Әдеби ортаның ақынға рухани ықпалы (8-бөлім)
Бауыржан Ердембеков
Жалғасы
Абайдың ақындыққа, ақындарға сыны біз білетін Бұхар, Шортанбай, Дулаттарға және өзінің шәкірттері - Шәкәрім, Көкбай, Әріптерге айтқанымен тәмам деген ой тумауы керек. Тумысынан өлеңді «сөздің патшасы» деп ерекше құрметтеген Абай жасынан әр ұйқасты сөзге сынмен қарағаны анық. Аттары аталған ақындарға қарата айтқан сыны бізге сақталып жеткені қана. Ал, ел аузында жүргені, не сол заманның қатпарында қалғаны қанша? Сондай сөз жарыстарының бірі Жылтыр ақынмен байланысты. Жылтыр Бақайұлы Семейдің Жарма өңірінен. Найманның Бура деген атасынан, оның ішінде Қаратаз. «Біржан – Сара айтысында»:
Кеншімбай, Дулат, Сабыр, Сұртай, Жылтыр,
Жанұзақ қолда, дедім ақын Түбек [140, 392-б.],-
деп Әріп Тәңірбергенұлы Сараны сиындыратын Жылтыр ақын Көкпекті округінің аға сұлтаны Әлімхан (Әлхан) Тлеубердиннің сарай ақыны болған. Зираты Шар өңірі, Бесқарауыл төбесінде. Шамамен 1880 жылдары дүниеден өткен. Бір отырыста Жылтыр ақын аға сұлтан Әлханға қарап:
Әркімнің бір жары бар басы-байлы,
Қызыл су Шарға құймай тасымайды.
Жаманға жақсы жолы ұжымақтай
Әлханжан бері таста насыбайды,-
деген кезде Абай, үйдегі әйелдерді даладағы аққан сумен байланыстырған ақын сөзіне кейіп, әлгі өлеңді былай деп түзеткен екен:
Ханым - сен, қарашың - мен, басы-байлы,
Ханы жақсы болса, қарашысы жасымайды.
Жаманға жақсы қолы ұжымақтай
Әлханжан бері таста насыбайды.
Абай түзетіп қосқан алғашқы екі жол аға сұлтан мен оның ақыны Жылтырдың арасындағы байланысты ашып, соңғы екі жолмен мағынасы жағынан жымдасып жатыр. Жалғыз Жылтыр емес, Абай алдындағы қазақ поэзиясына зер салсаңыз қара өлең ұйқасына жазылған көп өлеңде дәл осындай олқылық бар.
Қазаққа өлең деген бір қадірсіз
Былжырақ көрінеді соларды аңдап [105, 90-б.],-
деген түйінді ойында жаңағы Жылтырларды нысанаға алған. Дәл осылайша Абай Нарманбет Орманбетұлы, Ыбырай Алтынсариннің өлеңдеріне түзету жасап, өңдеген де [134, Б. 434-435]. Жылтыр ақынның орнына Көкбай делінген нұсқа да кездеседі ел аузынан жеткен әңгімелерде [81, Б. 25-26]. Қалай деген күнде де Абайдың жалпы өз тұсындағы поэзияға аса биік талап қойғыштығы айқын көрінеді. Абайдың алдындағы қазақ поэзиясында жиі ұшырасатын алдыңғы екі жолдың тек шумақтың құрылымдық тұтастығын сақтап тұру үшін ғана ұйқастырыла айтылатындын жоғарыда сөз еткен болатынбыз.
Ақындық өнерге үлкен жауапкершілік артқан Абай тығырықтан сөз тауып шыққандарға ықыласы ерекше ауып, қылмысын кешуге дейін барған. Кеудесінде ақындықтың оты бар көрікті ой иесінің Абай алдында қашанда бір мүмкіндігі бар еді. Әзберген Құлғайырұлы деген кедей ақын Абайдың досы Көжекбайдың атын ұрлап, Абай қысқанда:
Абай аға, менде жоқ не кемшілік,
Істеткен мұны маған кедейшілік.
