Әдеби орнатиың ақынға рухани ықпалы (2-бөлім)
Бауыржан Ердембеков
Жалғасы
Шаншарлар тілінен Құнанбай да қатты сақтанған. Нағашыларына барған Абайды «Сөйлер сөз, айтар ойыңның аңысын аңдағайсың»,- деп сақтандыра аттандырған екен. Нағашы атасы Тонтайдың намазын бұзып, асығыс қайырғанын көрген Абай сонысын айтқанда нағашысы:
- Иә, балам, сенің бұл айтқаның Имам шафиғының тар жолына жатады. Бірақ біз пір тұтатын Имам ағзамның жолы біреу-ақ: яғни әлем қандай кең болса, оның шариғаты да сондай кең. Анау-мынау ұсақ-түйек қателіктер кешіріле береді. Өйткені, ол қағида «аттың жалы», «түйенің қомы», «садақтың оғы» сияқты қатал, қатыгез емес,- деп Тобықты елінің өз ағайынына кескен қатаң үкімдерін алдына тартып, Абайды сөзден тосылтқан. Кей естеліктерінде дәл осы «Садақтың оғы», «Аттың жалы», «Түйенің қомы не?» деген сұрауды Абайға Найман Ұлан-Бұлаңның асында Найманның бір шалы қояды [34, 149-б.]. Дәл осы сауал Абайға екі рет қойылуы да мүмкін немесе ауызекі айтылып жеткен әңгіменің бірнеше нұсқада болуы әр айтушы өз руына, өз атасына тартуынан туған ба деген ойға жетелейді. Жалпы Құнанбай, Абай төңірегіндегі осындай ақынның жас шағындағы сөз қағысулары, суырып-салма өлең-сөзі бізге ауызша жеткендіктен де, хатқа түспей ескі көз естеліктерден жиналған мұраларда қиыс кетіп жататын, қайталанып келетін, «Абайға бұл сөзді анау емес, мынасы айтқан» деген уәжі қиын, екіұшты дүниелер кездесіп жатады.
Нағашысы Шаншарлар болса Абайдың сөз тапқыштық қасиеті де бала кезден байқалған-ды. Дәл осы нағашыларына, әрі қайын жұрты Алшынбайға сәлем бере барғанда, Шаншардың алты-жеті қарты оны арнайы тосып отыр екен. Дауысын соза «Ас-сә-ләм-аға-лей-кум!» деп есіктен кірген Абайға бір қарт:
- Пай-пай-пай, мына көмейі суырылған шешеннің ұрпағы-ай, сәлемнің өзін әндете бастауын-ай! - дегенде, екінші қарт іле:
- Е, әкесі Құнанбайға ұқсамай, өзін тіл мен сұқтан құдайдың сақтауын-ай! - деп қалады. Үшінші қарт жұлып алғандай:
- Әлден-ақ жүндес тоқты қошқардай бүкіл денесін қалың түктің қаптауын-ай! - дейді. Сол кезде Абай басқа Шаншарларға сөз кезегін бермей, тосыннан киіп кетіп, әлгі үшеуіне тесіле қарап тұрып:
- Әй, әттеген-ай! Әуелде қыздарыңды ұзатқанда, бәрің бірдей жабыла жамырап: «Түкті бала таппа» деп айтпауың-ай! - деп төрге барып отыра кетіпті. Әуелден кесек сөйлеп дағдыланған Абай атасы Алшынбайдың бір қылқұйрығына қызығып, Алшынбай бергісі келмей, батамды берейін дегенде, «ондай батасын сатқан шал өзімде де бар»,- деп қайырылмай кететіні бар ғой. Мұндай ұрымтал тұста сөз табу Абайдың жас кезінен бойына біткен ерекшелігі боп, есейіп, қартайған шағында да бір толастамаған.
Құнанбайдың Ұлжанмен тағдырлас болуы да тағдырдың бір кездейсоқ кереметі сияқты. Ұлжанды алғаш Құнанбайдың інісі Құтпанбетке атастырады. Құтпанбет ру арасындағы бір қақтығыста найзаға түсіп өледі де қалыңдығы Ұлжан оң жақта қыз күйінде қалған соң, екінші әйел қып Құнанбай алады. Ақылды келін Ұлжан енесі Зеремен аса бір ынтымақтастықта ғұмыр кешкен. Сол кездегі салт-дәстүр бойынша Ұлжанның бар баласы өз қолында тәрбиеленбеген. Әуезовтің айтуынша үлкен ұлы Тәңірберді жас кезінде Өскенбай бидің қолында болса, Ысқақ Күңкенің тәрбиесінде болған. Абай мен кенже інісі Оспан Зере мен Ұлжанның тәрбиесінде болып, Абай жасынан бір ауыл боп отырған Құнанбайдың үшінші әйелі Айғызбен өз үйінің ортасында жүріп «Телқара» атанады.
