Әдеби ортаның ақынға рухани ықпалы (7-бөлім)
Бауыржан Ердембеков
Жалғасы
Айтыс өнеріне мықтап бет бұрмағанмен Абай жас кезінде табан астында өлең шығару, сөз барымтасында қарсыласына өлеңмен жауап беру сияқты суырыпсалмалық өнерді еркін меңгерген. Сондай сөз қағысының бірі Қуандық қызбен болған. Қыздың Керей елінде біреуге атастырылғанын, бірақ еркетотай ақын қыздың әйелі бар еркекке тоқалдыққа барғысы келмейтінінен Абай алдын-ала хабардар болып алып, Қуандықты көре сала былай депті:
Ауылыңа мендей қонақ қонып жүр ме?
Үнемі жігіт жолы болып жүр ме?
Қуандық мен сұрайын, айтасың ба
Көңілің күйеуіңе толып жүр ме? [183, 102-б.] ,-
дегеніне қалада оқып, орысша киінген Абайға (жалпы Тобықты елінің киім үлгісі ықшам, қалалықтарға жақын болған) Қуандық саспастан:
Басында ши қалпағың, белін буған,
Көрген жан Қуандық деп мойнын бұрған.
Найманның сендей салы толып жатыр
Бұтына көн шалбары әрең сиған, -
деген көрінеді. Қуандықтың өктем сөзіне әкесі Сабырбай қысылыңқырап, әрі қызының ықыласынсыз Кереймен құда болғандығын мойнына алғандай.
Қуанжан, не себептен әнге бастың,
Айтыста өлең-жырдан сен бәйге алдың.
Бір келген құзырыңа мейман шығар
Көңіліңе ауыр тиер Абайжанның,-
деп Абайға үй тіктіріп, ерекше күтеді. Осы кездесуде ақылына келбеті келіскен Қуандықты Абай ұнатып, жездесі Асылбекке сөз салып қызды жақын таныстыруын өтінеді. Асылбек ел ішінің өсегінен қорықса керек, Қуандыққа «Абайға жоламасын»,- деген ескерту айтып, «балдызымның атастырылған жері бар, уәдеге берік» деп Абайға жалтара жауап береді. Қыздың көңілін тауып келген Абай Асылбектің жақтамағынына наразы болып:
Ауыл жылжып қоныпты жалпақ шиге,
Екі даугер жүгінер әділ биге.
Балдызыңыз уағдаға берік екен,
Сырғып барып жатыпты шеткері үйге [81, 49-б.] ,-
деп болған істі жайып салған екен. Осы тарихи жолдардан Әуезов те эпопеяда алыс кетпеген. Аяқ астынан сөз тауып, өлең құрауды Абай мақсат қып ұстанбағанмен, күнделікті тұрмыста жиі пайдаланып және өз маңындағы ақын шәкірттерінен ақындықтың осы бір түрін қатты талап етіп, әр жерде сынап отырған.
Абай мен Қуандықтың жастық сезім, махаббат баяны тұйыққа тірелгенмен, кейінгі тірлікте аса жақсы сыйласып, достық қатынастарын үзбеген дедік. Тіпті Абай Қуандықтың ақынға тән өрлігіне, еркелігіне аса түсіністікпен қараған. «Бірде Қуандық төркіндеп келе жатып Абай үйіне соғады. Күтушілер аттан түсіріп алайын десе Қуандық:
- Абай үйде ме? – деп сұрайды. «Үйде» десе, ол ат үстінде тұрып:
- Мені Абайдың өзі түсіріп алсын? - депті. Үйде отырған Абай:
- Жарайды. Қуандық екен ғой,- деп, дауысынан танып, өзі шығып Қуандықты қолтықтап түсіріп, атын байлаған екен. Қуандықты аттандырғанда Абай оған бір жақсы ат жетектетіп, шапан жауыпты.
