Поэзиядағы Абай тұлғасы
Бауыржан Ердембеков
Абай есімінің қазақ әдебиетінде, соның ішінде поэзияда алғаш аталуы оның шәкірттерімен байланысты. Поэзияда бірінші боп Абай тұлғасын сомдаған, ақынның ұстаздық бейнесін ашқан оның шәкірттері.

Әрине, Абай бейнесінің жалпы қазақ әдебиетінде жырлануы одан кейін шыққан ірі ақындар Сұлтанмахмұт, Мағжандардан бастап бүгіні әдебиетке дейін созылып жатқан мейілінше кең тақырыпты қамтиды. Ал, біздің нысан ақынның қасында жүрген ізбасар шәкірттердің ұстазбен арадағы қарым-қатынасын тереңірек аша түсу мақсатында олардың поэзиясындағы Абайдың орнын айқындап, ұстаз болмысын тану. Абай бейнесінің ақын шәкірттер шығармаларында сомдалуы, былайша айтқанда Абай тақырыбы, оның ұстаздық тұлға-тұрпаты деген мәселелердің шәкірт ақындар шығармаларында алатын орны бүгінге дейін жүйелі зерттелген жоқ. Бұл бір жағынан алғанда реминисценция құбылысына жақын. Ғалым Б.Мамраев былай дейді: «Следует особо отметить, что тема Абая как высокий и постояный орентир проходит через все творчество Шакарима... Оправданность реминисценции заметна и в том случае, когда поэт, напоминая читателю художественную концепцию Абая, синхронно выражает свою собственную» [224, 202-б.] ,- деген пікірінің тек Шәкәрім поэзиясына ғана емес, Абайдың маңындағы өзге да шәкірттер шығармашылығына тән екендігін ескеруіміз керек.
Абай - өз есімін еш шығармасында атамаған ақын. Бірақ, орысшаға М.Касаткин сәтсіз аударған «Сегіз аяқта» Абай есімі бірге жүр.
Бессилен боец,
Осилит хитрец
И сотню друзей Абая,
немесе, «не ол емес, бұл емес, менің де күнім күн емес»,- дегенді: Ни тот, ни другой певцу не сродни,
Но прожил Абай печальные дни [225, 116-б.] ,-
деп жіберген. Сөзді поэзиядағы Абай есімінен бастап отыруымыздың себебі - Абайдың есімін алғаш поэзияға әкелген оның шәкірттері дегенді қайталап айтқымыз келеді.
Абай бейнесін өз өлеңдерінде сомдап, оның ұстаздық құдіреті, өз ортасындағы орны туралы сөз айтқан – Шәкәрім. «Жастарға» өлеңі - Абай ғұмырнамасынан қажетті дерек бере алатын құнды шығарма. Өмірде де, өнерде де Абайға арқа сүйеп, көп мұра қлдырған да - Шәкәрім. Алайда ақынның бізге бар шығармасы жетпеді. «Отыз жас шамасында бір айдай тілім байланып, сөйлей алмай қалдым. Осы кезде жеті жастан бастап жазған өлеңдерімді өртеп жібердім. Артынан Абай ұрысты, өзім де өкіндім» [200, 282-б.] ,- дейді бір әңгімесінде Шәкәрім.
Абай дүниеден өткенде Шәкәрімге жалғыздық қатты батады. Рухани сүйеу болған Абайды жоқтап:
Кім жалғыз, бұл жалғанда - есті жалғыз
Мұңдасар болмаған соң бір сыңары.
Жалтаңдап жалғыз Абай өткен жоқ па
Қазақтан табылды ма соның пары [163, 130-б.],-
деп жырлаған шәкірттің өз басына Абай күйігі орнайды. Мыңмен жалғыз алысқан Абайды қажытқан, құсаға батырған қалың тобыр зілбатпан адамсыздығын арқалап Шәкәрімді қаумалайды.
Жолама қулар маңайға,
Не қылмадың талайға?
Кім жағады сендерге
Тартқызған азап Абайға.
Соның да тілін алмадың,
Сабадың, сөктің, қарғадың.
Көріне қашан кіргенше
Арсылдап иттей қалмадың [163, 176-б.].
Абай заманының тоғышар тобырына ашына айтылған сөз. Бұл арада Шәкәрім - ақын өмірінің трагедиялық хәлін жеткізуші, қоғамды айыптаушы.
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң
Қайда барып оңайын [105, 282-б.] ,-
деп қалың наданның ішінде қамалып, қамыққан ақынның жүрек түкпіріндегі қасірет сөлінің дәмін Шәкәрім де тартады. Қазақтың сорына ашынған ақынның «Тағы сорлы қазақ» деген өлеңі былай аяқталады:
Түзелер кезі жоқ,
Түзетер тезі жоқ.
Жер жүзі халқының
Қазақтан езі жоқ [163, 170-б.].
Қазаққа қатты айтылған сөз. Сұлтанмахмұттың «қастарында азап тұрған» қазағынан қорынуын еске салады. Амалы құрыған ақындар өз халқынан жерінді десек, байламымыз дұрысқа шыға ма? Анығында надандықтың қамытын киіп, әбден жегінді боп, еті өлген жұрттқа сөзбен қамшы басу ғой - ұлтжанды сөз зергерлерінің мақсаты. Бірақ, әншейінде бой тасалағыш надан жұрт өз ағайыны батыра сөз айтқанда неге өре түрегелгіш? Заманын түзетпек болған Абайға өз ағайыны қамшы үйірді.
Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім
Ол мерген болды, мені атты [105, 289-б.] ,-
дейді ақын қорынып. Ақынның елден асқан даңқын көре алмағанның ішінде Абаймен жақын сыйласқан, бозбала шақтан араласқан бір топ адамдардың болуы ақын жүрегіне жазылмас жара салған-ды. Кейіннен бұл ойсыз әрекет бір Абай емес, бүкіл Тобықты еліне қатты батқан еді. Дәл осы арада бір мәселені бөліп айту - парыз. Кемеңгер ақынға өз ағайынының қамшы жұмсауы Абайдың жүрегін ғана жаралап кеткен жоқ, кейінгі ұрпақ ұялар өшпес дақ қалдырды. Абаймен алысқан, «Абайды мұқаттым» деген озбыр Оразбайдың аты да тарихта қалды. Жақсы аты емес, «атың шықпаса, жер өртенің» кері Оразбайдікі.
Абай ортасы дегенде тек оның маңындағы ақын мен әнші, өнерлі топ қана емес, Абайға зәредей қатысы бар кез-келген жұмыр басты пендені қалыс қалдырмауымыз керек десек, басқасын былай қойғанда осы Оразбайды тани түссек, Абайдың дәл сол уақыттағы тартқан азабын, ақын жүрегіне тұнған өкпе мен зардың бір мысқалын болса да ұғынар едік. Абаймен өмір бойы жауласып өткен Оразбай және ақынға қастық қылып, қамшы жұмсаған топ туралы аз сөйлесек, ақын жарасын жазбасымыз анық. Алайда, Абай өмірі туралы айтқанда, Оразбайлардың қастандығын айналып өте алмасымыз хақ.
Осы арада салыстырмалы түрде тағы да орыс әдебиетінің ірі тұлғасы А.Пушкиннің өміріне қатысты деректерге көз жүгіртейік. Пушкинді атқан Жорж Дантес барон ретінде орыс тарихында қалған жоқ. Көп шенеуініктің бірінің атын тарихқа таңбалаған оның Пушкинмен дуэлі болғанына ешкім дау айтпайды. Әйтпесе, әуелден қызығы тарқаған Пушкиннің некесіне Дантес тек себеп қана дерсің. Олай дейтінің күллі орыс табынған Пушкиннің жалынды поэзиясы сауықшыл Наталья Гончерованы жылыта алмаған сыңайлы. Ақынның досы С.Д.Кисилевтің Пушкиннің жарын сезімнен ада сұлулар (бездушная красавица) қатарына жатқызуы тегін емес. Енді қарапайым салыстыруларға барсақ, Дантес туралы ХХ ғасырдың басынан бері біршама еңбектер шығып үлгерген [226]. Оған Дантестің өмірі туралы деректер жинаған, қызынан туған жиен-немересі Луи Метман және зерттеуші С.А.Панчулидзевтердің өмірбаяндық мәліметтер жинақтарын қосыңыз. Ал, Абай өміріне қастық ойлағандар туралы там-тұм әңгіме бар. «Абайға қамшы ала жүгіргендердің аты өшсін» деген ниетпен ақын өмірінің осы бір жарақатты тұсын сылап-сипап, жауырды жаба тоқып жүре бергенімізбен, кейінгі ұрпақтың дәл осы оқиғаны білуге деген құлшынысын ауыздықтау мүмкін бе? Абай ортасы дегенде оның жақсысымен қатар жаманы, үлкенімен қатар кіші тұлғалары да барын ұмытпаған жөн.
Мәселен, Оразбай кім? Оның қолшоқпары болған Бейсембі, Әбен, Нұрғазылар ше? Абайды қамшыдан арашалайтын Уәйіс Сопыұлы туралы не білеміз? Уәйіс Сопыұлын ақынның шәкірті Уәйіс Шондыбайұлымен шатастырып алып жатқанымыз да осы деректердің аздығынан шығар. Анығында Уәйіс Сопыұлының руы - Жөкең (Жамантобықты), өмірі бес уақыт намазын қаза жібермеген жүрегі таза жан. Басқа мәлімет жоқ. Ақынға қамшы жұмсағанда алдымен жетіп Абайдың үстіне құлай кеткен осы - Уәйіс. Бұл туралы Абай Сенатқа жазған хатында өзіне қамшы жұмсалғаны жайында баяндай келіп: «Сол кезде Уәйіс Соқин (дұрысы Сопин Б.Е) дейтін қазақ өзінің денесімен менің үстімді жауып, әрі қарай сабауына жол бермеді, соның арқасында ғана мен әрмен қарайғы соққыдан құтылдым» [227, 62-б.] ,- дейді. Қарап отырсақ, ақынның өміріне тікелей қатысы бар осындай адамдардың кейбіріне ғана мықтағанда бір мақала арналды, әйтпесе ол да жоқ. Әсілі, арғы заты голландық Геккерн деген кезбенің асыранды баласы болған, қарабайыр шенеуінік Дантестің атағы қалың кітапқа жүк боларлықтай ма? Пушкиннің тағдыр-талайын бәз қалпында көрсетіп, ішкі трагедиялық хал-ахуалын, мұң-шерін тарқата тану үшін де Дантес өміріне ежіктей үңілген жоқ па орыс зерттеушілері. Әйтпесе, біреудің ақ некесін арамдаған безбүйректің қасында Оразбай байдың салмағы он түйеге жүк боларлықтай. Кеңестік идеология Оразбайды надан, топас, қараңғы етіп көрсетсе, сол түкке тұрмайтын «қараңғы байыңыз» Абайдай данамен қалай алысқан деген сұрақ төңірегінде неге ойланбасқа? Анығында Оразбай Аққұлыұлы Тобықтының ішінде азғана ру Есболаттан шығып, өзінің алысты болжар алғырлығының, сөзге ұста шешендігінің арқасында алдына мыңдап жылқы біткен бай, бір руды шырқ үйірген ел ағасы бола алды. Жасында ұрлық қылып, Құнанбай алдына шақырып, ұрлығын қойғызып, бата бергеннен кейін, Оразбайдың дүниесі дөңгеленген екен,- деген де сөз бар ел арасында. Қалай десеңіз де қазақ түгілі орыс батпаған Абаймен алысып, оны мұқалтуға жараған адам. Ең кереметі Абай дүниеден өтерден біраз бұрын ақыннан кешу сұрап, бітіскен де, «Абай өлді» деп сүйінші сұрап жеткен малшысын дүрелеп, шын жылаған да осы - Оразбай. Көкбай ақын Оразбаймен жақсы сыйласқан. Тоқтамайтын кезекті ел ішінің дауы кезінде Оразбай қартайып, налып отырғанда Көкбай:
Сенбісің Қара бүркіт омыраулы,
Бұл күнде болып тұрсың елмен даулы.
Шұнайдың бұйратындай мына Оразбай
Қалайша жеңем дейді асқар тауды.
Асқардың жел соғады бүйірінен,
Тіліңнің таптық пайда сүйірінен.
Қарада қасқыр соққан қартаң айғыр
Дөнен қуып шығарған үйіріңнен [207, 23-б.],-
дегенде, «Оразбай:
- Ой, Көкшем-ай, айттың-ақ! Дауасыз кәрілік десе кәрілікке ем қонбайтынын айтқаны. Ал, менше, дауасыз да шындық. Оған тоқтау бар ма?! Әй, Медеу, Көкбайға ат алғыз,- депті [34, 91-б.]. Алыс Жетісу Жалайыр елінен Абайдың даңқына тәнті болған Жәменке деген келіп, қайтарында ақынның өз өлеңіндегі қамыс құлақ атты қалапты. Күллі Тобықтыдан таппаған атты Оразбай бай тауып беріп: «Ағайын ащы, мал тұщы десем мен Оразбай боламын ба! Жаттан сағы сынбасын,- депті де, өңкей сәйгүлік бөлек бағылатын бес қос жылқы үйірлерін аралатып жүріп үш ат ұстатыпты.