Ұлжанның өзі қалжың сөзге ұшқыр болғанымен, салмақтылыққа бағып көп әжуаға бара бермеген. Бұл біріншіден, өз бойындағы әйелге тән ұстамдылықпен байланысты болса, екіншіден, Құнанбайдай ел басқарған аузы дуалы ерімен жарыса шығуды жөн деп таппағандығынан шығар. Әйтсе де, іште жатқан өнер шіркін анда-санда жарқ етіп, ел арасына тарап жүре берген ғой. Ағалары сияқты Ұлжан анамыз да өлер алдында Майбасар қайнысының «өлу деген қалай екен?», - деген орынсыз сұрағына: «...ата сақалың аузыңа түскенше ақыл кірмеген сені көрдім, мен өліп көрді дейсің бе?», - деген шымшыма жауабында биік парасаттылықтың белгісі жатыр. Дәл осы бір уытты қалжың айту Абайдың бойына да молынан сіңген. Әуезовтің: «Абайдың сөзіндегі салқын ақыл әкеден, ащы тілді мысқыл шеше жағынан деуге де бола ма дейміз» [116, 113-б.] ,- деген пікіріне толық қосыламыз. Шешен тілді, сөзі шаншудай қадалар нағашы жұртының бұл қасиеті, сөз жоқ Абайға дарыды, ананың сүтімен бойға сіңген ерекшелік оның ақындық өнерінде бұлқына бой көрсетіп, айрықша ізін қалдырды.
Келемежге әбден еті өліп, бойы үйреніп алған қоғамның құрт ауруына айналған қалың тобырды ықтыру үшін ащы мысқыл, яки масқаралау ғана қалып тұрған заманда Шаншарлардың тілі надандыққа қарсы егілер дәру іспетті болды. Пенденің бойын құрсаулап алған мың батпан шайтани қылықтардан арылту мақсатында шаншу сөзін безеген Шаншар ұрпағының өнегелі өнерін Абай жас шағынан бойына дарытып қана қоймай, өз қоғамының дертіне қарсы қолданды. Ақынның жас шағында айтқан шымшыма шумақтарының, түйеден түскендей етіп қойып қалар тапқыр сөздерінің бізге жұрнағы ғана жеткен. Оның куәсі он жасында айтты деген «Кім екен деп келіп ем түйе қуған» деп басталатын бір шумақ өлеңі бала Абай тілінің қандауырдай өткірлігінен хабар берсе керек. Төркінінен жауыр айғыр алып, түйелердің арасынан өтіп бара жатқан бейтаныс әйелдің бауырын (төркін жақ туған-туысын) боқтап салады. Қырағы бала назары төркіннен келе жатқан «жамандатқырдың» жауырлығын қалт жібермеген ғой. Сүйекті уата қатты айту Абайдың табиғатына мықтап бекіп, сын өлеңдерінде, әсіресе жеке адамдарға арнауларында айрықша көрініс тапты. Түңлікбайдың қатыны Шәріпке айтқан сөзі тіпті ауыр:
Сен шыққан жол үстіне жалғыз түп ши,
Көрінген ит кетеді бір-бір сарып [105, 32-б.].
Санасы барға елден бездіретін ауыр сөз. Бірақ, нәпсінің құлы болып, ел ішінде қарабет болған қатынға басқаша айтудың жолы жоғын білді ақын. Айдаладағы емес, өткен-кеткен иттің бәрі саритын жол үстіндегі ши. Бұдан қор, бұдан жиіркенішті балама табылмас та. Абайдың құрдасы Түңлікбайға енді Шәріп сайқалды үйден қуып, талақ ету ғана қалды. Міне, сөзінен ел дүркіреп қашатын нағыз Шаншарларша түйреу. Дәл осы тақырыптағы Қайранбай деген замандасына қарата айтқан:
Әйелің – Медет қызы, аты Өрім,
Айына бір жумайды беттің кірін.
