Әдеби ортаның ақынға рухани ықпалы (1-бөлім)
Бауыржан Ердембеков
Жалғасы
М.Әуезовтің: «Тегінде, Абай шығармаларының барлық қор нәрі үлкен үш арнадан құралады. Бұның біріншісі, ең молы – қазақтың халық әдебиетінің мұра-тумалары, екіншісі – шығыс әдебиетінен келген және ең аз сезілетін белгілер. Үшіншісі – Абайды мәдениетті, үлкен аңғарлы зор ақын етіп көрсететін батыс әдебиетінің үлгі-өрнектері» [104, 259-б.] ,- деген құнды пікірді бүгінгі абайтанушылар темірқазық етіп келе жатқаны анық. Алайда осы пікірдің астарында ғұлама жазушының айта алмай, ішке бүккен сыры уақыт өткен сайын анықтала түскендей. Шығыс әдебиетінің Абайға әсерін толық күйде көрсету кеңестік кезеңде мүмкін болмады дедік. Әйтпесе, бүгінгі абайтану ғылымы орыс пен батыстың Абайға тигізген ықпалынан шығыстан келген қайнардың данышпан ақынға әсері аз болмағандығын дәлелдеді, сол қайнарды әлі де үңги түсу керек. Өйткені, Абай және шығыс тақырыбы тәуелсіздіктің арқасында енді қарқын алып, зерттелу аясы кеңіп келеді. Ал, қазақтың төл әдебиетінің әсерін Әуезов «ең молы» деп тектен-тек нығыздап айтпаса керек-ті. Әуезовтен кейін де осы бір қазақтың төл әдебиетінің Абайға әсері, одан туындайтын ақынды қалыптастырған әдеби орта (литературные окружение поэта) мәселесіне орыс пен басқа еуропа елдерінде баса ден қойылса, бұл тақырып бізде Абайды айналсоқтап, тиіп-қашып қарастырылып келе жатқандығы шындық. Соның салдарынан, кезінде Абайға, оның ақын болып қалыптасуына әсер еткен үлкенді-кішілі әдебиет өкілдерінің Абаймен байланысы, дәл осы Абайға қатысы туралы деректер, естеліктер жылдан-жылға жұпыны тартып барады. Осы тақырып төңірегінде қырқыншы-елуінші жылдарда Әуезов ғылыми айналымға енгізген бірді-екілі деректерді талғажау етіп келгенімізді жасырғаннан ұтарымыз шамалы.
Тақырыптың зерттелмей келуіне себеп көп. Кез-келген тұлғаны тамырынан ажырату, төл тарихынан, әдебиетінен, оның белгілі өкілдерінен бөліп тастау кеңестік идеологияның негізгі мақсаты болса, бұл қиянатқа Абай тұлғасы белшесінен батты. Кеңестік заманда тек қана кедейдің Абайы болған ақынның:
Шортанбай, Дулат пенен Бұхар жырау,
Сөзінің бірі жамау, бірі құрау, -
немесе,
Ескі бише отырман бос мақалдан,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап [105, 94-б.] ,-
деген сөздерін желеу етіп, Абайды өзіне дейінгі төл әдебиетіне қарсы қойып, алшақтатып, социалистік қалыпқа сай «советтік» Абайды жасап алдық. Бүгінгі таңға шейін Абайдың өзіне дейінгі ақын-жырауларға, замандас сөз зергерлеріне деген таным-таразысын әлгі айтылған тармақтардың аясында ғана қарау, яғни біржақты баға беру сол қалпынан онша өзгере қоймай келеді. Оның астарында «Абайға дейінгі қазақ ақындарынан Абай үлгі алды, солардан үйренді десек, кемеңгер ақынымызды төмендетіп, солардың дәрежесіне түсіріп алмаймыз ба?»,- деген кеңестік заманнан қалған біржақты пікір қылаң беріп жатыр. Өзіне дейінгі төл әдебиеттен үйренбей, өз ортасынан қажетінше үлгі алмай Абай дәл біз таныған биікке жетпеген болар еді. Мейлі, Абайдай болмасын оның алдындағы және замандас үлкенді-кішілі ақын, жырау, би-шешен, әнші-күйшілердің Абайға тигізген өзіндік әсері болды. Осы орайда С.Мұқановтың: «Дарынды талант бола тұра, Абай не көктен түскен, не жерден шыққан, болмаса дара өскен адам емес. Оның өмір сүріп өскен, араласқан ортасы бар. Ол – осы ортаның жемісі» [106, 124-б.] ,- деген пікірі сонау алпысыншы жылдары айтылғанмен, Абайдың әдеби ортасы, оның ішінде ақынның өз тұсындағы әдеби ортасынан алған рухани азығы деген тақырыпқа әлі де аса көңіл бөлінбей келе жатқаны аян. Абай ортасы деген тақырыпты қаузағанда ақынның рухани өміріне зәредей қатысы болған әр өнер иесінің ғана емес, ақынмен таныс болған әр адамның есімі қалыс қалмауы тиіс.