Бес сәйгүлік ішінде көкбесті бар
Болмаса бір өзіңнен демеушілік.
Биік қалай қарайды аласаға,
Үйімде көп боқтамақ бала-шаға
Бала-шаға аштығы жаман екен
Өзіңіз жарамасаң арашаға [81, 19-б.] ,-
дегенде, Абай Көжекбайға:
- Атыңды мен мінді деп есепте, ал мынаның ұрлығын маған қалдыр,- деген екен. Бәзіл деген байдың Жұмакүл деген ақын қызы Абайға өлеңмен арыз айтып, Абай қыздың басына бостандық әперген. Сондағы қыздың разы боп айтқаны:
Кез болды бақытыма Абай данам,
Бес шіркін, түкке аспады жапқан жалаң.
Деді Абай: Олжабайдан жігіңді ашпа
Жеңілтек жат мінезден жүргін аман,-
деген әңгіме қалған ел аузында. Кім айтса да тауып айтқанды алаламай разы болып, жақсылық жасаған Абай, сөз қадірін кетіріп көп сөйлегенді қатты жазалаған да. Абайдың алдына барып ұтып тұрған дауын ұзақ сөйлеп қайта ұттырған Мамай елінің Құлжабай деген (бір деректерде Мамай-Қарабас руынан шыққан Тоқа [116, 408-б.]) мылжыңын еске алыңыз [81, Б. 33-34]. «Сегіз аяқтағы» «Сөзуар білгіш, закошік, көргіш, аттанбақ – мақсұт, мақтанбақты» Абай қолында билік тұрғана қатты тиған ғой. Ал, замандас ақындарының бірі Құлжан қожа дегенге: «Сізді жұрт өлеңші деп жүр. Дүние жаратылысты қалай сипаттар едіңіз? – деп, сынамақ болды. Сонда Құлжан Қожа:
Тоғыз ай, он күндей адамдық құрсағында бердің жайды,
Көрсетпей асырадың күн мен айды.
Ақылы мен зияны жеткен адам,
Дүниеде кемшілікті қайғырмайды.
Қайғыдан кісі өлмейді есі танар,
Ауыздан түтін шықпас, ішің жанар.
Дүние қашып жүрген қызыл түлкі,
Түлкі қуған күн батқанын білмей қалар,-
дейді. Абай ақынға ризалық білдіріп, құрмет көрсетеді» [160, 370-б.].
Өзіне дейінгі һәм замандас ақындар шығармаларына осындай биік талғаммен қараған Абай ақын шәкірттеріне де талабы күшті болды.
Абайдың әдеби ортасын сөз еткенде ақынның айналасын құрайтын ерекше бір топ бар. Өлең-сөзбен барымталасып, аса бір сыйлап жанына жақын тартқан Абайдың адамдары - олар шайқы мінезді, ел ішіндегі күлдіргі, сөзі қисық, қисық та болса түзу Қиясбай, Мұқамораз, Шәукембай, Қатпа тағы сондай ел ішіндегі жамандықты өлеңге салып, әшкерлеп, іс-қимылымен мазақ етіп жүретін көңілі таза жандар.
