Берекелі болса ел…
Жандос Әубәкір
Қазақ елінің ғасырлар көшіндегі сан қилы тарихы мен атадан балаға мирас болып жеткен бай әдебиетіне, күні кешеге дейін алтын желіні үзбей жалғастырып жеткен ұрпақ тәрбиесінің озық үлгілеріне қарап отырып таңдаңасың, таңдана отырып тамсанасың! Ауыл ақсақалының бір ауыз сөзіне бағынған, ел сайлаған биінің пәтуалы ойына тоқтаған, үлкеніне құрмет, кішісіне ізет көрсетіп, төс қағысып құда болып туысқан, нағашылы жиенді болып сыйласқан, балдыз бен жезде болып қалжыңдасқан, төркін жұрт пен қайын елге құрметпен қараған халық өміріне қызығасың. Осы бір мамыражай тірліктің шырқы патшалық Ресейдің қазақ елін тізесіне басып, отарлау саясатын пәрменді жүргізуінің, сайқал саясатының нәтижесінде бұзылды. Ел билеушісі де, байы да басқа қалыпқа енді. Жалпы халықтың танымы мен ұстанымы да өзгерді. Билік құмарлық пен шен алғыштық, пәле жапқыштық пен өтірікшілік, өсек айтқыштық пен мал шашпақтық, әсіре мақтаншақтық пен даңғойлық, жалқаулық пен еріншектік белең алды. Терең ойға телміретін, талап тұлпарын мінетін, адал еңбегімен жантасатын, әр дүниеге қанағат қылып ризашылықпен қарайтын рахымды жандар азайды. Есесіне ояз бен ұлыққа деген жағымпаздық, жуанның момынға әлімжеттілігі, жақсының артынан шырақ алып түсетін арызқойлық, елдің шырқын бұзып бір-біріне қарсы қойып шағыстыратын пәлеқұмарлық көбейді. Халық заманымен бірге басқа мінезге ене бастады. «Өз қолынан өз ырқы кеткен» қалың елінің осындай күйге түскені өз ұлтын жанынан артық жақсы көрер Абай Құнанбайұлының жан-жүрегін ауыртқаны хақ.
Жақсы мен жаманның парқына мән бермейтін, «бас басына би болған өңкей қиқымның» елінің шырқын ғана емес, өзінің де күндіз күлкісі мен түнде ұйқысын бұзғанын білмес қалыбы, көрсеқызарлығы мен қырттығы ақын жанын жаралайды. Бірлігі мен берекесі кетіп, шынайы пейілден айрылған соң, баққан жылқысы да, тапқан байлығы да сапырылған, күндестіктің дертіне шалдыққан жанның, тіпті жай нәрсеге «бұртың» ете қалатын ағайынның да жанды бейнесі осы өлеңде кеңінен көрініс береді. Ел арасындағы береке-бірлікті, татулықты көздеген Абай Құнанбайұлы оны ең алдымен өз туыстарынан, руластарынан, ауылдастарынан бастап жолға қоюды көздейді. Ел ішінде болатын алауыздықты, көре алмаушылық қасиетті, қызғаншақтықты жоюды көксеген ақын қалың қазағын ынтымаққа шақырады.
Ақын өлеңдерінде «қайран жұртының» кереғар қылықтары мен оспадар әрекеттерін сынға алып, елін ғылым-білімге, татулық пен еңбекқұмарлыққа үндейді.
Адасып алаңдама, жол таба алмай,
Берірек түзу жолға шық, қамалмай.
Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай,–
деп өкінеді.
Біреуі олай, біреуі бұлай қарап,
Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ.
Қазағының өзге жұртқа қарағанда «сөзі ұзын», «шапшаң» болса да, ғибратты ой мен ізгі насихатты шалқақтап, ыржыңдап жүре тыңдайтын, мінез ерекшелігі бары да қынжылтады. Айтқан сөздің сыртын емес, ішін ойланып түсінсе дейді ақын. Тіпті: «Көздің жасы, жүректің қаныменен Ерітуге болмайды ішкі мұзын»,– деп қатты кейіп кететін сәттері де бар Абайдың.
Абай Құнанбайұлы ұлт тәрбиесінің негізі береке-бірлігі жарасқан елде болатындығына басты назар аудартады. Егер елдің өзара татулығы жоғары болса, халық та мамыражай өмір сүретіндігі ақиқат. Байлық та, жетістік те, тыныштық та берекесі жарасқан елде ғана. Бірін-бірі күндемейтін, басқаның артынан шырақ алып жамандық іздемейтін, не көрсек те ел болып бірге жақсылықты көрейік дейтін ниеті бір, ойы ортақ, ғылым мен білімге құштар, ізгі мақсаты табыстырған, асыл армандар жетелейтін халықтың жетістігі де мол болмақ. Туыстық қарым-қатынасы артып, байлығы да көбейіп, ой мен санасы да таза болғандықтан тән саулығы да, жан тазалығы да жақсарып, ел болып дамудың жарқын жолына түсері де хақ. Абай қызыққан ел де – берекелі ел.