- Біздің дәм-тұзымыздың жараспауына, қосыла алмауымызға сен де, мен де жазықты емеспіз, ата дәстүрінен аса алмадық,- деп қимастық білдірген екен» [184, Б. 92-93]. Өмірінде Абаймен төрт рет кездескен халық ақыны Төлеу Көбдіков өз естелігінде былай дейді: «Абайды екінші рет 24 жасымда күзге таман көрдім. Бұл жолы шешеммен және екі ініммен, бірнеше жолдасымыз бар, нағашымызға бара жатып Абай ауылына түстік. Абай апамның алдына таяу келіп, қарсы алып, құшақтап амандасты. Елдің қандай игі жақсысы болсын, келген қонақты мұндай құрметпен қарсы алу Абайдың әдетінде жоқ екен… Сол жылы Абайды Әбен сабады деген хабар елге тарап, Абайдың қатты жүдеп жүрген кезі екен. Апам келгесін Абай көңілденіп, жайдары әңгімеге көшіп, қағытпа әзіл сөздерді көп айтып отырды. Екеуі де әзіл сөздерін біріне бірі батыра айтады. Босаға жақта домбырасын дыңғырлатып отырған жігітке бір мезгілде Абай қарап: «Сен немене, әлгі Керейдің жаман Қарагерін тартып отырсың ба?»- деді. Апам бұған недәуір шамданып қалды да: «Керейді кемітіп, мақтаймын деген Тобықтың не опа көрсетті саған? Алды-артыңа қарап сөйлесейші»,- деп тік кетті. Содан былай Абай мен апам екеуі ата шежіре айтысып, ұзақ таласқа кіріп кетті» [185, Б. 216-217]. Қарап отырсаңыз, Қуандық - Абайдың жастық кездегі ғашығы ғана емес, өмір бойғы сырлас досы, терезесі тең сөйлесе алар көзі ашық, көкірегі ояу қазақ әйелінің ішіндегі Абай аса жоғары бағалаған сирек жандардың бірі.
Абайдың бала кезінен ақындыққа баулып, есейген шағында жыр серігіне айналған адам – Байкөкше ақын. Жалпы біз Абайды айтқанда, оның өлең құдіретін сөз еткенде маңындағы ақын-жыршылардан бөліп қарап, артық біткен ақындық қуатына жоғары баға бергенде қасында жүрген басқа ақындар, жыршы-жыраулар айдың қасындағы жұлдыздай жарығы түспей, назарға ілінбей қалып жататыны бар. Сондай ақынның қатарында Байкөкше Балғынбайұлы - Абай замандасы, оның апыл-тапыл басқан шағынан қасында болып ерекше сыйласқан адамы. Байкөкшенің Абаймен байланыста туған өлең-сөздері ғана сақталып, қалған мұрасы ұмытылған. Абайдың қасында сөз патшасы - өлеңге ерік беретін санаулы ақын болды десек соның бірі осы - Байкөкше ақын. «Абай жолы» эпопеясынан оқығандай ең алғаш жас Абайды «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырымен таныстыратын да осы Байкөкше. Ақындыққа бой түзеп, қолына қалам алған Абай, сөз жоқ, алдымен өз елінің ақыны Байкөкшені үлгі тұтты. Келе-келе ақындығын, шешендігін қадірлеп «Байкөке» деп құрметпен атады. Әрхам Ысқақовтың Абай туралы естелігіндегі: «Абай өлеңді жақсы көреді, ақынды қатты сынайды, өзі де бірер ауыз өлең шығарып айтып отырады дегенді естіп Байкөкше Абайға барып жолығуға бата алмай жүреді екен» [103, 100-б.] ,- деген пікірімен келісу қиын. Абай алдында қаймықпай сөйлеп, Абайдың ақынға қояр қандай сынына да төтеп берген осы - Байкөкше ақын. Өткір тілді Байкөкше аз ауыл Қабастан шыққан. Байкөкшенің ащы тілді бет қаратпайтын турашылдығын есіне салған Абай бірде: «Байкөке-ай, тоқпақпен ұрып жығатын қылығың бар-ау»,- дегенде Байкөкше:
Көкеңді ұрам дейсің тоқпақпенен,
Жүрсің бе атаң салған соқпақпенен.
Тура сөзді айтсам да кіналайсың
Жасыңда жолдас боп па ең ақымақпенен [80, 521-б.],-
деп жауап қайтарыпты. Осы шумақтың шығу тарихы Әрхам Ысқақұлының естелігінде басқаша, дөрекілеу келеді: «Қи сындыратын тоқпақ ағашты Абай қолына алып Байкөкшені күтіп отырыпты. Байкөкше ассалаумағалейкум деп кіріп бір аяғын табалдырықтан аттағанда, Абай ақырып: - Тоқта, бері баспа! Сол қалпыңда тұрып бір ауыз өлең айт, егер өлең айтпай бері бассаң, қол тоқпақпен басынды жарамын,- депті» [103, 100-б.]. Әрине, өзінен үлкен ақынға Абайдың өйтпесі анық. Өлеңнің мағынасына туралап шығарған ел әңгімесі болуы ықтимал. Дұрысы – алғашқы Абайдың «тоқпақпен ұрып жығар қылығың бар-ау» дегенге айттысы қисынға келеді. Абай бірде «Байкөке-ай, көбіне тілің ащы, жасыңда жетім болып жәбірді көп көргенсің-ау», - дегенде Байкөкше:
Аз ғана ауыл Қабаспын – туысым ол,
Мырза менен Мамайдың зорлығы мол.