Жалпы жұрт аса елең қылмай жынды есебінде білетін Қиясбайдың басқаның бойында жоқ ерекше қасиетін танып (ол қасиет Қиясбайдың өзі айтпақшы «өмірдің өзін мазақ етуші»): «Бала сезімінен, іс-қимыл, ойынынан пәк, таза іс, сезім бола ма? Өзім білгенде, ұйқыдан тұрғаннан ұйқыға кеткенше бала ісін жалықпай, шаршамай қайталауға жараған ересек кісі де тек Қиясекең ғана. Өйткені, Қиясбайдың ісі де, сезімі де сәбидей таза, пәк емес пе» [34, 156-б.]? - деген екен кемеңгер Абай. Жалпы қазақ даласында Қиясбай, Мұқамораз, Шәукембайлар сияқты шәлдуар мінезді шайқы адамдар аз болмағаны белгілі. Бірақ, солардың бәрі тарихта қалған жоқ. Олардың Қиясбайдан әлгіндей тосын өнері артық болуы да мүмкін, бірақ Қиясбай, Мұқамораздардың бағы - Абайдың қасында болуында. «Абай – Абай болған соң ғана, Қиясбай – Қиясбай болып танылды. Қиясбайдың «қиясбайлығына» мағына бітті» [165, 51-б.]. Қиясбай Көгедайұлы туралы арнайы мақала жазғандардың ішінде Т.Әміренов, кейіннен Т.Шапайдың зерттеулерін ерекше атап кеткен орынды болмақ. Т.Әміренов мақаласы алғаш рет Қиясбай туралы деректерді беруімен құнды болса, Т.Шапайдың зерттеуі Абайдың Қиясбайын тануда адам жанының ішкі дүниесін парақтап бере алатын соны талдауларымен қымбат. Жалпы Т.Шапайдың ғылыми еңбектері зерттеуші методологиясының өзгешелігімен, пайым қуатымен оқырманын өзіне тарта түседі. Ғалым Қиясбайдың генеологиялық түп-төркіні туралы: «Ортағасырлық философ Қожанасыр әпенде, ертегілік усойқы Алдаркөсе, тапқыр жігіт, талантты өтірікші Тазша... - әрқайсысынан дарыған бір-бір жұлық қасиет Абайдың құнарлы қонысында қордаланып, бекіп, «Қиясбай» деген атпен тұлғаланып мазмұн ашқан» [165, 52- б.] ,- дегенде әрине рухани тегі хақында сөз болып отыр. Кей деректерде Қиясбай Құнанбай жазаға тартқан Қодардың ұлы Көгедайдан таратылып жүр. Ұлынан айрылған Қодар құдай сүймес іс қылып, келіні Қамқаны қатындыққа алған ғой. «Қодардың өлімі» шығармасында Шәкәрім:
Жасырмай айта берсем, сөздің шыны –
Құдайға ерегісіп қылды мұны.
Баламды алсаң, мен де алдым келінімді,
Қане, ата ғой деп қылдым,- дейді,- осыны [163, 133-б.] ,-
деп ауыр күнәға барған Қодардың қасіретті қадамынан сыр ашады. Ал, Қиясбайдың әкесі Көгедай туралы дерек жоқ. Ерте өлгендігі айтылады. Көгедай - Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романында да Қодардың ұлы. Жазушы көркем туындысында елден жырақтанып, өзімен өзі көбелек қызықтаған көксау баланың ақындықтан да құр алақан еместігін тілге тиек етеді [123, 116-б.]. Көгедай бейнесі қаншалықты тарихи деректерге сүйеніп жазылды, ол бізге жұмбақ, әйтеуір Қиясбайдың әкесінде бір тылсымның болуы мүмкін. Демек, Қиясбайдың атасы Қодар болғанда, Қодардың келіні Қамқа Қиясбайдың шешесі болып шыққаны ма? Өлер алдында «тым болмаса Қодарды бір сүйгіз» дейтін қарабет Қамқаны жүрегі таза Қиясбайдың шешесі деуге қимайсың. Тобықтының шежіресін сүзсеңіз мүлде бөлек деректерді ұшыратамыз. Тобықтының Борсақ деген атасынан Жазыбай, Қазыбай деген тараса, Жазыбайдан – Қиял, Қазыбайдан – ағайынды Қодар мен Көгедай тарайды. Қодардан – Құтжан, Көгедайдан – Қиясбай. Шәкәрімнің «Қодардың өлімі» шығармасындағы Қодардың ағайыны – Қиял осы. Демек, Қодар мен Көгедай - әкелі-балалы емес, ағайынды адамдар. Қамқа Көгедайдың емес, Құтжанның әйелі болып шығады. Қиясбайдың ата-анасын тәптіштеп, там-тұм деректерге назар аударып отырғанымыздың себебі, ар сүймейтін іске барған үлкен ағайыны мен шашты сайтан