Ер кезек ер жігітке үшке дейін
Бір боқты тағы бас та және сүрін [105, 314-б.] ,-
деген өлеңі Абайдың өмірінің соңына қарай айтқаны. Ешқандай бүркемесіз айтылған уытты мысқыл, әдеби терминмен айтқанда масқаралау, яки сарказм. Бірнеше рет қатын тастап, Жақып дегеннің ауру қызын алған ауылдасы Дүйсенқұлды да оңдыртпайды. Көгал көрмеген саудайының сары жұртқа ірге аударғаны шебер иронияланған. Біз бір ғана тақырыптың төңірегіндегі ақынның ащы сынына көңіл тоқтаттық. Бұл бірер мысал ғана. Сонау Шаншардан басталған сайқымазақ күлкі Абайға келгенде ызалы кекесінге ұласады. «Ызалы күлкі өзі де – қайғы»,- дейді данышпан ақын. Нағашы жұртынан жұққан, ана сүтімен бойына сіңген «ащы тілді мысқылды» (М.Әуезов) Абай өзінің ақындық домнасында қорытып, классикалық сатира деңгейіне көтерді. Тұрған жерінде ащы өлеңмен сынап тастау Абай ұрпақтарының ішінде Ақылбайдың баласы Әубәкірге дарыған. Құнанбай бала оқытуға әкелген, анығында қажыны паналаған Ғабитхан молданың Ғабидолла деген баласы ер жетіп, саудамен айналысып, біраз қоң біткеннен кейін, асқақтап сөйлейтін болса керек. Қыза-қыза «Абай, Абай дейсіңдер, сол Абайың кім өзі» дегенге дейін жетіпті. Сол мәжілісте отырған он алты жасар Әубәкір әлгіге жауап ретінде қолма-қол былай депті:
Ит ылықса, болып тоқ,
Танымайды иесін.
Борбайыңды көтеріп,
Әр бұтаға сиесің,
Екі ені бар айғыр да
Таниды ғой биесін.
Тыныш жатқан кісіге
Өзің келіп тиесің [124, Б. 298-299].
Асып-тасқан Ғабидолланы бәйтерекпен таласқан қылтиған жауқазынға теңеп шығарған Абайдың да өлеңі бар. Айтайық дегеніміз Әубәкірдің шанышпа тілінде арыдан тартсақ шаншарлық зіл бар да, берісі сөз ажары, ой айшығы Абай поэзиясына саяды. Міне, Абайдың анасынан келген ащы сын, уытты мысқыл ақынның кейінгі ұрпағына дарып, келесі бір тоғышар топтың ұятын тілгілеп, сайтанын аластағандай еді.
Тек қана өз аналары емес, жалпы Абайға дейін де, оның заманында да Тобықты елінде сөзге шешен ел аналары баршылық болып, олардың атақ-абыройы, сөз саптасы, шешендік үлгілері жас ақынның сезімін шарпымады емес. Абай тәрбие алған ел аналарының бойындағы ақылдылық пен әйел затына тән ұстамдылық сияқты тектілік атаулының жиынтығы бұл өңірге ертеден дарыған десек, ақынның төртінші атасы Айдостың әйелі Айпара сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем болған. Кейіннен төрт рулы ел болған төрт баласының бүгіні мен ертеңін төрт-ақ ауыз сөзге сыйғызған аузы дуалы ел анасы. Бертінгі Құнанбайдың қарындасы Тайбала өзінің ешкімге ұқсамас өрлігімен, ақылдылығымен қалыңдық боп түскен елінде сыйлы болады. Құнанбайдың асырап алған баласы Ізғұттыны бала етіп еліне жіберген тосын шешімі ел аузында сақталған. Ал, аз ғана сөзі «Абай жолы» арқылы жеткен Сары апаң дейтін ақынжанды анамыздың тәлімі Абайға аз әсер етпегені анық. Деректерге жүгінсек: «Сары апаң – Тобықты ішінде Тоғалақ, Тайсоймас дегеннің қызы. Уақ елінің нашар адамына атастырылып, күйеуімен екі жылдай тұрған соң, бір тоқтысын сойып, ауыл ақсақалдарын жинап былай депті:
- Мен аруақты сыйлап келдім. Екі жыл тұрдым, енді басыма рұқсат берсеңіздер екен. Төркініме барып, мал жиып алып, мына күйеуіме қалың төлеп, әйел алып беріп, содан соң кетем, - депті. Сонда ақсақалдар әрі ойлап, бері ойлап, ақырында рұқсат беріпті. Сары апаң айтқанын орындап, күйеуіне әйел алып беріп төркініне келіпті. Осыдан кейін Сары апаң күйеуге шықпапты. Ел ішінде суырып салма, тапқыр, айтқыш болып құрметке бөленген адам» [104, 127-б.].
Құнанбай мен Бөжейдің арасы ашылып кеткен кезде Бөжей дүние салып, Құнанбайлар көңіл айтуға келгенде Бөжей жақ оның қыздарының аузына:
Арғы атасы Ырғызбай,
Айыпқа берді бір қызды-ай.
Жүйріктігі құландай
Шұбарлығы жыландай, -
деген жоқтау өлеңді салғанда, осы Сары апаң:
Мына да қарлар не дейді,
Жақсыдан жаман көбейді.
