Абайтану тарихындағы дерекнамалық негіз: өзекті зерттеу ұстанымдары
Қанипаш Мәдібаева
Абайтану ғылымының 130 жылға жуық уақыт айналымға түсіп отырған дерекнамалық негіздерін жалпы ғылыми жеке бағыттарында нақтылап отыру қазіргі абайтанудағы жаңа бір үрдіске айналу қажеттілігін сезінеміз.

«Жеке бағыт» дегенде белгілібір деңгейде шарттылыққа жүгініп отыратынымыз анық. Әйтпегенде, жеке бағыттар өзара тұтастық құрайтындығы, осыдан «Абайтану» атты қазақ әдебиеттану ғылымының аса ауқымды, мол зерттелген; ендігі заманғы танымға тартуды күн тәртібіне шығарып отыру үрдісі үзілмейтін тұтас бір ғылыми саласын қалыптастырғандығы ұғынықты.
Жеке саланың бірі – бұл Абайдың өмірбаянына қатысты деректердің жиналу, қорлану, саралану, ғылыми міндеттерге «жегілу» үрдісі.
Негізінде бұл саланың ғылыми арқауы Абай өмір сүрген дәуір, Абай жасаған орта, Абай ақындығының өмірлік негіздерінде тұғырланады.
Абайдың дүниеге келген күнінен басталып, ақын дүниеден озғанға шейінгі уақытта «Абай өмірбаяны» атты салаға негіз еткенде де бұл уақыттың кеңістігі (кең мағынасындағы уақыт кеңістігі де, географиялық аумақтың кеңістігі де кірігуі тиіс кеңістік – Қ.М.) Абай дәуірінен тым әріге, ата тек, арғы тарихқа тартып жатады.
Абайдан соңғы кезең – ақындық дәстүр, рухани ұлағат маңыздылығында күні бүгінге, келешек өрістерге бастай беретін кеңістік.
Абайдың шығармашылық өмірбаянындағы нақтылы даталы уақыт шегі таңбаланған сәттер, оқиғалар, кезеңдерден; тарихи тұлғалар, адам есімдерінен; жеке туындының мәтіннамалық тұғыр, басылым тарихынан; т.б. тұтастанған дерекнамалық талаптарда тұтас қарайлап зерделеу мүмкіндігі шектеліп, шетжағалап қана меңзелген фактілерді; қилы себептерден орнығып қалған жекелеген жаңсақтықтарды, абайтанудың тарихи тәжірибесінде, осызаманғы өзекті бағыттарында арнайы зерделеу қажеттілігі бар.
Абайтанудың тарихындағы дерекнамалық негіздердің абайтанудың қазіргі заманғы зерттеу ұстанымдарын қалыптастырып дамытудағы ықпалды мәні Абайдың соңғы үш томдық академиялық басылымын әзірлеу барысында (2020) да Абайдың шығармаларын баспадан шығару үрдісінде ұдайы көлденең түсіп отырған Абай шығармаларының текстологиялық мәселелері өзектілігінде айқындала түсті.
Мұхтар Әуезов Абайдың өмірбаянын 1933, 1940, 1945, 1950 жылдарда қайыра өңдеп, қайта қарап, төрт нұсқасында жазуының түп себебінде кезеңдік саяси идеологиялық талаптардан өмірбаяндық фактілердің қолжетімсіздігі болғандығы сынды бірнеше мәселе бар. Абайдың әдеби мұрасының таралу, сақталу, жиналу, баспа жүзін көру деректері жылма жылғы ыждаһатты еңбектің нәтижесінде біртіндеп түзілді. Қилы деректерді Абай өмірбаянының 1933 жылғы алғашқы нұсқасы жазыла бастаған 1924-1927 жылдарда тұтас қамтып қарау, зерттеу, зерделеу де қолжетімді бола қойған жоқ.
Мұхтар Әуезов жазған өмірбаяндық төрт нұсқада қамтылмаған деректер де (негізінен архивтік деректер) кейінгі кезеңде айналымға түскеннің өзінде қайсыбір мәселеде деректің нақтылығы бойынша келісіп, келіспейтін пікірлер де туындады.
Абайды тануда ақын тұлғасының жеке бас өмірбаяндық деректері де, шығармашылық ғұмырбаянына қатысты деректер де елеулі маңызға ие болатындығы тұрғысында абайтану тарихындағы дерекнамалық негізді арнайы зерттеудің қажеттілігінде Абайдың жеке бас өміріне, қалыптасып өскен ортасына, Абай дәуіріндегі тарихи-әлеуметтік мәселелерге, руханияттағы өзекті күйлердің дерекнамалық негіздеріне; Абай шығармаларының жазылу мерзімі, туу себебі, сақталу жолдары, жиналу реті, баспа жүзін көруі, жеке жинақ болып шығу фактілері және Абай мұрасының текстологиялық мәселелерінің түп себебі турасында, сонымен бірге абайтанудағы іргелі зерттеулердің осы мәселелерді қамту, қозғау дерегі мен деңгейі; Абайдың әдеби мұрасын шет тілдерге аударудың өзекті мәселелерінің абайтану саласы мәнінде әлі күнге арнайы зерттеу нысаны есебінде қамтылмай, қарастырылмай отырғандығы; абайтану бойынша толықтырылған жаңа библиографиялық көрсеткіштің қажеттілігі; абайтану тарихын толықтырып, тұтастандырып жазу өзектілігі сынды күн тәртібінен түспейтін басым зерттеу проблемалары мен жүзеге асырылуы тиісті міндеттері бар.
Мұхтар Әуезовтің Абайдың туысы мен өмірі мәселесінде 1933 жылғы жинақта тұлғалық өрісіне кең тоқталған Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының өмір тағылымын Абай өмірбаянының кейінгі нұсқаларында шектеп баяндауына тура келді. Абайдың болыстық қызметі туралы да тартына сөйлемеске болмайтын.
Мұхтар Әуезовтің 50 томдық шығармалар жинағында ел арасынан жиған Абай туралы естеліктердің басым көпшілігі басылым көрді. Абай туралы естеліктер жеке жинқтарда да шығып келеді. Мерзімді басылымдарда да жарияланып отырды. Абайдың ресми өмірбаянына кірмей қалған көп дерек атаулыны тықпалай беру ретсіз. Ал ақындық тұлға болмысын ұғыну, тану, тұтас, бүтін бітімінде білмекке ұмтылуда, әлемдік тұлғатану тәжірибесіндегі дерек атаулыға зеректік, ұсақ-түйек әңгіме деп қарамай, тұлға тағдырына тиесілі ірілі-ұсақты дереккөздердің барлығын қисынды тұтастықта ғылыми негіздеу естеліктердің мейлінше толық қамтылып, қорытылуы абайтануда Абай өмірбаянын толықтырып жазудың өзіндік бір факторы есебінде мәнді.
Қазіргі абайтанудағы белгілібір фактілерге қатысты болжам деректердің қосарланып келуі; нақтылы адам есімдеріне қатысты жаңсақтықтар; шығармалардың жазылу мерзімін көрсетудегі сәйкессіздіктер; бір туындының шығу тарихына қатысты қосарлы деректер, қосалқы мағлұматтар; өлең мәтінінің әр басқа болып хатқа түсу фактілерінен туындайтын текстологиялық түйткілдер, бір сөздің жазылу фактісінде мәтін аясындағы мағынасынан түпнұсқа мәтін айыру қиындығы туындайтын тілдік қолданыстың күрделі иірімдері; туындының түпнұсқалық немесе аударма туынды мәніндегі айқындалуы тиіс шығармашылық сырлары; Абай мұрасын шет тілдерге аудару үдерісіндегі мәтінтанымдық ұстанымдар мәселесін арнайы зерделеу; т.б. өзекті шығармашылық мәселелер бар.
