көз жүгіртейік: «Көкбайда Абылай жайын жыр етемін деген ой көптен бар-ды. Қазақ пен қалмақ жаулығы турасындағы ескі сөз атаулыны ол жия жүретін. Абаймен оңаша әңгімелескенде өзінің жиған-тергендерінің талайын айтып шыққан. Сол кеңес соңында Абай да бұған қосымша қызық әңгімелер айтқан. «Абылай жорықтарын өлең етсеңші» деп, Көкбайға аға ақынның айтып жүретін ақылы да бар еді. Жалғыз-ақ екеуінің де ұғысып, келіскен бір жайы бар-ды» [95, 225- б.]. Кейіннен заманның қысымына ұшырайтын әуел бастағы Әуезовтің көркем ойы осылайша өрбіген-ді. Көкбайдың қасында жүріп, Абай туралы мол-мол мәлімет алған Көкбай ақынның мұрасына қайырылуға саясаттың салқыны ырық бермегенімен қоймай, шәкірті Қайымның кейінгі 1959 жылғы қорғалған диссертациясынан Көкбай ақын күшпен алынып тасталды.
Сөз арасында айта кетейік, дәл осы орыс отаршылдығы Абайдың екінші бір шәкірті Әсет ақынның «Кешубай» деген дастанына тақырып болды.
Бұл жерге таяу кезде орыс келді,
Егісіне айналдырды өрістерді.
Қыстаулық қора-жайды басып қонып
Қабырын ата-бабам тегістеді [236, 538-б.] ,-
деп отаршыл патшаның озбыр әрекетін дәл көрсетті. Тегінде, Абай шәкірттерінің ішінде, орыстың саясатына әу бастан қарсы болып, өктемдігін ашық жазған Әсет ақын, төңкеріс орнағаннан кейін де елде қалуға мүмкіндік таппады. «Кешубай» дастаны - қазақ елінің саяси ахуалына, мүшкіл хәліне араша түсуге дәрменсіз ақынның арманынан туған шығарма. Дастандағы Кешубай образы, халқына қорған бола білген ел көсемі - Әсет ақынның қиялындағы бейне.
Көкбайдың Абылай хан әулетін жырлаған шығармасы туралы құнды деректің бірі – ақынның аузынан жазып алған Берікбол Малдыбаев деген кісінің естелігі. Берікбол Малдыбаев - Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Тұрағұл ақындармен замандас, аралас-құраласта болған көзі ашық адам. Оның үстіне Тұрағұлдың Жебраил (Жебеш) деген баласы осы Берікболдың Рахия деген қызын алған.
Берікбол ақсақал арқылы жеткен естеліктің құндылығы Абылай дастанының қалай жазылғаны туралы, оған Абайдың қатысы жайында Көкбай ақсақал егжей-тегжейлі жеткізген. Қашанда шәкірттерінің арасында өнер жарысын ұйымдастырып отыратын ұстаз алдына баласы Ақылбай мен Көкбайды шақыртып алып, Ақылбайға дағыстан өмірінен «Кәрі Жүсіпті», Көкбайға Абылай әулетін жырлауға беріп, екеуінің бітіруіне бір күнді белгілепті. Өз тапсырмасының салмағы ауырлығын айтып кейіген Көкбайға, Ақылбайдың жалқаулығын таразыға тартқан екен ұстаз. Бір жағы екі өренді жарыстырып өнерін сынаса, екінші жағы Ақылбайдай маңғаздың жігерін жану бар. Көкбайға аса үлкен үміт артып, Көкбай жырды әкелгенде, сәлемін алар-алмастан «Абылай келді ме»?- деп, жаңа туған шығарманың кіндігін сол арада кескен ғой. Абай айналасындағы көп әншіге дес бере қоймайтын Көкбай «Абылайды» жатқа, әрі әнге қосып жырлағанда тамаққа енді бас қойған қонақтардың еті желінбей, шайы суып қалған екен. Шәкірт ұстаз көңілінен шықты. «Сол уақта өзгеден гөрі Абай алдына қойып отырған дөңгелек үстелшесінің шетіндегі жастықты омырауына басып, Көкбайға бақырая қарап, қатып қалған екен. Өлең-дастан ұзаққа созылады, әйтсе де бірінен бірі қызық көрініп, отырғандарды тыңдаудан жалықтырмайды» [290].
Көкбай «Абылайды» Абай тапсырмасы бойынша жазғанда қандай деректерге сүйенді?- деген сауал төңірегінде ой өрбітетін болсақ, шығарманың оқиғасы Абай әңгімелеуінен алынды деуге болады. Б.Малдыбаев естелігі бойынша Абай: «... Өңдеймін деп асып кетіп иә кем түсіп, қолдағы қарасөздің шеңберінен шығып кетіп жүрме,- деп Көкбайға жазба әңгімені ұсынған» [290] көрінеді. Дәл сондай әңгіме «Кәрі Жүсіпті» жазатын Ақылбайға да берілген. Демек, дастанның сұлбасын Абай берді дегенімізбен, Көкбайдың да өздігімен ізденгендігі аян. Бірақ Көкбай қандай тарихи деректерді, яки кітап, әрқилы жазбаларды пайдаланды дегенді айтуға шорқақпыз. Ел аузындағы аңыз-әңгімелер, ханның қасында болған Бұхар, Үмбетей жырларымен қоса, қазақша сауатымен бірге орысшаға да жүйрік Көкбай Абай кітапханасынан Абылай мен оның әулетіне қатысты деректерді оқып, танысуы мүмкін ғой деген ой мазалайды. Абылай, Қасым, Саржан, Есенгелді, Кенесары, Наурызбай туралы жай баян емес, олардың жорықтарын, іс-қимылдарын тәптіштей білуі - Көкбайдың өз тақырыбын жете меңгергендігінің көрінісі. Әрине, дастандағы кейбір деректер тарихпен дәлме-дәл келмей жататын тұстарының да бар екенін ескеруіміз керек. Мәселен, дастанның басында автор таққа Тәуке хан отырғанда, хандыққа өкпелеп нағашысы Ғайып ханның қолына кеткен Уәлиді Абылайдың әкесі деп келтіреді. Анығында ол – Уәлибақы Абылайдың ұлы атасы. Ал, Абылайдың өз әкесі Көркем Уәли жорықта қаза болып, Әбілмансұр (Абылай) жетім өседі. Сондай-ақ, Көкбайдың жырлауында Абылайдан кейін хан болған Ғұбайдолла емес, Уәли хан. Ғұбайдолла осы Уәли ханның ұлы, әкесінен кейін хан болады. Көкбайдың дастаны Абай тапсырмасымен жазылған Шәкәрімнің шежіресімен ұқсап жатуы да жай ғана кездейсоқтық емес. Дәл осы Көкбайдың тарихтан қиыстау кететін тұстарын Шәкәрім шежіресінен сүзсек, Шәкәрім Ғайып ханның қолына кеткен Уәлибақы, қанішер Абылай, Көркем Уәли үшеуінің де хан болмай өлгендігін тілге тиек етеді [131, 27-б.]. Көкбайдың екі Уәлиді бір адам ретінде бере салуы да олардың хан ретінде тарихта аса маңызды орын алмағандығына байланысты болса керек. Абылайдан кейінгі хандық туралы Шәкәрімнің де деректері бұлыңғыр: «Абылай хан кеткен соң, орта жүзге қырық сан Барақ хан деген болса керек» [131, 33-б.] ,- деген болжам айтады. Осындай ұқсас белгілер Көкбай мен Шәкәрім шығармаларының ара байланысын ғана аңғартып қоймай, олардың артында Абай тұрғандығынан хабардар етеді. Сондай-ақ, Ахмет сұлтан Кенесарыұлының өз әкесі туралы бізге жазып қалдырған өмірбаяндық аса құнды жазбасында: «Абылай уафат болғаннан кейін орнына Обайдолла (Ғұбайдолла Б.Е) деген баласы хан болыпты» [291, 8-б.] ,- дерегінің де салқыны тиуі мүмкін. Көркем туындыға тән осындай тарихқа қатысты болмашы ауытқуларды ескермегенде Көкбай өзі тоқталған хан-сұлтандардың тарихи бейнесін жасауға тырысқан. Абылайдың Төле биге келіп, Сабалақ деген атпен қойын жаюы, келе-келе түйе, жылқы бағуы дастанда халық аңыздарының ізімен жырланады. Аңыз бар да, нағыз тарихи оқиға бар. Көкбай осы екі желіні қатар ұстаған. Мәселен, жылқыда жүрген Абылайдың Бөгенбай батырмен қалмақтан жылқы алуы дастанда кеңірек суреттелген. Жылқы баққан Сабалақты алғаш жорық-жортуылдарға алып шығып ширатқан Бөгенбай батыр. Түн қатып жүріп қалмақтан жылқы алғанын меңзесе керек, қашанда қатты айтатын Бұхар жыраудың:
Сен, Қанжығалы Бөгенбай,
Тақымы кеппес ұры едің,
Түн қатып және жүр едің [292, 38-б.] ,-
деп түйрейтіні бар. Үмбетей жырау Абылайға батырдың қазасын естірте келіп:
Өзіңнен біраз жасы үлкен,
Дөмпеш таудай басы үлкен,
Жасыңда болған сырласың,
Үлкен де болса құрдасың [293, 75-б.] ,-
деп жырға қосуы батыр мен хан арасындағы әріден келе жатқан достықты аңғартады. Қалмақтың батыры Қалдан-Сереннің басын алып, жауға «Абылайлап» ұрыс салған Абылайдың бағы асып, хан тағына отырғанда Жәнібек батырдан бата алатыны айтылған Көкбай дастанында. Қарауыл табынан Қанай би бастатқан тоғыз адаммен барып Абылайдың Жәнібектен бата алғаны туралы тарихшы ғалым Қ.Салғараұлы дәлелді деректер келтіреді[294]. Көкбай өзіне дейінгі Абылай туралы өлең-жырларды түгесіп оқығанына шүбә жоқ. Абылайдың өлер мезетінде Бұхардың ханды қимай:
Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай,
Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам
Сонда қалар ма екен жаның-ай,-
деген қимас сөзін Көкбай көп өзгеріссіз дастанда Бұхар сөзі деп келтіреді. Бұхар жыраудың біраз сөзін Әуезов Көкбай ақынның айтуымен «Таң» журналына (1925, №1) жариялағанын ескеріңіз.
