Архив және шығармашылық
Қанипаш Мәдібаева
Абайдың ақындық ғұмырбаянындағы Семей, Омбы, Қазан, Петербург архивтерінде сақталған өмірбаяндық-дерекнамалық құжаттардың елеулі орны бағытында да айтылып отыруы тиісті, жеке зерттеушілер, мұраны жинақтаушылар, ресми үкімет орындары тарапынан түзілген, Абай шығармашылығындағы нақтылы бір кезеңдер, жеке уақиға, жеке адамдар, оның Абай өлеңіндегі бедері, бейнеленуі, т.б. шығармашылық сырларға бастайтын, қағазға түсіп хатталған, мөрленген құнды құжаттар бар.

Құнанбай Өскенбайұлының қызмет тізімінде (формулярный список – Қ.М.) Абайдың туған жылы әр басқа жазылғандығы – жалпыға мәлім болмаған деректің бірі.
Әлкей Марғұлан Мәскеудегі Әскери-тарихи архивтен тапқан Құнанбай Өскенбайұлының 1851 жылғы қызмет тізімінде Абайдың туған жылы 1844 болып жазылады. Құнанбай Өскенбайұлының Мұздыбай Бейсенбаев 1976 жылы тапқан 1852 жылғы қызмет тізімінде Абай 1846 жылы 15 маусым күні туған деп көрсетілген.
Патша әкімшілігі мекемелерінде хатталған 1845-1865 жылдардағы Абайдың әкесіне, 1865-1904 жылдардағы өз басына қатысты хатталған іс-қағаздар бойынша арнайы жұмыс істеген абайтанушы Бейсенбай Байғалиев «Абай өмірбаяны архив деректерінде» (2001) атты зерттеуінде Абайдың өмірбаянын жазудағы аса қажетті деректерді ғылыми айналымға тартты. Мүмкіндігінше қолжетімді болған құжаттар бойынша жүргізген тыңғылықты еңбегінде Бейсенбай Байғалиев күн тәртібіне қойып, ғылыми жүйеде негіздеген абайтану мәселелері – кейінгі кезеңдегі абайтанудың жаңа бағыттарының бірі.
Бірнеше нақтылы, принципті, өзекті өмірбаян деректері бойынша жүйелі жазылған зерттеудің «Абай Құнанбаевтың қоғамдық-әлеуметтік қызметі туралы архив деректері» атты бірінші тарауында Абайдың болыс, би болғандығына қатысты мұрағат деректері бойынша жұмыс жүргізілген. Абай штаттық жүйе бойынша 1875-1878 жылдар аралығында Қоңыр көкше елінде болыс болады. Үзікбай Бөрікбаев деген адам Абайды 10 жылдай әуреге салып, үстінен дүркін-дүркін әуреге салғандығы тұрғысында Бейсенбай Байғалиев әр құжат, әр дерек бойынша егжей-тегжейлі ақпарат береді. Семей облыстық басқармасының мәжіліс журналы; Семей облыстық статистикалық комитетінде сақталған 1876 жылғы болыстың мал-жаны, шаруашылығы туралы мәлімет; Семей уезі болыстарының орыс-түрік соғысына байланысты 1876 жылы 6 желтоқсанда қазақ елін патша өкіметіне қаржылай көмек беруге, моральдық жағынан қолдау көрсетуге үндеп жазған хаты; 1866 жылғы 13 шілдеде Күшік-Тобықтыдан Байжігіт ішіне қоныс аударғандар туралы Абайдың рапорты (мәлімдемесі); Омбыдағы қазақ балаларын орысша оқыту үшін арнайы ашылған мектепке Баймұса Тәуірбердинді оқуға жіберу туралы Сергиополь сыртқы округтік приказіне 1866 жылдың 11 маусымында Абай жолдаған рапорт; Абайдың Күзекова дейтін әйелдің Миялыға жатақтар арасына көшіп кеткендігін хабарлап, Сергиополь сыртқы округтік приказіна 1866 жылдың 29 қараша күні жолдаған рапорты; т.б. сол замандағы әкімшілік жүйенің міндетті іс-қағаздары бойынша мұқият зерттеу жүргізген Бейсенбай Байғалиев Абай өмірбаянындағы аса бір елішілік арпалыста өткен, сол жеке бас тағдырының қоғам, әлеумет, ортамен байланған тұстарында туған әлеуметтік лирикасының өмірлік негізіне бойлататын құбылыстарға нақтылы мәнде үңілуге мейлінше қажетті, айтарлықтай мәнді дәйектерді абайтану айналымына қосты.