атанып, сүйектері отқа жағылған жеңгесінің қасіретке толы әрекеттері Қиясбайдың оқшау дүниетанымын қалыптастыруы да ғажап емес. Кешегі ел қарғысына ұшырап, отқа жанған қарабет жандардың ұрпағы болып жайбірақат жер басып жүру - саналы адамға азаппен тең. Не ел бетіне қарай алмай, күйініп, қорынып өту керек те, не болмаса керісінше жасынан «дінсіздің ұрпағы» дегізген тасбауыр тағдырға лағнет айтып, өмірдің өзін мазақ етіп, айналасын қыран-топан күлкіге батырып өмір кешу керек-тін. Қиясбайдың сыбағасына соңғысы бұйырды. Бұйырған жоқ уайымсыз ғұмырды өзі таңдады. «Уайым жоқ, қайғы жоқ, атадан тусаң мендей ту» дегенде бала жастан тәлкекке салған жазмышқа көрсеткен қиқарлық сезіледі. Қиясбай уайымнан қашып күлкіні тапты. Мәңгілік бала қалпында қалуының сыры да уайым мен қайғыдан бойын аулақ салғандық шығар. Тұлыбына орап өсірген Қодар атасын еш шімірікпей отқа өртеген көп туысқан енді бұған емірене қалғанына Қиясбайдың көңілі жібімесі анық. Кеше ғана атасына тас атқандардың ортасында отырып бір сәт қайғы-мұңға берілмей, үнемі езуін жимай күліп жүру ісі мен сөзі қиыс Қиясбайға ғана тән болар. Қиясбайдың күлкісі басына төнген мұң-наланы қашыратын тылсым деп тапсақ қана, Абайдың «бала Қиясбайының» дүниетанымын біле түскендей боламыз. Демек, Қиясбай тумысынан ақыл-есі кем, не болмаса көтеріп әкетер ауруы бар адамға ұқсамайды. Ол - өз рөліне сонша берілген шебер әртіс болып, әу баста көңілі құлай таңдаған бейнесін сомдаумен өмірден өтті. Еш жаңылмай, жалықпай, тіпті ауыс-күйіс үзіліс жасап, антрактіге де бармай өмір сахнасында ақырғы демі біткенше ойын қойды. Сегіз қырлы еді. Сыбызғыда сиқырлы күй тартты, құдыққа түскен атан өгізді суырып алар қара күштің иесі көңілі түскенде күреске шығып, балуан біткенді баудай түсірді. Атқа құлын айырбастап елдің күлкісіне ұшырап, артынан әлгі таңдаған құлыны бәйгеден келді. Келеке қылған көптің күлкісі сап тиылып, таңданды. «Лақпайы өлеңімен» (Т.Шапай) жұртты қыран-топан күлкіге батырса, тапқыр сөзімен, бала қылығымен данышпан Абайдың көңіліне жақты. Қалай десеңіз де, Қиясбайдың жаны - қарапайым адамдарға шешуі қиын жұмбақ. Ол жұмбақтың жауабы Абайға ғана таныс. Әйтпесе, қызылды-жасылды бұл оранып, тал шыбықты ат қып мінген елірмені, шапқылап балалармен ойнап жүрген нағыз әумесерді Абай ерекше қадірлеп, жік-жапар болатыны несі? Абай Қиясбайға үйлен деп қолқа салғаннан кейін, дауылды күні ауыл-үйдің ұйқы-тұйқысын шығарып жатқан шағында Қия-ағаң Абайды үйінен алып шығып, бұзауы жамырап кеткен сиырына ұмтылып жүрген бір шөп желкені нұсқап, менің таңдағаным осы дегенде Абай әлгі екеуінің бірігіп шаңырақ құрып кететініне күмәнін білдіріпті. Сонда анау:
- Сіз өз көзіңіздің орнына менің көзімді қойып бір қарасаңыз, ол қыз хор қызындай көрінбесе, сіздің айтқаныңыз болсын деген екен. Міне, біз де дүниеге Қиясбайдың көзімен қарағанда ғана оның философиясына барлау жасай аламыз. Қиясбайдың сайқымазақ тірлігінің мәнін өзінен тыңдайық. Абай орта жастан асқанша Қиясбайдың баламен бала болып ойнауын тоқтатпақ болғанда Қиясбай оған шын ренжіп: «Сені ойда орыс, қырда қазақ данышпан ақын Абай деп алдарыңнан шықпай ардақтап жүр ғой, бірақ, сен дүниенің тұрақсыз, алдамшы сырынан түк түсіне білмейді екенсің. Білсең мен өзіңнен бір сұрақ сұрайын, соны айтып берші. Осы адам баласы анасынан туғанда жылап туа ма, күліп туа ма?- деді. Бұған Абай:
- Күліп туу жаратылыстың заңында жоқ қой,- деп жауап қайтарады.