«Сабалақ» бөлімінің соңындағы Ғұбайдолла хан туралы:
Ол да ғаділ хан еді, болған күнде,
Орыс ұстап әкетті жалғыз түнде.
Сібірге айдап жіберді апарды да
Қазақтан жоғалтам деп ханды мүлде [207, 70-б.],-
деген жыр жолдары да тарихтан қиыс кетпеген. Орыс патшасының шен-шекпенінен бас тартып, халқының азаттығы үшін Саржан сұлтанмен Ресейдің қысымына қарсы күреседі. Ғұбайдолланың хандығын ресей о бастан мойындамаған, тек 1823 жылдан қытай ғана хан деп таниды. Екі рет тұтқынға алынып, жер аударылған Ғұбайдолла жайына зерттеуші В.Моисеев «Қазақтың соңғы ханзадасы» деген еңбегінде жан-жақты тоқталған [295, Б. 10-15]. 1822 жылы Ғұбайдолланың Қытай мемлекетімен байланысы туралы, 1824 жылы орыстың Карбышев дегеннің отряды Ғұбайдолланы тұтқындауы сияқты Омбы қаласының мұрағатынан табылған құнды деректерді мұрағаттанушы Б.Насенов келтіреді [296, 51-б.].
«Абылай хан» дастанының екінші бөлімі «Төрт төре» деп аталып, автор Қасым сұлтаннан туған Саржан, Есенгелді, Кенесары, Наурызбай сұлтандардың жорықтарын жыр етеді. Дәлірек айтқанда орыс отаршыларына қарсы шыққан қазақ хандығының соңғы тұяқ серпуі - халқының болашағы үшін жаһанды жаулап келе жатқан алып жалмауызға жалаң қылышпен қарсы шапқан қайсар көсемдердің ерлігін болашаққа үлгі етеді. Абылай заманынан аузын арандай ашқан қытай мен орыстың ішке бүккен пиғылы уақыт өте ашық байқала бастады.
Құсаланып Саржан мен Есенгелді,
Ел болмас отаршылдар бізбен енді [207, 71-б.],-
деп амалсыз шығысқа бет түзейді. Алайда есіл ерлерді тәшкендік Бегілер бегі алдап соғып, қапыда өлтіреді. Омбы мұрағатының деректеріне сүйенсек, «1836 жылы сұлта Саржан Қасымов Әулие-Атада ұлы Әлжанмен, інісі Есенгелдімен бірге Құшбек Ляшкардың бұйрығымен өлтірілген [296, 54-б.]. Кей деректерде оларды Ташкентте дарға асқан. 1840 жылы Қасымды өлтіреді.
Болса да жауға айбарлы Қасым сұлтан,
Қапыда қолға түсіп болды ұлтан.
Кешегі Абылай ханның бел баласын
Өлтірді осылайша құл мен құтан [207, 77-б.],-
деп ашына жазған Көкбайдың Есенгелдісі мен Саржаны көп жаудың қолынан қапыда, айқас үстінде қылышпен шабылады. Дастанда ары қарай Кенесары мен Наурызбай оқиға төрінен көрінеді. Кенесары Бегілер бегінің тұтқыны, жас Наурызбайды ертіп шешесі Қоқан ханы Балаханға жолығып Кенесарыны тұтқыннан босаттырады. Бегілер бегі Кенесарының алдында құрдай жорғалайтын халге түседі. Жаттан өлген туыстарының кегін қайтара бастаған Кенесары әкесі мен ағаларының түбіне жеткен Бегілер бегінің қанын ішеді:
Әуелі Бегілер бекті алды тұрып,
Батырды қоя алмады еркінсітіп.
Қанжарды дәл жүректен салып алып
Жіберді жаудың қанын жұтып-жұтып [207, 88-б.].
Дел осы тұсын айтса керек Абай: «-Төрелерді тым қатігез етіп жіберген жоқсың ба?- дегенде, Көкбай:
Төрелер дәл осының қылды бәрін,
Менің де естігенім ұзын сарын,-
деп жауап беріпті дейді» [217, 172-б.] ,- ел аузынан жеткен бір естелікте. Шынында да нағыз қанішер Абылайдың тұқымы ғана сөйтсе кегі қайтпақ. Бегілер бегі бастап келген сарт сарбаздарын қыруы Кенесарының ұлы Ахмет сұлтанның жазбаларында да тәптіштей жазылған. Көкбай дастаны тарихи оқиғалардың шегінен шықпай, оқиғалар тізбегі рет-ретімен баяндалып отырады. Орыстың тұтқынындағы Ғұбайдолланы құтқаруды хан Кене інісі Наурызбайға тапсырады. Ортау мен Ақтаудағы орыс бекінісіне шабуыл жасаған Наурызбай төрт орысты тұтқынға алып, Кенесарының ақылымен Бұхар ханына сыйға тартады жырда. Тарихи оқиғаларға жүгінсек, Кенесары орыстармен болған бірнеше нәтижесіз келіссөздерден кейін 1830-жылдардың соңында ашық қарсылыққа шыққаны белгілі. Мұрағат деректеріне жүгінсек, 1842 жылы Кенесары қолы Екатеринск бекінісіне шабуыл жасап 40 орысты тұтқынға алады [296, 57-б.].
«Төрт төре» бөлімі Наурызбайдың осы жорығымен аяқталып, «Наурызбай-Фатима» бөлімінде екі жастың махабаты жырланады. Бұл ғашықтық дастанның сюжеті Сегіз сері мен оның баласы Мұсайын (кейбір деректерде Мұстафа Б.Е.) «Наурызбай-Қаншайым» деген дастанында да жырланған. Көкбай ақынның:
Қазақтың Сегіз сері данасы да,
Жырлапты мұны өзі, баласы да.
Жырладым сол ерлерден басқаша етіп
Ел-жұрттың қалмау үшін жазасына [207, 115-б.],-
деген сөздері осы дастан Жүсіпбек Шайқысламұлынікі дегенді жоққа шығарғандай. Оған тағы да Көкбайдың Жүсіпбекке арнаған:
«Наурызбай-Қаншайымға» болма ие,
Сені де соғып жүрер аруақ, кие.
Дастанын өлгендердің ұрлаймын деп
Өзіңе өзің жақтың қара күйе [207, 30-б.],-
деп айыптауы дастанның шын иесін анықтағандай. Бұл бөлімде елдікті сақтау үшін жорықта жүрген батырдың тұлғасы төмендеп, ауыл арасындағы барымтаға ойысқандай. Осы арада: «Көкбай бейнелеген Наурызбай ру аралық барымта қаһарманы ретінде ғана көрінеді. Жыр халық арасына кең тараған ғашықтық дастан «Наурызбай-Қаншайымның» әлсіз нұсқасы сияқтанады» [287, Б. 290-291] ,- деген М.Мағауин пікірінің жаны бар. Тілеуқабақтың жеті мың жылқысы Науанды желіктіреді. Жорыққа шыққан жігіт Тілеуқабақтың сұлуы Фатимамен кездеседі. Көкбай ақын қыз бен жігіт кездесуін әдемі сөз қағысымен әсерлі келтіреді. Айтысқан қыздың сөзі шымбайына батқан батыр жігіт қыз елінің жылқысын әп-сәтте шауып алуы, қыздың қалағаны деп екі тайын қалдырып, жылқыны айдап ауылына қайтуы, елінен Науанға қарсы шығар ер табылмай жылқысын жоқтап Фатима қыздың өзі шығуы тағы содай оқиғалар баяны ертедегі жырлардан елес береді. Оқиға соңында Фатима келініне Кенесарының көзі тиіп, жас сұлу қыршынынан қиылады.
Дастанда Наурызбайдың да, оның қасындағы серіктерінің де батырлық істері көрінбейді. Автор жорықта жауына мейілінше қатігез Наурызбайдың бейнесін басқа қырынан, үлкен жүректі махабат иесі ретінде сомдап, өзінше жырлаған. Сондықтан да, қазақтың қиырсыз даласы, елдің мамыражай уақытындағы той-домалақ, қыз алу, құда түсу сияқты салт-дәстүр оқиға баянына азық болған.
Өлеңге биік талап қоятын Абай Көкбайдың «Абалайына» да біраз ескерту, түзетулер жасаған. Оның бірі өзімізге белгілі Наурызбайдың мінген атын суреттегеніне көңілі толмай өзінің «Аттың сыны» деген өлеңін жазуы еңбегіміздің алдыңғы тарауларында сөз болған-ды. Ал, Көкбай жыры Наурызбайға келгенде Абай: «Енеңді ұрайын, жаман ұры, ханның бағын да осы алып еді» [186, 206-б.] ,- деп жақтыртпайтыны бар. Наурызбай Кенесарының інісі, жорықшы батыры. Сонымен қатар Кенесарының тапсырмасымен көтеріліске қарсы жергілікті басшыларды бағындыру, салық жинау, барлау, әскерді қару-жарақ және азық-түлікпен қамтамасыз ету Наурызбайдың еншісінде болса, шаш ал десе бас алатын қызу қанды жас сұлтанның алып кел, шауып келде сыпайылық танытып, сызылып тұрмағаны белгілі. Тіпті қатты кеткенде қатігез Кене ханның өзі де кейіген уақыттары болған. Жаңағы істердің артында, сөз жоқ, қан жұтқан ел мен жылаған жетім-жесір қалды. Барымтаның арты малым жанымның садағасы деп күн кешкендердің бітіспес жаулығына ұласты. Орыс пен қырғыз ғана емес Кене ханға ермеген көп қазақтың көбі де осы - Наурызбайдан қоқан-лоқы көргендер. Міне, Наурызбайдың осы міні Көкбайдың жалаң мадаққа құрылған дастанында айтылмай қалды. Б.Малдыбаевтың естелігіне жүгінсек, Абай «Қарайды шаһар жаққа иек артып» деп басталып Наурызбай мақталатын төрт шумақ өлеңді қайта айтқызып, жаратпай сын айтқан екен. Жалпы мағынасы мынадай: «Наурызбайдың шапқаны шаһар емес, ақиқатында әскері, ұлығы жоқ бәйкүнә қыстақ. Ауылын қырып, орыстың екі мұжығын егін салып жүген жерінен ұстап әкелген Наурызбайға «Сары жаудың бәрі жау» деген қылығың жарамайды,- деп Кенесары өте қатты ренжіген көрінеді. Менің көңілім үшін, тарихқа кереғар болмау үшін, осы Наурызбайды мақтауыңды алып таста,- депті Абай» [290]. Дастандағы Кенесарыға аса бейіл беріп, оның тарихи, шынайы образының жасалуына аса қатты көңіл бөлген Абай Бегілер бекті өлтіріп қанын ішкен Кенесарының нақақтан қан төкпейтін, бірақ дұшпанына келгенде рақымсыздығын дәлелдей түсу үшін өз жанынан төмендегідей жолдарды қосқан екен:
Кенедей көргенім жоқ сенімді ерді,
Оларға отты жүрек тәңірім берді.
