Әдеби ортаның ақынға рухани ықпалы (3-бөлім)
Бауыржан Ердембеков
Жалғасы
Абайдан жасы кіші болғанмен, ертерек орыс оқуын меңгерген Халиолланың Абайға бергені көп болды. Түпкіш Құнанбай - орыс оқуының мән-маңызын, қазақ ортасындағы салмағын көп қазақтан ерте сезінген адам. Абайдың: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек... Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі» [117, Б.161-162] ,- деген салиқалы ойы ілгеріде әкесі Құнанбайдың қам-қарекеті болғанына көз жеткізу қиын емес. Дәлелі – Халиолланы орыс оқуына беруі. Қыршынынан қиылған Халиолла Абай санасына орыс оқуынан алған көп дүниені сіңіріп үлгерді. Үш айлық орыс оқуымен ресми білім алуы аяқталған Абайдың ендігі ұстазы Омбыда, одан Мәскеуде орысша әскери білім алған інісі Халиолла болғандығы анық. Тек әскери білімді меңгеріп қоймаған, ақындықтан, аударма мен ән өнерінен құр алақан болмаған Халиолла Өскенбаев туралы, әсіресе Абайға тигізген оң ықпалы туралы сөз өз дәрежесінде айтылмай келе жатыр. Небәрі 21 жасында дүниеден өткен Халиолла жайында 1896 жылдары орыс зерттеушісі Н. Потанин «Ең соңғы қазақ ханзадасының киіз үйінде» (Шығыс сұлтанның үйінде) деген еңбегінде («Русское боготство» журналы. 1896, №8) Халиолланың асқан білімдарлығымен қоса, сол білгенін өз еліне (қазақтарға) үйретіп, басқа жұрттың әдебиетін қазақ жұртына насихаттап, таныстырудағы еңбегін сүйсіне баяндайды. Дәл осы жылы Х.Өскенбаев туралы «Дала уалаятының газетінде» «Қазақтың тәуір адамдарының қылар ісі» деген мақала жарияланып, онда Хәлелдің өміріне аз тоқтала келіп: «Сол құрметті адам естуі бойынша кеш болғанда орыс қиссаларын қазақ тіліне переуаттап қазақтарға айтады екен де естушілердің сұрауы бойынша жазып береді екен. Солайша, Тургеневтің, Лермонтовтың, Толстойдың шығарған кітаптарын Өскенбайұлы еркін переуат қылып шығарған, һәм өзгелердің. Өскенбаев рас, өз жақсы көрген, үйренген білімін жерге көмбеген, һәм оны жалғыз өзіне сақтамай көппенен бөліскен, өз жұртын үйреткен, үлгі қылып айтуға тұратын ісінің бірі», - дей келіп мақала аяғында «жақсы болар еді егер де оның переуат қылған қиссалары редакцияда болса» [133] ,- деген тілек өтініш айтылған. Өкініштісі сол Халиолланың аударма мұрасы сақталмаған. Халиолла туралы алғаш сөз қозғап, құнды мұрағат деректерін беруші және Халиоллаға жазылған үш хатты тапқан ғалым Ә.Марғұлан «Московская иллюстративная газета» басылымының 1892 жылғы №274 санында жарияланған Халиолланың «Қазақ аңызы» деген мақаласын алғаш ғылыми айналымға енгізеді. Бұл - Х.Өскенбаевтың баспасөз бетіне шыққан бізге белгілі жалғыз еңбегі. Қысқа мақалада Темучинді Шыңғыс тауындағы Хан биігіне Майқы би бастатқан билер ақ кигізге отырғызып көтеріп хан сайлауы тарихи шындыққа орай баяндалған. Басқа тарихи мұра жоқ. Халиолла туралы кезінде Ә.Марғұлан, А.Нұрқатов, Ә.Жиреншин, Қ.Мұхамедханұлы, М.Бейсенбаев, Ә.Ысқақов, Т.Жұртбай сынды ғалымдар мен зерттеушілер мақала, естеліктер жазды. Әрхам ақсақалдың естелігінде Халиолланың ақындығынан хабардар ететін төмендегі үзіндіге назар аударайық: «Халиолла ақын екен, қызды жоқтап, (Айғанымға қосыла алмағаннан кейін Б.Е.) әділетсіздік қылып, ақшаға, қара күшке сатылған патшалық заңның бұғауына, параның үстемдігіне налып көп өлеңдер жазады және өз басын да өлген адамға есептеп жоқтау жазады. Содан есте қалған бір ауызы:
Арғы атаң сенің Ырғызбай,
Асауды жегіп үйреткен.