- Абайға айт, қонағы үшеу екен, осы үш атты да берсін. Өзіне қарсы болсам да, ақылы мен ажарына қарсы емеспін,- депті. Үш аттың біреуін көріп тұрып Жәменке: «Мынау – нақ сол өлеңде айтылған ат екен»,- деп ризалығын білдіріпті» [228, 241-б.]. Осыдан кейін Оразбайды қайтіп надан дерсің. Мұны айтқанда біз Абайға қамшы көтерген байды ақтап алайық деп отырғаннан аулақпыз. Қалай десеңіз де, Оразбай - жұмбағы көп, күрделі тұлға. Оразбай бойындағы жақсы мен жаман қасиетті екшеп, пенделігі мен адамдығын таразылағанда барып, оның Абаймен арасы бізге мәлім бола түспек. Сонда ғана Абайдың мың қатпар мұң-наласының бір мысқалын болса да ұға алармыз. Абайды тану тек оның өлеңдерін талдаумен ғана шектелмейтінін осы бір құбылыстар аңғартып жатқандай да.
Абайға жұмсалған жұдырық кещелік қылған жауына да, қасында жүрген досына да оңай тиген жоқ. Көрші ел Оразбайдың оспадарсыздығын бетіне басқанда алдымен Абайдың қасындағы жақын-жуықтар жерге кірді. Әріп ақынның Қуанышбайға айтқан сөзін есіңізге алыңыз:
Құрысын қастық қылған дәулет масың,
Ит елсің сыйламайтын кісі басын.
Сол сияқты Абайды Нұрғазы ұрды
Болған соң жын-перуана кәрі-жасың [140, 230-б.].
Айтқандай бұл құбылыс Абайдың қасындағы шәкірттеріне қатты батады. Әсіресе, сол кезде араншылардың алдауымен Абайдан аулақтау жүрген Шәкәрім үшін де, Абай құлағанда шырылдап ара түскен Көкбай үшін де аузы бітпес жарадай ұзаққа кеткен жайсыз оқиға боп қала берді. Ел аузынан жеткен бір әңгімеге құлақ түрсек, 1920-21 жылдары ру арасындағы бір қақтығыста адам өлімі болып, дау үлкейіп бір жақтан Шәкәрім Тобықтының ішкі алауыздығын айыптап сөз ұстағанда оған қарсы басынан сөз асырып, келелі байлам айта алмайтын Жиреншеұлы Құлке деген сақау шығып:
-Қажы (Шәкәрімді ел солай атаған Б.Е), Абай сабалғанда сіз неше жастасыз, мен неше жастамын,- деп Тобықтының алауыздығының басын Абайдың сабалғанына әкеп тірейді. Қажы тұнжырап сөзден тосылған екен. Сол жиында болған Көкбай көз жасын ел көрмесін деп, атының басына ерік беріп, ауылына жеке кеткен деседі. Бұл оқиғаны екжей-тегжейлі білетін Б.Исабаев сөзіне құлақ түрсек: «Көкбай мен Шәкәрім «Абайға жасалмақ қастандықты біз неге білмедік, неге алдын алмадық» деп ғұмыры бойына күйінді болған еді ғой» [34, 94-б.] ,- дейді.
Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп қор тұтып.
Түзетпек едім заманды
Өзімді тым-ақ зор тұтып [105, 176-б.],-
деген ақын ел ішін жайлап алған мың батпан дертке қарсы тұра алмады. Қамыққан ол түтіні түзелмеген елінен күдер үзеді. «Туған жерді қия алмай, тентекті жеңіп, тия алмай, әлі отырмыз ұялмай»,- деп торыққан Абай шынымен елден безбек болғанда Ысқақ бастатқан туыстары шылбырына оралып, жылап-еңіреп алып қалған-ды. Осындай әлеумет дертіне жеке бас қайғысы жамалады. Алдында жақсы көрген інісі Оспанның, сүйікті ұлы Әбдірахманның қазасы аз болғандай, үміт күткен Мағауиядан да айырылып, қан жұтып отырып қалады. Абайдың дерті қайғы еді. Дүниеден де сол қайғы әкетті. Шәкәрім өмірінің соңы да Абаймен тағдырлас-тын.
Қазақтың жаманы болмас,
Жаманнан аманы болмас.
Бірігіп іс қылатұғын
Түзелер заманы болмас [163, 86-б.],-
деп елден түңілген Шәкәрім қасына Әупішті алып тауға кетеді.
Төңкеріс орнаған кезде «Құлдықтан қазақ босады» деп үлкен үміт арқалаған Шәкәрім Алаш Орданың қазысы болады. Бірақ артынша келген Кеңес өкіметіне Шәкәрім жау боп шығады. Жаңа өкіметтің қазақты жарылқамасын білген ақын «Бостандыққа елім қана алмай, әділет жолын таба алмай»,- деп қорланып, жалғыз өлеңін серік етіп, Саят қорасынан пана табады. Аңдыған жау айдалада жатқан Алаштың аяулысын, қазақтың ойшылын іздеп барып, жазықсыз атып өлтіреді. Елдегі надандық Абайдың еңсесін езіп, рухын жаныштаса, сол надан елдің жандайшап ұрпағы Шәкәрімге қарата оқ атты. Кешегі кеңес өкіметі «атом сынағынан аулақ әкетеміз» деп Жидебайдағы Абай сүйегіне тап-тап берсе, Шәкәрімді құр құдықта отыз жыл шегендеді. Басында «феодалдың ақыны» - Абайға қырын қараған кеңес өкіметі ақындық мектебінің ең көрнекті өкілі Шәкәрімді өлген соң да алпыс жылдай социализмнің тас қамауында ұстап келді. Міне, өлеңі ғана сабақтас емес, өмір-тағдырлары да ұқсас ұстаз-Абай мен шәкірт-Шәкәрім арасындағы байланысты үңги түссек, даналар сабақтастығының айқын үлгісін тап басатын жайлар әлі де алдымыздан шығары сөзсіз. Қазақ әдебиетінде шәкәрімтану ғылымы енді аяғына тұрды. Шәкәрімді тануға жол ашылды. Ақынның әдеби мұрасын Абай мектебінің аясында қарау – абайтануға да, шәкәрімтануға да айтарлықтай үлес қосары анық. Өйткені, Шәкәрімнің негізгі өмір мектебі де, өнер мектебі де Абай болды.
Абайдың қасында саналы өмірінің көбін өткізген ақын шәкірттің бірі Көкбай Жанатайұлы десек, жоғарыда екі ақын арасындағы поэзиядағы диалог біраз нәрсені аңғартқандай. Нақты деректерге келсек, Көкбайдың Абаймен байланысы 1876 жылдардан басталған. Ақын мұрасы Қ.Мұхаметханұлы, Ж.Әубәкір сынды зерттеушілердің назарына алынды. 1980 жылдардың аяғында Көкбай шығармашылығына арнайы тоқталған профессор Б.Абылқасымовтың еңбегін де атап өту парыз [229]. Біздің тарапымыздан қосарымыз - зерттеушілер көктей өтіп, қысқаша қайырған тұстарына тереңірек барып, мүмкіндігінше екі ақын арасындағы рухани байланыстың абайтанудағы, көкбайтанудағы орнын айқындап, мәнін арттыра түсу. Мәселен, Абай өлеңдеріндегі Көкбай, Көкбай өлеңдеріндегі Абай бейнелерін тарихи шындық және көркемдік шешім тұрғысынан таразыға салу. Тек қана өнердегі жақындық емес, өмірдегі қарым-қатынас, сыйластық, ұстазды бағалау және сол кемеңгер ұстаздың сынына толу сияқты құбылыстарды ақындар сөзінен суыртпақтау, сол кездегі естеліктерді електен өткізу арқылы ғылыми тұжырымдар қорыту.
Ең алдымен, Көкбай Абайдың күнделікті өмірінде үнемі қасында жүріп, ақындық өнеріне, шабыттық сәті мен ішкі көңіл-күй толғаныстарының куәгері ғана емес, себепкері де болды. Көкбайды Абайдың ақын шәкірті, рухани інісі деу аз. Көкбай – Абайдың досы болу дәрежесіне жеткен шәкірттер ішіндегі жалғыз адам. Абай өзі өлерден бірер жыл бұрын баласы Тұрағұлға: «Көкбай маған қызмет етіп жүргенге қарап, оны өздерің дәрежелес адам екен деп қалмаңдар, ол үлкен адам. Тегіде, Көкбайдан қол үзбеулерің керек» [102, 61-б.] ,- дегені - Көкбайға берілген үлкен баға.
Көкбай жас кезінен Абайдың тәрбиесінде болды. Бізге жеткен ақын естелігіне назар аударсақ, Абаймен алғаш жақын танысуы 1880 жылдардың шамасында болып, Абай Көкбайды орыстың ұлығынан арашалап қалады. «Абай маған кепіл болып алып шықты, осыдан кейін Абайдың жолдасы болдым. Жолдастығым 25 жылға созылды» [186, 200-б.] ,- дейді Көкбай өз естелігінде. Ұстазбен жақын танысуы осы кез болғанмен, жалпы Абайды білуі ертерек басталған. Абай 1876-78 жылдары Қоңыр-Көкше елінде болыс болады. Көкше – Көкбайдың елі. Ағайынды Сапақ пен Жамантайдан – Көкшенің сөзін ұстаған Қаратай мен Жанатай тарайды. «Абай жолынан» жақсы таныс Қаратай шешен Құнанбаймен бірде қырбай, бірде дос болып жүрсе, сөзге шешен болғанымен ел ішіндегі дау-шарға араласпаған Жанатай Құнанбаймен тату ғұмыр кешкен. Жанатайдың немере інісі Уандық Абай болыстың кандидаты болған. Міне, осы байланыстар Абай мен Көкбайдың танысуына жағдай жасайды. Әрхам Ысқақұлы былай дейді: «Жанатай осы Көкбайым өнерлі болар деп дәме ғып, оған үлгі-өнеге берерлік адам ойлағанда тапқаны Абай болып баласын ертіп келіп: - Шырағым, Абай, мен сенің әкеңмен өмірлік дос едім, балаларым ер жеткенмен көңілім дауламай жүр. Мына бір қара балам тықылдап тұрады. Оқуға да жақсы деседі. Ыңылдап өлең де айтады. Осыны саған әкелдім. Жақсы болса ұл, жаман болса құл ет дейді. Абай:
- Жарайды, мен ие болайын деп, 16 жасар Көкбайды алып қалады. Көкбайдың ақындық өнерінің барлығын байқап, Байкөкшеге тапсырып, өлең деген құр сөз қиыстыру ғана емес, онда неше алуан өнердің баяндаушысы, сыншысы екенін ұқтырады. Көкбай Абайдан да, Байкөкшеден де үлгі алып, енді өз бетімен өлең жаза бастайды» [103, 112-б.].
Көкбайдың Семейге орысша оқуға кетуіне оған жиен болып келетін Әріп Тәңірбергенұлының әсері ғана емес, сөз жоқ, Абайдың да ықпалы болғаны даусыз. Қалаға келген сайын Көкбай сияқты ел балаларын жинап, бастарын қосып, тәлімі мол мәжілістер өткізу Абайдың машығы болған. Көкбайдың Әріппен айтысында қарсыласын сондай жиынға тарта сөйлейтіні бар:
Семейге Абай келсе, бізде думан,
Ән салып босамаймыз айғай шудан.
Бас қосу, бақастасу, мәжіліс құру
Секілді бір ғылымның жолын қуған.
Тарихтан неше түрлі Абай сөйлеп,
Өзгелер отырады аузын буған.
Бір барсаң мәжілістен кеткің келмес
Кәкімдей Аплатон ақырып тұрған.
Келбеті біліміне ылайықты
Апырым-ай, мұндай адам қалай туған [140, 213-б.].
Семейде орыс оқуын оқып жатқан қазақ балаларының бағыт-бағдарына, болашағына алаңдаған Абай қашанда оқуда жүрген жастардың дұрыс жолды таңдауына қатты көңіл бөлген. Абайдың миссионерлік бағыттағы мектептердегі қазақ баласының барған сайын басын қосып, мәжіліс құрудағы себеп-төркінін тереңнен іздеу керек. Негізгі бағдарламасы «шоқынды шаласауат» дайындауға жасақталған орыс мектебін Абайдың тәлімін бойына құйған Көкбай, Әріп сынды шәкірттері аяқтамай кетуінің бір себебі осы - орыстанудан бойын аулақ салғандық. Әйтпесе, мұғалімдерін әжуалап, өлең шығарғаны үшін үздік оқитын Әріп, Көкбайлардың бір күнде меткептен шығарылуы – себептің бер жағы ғана. Қуанышбай ақынның Әріпке: «Школ түгіл, Семейден қуып еді» – деген сөзінің астарында саяси айып жатыр. Абайдың кейінірек (1886 жылы) жазылған «Интернатта оқып жүр» өлеңіндегі ақынның түйгені Көкбайлар жиналған мәжілістерде сан мәрте айтылған-ды. Көкбай соны ұқты. Орыс тілін үйреніп, қара танығаннан-ақ, бетін басқа жаққа бұрып атақты Кәмәли (Кәмалитдин) молдадан сабақ алады. Кәмәлиден Абай да оқыған. Орыс оқуымен қатар мұсылманша білімін жетілдіруге тағы да Абайдың әсері жоқ дей алмаймыз. Орысша, мұсылманша біраз сауатын ашқан Көкбайдың бұдан былайғы өмірі Абайдың қасында өтеді. Осындай рухани жақындықта жүрген Көкбай ақынның ұстазы Абайды өлеңіне арқау етуі заңды. Көзге мақтауды ұнатпайтын кемеңгер ақын мінезі шәкіртіне де дарыса керек, Абайдың көзі тірісінде ең жақын адамы туралы әу демепті Көкең. Бәлкім, ондай өлеңдері бізге жетпеген де шығар. Әрине, «Семейге Абай келсе, бізде думан», «Данышпан Абайға да дәтің бар ма» деп Әріппен айтысында Абайды алға тарта сөйлейтіні бар. Елге арыз жазып беріп, басына іс түсіп, Абай алдына айыппен барғанда тек өлең ғана құтқарарын білген Көкең:
Жігітке кедейшілік үлкен салмақ,
Жүргем жоқ біреуді алдап, біреуді арбап.