Сұп-сұр боп кегімді ал деп келіп тұрған
Есенгелді, Саржанды көзі көрді.
Екеуі сұп-сұр болып келді елестеп
«Дұшпанның аяма енді басын кес»- деп
Жасынан жауды ұстап бауыздатқам
Қайтпайтын қанды тұмсық болып өс деп [290].
Осындай қайрау сөзден кейін барып дұшпанына аяусыз қол салған Кенесарының бейнесі әм шынайы. Тағы да естеліктегі Абай айтты деген мына бір сынға құлақ қояйық: «Кене-ағаңды жалпы сарт атаулымен жау болды сияқты ұғым туғызып, өлеңнің әр жерінде «сарттар» деп беріпсің. Сағындық пен Бектің 80 жасауылын түгел қырғызып тастауың әңгіме шындығынан аулақ қой. Бек пен Сағындықтан басқа 80 жасауылдан өлгені оннан артылмаған. Олардың жазықсызын босатып, Бала ханға сәлем айтып қайтарған емес пе еді. Осы жерін қолыңдағы жазба-тарих әңгімеге қарап отырып қайта түзетіп жаз, болған, өткен тарихи уақиғаға жалғанды жамауға болмайды. Соғыс үстінде болмаса Кенесары нақақ кісі өлтірмеген, қайырымды, жомарт, ақылды адам болған» [290]. Естелік арқылы жеткен Абай сыны - осы. Естелік сөзінің бәрі ақиқат дегеннен аулақпыз, дегенмен Көкбайдың «Абылай» дастанына қатысты Абай біраз сын-ескертпе айтқаны байқалады. Жалпы Көкбай сөздеріне бақсақ, Абай шығарманың тек қана өлеңдік (көркемдік) қуатына ғана емес, тарихи маңызына да аса ден қойған. Абай мақсаты тарихты бұлжытпай қазақтың көңіліне жақын өлеңмен беру болса, Көкбайдың сол мүддеден шығуын қатты қадағалап, біраз сын-ескертпелер айтқан.
Кейін қартайған шағында Көкбай Абылай тақырыбына қайта айналып соғады. Ол - Көкбайдың «Қандыжап» деген дастаны. Көкбайдың бұл дастаны бертінге дейін аталмай келіп, кейінгі жылдары ақындық жолда сапарлас серігі Әріп Тәңірбергенұлының шығармасы делінген пікірлер де айтылды. Әуел бастан дәл осы дастан жайындағы пікірлерге көз жүгіртсек, Абай шәкіттерінің мұраларын зерттеуші Қ.Мұхамедханұлы 1950 жылғы «Абайдың әдебиет мектебі» деген кандидаттық диссертациясында Әріп мұрасына тоқтала келіп: «Тәуке мен Қайша айтысы», «Қандыжап» поэмалары халық аузында, қолжазбаларда сақтаулы» [52, 79-б.] ,- деп дастанды Әріп еншісіне бергенмен, жылдар өте бұл пікірін өзгертіп, «Қандыжап» поэмасын Көкбайдікі деген М.Әуезовтің мына бір пікіріне сүйенеді: «Өзінің айтуынша, Көкбайдың соңғы үлкен шығармасы – «Қандыжап» деген поэма болуға керек еді. Бұл поэма және де Абылай заманы мен оның істеріне арналған. Шығарманың аты Абылай тұсында қалмақ пен қазақ арасында болған «Қандыжап» дейтін бітімнің атымен болатұғын. Бұл соңғы мәліметті біз Көкбайдың өз аузынан естіген сөздер бойынша айтып отырмыз. «Қандыжапты» Көкбай өзінің өлерінен екі жыл бұрын жазуға кіріскен еді. Бірақ, сол поэма аяқталды ма, біткен болса, қандайлық шығарма болып қалыптанды, ол жайлардан бізге жеткен дерек жоқ»,- деген М.Әуезовтің әлі ғылыми ортаға белгісіз «Абай шәкірттері туралы» мақаласына сілтеме жасайды [102, Б. 49-50]. Әуезов «Абай жолында да» Көкбайдың «Қандыжабы» туралы сөз қозғайтынын есіңізге алыңыз.
Дастан алғаш рет Әріп Тәңірбергенұлынікі делініп ақынның 140 жылдығына орай шыққан шағын жинақта жарық көрді [297]. Жинақ шыққаннан кейін баспасөз бетінде «Қандыжапқа» байланысты пікірталастар да болды. Ғ.Зұлқаров жоғарыдағы Қ.Мұхамедханұлының пікірін қолдаса [298], Әріп мұрасын жинаушылардың бірі, және осы жинаққа «Қандыжап» дастанының енуіне бірден-бір себепкер болған Ғ.Шәкерұлы аталмыш дастанды Ә.Тәңірбергенұлының туындысы деп дәлелдейді [299]. «Қандыжапты» Әріп шығармасы дейтіндердің сүйенер дәлді деректері жоқ. Есесіне дастанды Көкбай туындысы ретінде қарастырып жүрген зерттеушілердің келтірген фактілері көңілге қонымды. Б.Абылқасымов Көкбай мұрасына тоқтала келіп: «Академия қорларында Көкбайдікі деуге негіз бар шығарманың екі нұсқасы сақталады: бірі – «Абылайдың алғашқы аты шыққан әңгімесі», екіншісі – «Абылай хан» деп аталады... Аталған текстер бірін-бірі толыққа жуық қайталайды, айырмашылық болар-болмас, жекелеген сөздер көлемінде ғана» [229, 295-б.] ,- деп Көкбайдан Төлеу ақын арқылы қолжазбалар қорына түскендігін келтіріп өтеді. Ғылым Академиясының қолжазбалар қорындағы нұсқаны [300] біз сөз етіп отырған «Қандыжап» дастанымен салғастырғанда, оның Б.Абылқасымов атап отырған «Абылай хан» жыры екендігіне көз жеткізуге болады. Ғалым Ж.Тілепов те қазақ дастандарындағы Қалмақтың ханы Қалданның Абылайды тұтқыннан босатып, келісімге келген оқиғасына тоқтала келіп: «Осы идеяны Абылай ханның өмірін дастан етіп жырлаған шығармасында К.Жанатайұлы да пайдаланған» [301, 39-б.] ,- деп Б.Абылқасымов тоқталған қолжазбалар қорына сілтеме жасайды.
Демек, «Қандыжап» дастаны - қолжазбалар қорына Көкбайдың «Абылай хан» деген атпен тапсырылған соның шығармасы да, ал Әріпке келетін болсақ, жалпы Әріп ақын тарихи тақырыптарға қалам тартқан ба деген сауалдың төңірегінен шықсақ, «Қандыжап» дастанының Әріп табиғатынан алыстау жатқанын аңғаруға болады.
Көкбай тарихтан белгілі «Қандыжап шартын» Абылай заманындағы ірі оқиғалармен байланыстырады. Қабанбай батыр Шарыштың басын қаққан қазақ-қалмақ арасындағы үлкен бір шайқас, Абылайдың қалмақ қолына тұтқынға түсуі сияқты оқиғаларды көркем шығармасына қиюластыра қосып, Қандыжап бітімін дастанның шешімі етіп берген. Жалпы «Қандыжап» Көкбайдың «Абылай» дастанының логикалық жалғасы іспетті. Абылайдың Жәнібек батырдан бата алуы. «Абылай» дастанында ханның айбынды жорықтарын баяндаған Көкбай кейінгі шығармасында қыл үстінде тұрған қазақ халқының тағдырын шешкен хан Абылайдың бейнесін кесек оқиғалардың өзегінде бейнелейді. Жас кезінде жазған шығармасымен салыстырғанда Абылай - шынайы өмірге жақын, реалистік бейне. «Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтыннан» ада, батырға тән қызбалықпен Қабанбай құлатқан Шарышты өлтірсе, әр жұмыр басты пендеге сыйымды іс қылып қапыда қалмақтың қолына түседі. Қылған ісін қайыспай мойнымен көтереді. Өзінің қайсарлығының, ақылдылығының, көрегендігінің арқасында қалмақпен бітімге келіп, соғыстан әбден қажыған халқына бейбіт күндерді сыйлайды. Бұл тұрғыдан алғанда «Қандыжаптағы» Абылай бейнесі мінез бен даралық сипаттарға бай, мейілінше шебер сомдалып шыққан деуге болады. Жылдар бойы жадында жүрген Абылай ақынның соңғы шығармасында образ ретінде, сөз жоқ, биіктеген. Абылаймен қатар аталатын қалмақтың ханы Қалданның бейнесі де шынайы:
Ақылы Қалдан ханның теңізбен тең,
Болса егер өйтер ме еді ақылы кем.