Жағасы жайлау ол бір көл.
Жапырағы жайқалып,
Бұлғақтайды соқса жел,-
дейді ақын.
Ал, егер, ынтымағынан айрылса ешкімге жақсылық әкелмейтін, түкке де керексіз «суы ашыған батпақ көлдей» жарамсыз болары анық. Береке-бірліктің қадірін ақын қазақы ұғым, күнделікті тіршілік барысынындағы ерекшеліктермен түсіндіруге тырасады:
Шындығында да ел бірігіп, берекесі жарасып, барлығы халық болып ұйысқанда ғана жетіктістікке жетері анық. Бірлігі бар ел озса, татулығы жоқ халық тозады. Бұл сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың нақты шынайы өмірден түйген, ұрпақтан-ұрпаққа екшелініп жеткен нақыл сөздерінде де кеңірек айтылған. «Бірлік болмай тірлік болмас», «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді», «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау тұрар», – дейді дана халқымыз. Тұрмыс-тіршілік те, материалды тұрғыда жақсару да өзара жақсы қарым-қатынастың арқасында дамиды.
Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,
Оның да алған жоқ па құдай құлқын?
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың.
Ағайын арасында тек татулық болса, сыйластығы артып, бір-біріне деген құрметі жоғарылап, баққан малы да, мамыражай өмірде жаны да көбейе берері сөзсіз. Абайдың да басты мақсаты – елдің береке-бірлікте болуы.
Өкінішпен айтатыны да қазақы қоғамның осы бір құндылықты бағаламай, өзара алауыздықпен ынтымақты бұзуға әуестігі.
Кетті бірлік,
Сөнді ерлік,
Енді кімге беттемек?
Елің – ала,
Отты шала,
Тайса аяғың, кім көмбек?
Ел ішіндегі ұсақ келіспеушіліктің өзі туған-туыстардың арасын ғана алыстатпайды, жалпы халықтың дамуына орасан зор ықпалын тигізеді. Адалдық пен арамдықтың, еңбекқорлық пен жалқаулықтың, ғылым игермек пен надандықтың арасының ажырай бастауында да береке-бірліктің бұзылуының әсері айқын. Қазағының татулықты қойып, жамандық қылса, ол жасағаны өзіне қайыра айналып келерін ұқпауы ақын өлеңдерінде кең көрініс тапқан. Күншілдікпен өткен тірлігің, берекені бұзған пәлеқұмарлығың, ағайынның арасына от жағып араздық отын үрлеген арамдығың шайтанға жасап берген қамқорлығың екенін ұқса дейді ақын.
Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,
Періште төменшіктеп, қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен болды демей,
Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.
«Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік аты – ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?»
Міне, Абай айтқан негізгі бірліктің қайда болмақтығы. Мал дос болып, арам мақсат құрып бірлік жасаудың көк тиындық құны да жоқ. Хакім сөзінің өшпес маңыздылығы да осында. Абай заманында ғана емес, қазіргі таңда да бір күндік пайдасы үшін өтірік дос болып, керегінде пайдаланып, қажетсіз болып қалса сырт беріп айналатын келеңсіз қасиеттерімізді жөндейтін уақыт туды. Ағайынмен мал үшін емес, риясыз пәк көңілмен бірлікте болатын заман қазір. Қулық-сұмдықпен дәулет жиып, мақтанып, есіріп кететін есерсоқтарымыз Абай сөзінің мәніне терең үңги алмаса да, тұшына бір оқып, өз ісіне есеп бере білсе. «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың? – деген Абай сөзі қашан да бағалы.
Қазағымыз хакім сөзінен ғибрат алып, татулықты берік ұстанып, ақылмен барлығы бірлікте болса ғой, шіркін!
Бізге мал дос емес, ақыл дос қажет. «Біріңніңбірің сөйле сөзің тосып» дегендейін, ақылменбірлесіп, ғылым-білімді аңсап, тереңдікке денқойса әр азаматтың да, қалың қауымның да, мемлекетіміздің де болашағы жарқын. Ынтымағы жарасқан егемен еліміздің көк байрағы ашық аспанында мәңгі желбірей беруді де береке-бірлікке тікелей қатысты.