Абайтануда кейінгі кезеңде зәру деректермен толыға түскен Абайдың ақындық кітапханасы мәселесінде де арнайы, мақсатты зерттеулер қажет. Қолда бар деректің ізімен түгендеудегі салғырттық; қолда жоққа аса ынталы емес екендігіміз бір мәнде ғылымның қаржыландыру жағынан қағажу көріп келе жатқандығына да байланысты.
Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының гранттық жобаларға «байланып» қалуы, жаппай әлеуметтік желіде топтасып түскен сурет шығару әлегімен өтетін қилы атүсті ғылыми конференциялар да түбегейлі ғылыми зерттеулерге деген сұранысты көзден таса етіп, көлегейлеуін қояр емес.
Абайды тануды күрделі философиялық категорияларда қамдаудың алдында Абайдың шығармашылық ғұмырбаянын айқын ғылыми жүйеде сіңіру өзектілігі тұр. Абай өлеңдерінің таралу, жиналу, сақталу фактілерінде Абай мұрасын арнайы көшіріп, қолжазба кітап етіп ел арасына таратуда көп еңбек жасаған, Мұхтар Әуезов ол адамның көшірме қолжазбаларын Абай шығармаларының түпнұсқасы мәнінде тануға болады деп айрықша мән берген Мүрсейіт Бікіұлының осы бағыттағы еңбегіне қатысты Мұхтар Әуезовтің белгілібір себептерден көшірмеші еңбегін екінші планға ысырып сөйлеген тұсы да бар. Сонымен бірге Абай мұрасының бас текстологы Мұхтар Әуезовтен кейінгі жоқшысы Қайым Мұқаметханов Мүрсейіт қолжазбалары дегенде ұдайы «құрақ ұшып» тұрмайды. Абай шығармаларының 2020 жылғы толық академиялық басылымын дайындау барысында Мүрсейіт Бікіұлының 1905 (1906), 1907 жылғы, Абайдың тұңғыш жинағы жарық көргенге шейінгі (1909) көшірме қолжазбаларының қазіргі жазуға тұтас көшірілген нұсқасында текстологиялық салыстырулар жүргізе отырып жұмыс істеуге тура келді. Үш томдық толық жинақтың баспадан шығуын ақпараттандыруда бұл фактілер де аталып отырды. Осы мәнде көпшіліктің көкейінде жұмыс тек Мүрсейіт көшірмелері арқылы жасалған, Мүрсейіт көшірмелеріне қатысты Қайым Мұқаметқанов ескертпелері ескерілмеген ғой дегендей де сауал деп ойлаймыз. Себебі кейінгі бір ашық дәріс тұсында осы сұрақ қойылды да. Осы жұмыстың басы-қасында жүру жауапкершілігі; академиялық басылымның жұмыс тобының Абай шығармаларының 1933, 1939-40, 1954, 1957, 1977, 1995 жылдардағы ресми, ғылыми толық басылымдарының барлығмен жұмыс істеуге тура келді.
Басылым шыққан соң «1995 жылғы жинақты қайта шығара салыпты» деген де ескертпелер естуге тура келді. Абайдың көп жаңадан табылған өлеңі қосылмапты деген де айыптау дауыстары естіліп қалып жатты. Басқадай да сыртта тон пішулер бар.
Абай – бар қазақтың Абайы. Абай жалғыз. Асықпай, аптықпай қарайлататын қарасы қалың мәселелері бар Абай тұлғасының. Бұл – ортақ шаруа. Бар қазақтың жоғы – Абайдың жоғы.
Абайдың мерейтойлы жылдарында жинақтары шығып жатады. Баспалар көбейген заман. Бұл мәнде Абай мәтініне бақылау жасап отыратын құқы бар бір Орталық болғаны жөн көрінеді. Ойласу қажет. Аударма ісінде, шет тілге аударуда Абай шығармаларының қай басылымы алынатыны қадағалануы керек. «Махаббатсыз, дүние бос», «Махаббатсыз – дүние бос». Осы екі мәтін Абай туралы айтқан адамның аузына алдымен түсетін тіркес. Өнімді айналымда жүретін тіркес. Осы екі нұсқасында қатар алынып келеді, тоқтаған жоқ, толастаған жоқ. Кім өзіне қай нұсқа ұнайды, соны кірістіреді сөзіне. Жалпы көпті былай қойғанда, Абайды аударатын мамандар қай нұсқаға жүгінгені жөн?
Текстологиялық саралауда түпнұсқа мәнді мәтіндер болып табылатын Абайдың немере бауыры Кәкітай Ысқақұлы мен баласы Тұрағұл Абайұлы шығарған 1909 жылғы тұңғыш жинақ пен Мүрсейіт Бікіұлының көшірме қолжазбаларындағы басым нұсқасы «дүние дос». Бұл тіркес Абайдың қара сөздерінде де бар. «Махаббатпен жаратқан адамзатты» дейтін Абай Алласына шәк келтірмесе керек. Дүниенің махаббаттан тұратынын бір білгенде Абай білер. Дүние қай махаббатсыз бос? Ол Алланың махаббатымен жарылқанып жаралды емес пе! «Дүние достың» мәселесі басқа. Материалдық игілікке құнығу. Махаббатпен жаратылған дүниені сезінбеу. Қара сөздің қисыны да көп, қиюы қашып, қасаң ұғымдарға байланып қалғандары да бар.
Осы мәндес екі сөздік ұғымдар Абай шығармаларының әр басылымында «өріп» жүр. Солай әр басқадан айнымай, бірі біріне «бағынбай» келе жатқан басылымдар бар, бола да беретін сияқты.
Жинақты дайындау барысында жұмыс тобы мүшелерінің кеде бір сөзді сағаттап, табандап отырып талқыға салған уақыттары болды. Бұл басылымның да уақыт тығыздығына қарамастан ғылыми ұстанымдарда дайындалғандығы, ілгерідегі басылымдар өнегесі де, әлемдік тәжірибе де, кейінгі кезеңнің текстологияның қолайлы мүмкіндіктері де ескеріліп, кәдеге асып отырып дайындалған басылым болғандығы айтылуы керек.
Қаншама сөз салыстыру, қолжазба нұсқалар қолдан өтті. Қилы қисындар, өзекті мәселелер қарасы қалыңдап, малтықтырып тастаған күндер болды. Біртіндеп жүйесі сұлбаланып, сұрыпталып отырды.
Абайтану тарихында текстологиядан тысқары тұрған дерекнамалық негіз жоқтай болып көрінеді кей тұста. Өмірбаян да, архив те, естелік те, т.б. текстологиялық түйткілге әлдебір ыңғайында қатысты болып шығып отырады.
Абайдың әдеби мұрасын хатқа түсіруші Мүрсейіт Бікіұлы туралы деректер тапшы. Соның өзінде бірқанша мағлұмат бар. Бұл адам кім еді? Абай өлеңін көшіру жұмысын қашан бастаған? Қолжазба көшірмелерінің мәтіндік ауытқулармен жазылуы не себептен? Мүрсейіт Бікіұлының тегі нендей себептерден әр жылдардағы Абай басылымдарында, естеліктерде, Абай энциклопедиясында әр қалай, бірде Бекіұлы, бірде Бікейұлы, бірде Бікіұлы, енді бірде Бікеұлы болып жазылып жүр?