Тарту беріп қайтарды Абылайды
Дос қылып Әмірсана баласымен [207, 122-б.].
«Қандыжапта» қазақ-қалмақ арасындағы жаулық, соғыстан гөрі бітім табу, келісімге келу оқиғасының бояуы қалың. Өйткені, автор Абылайдың дипломатиялық қырын беруге тырысқан. Қазақтың жауы - жер бетінен құрып кеткен көшсе өрісі, қонса қонысы бір болған қалмақ емес, ендігі алысары - нәсілі бөлек ақ патша екендігіне кеңес өкіметі орнаған тұста К.Жанатайұлының салмақ сала мән беруінен көп сыр түюге болады. Алғашқы шығармасында жаңа ғана аты шыққан жас Абылайдың бейнесі сомдалып бітпей қалғандай болса, «Қандыжапта» сол олқылық кемеліне келгендей.
Абылай арпалысты бірнеше жыл,
Патшаға қылмаймын деп қазақты құл.
Олар жетпей кеткенмен арманына
Қазақтың қамын жейтін туар бір ұл [207, 123-б.],-
деп елдіктің туын тік көтерген Абылайдай біртуардың ерен ісі болашақта өрге басарын көңілі жүйрік Көкбай ақын сол кезде-ақ сезген екен.
Ұстазы шәкіртіне Абылайды сеніп тапсырса, сол Абай аманаты Көкбайдың өмір бойғы ақындық, шәкірттік парызына айналған да, көкірегінде тұнған Абылай хан бейнесі жылдар өткенде түлеп, көркейіп, кемерінен асып жыр боп қайта төгілді.
Абай ықпалымен жазылған тарихи шығармалардың бірі – Уәйіс Шондыбайұлының «Жошы-Алаша хан» поэмасы. Кеңестік кезеңде ақынның бұл поэмасы жинақта «Құланның зары» деген атпен басылды [302]. Тоталитарлық жүйенің уысынан әлі босай қоймаған шақта ханды, хандықты дәріптеу кеңестік әдебиетке жат қимыл болса, «Жошы-Алаша хан» деген атаудың редактордың тарапынан өзгергеніне аса таң қалуға болмайды. Қ.Мұхамедханұлы құрастырған ақынның алғашқы жинағына пікір білдірген Т.Ибрагимов редактордың тарапынан болған осы сияқты өзгерістердің сәтсіздігіне тоқталған да болатын [303].
Уәйістің поэмасы - халық аңызының негізінде туған, түпкі айтар ойы адамның қолымен жасалған қатігездік ақыры өзіне ажал болып келетін көне заманның көркем дүниесін өзінше жырлаудан туған дүние. Ақсақ құлан туралы аңыз ертеден келе жатыр және түрлі нұсқасы бар. Зерттелу жайына тоқталмас бұрын аңыздың негізі сағасына назар салсақ, Шыңғыс ханның ұлы Жошы аңда жүріп құланның кесірінен қаза болады. Ұлының өлімін ханға естіртуге батпаған уәзірлер Кетбұға жырауды (әр нұсқада әр түрлі жыршы, жырау, ақын аталады) алғызып, жырау қобызымен, біреуінде домбырасымен Жошының өлімін естіртеді. Үнін өшіру үшін домбыраға қорғасын құйылып, домбырадағы ойық содан қалыпты-мыс деген аңыз жеткен. Кей нұсқада Жошыны өлтірткен әкесі, райынан қайтқанша хан әмірі орындалып қоятыны сияқты түрлі өзгеріспен тарамдалған оқиғалардың шыққан діңі бір. Әсілі, Алаша хан туралы нақты дерек бар да, тарих бар. Екеуінің қабысатын да, қабыспайтын да тұстары жетерлік. Алапес боп туған бала, алашаға отырғызып көтерген хан, далада қалған баланың ер жетіп, әскер басы болуы тағы басқа аңыз-әңгіме нұсқаларының кейбірінде қазақ сөзінің шығуы Алаша хан оқиғаларымен байланысып жатады. Ғалым А.Сейдімбектің айтуынша: «Бүгінге дейін жеткен аңыздарда да, бұрынғы жазылған аңыздарда да көп жағдайда Алаша хан Шыңғыс ханмен астаса айтылады» [304, 349-б.]. 1897 жылғы «Дала уалаятының газетіне» «Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасынан қазақ арасында бар сөз» деген ел арасындағы аңыздың басылуы - соның кепілі [305]. Бастырушы - Отыншы Әлжанов. Уәйістің «Жошы-Алаша ханы» осы аңызға ұқсас. Тақырып пен оқиғаның өрбуі бір. Бірақ, Уәйістікі таза қайталау емес, өзіндік даралық сипаттармен ерекшеленеді. Мәселен, Алаша ханның әкесі Бұхар хан туралы әңгіме басындағы сөз Уәйіс поэмасында жоқ және Жошының қыршынынан қиыларын алдын-ала болжаған молдалардың сөзін келтіреді. Бұл арада Уәйіс «жазмыш» деген ұғымға ден қойған. Поэма бірден Алаша ханнан басталады. Әңгімеде өлімді естіртуші Кетбұға, ал поэмада Тыма домбырашы және Кетбұғаға қарағанда бірнеше жерде көрінеді. Әңгімеде баласының өлімін естіген Жошы хан қайғыдан жатып қалса, Уәйіс ханды Ақбілек деген піліне отырғызып, Мекеге аттандырады. Пілдің аяғы сынып, хан елсізде қалады. Әңгімеде еліне келген хан құландарды қыруға Домбауыл деген батыр құлын аттандырып, Шу өзенінен өтіп кеткен бес құланнан басқасын қырса, Уәйіс құландарды қыруда өзгеше философиялық шешім айтады. Оқ тиіп құлаған құланның зарымен аяқталады поэма. Уәйіс О.Әлжанов жариялаған әңгіме нұсқасынан сәл өзгеше аңызды поэмасына арқау етуі мүмкін, немесе өз жанынан оқиғалар қосуы ықтимал. Алаша хан туралы көп аңыздарды ұстаз Абайдан естуі анық. Өйткені, Абайдың «Алаша ханы» Уәйісте суреттеледі. Уәйіс аңыздағы Шыңғыс ханның орнына:
Хан болған бір заманда Алаша хан,
Қараған қол астына бірқатар жан.
Көп әскер бұл қазақтан жинап алып
Қалмақты айдамаққа қылады қам.
Ұраны бұл қазақтың Алаш еді,
Осы үш жүз бұл қазақтың баласы еді.
Алаш, Алаш, Алаш хан болғанда
Сарыарқа қалмақ, қазақ талас еді [102, 263-б.],-
деп Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» еңбегіндегі Алаша ханын өлеңге қосады. Абай «Бабырнамадан» келтіретін осы бір дерек Шәкәрім шежіресінде де, Уәйіс поэмасында да өзгеріссіз қайталанады. Ары қарай Уәйіс шығармасында аңыздың тууына себепші болған тарихи дәйектердің аясынан шығып, оқиғаны өзінше қиюластырады: Алаша ханның тоғыз жасар жалғыз ұлы Жошыны аңға шыққанда құланның үйірі таптап, тістеп өлтіреді. Поэма сюжетіне көз жүгіртсек, Жошының тағдыры әу бастан-ақ белгілі болып қалады.
«Он жастан артық емес өмірі»,- деп
Молдалар айтады екен кітап көрген [102, 263-б.],-
деген жолдар Кебекке бал ашқан Нысан абызды еске салғандай. Жалғыз ұлын аңға жіберіп тұрған хан «өлді деп естірткеннің басын аламын» деп алдын-ала байбалам салуы шығармадағы болар оқиғаның қызуын алып, оқыс шешім күткен оқырманның ынта-бейілін бәсеңдетіп тастайды. Тағдырдың салғаны болып, бала құланнан ажал тапқанда ханға ажалды естіртуші Тыма домбырашының да бейнесі аса сәтті шықпаған:
Мен барып ханның ұлын естіртейін
Екі елдің құнындай мал жиып берсең [102, 266-б.],-
деп елден асқан өнерін саудаға салады. Кейін Ақбілек деген піліне мініп, елден жыраққа кеткен ханды қайтаруда Тыма тағы елден мал жинап алады. Қашанда елдің атынан мұң-зарын естіртетін ақынның айтар ақылы мен тартқан күйі пұлмен өлшенуі келеңсіз алынған эпизод. Поэманың соңында құлан біткенді орға құлатып ханның кегі қайтқандай болады. Баласы өлген Алаша ханның басына түскен қасірет кебі кәрі құланға да келеді. Осыған ұқсастау аңыз нұсқасын Шоқан жазбаларынан кездестіруге болады. Оқиғаны баяндай келе Ш.Уалиханов былай дейді: «... Лешившись единственного сына, он решил отомстить куланам жестоко и вырыл длинный и глубокий ров. Куланы падали в ров и погибали в таком множестве, что (только) последние два кулана (жеребец и кобыла) выбежали по телам их через ров и пошли в голодную степь, где и размножались опять» [306, 345-б.]. Қодығы өлген кәрі құланның зарын қосуы У.Шондыбайұлының көркемдік қиялының жемісі дер едік. Жалғыз баласынан, тақ мұрагерінен айрылған хан қайғысының әсерін күшейте түсу мақсатында психологиялық егіздеу сәтті қоланылған. Оқиға шымырлығы, кейіпкер бітімі тұрғысынан кемшін соғып жатқан тұстары болғанмен, Уәйістің «Жошы-Алаша хан» поэмасы ескі аңыздың желісін Абайдың ықпалымен өзінше өрнектеген көркем туындысы болып саналмақ.
Абай мектебіндегі игі дәстүрдің бірі шет жұрттықтардың өмірінен көлемді шығармалар жазу, анығы Абайдың шәкірттеріне тапсырма етіп жазғызуы болса, бұл үрдіс Абай маңында бірнеше жолмен дамыды.