- Олай болса,- деді Қиясбай –дүниеге жылап келген адам баласы, күліп өлмейді. Сондықтан бұл фәниге кейіспен келген пенденің алдамшы дүниеге аяғын шалдырмай өмірін өкінішсіз өткізіп өлген бірде-бірі жоқ. Ал мен дүниенің өзін мазақ етіп жүрген жоқпын ба?- депті [192, 204-б.]. Бұл - Абайдың өз аузынан естіген Қатпа Қорамжанұлының әңгімесі. Сонда алдамшы, жалған дүниенің өзін мазақ етіп:
Осы жасқа келгенше баламын деп
Япыр-ай, неткен қумын менің өзім,-
деп секектей беретін оның жан түкпірінде белгілі бір мақсат мықтап орныққан екен ғой.
Қиясбайдың ақындығы да өзінің тірлігі сияқты тұнған сайқымазақ, лирикалық қаһарманның бет-бейнесін дәл беріп тұрған ойқы-шойқы поэзия. Естелікке бақсақ Қиясбайдың ел алдына шығып айтыс ақындарын мезі қылатын:
Айдалада ақ қасқыр, опақ-сопақ,
Ақ сиырдан туады жирен айғыр,
Аспанда ителгі құс пішен жейді,
Арық тоқты шұлғиды тоң қатқанда [81, 41-б.] ,-
деп шұбатыла жөнелетін мағынасыз өлеңдердің шоғырын Абай бастап Асылбек, Әділшелер шығарып берген. Кім шығарса да өлең тек Қиясбай айтса ғана жарасатын, соның табиғатына ғана сай болған соң, сөзсіз Қия-ағаңның қоржынына салынады. Ел ішінде «Қиясбайдың қозы көші» деген ән бар. Анығы - Шәкәрімнің әні де, Қия-ағаң бір бестіге сат деп өтінген соң, қажы тегін берген екен. Біреуден мәнсіз өлең мен ән қолқалап алып жүрген Қиясбай күшті ақын болмағанымен, екі ауыз сөзді қиыстырар қауқары болған. Ақындық өнерін сынамақ болған Абай кейде өлең шығарып, соңын Қиясбайға айтқызса, кейде табан астында суырып салып өлең айтуды талап еткен. Сондай ел әңгімелерінің біріне құлақ түрсек, бірде Қиясбай Семейден жаяу шығып келе жатады. Мезгіл күздің кезі екен. Күшікбай кезеңіне жақындаған шақта ол қатты жаурапты. Қара суық жел шыдатпай тоңып келе жатқан Қиясбайды ауылға жеткенде Абай сыртта тұрып кездестіріпті.
- Ей, Қиясбай, сиқың адам көргісіз ғой, ақын екеніңді білейін. Кәне, осыныңа бір ауыз өлең шығаршы. Ойланбастан айтшы,- дейді. Сонда Қиясбай:
- Е, несіне ойланам. Сен ғой дейсің бе? Айналасына жастық қойып, астына көрпе жайғызып, алдына қағаз-қарындашын қойғызып ойланып-баптанып жататын.
Ой, елтірінің іші сеңсең, сырты тері,
Арқаны кезіп жүрген мен бір сері.