Асыл туған ұрпағын
Ұрлап та көмдің Бөжейді [119, 151-б.] ,-
деп сөз қарымын қайтарған ғой. Жігітектің ішінде Қожыкен деген көксау шал дөңнің басында отырып өліпті. Сол кезде осы Жігітектің ішіндегі Түлкібайлар: Қожыкенді жерге таласып жүрген Тоғалақтар (Сары апаңның руы) ұрып өлтірді,- деп қыздары дауыс айтыпты. Суырыпсалма Сары апаң сонда тағы да:
Қожыкен деген көксауың,
Кісіден өлгенге ұқсауын.
Апиын беріп өлтіріп
Екі де қардың қақсауын, -
деп жауап қайтарыпты. Тобықты ішіне сіңген ноғай Ысқақ бай Сары апаңа, мен туралы айтшы дегенде Сары апаң іркілместен:
Қазаннан келген пұшығым,
Қаңғырып келген күшігім.
Қаңғырғаның құт болып,
Түлкіден болды ішігің [79, 128-б.] ,-
депті. Сонда Ысқақ:
- Апатай, ар жағын айтпай-ақ қой,- деп, иығына түлкі ішігін жауыпты,- дейді. Ақындық өнері бір басына жететін Сары апаңның өлең мұрасы сақталмаған. Әйтсе де, тамшыдай сөз тармақтарынан кеудесіне жыр тұнған ақынжанды анамыздың бейнесі бүгінгі ұрпаққа жетті. «Күтсеңдер, Сары апаңды күтіңдер», - деген сөзді Әуезов эпопеяда Құнанбай аузына тегіннен тегін салмаса керек. Асыл сөздері кейінгі ұрпаққа там-тұм болса да жеткен дала аналары арысы Айпарадан бастап Зере, Ұлжан, Сары апаң, Тайбала, Ботантай аналарымыздың Абайдай ұланның тәрбиесіндегі орны оқшау. Соңғы аталған Ботантай (Құдайбердінің әйелі) өте өжет, тентек мінезді, сөзге шешен адам болған. Құдайберді дүниеден өткен соң бүкіл ауылының шаруасын дөңгелетіп ұстап отырған ер мінезді, қайраттылығымен ел есінде қалған.
Осындай тәрбиелі шаңырақ – парасатты аналардан үлгі алып, солардың тәрбиесінде есейген Абайдың ендігі өмір мектебінің ұстазы әке - Құнанбай болды. Құнанбай ел бастаған көсем ғана емес, қара тілдің жүйрігі, шешендігімен кейінгі ұрпақ есінде, тарих беттерінде қалды. Құнанбай мен Абай арасындағы рухани байланыс – алтын көпір, яки әкенің балаға деген әсері - әлі жеріне жете айтылмай келе жатқан мәселе.
Тумай жатып түсінде аян боп кірген Ибрагим-Абайға Құнанбайдың ықыласы ерекше, әу бастан сенімі зор еді. Оқу-білімге аса ықыласпен қараған Абайдың атасы Өскенбай би ел ішінде садақа, зекет жиған бір қожаны қолына ұстап қызы Тайбала мен Құнанбайды оқуға береді. Енді тіл сындырып келе жатқанда қожа өз жөнімен кетіп, балаларға оқу есігі жабылады да, тумасынан зерделі Құнанбай өздігімен ізденіп, оқып өз заманының айтулы көзі ашық тұлғаларының бірі болады.