Қалмақтың жығып балуанын
Қабырғасын күйреткен,-
деп басталады» [103, 121-б.]. Ә.Жиреншиннің: «Өлер алдында Халиолла ата-бабасының тарихы мен өз өмірін қосып көп өлең жазып тастап кетіпті. Кейін ол өлген соң, жоқтаған әйелдер сол өлеңі мен тамаша сөздерін дауысқа қосып айтқан көрінеді» [134, 21-б.] ,- деген пікірі жоғарыдағы естелік сөзін бекіте түседі. Тамаша ақын, аудармашы Халиолла Өскенбаев - өнері ашылмай қыршынынан қиылған талантты жастың бірі. Халиолла еңбегіне байланысты: «Кадет корпусының соңғы екі класында оқып жүріп, Халиолла Н.Ф.Костылецкийге қазақ тілінен көп сөздер жазып береді, оларды әрі қазақ тілінде аударып жазады. Оның ішінде «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Есім ханның ескі жолы», «Қазақ билерінің ерте кездегі шешімдері» тағы басқалары бар... XIX ғасырдың 90-жылдары Халиолланың жазулары Н.М.Ядринцевті, Н.И.Наумовты, Н.Н.Максимовты қатты толғандырды. Олардың ортасынан Н.И.Наумов пен Н.Н.Максимов «Дала уалаяты» газетіне хат жазып, Халиолланың жазуларын Омбыға жіберсе деп сұрады. «Еңлік-Кебектің» ғажайып әңгімесін Н.И.Наумов «Сибирь» газетіне басып шығарды, тағы Ақмола облысының газетіне шығарды (1892). Халиолланың көп жазулары Н.Н.Максимовтың архивінде сақтаулы» [128, 194-б.] ,- деген ғалым Ә.Марғұланның құнды деректері әлі көп нәрсенің тоңы сөгілмегенінен хабардар етеді.
Әдеби мұралары бәлкім орыс мұрағаттарында тығулы жатқан Халиолланың Абайға әсері, әсіресе, орыс әдебиетін танып-білуге тигізген ықпалы ерекше болғанына күмән жоқ. Абайдың өз аузымен айтылды деп жүрген «Михаэлис менің дүниеге көзімді ашты» деген сөзі «орыс әдебиетімен таныстырған, алғаш орыс ақын-жазушыларының шығармаларын оқуға себепші болған Михаэлис екен» сияқты пікірлер де жоқ емес. Абай Михаэлиспен танысқанда Толстойдың томдарын еркін оқып, орыс әдебиетін біршама игерген уақыты. Олай болса, бала кезіндегі орыс мектебінде үш ай оқығандығын айтпағанда, Абайды нағыз орыс әдебиетімен таныстырған адам – Халиолла. Он жасынан Омбыдағы кадет корпусында, кейіннен 1867-1868 жылдары Мәскеуде Александр III атындағы әскери училищеде оқыған Халиолла жазғы демалыс сайын келіп, өз ауылындағы жастарды, соның ішінде 15-17 жастар шамасындағы ақылы толған Абайды орыстың көркем әдебиетімен сусындатып отырған. Ал, Абай Михаэлиспен жетпісінші жылдардың басында, Толстойдың алғашқы томын аяқтап, екінші томын сұрап тұрған кезде кітапханада танысады. «Михаэлиске жолықпай тұрып, Толстойдың шығармасын оқып түсіну өзінің інісі Халиолланы 12 жыл мехнаттанып оқытқан еңбегінің нәтижесіз болмағанын аңғартса керек» [103, 128-б.] , - дейді Әрхам. Қолда бар деректерге жүгінсек, Халиолла орыс әдебиеті туралы ауылының жастарына жүйелі дәріс оқып отырған. Крыловты, Пушкин мен Лермонтов жырларын Абай ең алғаш осы Халиолланың аузынан естіп, кейіннен іздеп, құмарта оқиды. Халиолла дүниеден өткенде оның артында қалған нәрселерін іні-бауырлары бөліскен кезде Абайдың басқаға мойын бұрмай Хәлелдің кітаптарын еншілеуі де кездейсоқ жағдай емес. 21 жас қана жасап, бойындағы таланты ашылмай кеткен Халиолла бір сандық кітаппен бірге Абайдың санасына орыс әдебиетінің сәулесін құйып, рухани дүниесін байытып, тынысын кеңейтіп кетті.
