Абайдың ақындық мектебі: поэзиядағы рухани байланыс көздері
Бауыржан Ердембеков
Ақындық өнер және ұстаз сыны
Абайдың әдеби ортасы деген тақырыбының арнасы кең. Соның ішінде ақынның өмір сүрген уақыт аралығын қамтитын, яғни оған тікелей әсер еткен, үлгі көрсеткен замандас аға буын ақындар, би-шешендер, әнші-күйші өнерлі адамдар мен сол Абайдан үлгі алған өнерлі жастардан тұратын әдеби қауымның арасын байланыстырып тұрған да Абайдың өзі екендігін есте ұстаған жөн. Демек, Әуезовтің де Абай айналасын, ақындық ортасын ақынның өзі алған нәрі және өзгеге берген нәрі деп екі салаға жіктейді десек, осы екі саланың өзі тығыз бірлікте, байланыста.
Абайдың рухани дүниесін сөз еткенде өзіне дейінгіден алып, кейінгіге берді деген қасаң қағиданы ұстансақ, Абай тек дәстүрді жалғаушы, ұлттық әдебиетті тасымалдаушы дәрежесінде ғана қалып қояды. Ал, Абай – одан биік тұрған тұлға. Қазақтың төл әдебиетін классикалық дәрежеге көтеруші ғана емес, кейінгі әдебиетші буынға үлгі ұсынушы, өнер таратушы бола білді. Ақындық өнер - күрделі ұғым. Абай алдыңғысынан тек алып қана қойған жоқ, соның маржанын ғана екшеп, арзанын сынға ала шыңдалды, өсті. Сол толысқан шағында өзінен кейінгі жастарға нағыз ақындық өнердің қыр-сырын үйретті. Бұл арада Абай тек өнер үйретуші ғана емес, сол үлгілі шәкірттердің кей өнеріне тәнті болды. Жақсы сөзіне сүйсініп, таңдана, қызықтай қарап бойына сіңірді, басқаға үлгі ретінде насихаттады. Міне, кемел ақынның әдеби айналасы әдеби процесте осылайша қанаттанып, жетіліп үлкен бір әдебиеттің ордасына айналды. Абай екі қоғамды жалғастырып жатқан тарихи тұлға деп қарасақ, соның ішінде әсіресе өзінің алдындағы әдебиет пен өзінен кейінгі әдебиеттің дәнекері, «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп кейінгі сөз иесіне ғана емес, бүкіл ұлтқа жаңа меже көрсеткен классик ақын деп тануымыз да содан. Өзінен кейінгі есті буынның жиынтық бейнесі деп таныған сүйікті ұлы Әбішті жоқтауындағы «Жаңа жылдың басшысы - ол, мен ескінің арты едім»,- деген тұспалы да осы бір аралық міндетті, ескі мен жаңаны жалғастырған адами, рухани болмысын аңғартқандай.
Абайдың ақындық мектебі тақырыбының зерттелу аясы туралы алғашқы тарауда сөз болғандықтан, ақын мен оның шәкірттері арасындағы рухани байланыс көздерін анықтауда поэзиядағы диалог табиғатына көңіл бөліп, Абайдың ақын мен ақындыққа қойған талабының мәніне үңілуден бастаймыз сөзді.