Бұл арада орыс әдебиетінің үлгі қылар тұстары жетерлік. Басқасын айтпағанда әркез Абаймен тең аталатын орыс ақыны А.Пушкин мұрасының зерттелуіне, яғни, пушкинтану ғылымының дәл осы тұсына көз жүгіртсек, Пушкиннің айналасы турасында сөз сонау 1912-1913 жылдардан-ақ басталған. Сол жылы шыққан Н.Гастфрейндтің Пушкиннің ақындық ортасы туралы еңбегі сөздің басы ғана-тын [107]. Пушкин және оның айналасы мәселесінің зерттелу деңгейі тереңге кеткені соншалық, ақынға қатысы бар әр адамға қысқаша деректер берілген сөздік мақала (словарная статья) жинақтары жарық көре бастады [108]. Кейінгі жинақтың бірі - Л.А.Черейскийдің «Пушкин и его окружение» деген еңбегі. Автор бұл тақырыпқа қатысты мәліметтердің жиналуы 1930 жылдардан басталғанын айтады [109, 6-б.]. 1975 жылы Пушкинге қатысты 2500 кісі аты тіркелсе, кейінгі еңбекке тағы 200 адамның есімі қосылғандығы белгілі болып отыр [109, 8-б.]. Автор өзі былай деп жазады: «Окружение Пушкина органически входят в его биографию и творчество, и наше понимание его наследия во многим зависит от того, насколько мы знаем среду, в который он жил и работал. Изучение ее всегда шло параллельно осмыслению творчества поэта и продалжается по сей день. Поэтому неоднократно делались попытки привести в систему многочисленные, но разнозненные сведения об окружении Пушкина» [109, 3-б.] ,- деген пікіріндегі Пушкиннің ортасы тақырыбы төңірегінде ізденулер жалпы қазақ әдебиеттану, соның ішінде абайтану, Абай ортасы деген мәселелерде үлгі болатын құбылыс. Бұл тізімнің ішінде Пушкинге тікелей қатысты тұлғалардан бастап, хат арқылы хабарласқан, ақын туралы пікір айтқан, Пушкинге қызмет еткен, тіпті ақынмен бірер рет кездескен деген сияқты әр-бір адамға энциклопедиялық үлгіде анықтама берілген.
Біз бұл арада қазақ ақыны туралы тек «Абай» тұлғалық энциклопедиясын, ақынға қатысты жазылған еңбектердің библиографиялық көрсеткіштерін ғана таразыға қоя аламыз. Дегенмен, Абайдың ортасы оның ішінде әдеби, ақындық ортасын танып-білу үшін бір энциклопедияның аздық етері сөзсіз. Орыстарда бір Пушкин ғана емес, М.Лермонтов, Ф.Достоевский, М.Булгаковтарға арналған тұлғалық энциклопедиялардың жарыққа шыққанын ескеріңіз. Бұл тұрғыда 150 жылдық мерейтойы қарсаңында шыққалы отырған «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясы көп үміт күттіреді.
Ғылым деректі жинаудан, соны ғылыми електен өткізіп, сарабдал пікір қорытудан тұрады десек, Абайдың ортасын анықтауда ақынға қатысы бар әр-бір адам туралы дерек жинауды, жинап қана қоймай сол деректерді күн сайын толықтырып отыруды жүйелі түрде қолға алсақ, абайтану саласындағы Абайдың ортасы (би-шешен, әнші-күйші, ақын-жырау, жыршы тағы басқа өнер адамдарымен қоса аралас-құраласта болған би мен болыс, ауыл-аймақ, көрші-қолаң бірі қамтылса) одан барып ақындық ортасы (мұнда тек Абайдың заманында байланыста болған ақындар мен өзі тәрбиелеген шәкірт ақындар ғана емес, Абай алыстан білген, өнегелі сөзін рухани азық еткен әр-бір қаламгер қалыс қалмауы керек) сияқты салалардан тұратынын ескерсек, бұл тақырыптың жеріне жете зерттелуі – абайтану ғылымын тағы бір белеске көтерері анық.
Абай өзінің алдындағы әдебиеттің бәрін бірдей сынға алып, жоққа шығарды деп ақынның өлеңге, ақындыққа берген бағасы іспетті «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Біреудің кісі өлсе, қаралы – ол», сияқты өлеңдерін алға тартып, біржақты түсіну дәл бүгінгі таңда басқаша пайымдауды қажет етеді.
Абай - өз заманынан озық туған дана ақын. Ал, дананың өзіне де, өзгеге де тіпті өткені мен болашағына да сын көзбен қарауы заңды. Болмысқа көңілі толмау - данышпандықтың белгісі.
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп
Көр – жерді өлең қыпты жоқтан қармап...
Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап [105, 90-б.], -
деген ақын сөздерін кеңестік кезеңде, жасыратыны жоқ, Абайды «ескішіл, байшыл» ақын дегеннен арашалап қалу ыңғайында талдап, түсіндірдік. Ал, қазір Абай сөзінің тұңғиығына бойламай, ішін аршып, түйсінбей, сыртқы қалыбымен қабылдай салу – салғырттықтың нышаны. «Абай ескі ақын мен ескі биді сынға алды, Шортанбай, Дулат, Бұхарлардың өлеңі Абай үшін түкке тұрғысыз» деп қабылдау, басқаларға қабылдату Абайды өзінен бұрыңғы қазақтың төл әдебиетінен оқшаулап, сол замандағы ақын-жырауларға қарсы қойды. Сөйтіп, екі аяғы аспаннан салбырап түскен алды-арты тақыр Абайды жасап алдық. Әсілі, өлеңіне артық сөз қоспаған Абайдың:
Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған,
Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара [105, 93-б.], -
дегеніне үңілмедік. Абай сынын өзіне дейінгі поэзияны мүлде жоққа шығару деп түсінбей, ақындық биік талғам, талап қою тұрғысынан ұғынсақ қана бағытымыз дұрыс болады. Әрине, кемеңгер ақын межені жоғары қойды, сондығымен қазақ поэзиясының сапасын бір демде биіктетті. Өзіне дейінгіні тек қана терістеді десек – ол қате ұғым. Алдындағы ақыннан керегін алды, үзеңгі қағыстырар сәтке келгенде сөз жарыстырды, ақындық бәсекеге түсті. Сол бәсекемен асқан білімге қол жеткізіп, өз заманынан оқ бойы озып, енді оларды сынға алды. Демек, Абай бойындағы поэзия ұшқыны өз ортасымен, айналасымен жанасу арқылы ақындық жалынға айналды.