Елдің береке-бірлігіне басты кедергі болар Абай Құнанбайұлы сынаған қазақтың кереғар ерекшеліктерінің бірі – партия құрғыштық. Туған елінің жай-күйі мен даму барысына қапалана отырып ой қосқан Абай заманынан қанша алыстасақ та, осы бір келеңсіздік жайлар қоғамнан әлі де алыстай қойған жоқ. Хакім сөзінен халқымыз бүгінгі таңға дейін сабақ алмағаны, әрине, өкінішті. Абай өлеңдерінде жік-жік болып бөлініп, өзара ымыраластар топ құрып, партия болып бөліну үрдісі кеңінен ащы сынға алынған.
Барымта мен партия –
Бәрі мастық, жұрт құмар.
Сыпыра елірме, сұрқия,
Көп пияншік нені ұғар?
Ақын «ендігі жұрттың сөзі ұрлық-қарлыққа» негізделіп, «сөзді ұғатын саналы жанның» төңірегінде азайып, «бет бергенде шырайы сондай жақсы», бірақ «сартша сырты» бұзылған, партияға мас болып елірген жандардың аяусыз бейнелерін жасайды. Тіпті «пияншік» деп саналы ақыл-ойдан айрылған, адамшылықтан кетіп сұрқиялыққа жеткен замандастарын аямайды.
Мұндай елден бойың тарт,
Мен қажыдым, сен қажы!
Айтып-айтып өтті қарт,
Көнбеді жұрт, не ылажы? –
деген өкінішін де жеткізеді. Замандастарына қанша ақыл-кеңесін, дұрыстық жолға шақырған уағызын айтса да, олардың елірме қиғаш сөздің жетегі кетіп, бастары бірікпеулері, әрине, ақынға өте ауыр. «Қажыдым» деп еріксіз қапаланады да. Партия құрып, елді жан-жақта бұра тартып, берекені қашырар әрекеттен аулақ болуға шақырады.
Халықтың партияға бөлініп, жік-жік болып бірліктен алыстауының негізінде білімнің аздығы, тәрбиенің жетімсіздігі, сананың төмендігі жатыр. Пиртия болып бөлінгенмен, елге оның еш пайдасы жоғын ұғына да алмайды. Қауқылдасып, бірін-бірі мақтап, қарсыласын даттап, тек алауыздық отын үрлеу ел салтына сол кездерден енгені анық. Бірде бата оқып, енді бірде тегін ас ішіп, дүрмектің ортасында салаңдап бос жүру қалыпқа айналады. Іздегені де бірлік емес, дау-жанжал. Шарға таласқан, дауға әуес халқын тыямын деп қажығаны да анық Абайдың. Сондықтан да:
Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар білімнен.
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен.
Қайтіп қызық көремін
Әуре-сарсаң күнімнен?
Қайрылып қарап байқасам,
Ат шаба алмас мінімнен, –
дейді ақын. «Қайғылы, қартаң шалдар» Абай айтқандай ел кезбей, ағайын арасы тыныштығын ойлап, жұртына басу айтып, араздықтың отын өшіруге тырысуы керек емес пе!? Бір ауыз дуалы сөзімен рулы елді басқарып отыратын, яки болса жас буынға өнегесін көрсетіп, өткен дәуірден жеткен қисса-дастандарды, көркем жырларды, аңыз-әңгімелерді айтып қалың елді төңірегіне ұйыстыратын бұрынғының үлкендерінің замана ерекшелігімен өзгеріп, дау-дамай қуған, пәлеқұмар, партияшыл шалдарға айналуы ақынды қатты тебірентеді. Елінің құты болған қарияларымыз, көкірегі таусылмайтын кенге толы құймақұлақ ақсақал даналарымыз «өз қолынан ырқы кеткен» уақыттан-ақ өзгеріске ұшыраған екен-ау!
Абай сынаған «қозғау салып қоздыратын кезбе шалға» керісінше бірліктің туын көтеріп, елдіктің сөзін айтатын келелі жиын емес, қыңыр кеңес қажет. Кеңесінде туысына ор қазатын, жалаң сөзден жау табатын, жау деп тапқан жақынына қарсы ант беріп тарқайтын замана ерекшелігі еді. Көп адамның аңдығаны да осы.
Осы бір кеңес пен жиынның, яғни анттасудың соңы не? Әрине қарсылас тауып, жақсы болса да жаман деп, партия құрып жабылып, төмпешпеуге дайын тұрып, араздаспаққа серт беріп тарқасу. Өсімге қол жайып, серкешке тай алмаққа қызығу. Азға көптің ықпалын тигізуі де осы топтасудың салдары.