Қысқа жіп күрмеуіме келмеген соң
Жібердім ар жағына кендір жалғап [207, 21-б.],-
деп құтылған. Алған білімін «прошение жазуға» пайдаланғаннан сорақысы жоқ Абайға. Сол мезеттен бастап Абай Көкбайдың дүние-малға байланып қалмай алаңсыз ақындық жолға түсуіне материалдық та, моральдық та жағдай жасайды. Көкбайдың қандайлық игілікті ісіне Абай қашанда ақылшы, кеңесші болып отырды. Абай кеңесімен қолға алған игі ісінің бірі Көкбай 1901 жылы Мұқыр болысына молда сайланып, елінде медресе ашады. Кезінде Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайының ғылыми хатшысы болған ғалым Б.Акерман жинаған Көкбай медресесі туралы деректерді Б.Исабаев келтіреді: «Экспедицияның қорытынды есебінде Көкбай медресесі 1901 жылы салынып, Жобалай Керейі, Семіз Найман, Сыбан, Қойбағыс, Уақ, Ақымбет және бар Тобықты руларынан қаражат жиналғаны, бала саны 360-қа жеткені, Көкбайдың 1921 жылға дейін сабақ бергені, медреседе мұсылманның діни пәндерінен өзге орыс тілі, география, математикадан сабақ жүргені жазылған. Мешіт 1903 жылы ашылды дейді» [34, 131-б.]. Ал, Көкбай ақынның жиені құйма құлақ қарттардың бірі Төкен Мұртазин медресенің ашылу уақытын 1892 жылдарға ілгерілетіп, медеседе оқыған адамдардың айтқан әңгімелерін куәға тартады [230]. Қалай десеңіз де, мешіт-медресе Абайдың көзі тірісінде, оның тікелей мақұлдауымен салынған, екіншіден медреседе діни сабақтардан басқа заман талабына сай пәндердің оқытылуында да Абайдың әсерінің болғаны байқалады. Т.Мұртазиннің айтуынша медреседе орыс тілін оқыту үшін Көкбай әскерден қашқан Иван Тютиков дегенді ауылында екі жыл ұстаған екен [230]. Сәл шегініс жасасақ, Құнанбайдың кезінде сол өңірдің білім меккесіне айналған «Ескі там» медресесінде Абай да тіл сындырып, кейіннен Абайдың балалары, туыстары мен шәкірттерінің біразы сауат ашып, әжептәуір білім алды. Абайдың қолында өскен немересі, Мағауияның қызы – Уәсиләнің естелігін оқысаңыз «балалардың ойы, дүниетанымы кемсін болады деп, молдаға айтып өзінің «Ғақлиясын» бағдарламаға енгізген ғой» [231, 188-б.]. «Ескі тамнан» алған білімінен кейін балалар міндетті түрде Абай алдында орыс әдебиетінен Пушкин, Лермонтовтар туралы қосымша сабақ алатыны тағы бар. Абайдың тәжірибесіндегі жаңарған білім беру бағдарламасы Көкбай медресесінде кеңінен қолданысқа ие болды. Мектеп ашып, бала оқыту үрдісін Абайдың екінші бір шәкірті - Әріп Тәңірбергенұлы да өз ауылында қолға алған болатын. Әріптің 1890 жылдардың соңында өз елінде мектеп ашып, бала оқытуы тағы да Абайдың ықпалы еді. Бұл өнегелі істе нағашылы-жиенді туысқан ғана емес, төс қағыстырған дос, сөз жарыстырған ақын, Абайдың қос шәкірті - Әріп пен Көкбайдың ұстаз алдында ұпай жинау, «кімнің сөзі кесек, қайсымыздың ісіміз ерек» деген өнер жарысы да жоқ емес еді. Жалпы өнер додасында жарысу Абай шәкірттерінің бәріне тән жақсы құбылыс-тын. Қашанда сөзбен жарысып, бақ таластырып жүретін Көкбай мен Әріпке Абай ерекше бір істің мәнін айтып, қолдау көрсетіп, мұрындық болуы заңды. Әріп пен Көкбайдың тағы бір тосын істе сыбана іркес-тіркес көрінуі де сондықтан. Екеуінің де оқыту жүйесі жаңаша, Абайша.
Абай марқұм ескіге ермеуші еді,
Ескіні онша жақсы көрмеуші еді.
Мысырдан төте жолмен оқу шықты
Сол қашан келеді деп шөлдеуші еді [207, 55-б.],-
деген Көкбай, Әріптер Абай аңсаған жаңаша оқуды жатырқамады. Әріп өміріне қанық, шығармаларын жинаушы көнекөз қария Ғ.Шәкерұлы былай дейді: «1897 жылдары ақын өзінің туған еліне оралып, Еңірекей болысының хатшысы ретінде қызмет істейді. Ел жұмысын басқарып, халық ағарту қызметіне кірісіп, Семей қаласындағы поштаның бастығы Березинский деген кісімен байланыс жасай отырып, Мәңгезей деген жерден мектеп ашады. Бұл орын Ұзын-Бұлақ бекетіне жақын болыс кеңсесі, поштаның орталығы болып есептеледі. Кейіннен бұл мектеп ақынның қыстауы Жыланды деген жерге ауысады. Сол кезде Әріптен оқыған балалар: Орыншайық, Жәкітай, Күйсіз, Ақматай, Шұғыбан, Бейсенбі, Арғынқазы, Қайыртай т.б. көптеген жігіттер орысша да, мұсылманша да сауатты болып шықты» [232, 307-б.]. Айтқандай Әріп оқуы да жаңаша болды. Сабақ үстінде туған «Лермонтов көкіректі көзді туған», «Орыстың мұссанифі Пушкин дана» өлеңдері Әріп шәкірттерінің орыс ақындарымен таныс болғандығын ғана емес, сол ақындарды бағдарламаға енгізіп оқытуынан хабардар етеді.
Абай шәкірттері іргесін қалаған білім ошақтары сан ұрпақты тәрбиелеп, қазақ жастарының заманына сай білім алуына жағдай жасаған сол кездегі санаулы мектеп-медресе еді. Кеңес үкіметі орнай салысымен 1917 жылы Әріптің Жыландыдағы (қазіргі Жарма ауданы Еңірекей тауының бауыры Б.Е.) мектебі жабылып, 1921 жылы Көкбай да медресесінен кетеді. Міржақып Дулатұлының Көкбайдың мешіт-медреседен кеткенін, істің байыбына барып алмай ақынның жеке басын кінәлап, «Алаш партиясына қосылмаған ақынға» деген өлең арнап, сынап жіберетіні бар. Көкбай қарсы жауабында медресе ашып, бала оқытудың машақатын айта келіп:
Үй бердім, баласына тамақ бердім,
Ақы алмай барлығына сабақ бердім.
Аяғында солардың көбі қашты
Бірлі-жарым болмаса талапкердің [207, 55-б.],-
деген қиналысы өкімет ауысқан шақтағы аумалы-төкпелі заманның зардабын аңғартады. Жаңа заманның жақсы ісін құп алған Көкбай ақын медресесін кеңес мұғаліміне өткізеді.
Замана замандасқа жағын дейді,
Күнбе-күнгі тағдырға бағын дейді [207, 56-б.],-
деген сөз астарында медресе қасындағы мешітті еріксіз жапқан шарасыз жанның іштей мойсұнуы да жоқ емес. Көкбайдың Міржақыпқа берген жауабы әділ де, өтімді еді. Асығыс айтқанын Міржақып мойнына алып:
Көке-аға, осы күнде мен жаспын ғой,
Жай-күйіңді біле алмай адастым ғой.
Көп жылдар мешеу қалған халқым үшін
«Алаш» деп, «Большевик» деп таластым ғой [207, 56-б.],-
дейтіні содан. Кеңес өкіметінің орнауы қазақ ақындарын қақ жарып екі лагерьге бөліп жібергені белгілі. Алаш өкіметінің белді өкілдерінің бірі болған Міржақып Дулатұлы мен Кеңестік өкіметтің болашағына иланған қарт ақындар Көкбай, Әріп сынды әдебиет өкілдерінің арасындағы келіспеушілікті сол кездегі саяси ахуалдың шеңберінде қарастырғанда ғана түсіне аламыз. Көкбай ақынмен ұғыспай қалған М.Дулатұлына 1918 жылдары Әріп ақын да кейіп өлең арнаған. Өлеңнің шығу тарихына көз жүгіртейік. Әріптің бұл өлеңі «Ұмытпаңыздар мені» жинағында «Білгішсінген наданға» деп [233, 82-б.], Қ.Мұхаметханұлы кітабында «Бір тергеушіге» деген атпен жарияланған [212, 116-б.]. Толығырақ түсінікті қажет ететін өлең дұрысында 1918 жылы Алаш арыстарының бірі, белгілі ақын, жазушы Міржақып Дулатұлына арналған. Осы өлеңге қатысты Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақталған «Әріп ақынның Міржақыпқа айтқан бір сөзі» деген төмендегідей дерек сақталған: «1918 жылы Міржақып, Әлихан төрелер Совет өкіметінен қашып жүріп Қызыладыр болысындағы Мұсағали Дулатов деген указной молданың үйінде тығылып жатқан. Әлихан Бөкейханұлы - Дулаттың жиені. Бір күні ел-елден басты адамдарды шақыртып алып «ханның қаражатына» деп 100 қойдан салық салыпты. Сонда сол жиылыстың ішінде отырған Қазанбай деген кедей ақсақал отырып: - Төреге ерген ерін арқалар, - деген мақал бар еді. Төренің жолы сор жол-ды, оған кім еріп оңды? – деп бастап келе жатқанда, Міржақып орнынан атып тұрып, ұрсып ала жөнеліпті. Сонда Әріп ақын түрегеліп есік жаққа таман шығып кетуге ыңғайланғанда, Міржақып: - Әріп мырза, отырыңыз. Сізді ақын деседі. Ең болмаса екі ауыз өлең жәрдем беріңіз, депті. Сонда Әріп:
Қуандым атыңды естіп, шақырғанда,
Таң қалдым тантық сөйлеп ақырғанда.
Итсің, қусың, сұмсың деп сөз бастадың
Ақын деп жақынсынып отырғанда.
Сыртыңнан естуші едік көз көрмеген,
Мінезің тұрпайы екен өзгермеген.
Мұнауың құдайшылыққа жат дейтұғын
Неғылып бір адамға кез келмеген.
Хан жайлап қазақ қалған қу тақырда,
Өсиет айтпасаң қой, тіпті, ақырма.