Адам есімдерінің ресми деректерде әр қилы жазылуы абайтануда бір бұл емес. Абай өлеңдерінің көшірме қолжазбалары ХІХ ғасырдың соңында Санкт-Петербургке де жеткен. Осында Абай өлеңдерінің Сәдуақас Шормановтың 1897 жылғы қолжазба жинағынан көшірілген Кудашев деген адамның да қолжазбасы бар. Осы Кудашевтің «князь» титулын өзіне есім етіп жазған деректер бар. Бірде С. Кудашев, бірде В.С. Кудашев, бірде К.В. Кудашев деп жазылады.
М. Мырзахметов құрастырған «Абайтану» библиографиялық көрсеткішінде Кудашев есімі аталмаған [10].
«Кудашев В.А. (т.-ө. ж.б.) – князь. Қазақ халық әдебиетінің үлгілерін жинақтауға атсалысқан. К. қазақ әдебиеті мұраларын Садуақас Мұсаұлы Шормановтың қолжазбасынан көшіріп алып, «Қырғыз әндері мен аңыздарының аудармасы» деген атпен (1897) С.-Петербургтегі геогр. қоғамның архивіне тапсырған. Онда Абай өлеңдері де бар. Қолжазбаның фото-көшірмесі Абайдың Семейдегі әдеби-мемориал. музейінде сақтаулы [1, б. 293].
Мұхтар Әуезов энциклопедиясында Кудашев туралы дерек берілмеген.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты Х.А. Әбдіғаппарова «Абай Құнанбаевтың естілік мәселесі төңірегінде жазған қара сөздері» атты зерттеу мақаласында К.Н. Кудашев еңбегіне сілтеме жасайды [11, б.108].
«Абай шығармаларының аудармасы туралы айтатын болсақ, орыс тілінде ең алғаш аударма 1897 жылы Абайдың көзі тірісінде жасалған. Оны 1946 жылы Әлкей Марғұлан мен табылған К.Н. Кудашевтың «Перевод киргизских песен и легенд» қолжазбаларынан көруге болады» [11].
Князь Кудашевтің есімі абайтану тарихында әр уақытта да аталып келеді. Және жазылуында ұдайы өзгеріс бар.
Шәкәрім Құдайбердіұлының әдеби мұрасы ақынның көзі тірісінде баспа жүзін көргенімен, текстологиялық мәселелерде нақтылайтын түйткілдерінің аз емес екендігі де айтылып келеді. Бұл – өз алдына кең тақырып. Арап Еспенбетовтің Шәкәрім мұрасын текстологиялық тұрғыдан зерттеу мәселелерін ғылыми негізде қисындау ұстанымдарында Зәки Ахметовтің Абай текстологиясына орай келтірген деректерінің бірінде К.Н. Кудашевтің аты-жөні «Құдашев» деп берілген (Техникалық, типографиялық қате болуы да ықтимал – Қ.М.) [12, б. 268].
Содан барып Сәйфи Қудашев деп жіберген зерттеулер де бар. Кейінгі бір деректе, Абай мұрасының орыс тіліне аударылу фактілеріне қатысты аударма мәсеелері бойынша зерттеуде бұл есім К.Н. Кудашев болып жазылып жүр. Қайсысы дұрыс дегенді арнайы қарастыру қажет.
Белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұқаметқановтың тегі де бір жинақ, бір зерттеуде Мұхамедханұлы, бірінде – Мұхаметқанов, тағы бірінде – тағы басқаша?
«Мұқаметханов (Ғибадулқайым) Қайым (1916 ж.т.)» [1, б. 415].
Қ. Мұхаметханұлы – «Абайдың ақын шәкіртері», кітаптар топтамасы, 1994 ж.
Қ. Мұхаметханов – Көп томдық. «Алаш», 2005.
«Хаттар сөйлейді». 2016.
Мүрсейіт (Нұрсейіт) Бікеұлы (1860-1917).
«Ол екеуі ақылдасып, Абай ауылдары жайлайтын бауыр жерін жақсы білетін Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікіұлының бел баласы Рақымбайды Қасқабұлақтан шақыртып алдырды» [3, б. 21-24].
«Жазуы өте жақсы екенін, әрі өлең өнеріне Мүрсейіттің бейімділігін таныған Абай балаларын оқыттырып, оны қолында ұстаған. Мүрсейіт Бікі баласының бойына біткен зор қасиет ертек пен қиссаларды айта жүріп оларды көшіріп алуға ерінбеген. Келе-келе ол Абай шығармаларын көшіруге кіріседі. Сөйтіп оны таратуға көп еңбек жасағандығы тарихтан аян. Күні бүгінге дейін Абай өлеңдерінің баспа жүзін көргендері тегіс Мүрсейіт қолжазбасымен салыстырылып отырылады. Мүрсейіт Бікібаласынан Мұхтар да сабақ оқып, алғаш сауатын ашқан мектеп үйі осы Ескі Там» [3, б. 24].
«Мүрсейіт (Нұрсейіт) Бікеұлы (1860-1917) – Абай өлеңдерін қағазға түсіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткізуге орасан зор еңбек сіңірген кісі. М-тің 7-ші атасы – Әнет баба. Әнет – Абайдың 7-ші атасы Әйтекпен бір туыс. Әнеттің бір ұлы – Байболат, Байболаттан – Бақай, Бақайдан – Тоққожа, Тоққожадан – Көбікен, Көбікеннен – Біке. Бікеден – Мүрсейіт. Орыс мектебінде 4 жыл, содан соң Бұхарда оқып, білім алған. Семей облыстық әкімшілігінде қызмет істеп жүрген кезінде Әбдіқызы Зағипа дауына байланысты Абайдың тапсыруымен Зағаипа атынан арыз жазып, ұлықтарға жеткізген. Тағы да бір қыздың дауында қызға көмектесіп, жандаралдың сыртынан оның мөрін басып, азат етеді. Сол үшін Өскемен уезіне жер аударылады. Сұлу шоқы болысы Терістаңбалы елінің Көпен руындағы нағашы атасы Рай деген кісінің қолында тұрып, бала оқытып, молда болады. Бірнеше жылдан кейін Тобықты еліне қайтып келеді. Сол күннен бастап оны Абай өз ауылына алғызып, бала оқыттырады. М-тің балаларға жазып берген «Жарапазан» өлеңін көрген Абай оған өз өлеңін жинап, жазып жүруді тапсырып, қалам ақысын төлеп тұратынын айтады. М. бұл тапсырманы ыждағатпен орындайды. Өлең жазылған дәптерді сұраушылар көбейген соң М. оларға да көшіріп беріп отырады. Абай өлеңдері 5 дәптерге жазып алынған, олардың екеуі – қазірде Қазақстан Республикасы ұлттық ҒА-ның сирек кездесетін қолжазбалар қорында, біреуі – М. Әуезовтың әдеби-мемориалдық мұражайы қорында. Абайдың Семейдегі мемл. әдеби-мемориялдық қорында сол дәптердің фото-көшірмесі бар. 1909 ж. Абайдың С.-Петербургте жарық көрген тұңғыш өлеңдер жинағын даярлау кезінде ол Тұрағұл мен Кәкітайға көп көмек көрсеткен. М. қолжазбалары Абай шығармалырының басты да негізгі нұсқасы болып саналады. М. Бейсенбаев» [1, б. 422].