Құнанбай есімі кеңестік кезеңде аса қатты зардап шегіп, бұл тақырып соншалықты қиын-құрсауды бастан кешкені белгілі. «Абай жолы» эпопеясында Құнанбай бейнесі құрбандыққа шалынып қана қойған жоқ, еріксіз бұрмаланып, Абайға қарсы сомдалды. Абайды биіктету үшін «социалистік реализм» талаптарына сай Құнанбайды жағымсыз етіп бейнелеуге тура келді. Алайда, кеңестік жүйенің қысымымен бұрмаланған Құнанбай бейнесінің астарына үңілсеңіз шын өмірдегі Құнанбайды, шешен, ел бастаған көсем, өз ортасынан асып туған тұлғаны ажыратып алуға болар еді. Бұл да бір Әуезов шеберлігінің көркем дүниеде қыла білген құпиясы дер едік. Дәлел үшін романдағы бір ғана үзіндіге мойын бұрсақ, ол - эпопеядағы қажылық сапарға аттанар алдындағы Құнанбайдың сөзі: «Сендер мені осы сапарға қимайтын сияқтысыңдар. «Қартайған шағында қайда шырқап барады, қайта оралып көрмейміз-ау, кеткені-ау» деп есіркеп қарайсыңдар! Осыларың мынау жолға мені қимау емес, маған осы жолды қимау болады. От басында немереге, ас басында келінге, мал басында малшыға: «әй, өй» деп отырып өлетін бай-бай шал болып өтсем, не мұратқа жетер ем!? Бұл сапар менің ендігі қалған тірлігімнің мұраты» [119, 289-б.] ,- деп жалғасатын монолог - нағыз өмірдегі Құнанбай айтатын, керек десеңіз айтқан да сөзі. Алайда, мұндай амалдар көркем шығармада өте аз. Осыны байқаған қырағы суреткер Ғ.Мүсірепов: «Мұхтар романында «Құнанбай ылғи орғытып, тұспалдап сөйлейді, өзі айтып, өзі кесіп, басқаларды тек еріксіз мойындатады» деп келді. Бірақ, Мұхтардың осы бағасына лайық сөздер, шешендік тұспалдар Құнанбай сөзінде сонша мол емес. Құнанбай сөздері көбінесе істер ісінің жабайы түрін ғана сипаттай алады... Мен Құнанбай айтар сөздерді әр жерінде өңдей түсу керек дер едім» [125, Б. 49-50] ,- деген мінінде әріптесінің Құнанбайды сонша әлсіретіп алған тұсын дөп басқан қырағылық пен қатар өмірдегі Құнанбайға ара түскен асқан ерлік те бар. Мақала 1943 жылы сталиндік қатаң тәртіптің тұсында жазылғандығын ескеріңіз. Қалай десек те «Абай жолы» арқылы Құнанбай бізге жағымсыз болып жетті.
Көркем туындысында Құнанбайды бір жақты етіп сомдаған М.Әуезов ғылыми мақалаларында да Құнанбайға қаттылық жасағанын айтпауға болмайды. Бұл жайында кезінде мұхтартанушы ғалым Т.Жұртбайдың баспасөз бетінде «М.Әуезовтен Құнанбайды арашалаудың қажеттігі неде?», «М.Әуезовті Құнанбайдың алдында ақтаудың қажеті неде?» [126] деген мақалалары қатар жарияланды. Бұған қарсы ғалым Б.Майтановтың «Әуезов пен Құнанбайға ара ағайын қажет пе?» [127] деген мақаласы жазылып, Т.Жұртбайды Құнанбайдың бейнесін тарихи шындықтан алыстатқаны үшін Әуезовті кінәлап көрсетуін орынды сынға алады.
Әуезовтің әр кездегі пікірлеріне ой жүгіртсек, мәселен Әрхам Ысқақовтың «Абай өмірі» деген естелігіне жазған пікірінде естелік авторы қатты сыналады: «Ең әуелі Құнанбай басына келсек, бірінші, Құнанбайдың Қодарды өлтіргенін жасырады. Екінші, Борсақтың жерін тартып алғанын атамайды. Үшінші, Құнанбайдың Бөжейді сабағанын, Тоқмамбетке шабуыл жасағанын бүркемелейді. Төртінші, Мұсақұлда, Бөжейдің көшіне шауып, төбелес жасағанын жеңілдетеді. Жігітектің он жеті кісісін айдатқан Құнанбай емес, Тәкежан болады және айдалу себебі жігітектің өз кінәсінен деп баяндалады. Бесінші, Құнанбайдың «орысшылсың» деп кінәлағаны да сиыр құйымшақталып, жоққа сайып кетеді. Сөйтіп, Құнанбай дәріптеледі. Ал, шынында Абай өзінің ақындық, азаматтық, тарихтық жаңа жолын тапқанда алысумен тапқан. Сондағы оның алдында тұрған тарихи қайшылықтың ең үлкені құнанбайлықтың жиын бейнесі болатын. Құнанбайдың зорлықшылдығын, көпке істеген қиянатын «оның өзі істеген жоқ, Майбасар істеді» деп жалтару тарихи зерттеуші ойды теріске, жаңсақ жолға салудың ниетінен туған. Сол арқылы Құнанбайды арғы-бергі заманда Тобықты ішінде «жарықтық» деп, «қажеке» деп, «мырза» деп дәріптеп келген қаз-қалпы шыға келді. Көп феодалдың, ру басының және соларға атасын дәріптетіп келген Құнанбай тұқымының бергі кездегі атқамінер, жуандарының ауыздарындағы сөздер, ұғым-нанымдар көрінекке шығады. Қысқасы, үстем таптық, феодалдық – патриархалдық салт-сана түгелімен Ысқақов аузымен қайталанып отыр (қолжазбаның өзіне жазған нақтылы беттердегі пікірлерге қараңыз)» [5, Б. 333-334]. Жазушының Құнанбайға қатысты осындай ойлары С.Мұқановтың «Абай Құнанбаев» атты монографиясына (мысалы: Қодардың өлімі туралы Құнанбайды сонша ақтау не қажет), Ә.Жиреншиннің «Абай Құнанбаев» деген кітабына жазған пікірінде де қылаң береді. Ә.Жиреншиннің кітабына Құнанбайға қатысты төмендегідей сын-ескертпе жасайды: «Абай мен Құнанбай алшақ болмаған деп және Құнанбайдың Меккеге бару сапарын дәріптеу кімге керек? Оны Құнанбайдың аруағына осы күнге дейін тауап қылатын құнанбайлықтардың тоғышар теріс саналы нәсілдерінің сыбағасына беру керек...» [5, 326-б.]. Сол заманның қысымы солай дегізіп отыр ма, әлде эпопеясында сомдалған өнердегі Құнанбайдан басқа Құнанбайды мойындауға жазушылық көзқарасы ырық бермеді дейсіз бе, қалай болғанда да Әуезов кезінде дәл осы пікірлерді айтты. Бұл арада Әуезовке мін тағып, нөмір бірінші абайтанушыны қаралауды мақсат қылып отырғанымыз жоқ, тарихтағы Құнанбай тағдырының қаншалықты қиын-қыстауды басынан өткергенін оқырманға жеткізе түсу мақсатында кеңестік көзқарастың салқыны тиген пікірлерге мән бермей кетуге болмайтынын ескерген жөн.