Абай - ақындыққа, өлеңге, сөзге үлкен талап қоя білген, сол қасиеттерді маңындағы ақындар бойынан табуға тырысқан аса үлкен талант иесі. Оның ақындық туралы, өлең-сөз иелері туралы айтқан өлеңдеріне тоқталып, әр қырынан зерттеу жүргізген абайтанушы ғылымдардың еңбектері баршылық. Десек те, Абай өлеңдері жан-жақты талданып, әсіресе теориялық жағынан ішкі қыр-сырына түгесіле баға беріліп, текстологиялық тұрғыдан қайта сүзгіден өтіп жатқанымен, әр өлеңнің шығу тарихына жете көңіл бөлінбей келе жатқандығын мойындауымыз керек. Осы арада айта кеткен жөн, өткен ғасырымыздың 40-60 жылдары шыққан ақынның шығармалар жинағындағы түсініктерді әлі талғажау етіп келе жатқанымыз шындық. Кейінгі жылдарда құрастырылып жатқан Абайдың жинақтарының бірсыпырасы еш түсініксіз, ал түсінік болған күнде де бұрынғы жинақтардан алынып, айтарлықтай толықтырулар мен жаңартулар көрмей бүгінгі оқырманға ұсынылып жүр. Әрине, кеңестік замандағы өлеңге берілген түсініктердің ғылымилығына шәк келтірмейміз, бірақ уақыт озды, бастысы заман өзгеріп, төл әдебиет туралы көзқарасымыз түп-тамырымен жаңа арнаға бұрылған шақта Абайдың толық шығармалар жинағын бүгінгі қоғам сұранысына сай кіріспе және толық, әрі мол қамтылған түсініктеме сөзімен ауқымды көлемде құрастырып көпшілікке ұсынылар кезі жеткендей.
Қай ақынның шығармасы туралы ой айтпақ бұрын, сол шығарманың шығу тарихына бойлап алмай, оған толыққанды әдеби талдау жасау мүмкін емес. Абай өлеңдерінің шығу тарихы, яғни әр өлеңнің жазылу себебі, әсіресе, арнау өлеңдері кімге арналды, оның Абайға қандай қатысы бар, табиғат лирикасы болса қай жылы жазылған, қай жердің, қыстаудың, я жайлаудың тасы мен ағашын немесе бұлағын суреттеп отыр, осы өлеңді жазған уақытта ақын қандай көңіл күйде болды, сол шақта Абайдың өмірінде қандай оқиғалар болып жатыр еді, міне, осы мәселелерді бүге-шүгесіне дейін анықтап алмай, ақын поэзиясы туралы толыққандысөз айту, ғылыми пікір тұжыру қиынға соғады.
Абай поэзиясының көлемді бөлігі – арнау өлеңдер. Жалпы Абайдың арнау өлеңдері – бүгінгі жаңаша көзқарастар тұрғысынан жеке тақырып ретінде зерттелуге сұранып тұрған абайтану саласындағы өзекті мәселенің бірі. Абайдың өз шәкірттеріне арналған туындыларын сөз етпес бұрын жалпы арнауларына аз кідіріс жасасақ, ақынның бізге белгілі қырыққа тарта арнау өлеңдері бар. Осы арнаулардың көбі ащы сынға құрылған. Әрине, Әбдірахманға, Оспанға арналған жоқтауларын айтпағанда тіпті бәрі дерлік – сынға құрылған шығармалар. Бір қызығы өлең арналған адамның бәрі - Абайдың жақсы танысы, танысы болғанда жақын араласқан сыйлас, дос, пікірлес адамдары. Ал сонша алысқан, өмір бойы Абайға қарсы боп өткен Оразбайға, қамшы жұмсаған Нұрғазы мен Әбенге Абай меншіктеп өлең арнамаған. «Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне» дегенде Абай осы соңғыларды меңзесе керек-ті. «Сөзімді тасыр ұқпас, талапты ұғар» деген ақынның өлең арнаған ең сорлысының кеудесінде кісіліктің сәулесі бар. Бойындағы титтей де ұяты көрген Абай сөзбен қамшы басады оларға. Демек, Күлембайдан тек орыс оязына жағынып, далақтап шапқан надан болыстың бейнесін ғана көру кеңестік танымның астарында қалуы керек. Ең алдымен, Күлембай болыс – Абайдың дос, сыйлас адамы. Сөз көтере алатын, сынынан нәтиже шығарар есті адамға арнаған Абайдың өлеңін «дос жылатып айтадының» төңірегінде түсінсек оңды болар еді.