Мұхтар Әуезов С. Нұрышевтің Абай мұрасына қатысты ескертпелеріне орай жазғанында Мүрсейіт Бікіұлының Абайдың мұрасын жеткізудегі орнына қатысты қолжазба көшірмелер 1996 жылдан бастап жазыла бастағанын, Мүрсейіт көшірмелері кейіндеу жасалғанын айтады.
Мүрсейітті көшірмеге Абай қайтыс болғаннан кейін кірісті дегендей қабылданатын деректер де бар. Мүрсейітке 1909 жылғы жинақтың қолжазбасын дайындау тапсырылғанына орай жасалған ұйғарым да болуы мүмкін. Қайым Мұхаметхановтың Мүрсейіт Бікіұлы туралы пікірінде Мүрсейітті терістеу жоқ. Барды барынша айтқан дейге болады.
«Мүрсейіт Абай шығармаларын ақынның түгел өз қолжазбасынан көшірген емес. Басқа адамдардың да жазбаларын пайдаланған және ақын өлеңдерінің ел аузында сақталғандарын қағаз бетіне түсірген. Абайдың 1909 жылғы жинағымен Мүрсейіт қолжазбаларын салыстырып қарағанда, сөз қайшылықтары кездесіп қалып отыратыны да сондықтан» [2, б. 316].
Қайым Мұхамедханов Абай өлеңдерін көшірушілерден Р. Жандыбаев, Оразке Уақбаев, Әкімал Мамырбаев, т.б. қолжазбаларын пайдаланғанын айтады.
«Сонымен қатар Абай өлеңдерінің көбін ерте кезден жаттап, естеріне сақтаған Төлеу Көбдіков, Сапарғали Әлімбетов, Шәкір Әбенов ақындардың, Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов, Шабдан Әлмағамбетов, Рахымжан Мамырзақовтардың мағлұматтарын ескердік. Абайдың шәкірттері, жақын достары – Көкбай, Кәкітайдың жазбаларына ерекше көңіл аудардық» [2, б. 317].
«Мүрсейіт (Нұрсейіт) Бікеұлы (1860-1917). Абайдың пікірлес замандасы. Абай шығармаларын көшіріп, ел арасына таратумен тарихта аты қалды. Абай өлеңдерін жинап, көшіріп, елге таратуды кәсіп етеді. Абай оның ақысын төлеп отырған. М. көшірген Абай шығармаларының қазір 3 данасы белгілі. Соның біреуі Қазақстан ұлттық кітапханасы мен ҒА-ның қолжазбалар қорында және Мұхтар Әуезовтің ғылыми-мәдени орталығындағы жазушының жеке мұражайында сақтаулы. М-тің осы еңбегін Ә. өте жоғары бағалады, өзінің ақын туралы зерттеулерінде үнемі еске алып отырады.
«Сондайлық тәрбие, үлгі-өсиет үстінде Абайдың өлеңдерін өз аузынан ұғып жаттаған Пәкизат, Уәсила, Әсия, Рахила сияқты оқымысты, тәлімді қыздар өсіп, ұзатылар уақыттарында жасау сандықтарының түбіне ең асыл бұйым етіп Абайдың өлең жинағын әкететін болған» дейді «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904)» монографиясында. Осындағы жасау ретінде алып кетіп отырған жинақтар негізінен М-тің көшіруіндегі қолжазбалар еді. Сондықтан ұлы суреткер: «Жалпы Абай мұраларын көшіріп, таратушылар арасында Мүрсейіт Бікеұлының еңбегін айрықша атап өту керек» деп бекер айтпаған. Т. Әкім» [4, б. 453].
Қайым Мұхамедханұлы «Абайдың бір өлеңі» атты зерттеу мақаласында Абайдың «Көз жұмғанша дүниеден» атты күні бүгінге шейін кімге арналғаны тұрғысында әр қилы дерек айтылып келе жатқан бір өлеңінің мәселесінен ой қозғайды.
Осы ойтүрткі мақала бізді де біраз ойландырған кезінде. Жазба дерегі тапшы беймәлім уақыттың қай сыры қайда қалмаған. Белгісіз дүние бір бұл емес деп «жылы жауып» қойғанбыз. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Нүсіпхан» дастаны қайта ой қозғады [5].
Қазақтан қажылық сапарға барған адамдар туралы дастандар топтамасында берілген бұл туындыда Нүсіпхан атты Тобықты елінің адамы саудамен Омбы барып, қайтар жолда қатты науқастанып қалып, ел-жұртымен, сапарлас жігіттермен қоштасып жатып досы Ыбырайға сәлем жолдайды.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жинағында берілген [5] «Нүсіпхан» дастанында баяндалатын оқиға, Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбай» кітабында [6] айтылған «Түсіпхан» дастаны, оның шығу тарихы, Бейсенбай ақын туындысы екендігі туралы дерек, дәйектер Абай шығармаларының әр жылдардағы басылымдарында әр қилы түсінік беріліп жүрген, 1995 жылғы 2 томдық толық жинақтың бірінші томында [7] басылған «Немере інісі өлгенде айтқаны» тақырыбы жақша ішінде берілген «Көз жұмғанша дүниеден» деп басталатын жоқтау сарынды жырдың бір сыры осы бірде «Нүсіпхан», бірде «Түсіпхан» аталып жүрген дастанға қарай тартады. Қайсыбір айырмашылықтары болғанымен, екі дастанның да әңгімесі бір. Қызылжар жағына саудамен барған Тобықты елінің бір жас адамының жолда ауырып қайтыс болуы, төрт жамағаты бар екендігі, жасының жиырма беске келгендігі, баласыз екендігі, жасының жиырма беске келгендігі, баласыз екендігі, бейсенбіден жұмаға қарағанда дүниеден өтіп, өлерінде Ыбырайға (Абайға – Қ.М.) сәлем айтып кеткендігі, Құнанбайдай үлкеннің қажылық парыз өтеуге баруын қалайтыны, кіші әйелі Жамалды қоса ала баруды аманат еткендігі, әрі қарай өлімін естірту, қажылық, Мекедегі қонақ үй, Жамалдың Мекеде бақилық болуы баяндалады. Шығарманың негізгі желісі – мұсылмандық жолы, дін, иманның жайы.
Авторы кім болғанда да, бір адам сияқты. «Нүсіпханның» да, «Түсіпханның» да шығу тарихына, сақталу жайына қатысты қилы деректер бар. Не дегенде де осы дастандағы оқиға жаңғырығы Абайдың «Көз жұмғанша дүниеден» өлеңінде байқалатындай.
Дастан кейіпкер – Тобықты елінің кісісі. Ыбырайдың – Абайдың ең жақын, дос адамы. Сауданы кәсіп етіп, мол дәулет жиған, Қарынбайлығы жоқ, жұрт аузына іліккен, көпке жаққан бір жан.