М.Әуезов өз еңбектерінде Халиолла туралы жазбағанымен, ол жайында жақсы білгені сөзсіз. Халиолла оқуын тәмамдап елге келгенде Құнанбаймен бұрыннан құда Тінібайдың Айғаным деген қызына ғашық болады. Құнанбай да, Абай да бұған қарсы болады. Қыз ағалары Жұмаділ мен Темірғали да тірі тұрып Айғанымды Мәкіштің інісіне бермейді. Айғанымды Алматыға алып қашпақ болған ісінен түк шықпай, ақыры орыс сотына жүгінеді. Бұл кезде Айғаным Хәлелді танымаймын деп танады. Сөйтсе, басын айналдырып оқытылған екен. Көп ұзамай Айғаным құсадан өліп, жігіт ел-жұртқа өкпелеп, Омбыға кетеді. Осы трагедиялық оқиғаны М.Әуезов көркем шығармасына арқау еткен. Әуезовтанушы ғалым Т.Жұртбай: «Екеуінің арасындағы трагедиялық қайғылы хал көркем шығармадағы Дәрмен мен Мәкеннің үйлену хикаясына телінген. Ұмытпасаңыз, дәл осындай жорамал «Қаракөз» пьесасына қатысты да айтылған» [79, 231-б.] ,- деп көркемдік шындық пен тарихи шындықтың тізгінін қатар ұстай отырып, жазушы қиялының астарына үңіледі.
Социалистік қылбұраудың қысымынан әупірімдеп өткен «Абай жолы» романына патша чиновнигі Халиолланы енгізе алмауының себебі түсінікті. Дегенмен, көркемдік тәсілді пайдаланып, Хәлелді жағымсыз етсе ше? Эпопеяның төртінші кітабына кіргізу ойы болған М. Әуезовте. «Тінібай үйі. Қала жасының қызығы. Оқудан келген Хәлел, Тінібай қызымен арасы. Қазақ жайын білмейді. Тінібай қызын алып қашады. Абай Аякөзге қуып барған. Алып қайтады. Халел мінезсіз төрешік. Абай ұрсады» [79, 240-б.] ,- деп жазылған жоспар сақталған екен жазушы мұрағатында. Алайда мінезсіз төрешік етіп көрсеткенмен де Халелді романға енгізу қауіпті еді. Сол кездегі сынға назар аударыңыз: «Романдағы Абайдың барлық ағайын туысқандарын кіргізе беруі орынсыз екенін автор түсінбеген сияқты Абайдың Құдайберді деген ағасы бары, оны Абайдың жақсы көргендігі кімге керек, сол сияқты бала жігіт Шәкені, оның аң аулағанын суреттеудің қанша қажеті бар. Осы сияқты өмір материалдарын шығармаға керектігіне қарай талғап алмау авторды кейде қатеге де ұрындырған. «Абай» романының екінші кітабында екі жерде Абайдың кіші баласы Тұраштың аты көрсетілген. Бірақ оның аты Абайға абырой әпере ме? Жоқ. Қайта алашордашыл байдың атын кітапқа енгізу – автордың саяси қатесі» [133] ,- дейді сол кездегі сын. Осындай біржақты сындардың салдарынан «жағымсыз Халелдің» өзі романға енбей қалды.
Әуезов қаламына қойылған тосқауыл туралы жазушының шәкірті, академик-жазушы З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» романында былайша толғанады: «Оң қолында қалам, алдында, стол үстінде жатқан ақ қағазға беделе бере, қалт тоқтапты. Қимылсыз, ұзақ-ұзақ осылай отырады, қыбыр етпейді! Жазбайды!...
Әуезов ойда. Қалам тоқтап тұр. Бірақ ой ағымы толассыз. Не ойлап отыр екен» [136, Б. 116-117]? Хас тұлпардың тұсалған тұсын шын талант қана осылай тереңнен суырып айта алар. Әсіресе, соңғы сөйлемдер Әуезовтің шығармашылық жолдағы бүкіл қайғы-қасіретін ашып тұр емес пе? Осылайша Абайға орыстың әдебиетін алғаш таныстырған Халел есімі басқалармен бірге Әуезов қаламына ілінбей қалды. Ойымызды түйсек, Халиолла және Абай тақырыбы - тыңнан табылатын деректер күту үстіндегі абайтану ғылымының теңі шешілмеген тұстарының бірі.