Құнанбайды өз дәрежесінде тану, оған тиесілі бағасын беру елдің тәуелсіздігімен бірге келді. Яғни, «Құнанбайды танып алмай, Абайды толық білу әбестік» екенін кеш те болса түсіндік. Сонау ХІХ ғасырдың орта шенінде белгілі поляк халқының зерттеушісі А.Янушкевичтің Құнанбай туралы жазбаларына ХХ ғасырдың соңында ғана баса назар аударып, құндылығын бағамдай бастадық. Алғаш баспасөз бетінде Құнанбай туралы пікір білдірген Ә.Бөкейханов [11], С. Ғаббасов [15] ұлы ақынның әкесіне оң баға береді. Әсіресе, С.Ғаббасов - Құнанбай, Абай, Шәкәрім арқылы жалғасып жатқан құдіретті сабақтастықтың, елге қадірлі болған ерекше ұрпақ жалғастығының жарасымды үлгісін алғаш тілге тиек етуші. Әрине, кеңестік кезеңде де Құнанбай жайында сөз қозғаған зерттеушілер болды. Шәкәрім, Әрхам, Ахат Шәкәрімұлы, тағы басқалардың естеліктерін айтпағанда М.Әуезов, Ә.Жиреншин, Ә.Марғұлан, М.Бейсенбаевтар ғылыми-зерттеулерінде арнайы тоқталды. «Абай жолына» баға бере отырып, Құнанбай және оның қасындағы Алшынбай сияқты кеңестік кезеңнің «жағымсыз бейнелеріне» бүгінгі күн талабына сай баға берген ғалым Е.Ысмайлов еді. Сонау 1943 жылы «Құнанбай – Иван Грозный», «Алшынбай ел қамын жеген, ел ағасының дәнекері, жалпы қазақтың мұңын жеген адам» деген батыл пікірді айтуы Е.Ысмайловтың көзсіз ерлігі дер едік. Құнанбайға деген көзқарас түзелмей тұрған ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының басында Ә.Марғұлан Құнанбай туралы алғашқылардың бірі болып мұрағаттық деректерге сүйене отырып тың пікірлер келтірді. «Құнанбайдың бір ерекше жері – білім оқу ісіне сондайлық көңіл бөлген, қазақ балаларын оқытатын көп мектептер, медреселер аштырған. Өз балаларына да сондай білгіш, саналы ойлар үйреткен. Мұның барлығын Қарқаралы, Аякөз, Шыңғыстау, Семей төңірегінде аса жарқын түрде қолданған. Үлкен медреселерді Қарқаралы мен Семейде, Бесқарағайда аштырған» [128, 198-б.] ,- деген мұрағат деректеріне сүйенген құнды пікірді алғаш боп Ә.Марғұлан айтқан. Дәл осы сексенінші жылдары Құнанбай өміріне қатысты табанды зерттеу жүргізген мұрағаттанушы М.Бейсенбаев Қазақстанның, Омбының, Петербордың, Мәскеудің, Семей қаласының мұрағаттарындағы деректерді келтіру арқылы Құнанбай Өскенбайұлы туралы мол мәліметтер береді [129]. Құнанбайдың бір игілікті ісі жөнінде Қазақстан Мемлекеттік Орталық мұрағатында сақталған «Дело о разрешение управителю Кучук – Тобуктинской волости Кунанбаю Ускенбаеву строить школы 1845г.» [130] деген құжатқа назар аударсақ, арыздың қысқаша мазмұны төменгідей. Құнанбай 1845 жылы (Абай дүниеге келген жыл) шекара басқармасынан қазақ балаларына, соның ішінде өз балаларына мұсылманша және орысша оқытып, білім беру үшін өз ауылынан училище ашуға (салуға) рұқсат беруін және қазақша-орысша сауатты орыс мұғалімін сұраған. Жоғары жақ Құнанбайдың мектеп ашуына қарсылық білдірмегенімен, екі тілді мұғалім таба алмайтынын және ол мұғалімге еңбек ақы төлей алмайтындығын айтып жауап қайтарған. Осыдан кейін Құнанбай 1850 жылы «Ескі там» деген жерге (кейіннен «Бұзылған там» деп те атаған Б.