Бес асыл нәрсеге асық емес, керісінше қашық болу керек бес дұшпанға әуестік Абай сынаған надандыққа алып келері анық. Арамдық пен араздық белең алғанда ел ішіне енген надандық та қанатын кеңге жая бастайды. Надандық көзін де, көкірегін де тұмшалаған соң, оның сана-сезімі, қоршаған ортаны сезінуі де жоғалады. «Ақылға сәуле қонбаса, хайуанша жүріп күнелтпек» дейтін жандар қатары да көбейе берері хақ. Өмірдің негізгі мәніне үңіліп, жаратушыны сүйюі, хақ жолымен жүруі, рухани кемелденуі түгілі өз басын алып жүре алмайтын, басқаның жетегіне еріп, тобырдың қатарына енетін де осы надандар. Ақын поэмасында айтылатын көппен бірге жынды су ішіп еліретін де осылар. «Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса», – дегендей тереңдік былай тұрсын, іс-әрекеті мен таным-түйсігі саналы адам қатарынан да көрінбей жататын надандық сау ақылдың жоқтығынан, қараңғылықтан. Арзан күлкі мен бас даурықпаға әуестіктік те көңіл көзінің тұжшалануынан. Ал бойында ыстық қайраты, нұрлы ақылы, жылы жүрегі болмаса, саналы көзқарасы, азды-көпті білімі, өмірлік ұстанымы жоқ адамды қалаған жаққа жетектеп әкетіп, айттақтатқанға пайдалану жеңіл болмақ. Надан адамның қоғамға зияндығы да осында.
Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ,
Күлкішіл кердең наданның.
Көп айтса көнді,
Жұрт айтса болды –
Әдеті надан адамның.
Бойда қайрат, ойда көз
Болмаған соң, айтпа сөз.
Алауыздықтың отын үрлер ерекшеліктер де жетерлік. Адам мінезі мен іс-әрекетіндегі, таным-түйсіндегі кереғарлықтар надандықтан басталып, арсыздық пен азғындыққа алып келеді. Ұятты ысырып қойып, адамгершілікке жат мінез-құлық пен жағымсыз қылықтар, ар-намысы жоқ пенделерден туары анық. Алты бақан алауыз болып, қазақтың күндестікпен өмір сүруінің негізінде де осылар жатыр.
Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсе қызар, жалмауыз,
Сорлы қазақ сол үшін
Алты бақан ала ауыз.
Өзін-өзі күндейді,
Жақынын жалған міндейді,
Ол арсыздық белгісі, –
дейді ақын. Сонымен бірге: «Партия жиып пара алған, пейілі кедей байсыңдар»,– демеске де амалы жоқ. Еріншектік пен көрсеқызарлық, сабырсыздық пен пәлеқұмарлықтың да қосылар жолы – арсыздық. Қазақ қоғамындағы қалыптасып келе жатқан билікқұмарлық, пәлежапқыштық белгілерін, яғни өмірдегі ащы шындықты қарапайым сөзбен нақтылап айтып, халқын қанша дұрыстық жолға шақырғанымен де, ақын сөзі өзі айтқандай жартасқа барып, күнде айғай салып, тек «баяғы жартас – бір жартастан» қаңқ еткенмен, түкті байқамайтындардан жаңғырық естігендейжұтыла берді уақытында. «Қайран сөзім қорболды» деп тек жақындарына ғана емес, қараормандай халқына налиды.
Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ,
Иілтіп екі басын ұстаған хақ.
Имек жолда тыянақ, тегістік жоқ,
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ.
Міне Абай ұстанымы. Қазақтың болашағының жарқын дамуына қажетті ғибратты сөз! Қамшының сабындай ғана қысқа өмірде адамдықтың ақ жолымен жүргеннен артық ешнәрсе жоқ. Күншіл болмай, замандасына қиянат жасамай, пәлеқорлықтан аулақ болса ғана ел бірлігі де арта бермек. Абай сынаған надандықтың қалдықтарымен қазіргі таңда күресе беруіміз қажет. Хакім сөздерінің ұлағатына сонда ғана жетеміз, нәтиже шығарамыз. Арамдықты болдырмау, елді ғылым-білімге үндеп, ынтымақта өмір кешу біздің міндетіміз. Мәңгілік ел боламын деген қазағымызға қарап «қайран жұртым» деп айту жоғалып, бүгініміз бен болашағымызды тек жақсы жағынан көретін, жетістігі мен береке-бірлігін тек мақтап айтатын дәуірлер болсын!