Көне түркі әдебиеті мен шығыс шайырларының жырларына Абай бала кезінен қанық. Ахмет Риза медресесінде оқығанын еске алыңыз. Абайдың алдындағы ақындар легі аяқ баса қоймаған орыс, одан батыс әдебиетіне бой ұруы да жастайынан (Семейдегі орыс мектебі, Халиолла арқылы, кейіннен Михаэлис бастаған орыс зиялылары арқылы) басталды. Екі жақты меңгерілген білім, сөз жоқ, Абайды өзіне дейінгі әдебиеттен жаңа дүние іздеуге жетеледі. Бұл жолда Абайға дәстүрлі қазақ өлеңдері аздық етері сөзсіз еді. Өзінің алдындағы қазақ поэзиясының шоқтығы биік ең өркештілері деген Бұхар, Шортанбай, Дулат жырларынан толысқан, жан-жақты жарақтанған биік талғамға сай өрнек іздеді. Ол үшін алдыңғы толқынды сөгуге болмас. Олар қазақ поэзиясында ақындық міндеттерін адал атқарып, Абайдай кемел білімді ақынның биікке көтерілуіне алтын баспалдақ бола алды.
Әкесі Құнанбай арқылы таныған, көбімен кездесіп, өсиет сөздерін, өлең өрнектерін көңіліне тоқыған Абай тұсындағы әрбір сөз зергері - биі, шешені, ақыны мен әншісі Абай бойына ақындықтың, шешендіктің дәнін егіп кетті. Абай солардан үлгі алды, үйренді, көбімен сөз жарыстыра жүріп шыңдалды. Бұл тұғыда зерттеуші Б.Сапаралы былай дейді: «Ибраһим мырза алты алаштың сөзін салмақтап, тілін түзеді. Ой-зердесін жаңаша қалыптап, тура жолға бағдар салды. Сөйте тұра: «Мен ескінің арты едім», - деді. Ешкім қалмағандықтан емес. Ескімен бірге болсам исі түркі тарихында атым өлмейді сөзім өшпейді дегендіктен де емес. Ескінің ортасында туып-өсіп, есіл ескінің көл-көсір қазынасына суарылып, ескінің тілін ұстартып, дінін бекемдеп, дінін байытып ертелі-кеш еңбектенумен жаңаға жол ашқандығынан да шығар-ау» [110, 5-б.] ?!- деген байламын есте тұтқан жөн.
Абай мен қазақтың төл әдебиетінің байланысы туралы сөз қозғаған Р.Бердібаевтың: «Абайға қатысты мақалалар мен зерттеулердің кейбіреулерінде ұлы ақынның өзінен бұрынғы ақындар шығармаларына айтылған бірен-саран сын пікірлері қайталана көрсетіліп, ауыз әдебиеті мен жеке ақындар мұрасынан тапқан баға жетпес байлығы екінің бірінде-ақ елеусіздеу қалдырылып келеді» [111, 238-б.] ,- деген пікірі - біз мәселе қылып көтеріп отырған тақырып көкейкестілігін дәл басқан тұжырым.
Кеңестік кезеңде қалыс қалып, аталмай келген тұс - осы Абайдың маңындағы ақын-жыраулар, би-шешендер. Абайдың ақын болып қалыптасуына өзіндік үлес қосып, ықпал еткен осы бір топтың абайтану ғылымындағы орны әлі айқындалмаған. Кеңестік заманда Абайды «ұлы» орыс халқының жетегіне салып, Михаэлис, Гростар «Абайдың көзін ашқан» бірден-бір тұлғалар ретінде баса айтылып, төл әдебиетіміздің тұлғалары орыс зиялыларының көлеңкесінде қалып қойғаны шындық. «Бұхар мен Дулаттардан Абай үйренді» дегенге тіксіне қарап, дана ақынды Бұхарлардың көлеңкесінде қалдырамыз ба?- деген біржақты көзқарастар да жоқ емес. Тағы да С.Мұқановтың: «...қазақтың халық әдебиетінсіз, Бұхар жыраусыз, Махамбетсіз, Шортанбайсыз Абай да болмас еді. Қазақ әдебиетінің қайнар бұлағы - Абай емес, Абайды туғызған – халық» [112, Б. 153-154] ,- деген ойымен келіспеуге болмайды. Жақсы болсын, жаман болсын Абай соларға қарап сөз түзеді. Бұл арада, әсіресе, Дулат ақынның ықпалы айқынырақ. «Дулат Абайға ұстаз болған ба, жоқ па», немесе, керісінше, «ұстазы болса Дулат өлеңдерін Абай неге сынға алады» деген сұрақтар төңірегінде дау туғызып, әдебиетке пайда әкелмейтін әңгімелер өрбітіп, салғыласудың нүктесін қоятын кез жеткендей. Дулат Бабатайұлының Абайға игі әсері болғандығын екі ақын поэзиясын салыстыра зерттеген ғалымдардың еңбектері дәлелдейді. Ал, «ұстаз» деген ұғым жөнінде ұстасудың қажеті шамалы. Дулаттың Абайға ұстаздығы тура мағынада емес, жалпы мағынада айтылған. Абай бұл арада, дәлірек айтсақ, шәкірт емес - үлгі алушы. Бұл ұстаздық ұғым Абай мен Шәкәрім арасындағы ұстаздықтан анағұрлым жалпы, кең мағынада екендігін естен шығармауымыз керек. Ал, Абай мен Шәкәрім, Абай мен Көкбай арасындағы ұстаздық қарекет айқын. Сондықтан да, «Дулат - Абайдың ұстазы» дегенде оны шартты (соңғысының үлгі алушылығын ескеріп) кең мағынада қабылдасақ, одан Абайды кішірейтіп алдық-ау деп шошынбаған жөн. Мәселен, Абай өзі нәр алған Шығыстың шайырлары Науаи, Хафиз, Сағдиларды ұстаз тұтқаны іспетті. Бірақ Дулаттың заманы Абаймен бір, сондықтан оның өлең үлгісі әлгі ақындарға қарағанда Абай поэзиясында айқынырақ көрінеді. Демек, академик С.Қасқабасовтың: «Абайдың ұлы ақын болуы ең алдымен оның туа біткен дарынына байланысты болса, содан соң оның өскен ортасына, бала кезден алған тәрбиесі мен оқып-тоқығанына байланысты. Ес біліп, тілі шыққан кезден бастап ол қазақ әні мен өлеңін, не бір аталы да шұрайлы сөзін естіп, көпті көрген дана әжесі Зере мен тұқымына шешендік, ақындық, өнерпаздық дарыған шешесі Ұлжанның тәрбиесін алып, кестелі сөздерін құлағына құйса, топ алдында жаңылмай сөйлейтін Құнанбай мен басқа да ру басшыларының даулы да билік сөздеріне ден қойса, ауылына келген қонақтар мен жолаушылардың әңгімелерін, естеліктерін зор ынта қойып тыңдады, бойына сіңірді» [113, 37-б.] ,- деген пікірінің астарына бойлап, індете зерттеу - бүгінгі абайтану ғылымының зор міндеттерінің бірі.