Е) мектеп ашып, Өскенбайдың асында сыйға келген Ғабидхан деген татардың оқыған жігітін молда етіп ұстайды. Қажының ноғай молдаларды сақтап, елсізде үй салғызып қазақ балаларына хат танытқаны туралы Шәкәрім де өз шежіресінде жазады [131]. Осы Құнанбай ашқан мектеп-медресенің қанаты кеңге жайылып Абайдың өзі, оның балалары, немерелері оқыған қасиетті білім ордасы ғана емес, өнер мен өнегенің ортасына айналды. Ғабидханнан кейін Мұхамедкәрім (кішкене молда), Мүрсейіттер сабақ беріп, талай өнерлі адамдарды тәрбиеледі. Бұл туралы С.Қалиұлының «Абай оқыған мектеп» деген мақаласында кеңірек айтылған [132]. Тобықты еліндегі Қуанышбай ақынның:
Кешегі елден озған біздің қажы,
Молда алып, дін үйретті қысы-жазы [110,115-б.],-
деп өлеңге қосуы - соның айғағы. Туған халқын қараңғылықтын аман алып қалуды көздеп, көрші орыспен тең болуды арман еткен көреген Құнанбайдың әсері Абайға, оның адам болып, ақын болып қалыптасуына мықтап ықпал етті.
Бүгінде Құнанбай Өскенбайұлы туралы, оның тарихтағы орнын айқындау мәселесі жаңаша көзқарас тұрғысынан өз дәрежесінде зерттеліп жатқанын баса айту парыз. Бұл тұрғыда Б.Сапаралының «Құнанбай қажы», Т.Жұртбайдың «Құнанбай» деген еңбектерінің маңызы ерекше десек, араларына тоғыз жыл салып шыққан екі еңбек бірін-бірі қайталамайды, қайта толықтыра түскендей. Б.Сапаралының «Құнанбай қажысы» ірі ел қайраткері қажы Құнанбай туралы алғашқы жазылған көлемді еңбек болуымен-ақ құнды. Соған қоса автор «социалистік реализм» талаптарынан шыға алмаған «Абай жолы» эпопеясындағы жағымсыз бейне Құнанбайдан басқа тарихи тұлғаны зерделеп оқырманымен қауыштыра алған. Алайда, Б.Сапаралы романдағы Құнанбайдан, оны сомдаған жазушыдан мүлде алшақтап кетпейді, қайта көркем туындыны, сондай-ақ, М.Әуеовтің ғылыми еңбектеріндегі Құнанбай туралы деректерді негізге ала отырып, нағыз тарихтағы Құнанбайды беруге күш салған. Автордың мұсылманда атақты болған Құнанбайдың саналы өмірін түзуде еңбекті оның қажылық сапарымен түйіндеуінде көп мән жатыр. Б.Сапаралы негізгі екпінді де кеңестік заманда мейілінше тұмшаланған Құнанбайдың діндарлығына түсіреді. Ал, Құнанбай мен Абай арасына қатысы мәселе автордың түйінді сөзінде жақсы тұжырылылған: «Сонымен ғылыми-зерттеуімізді тәмамдай келе өз-өзімізге қояр ақырғы сауал данышпан Абай алып әкеден нені мирас тұтты деген мәселеге саймақ?» [78, 286-б.] ,- деп Құнанбай мен Абай арасындағы рухани дәнекерліктің бірнеше көріністерін атап көрсеткен. Сәл кейінірек жарық көрген Т.Жұртбайдың «Құнанбай» зерттеу еңбегінің басты мақсаты өнердегі Құнанбай мен өмірдегі Құнанбайды салыстыра отырып, оның ұлттық руханияттағы орнын айқындау болып табылса, ғалым сол көркемдік шешім мен тарихи шындық арасынағы қиюы көп күрделі мәселелердің қатпарын ашуға ұмтылыс жасаған. Абайды бүкіл әлемге паш еткен ұлы туындыдағы Құнанбай көркем бейнесінің жасалу тарихы, ондағы Әуезовтің амал-тәсілі деген мәселелерге барған зерттеуші көркем бейне мен суреткер арасындағы тылсымға үңіліп, төрелік айтады.