«Әдетте әдеби-ғылыми ортада бір қалыптасып, орнығып қалған түсінік-ұғымдарды әлсін-әлі түзетіп, дұрыстай беру көп ретте оңайға түспейді. Сол себепті ұлы ақынның ел басқару саласындағы қызметі мен оның мерзімдері ғылыми зерттеу еңбектерінде түрлі-түрлі жазылып келеді (Байғалиев Б. Абай өмірбаяны архив деректерінде. – Алматы: Арыс, 2001. – 134 бет).
Абайдың ел басқару қызметі кеңестік кезеңде толық зерттелмегендігіне ұғыныстықпен қараймыз. Соңғы отыз жыл уақытта қысқа ғұмырында қыруар жұмыс тындырған Бейсенбай Байғалиев бүктеуін жазып бастаған архив деректері бойынша арнайы зерттеулер жүргізілді ме?
Бейсенбай Байғалиев келтіріп өткен нақты деректер бойынша елеңдеп, алаңдап зерттеуге қызу кіріскен Абайға тиесілі қазіргі ғылыми зерттеу орталықтарында бұл бағытта нендей «жаңалықтар» ашылуда.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашқан Абай академиясы ҒЗИ өзекті абайтанудың бар түйткілін қадағалап, үйлестіріп, реттеп, дамытып отыратын құзіретті ғылым ордасы болады деп сенеміз.
Бейсенбай Байғалиев атап өтіп отыратын Ы. Мұстамбаев, Х. Ғаббасов, Ә. Марғұлан, В.А. Кудашев, С.М. Шорманов, Н.Я. Коншинге қатысты деректер абайтануда айтылып келе жатқан, «белгілі» деректер болып көрінгенімен, беймәлім тұстары да аз дей алмаймыз.
«Абай нұсқасының бір көшірмесі, Н.Я. Коншин жинап тапсырған Абай жырларының жинағында Омбыдағы География қоғамының архивінде сақтаулы. Ол – өте көлемді, 2 мың алты жүз жол». Бұл – Әлкей Марғұланнан келтірілген дерек. Бейсенбай Байғалиев Н.Я. Коншин жинап тапсырған Абай шығармаларына қатысты мардымды зерттеулер жоқ екендігін құлаққағыс етеді.
Абайдың ақындық ғұмырбаянында айқын әлеуметтік таңбасы қалған, әр өлеңнің астар-арқауында ащы ызасы бұққан қызмет тәжірибесін тұтас шығармашылық үдерісте зерделеу қажеттілігінде әлемдік озық өнегелер, орыс әдебиеті өкілдерінің шығармашылық өріс, өресінің негізінен өмір ситуацияларымен бітеқайнаған біліктілікте зерделену ұстанымын да ойға аламыз.
«Отаршыл патша өкіметінің заң-ережелері белгілеп берген шектеулі ғана билік аясында болыс, би болып қызмет атқарған Абай бұл мансаптың қиыншылығы мен азабын көп тартты. Бірақ өскен ортаның дәстүрі, ағайын-жақынның мүддесі оны бұл қызметке еріксіз жегіп, әурешілігіне көндірді.
Ұлы ақын саналы өмірінің 18 жылын ресми осы қызметке арнап, оның 12 жылында болыс, 6 жылында би болып, ғұмырын әр қилы айтыс-тартысқа толы оқиғалар үстінде өткізді» (Б.Б., 28-бет).
Тұрағұл Абайұлы өз естеліктерінде Абайдың қай өлеңі нендей уақиғалар тұсында туғандығын қадап айтып отырған. Күшік Тобықты елінде әкесі Абайдың екі мерзім болыстық қызметте болған жылдарды 1866-68, 1872-1874 деп көрсетеді.