Аузыңмен орақ орсаң дәні қайда
Азабыңды арқалатпа көп пақырға! –
депті де есікті шарт жауып шығып кетіпті. Тобықты елінің аузынан жазып алған – Садық Қасиманов» [234]. Ел аузынан алынған тарихи дерек пен аздаған өзгеріске түскен жинақтағы шумақтар өлеңнің Міржақыпқа арналғанын анықтап тұр. Жоғарыдағы Көкбай мен Әріптің осы өлеңіне қатысты Қ.Мұхамедханұлы 1940 жылы төмендегідей пікір білдірді: «Медресені жаңа заманның мұғаліміне беріп, жаңа заманда, совет заманын қуана қарсы алған Көкбайды Алаш Орданың басшыларының бірі Міржақып сөгіп, өлең жазып шатастырмақ болды..., осы ретпен Міржақып Әріпке де соқтығады. Әріп те өлтіре сыбағасын береді» [51]. Кезінде заманның ығымен айтылған пікірде бір шындық бар. Ол - Әріптің Міржақыпқа өлең арнағаны. Жай өлең емес, ол – ауыр сын арқалаған туынды екендігі. Семей қаласындағы Абай мемлекеттік қорық-мұражайының қолжазбалар қорында Қ.Мұхаметханұлының жинауымен Әріптің машинкаға теріліп, түптелген шығармалары сақталған [235]. Осындағы өлеңдерінің көбі кейіннен Қ.Мұхаметханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» (3 - кітап) еңбегіне енді. Құрастырушы алғашқы қолжазбадағы «Міржақыпқа» деген өлеңнің атын кейінгі еңбегінде «Бір тергеушіге» деп өзгертіп жариялайды. Бұл құбылысты зерттеушінің енді ғана ақталған М.Дулатұлы сынды біртуар тұлғаның есіміне ауыр көргендігінен деп ұғуға болады. Өлеңнің табиғатына үңілсек, Қ.Мұхаметханұлы кейінгі еңбегінде айтқандай Әріп өлеңді «өзінің үстінен түскен арызды тексеруші, тергеушіге қарата» емес, жоғарыдағы дерекке жақын елді жинап насихат айтқан Міржақыптың кейбір жеке басындағы мінезіне көңілі толмағандықтан айтқан қарт ақынның сыны деп қабылдау қажет. Әйтпесе, Әріп Міржақыпты жау көрмеген. 1922 жылы Әлихан Бөкейханұлы мен Міржақып Дулатұлының Семейден жер аударылып кеткен сапарына оларға ақ жол тілеген жылы лебізді арнау өлеңі ақынның 150-жылдығына орай құрастырылған жинағында алғаш рет жарияланды [140, Б. 185-187]. Көкбай мен Әріптің Міржақыпқа арнаулары - ең жақын сеніскен, үміт артқан адамына қатты айтар Абай позициясының айқын аңғартар шығармалар. Олай болса, «ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға»,- деген Абай өнегесін өрістетіп, өз халдерінше бала оқытып, қазақ елінің көзін ашқан Әріп, Көкбай ақындардың қазақ қоғамындағы ұстаз ретіндегі орны айрықша.
Абайдың шын бағасын халқы түгіл қасында жүрген Көкбай ақынның өзі кемеңгер дүниеден өткенде барып сезінді.
Абайдай ұл тумағы болар ғайып,
Насихат, үлгі шашқан жұртқа жайып.
Ахуалын сөйлеп кетті замананың
Әулие хәкім деуге ол ылайық [207, 23-б.],-
деген Көкбай, «алтын хәкім Абайға» деген Мағжан ақындар еді алғаш Абайдың хәкімдігін мойындаған. Көкбай «Әулие, хәкім», Мағжан «Алтын хәкім» деп өлеңге қосқанда әншейін әсіре қызыл сөз үшін айтылмағаны айқын. Хәкім Абайға дәл осы баламаларды айтқан ізбасарлар - сөз жоқ, сәуегейлер. Кеш те болса Абайды шын мағынасында хәкім деп танып, ақындар әулетінің әулиесі екенін санамызға енді бекіте бастадық. Жиырма бес жыл қасында жүрген досының, дос болғанда Абайдай дара достан айрылудың арты – түпсіз өкініш.
Жәнәтта жаны болғыр Абай құтып,
Қасында бос жүріппін шатып-бұтып.
Осындай ен дарияны жайлағанда
Тым болмаса қалмаппын қана жұтып [207, 23-б.].
Бұл – Абайдан армансыз өнеге алған шәкіртінің айтқаны. Айтқандай, Көкбайдың алғанынан, алары әлі де көп еді. «Шатып-бұтып бос жүру» - Көкбай өлшемімен айтылған сөз. Ол қалған қауымға өлшем бола алмайды. Басқа елдің адамдары Абай ауылына келгенде «Сендер бақыттысыңдар! Сендердің Абайларың бар» деген сөзі Абайдың тірі күнінде айтылса да, дәл бүгінгі заманда да өз маңызын жойған жоқ. Кешегі ұрпақ Абайымен марқайса, бүгінгі ұрпақ Абайдың рухымен бақытты. Абаймен дос болу - Көкбайға берген Алланың сыйы еді:
Абай сүйіп, қасына жолдасқа алды,
Бұрынғы отказ қылдым жолдастарды.
Жаңа жарық дүниеге келгендей боп
Көрген соң аққан бұлақ, асқан дарды [207, 34-б.],-
дегендей Көкбайдың басқаша өмірі басталып, «Абайдың Көкбайы» деген мәртебелі атқа ие болды. «Жолдассыз жалғыз болып тарықпаған» Көкең Абай кеткенде жалғыздықтан жапа шекті.
Арманым Абайменен бірге кетпей
Қалыппын тентек елді құр күзетіп.
Көнбеген Абайға да асау, долы
Бұл елді алу қиын тез түзетіп [207, 35-б.],-
деп надандық дерті асқынған елмен алысып, ұстазы таяғын қолына ұстайды. Абайға аса жақын келіп, поэзияда ұстаз үлгісін ұстануда Көкбайдың арнау өлеңдерінің орны дара тұр. Абайдың би мен болысы, бай мен молдасы Көкбай арнауларында да шебер тілмен шенелген. «Сабын жаққан терідей жылп-жылп еткен» Ағыбай, «Ұрлыққа түнде аттанып, күндіз сөйлейтін» пара алғыш Дүтбай, «Ет көрсе етпеттейтін сұғанақ көк» Көрпебайлар - Көкбайдың жақын-жуығы. Айналасындағы көзі таныстың жамандығын бетке басар Абайдағы өлең дерті Көкбайға да қонған. Жақсылық деген ауылға келген соттың алдында арыз айтқан ақын:
Әншіні боқша дейсің соның жаман,
Ақындық боқшалықтан болады аман.
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы
Еріксіз сөз, айдайды шынға таман [207, 28-б.] ,-
деп ақындықтың тура жолын ұстаз мақамымен бекіте сөйлейді. Көкбайдың өткір ойлары Абай сынынан алыс кетпеген. Екі бала күрессе де «Боранбайлап» аруақ шақырған Мұрын елінің даңғазалығын түйресе, енді бір өлеңінде жұрт көзінше жылмиып, абыз бола қалған молданы нысанаға алады. Көзіне түскен арамдық пен жалғандықты бетінен отын шығара сынаған Көкбай әдеби ортада біраз ақынның шығармаларын Қазанда өз атынан бастырып жіберген Жүсіпбек Шайқысыламұлына да қатты айтып, өлеңмен хат жолдайды. Міне, «түбінен өлең кернеп толқып кетсе, соқпаққа шыннан басқа түсе алмайтын» Абайдың шәкірті, әрі досы Көкбай Жанатайұлы кемеңгер ақын дүниеден өткен соң ұстазының әдебиеттегі дәстүрін жалғастырып, сөздерін кейінгіге үлгі ете сөйлеп, ол туралы білгенін М.Әуезовке естелік етіп қалдырған көрнекті әдебиет қайраткері ретінде ұстаздан кейін мағыналы жиырма жыл тірлік кешті.
Ал, Әріптің Көкбайға қарағанда Абаймен үнемі бірге жүруге жағдайы болған жоқ. Руға бөлінушілік дәл осы ұстаз бен шәкірт арасына кедергі келтіре қоймағанмен, Тобықтымен бақ-бәсекесі ертеден келе жатқан Сыбан елінің ақыны Әріптің Абайға Көкбайдай жанасып кетуіне жол бермеді. Бір жағы осы жағдайлар, екіншіден сол кездегі жер шалғайлығы да Әріп қана емес, Әсет, Уәйіс, Мұқа, сияқты басқа елдің (рудың) ақын-әншілеріне Абай қасында үнемі болуға мүмкіндік бермеді.
Тобықты еліне жиендігі бар (Қаратай шешеннің інісінің қызы Аяжан - Әріптің шешесі Б.Е.) Әріп ақын - Абайды өзіне ұстаз тұтып, өнерін де, өнегесін де жалғастырушы, әрі дамытқан шәкірті. Осы арада тағы бір мәселеге назар аударсақ, ол - Абай төңірегінде өмір сүрген, әсіресе Абай еліндегі ақындардың барлығы Абай шәкірті бола бермегендігі. Әр түрлі себептермен Абай жанына оның шәкірті болып белгілі бір топ өкілдері ғана шоғырланған. Мәселен, Әріппен айтысатын Қуанышбай - Абай елінің ақыны болғанмен, шәкірті немесе ақын айналасында болмаған ақын. Сол себепті болса керек, Қуанышбай туралы дерек аз, тіпті жоқ деуге болады. Қуанышбайдың Құнанбайды, Абайды мақтап өлеңге қосқаны оны Абайдың шәкірті ете алмайды. «Рулық салт-сананы көбірек ардақ тұтқан» (Б.Сапаралы) ақынның Әріп Тәңірбергенұлымен айтысында:
Әріпке сәлем айттым үш қайтара,
Айтысты деп оттапсың Біржан, Сара.
Басыңда байлауың жоқ бір ант едің
Сайтан болып кетерсің бара- бара,-
деп алып, Құнанбайдың елден асқан байлығын мақтан етеді:
Баласы Құнекенің Ыбырайым
Найманға не қылғаны жұртқа дәйім.
Пысқырған пысығыңның мұрнын кесіп
Мың-мыңнан айып алды топ бас сайын [140, Б. 228-
229] ,- деп, Абайды мақтаймын деп көр-жерді айтып сөзден сүрінеді. Абайдың өзі «Сыбанның сары шегір қыраны» деп ерекше бағалаған Әріптің сөз салмағы Қуанышбайдан әлді түседі. Айтысты шығарған себебін:
Адамнан артық туған Сара саңлақ,
Сарадай оңай емес ақын бомақ.
Өнері қашан кем еді Біржан салдан
Екеуін айтыстырдым әдейі арбап,-
деген сөздерімен тайға таңба басқандай етеді. Айтыстағы Абайға айтқан ауыр сөздерді мойнына алып:
Абайды ұнасады мақтағанға,
Болат қой екі жүзді сақтағанға.
Алтынға дым тимеген қараймайды
Жұдырық хан артынан боқтағанға, -
деп, сөз соңында: Ойнама Қуанышбай меніменен,
Сөз білсең сөйлеу керек жөніменен.
Бәрің Абай болмайсың көп бұралқы ит
Ит әуре бола ма екем сеніменен [140, Б.229-230],-
деп Қуанышбайды сөзден тосылтқан екен. Басқа елдің ақыны болса да Әріптің сөз саптасынан-ақ, өлең мәдениетінен-ақ Абайға жақын екендігі сезіліп тұр. Абайдың әр сөзін мысалға келтіріп, елді ұйытқан Әріптің «Дәл ертең өзгереді бүгінгі күн» деген өлеңіндегі:
Тек қана Абай сөзі жарқырайды,
Су шәйіп, жел тисе де маздап өшпей [140, 123-б.],-
деген сөзі - қарапайым көрінсе де көрегендіктің айғағы. «Абайдай болмасам да атақты ақын» деп ағынан жарылған Әріп 1880 жылдардан Абаймен жақын танысып, әсіресе шығармашылық жолда Абайды өзіне үлгі тұтты. «Әліп би», «Сұлу қыздың сипаты» деген алғашқы өлеңдерінен-ақ Абайға еліктеп, ақындық сапарында ұстазының тағылымдық идеяларын жалғастырды. Қас сұлудың сипаты Абайдың жас кезінде жазған «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» деп басталатын өлеңімен тұрпаттас. Ақша бет, нәзік бел, қара көз, қалам қас, жазық маңдай тағы сондай ажарлаулармен көмкерілген қыз сипатында Абай өлеңін негізге алу бар. «Әліп-би» өлеңінде Абай араб әрпінің әр-біріне өлең жолынан арнаса, шәкірті әр әріпке бір шумақтан қайырып, өзіндік дамыту жасаған. Бірақ, ұстаз өлеңінің мазмұны сақталған. Алғашында Абай өлеңдеріне құрғақ еліктеген Әріп келе-келе ұстазының сыншыл поэзиясына мықтап бет бұрды. Ақындық сапарын шығыс сюжетінде нәзира үлгісінде қисса-дастандар жазумен бастаған ол, Абайдың ақындық көшіне ілескен күннен бастап замана келбетін келістіре жырлайтын сыншыл да, шыншыл поэзияның ірі өкіліне айналды. Абайдың әлеумет қайғысына Әріп ақынның да ащы зары қосылды. Әсіресе, ел үстінен күн көрген би мен болысты сынауда шәкірт ақынның тілі өткір шықты. «Сары жезін знак қып салбыратқан» болыс, параны балдай көрер би, «Иттің көті тырқ етсе бата бергіш» молдасымақтар ақын өлеңдерінде өз сыбағаларын алды. Қараңғы елді білімге үгіттеу, ақиқаттың ақ жолы, дін мәселесіндегі ойларында Әріп ақын - әрқашан Абай сөзін алға ұстап, ұстазының өнердегі ғана емес, өмірдегі ғибратты жолынан таймаған шәкірті. Халық ақындары С.Әлімбетов, Ш.Қауметовтер Әріптің тәрбиесін көрді. Сапарғали Әріпті жоқтағанда «Абайдың бас шәкірті ақын Әріп, атағы кеткен жүйрік жерді жарып»,- деп өлеңге қосса, Шұғыбан Қауметов: «Абайдың ізін басқан данышпаным» деп қатты қадірлеп:
Туыпты Абайдан соң Әріп асыл,
Жаратып құдай артық ғазиз басын [124, 180-б.] ,-
дегені көктен алына салған салыстырулар емес-ті. Қ.Мұхамедханұлының «Абай өлгеннен соңғы жиырма жыл өмірінде, Әріп ұлы ұстазының әдебиеттегі дәстүрін таза сақтап, өзі де басқа ақындарға ұстаз болу дәрежесіне жеткен» [124, 64-б.] ,- деген пікірі - Әріпке әділ берілген баға.