Шыдатпай өңменімнен өтіп кетті-ау
Өкірген Күшікбайдың қара желі.
Әгөй, әгөгөй [81, Б. 42-43],-
деп өзінің бұрынғы мақамына салып секіре беріпті. Абай Қиясбайдың жауабына риза болып, үйіне енгізіпті. Ақындығы әлгіндей болса, ел аузынан жеткен сөз тапқыштығы тағы бар. Басқаны қойып, дүйім жұртты аузына қаратып отырған Абайды талай жерде сөзден ұтып кеткен ғой.
Тағы бірде Абайдың үйінде жиналған игі-жақсылар Қиясбайдың келгенін елемепті де, соған кектенген Қиясбай Абайға оңаша айтатын шаруам бар деп бүкіл жұртты дүрліктіріп далаға шығартыпты. Осы тапқырлығы үшін Абай риза боп қой берсе, «Абай ағам өңгертеді деймісің, айдатады да жібереді», - деп он шақты қойды айдап әкеткен екен. Қыс ішінде ет ал деп шошалаға кіргізсе жылқының басы, төрт сирағы, құйрығын алып шығып, көрген елге «Абай жылқы жетектетті»,- демеймін бе деп Абайды тағы ұтыпты. Әбдірахман қайтыс болып, елдің айтқан көңіліне жұбанбай томырылып отырған Абайға, Қиясбай келіп: Абай аға, елдің Әбіш деген жақсы баласы өлді, көңіл айтпайсың ба? – дегенде Абай басын көтеріп: Айналайын Қиясжан,- деп түрегеліп Қиясбайды қолтықтап үйге беттеген екен. Осылардан кейін Қиясбайды жынды демек түгіл қарапайымдардың қатарына да қоспай, төрден орын беретініңіз кәміл.
Қиясбай - Абайдың қасындағы сайқымазағы емес, ақынның жүрегін торлаған қалың қайғы мен мұң-зардың бұлтын серпілтер құдіретті күлкі сыйлаған абзал жан. Десек те, шайқы Қиясбай мен дана Абайды жақындастырып тұрған зіл батпан ауыр қайғы мен тұла бойды кернеген күлкіден де терең дүние жатқандай. Бірі алдамшы дүниенің соңына түсіп, нәпсінің құлы болған халқының қасіретіне томырыла қайғы жұтса, екіншісі дәл соларды мазақ етті. Олардың мағынасыз тірлігін іс-әрекетімен де, сөзімен де бейнелеп көрсетті. Дүниенің тылсымын ақыл көзімен парақтай білетін парасатты-шайқы Қиясбайдың бала қылығын Абайдың ерекше бағалауы содан. Осы арада айта кеткен жөн Абайдың Қиясбайы, Шәкәрімнің қасындағы мылқау Әупіші, кейіннен М.Әуезов қатты қадірлеген, көкірегі сарай Шәукендер – табиғаты ұқсас жандар ғана емес, даналар дүниетанымын тоғыстырып жатқан ерекше есімдер.
Қиясбай сияқты Абай маңында болған Мұқамораз да күлдіргі адам болған. Тобықтыға көршілес Керей елінен шыққан Мұқамораз Абайға жиі келіп қонақ болады екен. Мұқаморазды қашанда сөйлетуге құмар Абай, тағы бір сәлем беріп кіріп келгенде есік аузында тұрып бір ауыз өлең айт дегенде Мұқамораз іркілместен:
Ауру астан болғанда, дау қарындастан,
Мұқамораз атандым бала жастан.