Бейсенбай Байғалиев Абай 1878 жылдан соң болыстық қызметті біржола тастады дейді. Тұрағұл Абайұлының дерегінде 1893 жылғы сайлауда тағы 3 жылға болыс болып бекігендігі айтылады. Сонда Абай 15 жыл болыстық қызметте болған. Тұрағұл дерегі бойынша архив деректерін қарастыру қажеттігі бар.
Абай 9 жыл өз елінде, яғни Күшік Тобықтыда болыс болғанда үстінен бірде бір арыз-шағым түспеген екен. абай Қоңыр Көкше елінде болыс болған үш жылда (1875-1877 ж.ж.) оның үстінен ондаған домалақ арыз, шағым түсіп отырғандығын архив құжаттары көрсеткен.
Абай 1868 жылғы халық «Жаңа низам» атайтын «Уақытша ереже» тұсында би болған.
Бұл «Уақытша ережедегі» 2-бөлім, 4-тарауда қазақтың халық сотына арналған заң-ереже түзілген. 33 бап. Мұнда ел ішіндегі Билер билігіне орыс заңына негізделген шектеу қойылады. Билерге 300 сом, (15 жылқы, 150 қой) мөлшеріндегі дауды ғана қарап, шешу құқығы берілген.
Ереженің 164-бабында жергілікті тұрғындардың дауы бітпесе орыс сотына жүгінетіндігіміндеттелген. Бұл билердің билік құқығын аяқасты ету, империя мүддесін таңу еді.
Абайдың әкімшілік биліктегі ұстанымы туралы Семей уезі начальнигі К.С. Навроцкий сөзі: «... Человек он весьма развитый и умный, служил 2 трехлетия бием... В прежнее время Кунанбаев пользовалься громадным влиянием среди киргиз, как семипалатинского, так и соседних уезов, неоднакратно был выбран от уездов «Тюбе-бием», т.е. примирителем в спорах межуездный, что читается между киргизами высшим почетом и доверием к честности избираемого судьи» (Б.Б., 17-б.).
Осы қызмет бағытында Абайдың үкімет тарапынан алған марапаттары Абайдың ресми өмірбаянында айтылмайды. Бейсенбай Байғалиев ол деректерді айналымға тартуда бүкпелеп, қағаберіс қалдырып келе жатқанымызға тиесілі олқылықтардың орнын толтыру мақсатын көздейді.
«Ол үкімет алдында сіңірген еңбегі үшін «Құрметті қазақ» атағымен, 1876 жылы 3 разрядты кафталмен, ал 1890 жылы аңшы мылтығымен наградталып, қошеметке бөлінді» (Б.Б., 42-б.).
Бейсенбай Байғалиев биліктегі жылдардың Абай үшін таным, тәжірибе мектебі болғандығы, ақындық творчествосына сәулесін түсіріп, ізін қалдырғандығы мәнінде ой бөліседі.
Ел басқару, билікте болу, ел ішіндегі қылмыс пен жаза, сайлау шырғалаңдары, әділет, пәлеқорлық пен парақорлық, арызқойлық, дау-шаршыл мінез ортасындағы Абайдың азаматтық, ақындық болмысындағы ықпалды өмірлік факторлардың бірі болғандығы тұрғысында кешенді зерттеу тұтастығында ашуға, айтуға заман ыңғай бермеген тұстар болды.
«... Оның творчествосында сол заманда ғұмыр кешкен қазақ қауымының тұтас картинасы жасалып, түрлі ел билеуші топтар мен қоғам мүшелері өкілдерінің қайталанбас бірегей образдары сөзбен суреттеліп, туған әдебиетіміз ой-пікір тереңдігі мен көркемдік жағынан жаңа сапалы биікке көтерілді» (Б.Б., 42-б.).
Әділет орнатпақ түгілі халықты әбден әбігерге салған сайлау институты қазақ үшін алауыздықтың бір негізі болды. Бірін біріне өшіктіріп, ырылдатып таластырып қойған заманының күйігі өртеген Абай қасіреті ауыр. Алланың рахымы жауған жаратылыс сәулесіне елжіреп, емініп, игілігіне рахаттанып «Жаздыгүн», «Жазғытұрғыай» сәуле қуған Абай. Оның тылсымды сезіну ынтықтығы, тыншымай өмір дүбіріне «лүпілдей үн қосқан, «дүңкілдеп» жарыса соққан ғазиз жүрегі қамырықты, қамауға түсті. Түп иесін көпседі. Абай армандаған зор өкімет, есепсіз байлық қазақта болмады.