Ұстаз сынына іліккен Әсет Найманбайұлының Абаймен байланысы - толық ашыла қоймаған тақырып. Өйткені, Әсет ақын - өмірі де, әдеби мұрасы да аса аз зерттелген, әлі өз бағасын ала қоймаған әдебиет қайраткерлерінің бірі. Әсеттің туған жері, оқыған оқу орындары жайлы екі ұшты пікірлердің әлі күнге бір тоқтам таба алай жатуы - біздің сөзімізді растай түсетін дүниелер. Көп қырлы талант иесі Әсеттің қилы тағдыры, әсіресе, Қытайдағы өмірі жайлы деректер әлі оқырманын тапқан жоқ. Қытайдың Бежін қаласындағы «Ұлттар» баспасынан 2000 жылы шыққан (шығарушы, жазушы Қ.Нұртазин) [236] Әсеттің қос томдығын бергі жақтағы ақын шығармаларымен салыстырып, ғылыми жүйеге түсірмей, Әсет мұрасы туралы толымды сөз айту асығыстық болады. Тереңдеп бармай ақынның екі елде шыққан жинақтарындағы елеулі деген айырмашылықтарын тілге тиек етсек, мысалы, қытайда шыққан Әсет өлеңдерінің саны - 78 болса, 1988 жылы Алматыда басылған жинақтағы өлеңдердің саны – 71. Сан жағынан алшақ кетпедік дегенімізбен екі жинақтағы өлеңдер әр-түрлі. Бірінде бары, екіншісінде жоқ. Айтыстарына келсек, қазақстандық басылымдағы Әсеттің Кәрібаймен, Қалимен, Қосымбаймен айтыстары арғы беттегі жинақта жоқ, керісінше Әсет айтыстарының қатарындағы Біржанмен, Жамбылмен сөз қағыстары, Әріпжанмен жауаптасуы, Есенқұл, Көкей қыз, Төрт ақынмен айтыстары біздегі жинаққа енбеген. Әсеттің көлемді туындылары – қисса дастандарының саны Қытай жерінен шыққан жинақта – 19 болса, біздегіде – 8 ғана. Міне, осындай көзге ұрып тұрған қарапайым алшақтықтардан-ақ ақын мұрасының зерттелу ісінде қаншалықты көкейкесті мәселелердің барлығын байқай беріңіз. Шекараның арғы бетінде шыққан жинақтың салмағы ауырлау екендігінде сөз жоқ. Қазақ жерінде дерекке жарымай отырған әсеттану ғылымына қосылған қомақты үлес – Бежіннен шыққан екі томдық. Десек те, арғы бетте құрастырылған жинақты зерттеу елегінен өткізбей қабылдай салу – қазақ әдебиеті үшін абырой әпермейтін іс. Екі жинаққа текстологиялық салыстырулар жүргізіп, әсіресе Қытайда шыққан қос томдықтағы басы даулы деген туындылардың Әсеттікі екенін дәлелдеу - бөлек бір зерттеуді қажет ететін ауқымды дүние. Дей тұрғанмен, осы жинақтағы даулы шығармалардың кейбіріне тоқтала кетуді жөн көрдік. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай Абайдың басқа шәкірттерінің шығармалары осы жинаққа Әсеттікі делініп ағат қосылған. Сондай өлеңдердің бірі - Әріп Тәңірбергенұлының жас кезінде жазған «Жеңгелерге» деген арнау өлеңі. Бұл өлең шығу тарихы жағынан да, жарияланып, зерттелу жағынан да толық түсінік беруді қажет етеді. Ақынның «Ұмытпаңыздар мені» жинағында да Қ.Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» кітабында да өлеңнің толық емес, ел аузынан жеткен жұрнағы ғана басылған. Өлеңнің толық нұсқасы Әсет ақынға телініп, алғашында «Әсеттің белгісіз өлеңдері» деген топтамамен, қытай елінен Асқар Игенұлының ұсынуымен «Жұлдыз» журналында [237], кейіннен жаңағы екі томдықта жарияланды. Өлең:
Сөйлейін, сөйле десең жеңгелерім,
Сіздерге, тиісті емес сөйлемегім.
Тайлағың жүк артпаған інген бопты
Кешегі алған арам теңгелерің,-
деп басталады. Әріптің өлеңіне Қ.Мұхамедханұлы мынандай түсінік береді: «Әріптің он жеті жасында әкесі Тәңірберген біреумен құда болып, Әріпті қайнына жібереді. Әріп қайнына барған соң, жеңгелері жеңгетай сұрапты. Әріп таңертең аларсыздар деп, ертеңінде жеңгелеріне осы өлеңді айтады. Естіген адамдар Әріптің бұл өлеңі бұдан гөрі молырақ болса керек» [124, 66-б.] ,- дейді. Әсеттікі делінген өлеңнің де түсінігі осыған жақын: «Әсет жас кезінде айттырып қойған қалындығына қалындық ойнап ұрын барған жолы қыз жеңгелері қызды Әсетке жолықтырып, жеңгетайлық жолдарын сұрапты. Онсыз да елден естігені келіп, ішқұса болып отырған Әсет шырқап әнге басады. Көңілінен шықпаған қалыңдығына өкпелі ақын сол ауылдан қайырылмастай болып аттанып кетеді» [237, 46-б.]. Әсеттікі делінген өлеңнің толық нұсқасы 41 жол, толық емес өлеңнен 31 жол артық. Өлеңді Әріптікі дейтініміз - Әріп бұл өлеңді 17 жасында жазғанда Әсет әлі қалындық ойнайтын жасқа жетпеген бала. Кейін Әсет өз жағдайына пайдалануы, әнге қосып халық арасына таратуы әбден мүмкін, бірақ ол өлеңді Әсеттікі ете алмайды. «Жеңгелерге» өлеңінде негізгі нысанаға ілініп отырған - Әріптің қалыңдығы. Адал жар іздеп келген ақ адал көңіл ақын жүрегі қыздық қасиетін көлденең көк аттыға ұстатып жіберген ұстамсыз қалыңдықтың қарабет қалпын қалтықсыз таниды:
Етегі көйлегіңнің жыртылыпты,
Аман деп жүріпсіңдер кеуделерің,-
деп өз ойын ұтымды тұспалмен жеткізген ақын енді, жеңгелері мың теңге жорғаға, бұйдасыз асау наушаға балап, үрлеп-үкілеп отырған сайқал сұлуды жабулы түйеге, құл-қотан мінген биеге теңеп салады.
Бақшыңызды шошқа аралап жүр деуші еді,
Сол бір сөз келіп түсті енді есіме,-
деген ел іші сөзінің бекер еместігін беттеріне басады. Жастайынан ауызы дуалы ұрпақтың баласы, ел еркесі, өз ортасының өр кеуде серісі қалындық табасына қатты көңілі қалып:
Иығына салыңқы боп көрініп еді,
Басқаннан шошып едім санын сылтып.
Көзге атқан құралайды мергендей-ақ,
Бір мерген атқан екен түзу мылтық [140, Б. 66-67],-
дейді. Қалындықтың сезікті қимылы қырағы мінез, сері көңіл жас Әріптің көзінен таса қалмайды. Ащы әжуа, өткір ой оспа тілмен түйдектеліп келіп діттеген жерін тіліп түсті.
Аталмыш өлеңнің Әріп ақындікі екендігіне бұлтартпас дәлелдердің бірі - Ә.Тәңірбергенұлының туып-өскен өлкесінде халық аузында сақталып, бүгінгі күнде Ғылым Академиясы Әдебиет және Өнер институтының қолжазбалар қорында сақталған құнды мұраның бірі – «Бұл оқиға Сыбан Әріп ақынның оқиғасы» деп аталатын көлемді тарихи поэма [238]. Арнайы мақала арнап, туындыны кезінде баспасөзде жариялаған болатынбыз [239]. Бұл шығарманың авторы белгісіз. Қолжазбаның сыртында «Жинаған Байбатыров М. 1954-1959 жылдар» деген жазуы бар. Бұл дастан Әріптің «Жеңгелерге» өлеңінің шығу тарихына анықтама боларлық құнды дерек. Сөзіміз жүйелі болу үшін шығарманың оқиғасынан оқырманды хабардар етіп отырайық. Автор алдымен:
Тұлпарға жарасады күміс ноқта
Әріп көзге түседі әрбір топта.
Өзі оқыған орысша, өзі ақын
Сыбан боп құрметтейді сол уақта.
Оязға писарь болып былғақтады,
Әріпке қатарынан қыз жақпады.
Көз салмай көрген қызға жүрген кезде
Бір адам Қаракөзді тым мақтады [239, Б.68-69],-
деп, Әріптің абыройын аспандатып алған автор, оның ел аралап Мәмбетей еліндегі Қаракөз сұлуды айттырғанын, кейін – бірнеше жылдан соң қалыңдығын алуға келген күйеудің, оны күтіп алған қарбаластағы тойлы ауылдың келбеті сияқты оқиғалар шебер тілмен баяндалады. Негізгі оқиға күйеу мен қалыңдық жақындаған түннен басталады. Бұл көрініс дастанда былай жырланған:
Жеңгесі соны айтып төсек салды,
Сонан соң үйден шығып кетіп қалды.
Оңаша отау - Қаракөз, Әріп отыр
Әзіл сөз ауыздағы шекер бал-ды.
Түлкіні ілген қырандай ақ төсекте,
Әріп мырза ғашығын құшаққа алды.
Күйеуге қыз ұятты болған екен
Біреуге берген екен бойда барды.
Көңілі Қаракөзден қалғаннаң соң
Төсектен бір тебеді ғашық жарды.
Жүрегі мұз жегендей кетті суып,
Қыз антұрған сақтамай ұят арды [239, 69-б.].
Арғы оқиға өршіп жүре береді. Қалыңдыққа қатты өкпелі жігіттің тосын оқиғаға үркіп қалған жеңгелеріне айтқан өлеңімен жалғасады. Дастандағы келтірілген өлеңде кей сөздердің өзгергені болмаса, автор «Жеңгелерге» өлеңін тұтасымен пайдаланған. Тек, мұнда автор тарапынан қосқан өлең қайырмасы бар. Сондай-ақ, дастан Қаракөз қалыңдықтың жауап өлеңімен жалғасады. Демек, айтыс үлгісін ұсынған белгісіз автор екі ақын арасындағы сөзді өз сөзімен сабақтап, оқиға желісін өрбітіп отырады. Әріп өлеңінің табиғатын аша түсетіндіктен, күйеу мен қалыңдық арасындағы оқиғаға мән берейік:
Қаракөз сонда айтады жылап тұрып,
Көл қылып көзінің жасын бұлап тұрып.
Қу кәмшат адыра қалған не қылам деп
Жіберді алыс жерге лақтырып,-
деп өз қылығынан түңілген қыз былай зарлайды:
Күйеуім не деп отыр қасымдағы,
Ақ бата қой сойғызған жасымдағы.
Түбіме екі жеңгем жетіп тындың
Жаулықты маған салғыз басыңдағы.
Жеңгелердің аранына түсіп, күнәға батқан шарасыз Қаракөз қалыңдық:
Тоғайда балта сапқа тал табылар,
Талапты ер жігітке мал табылар.
Жас жігіт маңдайыма жазылмаса
Маған да қатыны өлген шал табылар.
Қайырмасы:
Ахай, алғарай көк,
Дұшпан болдың бір жүріп,
Ноғай кетті бүлдіріп.
Сізге ұятты мен болдым
Сағыңызды сындырып [239, 70-б.],-
деп өз қатесін түсінген екен. Поэмаға айтыс элементтері араласып, оқиғаны ширықтыра түскен туынды – шебер ақынның қолынан шыққан шығарма. Бұл дастан «Жеңгелерге» өлеңінің шығу тарихымен тікелей байланысты. Поэмадағы Әріп сөздері «Жеңгелерге» өлеңімен ұқсас, тіпті кей тұстары жолма-жол дәл келіп жатыр. Тоқ етері, ел аузынан сақталып жеткен осы бір оқиғалы сюжетке құрылған көркем шығарма – тек қана Ә.Тәңірбергенұлының жинақтарында жұрнағы ғана қалған «Жеңгелерге» өлеңінің Әсетке телінген толық нұсқасы Әріптің төл туындысы екендігін дәлелдеп қана қоймай, Әріп ақынның сөз қасиетін қадірлей білетін, бойында ақындық қасиеті бар Қаракөз қалындықпен сөз қағысын жеткізуші құнды мұра.