Екі өкпемнен қысқан соң шая болып
Тілім ащы болатын себебі сол [80, 521-б.],-
деп ел ішіндегі әділетсіздікті тілге тиек еткен екен. Абай алдында болыс сайлауымен елге келген оязға өлеңмен айтқан арыз шағымы сақталған. Тоқсан екі жолдық ұзақ өлең-шағымды бізге сақтап жеткізуші – Серікқали Қарамендин. Ояздың алдында айтылды дегенмен, арызды Байкөкше ақын бүкіл Тобықтыны ақыл-парасатымен жусатып-өргізіп отырған Абайға бағыштайды. Ащы тілді ақын елдің арзын айтуда Абайдан сескенбейді:
Елді бүйтіп құрысын меңгергенің,
Аз бен көпті салмақпен теңгергенің.
Күн көргенім осы еді қызыл тілім
Оған да сынап-мінеп жол бермедің [80, 528-б.],-
деген сөздерде бетке айтар нағыз турашылдық жатыр. Тобықты ішіндегі кіші аталардың жақ-жақ боп бөлініп, жерге таласы, барымта, ұрлық, өктемдігін жіпке тізгендей жайып салған ақын ел ішіндегі бұзықтардың атын атауды да ұмытпайды.
Меңгерсең елді жөндеп меңгер, Абай,
Аз бен көпті салмақпен теңгер Абай.
Сүрінген, сүрген аттап нашарлады.
Сүйе де, сүйемелдеп дем бер, Абай.
Туысының зорлығын тияды деп,
Тілеуіңді тілеп жүр кемдер, Абай [80, 530-б.],-
деп Абайға салмақ сала сөйлейді. Сонау Қараменде, Кеңгірбай, Өскенбай мен Құнанбайдан келе жатқан үлгілі ел билерінің бәрінен асып туғаның шын болса нашарға көзіңді сал, тентектің оң-терісін тексер,- деп өктем сөйлеп, шындықтың пердесін сыпырғанда, Абай көзіне жас алып, іске кіріскен екен. Сол жылы Байкөкшенің ұсынған адамдарын Абай болыс қойып, ел ішіндегі ұры-қары, тетнекті тия бастаған. Тобықтының Мырза-Мамай еліндегі Бөдей деген байдың төрт баласы – Абыз, Мыңға, Қоқан, Олжабай шетінен барымташы, ұрылар Байкөкшенің арыз-өлеңіне ілініп Зайсан, Тарбағатай жаққа бас сауғалап қашса керек. Сол жаққа Абайдың қос шәкірті Көкбай мен Әріп бара қалса, жат жерде әлгі төртеуі елді алдап, арам тірлік жасап жүр екен. Сопы, молда, балгер, ең кішісі - Олжабай оларға атқосшы болып жүргенін көріп, Әріп пен Көкбай оларды өлеңге қосады:
Қоқан – сопы болғанда, Абыз – мырза,
Олжабай шыға алмастай шыққан шыңға.
Сәруәри кадинаттан пайда болған
Қайран сәлде қор болды-ау пұшық сұмға,-
деген Әріпке Көкбай ақын:
Әріп сен не қыласың Мыңғаны айтып,
Шыдайды сөздеріңе Абыз қайтіп.
Қоқанға сәлде ораған ұнамай тұр
Қайтесің Олжабайды көп мұңайтып,-
деген ащы мысқылды Әріп қайта іліп әкетіп:
Қашпасын олай болса ауылынан,
Шыңғыстың қорқып жүр ме дауылынан.