Шет жұрттықтардың өмірін қазақ даласына таныстыруды Абай алдына үлкен мақсат етіп, сол тақырыптан жанындағы шәкірттеріне әңгімелеп беруді алдымен машық қылса, сол әңгімелерді құлпырта халыққа жаю ертегіші Баймағамбет Мырзаханұлының еншісінде еді. Бірақ өлең-жыр тыңдап қалыптасып қалған қазақтың атам заманнан келе жатқан қабылдау ерекшелігі Абай және оның жанындағы ақын шәкірттеріне тағы бір міндет артқандай еді. Ол - Абайдың айтқан әлгі әңгімелерін жұрт құлағы үйренген өлеңмен өріп шығу, былайша айтқанда жат жұрттықтар өмірінен поэма жазу. Абайдың әңгімелері шәкірттері тарапынан поэмаға айналып жатса, ол ермек іздегендіктің нышаны емес, қайта мал жиғанға марқайып, басқа дүниеден мақұрым қалған қазақ жұртына жер-жаһанды таныстырып, өзге халықтар өмірінен зәредей болса да мағлұмат беруге талпынған ең алдымен Абайдың, сонан соң шәкірттердің тағылым-қарекеті деп ұққан жөн. Осылайша өмірге Ақылбайдың Қап тауларындағы оқиғаны баян еткен «Дағыстан», Африкадағы зұлыстар өмірі жайындағы «Зұлыс» поэмалары келді. Негізінде әр шәкіртінің ақындық табиғатына, шеберлік деңгейіне қарай Абай өзі ұсынып отырған ғой. Мәселен, Көкбай тарихи тақырыптарға барса, Шәкәрімді шежіре жазуға бейімдеген, мінезі нәзік Мағауияға романтикалық тақырыптарды жырлауға кеңес берген. Африка тақырыбы әуелден Мағауияның еншісінде болған. Африкадағы құлдар өмірінен «Медғат-Қасым» поэмасын жазған Мағауияның жоспарында зұлыстар туралы да шығарма жазу болған. Денсаулығының нашарлауына байланысты бұл тақырыпты Ақылбай жазған екен [212, 33-б.].
Абай шәкірттері басқа елдің оқиғасын қазақша сөйлетуде нәзира дәстүрін еркін қолданды. Нәзира дәстүрінің Абай мұрасында орын алуы ақынның поэмаларымен байланысты. Дей тұрғанмен, Абай нәзирасы шығыстық үлгіге бас ұрмай, қалыптан шығып, ақындық менге тән оқшау мінез көрсете келді.
Абай поэмаларын ақын шығармашылығының бетке ұстар тұсы деп айта алмағанымызбен, сол кездің, уақыттың безбеніне салсақ, қазақ әдебиеті үшін аз олжа емес екендігін ескеру керек. Жалпы оқиғалы өлең жазуды қолға алғанымен, Абай бұл түрден тез суынған. Ауыз толтырып айтарымыз «Ескендір» мен «Масғұт». Оған аяқталмай қалған «Әзімнің әңгімесін» қосыңыз. Аяқталмағанына қоса көркемдігі Абайдың атын ақтай алмағандығы себеп болар, дәл осы шығарманы Абай жазбаған, бұл - Ырсайдың Ысқағынікі деген де деректер бар [240, 267-б.]. Дәл сол Ырсайдың Ысқағының: «Абай мұны ерте уақытта өлең етіп, бір жазған соң қарамай тастап еді. Мен сол уақытта жиыстырып алғанмын» [240, 267 б] ,- деген сөзіне де көңіл аудармай болмайды. Қысқасы, «Әзім әңгімесі» Абайдың шығармасы делінсе де, ақынның өзі көңілі толмай, кері сырып қойған дүниесі болғанға ұқсайды.
Ақын аудармаларына көз жүгіртсек, Лермонтовтың «Вадимі» мен «Демонын» өлеңмен аударған. Бірақ, екеуі де аяқталмаған. «Демонның» екі бөлімін ғана аударғандығының себебі белгісіз. Әлде толық аударып, соңы жоғалған ба? Ал, «Вадим» поэмасын Абай толық аударған. Кейіннен Кәкітай Абай өлеңдерін қайтадан көшірту үшін Махмұт молдаға беріп, әлгі молданың баласы Абайдың қайран сөзін қор етіп, жыртып, жоғалтқан көрінеді. Сол бәтуасыздан қалған қолжазбаның басы қазір жарияланып жүрген.
Абайдың көлемді шығарма жазуға деген зауқы осылармен тамам болған сыңайлы. Әуезов Абайдың бұл «қылығын» ақынның өз сөзінен іздеді: «Тегінде, Абай бірнеше өлеңдерінде, поэма жазуды өзіне мақсат етпеген тәрізденетін. Сонда Әзірет Әлі айдаһарды жазғаным жоқ, сарала қызды жырлағам жоқ деп бір кезек айтса, тағы бір уақытта ел шапқан батырды, қызықты қыздырмалап айтсам, қызығып тыңдар едің деп, оқушыны шеней түсетін... Ондай әңгімелі өлеңдерден Абай өзі ойлаған өсиеттік, адамгершілік терең тәлім-тәрбие туа қоймайтындай көретін. Өз басының ұзақ ақындық еңбегі бойында Абай поэма жанрына анықтап зер салған жоқ. Тек, кейін тәрбиесінен шыққан шәкірт ақындарына ғана әр алуан тақырыптар беріп, анық поэма дерлік күрделі сюжеті бар шығармаларды соларға жазғызды» [57, 179-б.] ,- деген пікіріне толық қосылуға болады.
Шынында да Абай поэмаларының негізгі идеясы адам тәрбиесіне барып тірелетін тағылымдық сипат алып жатыр. Мәселен, «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен» деп Фирдауси, Низами, Науаилардан басқа жолды таңдап, бөлектенуінің себебі не? Ел ішіне танымал аңыздардан ауып, сонау көне заманның ескерткіші Талмуд әңгімесін жаңғыртуында [307, Б. 224-237] жалғыз-ақ мақсат болды. Жер-жаһанды жауламақ боп шыққан патшаның райынан қайтуында үлкен тағылым бар-тын.
Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,
Алған сайын дүниеге тоя ма екен.
Қанша тірі жүрсе де өлген күні
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен [105, 324-б.].
«Абай «Ескендірінің» айтпағы осы еді. «Масғұтты» да Тургеневтің «Шығыс аңызынан» алынды делік, я басқаға ұқсатайық, бәрібір Абай идеясы айқын. Бақсының моласындай шошайған жалғыз көпке қарсы тұра алмайды. «Шынында да, Масғұт оқиғасы – ұлы ақынның өз басындағы хал. Көп есер қашанда жалғыз естіні жынды етпек» [308, 375-б.].
Ендігіге не сұрау бұл жалғанда,
Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда.
Өлген мола, туған жер жібермейді
Әйтпесе тұрмас едім осы маңда [105, 331-б.],-
деп күйінетіні де содан ақынның.
Абай назирасының жемісі тундыларындағы жаңашыл идеяларда болса, ақын осынау бір тыңнан салған түренге енді шәкірттерін түсірді. Жас кезде қиссашылдықпен әуестенген Әріп, Көкбайлардың таза шығыстық нәзирасы енді Абай сынына төтеп бере алмасы анық-тын. Әріп Абай сынынан кейін шығыстық үлгіде дастан жазуды мүлде қойып кетсе, Көкбай ақын жалаң көшірмеден бойын аулақ салды. Тоқ етері шәкірттер ұстаз кеңесімен көлемді дастандар жазуда басқа, тың жол іздеулеріне тура келді.
Назира үлгісінде жыр жазуда да шәкірттер Абайға қарайлап, тақырып таңдауда, кейіпкер сомдауда ұстаз идеяларын басшылыққа алды. «Масғұт» поэмасы:
Һарун-Рашид халифа заманында
Бағдатта бір жігіт бар аты Мақсұт [105, 326-б.],-
деп басталып жатса, Баймағамбет Айтқожаұлының «Ғалайтдин Ғабдысамат» атты қиссасында Бағдатты билеген Һарун-Рашид - әділ патша екі ғашыққа көңілі ауып, қамқорлық қылады. Әсеттің «Үш жетім қыз» деген поэмасында да Һарун-Рашит адалдықтың символы ретінде бейнеленеді. Ал, Көкбай ақынның әділдікті ту еткен Һарун-Рашид туралы жеке қиссасы бар екенін ескерсек, Алланың ақ жолын өсиет етіп, ел басқарған таза жандардың қасиетін жырлауды ортақ игілікке айналдырған Абай нұсқауының демі білінеді. Бір жағы Мың бір түн ертегілерімен байланысып жатса, екіншіден жат жұрттықтардың өмірінен шығарма жазудың нәзирагөйлік дәстүр арқылы да іске асып жатқанын байқауға болады. Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» сияқты қазаққа етене жақын тақырыптармен қоса, сюжеті мың бір түннен алынған Көкбай ақынның «Ғадыл патшаның қиссасы», «Һарун-Рашид патшаның қиссасы», Б.Айтқожаұлының «Ғалайтдин Ғабдысамат», «Софы Аллаяр» қиссалары - сол ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы жаппай көркемдік дәстүрге айналған әдеби ахуалдан аса алыс кете қоймаған туындылар. Бір ескеретіні бұл қиссалардың дені Абайдың әңгімелеуі, кеңесі арқылы жеткендігінде.
Абай тақырып таңдауда бұнымен шектелмей назираның соны үлгісін ұсынып, дәлірек айтқанда қазақтың құлағы үйреніп жалыға бастаған мың бір түн сияқты қалыпты оқиғалардан шәкірттер бетін басқа жаққа бұрды. И.Қазанқапұлының «Әнибалы» Рұм еліндегі оқиғаларға құрылса, Әсет ақынның «Салиқа-Сәмені» Алтай тауын мекендеген маңғұлдар туралы.