Әсеттің қытайда шыққан жинағындағы «Түсіпхан» дастаны туралы айтар болсақ, дастан туралы қос томдықта ешқандай түсінік берілмеген. Жалпы жинақ түсініктемесіз шыққан. «Түсіпхан» Әсеттен басқа Абайдың шәкірті Бейсенбай Жәнібекұлына, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлына телініп жүр. Бейсенбай ақын туралы деректер өте аз жеткен. Қ.Мұхамедханұлының 1959 жылғы диссертациясының қосымшасында Бейсенбай туралы кысқа ғана мағлұмат берілген. Тобықты ішінде Топай деген рудан, әкесі Жәнібек кедей, байдың жылқысын баққан. Бейсенбай Абай және оның айналасындағы ақындар шығармаларын әнге қосып елге таратқан ақындығы бар, талантты әнші, домбырашы болған. Абайдың тапсырмасымен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының бір нұсқасын жырлаған, көп түрлі әнге қосып, халыққа таратқан. Басқа, Бейсенбайды ақын дерліктей өлең мұрасы бізге жетпеген. Тек, құрбысына қалжың қып айтқан бір ауыз өлеңін ғана көңілге медеу тұтамыз [240. Б. 185-186]
Авторы белгісіз туынды ретінде «Түсіпхан» қиссасы алғаш рет ғалым Бейсенбай Байғалиевтің ұсынуымен 1966 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланып [241], қиссаның соңында «Жұлдызға хат» деген айдармен екі адамның хаты берілді. Баянауыл өлкесінен Сүйіндік Көпеев деген қиссаны М.Жүсіптікі, ал оны елге таратушы Әсет ақын деген пікірді ұстанса, қиссаның бір нұсқасын бізге сақтап жеткізуші Алматы өңірінен Ж.Айдарханұлының: «Нүсіпханды» (қисса кей нұсқаларда осылай аталады. Б.Е) - Абай төңірегіндегі ақындардың біреуі шығарса керек-ті. Мұндағыға дейін, өз басым не Шәкәрім, не Көкбайдікі деп келгенім бар. Кім жазса да ақындық қуаты толысқан адамдікі. Бейнелі тіл ерекшелігі, көркемдік келбеті көп дастандардан көш ілгері. Өкініштісі, авторы кім екендігін ешкім де дөп басып айта алмайды» [242, 165-б.] ,- деген пікірі қисса авторының әлі де болса анықталмағанын айғақтайды. «Түсіпхан» кейіннен «Жетінші қазына» деген жинақта жарияланды. Дастанның алғысөзінде ғалым Т.Жұртбай төмендегідей ел аузынан жеткен әңгіме келтіреді: «Абайдың ауылында аяқ-қолы быртық, мүсәпір Түсіпхан атты Қарқаралы жақтан келген мүгедек адам болыпты. Абайға нағашы болып келеді. Кешке қарай төбе басына бір топ шәкірттерімен шығып айналаны шолып тұрғанда, өздеріне қарай домалаңдай басып келе жатқан Түсіпханды көзі шалады да:
- Шіркін-ай, мына Түсіпхан да өмір сүрдім дейді-ау. Қатын-бала, артында қалар қайратты әрекеті, ұшқыр сөзі жоқ. Ақындықтарыңа, адамгершіліктеріңе сын болсын осы Түсіпханды мәңгілік есте сақтап, ұмыттырмайтын естелік қалдырыңдаршы,- депті Абай. Мағауия мен Көкбайдың өлеңі ұстазға ұнамайды. М.Әуезов Абайдың ақын шәкірттерінің бірі ретінде барлық зерттеулерінде баса көрсететін, Тобықтының арасындағы аз ағайын Торғайдың (дұрысы – Топайдың Б.Е) ішіндегі Бейсенбай ақын қазіргі жұртқа мәлім, «Жүрегіңді жылататын» «Түсіпхан» қиссасын шығарады. Сол нұсқаны ұлы ақын мақұлдап, «бейшараның аты енді өшпейді. Өзі көрмеген қызықты, жар ләззатын кіргізіп жан азабын, арманда өткен ғұмырын әсерлі жырлапсың»,- деп қош көріпті» [243, 227-б.]. Дәл осы қисса «Нүсіпхан» деген атпен М.Ж.Көпейұлының да қанжығасына байланып, ақынның көптомдық шығармалар жинағынан орын алды [244, Б. 268-326]. Дастанның М.Ж.Көпейұлынікі деген нұсқасының кіріспесінде:
Көрмеген ешкім опа мал мен жаннан,
Аттанған кебін бөзбен бұл жалғаннан.
Ақыны Баянауыл-Керекудің
Сөйлейді Мәшһүр-Жүсіп Нүсіпханнан [244, 268-б.],-
деген жолдар дастанның авторы Мәшһүр-Жүсіп екенін иландырады. М.Ж.Көпейұлы дастандарын зерттеуші Г.Жүсіпова туындының жазылу стиліне, ақынның басқа шығармаларымен үндестігіне назар аудара отырып, «Нүсіпхан» дастанын Көпейұлының мұрасына жатқызуға тырысқан. Зерттеуші дастанға арналған мақаласында Көпейұлы көп қолданатын «бисмилла» сөзінің дастанда молынан кездесуі, фольклор үлгілерін жинаушы болғандықтан, шығармадағы соның әсерінің молдығы сияқты дәлелдерді алға тартқанмен, мұндай «даралық нышандар» М.Ж.Көпейұлының авторлық құқын қорғауға тым әлсіз дер едік. Ал, кіріспедегі Мәшһүр-Жүсіптің атын кейінгі жырлаушылар енгізуі де ықтимал. Г.Жүсіпованың « Біздіңше, поэманы Абай төңірегіндегілер емес, шеттен келген біреу жазған» [245, 46-б.],- деген пікір-дәлелдерін де құп алу қиын. «Өзінің жас жігіт кезінде шығарған осы дастанын Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы бірнеше дана қып көшіріп өз достарына сыйлаған. Мәшекеңнің қолтаңбасының бір данасын оның ең жақсы көретін дарынды шәкірттерінің бірі – белгілі ақын Әсет Найманбаев қалап алған екен» [245, 44-б.] ,- деген пікірін де дәлелді деректерсіз қабылдай салу – ақиқатқа жетудің жолы емес.
Демек, «Түсіпхан» қиссасын Мәшһүр-Жүсіптің, Әсеттің қанжығаларына байлау сәл ертерек сияқты. Әлі дәлелді деректер мен тиянақты зерттеуді кажет ететін бұл туындыны Т.Жұртбайдың естелігінде келтірілгендей Абай нұсқауымен оның шәкірттерінің бірі жазғандығы шындыққа жақын келеді. Өйткені, шығарма оқиғасы Құнанбай, Абай сияқты кейіпкерлер төңірегінде өрбігенмен, тарихи туындыға жатпайтынын ескерген жөн. Басты кейіпкер - Нүсіпхан (Түсіпхан) деген Абайдың досы болмағаны аян. «Түсіпхан» қиссасы туралы әр-түрлі пікір білдіріп, дастанды Абай мен Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазған екен-мыс, Жамал сұлу Құнанбаймен бірге шынында да Мекеге барған екен-мыс, Түсіпхан Абайдың жан досы болыпты-мыс деген жаңсақ ойлар айтылып жүр» [243, 228-б.] ,- деген ғалым Т.Жұртбайдың пікірінің жаны бар. Сондай-ақ, қиссаны Бейсенбай ақынның қанжығасына байлауға нақты дәлелдердің болмауы себепті де, шығарманың авторын анықтауды кейінге қалдыра тұрамыз.
Сондай екіұшты дүниелердің бірі - Әсет ақынның «Бақтиярдың қырық бұтағы» топтама дастандарын жырлаушылардың бірі болуы. Жалпы қазақ әдебиетінде циклді дастандар тобына жататын «Бақтиярдың қырық бұтағын» жырлаушы - Жанұзақ ақын. Жанұзақ нұсқасын Шыңжан өлкесіндегі қазақтар арасына таратқан ақынның баласы, Әсеттің ақын шәкірті, үлкен жыршы - Әріпжан Жанұзақұлы. Бұл тармақты қиссаларды Әсет те жырлаған. Тіпті, қырық бұтаққа қырық дастан арнауға өзіне мақсат қойған,- деген сөз бар ел арасында. Бірақ, қазақ қиссаларының ішінде «қырық бұтаққа» жататын қиссалардың басы біріктіріліп, жинақталды ма, оларды қай ақындар жырлаған, әр ақынның бір оқиғаға жазылған қиссаларына салыстырулар жүргізілді ме?- деген сауалдар төңірегінде нақты зерттеулер болмағандықтан, Әсет қиссаларының бұл топтамасына бас сұғып, пікір айту әлі ертерек сияқты. Мәселен, қытайда шыққан екі томдыққа осы «қырық бұтаққа» кіретін деген Әсеттікі ретінде бізге таныс емес «Алтын балақ ақ сұңқар», «Бақтияр», «Дастархан», «Жамсап», «Нұғыман – Нағым» деген дастандар енген. Енді осы қиссалардың бәрі Әсеттікі дейтін дәлел керек. Дәлел - текстологиялық, тарихи-салыстымалы т.б. зерттеулер арқылы ғана келеді. «Қырық бұтаққа» қосқан әр ақынның үлесін айқындап барып, оларды өзара салыстырғанда ғана «Бақтиярдың қырық бұтағы» деген көне әдеби ескерткіштің қазақ даласындағы тамаша үлгісі өз дәрежесінде көрініп қана қоймай, оны жырлаған қазақ ақындарының әдебиеттегі тұғыры биіктей түсер еді. Сондай-ақ, Әсет ақынның көлемді шығармалары туралы айтқанда біз естімеген «Омар патша» деген дастанының болғандығы айтылып жүр [246, 21-б.].
Әсет шығармаларын жариялауда «Абай» журналы айтарлықтай істер атқаруда. «Француз патшасының баласы» (Абай, 1994, №10), «Нұғман-Нағым» (Абай, 2002, №1), «Кертолғау» (Абай, 1998, №4), «Өнер», «Құмай торы», «Гүлзағипа-Гінәр төре» (Абай, 2003, №1) деген ел аузынан жетіп, кейбірі қытай жерінде басылған дастандары және бірнеше өлеңдері осы журналда жарияланып келеді. Дастан дегенімізбен «Кертолғау», «Өнер», «Құмай торы» - көлемі шағын шығармалар. Табиғаты жағынан бұлар толғауға, «Құмай торы» оқиғалы өтірік өлеңге келеді. Біздің сөз етіп отырған тақырыбымыз, негізінен, Абай мен Әсет арасындағы рухани байланыс болғандықтан, жеке бір ауқымды тақырыпқа жүк боларлық ақынның көлемді туындыларына қатысты көкейкесті-ау деген тұстарына ғана назар аудардық.
Әсет өлеңді ауызша да, жазып та шығарған дегенімізбен, суырыпсалмалығы басым болған. Бізге жеткені - ел арасына тараған ақынның ән өлеңдері және ауызша біреуден-біреуге жеткен өлеңдері. Өз қолымен жазып қалдырған қолжазбасы жетпеген ақын:
Артыма сөз қалдырмай ала кеттім
Қаптағы дән сияқты себілмеген.
Менен сорлы ақын да өтті ме екен
Бір сөзі баспа орнына берілмеген [221, 55-б.],-
деп күйзелетіні бар. Әсеттің ауыр тағдыры өлеңдерін жинап, баспаға ұсынуына мұрша бермеді. Дүниесі де, малы да әні мен өлеңі болған ақын саясатқа жақпағандықтан жат жерде біреудің босағасында уланып өлді. «Алашқа атым шыққан Әсет ақын, өлеңім – жан жолдасым болған жақын»,- деп өлеңіне мұңын шағып, күңіреніп өтті дүниеден. Адамзаттың бұлбұлы арманда кетті. Бірінші арманы – ұл-қызын жеткізе алмады, екінші арманы - өлеңі басылмады, үшінші – сүйегі туған жерде қалмады. Ақтық сөзінде балаларын елге жеткізуді сұрапты.
Әсет ақын көз жұмғаннан соң да көп уақытқа дейін өлең-сөзі жарыққа шықпады. Ең алдымен, Әсет – діндар ақын, кеңес өкіметін ашық жамандап жазған, оның үстіне Қытайға қашып кеткен адам ретінде қараланды. 1951 жылы Абай шәкірттерінің тізімінен сызылды. Абайдың қасында үш жыл жүріп, ортасын ән мен күйге бөлеген, тамаша туындылар қалдарған Әсеттің аты «Абай жолы» эпопеясында да аталмауы бәлкім содан болар. М.Әуезов Әсеттің атын «Абай» трагедиясына кіргізген де болатын. «Мұндағы Әсет ең соңғы суреттің алдыңғы актыларында алыстан, Жетісу жерінен келген шәкірт ретінде көрінеді» [247, 374-б.]. Алайда алғашқы нұсқаны сан мәрте түзетіп, толықтырулар кісі есімдерінің де ауысуларына әкелді. Соның ішінде Әсеттің орны соқыр ақын Зейнеппен ауыстырылды. Оның саяси салдары бар еді.
Кеңес өкіметінде жылымық кезең орнаған шақта тау асып кеткен ақын шығармаларының дені Қытайда қалып, біз Әсеттің жас кезінде елге тараған өлеңдерін ғана талғажау еттік. Тек тәуелсіздік қана шекараның арғы-бергі жағындағы Әсеттің сөз маржандарын теріп, басын біріктіруге жол ашты. Демек, «ішімде көп сөз кетті-ау терілмеген» деп аһ ұрған ақынның арман-шері ғасырға жуық уақыт оздырып барып орындалмақ.