Құнанбай Халиолланы орыс оқуын меңгертіп, жыраққа жіберсе, Абайды қасына ұстауға ықылас қойып, Семейде аз жыл оқытып, өзінен кейін ел басқарту мақсатында ауылға алдырып, жастайынан өз ортасындағы дау-шарға салып жарата бастайды. Осылайша Абайдың өмір мектебінде ақылшы ұстазына айналады. Құнанбайдан кейін Тобықтыда ел тізгінін ұстаған Абай болды. Тек Тобықты қана емес, көршілес Найман мен Керей, Уақта Абайдың көзі тірісінде алдына шыққан жан болмағаны аян. Көреген қажы қателеспеді. Кісі танығыш Құнанбай Абайды жастайынан мұсылманша оқытып, «не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдерші»,- деп үміт артуының ар жағында үлкен сәуегейлік жатыр. Құнанбайдың осы сәуегейлік, көріпкелдік қасиеттерінің Абайға қатысты-ау деген тұстарына көңіл аударайық. Абайдың дүниеге келуі туралы таңғажайып әңгімелер ел аузында сақталған. Әсілі, болашақта халықтың зор құрметіне бөленер айтулы тұлғалар дүниеге келгенде тылсым табиғат бір белгісін бергендей біреуінде күн тұтылса, біреуінде қатты күн күркіреп, сел құйып дегендей оқшау мінез көрсетіп қалатын құбылыстарды қазақ халқы тәңірдің ісіне балап жатады. Абай дүниеге келерде Алланың сүйген құлы Құнанбайға да бір деректерде Кеңгірбай би, бір деректерде Әнет Баба түсіне еніп, аян береді. Осыған байланысты Абай елінде ақынға «Ибрагим» деп ат қойған Тұңғышбай Ешен деген әулие туралы шындыққа жанасымды әңгіме сақталған. Ешен әулиенің тегі Тобықты-Көкшенің Байқошқар деген атасынан тарайды. Мамай батырдың жасағындағы шеп бұзған ерлердің бірі – Мәтен батырдың немересі. Жасынан Алланың ақ жолын берік ұстанып, ислам дініне құлай берілген, өз бетімен Құранды терең меңгерген, 15-16 жасынан Әзірет сұлтанға барып басына тәу еткен қасиетті адам. Құнанбайдан төрт-бес жас кішілігі бар Тұңғышбай Ешенді қажы өте қатты құрметтеген. Ел ішіндегі әңгімеде былай делінеді: «Тұңғышбай Ешен жыл сайын Түркістанға барып, Әзірет сұлтанға зиарат етіп, түстіктегі әулие-әнбилерге дұға қайырып, Бұхарға дейін барып қайтады екен. Бұл сапары кейде 3-4 айға созылса керек. Бір сапарынан кеш, ел қыстауға қонған соң оралып, үйіне де соқпай Жидебайға кеп, Құнекең үйіне түсіпті. Құнекең:
- Өй, Тұңғаш, таңертең келген Қаратай, сені әлі оралған жоқ деп еді, келген бетің бе бұл? – депті. Ешен:
- Иә, мырза тұпа-тура сіздікіне, Өскенекең қара шаңырағына келетін жөнім болды. Құнекең Ешенге арнап мал сойғызып, келу жөнін сұрағанда Ешен Зере шешесі, семіз жеңгесі (Ұлжан), мырзаның өзіне ғана айтары барын айтып, үйді оңашалатып сөлеген екен.
- Әзірет сұлтанға зират етіп, ат басын Бұқарадан қайырып, Ибрагим ата басына түнедім. Сол түні сізге қатысты бір ғажап түс көрдім. Түсімде осы Жидебайда өзім көріп, білмеген бір ғажап аспанды тіреген заңғар шың орнапты. Ғажаптанып, бұрын бұл шың жоқ еді ғой деп, жоғарыға қарасам сіз, сізден төмен семіз жеңешем екеуіңізді көрем. Сіз түрегеп тұрсыз. Ал отырған жеңешемнің етегі әлгі шыңнан асып Шыңғыстауды орап алған сияқтанды. Бұған тағы ғажаптанып, шыңның ұшар басына қарап едім, сіздің артыңыздан басы асқан бір жігітті аңдадым. Бірақ, түсін көре алмадым. Осыдан соң тағатым қалмай, үйге соқпай, сізге, би шаңырағына келдім. Ешеннің түсін естіген Зере әже қолма-қол ақсарбас шалып, етін жұртқа таратқызып жіберіпті:
- Құнаш, Тұңғашқа Ибрайым ата басында бұл түс тектен-текке көрінген жоқ. Келесі немеремнің есімін Ыбырай қой деген бұл аяны ғой аруақтардың. Ешеннің қолы бос қайтпасын! – депті. Құнекең Ешенді үйіне үш құлынды бие, бір ат жетектетіп қайырған. Абай Хан биігі атырабына (Шыңғыстаудың ең биігі осылай аталады Б.Е) келсе, менің есімімді қойған осы Ешен әулие ғой! – деп, Ешен басына дұға қайырады екен» [34, 403-б.]. Ешен әулие туралы бізге жеткен деректер өте аз. Себеп - кеңестік кезеңде әулие-әнбиелерге қырын қараған саяси көзқарастың салдары. Дүниеден өткен әулиенің басына әдейілеп ат басын бұрып, есімін құрметпен еске алатын Абайдың Ешенмен көзі тірісінде аса жақын сыйластықта болғаны даусыз. Өкініштісі көріпкел мен ақын арасындағы қарым-қатынас туралы бізге еш дерек жетпеген. Абайдай данышпанның жарық дүниеге келуін алдын-ала болжап, есімін қойған Ешен әулие туралы деректер жинау қажет десек, болашақта Абайдың өміріне қатысты еңбектерде алдымен сөзді Ешеннен бастаған жөн сияқты. Әсіресе, Абайға, Шәкәрімге қатысты энциклопедияларда Ешен әулиеге қатысты дерек берілсе, нұр үстіне нұр.