Қайым аға Мұхамедханов 1933 жылғы жинаққа кірген бұл өлеңге ол жолы түсінік берілмегенін, «Жылы белгісіз өлеңдер» ретінде басылғанын хабарлайды. 1939 жылғы жинақта «Әкімбай өлгенде» деген атаумен басылған. «Әкімбай өлгенде» өлеңі 1939 жылғы жинақта басылып (1 том, 235-236 бб), былайша түсінік берілген:
«Әкімбай өлгенде» деген өлең дәл Әкімбай өліміне арналған ба, жоқ басқа бір жақынының өліміне арналған ба, осы күнге шейін анық емес. Әкімбай өз баласы, Дәлдәдан туған. Бұны Ысқақ асырап алып, соның қолында жүргенде жас шағында өлген екен. сөз қисынына қарағанда, өзінің екі бауыр жақыны туралы өлең сияқтанғандықтан айтушылар Әкімбай деп ұйғарды», – деген (275-бет).
1945 жылғы жинақта да «Әкімбай өлгенде» деп басылған (261-262 бет), 487-бетте «Әкімбай (1865-1874) Ділдадан туған Абайдың баласы...» деген түсінік берілген» [2, б. 333].
Қ. Мұхамедханов бұл өлеңнің 1957, 1977 жылғы жинақтарда «Баласы өлген анаға Абай шығарып берген жоқтау» болып басылғанын да айтып өтеді.
Және өлеңнің көпшілік сол тұста (1956 жыл) біле бермейтін бір тың дерегін келтіреді.
«Ал шынында бұл өлеңді алғаш рет Мұхтар Әуезов 1925 жылы, Семейде шығып тұрған «Таң» журналының екінші санында (73-74 бет) жариялаған. Өлеңнің басында: «Абайдың басылмаған өлеңдері» (Бір немере інісі өлгенде айтқан) деп анық түсінік берген» (335-б.)
Бұл өлеңге қатысты өлең Абайға туыс, дос, сауда кәсібімен айналысқан ауқатты, жомарт-мырза Түсіпхан дейтін Тобықты елінің азаматының қайғылы қазасына арнап шығарылған жоқтау үлгісіндегі туынды деген ойымызды болжам ретінде 2020 жылғы толық академиялық жинақтың бірінші томының түсініктер бөлімінде шет жағалап айтқан едік [7, б. 534].
Бейбіт Сапаралының дерегіне қарағанда осы болжамымыз шындыққа жақындайтындай көрінеді [8].
Абайдың «Көз жұмғанша дүниеден» өлеңінің кімге арналып айтылғандығы тұрғысында Б. Сапаралының аталған еңбегінде бірқанша толымды дерек бар.
«Оу, әке, өрістен жау әкетті саяғыңды», – деп келетін тұсына қарағанда ел ішінде кең тараған «Түсіпхан», «Түсіпханның қоштасуы» деп аталатын жыр Абай ауылының Қайролла Әліпбаев, Қабден Есенғариннің айтуында Абайдың немере інісі болып келетін Түсіпхан Сәдуақасұлы туралы дейді автор. Және бұл жырдың толық нұсқасы белгілі архивші Бейсенбай Байғалиевтің қолында екендігін, ШҚО Тарбағатай ауданында ақын, термеші Тілеш Мәткәрімов орындап жүргенін баяндайды. Түсіпханның төртінші әйелі Жамал Ноғайқызының Құнанбай Өскенбайұлының қажылық сапарында күйеуінің өсиет етуімен сол кісіге ілесіп уәжіп қажылыққа барғаны, сол жерде қайтыс болғаны туралы да М.Ж. Көпейұлының «Нүсіпхан», «Түсіпхан» дастандарындағы оқиға желісін өмірлік негізде қанықтыра түскен деректермен бөліседі.
Бұл – Абайдың бір туындысының жазылу тарихына қатысты әлі де айқындауды күтетін бір дерек.
Абайдың әр туындысының жазылу, сақталу, таралу, басылым көру деректерін, сондағы текстологиялық ауытқуларды түгелдеп, салыстырып отыру қазіргі Абай текстологиясының жалпы әлемдік текстология теориясы мен тәжірибесіне ұштасып жатқан бір міндеті.
Абайдың әдеби мұрасында текстологиялық түйткіл көп дегендік – Абай шығармаларының авторлық құқтағы абайлық маңызына күдік, күмән келтіретін факт есебінде қабылданбауы керек. Тұтас сүйегі мығым туындыдағы бірер сөз, бірлі-жарым тыныс белгісінің қойылуындағы әрқалыптылық шығарманың төлтумалығына сенімсіздік тудыратын факторлар болып табылмайды.
Әлем әдебиеті тарихында әдеби мұраны жадқа сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру тәжірибесі арғы замандардан қалыптасқан ықпалды шығармашылық дәстүр. «Институт жади» деп те зерттеулерде аталып отырады [9].
Ауызша туып, ауызша сақталған «манас», мыңдаған эпикалық озық туындылар... Абай дәуірінде жазба дәстүрде туған шығармалар жалпы халық арасында кітап болып емес, ауызша, әнге қосып айту, көшірме қолжазбалар қалпында таралды.
Бірер сөз Абай өлеңінің өзгермейтін өзіндік поэтикасын, авторлық стилистикасын орнынан «қозғай» алмайды. Бұл – сөз арасындағы бір ескерту. Ұшқары пікір ауа райын құбылтпағанымен, көңілде кірбің қалады. Күдік ұялатуға да қауқары болады алыпқашпа сөздің ара-тұра. Сол үшін де Абай текстологиясы бойынша табанды салыстырулар, ғылыми негіздеме қажет.
Абайтану тарихындағы дерекнамалық негіздердің Абайдың әдеби мұрасын зерттеушілерге қатысы тұрғысында да өзіндік шешімін табуы тиіс мәселелері бар.
Абай туралы бүркеншік есіммен жазылған немесе ұжымдық еңбектегі монографиялық тараулардың авторлығы тұрғысында да жеке дерекнамалық зерттеулер қажеттігі бар.
ХХ ғасыр басындағы мерзімді басылымдарда бір автордың бірнеше туындысы жариялануы себепті, басқа да саяси себептері болуы мүмкін бүркеншік есіммен берілген материалдар жиі кездеседі.
Абайтану тарихында арнайы зер салуды қажет етіп отырған бір сала – Абайдың әдеби мұрасының шет тілдерге аударылу тәжірибесінің дерекнамалық негізі. Бұл бағытта арнайы библиографиялық көрсеткіш түзу қажеттілігі де бар.
Абай сөзін орыс тіліне аудару тарихы бойынша деректерді жүйелеп, реттеу осы бағыттағы жалпылама, кей тұста жалаңдау, бір зерттеуден бір зерттеуге «көшіп» жүрген дайын трафарет пайымдаулардың түпнегіз тереңдегі мәніне қарайлауға мүмкіндік туғызар еді.
Абайтану тарихында ескерілуі тиіс бір сала құнды жәдігер – Мұхтар Әуезовтің «Абайтану» арнаулы курсынан оқыған дәрістерінің конспектілері. Осындай конспектілердің негізінде жазылған Бексұлтан Нұржекеұлының «Әуезовтің үш лекциясы» эссесі лектордың «Абайтану» курсының бағдарламасында көзделген дәріс мазмұнының шартараптан, шалғайдан қамтып, еркін шығармашылық кеңістікке «шығып кететін» сәттерінқаз-қалпында, қаймағын алмай жеткізілуімен өтімді [13].
1960 жылғы 3 желтоқсанда жазылған дәріс конспектісінде студенттердің бірі Мұхтар Әуезовке Шәкәрім туралы сұрақ қойған екен. бұл ұзақ жылдардан кейінгі, 1958 жылы Шәкәрім алғаш ақталғаннан кейінгі уақыт.