Өздері сотқар бұзық адамдар ғой
Алыпты әділ жаза бауырынан [140, Б.214-215],-
дейді. Әріп пен Көкбайдың сөздері құлақтарына тиген жапа шеккен елдің болыстары әлгілердің қылмыстарын мойындарына қойып, шығынын төлеткен екен. Сөйтіп, Байкөкшенің уытты өлеңінен қашқандар Әріп пен Көкбайдың сөзіне тап болады. Абай айналасындағы ақындардың сөзі осындай әлеуметтік жүк арқалаған, елдің жағдайына оң ықпалын тигізер салмағымен де құнды еді. Байкөкшенің оязға айтқан арыз-өлеңін Көкбай ақын орысшаға аударып тұрған. Көкбайдың өзі Байкөкшені ұстаз тұтып, қасында көп жүрген. Бекен Исабаевтың айтуынша: «Байкөкше секілді жарып айтар, тура тілді ақынның Көкшеге (Көкбай ақын шыққан Тобықтының бір атасы Б.Е.) жиен болуы болашақ үлкен ақын Көкбай Жанатайұлына да септігі тигендей. Көкбай жасында жиен Байкөкшенің қасына еріп, ақындығын ұштаған. Табан астында суырып салар айтқыштық және шындықты жалтармай айта білуді Көкең Байкөкшеден алып, ақындығының сара жолына айналдырған» [34, 241-б.].
Ақпа ақынды сөйлетуге қашан да құмар Абай жолыққан жерде Байкөкшенің ақындығын сынай түскен екен де, Байкөкесі сөз тауып кеткенде ерекше көңілі толып, мерейі тасып қалатын болыпты. Бірде Байкөкше есіктен кіріп келгенде Абай:
Ойпаң жерге қауында шөп бітеді,
Кей адамға мал мен бас көп бітеді, -
деп тоқтай қалғанда, Байкөкше іліп әкетіп:
Пысықсынған жігітті болыс қойсаң,
Қашан түсіп болғанша жеп бітеді, -
деп аяқтапты. Жалпы аяқ астынан өлең шығарту немесе басын бастап шумақтың соңын толтыру сияқты дүниелерді Абай шәкірттердің ортасында күнделікті қолданып, әдетке айналдырған. Әлгіндей ұйқас құрау Абайдың ақын шәкірттері Көкбай, Әріп және Абай балаларының арасында кең қолданылған. Төрттік жырды төрт ақын болып, іліп-қағып айтатын бір дәстүрдің «Абай жолында» да кездесетінін еске алсаңыз, ақындық өнерді ұштай түсу үшін Абайдың ден қоя қолданған ерекше бір тәсілі екендігін аңғару да қиын емес.
Байкөкше Құнанбаймен ерекше сыйластықта болған.
Құнанбай артына үлгі қалдырыпты,
Қу құсты құладынға алдырыпты.
Қазақтың баласына тәлім беріп
Мекеден тәкияны салдырыпты, -
деп өлеңге қосса, Құнанбай дүниеден өткенде:
Көсем едің ауыр ой бастайтұғын,
Қарындасқа дау келсе саспайтұғын.
Арыстан боп жаралған асылым-ай
Алысқанды алысқа тастайтұғын [80, 522-б.],-
деп басталатын кестелі өлең жолдарымен көмкерілген жоқтауын арнаған. Анадан артық туған Құнанбайдың қасиетін аса жоғары бағалап «Тірі әулие табылмас енді бізге»,- деп қамыққан осы Байкөкше ақын. Жасынан Байкөкшенің жанында болып, оның әрбір қимылын қалт жібермейтін Абай бірде Байкөкшенің шабыты қысып келе жатқанын тап басады. Бұл туралы Көкбай естелігінде былай дейді: «Бір мезгілде Байкөкшенің түсіне Абайдың көзі түсті де: «Мына кәрінің жыны ұстап келе жатыр екен», - деді. Айтқанындай, сол арада Байкөкше Абайға түнде көрген түсін айтып, ұзақ өлеңді шұбатып жөнелді. Түсінде Абайдың бірталай қиындық, қауыптан өмір мұратына қолы жеткендігін көрген екен. Соны айтумен бірге өзінің жоруын да өлеңге қосып, Қарамоладан жолы болып, қастық қылмақ кісілерді жеңіп қайтатынын айтады» [186, 202-б.]. Көрген екі түсін Байкөкше өлеңмен өзі жориды:
Көкті құшсаң, бақытың көкті шарлар,
Ақылың осы жүрген жаннан артар.
Әкелген екі нәрсең – ғылым, білім
Сөзіңді естігеннің көңілі тарқар.
Күнді құшсаң боларсың ай мен күндей,
Арқа ұранды қазаққа тегіс бірдей.
Ақ сұңқардың жаныңа лық толғаны
Тұқымыңнан жан қалмас атқа мінбей…
Абай өзін мақтағанына емес, Байкөкшенің ақындығына риза болып бір тоғыз сый беріп қайтарыпты деседі. Байкөкшенің көріпкелдігі айнымай келеді. Абайдың өзі де, балалары да елден асып ерекше қасиеттерімен қадірлі болған.