Абай сырттай танып, өлең-сөзін құлағына құйып өскен арысы Бұхар, Шортанбайлар, бар қазақты көзінің тірісінде тәнті еткен Шоқан, іргелес жатқан Сыбаннан Байғара-Ақтайлақтар, күйші Тәттімбет, Құнанбаймен сыйлас болған Балта ақын, Абайдың өзі жоғары бағалаған Марабай ақын тағы-тағылар болса, Абайдың өзі кездесіп, сұхбат құрған, жас та болса сөз қағыстырып, ақыл сынасқан әйгілі Шөже ақын, Шорманның Мұсасы, Абай қасында болған Байкөкше ақын, Жуантаяқ Тобықты Байғұлақ шешен, Жанғұтты би, Әуезов эпопеясынан жақсы таныс Қаратай шешен, Сыбанның қаракөк ұрпағынан Сабырбай ақын, оның ақын қызы Қуандықтар - Абайдың әдеби ортасын құрайтын өкілдерден. Құнанбайдың заманында ел билігін айтып, аталы сөзді ұстаған небір шешендер мен билердің де Абайға әсері аз болмағаны белгілі. Құнанбайдың өз қасындағы Тобықты елінің жаңағы Қаратай, Сүйіндіктерін айтпағанда, Наймандағы Шәкі би Құнанбаймен қатты дос болып, Құнекеңді «Арғынның алтын басы ғой» деп ерекше құрметтеген жан. Ақыл-парасаты жағынан Құнанбаймен терезесі тең тілдесетін Арғындағы Жанғұтты би Ботантайұлы, Абай Тұржан сұлу – Қаламқас қызына ғашық болатын Найманның Тана мырзасы, Сыбандағы Құнанбайдың құдасы – Кенжеғұл шешен, Ақтайлақ бидің ұрпақтары - Кеңесбай би, Жұмақан бай, сонау Қоңырат Сапақ би, Құнанбаймен нағашылы-жиенді дін жолын берік ұстанып, Меккеге барған Шал қажы, ақылдылығын, бойындағы қасиетін ел бағалаған - Үйрек ана, Жауғашар батырдың немересі, сөзі ұтқыр, ойы өткір Шүршіт Құлбарақұлы, сыйлас досы, екі елдің сөз билігі мен ел билігін қатар ұстап, кейіннен құда болған Алшынбай би, Керейдегі Біке шешен, Наймандағы атақты елші Ырғызбайдың баласы Кенжалы би тағы-тағылармен Құнанбай тек аралас–сыйлас болып қоймаған, сан мәрте ел ішінің әр-түрлі дау-шарларында, сондай-ақ, жеке бастарын сынап, бір-бірін байқасар сөз сайысына түсіп, шешендіктің небір үлгісін кейінгі ұрпаққа қалдырды. Абай бұл тұлғалардың көбін көрді, көрмегенінің есті сөз, кесімді билігін естіп, жадына жаттап өсті. Он үш жасар Абайды қаладан алғызғанда Құнанбай ел ішіндегі осынау дала ділмарларының тәрбиесіне берген-ді. Қасына ертіп жүріп талай шешеннің нақышты ойларына жас Абайды қанықтырды. Өз ордасында жанынан орын беріп, ел жақсыларының алдында сөз билігін де тыңдап, сыннан өткізді. Ел дауы мен жер дауын екі ауыз сөзбен тоқтататын дала заңына зейінді жастың ойын суара отырып, енді ел ішіндегі дау-шарларға да сала бастады. Әкесі Құнанбайдың ықпалымен Жанғұтты би, атақты Шорманның Мұсасы, Қаратай шешен, Алшынбай би, Құлжан қажы, Найман Бекбосын билермен жас Абайдың сөз барымтасына түскен орамды сөздері ел ауызында сақталып, бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Ел ішіндегі би-шешендермен байланыс, сөз жоқ, Абайды шыңдады. Төрт аяғын тең басқан поэзия алыбы дәрежесіне көтерілген шақта да, тіпті өмірінің соңғы сәтіне дейін Абай өз ортасындағы шешендік өнерден бір сәт қол үзбеген. Ақынның замандасы Байғұлақ шешен, Қаракесектегі Кенже қажы, «есіп тұрған қызыл жел» деп Абай аса қатты бағалаған Керейдің Бегеш шешені, Найман ішінде Қаракерей – Мұрын елін билегенде әділдігімен, даналығымен халқына жаққан Абайдың жақын досы Көкебай қажы Сейтұлы, Мадияр Түсіпұлы сияқты айтулы тұлғалармен аралас-құраласта болып, кейінгіге үлгі болар сөз жарыстары, оймақты ой, терең тағылымдары сақталып жеткен.