Алайда, дос-жаранға, көз көрген танысқа айтқан сөзі екінің бірі көтеріп кете бере алмайтын тым ауыр, ащы. Ақынның улы тілі еттен өтіп, сүйекті уатады. Кектескен жауға тілін безеу - бір басқа да, күнде қасыңда жүрген жанға бет шыдатпайтын шындықты айту - бір басқа. «Абралыға» деген арнауында:
Мен жасымнан көп көрдім
Мұсылман мен кәпірді
Абралыдай көрмедім
Намаз білмес пақырды [105, 33-б.] ,-
дегеніне қарап, Абралыны дінсіз көп наданның санатына қосып жібердік. Ал, өлеңнің шығу тарихына бақсақ тіпті олай емес. Бір намазда құранның қиратын дұрыс оқымай, Абай соған шығарған. Ақиқатына келсек, Абралы сөзге шешен, ойға жүйрік адам болғандықтан, ел оны «Сары жорға» деп атаған. Бұл арада Абай сыны достық қалжыңның негізінде туған-ды. Сол сияқты Жақсылық, Көжекбай дегендерге арнаған өлеңдері де - шын достықтың ащы айғағы. Мәселен, Көжекбай Жамантайұлы Тобықтыда Мамай, Еламан руынан, ел арасындағы сөз тасығыш, тұрақсыздығы үшін Абай оны «Кімнің жүгі биік болса, соған қарғып шыққан мысық» деп кекеткен. Ұлжан бір себептермен Көжекбайға өкіл шеше болғандықтан, ол Ұлжан балаларына еркелік те еткен. Көжекбайдың інісі Тезекбаймен арасында жерге таласқан дау туып, малды, ауқатты Көжекбай інісіне өктемдік еткен екен. Көжекбай, әкеңнің алдында дауымды шешіп бер,- деп Мағауияның аңғалдығын пайдаланып, Абайдан жасырып, оған ел ішінде «Көк бурыл» деп аты шыққан бәйге атын сыйлап жібереді. Дау ұзаңқырап бара жатқан соң Мағауия әкесінен даудың немен тынғанын сұрағанда, Абай:
- Көк бурылдың алдына сен, артында мен мінгесіп тұрғанымыз жоқ па?- деп қатты кейіп, істі әділіне, Тезекбайдың пайдасына шешіп беріпті деседі. Сөйтіп «нанымы жоқ, анты бар» Көжекбайлардың сазайын сөзбен ғана емес, іспен де тартқызып отырған.
Әр кімде-ақ бар ғой туысқан,
Қайсысы жауды қуысқан?
Күн жауғанда қойныңда,
Күн ашықта мойныңда,
Арылмас міндет болған соң,
Әркімнің көңлі суысқан [105, 85-б.] ,-
дегені - Көжекбайдай туысқаннан мезі болып, шын көңілі қалған адамның айтар сөзі. Қалжыңға шорқақ, жауға қорқақ, сасық паң, қырт, мақтаншақ ел ішін бұзған Көжекбай - типтік бейне. Көжекбайларға жалғасқан момынды қармаған болыс, қу старшын, аш билер ел нұсқасын кетірді. Бір адамды нысанаға ала отырып ақын көп пысыққа молыққан бүкіл қоғамның бет-пердесін сыпырады.