Байкөкше - суырыпсалма ақын. Айтқан өлеңі сол жерде ел есінде қалса қалды, қалмаса қағазға түспей жоғалып отырған. Шежіре ақынның көп дүниесі халыққа жетпей жатқанын көрген Абай: «Байкөке! Сіз ел қорғаған ерді айтып, кейінгі ұрпаққа із қалдырсаңшы»,- дегенде Байкөкше: «Абайжан-ай, сен сияқты сауатты болсам, бір күнде бір кітап өлең жазар едім, амал қанша, қолым қалам, тілім қағаз бола алмайды-ау!» депті. Б.Сапаралы ақынның «Әнет баба», «Мамай батыр», «Тоқтамыс батыр», «Кеңгірбай би», «Қараменде би», «Көбей би», «Тобышақ торы», т.б. тарихи дастан жырлары болғанын, айта келіп» [187, 57-б.], «Абайдың Байкөкше ақынға жаздыртқан «Кеңгірбай би» дастанында да би өмірінен деректер мол қамтылған» [188, 515-б.] ,- деген дерек айтады. Алайда, Байкөкшенің бұл шығармалары ғылыми ортаға белгісіз. «Еңлік-Кебегінде» Кеңгірбай туралы кең сөз еткен Шәкәрім де, Байкөкшенің қасында жүрген Көкбай Жанатайұлы да ақыннан әлгі аталған тарихи туындылары туралы естеліктерінде, басқа шығармаларында аталмауы көңілді күпті етеді. Егер де осы шығармалар табылса, оны Байкөкшенің қанжығасына байлауға әзірміз, тек ғылыми тұрғыда дәлелденіп, Байкөкше ақынның сөз саптасы менмұндалап тұрса. Неге десеңіз, ақын Нұржан Наушабаевтың 1910 жылы Қазан қаласынан шыққан «Алаш» деген өлеңдер жинағындағы бір өлеңі осы Байкөкше ақындікі деген пікір де айтылып қалды [199]. Алдымен өлеңді толық келтірейік:
Майда бол жігіт болсаң тал жібектей,
Жақсы емес қатты болсаң тікенектей.
Ғылымың ұшаң-теңіз болса-дағы,
Пайдаң жоқ өз халқыңа қызмет етпей.
Көрген мен көрмегенде көп парық бар,
Жігіт адам ашылмас сынан өтпей.
Билік пен арамдыққа аранданба,
Әр істің мазмұнына көзің жетпей.
Ғибрат ал жақсыларға жақын жүріп,
Қаша гөр жамандықтан аулақ шеттей.
Пайдаңды жақсы болсаң тигіз көпке,
Жатырқап еш адамды сыртқа теппей.
Кезінде кезеңдерден қосылып қал,
Бейгеге ұлы дүбір қосқан аттай.
Мұратың бойындағы гасель (тұрақты) болсын
Иллахи, талапты ерге нұрын төккей.
Қ.Есенғариннің айтуынша Шыңғыстаудың кәрқұлақ, қазыналы қарияларының жадында осы өлең Нұржандікі емес, Байкөкше ақындікі. Алайда, өлең табиғанына зер салсақ, бұл туынды дидактикаға құрылған жазба ақынның шығармасына келеді. Б.Кенжебаевтың: «Бірсыпыра өлеңдерінде Нұржан заман жайын қазақтың бұрынғы, өз тұсындағы тұрмысын, ел билеген адамдардың іс-әрекеттерін, оқу, өнер, білім, дәулет, бақыт, мінез-құлық мәселелерін сөз етеді. Солар жөнінде бірталай орынды, маңызды, келісті өсиеттер, мақал-мәтел, нақыл сөздер айтады» [190, Б. 53-54] ,- деген пікірі жоғарыдағы өлеңнің сипатын ашып тұр. Нұржанның «Бірінші Назым» деген өлеңін оқып, салыстырған адам екі өлеңнің бір қолдан шыққандығын байқайды. Ал, Байкөкше өлеңді тіпті басқаша нағыз суырып-салма, ағыны қатты өзендердей тасып, төгіліп отырады:
Сөз деген су емес қой ағып жатқан,
Байлардың малы емес қой бағып жатқан.
Парашыл би-болысты талай көрдік
Халықты сұр жыландай шағып жатқан,-
деген сияқты ертеден қалыптасқан қара өлең ұйқасымен құйылған жыр жолдары әуелгі өлең табиғатынан мүлде басқа. Демек, өлеңнің табиғаты Н.Наушабайұлының шығармасы екендігін аңғартады.
