Ұлылыққа қарсылық
Айгүл Кемелбаева
Абай қазақтың реалистік жазба әдебиетінің негізін қалаған көшбасшысы, ескінің арты, жаңаның басы саналады. Қазақ әдебиетін өлшеусіз байытқан, рухани түлеткен, соны жолға салып жаңғыртқан ренессанстық тұлға екенінде дау жоқ.
Абай есімі шартарапқа таралған сайын қоғамдық формация ауысқалы бері рухани құндылықтарға көзқарас өзгеріп кеткен, тоғышарлық басып, күнкөріс қамы дендеп тұрған қазақ қоғамында кей сәт Абайдың атын білгенмен, затын білмеушілік ұлғайып бара жатқан сияқты көрінеді. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1942, 1947 жылдары «Абай жолы» роман-эпопеясын жарыққа шығарғанда тарих сахнасынан ең соңғы болып кетіп бара жатқан көшпелі өркениеттің реалистік сипатын асқан суреткерлікпен таңбалап берді. Романның бас кейіпкері Абайдың тұлғалық бейнесін суреттеп жазу арқылы Мұхтар «Абай жолы» дегенде тұтас ұлтқа жөн сілтейді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов расында қазақ жолы осы деп Абайдың адамшылық қағидаларын көрсетіп берді. Қазақ қоғамының барша қайшылығын ет жүрегі арқылы өткізген азапкер тұлғаны ұлықтап, туған ұлтына айқара танытып берген Мұхтар Әуезов Абай жолы, Абай ғибраттары қазақ халқын жақсылыққа бастайды деп білген.
Абай ұлағаты ұлтқа рухани көсем болуға жетіп артылады. Абай танытып кеткен жақсылық пен жамандық категорияларын айқын ұққан қазақ баласы күрмеуі қиын өмірде адаспас еді. Қазақ халқының түйіткүлді мәселесі осыны айқын сезіне алмай отырғанынан болса керек.
Абайды бір ұлттың рухани көсемі, қазақ поэзиясының падишаһы дәрежесінде мойындамауға, оның қайраткерлік, шығармашылық тұлғасын кемсітуге, нақақ жала жабуға тырысу ертеде басталған. Ең жаман жері, ол әзір толастамай келеді. «Қазақтың жауы қазақ деп Абай айтқан», Абай орысшыл, орыс тілін уағыздады, Абай күрескер емес деген сияқты айып тағулар желдей еседі, Абайды даттау әлеуметтік желілерде де оқтын-оқтын кездесіп қалады. Ең әуелі мұндай қысастықтардың адамзат табиғаты үшін сирек кездеспейтін құбылыс екенін айта кетсе түк артық болмас. Ұлылықтың жаратылысының жұмбақтығы мен тартымдылығы соншалық, ұлы адамдар өлгеннен соң 1000 жыл, 500 жыл, 100 жыл өтсе де оларға деген өткір көзқарас еш кемімейді.Ол әртүрлі, қарама-қайшы көзқарас болуы мүмкін. Тіпті, күншілдіктен немесе бір халық екінші халықты тұқыртуға, интеллектуальды қуатын кемсітуге мүдделіктен тууы мүмкін. Мысалы, ағылшынның ұлы драматургі Уильям Шекспирдің авторлығы туралы талас толастамай тұр. Теңдесі жоқ күшті драматургияның шын авторы Шекспир емес деп дәлелдеуге тырысады. Сондай күдік қайдан шықса да бар екені рас. Әлі күнге зерттелініп, зерделеу жалғасуда. Сондай-ақ, өткен ғасырдың аяқ шенінде шетелдік әдебиетшілер тарапынан орыс әдебиетінің алыбы Лев Николаевич Толстойдың тұлғасына астыртын шабуылдар белең алды. Лев Толстойдың ұлы гуманист екенін жоққа шығаруға тырысты. Немесе орыс прозасының XX ғасырдағы кемеңгері, 1965 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Шолоховтың «Тынық Дон» атты ұлы романының авторлығынан сызып тастауға жасалған қастандық әрекетті айтпай кетуге болмайды. Әдеби дәстүрге берік ресейлік филолог-ғалымдар, жазушылар Феликс Кузнецовтың басшылығымен арнайы комитет құруға мәжбүр болып, Шолоховтың жазушылығына, авторлығына қылдай қиянат жасатпай, оның өткен жүзжылдықтағы орыс прозасының ең ірі көркем шығармасы реалистік «Тынық Дон» романының авторы екенін толық айғақтап, ергежейлі терістеуден алыбын қорғап шықты. Шолоховқа шынайы авторлықты, құдай бұйыртқан атақ-даңқты қимаған, жер аударылғанда қазақ даласында қазақтардың жанашырлығымен жан сақтап, кейінірек советтік саясатты әшкерелеген публицистикалық прозасы үшін Нобель сыйлығының лауреаты атанып, болып-толып күшейгенде су ішкен құдығына түкірген документалист-жазушы Александр Солженицын екені белгілі.Шолоховтай көркем жазу, асқан суреткерлік бұйырмаған, прозасында публицистикалық сарын басым Солженицын мұны қандай қисынға сүйеніп жасаса да өзі біледі.Бірақ шындықты жақтау өз дегенін істеді, Шолохов жалған жаладан ақталды.