Міне, осындай Алла бойына ерекше қасиет дарытқан адамдармен жақын жүрген Құнанбайдың да бойынан дара қасиеттер табылған. Бір ғана емшілік қасиетінің айғағы - ауырып жатқан Абайды қара ешкінің майымен сылап емдеуін көзімен көрген поляк зерттеушісі А.Янушкевич былай дейді: «...Қазір асқазаны ауырып жатқан баласын Құнанбай осындай әдіспен емдейді: қара ешкіні сойып, оның майын көк белбеуге жағады да, онымен баланың ішін айналдырып байлайды. Бұл маймен денесін де сылады» [137, 178-б.]. Б.Исабаевтың естелігіне жүгінейік: «Абай 9 жасында есінен танып, қатты ауырып анасы жолаушы жүрген әкесін шақыртып апты. Құнекең іңірде, Ұлжанды ғана ертіп, есін білмей жатқан Абайдың денесін көреді. Жарықтықтың ыстығы бет шарпыпты. Денесі білеу-білеу боп іскен, қып-қызыл екен. Құнекең:
- Ә, бұрын қуаты ішінде жүр еді, сыртына шыққан екен. Денесін ешкімге көрсетпе бәйбіше, - депті» [34, Б. 124-125]. Құнанбайдың Абайды 9 жасынан оқуға беруін осы оқиғамен байланысты ма деген жорамалдар да жоқ емес.
Тірі күнінде ел әулиедей табынған Құнанбайдың дүниеден өткен соң даңқы арта береді. Ахат Шәкәрімұлының естелігінде сөзге шешен, өжет, ер мінезді Ботантай ананың адуыны туған-туысқа мәлім болғандығы жайында төмендегідей дерек келтіріледі. Ботантай ана: «Менің тілім олар түгіл (туыстарын айтады Б.Е.) Тәтеме де тиді (Тәтесі – Құнанбай Б.Е.). Тәтем қартайғанда қарғап, «баламды (баласы Әмір Б.Е.) өлтірді оңбаған шал» - дедім ғой. Содан Тәтем өлген соң, мені аруағы атып, көзіме ақ түсіп, көрмейтін болып қалдым. Тәтемнің зиратына барып, қабірін құшақтап: «Кеш, Тәте!» - деп жылап, топырағын алып көзімді сүртіп, содан көзім жазылып, бір көзімде ғана ақ қалды» [36, 14-б.] ,- дейтін. Анығында Құнанбай «Абай жолында» суреттелгендей Әмірді қылқындырып, теріс батасын бермеген. Қажының салдық құрып жүрген немересіне шын ренжігені анық. Көркем туындыда бұл оқиғаның бояуы қалыңдатыла суреттелгені жайында Б.Сапаралының «Құнанбай қажы» еңбегінде егжей-тегжейлі айтылған [78]. Ботантай ананың сөзі Қажының немересіне деген ашуын аңғартады.
Алланың адал құлы - Құнанбайдың ерекше қасиетін айғақтайтын бір дерек кемеңгер Әуезов эпопеясының соңында Абай Мағаштың зиратының басында тұрып Баймағамбетке бір-ақ ауыз сөз айтыпты деп келетін ой үзігі кейінгі басылымдардан алынып тасталған. Баймағамбет сонда былай деген ғой: «Абай моладан шыққан бетінде:
- Ей, тәте! Әруақты ер едің, мені Мағаштың артына қойма, ал қасыңа! – деп белдігін мойнына салып, сақалынан алты тарам боп жасы тамшылап, қажының зиратын үш айналып жіберді, мен бөгей алмадым» [78, 57-б.]. Тірісінде аузы дуалы болған Құнанбайдың өлген соң да қасиеті мен киесінің пәрменін осы айтылғандардан-ақ анық сезінеміз.