Қолымызда Байкөкшенің «Тобышақ торы» дастаны ғана болғандықтан, қалған көлемді шығармалары туралы пікір айтуды кейінге қалдырамыз. Дастан алдымен «Сөз тапқанға қолқа жоқ» жинағында, кейіннен «Абай» журналында жарияланды. Тақырып бәйге атқа қатысты аталғанмен, оқиға негізінен шығарманың негізгі кейіпкері – Райханға қатысты. Қысқаша мазмұнына тоқталсақ, Барынбай дегеннің асы болып кедей Райхан деген жігіт жалғыз торысымен келіп асқа тігілген үш бәйгені де жеңіп алады.
Райхан айтты сонда кәрі-жасқа,
Істің артын күтіңдер, сендер саспа.
Ішің күйіп мырзалар тұз жаларсың
Бәйгені үш аламын дәл осы аста [80, 541-б.],-
деген Райхан үш бәйгенің біріншісі «Найманда одан асқан палуан жоқ» Мұсатайды жер қаптырып, «Құрыш Қара» деген атқа ие болады. Жүз қадам қашықтықтан биік бағананың басындағы күміс теңгені көздеп түсіріп екінші бәйгені алады. Үшінші бәйге де – екі жүз елу аттың алдында келген Тобышақ Торынікі, яғни тағы Райхандікі. Дастандағы ат сыншысы Қиясбай Байкөкшенің өмірден алған - Абайдың қасында жүріп, «өмірдің өзін мазақ ететін» Қиясбайы. Өйткені, олпы-солпы киініп, тұрақ-мекенсіз ел аралап өнер көрсетіп өмірден өткен Көгедайұлы Қиясбайдың көп өнерінің бірі – ат сыншылығы. Б.Исабаев сөзіне жүгінейік: «Астындағы атын желідегі құлынға айырбастай салу ол кісінің машықты ісі де екен. Ел қыдырудан тоқталмайтын жарықтық ат беріп алған құлынын алдына салып айдап жүре береді екен. Жұрттың «атқа құлын алатын Қиясбаймысың» деп сөйлеуі ертеден болған. Бірақ алғашқыда күлкі, әжуа етушілер оны Қиясекеңнің жайдан-жай істеп жүрмегенін байқайды. Сыншы Қиясбай желідегі құлынның кез-келгеніне ат айырбастамаған. Жүйріктігін танып барып айырбастайды екен-ау атын. Соны аңғарған Тобықты жұрты Қиясекең қызыққан құлынды бермейтін, қайта ол құлынды ат қылатын болған» [34, 156-б.]. «Тобышақ торы» дастанында Қиясбайдың осы қыры ашылған. Ел келеке етіп тұрған торыға Қиясбай керісінше оң баға беріп, Райханның көңілін өсіріп тастайды. Бірақ, жініккен жұрт Қиясбайдың сыншылығын мазақ етіп:
Ессіздің сөзін сөйлейді деп
Қиясбайды алжыған екен десті [80, 541-б.].
Тіпті Сұпатай деген жетім баладан басқалар торыға мініп шабуға арланады. Ақыры Қиясбайдың берген сынына толған торы бәйгеден жалғыз дара келеді. Дастандағы сыншы Қиясбай бейнесі - Байкөкшенің өзі күнде көріп, қалжыңдасып жүрген адамы.
Байкөкше ақын Райханның бағын асырған осы асты тақырып қылып алғанда бізге етене таныс тағы бір оқиғаны қосқан. Ол Өскенбай би асынан белгілі, қазақта бұрын болғанмен аса сирек кездесетін ойын түрі - әйелдің жалаңаш шығып қазыққа байланған кілем жабулы түйенің бұйдасын тісімен шешсе, түйе кілемімен сонікі. Бұл туралы Өскенбай бидің асына қатысқан Тоғалақ руының адамы Өтепберген дегеннің естелігі жеткен. Астағы оқиға төмендегіше өрбиді. Көптен соң жиыннан тағы бір әйелдің шешініп жатқаны байқалады. Сары кідір тартып қалған қатын екен, бүркеніш жамылып, түйе қасына кеп:
Ерлер, ерлер,
Ерлер туған жерлер.
Қараймын десең де өздерің біл.