Құнанбай - қазақтың қара сөзіне дес бермеген шешені. Қашанда мақамдап сөйлеген Құнанбайдың артында «қажы айтты» деген өлең-сөз де қалған. Алайда, ақындықты қуып, аузынан шыққан өрнекті сөзін жинауды мақсат етпеген Құнанбайдың кейінгі ұрпаққа жеткен мұрасы тым аз. Біз білетін біраз өлең-сөзі Құнанбайдың ақындық өнерден құр алақан еместігін байқатады. Жақсылық пен жамандықты қатар алып, шендестіре бейнелеулері Абайдың ақындық ойларына арқау болғаны да сөзсіз. Мәселен, Құнанбайдың:
Жаманға айтқан ақылың,
Соғып өткен желмен тең [78, 119-б.] ,-
деген сөз қадірі туралы толғаныстары Абайдың ең басты күйігіне айналған-ды:
Сөзімде жаз бар шыбынсыз,
Тыңдаушымды ұғымсыз
Қылып тәңірім бергенді [105, 150-б.] ,-
деп қайран сөзі қор болған Абайдың зарымен астасып жатыр.
Не пайда бар - мың надан
Сырттан естіп таңдансын.
Онан-дағы бір есті
Ішкі сырын аңғарсын [105, 153-б.] ,-
деген қағиданы ұстанады ақын. Адамның қасиетін ақыл-білімімен өлшеген қажы айтты деген сөз:
Кей адамның баласы –
Ақылы болса данасы,
Көкірегі саналы
Бұлтсыз туған аймен тең.
Кей адамның баласы –
Бойында ақылы болмаса,
Ербиіп тұрған бір байғұс,
Өлі жүнді таймен тең [78, 119-б.].
Осы ойлар Абайдың сегізінші қара сөзіндегі «Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?» деген сауалға жауап іздеген ой-пікірімен тоқайласып жатыр. Тіпті:
Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,
Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.
Таразы да, қазы да өз бойында
Наданның сүйенгені көп пен дүрмек [105, 45-б.] ,-
деген сияқты ой жалғастықтарын айқын аңғарамыз. Адамгершілік пен надандық, жақсы мен жамандық қатар алынып, әр кез шендестіріліп отырады. Құнанбай айтқан: «Көп жаманның ішінде, бір жақсысы болмаса, серкесі жоқ қоймен тең»,- деген қанатты сөзі Абайдың «Көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел?» деген ойларында жаңғырық беріп жатты. Бізге асыл сөзінің сынығы ғана жеткен Құнанбай айтты дегендерге көз жүгіртсек, Абай әке қазынасына бойлап еніп, еркінше кәдесіне жаратқаны көрініп-ақ тұр.
Құнанбай бейнесі Абайдың бізге сақталып жеткен «Арғы атасы қажы еді» деген Әбдірахманды жоқтаған өлеңінде мейілінше анық ашылған. «Жарықтықтың өнері, айтуға тілді тербеді»,- деп шын тебіреніп жырлайды ақын. Жасынан адалдық пен ақылға бой ұрған, жаны жомарт, тентекті тәубесіне түсірген, жоқ-жітіктің ғана емес, бүкіл елдің мырзасы әлемге кісіліктің өрнегін жайған-ды.
Өлмейтін атақ қалдырып,
Дүниеге көңлін бөлмепті [105, 226-б.] ,-
деген екі ауыз түйін Құнанбайдың барлық бітім-болмысын ашып тұр. Кеңестік заманда тұмшаланып келген Құнанбайдың мұсылмандық жолы ерекше салмақ беріле айтылады.
Мекеде уақып үй салып,
Пәтер қып жаққан шырақты.
Бір құдайдың жолына
Малды аямай бұлапты [105, 236-б.] ,-
деп даңқын асырды. Бұл өлеңдердегі Құнанбай сипаты тек баланың әкеге деген сезімі емес, бір ұлттың мақтанышына айналған данышпан сөз зергерінің, өлең падишасының «мұқым қазақ баласына» қорған бола білген артына «өлмейтін атақ қалдырған ерекше жанға құрметі, ерекше ықыласы» деп түсінгеніміз абзал.
Құнанбай балаларының ішінде екі баласына үлкен үміт артқан. Халиолланы жастайынан орыс оқуына берсе, Абайды мұсылманша оқытады. Біз осы арада Құнанбай мен Абай арасындағы әңгімені үзе тұрып, Абайға ерекше әсер еткен Халиолла жайын, оның Абайға ықпалы турасындағы мәселеге тоқталған жөн.