Абайдың Пушкиннен аударған «Евгений Онегинін» тек аударма деп қарамай, ғалым Н.Ғабдуллиннің пікірінше: ««Евгений Онегиннен» алып толғаған махаббат жырын – нәзира үлгісімен жазылған лирикалық дастан деп атағанымыз мақұл» [309, 70-б.]. Ғалымның дәлелдемелеріне сүйенсек тек Абайдың осы еркін аудармасы ғана емес, сол үлгімен жазылған У.Шондыбайұлының «Иванушка», Ә.Найманбайұлының «Евгений Онегин», Шәкәрімнің «Дубровский», «Боран» тағы басқа туындылар аударма ауқымында ғана қарастырылатын дүниелер емес. Бұларда қайта жырланған, тыңнан толғанған назира үлгісінің белгілері де жетерлік.
Ал, орыс әдебиетінен келген сюжеттерінде де сол орыстың емес, басқа халықтардың өмірінен алынған оқиғаларға баруы Абай шәкірттерінің шығармашылық ізденістерінің тағы бір көрінісін аңғартады. Мәселен, Шәкәрімнің Ассирия, Қытай ежелгі Рұм жеріндегі оқиғалар жайынан жазылған «Алты әңгімесін» атасақ та жеткілікті. Басқа елдің өмірінен шығарма жазу сол кездегі қазақ жұртына әрі таңсық, әрі қызық. Бұдан шығатын қорытынды, ең алдымен, Абайдың шығыс пен қоса батыстың әдебиетін еркін меңгеруі оның шәкірттеріне үлкен мектеп болды. «Әзірет Әлі айдаһарсыз» сөз айтып, «сарала қызды» мүсіндеуден бас тартқан Абай поэма жанрында шәкірттеріне жаңа бағыт ұсынады. Тақырыптық, идеялық ізденістері адамгершілік мұраттарға негізделді. Тақырып таңдаудың негізгі заңдылығы да осыған байланысты-тын. «Абай ізбасарларының тақырып таңдауында белгілі бір заңдылық бар. Өткен заман туралы айтылсын, тек қазақ өмірі, және басқа уақыт емес, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ауыл, сол заманның көкейкесті әлеуметтік, қоғамдық мәселелері төңірегінде сөз қозғлады. Сол дәуірдегі қазақ қауымының дерті мен мұңы, сол заманның зары мен арманы алға тартылады» [308, 373-б.].
Поэма жазуда Абай мектебінің өкілдері қазақ әдебиетінде соны соқпақ сала білді десек артық кетпейміз. ХІХ ғасырдың соңын ала қазақ әдебиетіне лап қойған нәзира дәстүрінің қазақ әдебиетіне әкелген ырысы өлшеусіз. Десек те, төлтуманың қасында көшірменің аты көшірме. Абай айналасы назирагөйліктен авторлық «менін» ажыратып ала алды. Бірден-бірге өткен таптауырын тақырыптан Абай өз «Ескендірін» қалайша даралап алса, кез-келген шәкірт ұстаз ұстанымын қайталауға тырысты. Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүні» Фзулидің көшірмесі десек - Абай шәкіртіне қиянат. Шәкәрім қайта жырлаушы емес, поэмада өз ойын аңғартып, мақсаты мен сол оқиғаға қатысты өз көзқарасын білдіріп отырады. «Ләйлі-Мәжнүнді» не үшін қазақшалағаны анық айтылады. Сен білетін Сабырбай, Жанақ, Шөже, Кеншімбайлардан да басқа әлем бар, ол саған тылсым Науаи, Сағди, Шәмси, Қожа Ғафиз, Фзули, Фердаусилар жыр шашқан Шығыс әлемі, солармен таныс бол деп, Мәжнүннің атын ғана алыстан естіген жалпақ жұртқа махаббат ескерткішін тарту етеді. Махаббат тақырыбы Шәкәрімге таңсық емес. Өмірден қосыла алмай өткен қос мұңлық туралы шығармалар Шәкәрімнің меншігіне айналған десе де болғандай. Төрт поэмасын былай қойғанда Пушкиннен аударған «Дубровский», «Боран» әңгімелерінде махаббат драмалары соңғы орында тұрған жоқ. Көркем прозада психолгиялық, философиялық реңкпен ерекшеленген «Әділ-Мария» романы - Шәкәрімнің бұл тақырыпты игерудегі үлкен жетістігі. Сол махаббат қайғысының ең сұрапылы, туғаннан жақсы көру дертіне шалдыққан қыз бен жігіттің он екіде бір гүлі ашылмай көрге кіруі «Ләйлі-Мәжнүнде» болса, автор қайғысы содан асып түспесе, кем емес:
Басында Мәжнүн болды барға ғашық,
Жолында бір Ләйлінің жанталасып.
Мен сорлы жоққа ғашық болып өттім
Менікі кеткен жоқ па онан да асып [163, 398-б.],-
деп күйінеді. Бірақ Шәкәрімнің ғашығы мүлде басқа:
Махаббат, ғаделет пен таза жүрек
Бостандық, терең ғылым – міне осылар [163, 397-б.],-
деп адам бойындағы бес асыл қасиетті кетеуі кетіп, берекесі сөгілген ел ішінен қармана іздейді. Абайдың «бес нәрсеге асық бол» деп адам бойына жарасатын ізгі қасиеттер ғой Шәкәрімнің қайыра сөз қылатыны. Керек десеңіз қасиетті бестіктің түп-тамыры сонау Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігіне» барып тіреледі. «Шәкәрім авторлық сөз жазудың дәстүрін орта ғасыр әдебиетінен алғанымен, мағыналық жағынан Абайға көбірек жақын» [310, 137-б.] ,- деген ғалым А.Қыраубаеваның пікірі жоғарыдағы айтқандарымызды бекіте түседі. Шәкәрімнің махаббатынан айырылған қасіретті Мәжнүн кебін киюі тентек елден безінген Абай-Масғұт халынан хабар береді. Шәкәрімдегі «Өлді деп есеп қылсаң болар мені» деп мына жалғаннан түңілуі бақсының моласына ұқсап жалғыздық күй кешкен Абайдың көптен оқшаулануын еске салады.
Абай шәкірттері ұстаз дәстүрін жалғастырушы десек, ол Абайдың қасындағы ақындарға берілген толық баға болып есептелмейді. Шәкірттер Абайдың әдебиетке әкелген жаңалығын жалғастырып қана қойған жоқ, оны хал-қадірінше дамытты, өрістетті. Демек, Абай мектебі тек қайталаумен күнелтсе, ол әдебиетке жаңалық әкелуден біржола қағылып, мектеп болудан қалушы еді. Шығыс пен батысты қатар игеріп, қазақтың әдебиетін классикалық үлгіде дамытқан Абайдың әдебиеттегі дәстүрін ең алдымен қасында жүрген шәкірттері қабылдауы заңды. Айқын көрініс Ақылбай, Мағауиялардың орыстың, батыстың үлгісінде «байрондық поэмалар» табиғатына жақын романтикалық туындылар жазуында. Тіпті Ақылбай, Мағауия поэмаларындағы кейбір оқиға түп-төркінін Байронның «Гяур», «Абидосская невеста» поэмаларынан іздесеңіз біраз үйлесімділікке тап боласыз. Бұл деген сөз, Абайдың игі ықпалымен Байроннан, Пушкин, Лермонтовтардан игерген игі дәстүр ақын шәкірттердің қазақ романтикалық поэма жанрын қалыптастырудағы орны айқындап берді. Өзі жазбағанмен, жанындағы шәкірттерге әңгімелеп беру машығы арқылы Абай қазақ әдебиетінде жаңа бір жанрдың тууына тікелей себепкер болды.
Осыған дейін біраз ақын жырлап, қазаққа етене таныс болған тақырыптардың өзінен Абай шәкірттері таңдаулы оқиғаларды алып, көркем шығармаға айналдыруы мектеп өкілдерінің өзінше ізденістері еді. Мәселен, Уәйіс Шондыбайұлының «Бір қыздың уақиғасы» деп аталатын шағын поэмасы кезінде татар жазушысы К.Насыри басып шығарған, кейіннен А.Сабалұлы, Ш.Жәңгірұлы, Б.Өтетілеуов сияқты қазақ ақындары әр-түрлі дәрежеде назиралаған әйгілі «Қырық уәзір» хикаясының бір оқиғасынан алынған. Автордың айтайын деген ойы - махаббат, сенімділік, қайырымдылық сияқты адам бойындағы асыл қасиеттерді үлгі ету.
Назира үлгісін қолға алғанда ізгілік жолды насихаттау Абай шәкірттерінің негізгі міндетіне айналды. Көкбай қиссаларында ақ жүректі патшалар ісі мадақталса, Баймағамбетте әйгілі софы Аллаярдың өмірі үлгі ретінде жырланды. Иманбазардың қиссасындағы «ғылымға зерек» Анибал қыздың бейнесі тұнып тұрған тағылым. Автор қисса соңында:
Халқым-ау, халың келер ізден ғылым,
Мешіт сал, медересе, болса пұлың.
Молланы құрмет етіп күтіңіздер
Сонан шығар үлгі мен осы білім [250, 181-б.] ,-
деген таза уағызында сол кездегі қисса атаулыға тән авторлық ой қортудан басқа Абай ұстанған тағлымдық поэзияның ауаны аңғарылады.
Абай поэмаларын 1880 жылдардың соңына қарай әкелгенімен, бұл шығармалар Абайдың батыстың (соның ішінде орыстың) әдебиетіне бойламай тұрған ертеректеу кезде жазылды ма деген болжам жасауға болады. «Ескендірдің» жазылуын кейбір зерттеушілер заман талабына қарай туған шығарма деп, қазақ ұлтына енді шынайы қауіп төндірген орыс отаршыларына қарсы көрініс ретінде тануында еш ерсілік жоқ сияқты. Жер-дүниені жаулап, халқын бодан қылған ашкөз патшаны қу бас сүйектің қасиеті тоқтатады. Ғалым Ш.Елеукеновтің: «Біз бұған дейін Абайды отаршылдыққа қарсылық ойлаған күрескер ретінде зерттемедік» [311, 90-б.] ,- деген пікірін естен шығармаған жөн. Жалпы Абайдың отаршылдыққа қарсы көзқарастары өзінен ілгеріде өткен зар заман ақындарындағыдай ашық түрде айғайлап келмеген. Керек десеңіз, орысқа лағнет айтып, ашық қарсы шығу да жоқ. Бұққандық дер, білмегендер. Олай емес. Көшпелі елді әбден бұғаулап, енді жан бостандығын тұншықтыра бастаған ақ патшаға қару алып аттандайтын кешегі Кенесарының, жалынды сөзбен жаудың мысын басатын Дулат заманы да келмеске кетті. Қазақтың өсері де, өшері де тек қана өзінің қолында екенін данышпан ақын білмеді емес.