Бейсенбай Байғалиев зерттеуінің екінші тарауы «§2. Абай үстінен жазылған арыз-шағымдардың ақын өмірбаянын нақтылаудағы рөлі» деп аталған.
Абайдың үстінен алғашқы арызды Қоңыр Көкше болысының қазағы, молла Үзікбай Бөрібаев 1876 жылы 21 қыркүйекте Семей уезінің начальнигіне жолдаған. 1876-1884 жылдарда оннан астам жала арыз жазылады. Абайға жазған шағымдардың «Делода» тіркелмегендері де болған екен.
Бейсенбай Байғалиевтің біреуінен басқа арыздардың түпнұсқалары сақталмағанымен, соған қатысты әкімшілік шаралар хаттамасы бойынша жұмыс жүргізіп, түпнұсқа құжаты жоқ деректерді негіздеу әдістемесі – құптарлық. Яғни түпнұсқа құжат болмағанымен, сол бағытта тергеу, сұрақ-жауап алу жүргізілгендігін негіз еткен. Түпнұсқа құжаттардың (жазылған арыздың) нендей жағдайда жойылғаны туралы мәлімет әзірге жоқ.
Бейсенбай Байғалиевтің архив құжаттарымен жұмыс істеуі әдіснамалық мәнде де бағалы деп ойлаймыз.
Арыз түпнұсқалары болмағанымен, осыға қатысты жүргізілген шара, қаралған мәселелердің хаттамалары бар.
(Хаттамаларда Үзікбай Бөрібаев деген аты-жөні бірде Б.Ү. деп қысқартылып беріліп отырған)
«1) 1-Б.Ү. арызы бойынша қорытынды пікір хатталған Семей облыстық басқармасының 1884 жылы 8 қазанда өткен мәжілісіің қолжазба журналы, 2 – Дала генерал губернаторының канцеляриясын басқарушы В. Лосевскийдің 1885 жылы 21 маусымда губернатордың іспен танысуы үшін жасалған «О прекращении следствия над волостным управителем Кунанбаевым и Аюбаева и преданий суду киргиза Буробаева за ложный донос» деп аталатын көлемді әрі мазмұнды баяндамасы» (Б.Б., 45-бет).
Семей уезі начальнигіне Ү. Бөрібаев Абайдың үстінен 1876 жылы
21 қыркүйекте; 1876 жылы 23-қарашада; 1877 жылы 10-қазанда; 1879 жфлф 28-тамызда «қорқытып 3511 сом, 44 тиын сыйлық алды», «Съезд сайын сойысқа 140 қойдан жинады, 6 съезде 840 бас қой алды» деген шағым жазып отырған.
Бейсенбай Байғалиев осы шағымдарға қатысты Абайдың Семей облысының әскери губернаторына 1877 жылдың 10 қаңтарында; 1877 жылдың 10 қазанында; 1878 жылғы 14 желтоқсанда Батыс Сібір генерал-губернаторына 1877 жылғы 15 желтоқсанда, Дала генерал-губернаторына 1877 жылғы 27 қарашада Семей уездік сотына 1879 жылы ақпанда; 1883 жылы 27 көкекте жазбаша берген жауабын да келтіреді.
Бейсенбай Байғалиев бұл іске қатысты Л. Маковецкийдің соңғы нүкте қойғанын; бұл бағытта Қ. Мұқаметханов деректері, тағы да басқа зерттеулер болғанын ескертіп өтеді. Абай «Арызшы орыс олардың «олжаласы» деп заманының түр-түсін бұлжытпай сипаттайтын осы тұсқа қатысты да айғақтауды тосып жатқан шырғалаң, кикілжіңдер, жібімей жатқан саяси өктемдік тоңдары әлі де сақталып отырғаны – қилы ішкі, тысқы себептерге байлмулы фактор.