Әлі күнге ғылыми өмірбаяны түзілмеген Әсет өмірінің мәнді кезеңі ол Абаймен болған жылдары. Айтысқа түсіп, ән айтып атағы шыға бастаған Әсетті 1889 жылы Абай әдейілеп қасына шақырады. Жиырма екі жасар жігіттің ақындығы, әсіресе, әншілік өнері Абайға аса қатты ұнаса керек. Әсет - талантты ақын. Ал оның әншілік өнері, дауысы басқалармен салыстырғанда мыңнан тұлпарға ғана бағаланар ерекше дарын еді. Қытайда шыққан Әсет шығармаларының ішінде «Жас жайлы» деген өлеңі бар. Сол өлеңінде Әсет былай дейді:
Он жаста өз құрбымнан болдым зерек,
Он бесте ынта бердім өлеңге ерек.
Келгенде жиырмаға адам болып
Қыр-сырын дүниенің көрдім елеп [236, 90-б.] ,-
дегендегі дүниенің қыр-сырын таныған кезі - Абайды кездестірген уақыты.
Жиырмадан астам әні бізге белгілі Әсеттің ән дүниесі өнертану ғылымында бөлекше бір тақырып бола алады. М.Әуезов былай деп жазды: «Әлдеқандай себептермен қалаға барып оқи алмай қалып, өз маңайына жиналған іні, бала, ағайын-туысқан сияқты жастардың тәрбиесін қатты ескергендіктен, Абай жалғыз өз өсиетіне қанағат қылмай, бұлардың сезім тәрбиесін толтырмақ болып, сол 89-жылы музыка үйретпекші болады. Сол мақсатпен Көкен еліндегі Мұқа деген скипкешіні ауылына алғызады. Тағы сол жылы Әсет деген ақынды да сақтайды. Осымен 91-жылға шейінгі өмірі Абайдың ең мағыналы өткізген жылдары болады» [116, 144-б.]. Бұдан білетініміз, Әсеттің бел баласы Қожекенің айтуынша 1889 жылдан бастап, Әсет Абай ауылында үш жылдай болған [248]. Бұл жылдар 1889-1891 жылдар аралығы Әуезов айтқандай Абайдың ең мағыналы да, шығармашылығы үшін өнімді жылдары болды.
«Көкбайдың ақындығы» деген мақаласында М.Әуезов Абай шәкірттерінің қатарында Әріп пен Әсетті атап, Әсет туралы: «Ақындық ерекше үлгілері Абаймен аса жақын түйісіп отыратын тағы бір белгілі ақын Әсет болатын. Оның да Абай атын атап айтқан, өзіне соны үлгі етіп сөйлеген сөздері аз емес» [5, 117-б.] ,- деген пікірін басшылыққа алып, екі ақын арасындағы рухани байланысқа тоқталсақ. Ақын өлеңдерінен бірер мысал:
Қазағым, сәнің кетті, қайран жұртым,
Бұзып тұр мына заман елдің шырқын.
Бір адам заманадан хабары жоқ
Жазылар надандықтан енді тұрқың [221, 62-б.],-
деген жолдар - Абайдағы әлеумет «дертінің» жалғасы. «Ғылым таппай, мақтанба» деген қайда, талай ғибрат, тәмсіл сөз бұрын өтті»,- деп қай тақырыпты қозғамасын Абай сөзіне жүгініп отыратын Әсет көлемді шығармалар жазуда да ұстазға арқа сүйеді.
Әсет келген жылы Абай Пушкиннің «Евгений Онегинін» қазақша сөйлетті. Көп уақыт өтпей:
Қазақтың Абайындай болмасам да,
Бұл жерде өз тілімде айтып берем [221, 177-б.] ,-
деген Әсет Пушкин шығармасын өзінше жырлады.
Әсеттің қытайда шыққан қос томдығын парақтағанда ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыстың көздері ашыла түседі. «Отыздағы ой» деген дидактикалық тақырыптағы ұзақ өлеңінде:
Басқаның бәрі бітер бақ та таяр,
Артына сөз қалтырған адам өлмес.
Абайдай айналаға тағлым жайған
Әулиеміз көшкен соң қайтып келмес [236, 52-б.] ,-
деп толғанады. Осы жинақта Әсеттің саяси көзқарасының айқын көзқарасын танытатын «Алашқа» деген атақты өлеңі бар. Әсет халықты бастап алып қайраңға отырған Алашорда өкіметіне өкпе арта сөйлейді. Бір жағы «ғылымсыз надан жұртқа насихат айтам» деп діңкесі құрыған қазақтың көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының ерен ісіне күйіне де, сүйіне де жырға қосады. Күйдіретіні – ғылым мен білімнің қадір-қасиетін жағы талғанша жалықпай түсіндірген көшбасшыға ермей, қараңғылықтың құшағында жатқан қазақтың қылығы.
...Жайылған дүниеге ғылым пәннен
Құр қалдық қой, қазағым, дәмін татпай.
Міржақып Дулатов пен марқұм Абай
Мелләт үшін орысқа өтті жақпай [236, 107-б.] ,-
деп Абай бастаған ұлт зиялыларының орыс отарлауына қарсылық күйін жырға қосады. Алаштың санасын оятуда Әсет:
Абай марқұм анықтап айтпады ма
Біліммен қонатынын дәулет ырыс [236, 107-б.] ,-
деп әркез ұстазға жүгініп отырады.
Абай айтты ғибрат, оқың тәмсіл,
Біз соның дәмін татып, жолын бастық [236, 117-б.] ,-
дейді Абайдың алдын көріп, поэзиядағы жолын жалғастырған шәкірт-ақын.
Әрине, Абай үлгісімен жалғыз «Евгений Онегин» емес, қиял-ғажайып ертегіге ұқсас шытырман оқиғалы дастан – «Ағаш ат», маңғол тұрмысына арналған «Салиха-Сәмен» дастандарында да Абай тәлімі жоқ емес. Басқа халықтар өмірінен оқиғалы шығарма жазу Ақылбай, Мағауиялармен бірге Әсеттің шығармашылығында да кездесуін Абай мектебіне тән ерекшелік деп түсінген жөн. «Ағаш ат» поэмасын Әсет Абай ауылында болған 1889-90 жылдары жазған, яғни Абай айтуынан тараған шығыстық сюжеттегі көп әңгімелердің бірін, бірін болғанда қазақтың көзін қарықтырар жаңа, тосын өнерді насихаттау мақсатында Әсет поэмаға айналдырған. Тіпті, Абайдың өзі Көкбай, Ақылбай, Мағауияларға тапсырма бергендегі сияқты Әсетке де тақырып берді десек қателеспейміз. Қалай десек те, Әсеттің романтикалық тақырыпта поэма жазуы және бөтен халықтар өмірін жырлауы - сөз жоқ, Абай ықпалы. Аты аталған шығармаларының қай-қайсысын алсақ та, Абай өнегесі байқалып, шығармалардың ішкі табиғатында Абай шәкірттері Ақылбай, Мағауия шығармаларымен үндестік тауып жатқан ортақ желі менмұндалайды. Бұл туралы сөз кейінірек.
Демек, Абай мен Әсет арасындағы байланысты сөз еткенде Абай өлеңін тілге тиек етіп, Әсетті жерден алып, жерге салудың қажеті шамалы. «Әсетке» өлеңі - ауыр сын арқалағанмен, тек Абайдың ғана, ақындық өнерінен зор үміт күткен жақын шәкіртіне айта алар сөзі. Сүйектен өткізіп айта алмаса, жанына шаншудай батырып, ұялта ой салмаса ол Абай сынына татымас еді. Жақын дос, жанашыр туысқа ғана әдейілеп сөз айтатын Абайға Әсет те жай көптің бірі болмағанын дәлелдейді осы өлең. А.Жұбановтың: «Біреулер Абайдың Әсетке деген бір шумақ өлеңіне сүйене отырып, Абай Әсетті жаратпаған, ақындығын, әншілігін бағаламаған дегісі келеді. Бірақ Абай сияқты данышпанның сыны Әсеттің кейінгі уақыттағы шығармашылық қимылына жақсы әсерін тигізген болу керек» [249, 269-б.] ,- деген пікір екі ақынға да әділ берілген баға. Бақиға аттанарда «Абайдай арт жағына сөз қалдыруды» арман еткен ақынның бізге ауызша ғана жеткен сөз маржанынан-ақ Абай мектебі шаңырағын тіреген тағы бір білекті уықтың Әсет екенін мойындамасқа лажыңыз жоқ.
Алдыңғы тарауда Абайдың қасында екі Баймағамбет болды десек, соның екіншісі - Баймағамбет Айтқожаұлы. Ол - Абайдың алдын көрген, ақындық өнерін ұстанып, ұстаз үлгісімен шығармалар жазған, көзі тірісінде «Шын мақсұттар» атты кітабын шығарған сауатты ақын. Ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасы зерттелмей жатыр деуге болады. Абай еліндегі оқиғаларға қанық зерттеуші Ә.Жиреншин: «Баймағамбет - өмір бойы кедейшілікпен өткен адам. Абаймен аталас Бәкең руынан шыққан. Бұл да Абай ауылына келіп, айлап, апталап жатып өлең-өнерге төселеді» [58, 240-б.] ,- деп жазды. Қ.Мұхамедханұлы 1997 жылғы «Абайдың ақын шәкірттері» еңбегінің төртінші кітабында өміріне шолу жасап, «Шын мақсұттар» жинағына тоқталған. 1915 жылы Семей қаласы «Жәрдем» баспасынан шыққан жинақ Қайым кітабына енген. Осыдан басқа Баймағамбет мұрасын арнайы қарастырған зерттеу жоқ. Баймағамбетпен әңгімелескен жазушы С.Бегалин былай дейді: «Мен көргенде Абай әңгімесін жап-жақсы білетін кісі Баймағамбет Айтқожаұлы еді... Ол кісінің әдебиеттен де хабары бар болатын, ол қазір тірі кісі, солардан әлі де болса толықтырып жинау керек» [93, Б. 59-60] ,- деген ұсынысы өкінішке орай орындалмағанға ұқсайды. Біз бұл еңбегімізде Б.Айтқожаұлының шығармашылық өмірбаянына кеңінен тоқталуды мақсат етпедік. Біздің мақсат - Абай мен Баймағамбеттің арасындағы рухани жақындықтың тамырын басу, Баймағамбет шығармашылығында көрініс тапқан Абай поэзиясының үлгісіне мән беру. Баймағамбет күшті ақын болмағанмен, Абайдың қасында өсиетін көп тыңдап, әр сөзіне мән беріп өскен талантты да, талапты шәкірт.
Кешегі айтылғалы Абай сөзі,
Әркімнің мәлім болды сыр мінезі.
Білмегенге қараңғы қайда жүрсе
Білгендер әдетінен болды мезі,-
деген шәкірт Абайға құр табынушы емес, ұстаз көзқарасын ұстанып, шама-шарқынша әдебиетте жалғастырушыға айналды.
Қисса жазған ақынның өлеңдері,
Пәлен бай, пәлен батыр дегендері [250, 90-б.] ,-
деп Абайша сынауға ұмтылды. Хәкімнің аузынан шыққан ғибратты сөзін жалпақ жұртқа жеткізуді өмірінің мақсаты еткен Баймағамбет, ұстаз арманын жалғаушы ақынға айналды. Абайдың «Мың бір түннен» айтқан ертегілерінің ішінен өзі таңдап «Ғалайтдин Ғабдысамат», «Софы Аллаяр» деген екі шағын дастан жазады. «Бұрынғы бір ескі сөз құлақ қанған» дегеннен-ақ «Ғалайтдин Ғабдысамат» Абайдан естіген әңгімесін өлеңмен жазғандығының белгісі болса, екінші шығармасы «Софы Аллаяр» тақырыбынан да Абайдың ықпалы байқалады.
ХҮІІІ ғасырдың орта шенінде өмір сүрген Аллаяр сопының бізге төрт кітабы жеткен. Басты шығармасы «Ғазизаға бағыштау» кітабы 1893 жылы Қазанда басылса, «Аллаяр сопы» кітабы 1889 жылы Стамбулда арабша, түрікше, парсыша шыққан кітаптың авторы - сопылық әдебиеттің ірі өкілі. «Орта Азияда Әлішер Науаи, Мырза Бедил, Молда Жәми, Сопы Аллаярдың еңбектері «Чар кітап» деп аталып, мектептер мен медреселерде арнайы оқытылды» [251, 32-б.]. Қазақ даласындағы мұсылманша сауат ашқан шәкірттер «Аллаяр сопы» кітабын міндетті түрде оқығандығын ескерсек, Абай Аллаяр сопы шығармаларын жасынан «Ахмет Ризада» жүрген шағынан-ақ білген деуге болады. Абайдың 38-ші қарасөзінде «бір фәрдәдән жүз фәрдә бижай» деген Аллаяр сопының бір сөзін келтіргенін екі тұлға арасындағы байланыстың көзі ретінде айтып жүрміз. Дәл осы сөзді «Абай жолында» М.Әуезов Абайға назданған Салтанаттың аузына салады. Сондай-ақ, Сопының сөзі Абайда: «Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды»,- деген жыр жолдарына да айналған ғой. Негізінде, Аллаяр сопы мен Абай арасындағы рухани байланыс көздерін Абайдың сопылық туралы ой түйіндерінен іздеу керек. Өйткені, жасынан кітаптарымен таныс болған ақын сопы Аллаярдың өмірі, шығармаларын терең білген. Аллаяр сопының ғибратын насихаттау Шортанбайдың да шығармаларында көрініс тапқан.