«Рақымшалға», «Қатыны мен Масақбай», «Күйісбайға», «Дүйсенқұлға», «Разаққа», «Назарға», «Қыздарға» тағы басқа арнау өлеңдерінің кейіпкерлері Абаймен дос болған демесек те, әйтеуір кетіскен жау болмағаны белгілі. Мәселен, «Байлар жүр жиған малын қорғалатып» деп басталатын өлеңнің әлеуметтік сипатын ашып, ақынның айтар идеясын таратып талдау аз. Ең алдымен осы өлеңнің шығу себебі не, кімдерге қаратыла айтылған деген сияқты сауалдарға жауап іздеген жөн. Ә.Жиреншиннің дерегінше өлең «Абай жолынан» жақсы таныс Қоңыр Көкшенің биі Қаратай мен оның атшабары Үзікбай дегенге арналған [58, 66-б.]. Көкше руының көсемі Қаратай болса, Үзікбай Бөрібаев - ресми түрде осы елдің молдасы. 1875-1878 жылдары Абай осы елде болыстық қызмет атқарған. Абайдың үстінен ұдайы өтірік арыз-шағым ұйымдастырып, ақынды он шақты жыл әуре-сарсаңға салған Ү.Бөрібаевтің қанқұйлы әрекеттері мұрағат қорында сақталған. Бұл арыздар кезінде М.Әуезов, Ә.Жиреншин, М.Бейсенбаев, Б.Байғалиев сынды ғалымдардың назарына ілініп, зерттеліп келді. Абайдың қыр соңынан қалмай, жалған жалашы Үзікбайдың көркем әдебиеттегі образын Р.Тоқтаров та өз шығармасында аса сәтті бейнелеген.
Барып келсе Ертістің суын татып,
Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып.
Елді алып, Еділді алып есіреді
Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып [105, 52-б.] ,-
дегендегі осы - кезекті арызын беріп, айызы қанып ауылға келген Үзікбайлар. Үзікбай Абайдың алысар адамы емес. Ол тек қалаға шабар жандайшап қана. Оның артында бүйідей бұғып Қаратай жатыр. Қаратайдың Абаймен алысар әуелден есебі болған. Кезінде Құнанбаймен ырғасып келген кәрі би енді оның жас баласына, өзімен кездескен жерде сөз жарыстырып, аузын ашырмайтын Абайға күллі Көкшені билетіп қоймақ емес. Күннен-күнге бел алып, күшейіп келе жатқан Абайдың даңқына қарсы тұру мүмкін еместігін сезінген Қаратай аяқтан шалуды місе тұтып, жандайшап Үзікбайларды пайдаланған. Абайдың:
Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып [105, 52-б.] ,-
дейтіні сол. Қаратай мен Үзікбайдың жанкештілігін бейнелейтін өлеңде Абыралыға айтылғандай әжуа ауыр сарказмге ауысқан. Абай бұларды түзеуден түңілген, сол себепті де пәленшекеңе деп арнайы сөз қатпайды. Бұлар - өзі алысқан мыңның ішіндегі көп надан. Ал, сөз ұғады-ау дегенге ұялта ой салса олардың атын атап, түрін түстейді. «Құдайдан қорықпай, иман жүзін тоздырған» Көжекбай, «Атшабар келсе ысқырып, орнынан тұра шабатын» Күлембай болыс, «Бүйтіп берген балаңды, берген құдай өзің ал» деп тентектігінен түңілген Рақымшал бала, әйелге жарымаған Дүйсенқұлға, Қайранбайға (Әйелің – Медет қызы, аты - Өрім), қолына біраз пұл біткенге мастанған Ғабидхан молданың ұлы Ғабидоллаға арналған сатиралық экспромттар, сықақ өлеңдер арқылы қазақ даласының сатиралық типтік бейнелері жасалды.