«– Студент жодастар, – деп бастағаны есімде. Сұрақ Шәкәрім жайнда болатын. – Шәкәрім Мағаштардан ірі ақын болған. Орысша көп оқымаған кісі. Орыс поэзиясынан алатын нәрі онша болмаған. Мағауия орысша оқыған. «Медғат-Қасым» – романтикалы аса күшті роман. Ол – сол білімнің жемісі. Шәкәрім «Еңлік-Кебекті» қайта өлең етеді. Онда Мағауиядағыдай Кеңгірбайды қабан демейді. Өзінше билердің бұрынғы жолына тартып Кеңгірбайды ақтайды, заман айыпты, Кеңгірбай айыпты емес дейді. «Қазақ» айнасы» дейтін Шәкәрімнің өлеңдері бар. Біраз скучныйлау. Абайдың өткір тілі жоқ. «Қалқаман-Мамыр» деген поэмасы бар. Ол заманды кінәлайды, айыптайды, бірақ Мағауиядай қатты кінәламайды.
Осы арада біраз нәрселерді жазбай кеткен болуым керек.
Кейін келіп аударма да жасаған. «Дубровскийді» өлеңмен аударған. «Ләйлі-Мәжнүнді» жырлап, «Шолпан» журналында бастырған отызыншы жылдары. Ол өзі Физули негізінде жырладым деуші еді, кейін тексеріп көрсем, ол олай емес екен. Құшақ жая жүгіргенде, үстіндегі киімдері жана жөнеледі. Нағыз сопылық үлгісіндегі жыр – Асанкарим варианты (нұсқасы). Шәкәрім жазған – осы вариант. Шәкәрім жай «Физули жырлаған» дегенді естіген ғана болуы керек.
Осы Асанкаримнің (бәлкім, Асан Карим де болар) кім екенін анықтауға ынтам да, мүмкіндігім де болған емес. Зерттеушілер ендігі анықтаған да шығар, кім біледі.
-
«Үш анық» деген кітабы бар. Нағыз діни кітап. Қолжазба түрінде ғана қалған. Пьеса жазбақ болған. Тек қолжазбада ғана. Қалай жазуды білмейтін. Бірнеше шығарған әні бар. «Сегіз аяқ» үлгісіндегі шығарған өлеңі бар. Кейбіреу оны Абайдікі деп қайта-қайта ұсынады. «Сегіз аяқты» әуелі мен жазып едім. Абай: «Сегіз аяқ» олай емес, былай жазылады, – деп, «Сегіз аяқты» сонан соң жазып еді, – дегенін естуші едім».
Осы шағын үш дәрісте абайтану абайтану мәселелерінде Абайдың ақындық мектебі; Абай поэзиясындағы өлеңдік өлшем; Абайдың ақындық кітапханасы; Абайдың ән өлең дәстүрі; Абай қара сөздерінің жанрлық тегі, жазылу тарихына қатысты көл-көсір құнды дерек, толымды танымдық тоқтам қамтылған.
«Бұл мәнде Мұхтар Әуезовтің «Абайтану» курсына арнап жазылған «Абайтану дәрістері» бағдарламасында қамтылған дерек, дәйектер ұдайы жаңғыртылып, толықтырылып, бүге-шігесіне шейін, түбінен қопара тартып баяндалып отырғанын көреміз. Шығыс пен Батыстың ілім-білімін жетік меңгерген ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов Абайға соғатын әр сөз, әр тыныс, әр дыбыстың арқау, астарына жайған бай мазмұнды танып, игеруде «елеусіздеу» көрінетін елеулі деректердің ғылыми айналымға тартылуы өзекті.
«Абай қазақ музыкасы жайында»деген тақырыпта Мұхтар Әуезов мән берген мәселелердің Абайдың музыкалық мұрасы бағытындағы жаңашылдық мәні қазіргі музыкатануда қаншалықты ескеріліп жүргендігі ойландырады.
«Қатты шырқауға баспай, сезімталдықпен айтуға бейім әндерді Абай шығара бастағанын айта келіп:
– Сол жайды сезе бастаған адамның бірі – Жаяу Мұса, – деді. – Өзгеден ол Абайға жақын, камерный сезімді, айқайсыз келеді әндері.
«Содан қазіргі әндерге ойысты. Шәмші Қалдаяқовтың әндерін ел сүйіп айтады. – Осы арада біраз сөзін жаза алмай қалсам керек. – Абай көшесінде тұрсам, «Өзің, сәулем! Өзің, сәулем» деп боздап айтып келе жатыр СХИ-дің студенттері. Маусымның аяқ кезінде Фрунзеден (қазіргі Бішкек – Б.Н.) келе жатсам, бір топ қол ұстасып алған балалар Ұзынағаштың ар жағында, «Самсыда «Өзің, сәулем! Өзің, сәулем!» деп өкіріп айтып жүр. Білімі болмаса да, халықтың сезім пернесін дәл басқан әндер. Мұның бәрі – Абай бастаған камерная музыка».
1960 жылдың 12 желтоқсаны. Бұл күні және бір конспект жазылады.
Абайды танудағы алыс уақыттарда қалған дерек, дәйектері бас көтереді.
«– Абайдың қара сөздерінің бәрін ғақлия дей дұрыс емес. Қара сөз деп атаған – Абайдың өзі. Бұл сөз еш жанрмен үйлеспейді. Абайдың 91 процент сөзі өлеңімен тамырлас. Сатира қара сөзі де бар. 1. Ұғымдырақ айту үшін жазған, соған тырысқан; 2. Қара сөзде молдалардың өз тілдерімен өздеріне қарсы шығады. Бұл жағынан православиеге қарсы шыққан Толстойға ұқсайды. «В чем моя вера?» деген кітабын Абай оқыған. Мен осы ескі кітапты қыстаудан тауып алып оқығам. Толстойдың көрме үйінде қолжазбасын көрдім. Бір хат Семейден жазылыпты. Ол Елікбаевтікі екен. Ол дауласыпты, «Сіз неге Мұхаммедті ұнатпайсыз?» – деп жазыпты».
Толстой еңбегінің осы дәріспен атауын абайтану тарихында кездестіреміз бе? Семейден хат жазған Елікбаев кім? Шәкәрім Толстоймен хат алысқан дегенді естігенбіз.
Мұхтар Әуезов дәрісінде «Жазғытұры» өлеңіндегі поэтикалық тәсілдерге берілген түсінік те тосын танымдық танымдық аспектілерде маңызданыпты.
Осылайша, 1960 жылы 1-курста оқитын Бексұлтан Нұржекеұлы ғұмыры есінен шықпаған бір сәттерді сағынышпен баяндап отырып, оқушысын абайтану тарихындағы өзіндік мәні бар беймәлім деректерге кенелтеді.
«Көп ұзамай 2-курсқа Мұхтар Әуезов лекция оқып жүргенін білдік. Біздің кезегіміз келесі жылы келмек, оны күтуге кейбіріміздің шыдамымыз жетпеді. Біразымыз тәуекел деп өз сабағымыздан қашып, Әуезов лекция оқитын аудиторияға алдын ала кіріп, арт жағын ала жайғасып алдық.
Алғаш барған күнді дәптеріме белгілеместен жазып отырған екем. Шамамен не қарашаның аяғы, не желтоқсанның басы болуы керек. 2-курста Бексұлтан Нұржекеұлы Мұхтар Әуезов қатысқан жоқ.