Арыстың бұл асында
Бұл бәйгені алмақ дүр, -
деп бүркенішті сыпырғанда, Құнекең әйелге шапан жапқызып жібереді. Бұйданы шешкізген жоқ. Кілем жабылған інген үстіне қосып, «шешіндірген айыбымыз» деп шапан берілді әйелге. Дәл осы оқиға «Тобышақ торы» дастанында сәл өзгешелеу автордың көркемдік қиялына қарай көркемделе, түрлендіре берілген. Майлы күйе жағылған қазыққа кілем жабылған түйе байланып, соны шешуге Тойке деген кедейдің он сегіздегі жалғыз (әдемілігіне қарап жұрт оны «Аққула» деп атаған екен) қызы шығып топқа қарсы қарап:
Су тазартар мейлі бет күйесін
Әйтеуір әкеме бір түйе болсын,-
деп тәуекел етіп, ары қарай былай деген екен:
Аққула сол арада «Ерлер! - деді,-
Бәріңіз өніп шыққан жерлер» деді.
Білместерің мазақ қып келеке етіп,
Білгеніңнің маңдай тері терлер еді.
«Білсеңдер дүниеге әйел ана!
Әйелсіз дүниеге келмес бала.
Алып - анадан, дегендей, ат - биеден
Әйелден неше түрлі туған дана»
Не түсті көргеніңнен ана етін,
Масқаралап күйелеп ана бетін.
Мұны қызық көруші кім де болса
Ананың білмейді екен қасиетін.
Бір кезде бесік көрдім, бала болдым,
Ер жеттік бойжеткен қыз жаңа болдым,
Тәніме көзі түскен көпшіліктің
Мінекей бәріңе де ана болдым [80, Б.544-545].
Байкөкше ақын қыздың аузымен елде жоқ осы ойын түрін қатты сынға алады. Ел ішіндегі осы бір сирек кездесетін анайылау бәйге түріне Құнанбайдың да ырза болмағаны естеліктен байқалады. Ел аузындағы әйел сөзін Байкөкше шығармасында өте әсерлі жымдастыра алған. Дәл осы көріністің дастанда сөз болуы шығарма идеясының тағылымдық сипатын, ақынның ұстанған тәрбиелік мақсаттағы көзқарасын айқындап тұр. Оқиға сюжетін Өскенбай би асынан алғандығы айқын. Бірақ сары кідір тартқан келіншектің орнына он сегіздегі Тойкенің Аққула деген қызы шығады ортаға. Дастанның соңында Райхан бәйгеден түскен олжаны қалыңмалға төлеп Аққуланы айттырып, жар етеді. Үш бәйгені де жеңіп алған Райхандай ердің ақыр соңында қызық үшін емес, тұрмыстың қиындығынан топ ортасына шығып, ер ұялатындай ақылды сөз айтқан Аққула қызбен қосуы дастаннның сюжеттік желісін тартымды етіп, композициялық ішкі құрылымын нығайта түскен. «Тобышақ торы» дастаны - аңыз бен ел ішіндегі болған оқиғаларды шебер жымдастыра білген, сюжеттік қиюы келіскен Байкөкшенің ақындық қарымын ақтай алған шығарма.
Байкөкшенің өлең-сөзінің бізге жетуіне Абайдың тікелей қатысы болған дедік. Қашанда Байкөкшедей сыр сандықтың ішіндегі өлең-жырды ақтаруға ынтық болған Абай: «Байкөке, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада» қазақ-қалмақ болып таласқанда Сыр бойынан көк алалы жылқыға қалың ту алып бөліп айдап шыққан кім еді, білесіз бе, соны айтыңызшы» деп Белібай би туралы, Тоқтамыс батыр туралы жыр айтқызған екен [80, Б. 526-527]. Екі ақын арасындағы осындай рухани жақындықты Ә.Жиреншин сияқты зерттеушілер басқаша ұғынып, Байкөкшені Абайдың ақын-шәкірті қатарына қосып жіберген. Анығында Байкөкше шәкірт емес, керісінше Абай жас кезінде Байкөкшеден ақындықтың өнердің қыр-сырын ұғынып, кейін келе оны қатты сыйлап қасына ертіп, серік қылған. Әдеби ортаның белді өкілі Байкөкше кемеңгер ақынның өнер жолындағы серігі деп танысақ, оны ерекше бағалағанымыз.