Абаймен құрдас, қалжыңдаса беретін Қыздар Абайдың Еркежан үйіне кіргенін қалжың қып:
- Биыл үлкен үйге кірген соң тойып, түйініпсің ғой,- деген сәтсіз қалжыңына ыза болып Абай «Қойдан қоңыр, жылқыдан торы Бәкең» деп басталатын өлеңін шығарады. Бәкең – Қыздардың руы. Ағат кеткен Қыздар өзін масқара еткен өлеңді жалынып сұрап жыртып тастайды. Бізге жеткені ел есінде қалғаны ғана. Тұрағұлдың айтуынша «Болды да партия» деп басталатын өлеңін де осы Қыздарға шамданып айтқан. «Қыздарға» өлеңі бізге жеткеннен әлдеқайда мол болса керек. Өлеңнің бізге жеткені Қыздардың руы - Бәкең де, сол рудың мүшкіл хәлге түскен сұқпытын құрдасының бетіне басады. Тұрағұлдың өлеңге берген түсінігіне үңілсек, «Дауылбай Қыздарменен айпар-жайпар, екеуі бітім десе, басын шайқар»,- дегендегі Дауылбай қандыбалақ ұры. Ұрымен ауыз жаласқан Қыздарға шамданған ақын әлгі айтқанына «сөзіңнің басы ыржаң, соңы қылжаң, жүгенсіз жүре бермек - сенің ырзаң»,- деп ілезде сөзбен буады. Құрдасын өлеңмен өлтіре сынаған ақын мен Қыздардың арасында өшіккен жаулық болмаған. Тіпті бұлар өмірде жақсы сыйласқан жандар. Қалың малы төленіп, атастырылып қойған жерінен Жасбала деген болашақ әйелін алып қашып келгенде Қыздарға осы Абай пана болып, қалыңмалына да қол ұшын берген көрінеді. Сексеннің жетеуіне келіп қайтыс болған Қыздарды көзі көріп, әңгімесін тыңдаған Ниязбек Алдажаров басына киіз үйдің уығы түсіп балаша ойбайлаған шалдың айналасындағыларға айтқаны туралы былай деген еді: «...Бірде Абай марқұм маған:
- Ей, Қыздар, сенің өлгің келе ме?- деді. Мен Абайға:
- Өлгің келсе өзің өле бер, менің өлгім келмейді,- дедім. Сонда Абай:
- Дұрыс айтасың, Қыздар, артта не болғанын айтып келетін кісі керек қой, өлме,- деді. Қайран дуалы ауыз Абай-ай! Мен құзғын әлі өлмей, сендерге күлкі болдым,- деп көзіне жас алып жылады» [183, 88-б.]. Арнау өлеңнің табиғаты тек тарихи деректерін тапқанда ғана толық ашылып, ақын Абай мен өмірдегі пенде Абайдың арасын анықтауға аз да болса мүмкіндік аламыз.
Абай сыны маңындағы жақын туыстарын да шарпымай қалған жоқ. Абайдың құдасы, кейіннен күйеу баласы Дүтбай Уандықұлына арнаған өлеңі бар. Дүтбай алғашында Абайдың қызы Гүлбаданды інісі Дүйсекеге алып береді де, Дүйсеке қайтыс болған соң, әмеңгерлік жолымен Гүлбаданды өзі алады. Абай бұған қатты наразы болған. Өйткені, біріншіден, Гүлбадан – сол кездегі көп қазақ қызының бірі емес. Ділдәдан туған тұңғыш қызын Абай ер баладан кем қылмай қалада орысша оқытып, көзін ашты. Айта кету ләзім, Гүлбаданмен қоса ауылда қызы Райханды, Ысқақтың қызы Рахима, Ызғұттының қызы Хадишаларды тағы басқа ауыл қыздарын жинап, оқытуы - өз өлкесінде Абайдың әкелген жаңалығы еді. Абайдың рұқсатын алмай келінінің үйіне кіріп алып, айыпты болып келген Дүтбайға алдарына ет келгенде Абай «бұрын бас ұстап, жамбас жейтін құда едің, енді ана төсіңді ұста» деген екен. «Бүксіп, бықсып аржағы» деген сөзімен Дүтбайдың осы бір болымсыз әрекетін дөп басқан ғой ақын.