Абай үстінен жалған арыздар бар-жоғы белгісіз біреулердің де үстінен жазылып отырғандығын да Бейсенбай Байғалиев еңбегінен аңладық.
Бейсенбай Байғалиев зерттеу еңбегінің 3 тарауында Абай Құнанбаевтың отбасына жүргізілген тінту бойынша сақталған архив құжаттарына қатысты деректер келтірген. Тінту 1903 жылдың 25 көкек күні өткізілген екен. Бұл тұрғыда «Дело о реанционном движении мусульманского духовенства 1903-1905 гг». атты Семей облыстық басқармасында хатталып сақталған архивтік істі Е.Б. Бекмаханов қарайды. Сол негізде «Новые материалы к творческой биографии Абая Кунанбаева» атты мақала жазады (Ученые записки КазПУ, Алматы, 1959, Т.38. изд. 4. С.163-166) (Б.Б., 56-бет).
Бұл мақалаға қатысты Бейсенбай Байғалиев: «Жергілікті патша әкімшілігінен халқымыздың дін бостандығын заңды түрде талап етуші зиялы азаматтарды «панисламизм фанатиктері» деп түсіндіруге мәжбүр болған». Осы мәнде М. Әуезов, С. Мұқанов тарапынан тінтуге қатысты айтылған пікірлерге тоқталады. Әрхам Ысқақовтың естелігін бағалай отырып, құжаттық деректермен салыстыру, тексеру қажет дейді.
Мұздыбай Бейсенбаевтың осы уақиғаға қатысты ой-тоқтамына ден қояды.
«М. Бейсенбаевтың өзіндік ой топшылауының құндылығы сонда, ол ақын отбасына жасалған тінтудің басты себебі қазақ даласындағы мұсылмандық қозғалысқа байланысты екендігін алғаш атап көрсетті. Ал
Ш. Қосшығұловқа жауап хат жазбауы арқылы Абай бұл қозғалысты қолдамады деуі, әрине, ұшқары пайымдау» (Бейсенбай Байғалиев, 70-б.).
«Халқымыздың діни бостандық жолындағы күрделі күрес жолын» «құрбандыққа шалуға» ешкімнің құқысы жоқ», – дейді Бейсенбай Байғалиев. Зерттеуші кейінгі кезеңде ғана түбегейлі зерттеуге бетбұрыс байқалып отырған мұсылмандық ағартушылық бағытында да нақтылы құжаттарға жүгіну ұстанымын нығыздап отырған.
1868 жылы 21 қазанда бекітілген «Временное положение об управлении в областях Уральской, Тургайской, Акмолинской и Семипалатинской» атты заң ережелері арқылы қазақ жерін мемлекет меншігі деп жариялап, иелігінен айырумен қатар дін басқару ісінде Орынбор муфтилігінен бөліп алып, жергілікті әкімшіліктің билігіне береді» (Б.Б., 70 б.).
Жаңа ел басқару институттары құрыла бастаған бұл уақыттың саяси-рухани ахуалы да Абай поэзиясының елеулі арқауы болды. Тінту 1903 жылғы 25 көкекте өткен. Семей уезінің начальнигі К.С. Навороцкий басқарады. Шыңғыс елінің болысы бұл кезде Рызықпай Хұдайбердін болған (Құдайберді ұрпағы ма? – Қ.М.). Бейсенбай Байғалиев тінтуге байланысты құжат мәтінін берген.
4-тарау «абайдың мәдени-ағарту саласындағы қызметтерін айқындайтын архив деректері» аталады. Абай 1877 жылы қүрылған, Семейдегі алғашқы ғылыми мекеме Семей облыстық статистикалық комитетіне 1886 жылы
4 мамырда толық мүше болып сайланған.
Семей облысының әскери губернаторы В.С. Цеклинскийдің қолдауымен 1887 жылғы 26 көкекте құрылған Семей қалалық бастауыш білім қамқоршылары қоғамы жұмысына атсалысады. Мұқтаждарға жәрдем көрсету бойынша оқушыларға оқу құралдарын, киім тарату жұмысы бойынша құжат көшірмесі Абайдың Семейдегі музей үйінде сақтаулы тұр.
Бейсенбай Байғалиев ІІ тарауда Абайдың шығармасы деп қате басылып жүрген архив құжаттарына талдау жасайды.