Аллаярдың әуелде көп жұмыр басты пенденің бірі ретінде озбырлық пен қатыгездікке жол беріп, кейіннен тәубәсіне түсіп, Алланның құлы болған айрықша өмір жолын Баймағамбет Абайдан естіп шығармасына арқау етті. Түзу жолға түскен Аллаяр өмір жолын жыр етудің тәрбиелік мәні өте зор. Баймағамбет сопы Аллаярдың шығармаларын Абай үйінен оқуы да ықтимал.
Сопы Аллаяр атанып, болып сопы,
Махабатпен дуылдап ғашық оты.
Қараңғыдан жарқ еткен жалғыз ердің
Кітаптарын қара да сөзін оқы [250, 141-б.] ,-
деп жұртқа кеңес берді. Баймағамбетті Абай шәкірттері қатарында атаған ғалым Қ.Мұхамедханұлының: «Баймағамбет Абай мектебінің ақыны деген атақты ақтаған адам. Олай деуімізге дәлел: Абай шығармаларының үлгісінде жазған өлеңдері және Абайдан естіп ұққан уақиғалар негізінде жазған дастандары болады» [250, 96-б.] ,- деген пікірі толық дәлелді. Сондықтан, Баймағамбет Айтқожаұлын қазақ әдебиетіне Абай үлгісінде із қалдырған көрнекті өкілдердің қатарында атау орынды.
Әрқашан өмірде де, өнерде де Абайға арқа сүйеп, ұстаздық тағлымын алған шәкірт ақындардың бірі – Уәйіс Шондыбайұлы десек, бұл шәкіртінің бойында Абайдың ізбасарына лайық өнердің бәрі бар. Ақын, әнші, шебер музыкант сияқты өнердің неше алуан түрін бойына жиған Уәйіс жастайынан елге таныла бастайды. Тобықтымен көршілес Керей елінің ақыны боп, сөз түзей бастаған Уәйісті Абайдың көзі шалады. Уәйіс жайында құнды деректер беруші Өкітай Ахметовтің жеке мұрағатында ақынның төмендегідей жыр жолдары сақталған екен:
Атақ-даңқ өзі келді іздемей-ақ,
Кезіктім Ыбырайға он үш жаста-ақ.
Дауылдай өртке тиген өлең шықты
Аман болсын абырой, тіл менен жақ.
Ыбырай дегені - Абай. Жасынан Абайдың назарына ілінген Уәйіс біраз жылда, Қ.Мұхамедханұлының айтуы бойынша 1894-95 жылдары Абайдың шақыруымен Тобықты еліне келеді. Демек, Уәйіс он үш жасынан Абаймен таныс болып, жиырма бір жасынан бастап тікелей ұстаз тәрбиесінде болған шәкірті.
«Бір топ жолдасымен Байғабылдан Ақылбай келген. Абайдың сәлемімен, осы соңғы жылдарда «ақын» деген атағы шыққан Керей Уәйіс, Топайдан Бейсенбай деген ақындар да келіпті» [94, 285-б.]. Әуезовтің «Абай жолында» Уәйістің аты осы жалғыз-ақ жерде аталатын себептің бірі - ол Абайдың өз балалары немесе Көкбай, Шәкәрімдер сияқты Абайдың қасында үнемі бола алған жоқ. 1890-жылдардың соңғы жағында Абай ауылына келген Уәйіс нақты қанша уақыт Абай қасында болғаны туралы дәлді дерек жоқ. Өйткені, Уәйістің өмірбаяны әлі ғылыми жүйеге түспеген. Төңкеріске дейінгі өмірі туралы деректер мүлде жоқ деуге болады. Шығармаларының тек 1916 жылдан кейінгілері ғана сақталғандығын ескерсеңіз, Уәйістің шығармашылық өмірбаянына толымды баға беру мүмкін емес. Тек, кейбір естеліктерге сүйене отырып, ақынның Абаймен байланысына барлау жасауға болады.
Уәйіс Абаймен күнделікті кездесіп тұруына мүмкіндігі болмағанымен, Абайдың поэзиядағы ізін жалғастырып, талантты шәкірттерінің қатарына қосылды. Уәйістің ақындық қарымын байқаған ұстаз шығармашылық тапсырма береді.
Орыстың ертегі еді Иванушке,
Шығардым өлең қылып ерте, кеште.
Ыбырай жазып бер деп бұйырған соң
Дей ме деп тіл алмайтын неткен кеще[102, 274-б.],- деп орыстың ертегісін қазақшалайды. Абайдың өзі бастап оның айналасындағы ақындарды қатты қызықтырған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын Уәйіс өзінше жырлаған. Абай арқылы оның айналасына тараған «Қырық уәзір» хикаясынан «Бір қыздың уақиғасы» деген шағын үзіндіні поэма етеді. Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген еңбегінде сөз болатын Алаша хан туралы, оның ұлы Жошының өлімі туралы қазақ арасына тараған аңызды дастанға айналдырады.
Бізге жеткен өлеңдерінің өзі Абайға аса жақын келіп, Уәйіс әр кез ұстаз поэзиясына арқа сүйеп отырады:
Аңсарың ауып кетіпті,
Момындарды жемекке.
Жарай ма деп ойлайсың
Осы маған керекке.
Адамдықтан айырылып,
Байлардың сөзін көмек те
Келеке қылып шілікті
Мерт болған жоқ па терек те.
Осы да мәлім емес пе
Зейіні бар зерекке [102, 190-б.] ,-
деген өлең жолдарында Абай өлеңіне жүгінеді. Абайдың «Емен мен шілік» деген И.Крыловтан аудармасын меңзеп отыр ақын. Менменсіп, құдайын ұмытқандарды терекке (Абайда емен Б.А) теңеп, оларды да құлатар қара дауыл болатынын ескертеді. Қай кезеңде болмасын Уәйіс:
Жан құрбан халық үшін қылайық та,
Бұл істен не боламыз қашқанымыз.
Ақылын айтып-айтып Абай кеткен
Қазақта сол емес пе асқанымыз [102, 186-б.],-
деп Абай сөзіне арқа сүйеп, жұртқа Абай өнегесін ұсынады. Көзі тірісінде ұстазын қорған көрген Уәйіс ел жуандарының содырлығынан аулаққа кетіп, Абай ауылын паналайды. 1919 жылдары Уәйістің шымшыма өлеңдері жуан ата Манабай, Алтыбай деген туыстарына тиіп, олар ақынға тізесін батыра бастайды. Уәйістің ауылы Көлбай тұқымы бір түнде аталастарынан бөлініп, Шыңғыстауға көшкен екен. Төлеу ақынның Уәйіспен айтысында:
Уәйіс, жайың қалай болып жатыр,
Бөлініп елің неге қонып жатыр.
Анада кездескенде көппін деп ең
Неліктен толған көңілің солып жатыр [102, 246-б.],-
деген қағытпасына Уәйіс:
Тобықты бөтен ел ме, Абайы бар,
Кеткен соң жақын тауып қалайы бар.
Бармаған өнер қуып жерім бар ма
Не демес күншілдікпен сендей қулар [102, 248 б],-
деп жауап береді. Көзі тірісінде өнегелі ұстаз, қамқор аға бола білген Абай дүниеден өткеннен кейін де оның рухы шәкірттеріне пана, қорған бола алған ғой.
Абайдың есімін өз поэзиясына арқау етіп, ұстаз жолын жалғастырушы шәкірттерінің бірі – Мұқа (шын аты – Мұхамедқанапия) Әділханұлы. Мұқаның әкесі - Әділхан Жарқынұлы шебер домбырашы, Абаймен сыйлас, дос болған адам. Паналаған дейтін себебіміз, Мұқа - Уақ елінің азаматы. Жасынан өнер аңсап, Семей қаласына кетіп, Ғарифолла деген татар скрипкашысынан скрипка үйреніп, шебер музыкант атанады. Сөйтіп жүргенде бір ағайыны өліп, жесір қалған әйелімен Мұқаның көңілі жарасып, туыстарының рұқсатын алмастан әйелді алып қашып, Абай ауылына келеді. Абай ағайынды Әділхан мен жесірдің иесі Әлімханға хат жазып, дауды тоқтатады. Осыдан бастап Мұқа Абайдың өнерпаз шәкіртіне айналады. Мұқаның ақындығынан гөрі әнші, музыканттық өнері ел ішіне кең тараған. Абай айналасына алғаш скрипка өнерін үйреткен осы - Мұқа. Абай балаларына скрипканы үйрету үшін Мұқаны әдейілеп шақыртқан екен. М.Әуезов Мұқаны жақсы білген. Қ.Мұхамедханұлының айтуынша екеуі 1926 жылы кездескен [124, 280-б.]. Көп сырласқан өнер адамын М.Әуезов «Абай жолында» Абай жанындағы жарқын тұлғалардың бірі ретінде суреттейді. «Қастықта» таруына көз жіберсеңіз Әзімхан төре Семейтаудың бауырындағы қыстақта Мұқаның аузынан «Татьяна, Онегин» жырын тыңдап таң-тамаша қалатыны бар. Осындағы Әзімхан төренің прототипі - Әлихан Бөкейханұлы. Романда Абайды білгісі келіп, аса ықылас танытқан Әлиханды тарихи қалпында беруге жол жоқ еді. Саясаттың салқыны Ә.Бөкейханұлын «өзіне біткен топастау, оқыс мінезді» етіп суреттеуге мәжбүр етті. Романдағы Абай өлеңін айтушы Мұқамен кездесуін М.Әуезов Әлиханның Абай туралы жазған қазанамасынан алған. Ә.Бөкейханұлының: «1899 году в Коконской волости киргизский певец Адылхан (Мұқаны әкесінің атымен ауыстырып алып тұр Б.Е) предложил нам послушать «письмо Татьяны» под аккомпонемент его скрипки. На наше удивление, откуда он знает «письмо Татьяны», Адылхан, не без гордости указал на себя, пояснил, что у русских был такой же, как он, певец-ахын Пушкин, который воспел, как Татьяна «слу» (красавица) полюбила джигита Онегина, которому и написала письмо. В тот же вечер Адылхан, знающий много оригинальных стихов Абая, спел нам несколько его переводов из Лермонтова, пояснив при этом, что Лермонтов был недоволен жизнью, а Пушкин относился к ней, как мудрец. Впоследсвии автору этих строк пришлось убедиться в том, что в Киргизской степи в разных уездах ахыны знали и распевали на балалайке (домбре) переводы Абая из Пушкина и Лермонтова» [11, 26-б.] ,- деген пікірі сол қалпында Әуезовтің көркем шығармасына арқау болған. Өнерпаз Мұқа әнге қосып өлең де шығарған. Бізге жеткені әнмен айтылатын бір-екі өлеңі ғана. Туған жердің табиғатын Абайша жырлауға ұмтылып, сол саялы жерге ұстазын қонаққа шақырады:
Көкенге көңілім толып, Абай аға,
Берерсің өз көзіңмен көріп баға.
Ең үстін домбырамның әнге күйлеп
Мен соқтым «Дунайская волнаға».
Ұқсайды орман, нуы Иранбаққа,
Әрбір тасы ұқсайды бейне таққа.
Ойнайық гүл саяда көңіл ашып
Бейіліңмен Абай аға, кел қонаққа [124, 287-б.] ,-
деген жолдардан мінсіз ақындықтың үлгісін көріп тұрмағанымызбен, Мұқаның Абайға деген шынайы көңілін тап басамыз. Абайдың мұрасын, өлеңдерін, әндерін халыққа кеңінен насихаттауда шәкірттерінің ішінде Мұқа сынды өнерпаздың орны дара тұр.
Ойымызды түйіндесек, Абайдың атын қазақ поэзиясына алғаш әкелген оның шәкірттері. Абайдың есімі, даналыққа толы сөз өрнектері шәкірттер шығармаларында тамсана қайталанып отырған жоқ, Абайдың ақындық өнерде ұстанған жолы, алға қойған мақсаты, ғылым тілімен айтқанда ақындық концепциясы үнемі бағыт сілтер биік нысанаға айналды. Абай тұлғасын бетке ұстап, оның әдебиеттегі ізін жалғастырды, қай тақырыпта болмасын Абай идеялары шәкірт ақындар тарапынан қолдау тауып, дамып, кеңейе берді. Әлеуметтік тақырыптарда құлазыған қоғамның надандық дертіне Абайдың ой қаруын қалқан етсе, нәзік лириканың сырлы әуенін де ұстаз поэзиясының үлгісінен тапты. Қай тақырыпты жырламасын кемеңгер ақынның реалистік дәстүрін өз деңгейлерінде дамытып, сыншыл да, шыншыл поэзияның өкілдері қатарынан орын алды.