Мұңды, жылмаң пішінін
Кезек киіп ел жиып,-
жүрген екіжүздінің «Сөзі мен өзі бөлініп» екі сөйлеген мінезін:
Қулық емес, бұл бір дерт,
Тұрлауы жоқ құбылып [105, 291-б.],-
деп түйрейді. Осыған қарап Дүтбайды елдің қоры санаудың тағы реті жоқ. Көкбай ақын бір өлеңінде Дүтбай туралы «Дүтім кетсе, Көкшенің құты кетер» деп тегін айтпаса керек. Абай Қоңыр Көкшеде болыс болғанда қасына серіктікке Күлембай Бозамбайұлы, Жанатай Жамантайұлы (Көкбай ақынның әкесі), Нұрамбай Күлембайұлы, Дүтбай Уандықұлдарын алған екен. Демек, Абайдың Дүтпайға қарата айтқан сөзін – жанына ауыр тиер іс қылған жақын адамына реніш, өкпе арта сөйлегені деп түсіну керек. Әрине, құбылмалы мінезін де Абай жасырып қала алмаған ғой.
Абай ағасы Тәкежанға да өлең арнаған деген деректі Ә.Жиреншин келтіріп, «Байсып, паңсып» деп басталатын өлеңді ақынның 1961 жылғы жинағына қосқан. Алайда, бұл өлең зерттеушілер тарапынан бірауызды қабылдана қоймаған соң, ақынның басқа жинақтарына енгізілмеді. Анығында өлең халық ақыны Төлеу Көбдікұлының Қойгелді деген болысқа арнаған өлеңі болуы мүмкін. Олай дейтініміз, ҚР ҰҒА-ның қолжазбалар қорында Абай жинағына енген 28 жолдық өлеңнің толық нұсқасы, дәлірек айтқанда 48 жолдан тұратын өлең Төлеу ақындікі делініп сақталған [194]. Төлеу ақын Абай үлгісімен жазуы ықтимал бұл өлеңді.
Тәкежанға келсек, Құнанбай балаларының ішінде ол - адамгершілік жағынан осалдау туған перзенті. Тіпті құдасы Оразбайдың азғыруымен Абайға қарсы шыққан кездері де болған. Әйтсе де, Құнанбайдың екі баласы бірін-бірі көрместей жау болды деу әбестік. Тәкежан мен Абай арасындағы араздық атағы аспандаған інінің абыройын көре алмаған қытымыр ағаның кикілжіңінен әрі аспаған. Осы кикілжің ел арасындағы дауға келгенде бірде өршіп, бірде бітімін тауып жатқан. «Абай жолындағы» Тәкежан үйіне келгенде туған «Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай» өлеңінің шығу тарихы таза өмірден алынып, көркем шығармаға арқау болған. Абайдың көп өлеңі белгілі бір оқиғаға немесе базбіреудің мінезіне, қылған ісіне қарай аяқ астынан туып отырған десек, бұл өлең де - Тәкежан ауылының ішкі-сыртқы кейпін көріп, ақындықтың тіліне сала қойған беті. Кеңестік заманда нағыз таптық өлең деп ұрандата талдайтын туындының нақ өзі. Абайдың сөз найзасына ілінетін байың - малқор, дүниеқоңыз «кәрі қойдың етін талғажау еткен» Тәкежан мен қой тезегінің ең құрығаны – қара қиды да қимайтын сараң бәйбіше Қаражандар. Әйтпесе, «мал ішінен айналып, көңілі жақсы жайланып, аяңшылы жылпылдап», ауылына жайлы тиетін жаны жайсаң байға сұғын қадап па Абай? Атадан балаға жалғасып, сан ұрпақ ауысса да сүлікше жабысып үзілмей келе жатқан теңсіздікті көріп жабырқайды ақын жүрегі.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы [105, 98-б.].
Міне, нағыз шендестіру, шендескен дәл сурет - көз жасы мен ойын. Бірі - қуаныштың, бірі – қайғының белгісін білдіретін соншалықты қабыспайтын ұғымдар біріне бірі селбесіп тұр. Жікшілдіктің сорына санасы уланып үлгермеген сәбидің қасіреті ғана емес, бүкіл қазақтың, адамзаттың тауқыметі көз алдыңа келеді. Тауқыметті тудырушы - баланың қатігез әкесі мен шешесі.