«Келесі жылы Мұхаң бізге лекция оқымады. Бірінші курсты бітіріп жатқанымызда Мәскеуде қайтыс болды.
Ұрланып қатысқан сол үш лекция маған айрықша ыстық. Бәлкім басқаларды да бей-жай қалдырмас. Кім біледі бір керегіне де жарап қалар. 12.07.2001».
Бұл эссе жарық көргелі де он бір жылдай уақыт өткен екен. осы үш дәрістің мазмұнын түзген үзік-үзік деректердің абайтанудың жоталы салаларымен сабақтасып жатқан елеулі маңыздарына мән берілді ме?
Бұл естелік сынды студент дәптеріндегі жазбалар (Р. Рүстембекова,
А. Қанафин, т.б. конспектілері бір-екеу еместігі де даусыз, алайда жылдам уақыт, ағынды жылдар ол жазбаларды да, оны жазған Абайға, Әуезовке ынтық авторларды да арадан алыстатып әкетті.
Абайтану тарихында жеке салалар бойынша дерек жинау, қорыту, толықтыру тәжірибесінде жүйелі сабақтастықта жұмыс жүргізіп отырудың толыққанды жүргізілмегендігі туралы мәселе қозғалуы керек.
Абайдың орыс тіліне, әлем тілдеріне аударылу үрдісі тарихи теориялық-тәжірибелік аспектіде зерделеніп, арнайы танымдық мазмұн түзуінің қажеттілігі де бар.
80 жылға жуық оқытылып келе жатқан «Абайтану» арнаулы курсында Абайдың әдеби мұрасын шет тілдерге аудару оқу бағдарламасында қамтылған емес. Абайтанудың бір мәселесі мәнінде Абайдың орыс, Батыс әдебиетінен аударма шығармалары қамьылады, ал Абайды аударудың тарихы, өзекті поэтикалық талап-шарттары, тәжірибесі оқытылмайды.
1914 жылы Нұқ Рамазанов мазмұнын қара сөзбен орыс тіліне аударған Абайдың «Жаз», «Желсіз түнде жарық ай», «Адамның кейбір кездері», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» өлеңдері «Әл шарихат» («Восточный сборник») жинағында жарияланған.
Семейлік ағайынды Белослюдовтардың Абай шығармаларын орыс тіліне аудару, орыс жұртшылығына Абайды таныстыру, жеткізу бастамашылдық ынтасы анықтамалық ақпараттар ауқымында айтылып келеді.
Абай мұрасының қытай, қарақалпақ, басқа да туысқан түркі халықтары тілдеріне аударылу тәжірибесі туралы шетелдерде жазылған толымды тарихи-теориялық саралаулар жасаған еңбектер [14], [15] абайтану айналымына түсіп отырғандығы туралы да ауыз толтырып айтарлық танымдық зерттеулер отандық абайтануда әзірге жазылған емес.
Абай шығармаларының шет тілдерге аударылу, басылым тарихы, Абай мұрасын насихаттау шараларына қатысты жекелеген деректердің қайшылықтары кездесіп отырады. Бұл мәнде басын ашып, айғақтайтын, айғақтау мүмкін болмаған жағдайда ескертпемен көрсетіліп отыруы тиіс бұрмаланған мәліметтер бар.
«Косталецкий Николай Федорович (19 ғ-дың басы – ө.ж.б.) – орыс демократы, педагог. Қазіргі Павлодар облысы ауылдарында қазақ балаларымен аралас өсіп, жергілікті тілді жете меңгерген. Қазақ ун-тінің Күншығыс факультетін бітірген соң, Омбыдағы кадет корпусында Күншығыс тілдерінің оқытушысы болған. Осында Ш. Уәлихановқа, Халиулла Өскенбаевқа дәріс берген. Ол Халиулладан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» қиссаларын, «Есімханның ескі жолы», «Қазақ билерінің ерте кездегі шешімдері» туралы материалдармен қатар, Абай өлеңдерін жаздырып алған. Ол Абай өлеңдерінің көшірмесін кітап етіп бастыру мақсатымен 19 ғ-дың 60-жылдары Петербург ун-тінің проф. И.Н. Березинге табыс еткен. Бұл қолжазба атақты ғалымдар П.П. Семенов-Тян-Шанскийдің, П.М. Мелиоранскийдің қолдарынан өтіп, жақсы баға алған. Бірақ қолжазба белгісіз себептермен жарық көрмей қалған. К. тапсырған бұл қолжазба қазір С.-Петербургтегі Орыс геогр. қоғамының архивінде сақтаулы. Абайдың інісі Халиуллаға жазған хаты, Құнанбай мен Ғабитхан молданың С.-Петербургтегі Күншығыс халықтарын зерттейтін ин-ттың кітапханасындағы хаттары да осы К. арқылы келіп түскен. Т. Барақұлы» [1, б. 279].
Бұл деректі осы ыңғайлас басқа деректермен салыстырып қарау қажет. Басқа мәліметтер жөн де болар, ал Абай өлеңдерін кітап етіп бастыру мақсатымен ХІХ ғасырдың 60-жылдары Березинге табыс етті деген ақпарат Абайдың сол 60-жылдарда, тіпті 60-жылдардың соңына қарай болғанда да өлең жазуға түбегейлі кіріспегендігін ескерген де сенімсіздеу.
Косталецкий абайтану тарихында аталып жүр ме?
И.Н. Березинге Абай өлеңдерінің көшірмесін тапсырған кім болғандығы тұрғысында келесі бір деректе осы анықтама авторы князь В.А. Кудашевті атайды [1, б. 157].
Нақтылап, басын ашатын тұстары бар.
Абай өлеңдерін С.-Петербургке алып барған Косталецкий ме? Кудашев пе? Шорманов па? Үшеуінің де қатысы бар екендігі басы ашылып, нақтылы жағдай, іс барысында айғақталғаны жөн болар еді.
«Садуақас Мұсаұлы Шорманов (1849-1927) – Абай шығармаларын баспадан бастырып шығарушылардың бірі. С.-Петербургке қазақ әдебиетінің көптеген нұсқасын алып барған. Олардың ішінде Абай өлеңдері мен Мәшһүр-Жүсіп Көпеев жырлары да болған. С. бұл шығармаларды орыс оқымыстыларына табыс етіп, баспадан бастырып шығару ісін ұйымдастырған. Бұл қолжазбалар қазір С.-Петербургтегі Салтыков-Щедрин атынд. кітапхана қорында сақтаулы. «Құдашев өлеңдер жинағын Абай аулынан, оның балаларынан жазып алған болу керек деп жорамалдаған едік. Кейін С. жинағы табылғаннан кейін оның С. жинағынан басынан аяғына дейін көшіріліп алынғаны мәлім болды, – деп жазады акад. Әлкей Марғұлан өз еңбегінде. С. нұсқасының көшірмесі Абайдың Семейдегі мемл.қорық музейінде сақтаулы. М. Бейсенбаев» [1, б. 501].
Бұл мәселеде арнайы салыстыру, саралау, зерттеу жұмысын жүргізу қажеттілігі бар.
Халиулла Өскенбаевқа қатысты анықтамада Н.Ф. Косталецкий аталған [1, б. 590].
Түп ізіне түсетін дерекнамалық фактілер абайтану тарихында аз емес сияқты.