Осы топтың әрқайсысына жекелей тоқталып, Абаймен араларындағы рухани байланыстарды ғылыми сарапқа салған уақытта ғана Абайдың әдеби ортасы тақырыбының жігі сөгіліп, көкжиегі көріне түседі. Сол мақсатпен Абайдың ақын болып қалыптасуына ықпал еткен әдеби орта өкілдері туралы сөз кеңірек болуы тиіс.
2.1 Әулеттің ақынға әсері
Аты әлемге мәшһүр болған Абайдың шыққан ортасы дегенде, ең алдымен назарға алынары оның туылған шаңырағы, өзінің әулеті болмағы заңды. Абайды білу үшін оның шыққан тегін, ата-ана, ағайын туысын анықтап алу қажет. Қажет қана емес, ақын әулетін жете білмей, оның ақындық мұраттары, шығармашылық мұрасы туралы сөз айтудың өзі мүмкін емес. Ақынның туып-өскен, тәрбиеленген шаңырағын танып-білу аз, сол әулеттің ақынға не бергенін анықтағанда ғана Абай әулетінің рухани ықпалын межелей аламыз. Абай әулеті дегенде әңгімені ақынның аналарынан бастаған жөн сияқты. Өйткені, Абай тәрбиесінің уыз шағы аналар ортасынан басталды.
Абайға әсер еткен өз ата-анасы, кәрі құйма құлақ Зере әжесі десек, нағашы жұрты шақпа тілді, күлдіргі, нағыз сөз тапқыш Шаншарлар ұрпағынан да Абайдың бойына сіңіргені көп. Абайға әсер еткен негізгі факторлар ретінде ғалым Қ.Жұбанов мынаны айтады: «Бірі – емшек сүтімен қатар құлағына кіріп, сүйегіне сіңген ананың «әлди, әлди, ақ бөпем», атаның «сал-сал білегі», қойшының әні, қыздың сыңсуы, қаралы қатынның жоқтауынан бастап көркемдік сезімін шырбыдай шырмаған халық әдебиеті» [39, 17-б.] ,- деген пікіріне кеңірек көңіл бөлудің қажеттілігі туындап отыр.
Біз Абайға әсер еткен ортаны айтқанда, ең алдымен, тал бесіктен тәрбие берген Зере әженің Абайды ақын етіп қалыптастырудағы орнын анықтап, өз бағасын беруіміз керек. Абайдың өлең-жырға әуестігін шыңдаған – оның әжесі Зере. Зере қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданын мекендейтін Матай руы, оның Қойкел тармағынан шыққан. Қойкелден Бектемір, Бектемірден Теңізбай, одан Жанәлі деген ұл, Тоқбала атты қыз туады. Зере – осы Тоқбала. Зере аталуы туралы әр түрлі деректер бар. Б.Сапаралы: «Бір болжам бойынша қыз бала күнінен тіл-көзден сақтайды деп құлаққа сырға, мұрнына зере сырға салып жүргендіктен шыққан дейді. Екінші бір дәлелдемеге жүгінсек, «Зере» деп өзі ұзын, іші қуыс, сәукелемен киетін қыз-келіншектер бас киімін атаған екен. Келесі бір түсіндірмеде «ұрыста жау жебесін денесіне дарытпау үшін киіп шығатын шынжыр сауыттың бір түрі» [114, 195-б.] ,- деп берілген. Ел ішіндегі әңгімелерге сенсек, алдыңғы болжам шындыққа жақын. Зере туралы мақала жазған Қ.Алтынбаевтың айтуы да соған келеді [115, 17-б.]. Зере туралы нақты дерек жоқтың қасы, ақынның өзі де әжесі туралы ләм демепті, десе деген шығар, бірақ бізге жетпеген. Тек, ел ішіндегі ескі әңгімеден пікір суыртпақтап, ой қорытуға ғана дәрмендіміз. Кейбір деректерде келтірілгендей Зеренің әкесі емес, атасы [115, 17-б.] Бектемір деген момын шаруа адамы болғанымен, сөзге ұста, көкірегі ояу жан болған екен. Үлкен нағашысының момындығын нашарға санаған Құнанбай Бектемірді қораш көріп, ел жақсыларының алдына шығарғысы келмеген екен. Осынысын сезген Қаратай, Байсалдар бір отырыста Бектемірдің момындығын бетіне басып, Құнанбайға қарата: «Е, пәленің бәрі айғырда екен ғой» деп кекетіп тастайды. Сонда Бектемірдің берген жауабы: «Бәрі бір-бір рудың серкесі екен. Бірақ кейбіреуінің басының дымы кеппепті ғой» дегенде, «Құда, оны қалай айттыңыз?» деп жабыса түседі Қаратай. Нағашысы былай депті:
- Ел басқаратын адам мақал, мәтелді жете білуі керек қой. Атамыз қазақ «Алып - анадан, тұлпар – биеден» деуші еді. Ана мырзаның (Байсалды нұсқап) аузына айғыр түскенін көрмеймісің? Сол да білгені ме?- деп, Құнанбайдың нағашысы сөзін онан әрі жалғастырып Байсалға тіктеп қарайды:
- Шырағым, - дейді, сөйлегелі тұр екенсің, сөйлеп те жүр екенсің, бірақ сөзіңе айғыр салған жоқ екенсің, - деп, біржолата қайтарып тастайды. Ел ішіндегі ұтқыр сөздің жарқын үлгісі. Әлгілердің «гәп айғырда» дегені Өскенбайды меңзегені болса, Бектемір халықтың мақалын алдарына тартады. Қанша ел алдында сөйлесең де сөзіңе айғыр салмаған екенсің деуі - қарсыласын тапжылтпай тұралатып салар тапқыр сөз. Айғыр салмау – қысыр қалу дегенді ұқтырса, Құнанбайдың нағашысы сол сөздің қысырлығын айтып отыр. Қалауын тауып, сөз қисынын келтірген Бектемірдің алтыны іште жатса керек.