Ойланарлық мәселе мынада, неге ең ірі, ең суреткер тұлғаларға көзі тірісінде де, олар дүниеден озған соң да творчестосына тас лақтырып, асқақ тұғырдан жұлып тастауға бағытталған зорлықтар тыйылмайды?! Мұның түп себебі неде?! Қазақтың сарапшыл ақыны Мұзафар Әлімбаевтың «Дүниенің қорлығы – дүмшелердің зорлығы» деген афоризмі осы гәпті ашып беруге татиды. Ең негізгі себеп, асқан күншілдікте жатуы ғажап емес. Немесе «Атың шықпаса жер өрте».
Қазақ асқан Абай мен Мұхтарға тас лақтыру осы тәрізді келеңсіздіктерден туады.Бұл тарих сахнасында әбден орнығып алған, өздерін нәсілдік жағынан артық жаралған империялық халықтар санайтын, үстемдігі мен озбырлығы тыйылмағандардың бұратана, екінші сортты, жабайы деп санауға бейім саны аз, кіші ұлттарды менсінбеуінен, оларда бар артықшылықты көре алмаудың кесірінен туған құбылыс. Байлығы мен билігі басым империялық үстем халықтардың баршасы да ғасырлар бойы дамуы артта қалған елдерге жыртқыштық тырнағын батырып, отарлаушылық, миссионерлік саясатты шебер жүргізіп, жер-жаһанның күллі байлығын тонап, тасып алудан озды. Мұны идеологиялық теке-тірес санауға болар. Егер бір ұлттың бетке шығар мықты адамдарынан биік тұғырынан шайқалтып, төменге құлатып жіберсе, әлгі қауым бассыз қалады, қара тобырға айналады ғой. Ал көсемінен айрылған тобырды басқару, айтқанға көндіріп, айдағанға жүргізу оңайға соғады. Мұндағы түпкі арам пиғылдың өзі сондай қиянат, жападан туындайды. Ұлт зиялыларын халық жауы деген кісәпір жаламен тегіс жойған сұрапыл 1937-1938 жылғы саяси-қуғын сүргіннен соң қазақ мектептері жаппай жабылу процесі орын алды. Советтік билік қазақты орыстандыру саясатын жылдам жүргізе бастады.
Бұл процестің қашан басталғанын абайтанушы ғалымдардың зерттеуінен білеміз. Тұрсын Жұртбай «Күйесің, жүрек...сүйесің...» атты кітабында Абайды төмендеткен, оны енді туып келе жатқан қазақ буржуазиясының идеологы деп айдар таққан Ілияс Қабылов есімі аталады. Оның кемеңгерді арандатып жазған мақаласы Абай жөніндегі теріс тұжырымның тізгінін ұстатты деп автор қадап айтады. «Коммунистік-колонизаторлық» кесірлі саясатқа – «қызыл боданға» түскен ұлттың ішінен заманынан ақылы озған адамның шығуы ұнамады.Тегі тектелді. Көзқарастарына толық мән берілді. Қатесін іздеді және ол қатені тапты. Өйткені, Абайды қалайда ұлттың қамын ойлады деген пікірден аулақ ұстау қажет еді. Ұлтшыл, ұлтжанды адамдар ортақшылдар үшін ең қауіпті дұшпан болатын. Жетпіс жыл бойы осы Ілияс Қабылов салған іздің беті толық бүркелген жоқ»; «Абайды орыс оқырмандарының алдында арандатып, халықтың арына айналған Абайды жалған идеяға сатқан және оның ойын бұрмалаған Ілияс Қабыловтың қолында қандай «мәлімет болғанын» біз білмейміз, бірақ та Абайдың шығармасы мен оның өмірбаяндық деректерінен ұлтын арандатуға бағытталған бірде-бір деректің табылмағаны анық». [2, 113-115].
Шынтуайтында, мұндай терістеулер әлі талай бола беруі мүмкін. Бұл ұлылықты түсінбеушіліктен немесе астыртын жаулықтан, яки рухани адасудан шығады. Әйткенмен мұны болғызбаудың, уытын басудың амалын бір Алланың бұйрығы анық танытты. Абайды мансұқтау аса бір нәтеже берген емес. Керісінше, Абай хакімге жала жабылған сайын бір құдайдың құдіретімен ол әлем кемеңгері ретінде өрлеп бара жатқанына қазақ халқы тәубе деуі керек. Бөгде елдер Абайды тануға бет бұрғандай қандай ғанибет! Оның адамзаттың данышпаны, ұлылық дарыған кемел ақын екенін әлем жұртшылығы енді тани бастады. Ал адамзатқа біртұтас тұлға болған ұлылардың ұлысы атанған ақын-жазушылар қашанда таңдаулы әрі саусақпен санарлықтай сирек екені белгілі. Абайдың бақ жұлдызын әуелі өз қазағына танытқан Мұхтар Әуезовтың асыл мұраты орындалды. Аққа қара жұқпайды. Абайды дұшпан пиғылдар қанша қараласа да ол баяғыда әулиелік болмысын жоғалтпайтын қас асылға айналып кеткен.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Абай. Қос томдық. «Жазушы» баспасы. Алматы – 2002. I том. 161, 84 беттер.