Байкөкше ақын сияқты Абайдың қасында жүріп ықпал еткен ақын-жырау, би мен шешен бар да, алыстан аты құлаққа шалынып, жазу-сызуы аса дамымаған далада өлең-жыры ауызша тарайтын сөз қуаты күллі қазаққа тараған тұлғалардың да Абайға әсерін жоққа шығармауымыз керек. Айтайық дегеніміз, Абайдың әдеби ортасы, ақындық айналасы дегенде тек жағырафиялық кеңістікке тәуелді болуға болмайды. Әуезов атап көрсеткен «ақынның өзі алған нәрлері» өз ауылынан аспады деген пайым мүлде қате. Дәлел ретінде бірер мысал келтірейік. Абайдың үлгі тұтып, өнеге алған ақын-жыраулары жағырафиялық өлшемге бағынбайтынының бір дәлелі - ауыз әдебиетінің көркем үлгілерін жырлаған ақындардың ішінде Абай Марабай ақынды ерекше бағалаған. Марабай Құлжабайұлы - өлең-сөзі бізге аз жеткен заманының күшті ақындарының бірі. Марабайдың біраз айтыстары мен ол жырлаған ауыз әдебиетінің үлгілері бізге жетсе, Н.И.Ильминский Марабайдан «Ер Тарғын» жырын, Ы.Алтынсарин «Қобыланды батыр» жырын жазып алады. Марабайдың жырлаған «Ер Тарғын» жыры туралы М.Әуезов: «Тарғындағы Марабай жыры өзгеден бөлек үлгімен, өзгеден жат құралғандай. Барлық өлеңде қыз сипаты, айтыс сөз, соғыс суреті, ат келбеті сияқты сөздердің барлығы да ылғи кестелеу, салыстыру, жалғау сипаттарымен жазылған. Бір нәрсенің суретін айтуға келгенде жыршы тілі қазақ баласы білген дүниеде көз тоқтатарлық келісті нәрсенің ешбірін қалдырмай сұлу үшін үйіп-төгіп алып келгендей болады. Желдіртпелеген жерді оқығанда оқушы үзілмейтін, ұщы-қиыры жоқ көп сұлу суреттің ішін аралап сурет толқынында келе жатқандай болады. Жырда осының бәрі қылғынып, қинап отырып айтылған емес, өзінен-өзі, бірін-бірі жетелеп, ағылтып келіп отырғандай болады» [20, 82-б.] ,- дейді. Сөз жоқ, бұл – Марабайдың әділ бағасы. Сонау қазақ сахарасының батысындағы (Орал өңірі, Теректі ауданында туған Б.Е.) Марабайдың ақындық қуатын осы жырлары арқылы Абай таныды. «Осы қазақта сіз білетін ірі ақын кім? – дегенде, Абай: Қазақта Марабайдан артық ақынды мен білген емеспін» [191, 398-б.] ,- дегені - әлгінде Әуезов ерекше бағалаған Марабай жырларының қуаттылығын дөп басып танығандықтан барып туындаған пікір. Әуезовке естелік беруші Сыдық Махмұдұлының: «Абайдың ескі қазақ ақындарынан мақтайтыны Марабай мен Шөже ғана екен» [160, 277-б.] ,- дегені де тегін емес-ті. Абай шәкірті - Шәкәрім Құдайбердіұлы «Ескі ақындық» деген өлеңінде:
Сыпыра жырау, Шортанбай,
Үмбетей мен Марабай,
Алды-артына қарамай,
Соққанда жырды суылдап,
Жел жетпейтін құландар [163, Б. 140-141],-
деп тегіннен-тегін Марабайды жыр саңлақтарының қатарында атамаса керек-ті. Абайдың, ол арқылы Шәкәрімнің Марабайдың ақындық өнерін аса жоғары бағалауы ақынның шығармашылық мұрасын зерттеуді болашақ ұрпаққа аманат еткендей де. Сол Абай аманатын ақтап, Марабайдай сөз маңғазының мұраларын ғылыми айналымға түсірсек, екі ақын арасындағы байланыс көздері айқындала түсер еді. Марабай мен Абай арасын біріктіріп тұрған тылсым күш ол – рух жақындығы десек, сол рухани желінің сабақтасуына ешқандай уақыт пен кеңістік кедергі келтіре алмайтыны айқын. Дәл осы рухани қайнардың мол көзі Абайға кітап, газет-журнал арқылы келді десек, ол Абай кітапханасы деген әлі қатпары сөгіле қоймаған көлемді тақырыптың сұлбасы сұранары сөзсіз. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.
Алдындағы әдебиеттен, оның өкілдерінен тек алушы ғана болса Абай біз білетіндей дәреженің ақыны болмас еді. Алынған нәр, құйылған қор Абай ойының таразысына тартылып, эстетикалық сүзгісінен өтті. Ақыл-парасаты озық, білімі кемел Абайға қазақтың қалыптасқан өлеңі аздық етті. Талғамы биік ақын өлеңнің үддесінен шыға алмағандарға қарсы үн қатады.