Сөздің парқын білсе де, шешен боп ел алдына шығып дауға араласпаған Бектемірдей атадан туған Зере келін боп түскеннен кейін өзінің ақыл-парасатының арқасында ауыл елдің ұйытқысы, Ел анасына айналады. «Сырты – жұпыны, іші – алтын, алды – кең, тарқұрсақ бәйбіше атаныпты. Өскенбайдың талай тасырлығын сол кісі тиым салып, тоқтау жасапты. «Тарқұрсақ» деуі – екі ұл, бір қыз ғана көтеріпті, үлкені Құттымұхамед ерте өлді, Тайбала қыз» [79, Б. 47-48].
Құнанбай тұқымындағы ел билігін сонау Ырғызбайдан бері тартатындар болғанмен, негізгі биліктің бұл тұқымға ауысуы Кеңгірбайдан бері. Кеңгірбайдың батасын алуға ұлын жетелеп Зере үш жыл қатар барған екен. Сондағы қоймай жүріп қол жеткізгені - «Пай-пай, болмас,- депті де Би ата (Кеңгірбай биді ел солай атаған Б.Е) Тоғыз ата толғанша, түңлігіңді ешкім ашпасын»,- деген теріс батасы. Бидің оң батасын қимағаны, өз шаңырағына қауіп төнген-тін. Естелікке сенсек, ұрпағының тағдырына алаңдаған Зере теріс батаға қатты қапалы болғанда, Өскенбай «осы да жарап жатыр» деп көңілін орнықтырған екен. Дуалы ауыздан шыққан сөз айнымай келіп, Өскенбай ұрпағы тоғызыншы атаға дейін сыны бұзылмаған. Тек кеңестік заманның зұлматы (аштық, репрессия, соғыс) бұл ұрпақтың шаңырағын шайқап, тоздырып жібереді. Қасиетті Кеңгірбайдың берген батасына Өскенбай ұрпақтары имандай сенген де. Би атаның (ел Кеңгірбайды солай атаған Б.Е.) сондағы айтқан сөзі ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Мәселен, Шәкәрімнің ұлы Қабыштың бізге сақталып жеткен бір өлеңінде:
Ата туыс азғанбыз,
Мұнша артын созғанбыз.
Тоғыз ата толғанда
Ту талақай болғанбыз!-
дейтіні бар. Шәкәрімнің немересі Нағима Қапырқызы өткен ғасырдың отызыншы жылдары әкесіне шығарған жоқтауының соңын:
Ақ бидай толғаның,
Аш күзендей солғаның.
Тоғыз ата толғанда
Ту талақай болғаның [110, 109-б.] !-
деп қайыратыны Кеңгірбай сөзінің дуалылығын меңзеуден туған.
М.Әуезов Абай ғұмырнамасының алғашқы нұсқасында: «...Зере кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған. Ол уақыттағы бәйбішенің бір сыны – күндестік дегенді білмей кең мінезді болу. Зере бәйбіше осы жағынан көп мақталады. Күңдердің балаларын өз балаларындай асырап, еркелеткен деседі» [116, 102-б.] ,- деп қысқаша мінездеме береді.
Зере мен Абай арасындағы қарым-қатынас туралы нақтылы деректер бізге жетпеген. Біздің арқа сүйеріміз - тек М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы көркем шындықтағы оқиғалар. Романдағы Зере бейнесі өмірдегі қалпынан айни қоймаған шынайы қалпында аса сәтті шыққан образдардың қатарынан. Құлағы естімейтін, мейірімді, бір қарағанда сонша қорғансыз көрінетін кейуана кәріне мінсе, елдің бәрі үркіп тұрар Құнанбайдың өзі алдын кес-кестей алмайды. Романда шиыршық атып, үлкен аласапыранға айналар болған Құнанбай мен Бөжейдің дауы Зеренің алдында толастағандай болады. Ананың ақ сүтінен аттамақ - нағыз азғанның қылатыны. Бөжейді Зере бауырына салып, емізіп өсірген екен. Жалпы Зеренің ел ішінің ұйтқысы болған қадір-қасиеті шығармада шынайы берілген. Ақын Нұрғали Түнқатаровтың ел аузында сақталған өлеңінде: «Айтқанда ардақты апай – Тоқбаланы, Азулы Құнанбай да тоқталады» [115, 17-б.] ,- деп бекерге жырына қоспаса керек.
Өмір шындығын арқау еткен эпопеядан Зеренің Абайға деген айрықша ықыласын байқаймыз. Басқа немерелерін бір төбе, Абайын бір төбе көрген әже Ибрагимді еркелетіп, бір деректерде келтірілгендей тілі келмей емес, «Абай», «Абайым» деген. «Абай» деген түркі тектес шағын ұлт – Қарайымдар тілінде сүйкім, сүйкімді деген сөз» [115, 17-б.].
Әлди, әлди Абайым,
Атқа тоқым жабайын.