Кеңестік кезеңде Құнанбайдың Абайға таққан үш мінін, оған Абайдың қайтарған орайлы жауабын шолақ пайымдап, Құнанбайды тұқыртып, Абайдың әке алдындағы абыройын асқақтатып бағалағанымыз - бір жақты түсінік. Жайдақ су сияқтысың, кісі талғамайтын желбегейсің, үшіншісі – орысшылсың деген үш мінінде де еш алып-қоспа жоқ, шындық, орынды кінә. Құнанбайға қарағанда Абайдың жайдақ, елге жақын болғандығы - анық. Екіншісі – кісі талғамай бәрін өзіне жақын тартуы. Одан өмірінде аз азап көрмеген. Бір ғана дәлел - Абайдың Ерболмен достығы. Құнанбай екеуінің достығын естігенде «Ыбырайдың басын Ербол алады, Ерболдың басын Ыбырай алады» дегені айнымай келеді. Ербол Абайды сатып қазаға тең қастық істесе, көп ұзамай өзі де ажал құшады. Абайдың достық туралы айтқандарының көбі Ербол есімімен байланыстыруда үлкен мән бар. Өйткені, сеніскен досы сырт айналғанда, достық туралы ұғымына да сызат түсті ақынның. Дос, достық деген ұғымның өзі ақын шығармаларында түрлі мағынада қолданылған. «Адам баласына адам баласының бәрі – дос»,- деген пікірі әкенің әлгіндегі сынына жауап бола алады. Әйтсе де, Абайға өз ортасынан дос табуы қиын. Өйткені, оның ұғымымен сырласар жан жоқ-тын ол ортада. Сол себепті ақын өз айналасына жұмбақ. «Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық»,- деп жалғызсырауының сыры - деңгейлесін таппауынан туған торығу. Сексенінші жылдары-ақ қоғамнан жерініп, достықтан түңіліп шын жалғызсырай бастауы да содан. Қасындағы жүрген Абыралы, Жиреншелер маңайында қара көрсеткенмен, Абай түсінігіндегі достықтың маңайына жолай алмайтындар. Оспан сайлауынан кейін:
Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда [105, 53-б.] ?-
деп томырылуы тікелей Ерболға қаратыла айтылған сөз-ді. Өйткені, «сырт беріп жауына қосылған» осы Ербол-тын. «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп» деген өлеңінде достық жайына қайта айналып соққан ақын:
Дос-асықтың болмайды бөтендігі,
Қосылған босаспайды жүрек жігі [105, 78-б.] ,-
деп достық ұғымының критериін ұсынады. Ақынның достық деп ойлағаны жай әншейін «жалғандықтан жасалған көңіл жүгі» ғана боп шықты. Болар болмас қолдан жасалған достықтан жай ғана татулықты артық көреді шарасыз ақын. Әкенің айтқаны айнымай келіп, жайдақтығынан, кісі талғамайтын ақжүректігінен талай опық жеді.
Құнанбайдың қасиетін байқататын ел аузынан жеткен бір ғана әңгімеге құлақ түрейік. Абайды жер-көкке сыйғызбай мақтап (халықтың қадірлісі екенін айтып) болмаған жаңағы Ерболға Құнанбай: «Әй, Ербол! Сен мақтағыш болсаң алдымен мына мені, Құнанбайды мақта. Неге десең, мен өзімнен асырып Абайды тудырдым. Ал, Абайың мықты болса, өзінен асырып ұл тудырсын. Оны содан кейін мақтарсың қарағым», - деген екен. Құнанбай сөзінің астарында сыншыл әкенің асып туған балаға деген толайым көңілімен қатар болашаққа жалғасар саналы ұрпақтың сұйылмауын меңзеген даналық ой ұшығы жатыр.
Орысшылсың деген міні де орынды. Абайға емес, Абайдың заманына кінә артуы деп ұққан жөн. Өйткені, Құнанбайға қарағанда Абайдың заманы орысқа жақын. Сондықтан да Абайдың: «Мен өнер-білімі үшін орысшылмын» деген уәжінің жаны бар. Абайдікі бұл арада әкеге қарсы шығып дау айту емес, ақталу. Осы бір мін мен Абайдың берген мағыналы жауабында тағы да әке мен баланың ғана емес, бірі елді билеп-төстеп отырған, екіншісі енді ғана ел тізгініне жармасқан екі тұлғаның өз заманына қарай амалдауы аңғарылады.
Әке мен бала арасына сызат салып, бір-біріне қарсы қоюға жұмсалған оқиға - ол Абайдың Құнанбайға ас бермеуі, дәлірек айтқанда астың жаңа үлгісін ұсынған Абайды сол кездегі замандастары қатты сөксе, кейінгі қауым, яғни кеңестік кезеңдегі көзқарас әке мен бала арасындағы араздық деп түсініп келді. Сол кездің өзінде Абайдың Құнанабайға ас бермеуі ел ішінде едәуір әңгіме болған. Мәшһүр Жүсіп Көпеев сол кездегі баспасөз бетінде Абайдың әкесіне ас бермеуін сынаған да [138]. Төмендегі естелікке үңілейік: «…Аякөзде Арғын, Найман бас қосып, Абаймен кім сөйлеседі деп кеңеседі, сонда Шектіні (Найман елінің шешені) еске алады. Олар Абайды Шекті отырған үйге түсіреді, екеуі қол алысып амандасады. Амандасып тұрып Шекті Абай тұсын түгел сұрайды, ақыры Базаралы аман ба дегенде, Абай үн қатпайды. Біраз отырған соң Шекті сұрақ қояды: «Бір бала бар әкесінен аса туады, бір бала бар әкесіне жете туады, бір бала бар көтінен кейін кете туады, соның қайсысысың? – дейді. Абай тағы да үндемейді. Артынан Арғынның адамдары «саған не болды?» дегенде, Абай: «Ол мені бағана жеңді. Амандасқанда Базаралыны сұрады, оны өзім айдаттым. Кейінгі сұрағы өте қиын, егер бірдеме десем бүлінгелі тұр. Себебі Ырғызбайға Өскенбай үш жүздің басын қосып ас берді. Өскенбайға Құнанбай үш жүздің басын қосып ас берді. Мен Құнанбайға үш жүзге жария етіп ас бере алмадым. Ол соны айтты, мен жеңілдім» [139, Б. 464-465],- дейді.Ел ішінде Абайды кіналаған мұндай сөздер болған. Сондай – ақ:
Абайға өкпеледім бөлем еді,
Ас беріп Құнекемді елемеді.