Шар (Қарамола) төтенше съезі 1885 жылы мамырда өткен. «Г.А. Колпаковскийдің 1884 жылы 18 тамызда бекіткен, 26 баптан тұратын «Правила для руководства на чрезвычайных съездах для разбора взаимных претензии киргизов» деп аталатын заң ережесіне сәйкес шақырылып, өткізілген еді». Осындағы «Ереже» туралы Мүсірәлі ақсақал естелігінде 93 бап деп айтылады.
Әбіш Жиреншин 96 бап деген. Бейсенбай Байғалиев 66 бап Ереже дейді. Бұл Г.А. Колпаковскийдің кезекті бұйрығының заңға айналған нұсқасы ғана. Ол бойынша әр болыс штат бойынша тағайындалған молда туған, өлген, неке, ажырасу істерін «Метрическая книга» деп аталған дәптерге хаттап отыруы тиіс болған.
Шар съезіндегі Ереже Дала генерал губернаторының бұйрығы негізінде жасалған. Осы 66 бапты Абай жазған дегенді Бейсенбай Байғалиев «Фальсификация десе болмас па» деп теріске шығарған.
Барон Таубе 1889 жылы бұл бұйрықтың күшін жойып, Молдадан «Метрическая книганы» алып, ауыл старшындарына бергенде бұл 66 бап қолданыстан шығып қалды дейді. Ереже Қазанда татар тілінде басылған.
Б. Байғалиев бұл «Ережеге» қатысты Әбіш Жиреншиннің уәжін келтірген.
«Біріншіден, жоғарыда айтып өткеніміздей, ешқашан озбыр патша өкіметі отар, «бұратана» қазақ еліне заң-ереже шығару правосын бермеген. Қазақ елін билеп-басқару хақында 1822, 1868, 1891 жылғы басты заңдарда бұл мәселенің басы ашылып, өте айқын көрсетілген».
Бейсенбай Байғалиев «Ереженің» қолда бар архивтік екі нұсқасын қарап оның авторы Абай деуге еш негіз жоқ. Абай Шығыс елінің құрметті қазағы ретінде 18 болып қол қойған. Ережеге одан басқа 17 адамның қол қойғандығын ескерсек...» деген тоқтам жасайды.
Бұл құжаттың сол замандағы «Мировой судья» мәртебесіндегі құқықтың құқы болуының ықтималдылығы туралы осы «Ережеге» қатысты күдік айтылғанда ескерілмей келеді. Бұл Ереже заңнамалық мәртебесінде мемлекет өктемдігі сақталатын «публичное право» емес, саяси-әкімшілікті реттей алмайды, жеке азаматың елішілік шектеулі қатынастарға қатысты «Ереже» болғандығын заңгер мамандар басын ажыратып айтуы тиіс еді. Осы күмән «Ереже» мәтінін Абай жинақтарында бірде қосып, бірде алып тастауға әкеліп отыр.
Абайдың өз аузымен айтылғанды жеткізген естеліктерге де сенбедік. Абай бұл жерде Заң шығарушы өкілетті органның өкілі емес, ел ішінде Патша үкіметі тарапынан өзара келісімде реттеп отыруға рұқсат берілген таза қазақы тұрмыстың қалыптасқан жағдаяттарына орай қабылданған «частное, ограниченное право». Жесір дауы, барымта кикілжіңдері ел ішінде реттелген. Абайдың ұрланған малдарын даулап жүрген адамдарға өзіндік әдіс, тәсілімен билік айтып отыру өнегесі, биліктегі әділдігі туралы он-сан деректер мәселені реттеудің осындай құқықтың негізіне қатысты. Қазақтың дағдылы дау шешу мәселесіне мемлекетке қауіпсіз жөнде үкімет араласпаған. Абай дайындаған «Ереженің» мәртебесі осындай. Ол тарихи төңкеріс жасауға таласып жүрген құжат емес.
Абайдың зыйындылық (интеллектуалдық), біліктілік өрісінде қатысып атқарған, қолымен жазып жүйелеген шығармашылық бір туындысы. Ел өміріндегі саяси жүйенің бір ойыны.