Тыста жүрген апасын
Қайдан іздеп табайын, -
деп уатқан екен жас нәрестені. Ақынның өзі он тоғызыншы қара сөзінде былай дейді: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» [117, 155-б.]. Абай анасынан туа сала Зеренің бауырында өсті. Іңгәлаған сәбидің санасына ақылман әженің әлдиімен бірге мейірбандықтың, ізгіліктің алғашқы дәндері егілді. Бала Абайдың ішсем, жесем, ұйықтасам деп емес, білсем, көрсем, үйренсем деген жан құмарын оятқан адам – Зере әже. Ел ішіндегі ертегі-аңыздарды көп білетін әженің Абайға алғаш тіл ұстартып ертегі-аңыздардан бастап қазақтың бай ауыз әдебиетімен таныстырғаны ақынның кейінгі өміріне мол рухани азық болды. Тұрағұл: «Қазақ ертегісінде есітпеген, білмеген ертегісі кем шығар, қазақтың ертегісінен бұрын қай жерлерде жүргені, көршілесі, күндес елдері кім екені, қарекеті не екені, елдің арманы, білімнің қандайлық кезінде шығарғандығы көрінеді деуші еді» [118, 12-б.] ,- дейді әкесі туралы. Әуелден ертегіні көп біліп, оның қыр-сырын терең тануына бала жастан жадына жатталған әженің ертегілері екеніне келіспеуге болмайды. Бала Абайға тек әлдиімен ертегі айтып қоймай елдің салт-дәстүрін, қазақы ырым, жөн-жоралғыларды жетелеп жүріп таныстыру да Зере әжесінің сыбағасында. Эпопеяда Абай ақындықтың пердесін осы әжесінің алдында ашады. Шығыс ақындарына еліктеп жазған өлеңімен кәрі әжесінің құлағын емдейтіні бар. Бұл - М.Әуезовтің өмірден алған эпизоды. Ал, кәрі әженің демі үзілер шақтағы Абаймен қоштасуы романда аса әсерлі берілген: «Өнегем... болса... тірлігімде көрсете алдым ба, жоқ па? Өсиетім болса... құлағым, тілім барында айтып болдым ба, жоқ па? Қайтейін!... Енді қайтейін!.. Сөйлету зорлық сияқты. Бірдемені айту да орынсыз. Абай екі қолын төсіне қойып, әжесіне тағзым етті де, басын иді. Өзінше: «Бар жүрегімнің құрметі, әулиедей ана, саған арналған» дегені. Сүйтіп аз отырды да, әжесінің екі қолын ұстап, кішкентай алақандарына бетін басты. Иіскеп сүйіп отырғанда бірнеше ыстық тамшылар да сол әлсіз жүдеу алақандарға тамып еді. Әжесі тағы да сыбырлап:
- Қарағым... жалғыз қарашығым! – деп, Ұлжан жаққа қарады да, - анаңды күт!- деді» [119, Б. 235-236]. Жазушының басқалардан бөліп «қарағым... жалғыз қарашығым» деген сөзді Зеренің аузына салуы тегін емес. Оқырман өзінен өзі «Абайға өнегең мен өсиетіңді айта алдың» - деп бас иеді кейуанаға. Өйткені, тарихи шындық солай. Зере әже дүниеден өткенде, Абай – жиырма бес пен отыздың арасындағы жігіт ағасы. Балалық, жігіттік сананың таза тұнығына Зере әженің талай өсиет-өнегесі тұнғаны анық. Жалғызы Құнанбайдан туған көп немеренің ішінен ықыласы ауып, тас емшегін жібіткен Абайын көп кейін жер-жаһан танитынын әз әже сезгендей. Демек, бойдағы орасан күшті ақындық қуатқа дем беріп, өлең-сөзге деген ықыласының шоғын үрлеп жаққан жан болса ол осы - Зере әже екендігінде дау болмаса керек-ті.
Абайдың әдеби ортасы деген тақырыптың әліппесі, әрине, ақынның өскен ортасы, тәрбие алған ошағынан бастау алатыны заңдылық болса, бұл арада Ұлжан ананың есімін бөліп айтамыз. Өйткені, Ұлжан – Абайды ақ сүт беріп өсірген анаcы ғана емес, Абай бойындағы ақындық дарынның бір парасын осы шеше жақтан, яғни нағашы жұртынан іздеген жөн. Сол себепті де Ұлжан туралы, оның Абайға, Абайдың ақындығына қатысы жайындағы сөз әріден, Абайдың нағашы жұртынан басталады. «Алып анадан» деген қанатты сөздің ақиқаттығын дәмдеп, дәлелдеу үшін Ұлжанның данышпан Абайдың анасы деген атқа толық лайық ақылды да, сөзге шешен жан екендігін кеңірек әңгіме етуіміз керек. Орайы келгенде айта кетуді тілеп тұрған бір мәселе - 1986 жылы Қазақ ССР Энциклопедиясындағы мақалаларға сын айтқан абайтанушы-ғалым Қ. Мұхамедханұлы Ұлжан ана туралы былай дейді: «Абайдың шешесі Ұлжан туралы: «Ол Арғын ішіндегі Қаракесек руының шешендік, әзіл-әжуамен атағы шыққан Шаншар тобының (?!) қызы екен» делінген. Абайдың шешесі жайында толығырақ айту қажет еді. Ақынның нағашы жұртынан алған үлгі-өнегесі де аз болмаған. Арысы атақты Битен мен Шитен, бергісі әйгілі шешен, әзілқой, тапқыр, мысқылшылдар – Қантай, Тонтай, Жонтайлар. Ұлжанның әкесі Тұрпан – Тонтайдың інісі екенін анықтап жазған дұрыс болар еді» [120, 138-б.]. Ғалымның аз ғана түзету сөзінен Абайдың анасы туралы бірсыпыра мағлұмат алып қаламыз.