Әкем өлсе мен мұндай қылмас едім
Екі күн ел күткеннен өлеме еді, -
деген өлең жолдары да сол кездегі оқиғадан көп хабардар етеді. Анығында бұл өлең - Әріп Тәңірбергенұлының Абайдың бөлесі Кемелбай дегенге жазып бергені. Толық өлең сегіз шумақ, яғни отыз екі жол өлең Қ.Мұхамедханұлының 1941 жылғы қолжазбасынан алынып, Әріп Тәңірбергенұлының шығармалар жинағына енген [140, 101-б.]. Қ.Мұхамедханұлы жинаған Әріп өлеңінің бір данасы Семей қаласындағы Абай мемлекеттік қорық-мұражайының кітапханасында сақталса, екінші дана ақын мұрасын жинаушы Сіләмшайық Имаммұсаұлының сақтауымен жетіп отыр. Өлеңнің табиғатын аңдасақ, Абайға қарата айтылған ауыр сөздер болғандықтан, кеңестік кезеңде жарияланбай қалғандығы заңды. Ескі көз естеліктерге қарағанда Әріп Абайға ауырлау тиетін бұл өлеңді өзі жазып бергендігін жария етпегенге ұқсайды. Содан да болса керек, осы өлеңнің аз өзгеріске түскен бір шумағы Шәкәрімнің шежіресінде Кеншімбай (Күшікұлы) ақынның атынан берілген. Ал, толық нұсқа еш жерде жарияланбаған. Кеншімбай ақын шамамен 1827 – 1849 жылдары өмір сүріп, жастай дүниеден өткен. Ал, Құнанбайдың қайтыс болғаны - 1886 жыл. Тағы бір дерек осы өлеңнің бір шумағын Әріптікі деп М.Әуезов те келтіреді [141]. Сондықтан да, бұл өлеңді Кеншімбай жазбаған, Әуезовтің, Қайымның, С.Имаммұсаұлының дерегінше Әріп жазған. Өлең Абайдың інісі Ысқақ дүниеден өткен соң үш айдан кейін, яғни 1901 жылы жазылған. Өлең табиғаты соны аңғартады. Қалай деген күнде де Абайды кіналаған өлең жазылды. Бірақ, осы деректерге қарап, Абай дүние-малын қимай, болмаса әкесіне қырын қарағандықтан ас бермеді деуге болмайды. Дүбірлетіп ас өткізбеудің себебін заман ағымына да саюға болады. Сол уақытта Құнанбай ғана емес, жалпы кімге де болсын дүбірлетіп ас пен той өткізу азайды. Бұл құбылыс жайында тарихшы Құрбанғали Халидтің еңбегінде де айтылған [142]. Есесіне, «Абай жаңаша жол бастап, асқа деп арналған қыруар дүние-бұйымдарды, мал-пұлды Семей шаһарына апарғызып, ондаған мешіттің имамдарын, халфелерін, қарияларын тағы басқа ел басқарушы белгілі азаматтарды жинап, хатым түсіріп, құран оқытып, жетім-жесірлерге мол ғып құдайы садақа бергізіп, тараттырады» [78, 282-б.]. Осы бір жаңашыл істерінен Құнанбайдай зор кісіден артық туып, елдегі абройы асып келе жатқан Абайдың тұлғасы айқындалып, өзіндік ой-байламдарымен, зор мақсат-мұраттары менмұндалай көріне түседі.