Мұқамораз деген ат шайтан аты
Қандай молда қойды екен аямастан [81, 45-б.] ,-
деген екен. Осы бір ауыз өлеңді Мұқамораздың атынан Абай айтқан деген деректер де бар. Тіпті ақынның 1940 және 1961 жылғы жинақтарына да енген. «Абай» энциклопедиясында Т. Барақұлы: «...Абайдың кейін табылған өлеңі. Ел аузынан жазып алынған» [193, 101-б.] ,- деген пікір айтады. Анығында, өлең Абайдікі емес, Абайдың өзі қолқалап айтқызған Мұқамораздың шығарған өлеңі. Осындай олқылықты дер кезінде байқаған Абай шығармаларын құрастырушылар кейінгі жинақтарға бұл өлеңді қоспаған. 1977 жылғы ақын шығармаларының қос томдығына алғысөз жазушы Ы.Дүйсенбаев былай дейді: «Қайым Мұқамедханов, Әбіш Жиреншин, Әрсен Ибатов, Садық Қасиманов, Мұздыбай Бейсенбаев және басқалар әр жылдарда, дүркін-дүркін «Абайдың жаңа табылған өлеңдері» деген атпен азды-көпті материалдар жариялап келді. Солардың ішінен тек Қайым Мұхамедханов ұсынған бір топ өлеңдер болмаса, басқалары аяқ асты қала берді. Себебі, кездейсоқ, жеңіл-желпі ұсыныла салынған шығармалардың басым көпшілігі, бір жағы, көркемдігі өте нашар болса, сондай-ақ, «анадан жазылып алынды, мынадан естіп едік»,- деген жалпылама сөздер ғана арқау етілгендіктен, күдіксіз дерек ретінде пайдалануға жарамай отыр» [105, Б. 12-13]. Орынды айтылған пікір жоғарыдағы өлеңнің табиғатына да қатысты. «Абай әзілдері» жинағында Байкөкшенің Абайға айтатын бір ауыз өлеңі де сәл өзгеріспен Мұқаморазға телініп жүр. Тіпті өлеңнің шығу тарихы да бір. Ел аузынан жиналған мұраларда, осындай бір ізгіліктің болмауы заңды да. Қолжазбасы қалмаған ақынның сөзін әр рудың адамы өз ақынына теліп тарата беруі әбден ықтимал. Сондай-ақ, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші естелік айтушы қауымнан да бір ақынның орнына екіншісін қосып сөйлеу әдеті кездеседі. Сондықтан да, ескіден ауызша жеткен өлең-сөздің ең алдымен шығу тарихына, содан кейін өлең стиліне, ақынның сөз қолданысына т.б. ерекшеліктерге назар аударған жөн. Осындай ел ішіндегі аусар мінезді, сөзі түйеден түскендей боп келетін, ерекше жаратылған жандардың сол айтқан сөздерінен Абай ерекше нәр тауып, қатты қадірлеп отырған. Абай үйінің отымен кіріп, күлімен шығып жүретін Шәукембайдың «Абай балтаны да қайрай алмайды», - дегені ақынды үлкен ойға қалдырса, жаяу жарыстан озып келген қатынын «Абай мен Оспан естісе алып қояды», - деп тығып қойған ауылдасының сөзінен қатты ұялтып, Оспанға да айтып, өзі де ендігәрі елдегі жақсы ат, құмай тазыға, қыран құсқа қызығуды тоқтатамын депті. Ақылы елден асып тұрғанымен осындай қарапайым жандардың тауып айтқан сөздеріне тоқтап, көңіліне медеу тұтуы - Абай даналығының тағы бір қырын аша түседі.
Жасында ұры атанып, Абайдың арқасында жаман кәсіпті тастап, атқосшысы болған Қарасақау сөзге шешен, өжет кісі екен. Тілі сәл шәлдірік болғандықтан ел Қарасақау атаған, ал шын аты Құсайын. Абай шәкірті Көкбайға Абылай хан туралы поэма жазғызып, сонда шәкіртінің Наурызбайдың Ақауыз атын суреттегеніне көңілі толмай «Аттың сыны» деген өлеңді жазғаны аян. Әйтсе де, сол өлеңін «Бұл шіркіннің өзі де мес болып кетті ғой», - деп Көкбай дастанына кіргіздірмеген. Қарасақау Абайдың осы өлеңіне сын айтқан.
«- Абай аға, Сіздің атыңыз кекілді ғой?
- Иә.
- Кекілді болу үшін аттың маңдайы дөңес болуы керек қой?
- Иә.