2. Тұрсын Жұртбай. «Күйесің, жүрек...сүйесің... (Абай: «Жан бостандығы» немесе рухани тәуелсіздік». «Қайнар» баспасы. Алматы – 2009. 462, 113-115 бет.
3. Ыбырай Алтынсарин. Өлең.
4. Абай. Қос томдық. «Жазушы» баспасы. Алматы – 2002. II том. 24, 23, 10.
5. Айгүл Кемелбаева. «Абай айтпаған жегі сөз». «Егемен Қазақстан» газеті, №26-29. 27.01. 2010. / А.Кемелбаева. «Мәжнүн жүрек», эсселер. «Алаш» баспасы. Алматы – 2013. 218-219 бет.
6. Құран Кәрим. Қазақша мағына және түсінігі. Аударған: Халифа Алтай. Өңдеуші. Дәлелхан Жаналтай. Редакциялаған: Абдұрраһим Алтай. Екі харамның қызметкері Фаһд патшаның Құран Шәриф басым комбинаты –1991. 250 бет.
7. Коран. Перевод смыслов и комментарии Иман Валерии Пороховой. «Аванта+». Москва – 2002. Стр 275, 705.
8. Мағжан Жұмабаев. Өлеңдер. «Тәңірі». «FOLANT» баспасы, Нұр-Сұлтан – 2019. 77-78 бет.
9. Ахмет Байтұрсынов. Ақ жол. «Жалын» баспасы. Алматы – 1991. 216, 218 бет.
10. Қазақ сөздігі. Қазақ тілінің біртомдық түсіндірме сөздігі. А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты. Алматы – 2013. 1259 бет.
11. Шәкерім. Иманым. «Арыс» баспасы Алматы – 2000. 213-214 бет.
12.Лермонтовская энциклопедия.Научное издательство «Большая Российская энциклопедия». Москва – 1999. Стр 329.
13. Yunus Emre Юнус Эмре. Eskişehir – 2013.
14. Сейіт Кенжеахметұлы. Жеті қазына. Жиған-терген. «Ана тілі» жшс Алматы – 2003. 1-ші кітап, 28 бет.
15. Мәшһүр-Жүсіп. Шығармалар жинағы. 4 том, 63 бет. Павлодар – 2005.
16. Сейіт Қасқабасов. Әлем таныған академик. «Арда». Алматы – 2013. 4 бет.
17. Құлмат Өмірәлиев. Абай афоризмі. «Қазақстан». Алматы – 1993. 98-99 бет.
18. Әуелбек Қоңыратбаев. Көп томдық шығармалар жинағы. 5 том. Монографиялық зерттеулер. Абайтану мәселелері. 161 бет. / қазақ әдебиетінің тарихы. 3 том. 149, 150 бет. «МерСал» Баспа үйі. Алматы – 2004.
19. Мурат Султанбеков. Поэтическое вдохновение: Абай, Шакарим и Мухтар. Новосибирск, 2007. Стр 19.
20. Серік Негимов. Шығармалары. Бес томдық. I том. Шешендік өнер. «FOLANT» баспасы. Астана – 2018. 198-199 бет.
21. Рәбиға Сыздық. Абай және қазақ әдеби тілі. Мақала. «Абай» журналы, №2.2005.
22. Қайым Мұхамедханұлы. Абайдың ақын шәкірттері. Алматы. «Дәуір» баспасы– 1993. Бірінші кітап. 202-203 бет.
23. Қайым Мұхамедханұлы. Абайдың ақын шәкірттері. Алматы. «Дәуір» баспасы – 1995. Үшінші кітап. 178-179 бет.
24. Қайым Мұхамедханұлы. Абайдың ақын шәкірттері. Алматы. «Дәуір» баспасы – 1997. Төртінші кітап. 185 бет.
25. Қайым Мұхамедханұлы. Абайдың ақын шәкірттері. Алматы. «Дәуір» баспасы – 1994. Екінші кітап. 134 бет.
26. Мейірхан Ақдәулетұлы. «Абайға құлақ салсаңыз...». Қаламгер кз, 08. 2021. / «Арай» журналы, 1991.
27. Айгүл Кемелбаева. «Ілияс Жансүгіров. Табиғат лирикасы». Эссе. «Ана тілі» газеті, №50-51. 12.12. 2019. 5 бет.