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың [105, 50-б.],-
деп күйзелгенімен, тек туған халқын қамшылаудан, сөзбен бауыздаудан басқа амал қалмаған еді. Ғалым Д.Қамзабекұлының пікіріне бақсақ: «Шет жұрт отарлап отырса, надандық іштей мүжісе, екі бүйірінен соғылған халық не істемек? Осы тығырықтан алып шығарар Абайдың ұсынған жолы бар. Ол – тәуекелшілдік пен талап. Бақи мен пәниге де, Батыс пен Шығысқа да үңілген Абай өз қоғамына сәйкес халық ағаруын армандады» [312, 12-б.] ,- дейді. «Берекелі болса ел» деп алыс армандарға үміт артып, қалың ел, қайран жұрттың біржола жер бетінен жұтылып кетпеуін ойлап мың сан тобырға қарсы жүрді. «Ескендірді» жазуы соның бір амалы еді. Бір байқалғаны Абайдың бұл идеясы, яғни отаршылдық экспансия тақырыбы шәкірттері тарапынан да өзіндік қолдау тапқанға ұқсайды.
Шәкәрім Бичер Стоудың «Хижина дяди Тома» деген құлдар тақырыбындағы романын да аударған. Өкінішке орай бұл шығарма әлі табылған жоқ. Тек қана «Серігім жалғыз Әупіш қасымдағы» деген өлеңінде қасындағы Әупіштің хәлін құлдыққа түскен Том ағайға ұқсатады.
Том ағайды сатады базарға айдап,
Көнбесе, басын алар, қылыш қайрап.
Еркін байлап отырмын мен де Әупіштің
Босаттым оны елге осыны ойлап [163, 182-б.] ,-
деген жолдардан қолға түспеген поэмадағы айтылған ой, авторлық идея елес береді. Мағауияның «Медғат-Қасымындағы» құлдыққа түскен Африка елі Ақылбай «Зұлысында» да сөз болады. Ағылшын жазушысы Хаггардтың «Копи царя Соломона» романына қазақ ақынының таңдауы тегін түспесе керек. Ақылбайдың екінші поэмасы «Дағыстан» тау халықтарының өмірінен десек, ер Шәмілдің бодандыққа қарсы күресі көз алдыңа келеді. Әрине, отарлық езгі, нәсілдік теңсіздік аталған шығармалардың негізгі тақырыбы болмағанмен, басқыншылық соғыс, одан туатын әлеуметтік теңсіздік мәселелері басты оқиғаның өрістеуіне қызмет етіп тұр. Бұл тұрғыдан алғанда Абай аударған М.Лермонтовтың «Вадимін» еске салады «Медғат-Қасым» поэмасы. «Отдельные сцены, мотивировка характеров, вскрытие социальной сущности некоторых действующих лиц «Вадима» находят нередко аналогию в «Медгате-Касыме». И здесь, как в лермонтовском романе, мы видим две объединенные личностью героя темы: романтическую любовь Касыма к Марии, напоминающую любовь Вадима к Ольге, и социальную основу действия Касыма, выступающего мстителем за униженный народ и за личное оскорбление, нанесенное ему представителем господствующего класса Медгатом» [313, 159-б.] ,- деп жазған ғалым Б.Шалабаев пікіріне жалғастыра айтарымыз, Абайдың «Вадимі» ол кезде толық болған да («Вадимнің» соңы жоғалуы кейіннен болғанын еске алыңыз Б.Е), Мағауия ең алдымен Абайдың осы аудармасына арқа сүйеген.
Поэмаға келетін болсақ, «Медғат-Қасымда» зәңгі елінің құлдықтағы кейпі айқын көрініс берген:
Ол күнде болмаған шақ құлға бостан,
Жаңа ашылған Африка бір гүлстан.
Кені қалың, егіні мол болған соң
Ізденіп барған жан көп неше тұстан [212, 141-б.],-
дегендегі автордың құлдыққа қарсы идеясы бірден ашық айтылады. Ел болудан қалып қаратабан құлға айналған Африка, оның ішінде Занзибар (қазіргі Танзания) төңірегіндегі саяси ахуал поэмада тарихи шындыққа жанасымды суреттеледі. ХІХ ғасырдың соңында құдайға қараған Арабтарды (олай дейтініміз Арабтар бұл халыққа ислам дінін таратып, екі жаққа да тиімді саудамен шектелген Б.Е.) ығыстырып неміс пен ағылшындардың келуі зәңгілер үшін нағыз нәубет болды. Шалқып-тасып тұрған Мұрат байдың бір-ақ күнде банкрот болып Мысырға жөнелмегінің артында әлгіндей саяси төңкерістер тұрған-ды. Медғат пен Қасымның жауласуына отарлаушы мен құл арасындағы теңсіздік себеп болды. Тартыс «ақ жүзділер» мен зәңгілер арасында өрбиді. Араб жұрты ақ нәсілге жатпайды. Дегенмен, Мағауия үшін дәл осы арада арабтар басқыншы жұрт болғандықтан - ақ жүзді. Орысқа бағынып қалған қазақ ұғымы үшін солай. Отарлықтың озбыр әрекеттері әлеуметтік теңсіздікке әкеледі. Қасым құлды Мәрия қыз менсінбегенмен қоймай, Медғатқа айтып ауыр жазаға ұшыратады. Оқиға ары қарай қанына қарайған құл Қасымның кек алу жолымен өрбіп отырады. Қасым әрекеті Шәкәрімнің Пушкиннен алған Дубровский бейнесіне де ұқсап жатыр. Қанына қарайған Қасым:
Қара жұртқа бұл түнде рақымы жоқ
Тірі ұстаңдар ақ жүзді адамдарын [212, 148-б.],-
деп әмір береді. Бұл тек Қасымның ғана емес сол құрлықтағы ақ пен қараның, құл мен қожайынның бітіспес жаулығы. Қасымның жазығы - шешесі құл да, қалған туыс сол үшін де оны құлша көреді. Қатігездіктің басы Қасымда емес, аналарда. Поэма соңында автор Қасымның қатігездігіне араша түсіп, ақтап сөйлейтіні содан. Әуезовтің: ««Медғат-Қасым» - сюжет желісі осындай тартысқа толы, терең мағыналы болып құралған. Кейін шыққан шығармалардың ішінде осы «Медғат-Қасымнан» көркемдігі және әсіресе идеясы, ойы зор еңбек жоқ деп айтуға болады» [57, 233-б.] ,- деген жоғары бағасы шығарманың деңгейін байқатқандай.
Дәл осы Африка еліндегі отарлық тақырыпты бір себептермен Ақылбай да жазды дедік. Ақылбайдың осы «Зұлыс» поэмасы мен «Медғат-Қасым» арасын тек Африка тақырыбы ғана жалғап жатқан жоқ, отаршылардың зорлық-зомбылығынан туған әлеуметтік теңсіздік мәселесі сияқты ортақ идея екі туындының ұқсас белгілерін айқындайды. Ақылбайдың таңдауы неге ағылшын жазушысы Хаггардтың «Сүлеймен патшаның қазынасы» романына түсті? Оның бірнеше себептерін ашуға тырысайық. Біріншіден, бұл шығарма 1886 жылы жарыққа шыға салысымен жазушыны даңққа бөлеген атақты роман болса, екіншіден, өз тұсындағы отаршылдық тақырыбына жазылған романдардан бөлекше сипатымен дараланды. Ақ нәсілділердің, яғни отарлаушылардың жат жерде салтанат құруы бірде ашық, бірде жасырын түрде аса құштарлықпен баяндалатын романдардан Г.Р.Хаггардтың шығармасы идеялық тұрғыдан өмірдің өзінен алынған шыншылдығымен құнды еді. Ақ нәсіл мен қара нәсілді қақ жара бөліп бірін қолдап, екіншісін қорлаған трафарет жазбалардан айырмасы жазушы өзінің көзбен көріп, ішінде болған оқиғаларын айнытпай беруге тырысқандығында. Жазушының дәл осы идеясы жер шарының екінші бір құрлығындағы қазақтың ақыны Абайдың тарапынан қолдау тауып, оны шәкірттеріне өлеңмен аудартуында үлкен мән жатыр. Ағылшын жазушысы мен бөгде жұрт тақырыбына қызығушылығы арта бастаған қазақ ақыны Ақылбай арасын осы идеялық бірлік жалғап жатыр. «Зұлыста» Хаггарттың айтайын деген ойы сақталған. «Дағыстанға» қарағанда отарлық идея айқын көрінеді. Тіпті Ақылбай отар елдің тағдырына біртабан жақындау үшін поэманың атын «Зұлыс» деп өзгертеді. Адам бейнесі, табиғат суреттері Ақылбайдың шеберлігін танытарлықтай біршама жақсы шыққан шым-шытырық оқиғаларға құрылған поэманың бір бөлігі ғана бізге жеткендіктен, толық талдап, баға беру қиын.
Ал, Ақылбайдың «Дағыстанында» дәл анадағыдай отарлық езгі айқын көрінбегенімен, қаны қызу тау халықтарының сыртқы жауға қарсы тынымсыз күресі шынайы көрініс тапқан.
Сөйлейін сол таудағы Дағыстаннан,
Жауменен жалығу жоқ шабысқаннан.
Күні бүгін іркіліп көрген емес
Бір сөзге қанжар алып қағысқаннан [212, 55-б.] - таулықтардың өжет мінезі, өлермен хәлі көз алдыңа келеді.