- Маңдайы дөңес жылқыда ми көп болуы керек қой?
- Иә.
- Ендеше, миы көп жылқы шаба алмайды, сіздің атыңыз жүйрік ат емес. Сонда Абай зекіп жіберіп:
- Оттама, Қарасақау! Шоқпардай кекілі бар сөзі өлең уәзін үшін керек», - деген екен» [34, 408-б.]. Абай жігіттік шағында Керей Сағындық дегеннің Бибі деген қызына ғашық болып, сол махаббаты кейінге дейін суымаған көрінеді. Әділхан төренің әйелі болып, кейіннен күйеуі өлгенде Абайға ғашықтық хат та жолдаған. Араб-парсы, шағатай сөздері көп өлең-хаттың толық нұсқасы елу алты жол ел аузынан жеткен. Абайдың Еркежан қолында болған кезі. Бибіні тоқалдыққа алып, тіпті Әділханның қорасын қыстау қыламын, - деген ниеті де болған деседі. Әлгі хаттың осыған негізгі себеп екенін білген Еркежан Қарасақауға мән-жайды айтыпты. Абайдың қолындағы хатты көрген Қарасақау өлеңдегі «Білезік ауып кетер шар салғанда» деген жолына жата кеп жабысып, бұл әйелге таласушы көп, жалғыз сіз емес. Алпысқа тақаған шағыңызда әйел үшін шарға түскеніңіз абырой әпермейтін іс,- деп ақынды райынан қайтарыпты. Міне, әуелде ұры боп жүрген Қарасақаудың бойындағы ерекше қасиетін танып, қасына ұстаған Абай, оның баласы Қасеннің оқып білім алуына көп жәрдем жасаған. Құсайнов Қасен кейіннен Абай туралы құнды естелік-деректер берушілердің бірі болды.
Абайдың әдеби ортасы дегенде ақынның тал бесіктен бастап тәрбиеленіп, үлкен ақындық биікке жетуіне өзіндік ықпал еткен сөз иелерінің орны ерекше екендігін айтқымыз келді. Абаймен арадағы рухани байланыстың жарқын үлгісін кейінгі ұрпақ кәдесіне жаратып кеткен оның айналасындағы әр-бір ақын мен жырау, би мен шешен, бір сөзбен айтқанда Абайдың ақындық табиғатына шама-шарқынша нәр құйған рухани жандардың сөз өрнегі, үлгі-өнегесі Абайға мол азық болды. Қазақтың қара өлеңін әлемдік деңгейде биікке шырқата алған Абай, сөз жоқ, ұлттық құндылықтарды жасаушы осы әдебиет пен мәдениет өкілдерін, олардың мол мұрасын барынша пайдаланып, ақындық жолында мәнді баспалдақ ете білді. Ақынды қоршаған өз айналасы Абай нәр алған рухани көздердің белді бір тармағы десек, оған батыс пен шығыстан келген ағынды қоссаңыз, кемеңгер ақын осы үлкен арналар арқылы келген мол білім мен өнердің керегін сүзіп ішті. Рухани нәрлерді өз домнасында қорытып, қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне, философиясы мен өнеріне тың, жаңа қалыпта құйылған кесек дүниелерді ұсынды. Абай ұсынған жаңалық атаулыны қағып алып жалпақ жұртқа таратушы жас буын әдебиеттің өкілдері ақын маңына топтаса бастады. Енді Абай соларға бет бұрып, «сөзі түзу» қазақтың жаңа ақынын қалыптастыруға әрекет етті. Күшті ақын ғана емес, Абай бұл арада өнегелі мектеп қалыптастырған, ақындар мектебін құрған талабы зор ұстаз дәрежесіне көтерілді. Ендігі әңгіме Абай өнегесі, ақынның ұстаздық құдіреті жайында, сол рухани құндылықтарды бойына сіңіріп, қазақ әдебиетінде Абайдың ақын шәкірттері деген үлкен мектептің өкілдеріне айнала білген тұлғалар шығармашылығына байланысты болмақ.