«Қазақ» газеті Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты мақсатты түрде материлдар беріп отырғаны белгілі. Осында жарияланған бір дерек Семейде, Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай өткізілген әдеби кеш туралы хабар. Бұл әдебиет кеші туралы кім жазған дейтін мәселеде бір жаңсақтық бар деп ойлаймыз. Салыстыра қарағанда қай ақпараттың Абай кешіне қатыстылығы мәселесі бой көтерді.
«Соңғы екі жылда бұл айдармен оншақты материал жарық көргені оқырманға аян. Бұл жолы беріліп отырған екі материалдың бірі – 1915 жылы 13 ақпанда ұлы ақынның туғанына 70 жыл толуына арналған кеш жайында. Мұны, абайтанудың білгірі Мекемтас Мырзахметовтың айтуынша, Нәзипа Құлжанова жазған. «Қазақ» газетінде сол жылғы 28 наурызда жарияланған» [3, б. 35].
Бұл кеш туралы хабардың «Қазақ» газетіндегі басылымында авторы «М» болып жазылған. Әрі бұл кештің Абайдың туғанына 70 жыл толуына арналған кеш болғандығы хабарламада көрсетілмеген. Райымжан Мәрсенов осы кеште жасаған баяндамада Абайға тоқталып өтеді, баяндама негізінде тұтас қазақ әдебиетінің жай-күйінен.
«Қазақ» газетінде басылған кеш туралы ақпарат-мақаланың кіріспесінде кештің мән-жайы қысқаша айтылған.
«13 февральда Семейдегі саудагерлер клубында қазақтың жас талапкерлерінің ыждаһатымен мұсылман атынан жаралыларға деп ашылған науқасхананың һәм қазақ мұқтаж оқушыларының пайдасына болған қазақша әдебиет кешінде болғандарды жазбақшымын. Кеш басталарда сағат 8 жарымда Райымжан мырза Марсенов шығып, қазақ әдебиеті туралы біраз сөз сөйледі» [16, б. 159].
Жаралыларға жәрдем үшін өткізілген кеш. Бірінші дүниежүзілік соғыстың жаралыларына.
Хабарды «М.» деп жас шәкірт Мұхтар Әуезовтің де жазуы мүмкін көрінді. Әлде, Мәрсенов пе? Мақаланың «Қазақ» газетінің қазіргі қаріпке көшіріліп басылған жинағындағы нұсқасы мен «Абай» журналында жарияланған мәтінінде бірнеше текстологияның ауытқу бары көрінді. Араб қарпінен қазіргі жазуға көшірудегі «дәстүрлі» түйткілдер сияқты. Газет нұсқасының көшірмесіндегі «Есеп пайдасы» деген бірлес «Абай» журналында «Саф пайдасы» деп берілген. Таза пайда дегені. Осы дұрыс көрінеді.
Ғылыми басылымдардың түпнұсқаны сақтау, соған қарайлау мәдениетінде ойласатын, ықтияттайтын мәселелер баршылық.
Абай энциклопедиясындағы мәліметте Нәзипа Құлжанованың 1915 жылғы Семейдегі әдебиет кешін «Қазақ» газетіне жазғандығы туралы мағлұмат жоқ. Ал «Қазақтың» 1916 жылғы №164-нөмірінде шығарды дейтін «Әдебиетімізге көз салсақ» дейтін мақаласының дерегін де нақтылау қажет сияқты. «Қазақ» газетінің қазіргі қаріппен шыққан жинағынан ол мақаланы таппадық. «Ол Абайдың «Желсіз түнде жарық ай...», «Жазғұтыры» деген өлеңдерін алғаш орыс тіліне аударды («Сибирьский студент», 1915, Кн.3-4. с.82-83)», – деген дерек ағайынды Белослюдовтар Абай өлеңдерін орыс тіліне аударатын адам іздегенде бұл істі Нәзипа Құлжановаға тапсырулары да мүмкін деген ой түседі.
Әр деректің абайтану тарихында белгілібір деңгейдегі ғылыми айқындамасы жасалып отыруы жағынан да кенжелеп келеміз. Кезінде саяси тұсаулардан сескендік. Ендігінің де болып жатқан өз «себебі» бар.
Абай дәуірі, Абай ортасы, Абай өмірі, Абай шығармашылығы ұзын тарихтың өлшемімен келгенде «қол созым» жерде тұр. Түгендеймін, табамын, келер ұрпаққа табыстаймын деген ынта болса, сол жолда қамсыз, «мұңсыз» еңбек жасап, тер төгуге мүмкіндік беретін қалта болса...
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1 Абай. Энциклопедия (Бас ред. Р.Н. Нұрғалиев; ред. алқасы:
З. Ахметов, Л.М. Әуезова, Б.Т. Ерзакович т.б.). – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, 1995. – 720 б.
2 Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. 2-том. – Алматы: Алаш, 2005. – 344 б.
3 «Абай» журналы, 1992, №3
4 Мұхтар Әуезов энциклопедиясы (Бас ред. С. Қасқабасов; ред. алқасы: Б.Қ. Майтанов, Н.Е. Ақбай, Р. Әбдіғұлов т.б.). – Алматы: Атамұра, 2011. – 688 б. + 48 бет түрлі-түсті жапсырма.
5 Көпейұлы М.Ж. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Алаш. – Том 3: Өлеңдер, рауаяттар, дастандар. 2004. – 326 б.
6 Жұртбай Т. Құнанбай (Тарихи және әдеби тұлға). – Алматы: Алаш, 2004. – 400 б.
7 Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Томды құрастырып, баспаға дайындағандар: Матыданов Н.І., Мәдібаева Қ.Қ. (түсініктерін жазған), Шапай Т.М., Қыдыр Т.Е., Тұрсынбайұлы Б., Жұматаева А.Н. – Алматы: Жазушы. – Т.1: Өлеңдер мен аудармалар. – 640 б.
8 Сапаралы Б. Құнанбай қажы. – Алматы: Ер-Дәулет, 1995. – 288 б. – ISBN 5-7667-3303-8.
9 Гринцер П.А. Древнеиндийский эпос. Генезис и типология. – М., 1974.
10 Мырзахметов М. Абайтану (Библиографиялық көрсеткіш). – Алматы: Ғылым, 1988. – 240 б.
11 Әбдіғаппарова А. Абай Құнанбаевтың естілік мәселесі төңірегінде жазған қара сөздері (орыс, ағылшын тілдеріне аудару жолдары) // «Әл-Фараби мен Абайдың рухани мұрасы: қазіргі өркениеттегі орны мен маңызы» атты халықаралық онлайн ғылыми-теориялық конференция материалдары. Алматы, 27 қараша, 2020 жыл (Құраст. және электрон. баспаға дайынд.
Л. Мұсалы, Г. Қасымақын, Б. Даутова. – Алматы: Қазақ университеті, 2021. – 130 б.
12 Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. – Алматы: Ана тілі, 1995. –
272 б.
13 Нұржекеұлы Б. Әуезовтің үш лекциясы. Эссе // Қазақ әдебиеті, 42(2724), 19.10.2001.
14 Ван Юн «Абай Кунанбаев в Китае» // Сборник материалов международной научно-практической конференции. Созвучие творчества Абая и Пушкина» – Семипалатинский государственный университет имени Шакариме. – Семипалатинск, 2006. – 515 с.
15 Жұмажанов Қ. Абай және қарақалпақ әдебиеті. – Рауан, 1995. – 137 б.
16 «Қазақ» газеті / Бас редактор Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 560 б.Һ