Құнанбай шешендігімен талай сөз барымтасына түсіп, абыройы асқан шақта әке қасында болған Абай оның сөзінің салмағын бажайлап, басынан сөз асырмауға дағдылана берді. Бұл тұрғыда Абайға әсер еткен әке Құнанбайдың айналасын ерекше сөз етудің мәні зор. Абайға дейінгі қазақ поэзиясы мен Абай арасындағы байланысты ғылымда кең түрде алғаш мәселе қып көтерген ғалым Қ.Жұмалиевтің: «Құнанбайдың тек өз қара басы ғана емес, оның достасқан, қастасқан адамдарының қайсысы болсын өзімен деңгел түскен, сол кездің сөз баққан адамдары болды. Талай дау, талай тартыстардың жуан ортасында болуы болашақ ұлы ақын, жас Абайдың шешендік тілге жаттығуларына әсер етпеуі мүмкін емес еді» [143, 74-б.] ,- деген пікірін тарата талдау қажет.
Әкесімен тең сөйлесетін не бір кемелі келіскен жандармен жас Абай да сөз додасына түседі. Әдейілеп емес, өз заманы, ортасы, сол қоғамның өмір сүру факторлары Абайды соған итермеледі. Әкесін төңіректеген елдің игі-жақсысының кез-келгені тілге шешен, сөзге жүйрік болатыны заңдылық. Өйткені, ел арасындағы дау-дамайды екі ауыз сөзбен тұйықтау сол елдің атқамінеріне, би мен шешеніне жүктелетін. Ел ішінің істеріне араласа бастаған күннен-ақ би-шешеннің келелі сөзі мен келісті билігін тыңдап өскен жас Абай ендігі жерде сол топпен дауға түсіп, сөз жарыстырып, өзін жарата берді.
Құнанбай айналасындағы Абаймен сөз додасына түскен белгілі адамдардың бірі – Шорманның Мұсасы Баянауылдың аға сұлтаны болған, орыс, француз тілдерін білген сол заманның білімді адамдарының қатарынан. Құнанбаймен замандас, атақ-дәрежесі тең аралас-құраласта бір-бірін сөзбен қағып іштей ырғасып та отырған. Кезекті бір Қаржас пен Тобықты арасындағы ұзаққа созылған дауға екі елдің атынан Мұса Шорманұлы мен Құнанбай түсіпті. Құнанбайдан мүшел жастай кішілігіне қарамастан, оның жеке басына тиісіп, кекете берген Мұсаның тек қуған орысшылдығын бетіне баса келіп Құнанбай былай депті:
Пұт болдым деп мақтанба,
Пұттан ауыр батпан бар.
Білемін деп мақтанба,
Асқар – асқар таулар бар,
Ар жағында аспан бар.
Басыма бақыт қонды деп,
Қосылмайды енді деп,
Алдаушы жалған дүниеге,
Ғапыл болып азбаңдар.
Қарсы келген дұшпанның,
Басын келіп исе де,
Оған да ақыл бостандық,
Аяққа салып баспаңдар.
Бақ тайса ажарына қарамайды,
Біреуді – біреу сырттан табалайды.
Басыңа қарапайым бір іс түссе,
Қылды деп білместікпен шамалайды.
Адам басы алланың добы деген,
Дәм тартса әр тарапқа домалайды [78, 110-б.]
Әкесі сияқты Абай да Мұсаны сөзден тосылтатыны бар. Бұл турасында Әуезов Абай өмірбаянында былай дейді: «Бір жылы Абай әкесімен Семейде жатқанда Мұса мен Құнанбай бір-біріне барысып, жүз көрісіп жүретін болса керек. Сол ретпен бір мәжілісте отырғанда Мұса (тегі Құнанбайдың сұраумен болса керек) үйдегі балаларының атын атап Садуақас деген баласы барлығын да айтса керек. Сонда Абай: «бір адамға екі бірдей кісінің атын қояды екен? Ол Сағды бин Уақас деген әкелі-балалы екі кісінің аты емес пе?» депті. Осыдан Мұса Абайдың тілін еске алып қалса керек. Екінші бір жерде, Абайдың бірталай кісінің мәжілісінде кіршіме ішіп отырған үстіне келіпті. Отырған жұртпен бірге Мұсаны Абай да мәжіліске кірісуге шақырғанда, ол кісі: «Жоқ, бұл нәрсенің аты кіршіме тегі ноғайдың «кірішме» деген сөзінен болса керек. Сондықтан кіріспегенді мақұл көремін», - депті, бұл сөзге Абай: «Менің ойымша, ең әуелі бұл сөз ноғайдың тілі емес, парсының «гәршама», «шамаңа қарай» деген сөзінен болуға қисынды. Екінші - әрбір нәрсенің «ісміне» қарай «жемисін» ала ма, жимисіне қарай ісмін ала ма? «Алма» деген жемістің аты, сол атына қарап алмаймыз ба?» [116, Б. 121-122],- депті. Жас Абайдың зеректігінің, көзі ашық оқығандығының айғағы бола алады бұл сөз барымтасы. Әкеден балаға жалғасып жатқан тауып айту, сөзден тосылтудың осындай үлгілері ел ішінде сақталып, жасамықтай бөлігі бүгінге жетіп отыр.