Жаңа үлгіні игеруде Ақылбай талантты болып шықты. Жалпы ақындыққа аса талап қоймаған, болмысынан еріншек Ақылбайдың бойындағы аса күшті талантты қор қылмайын деп, інісі есепті болған Ақылбайды «қамшылап» отырып ақындық үйірге қосқан Абай-тын. Бойдағы дарын шын бәсекеде қозатынын білген Абай Көкбайға «Абылайды» Ақылбайға «Дағыстанды» беріп, екеуінің бір күнде бітіріп әкелуін талап еткенде шәкірттерді ширықтыра баулу мен сынау бар. Поэманың басындағы:
Тепе-тек тек жатудың табы батып,
Білмедім не қылуды ішім пысып.
...Еріккен соң ер сөзін ермек еттім
Осыны айтпасам да өнер қысып [212, 55-б.],-
деген жолдардан нағыз ақылбайшылықты тануға болады. Осы сөзіне қарап ақынды осал деуге келмес. Тіпті «Дағыстанды» жазуға бірнеше шәкірт бірден кірісіп, бәрінен бұрын тақырыпты меңгеріп, жазып шыққан Ақылбай болды деген деректер де бар [240, 94-б.]. Қашанда әр-бір іске көңілі жар бермей жүретін Ақылбайдың бұл шығармасы ұстаз сынынан сүрінбей өтті. Ақылбай қазақ ақындарының ішінде Кавказды алғаш жырлады, дәстүрлі үлгімен емес Европа ақындарының ізімен қызғылықты сюжетке құрды. Ақын әу дегеннен қалыптасып қалған өлең сұлбасын бұзып, оқиғаны бұрма экспозициядан бастайды және оның қазақ оқырманына тосын екенін біліп «Аяғынан бастадым сөздің басын» деп ескертетіні бар. Бұл - дәстүрлі қазақ жырларында жоқ құрылым. Батыстық романтизмнің бір белгісі оқиға болатын жердің табиғатын суреттеу болса, қазақ дастандарында мүлде жоқ бұл ерекшелікті аса сәтті игерген. Бойын көкке созған биік Кавказ тауы, айдаһардай жүз толғанып, тауды бұзып, тасты жарған долы Терек суреттері дәсүрлі теңеулерден ада, әсерлі кейіптеліп, жан біткен тірі көріністер көз алдыңа келеді. Лермонтовтан аударған Абайдың «Терегінен» алыс кетпеген сурет. Оқиға орнының тылсым табиғатын беру Ақылбайға жақсы таныс Пушкиннің «Кавказ тұтқыны», «Вадим», Лермонтовтың «Джюлио», «Измаил-бей» сияқты шығармаларынан дәстүрлі үлгі боп енсе, сол кездегі қазақ ұғымына бұл суреттер тосын болатын. Өз ортасының, тыңдаушысының психологиясын қадағалап отырған автор:
Деме жұрт, тау мен өзен неге керек,
Қолдан келер айла жоқ жанға рахат
Хикметін тамаша көрсетер ек
Кавказды сұлу қылған құдай қалап [212, 55-б.],-
деген түсініктеме беріп кетеді. Табиғат суреттерін беруде Ақылбай Абай қалқасында қалып қойды деген ой тумауы керек. «Ақ жиек, көкшіл сұрғылт сәулесі мұнартқан Кавказдың алтын шатырлы тауларын» суретпен беру - сол кездегі көркем шығарма үшін үлкен олжа. Гүл-бәйшешекке таңырқап оянған бұлбұлдың сайрауына кемпірдің қара көңілі жібіместей. Тамылжыған табиғаттың суретін беру құр экзотикаға елітуі емес автордың. Поэмада пейзаж атаулы болар оқиғаның ауанына қарай құбылады.
Қозғаған жас қуатын мәуелі жаз,
Мақұлық қыбырлаған бірі де мәз.
Әр жерінен ажалдың исі шығып
Суық түспен қарайды кәрі Кавказ [212, 57-б.],-
деген жолдарды оқып қайғылы оқиғаның пердесін сыра ашып, ішке енеміз. Жалпы поэмада автор оқиға ішінде жүріп, оқырманмен ой бөліседі, көзқарасын білдіріп отырады, яғни «авторлық меннің» бейнесі қарауытады шығармада. Жүсіп Ибрагимді өлтіргенде оқырманмен бірге қайғырып «Уа, дүние, кәне сенің мақтағаның» деп зар төгеді. Поэмада кейіпкер бейнесі біршама сәтті сомдалған. Кешегі Құнанбайдың заманынан қазаққа келіп паналап, тұрақтап қалған қызу қанды, қанжар мінезді жігіттердің бітім-болмысы Ақылбайға аз азық болған жоқ. Құнанбай ауылында тұрып қалғандардың біреуі қазақ жігіттерімен сөзге келіп, «Сені өлтірмесем Таштемірдің ұрпағы болмай кетейін»,- деп қанжар ала ұмтылған өжеттігі Ақылбай санасында ұялап қалғаны аян.
Қаны қызса қанжарын қайтармайды
Өзге елдің бұрын семсер таяғынан [212, 55-б.],-
деп қолмен ұстатқандай етіп жазуы сондықтан. Басынан сөз асырмайтын тәкәппар елдің ұлдары болмашы қалжың үшін бір-біріне қанжар ала ұмтылатыны - сол елдің психологиясы үшін әдеттегі құбылыс. Қатыгез ұрпаққа қарата айтылған қарғыс та қатты болар. Романтикалық шығармалардың бір белгісі ақ пен қара, жақсы мен жаманның шағылыса шарпысуы, яғни оқиға өрбуіндегі тартыс бояуының контрастық сипаты десек, бұл қалып та Ақылбай шығармасында нақты көрініс тапқан. Кәрлі Жүсіпке қарама-қарсы тұлға «қара қасы қиылған, көзі нәркес, белі тал шыбықтай бұралған, жеңіл басып киікше жүретін» Заһира атты қызы десек, бұл сұлуға тең тек Жәбірейілдей «қабағында ерлік бар, есті ер» ғана.
Кемпірдің қарғысына ұшыраған Жүсіптің екі ұлы соғыста өлсе, екі ұлын тілсіз жау - тасыған өзен жұтады. Кенже ұлы Рақым Жәбірейілдің қолынан мерт болады. Ұлын өлтірген «қарақшының» күйеу бала болуға құқы жоқ. Ақыры Жәбірейіл Жүсіптің қолынан өліп, құсадан Зәһира да көз жұмады. Шым-шытырық оқиғаның ортасындағы кейіпкерлер де бірбеткей, романтикалық бояудың ерекшелігіне сай – ағы - ақ, қарасы - қара. Қара күш жауын жеңді дегенмен, кейуананың қарғысынан құтыла алмай күңіреніп жалғыз қалады. Ақылбай поэмасының романтикалық бейнелеулері әсерлі, оқиға тартысы шынайы бекіп, шешім автордың арманына ұласып жатыр. Ақылбай мен Мағауия поэмалары шет жұрттықтардың, Африка еліндегі оқиғаларға құрылған қазақ топырағындағы тұңғыш шығармалар болуымен қатар, олардың батыс пен орыс романтикалық туындылар үлгісінде жазылғандығы қазақ әдебиетіне тың, романтикалық жанрдың ізін салды. Абай мектебі өкілдерінің ұстаз идеясын жалғастырып, отаршылдық тақырыбына баруы тек олардың шығармашылығна тән ерекшелік емес, сол кездегі бүкіл қазақ әдебиетінің тақырыптық аясын кеңіте түсті. М.Мағауиннің сөзімен айтсақ: «Абай ізбасарлары жазған поэмалардың заттық құрылымы екі ғасыр шегінде қазақ әдебиеті жаңа сапаға біржола көшкендігін, қазақ қаламгерлері эпостың үлкен формаларына қарай ойысар ыңғай танытып, көркемдеу тәсілдерінің жаңа бір жүйесін игере бастағандығын куәландырса керек» [308, 402-б.].
Абай мектебіндегі тарихи шығармалардың бастауын Абайдың тарихқа қатысты еңбектерінен, ой-пікірлерінен іздеген жөн. Абайдың тапсырмасымен дүниеге келген Шәкәрімнің «Шежіресі», «Еңлік-Кебек» пен «Қалқаман-Мамыры», Көкбайдың Абылай туралы жырлары, Уәйістің «Жошы- Алаша ханы» ұстаз тапсырмасымен жазылып қана қоймай, Абайдың тарихи шығармаларымен байланысып, сабақтасып жатыр.
Абай көлемді тақырыптарды игертуде шығыстан келген назирагөйлік дәстүрдің соны үлгісін ұсынды. Ақын шәкірттердің назирасында авторлық позиция айқын, ақындық «меннің» көзқарасы бірден байқалады. Басқаны қайталамайтын жаңаша идеялармен жазылған Абай поэмалары шәкірттер ізденісін тың жолға бастады. Бір тақырыпты бірнеше ақынның жарыса жырлауы Абай мектебіндегі шәкірттердің шабытын қамшылап, көркемдік биіктерге жетеледі. Сондай-ақ, Абайдың орыс пен батыстан алған жаңаша бір дәстүрін ең алдымен қасында жүрген шәкірттері қабылдап, дамытты. Оның көрінісі - Ақылбай, Мағауиялардың орыстың, батыстың үлгісінде жазған «байрондық поэмалар» табиғатына жақын романтикалық туындылары. Абай шәкірттері тарихи тақырып пен назиралық үлгіге барғанда Абайдың ұстанған идеялық позициясынан ауытқымайды. Ақындардың ұстанған мақсаты - адам бойындағы ізгілік пен зұлымдық, қатыгездік пен мейірбандық, махаббат пен ғадауаттың майдандасқан көріністері арқылы қоғамдағы әділетсіздікті әшкерелеу, сөйтіп соры қалың қазақтың көзін ашу сияқты хәкім Абайдың ұлы идеяларын жалғастыру.