Ұлжанның тұқымындағы тектілікті сөз етсек, арысы Шаншардан басталады. Шаншар Бұлбұлұлы Еңсегей бойлы Есім ханның беделді билерінің бірі болған, қартайған шағында ел құрметіне бөленіп, абыз атанған. Шаншардың Нұрбике деген әйелінен Бердібек, ел есінде Бертіс би деген атпен әйгіленген ұл туады. Ұлжан – ХҮІІ ғасырда өмір сүрген Бертіс бидің шөпшегі. Он жеті ұлын атқа қондырып, Тәшкенді шапқан, Бұхар ханының зәресін алған ол Қарқаралыдан шыққан хан Бертіс атанғандығын М.Ж.Көпейұлы жазады [121, 30-б.]. Соғысуға келген Бұхар ханына:
- Он жеті ұлым бар, сен түгіл құдайдың да өкпесі қабынып, алса да зорға алар,- дегенінен хан қаймығып:
- Құдайдан қорықпағаннан қорқ,- деп атының басын кері бұрыпты. Осы Бертіс биден - Бектемір, одан Битен, Шитен, Мөшеке туса, Мөшекеден - Қазанқап, Қазанқаптан әйгілі күйші Тәттімбет туады. М.Ж.Көпейұлын сөйлетсек: «Тәттімбет Мұса, Секербай заманында Қаракесекте үштің бірі болып, атағы шыққан. Өзі бай, өзі өнерлі, өзі бет біткеннің сұлуы, өзі шешен, айыр көмей, темір жақ домбыра тартып, ән қосқанда алдына адам түспеген» [121, 31-б.]. Битеннен – сөйлемпаздықпен аты шыққан Тонтай, Тонтайдан – Тұрпан, одан Түсіп, Ұлжан, Малғара туады. Шаншар атаның Айбике әйелінен қаз дауысты Қазыбек би туады. Ұлжанның шыққан әулетін сөз қылғанда қай қырына салсаң да ел бастаған көсемдік пен сөз бастаған шешендікті қатар алып жүрген өңшең қаракөктің тұқымы Абай заманына үзілмей жеткен екен. Ұлжанмен бірге туған сіңілісі Малғара да жазушы М.Сәрсекеұлының айтуынша: «төкпе ақын, әнші де екен, ал күйшілігі тіпті ересен болса керек» [122, 135-б.].
Өскенбай мен Шаншар тұқымдары арасындағы құдалық шын мәнінде мың жылға жалғасқан туыстыққа ұласып, кейін Құнанбай Абайға Қазыбек бидің неменесі Ділдәні айттырады. Ділдәдан туған Әкімбай деген баласы жастай дүниеден өтіп, ата-ана қабырғасын қайыстырған «жарасы үлкен жас өлім» үстінде ақынның:
Ата тегің мұндағы –
Орта жүздің ұлығы;
Ана тегің ондағы –
Өзен судың тұнығы.
Екі асылдан қосылған
Сом алтынның сынығы.
Өлгенше естен қалмайды
Өзгеше біткен қылығы [105, 246-б.] ,-
деп жоқтауында үлкен мән жатыр. Аталған есімдер - Абайға аса қымбат жандар. Сөздің құдіреті дарыған ұрпақты данышпан ақын судың тұнығына балайды. Абайдың туғандарынан айрылғандағы қайғысын айтқанда, жастай кеткен Әкімбай қазасы, оның ақын жүрегіне қаншалықты батқаны туралы әңгіме аз айтылады. Қашанда байқағыш Абай Әкімбайдың әлі бүршік жара қоймаған ерекше қасиетін танып үлгерген екен. Дүниеден өтер өткенше «иманын айтып кеткен», «өзгеше қылықты» баланы «орамды тілді ауыздым, ақылға жүйрік маңыздым» деп ақын тектен-тек өлеңге қоспаса керек. Сом алтынның сынығына баланған жас өрімнің бойындағы өнер шіркіні «артына белгі қалдырмай» көктей орылды. Әкімбайдың өлімі ақынға үлкен қасірет әкелген, жүрегіне сызат салған өкініші зор қайғы болды. Демек, Абай мен Шаншар әулетін тек нағашылы-жиенді туыстық қана жақындастырып тұрған жоқ, одан әлдеқайда зор өзен судың тұнығы – Шаншардан Абайға дейін жалғасқан рухани арнаның тасқыны табыстырып жатыр.
Шаншар абыздың аты әуелде есімі басқа болса керек деген жорамалдар да рас болуы мүмкін. Бұл әулеттің сөзге шешендігі бір басқа, тілінде түйреу, шымыр да, шаншыма сөздер көп болған соң, Шаншар атануы әбден мүмкін. Абайдың өмірбаянын жазған шақта М.Әуезов Ұлжан мен оның шыққан әулеті Бертіс биден бері қарай тоқтала келіп: «Ұлжанның әкесімен бірге туысқан ағалары Қонтай, Тонтай Орта жүзге қалжыңымен тегіс аты жайылған, белгілі, мысқылшыл, тапқыш, күлдіргілер болған» [116, 112-б.] ,- деп Шаншарлар руының бір-екі мінезін тілге тиек ететіні бізге жақсы таныс. Бұл әулеттің тілінің өткірлігі сондай «Шаншардың қулары келе жатыр», - десе жұрт дүркіреп қашатын болған. Ұрылар тонап кетіп, келесі жазында ауыл аралап жүрген Тонтайдың керегеде ілулі тұрған өз тымағын көріп: «Меннен қашып көрген рахатың осы ма, күні-түні шаң басып, керегеде ілулі тұрысың мынау»,- деп тымағын жерге атып ұрып, қамшымен сабап үй иесін жерге кіргізгені туралы, ал өмірінің соңында «жазыла-жазыла қожа-молдалардан ұят болды, енді өлмесем болмас»,- деп ащы сын мен күлкісі тиылмай дүниеден өткен жаны жайсаң, тілі мірдің оғындай тарихи тұлғаның әр сөзі, әр қылығы ел есінде жатталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Ұлжанның туысы Мауқай деген әнші, күлдіргі, сөзге шебер адамның Абайдың жас кезінде ақынның жанында болған. Мауқай туралы Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романында ол Абайды жөргегінен тәрбиелеуші бірден-бір тәрбиешісі ретінде суреттеледі [123].