Әкесі мен шешесі баланы аңдыр,
О да өзіңдей ит болсын азғыр-азғыр.
Асын жөндеп іше алмай қысылады
Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр [105, 98-б.] ,-
деп қарғанғаннан басқаны күтпейміз Абайдан. Пәк сәбидің бойындағы ұяты әлі безбүйректене қоймаған. Бірақ, ата мен анаға қарап өскен Дінісілам бала ертең-ақ Тәкежандай, немесе одан асып түскен өз әкесі Әзімбайдай болары хақ. Абай айтқанда аға мен жеңгенің көңіліне қарамай қатты айтты, қарғана айтты. Өлеңді оқығанда ағасы кетісерге барды, жеңге етектен алып, еріксіз жыртқызды. Нағыз шыншыл поэзия ғана осылайша туып, тар жол тайғаққа түсер болар. Бұл - Абай сөзінің нағыз өмірден алынған шымшып көрер шындыққа суарылғандығының тағы бір дәлелі.
Жатқа қатты сын айтар Абайдың туысқа келгенде тіпті күшейіп кетері анық десек, ақынның ең жақын туыстары оның рухани ізбасарлары болғандығына шүбә жоқ. Ендеше, Абай арнауларының тағы бір кейіпкерлері, дәлірек айтқанда ащы сынының тезіне ілінген жандар - өлең-сөз иелері, ақындар. Абайдың ақындық өнер туралы, ақындар туралы өлеңдері әдебиетке, оны жасаушыларға үлкен жаңашылдықпен бірге биік талабын ала келді. Әуезовтің: «Ақын мен ақындықтың мұрат-мақсаты туралы қазақ әдебиетінде Абайдан бұрын өзге де жырлаушы, жазушы болмаған» [57, 123-б.] ,- деген пікірі шындықтан алыс емес. Абайдың ақындық туралы, өлең туралы ойларын сөз еткенде, алдымен назарға алынатыны - «Өлең - сөздің патшасы» деп басталатын туындысы. Ғалым Ж.Ысмағұловша айтсақ: «... бұл шығарма жаңа заманда жаңа талаптар алдына келіп тірелген ұлттық поэзияның өрісті бүгіні мен жемісті ертеңі жөніндегі мәселеге ақынның көзқарасын айқындап беретіні өз алдына да сонымен бірге туған халқының рухани қазыналары ішіндегі осынау ең сүбелі саласын жаңа арнаға түсіріп, жаңаша дамытуға ақынның өзі қосқан үлесті айқындау үшін де өте маңызды болып көрінеді» [195, Б. 186-187].
Абайдың ақындық туралы жазған өлеңдерін, оның ақындарға арнауынан бөліп қарау мүмкін емес. «Біреудің кісісі өлсе қаралы ол» деген қазақ өлеңінің мақсат-мұратын айқындап, биік талаптарға жетелейтін шығармасында бала кезінен өлеңдерін жаттап өскен қазақтың ауызға ілінер деген үш ірі ақынын таңдап алып, өлеңдеріне сын айтады. Өлеңге қойған талабы биік Абайдың сынына жарағаны - Бұхар, Дулат, Шортанбайлар. Ендігі жерде «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деген қағиданы ту еткен ақын қасындағы шәкірттеріне сынды мейілінше күшейте түседі.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп басталатын өлеңінде «сөзімді тасыр ұқпас» деп талапты жас ақындарға салмақты ескерту жасайды.
Сөз айттым «Әзірет Әлі, айдаһарсыз»
Мұнда жоқ «алтын иек, сары ала қыз».
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз [105, 126-б.].
Бір шумақ өлеңінде үш ақынды, өзінің ең талантты деген үш шәкіртінің шығармаларын сынаған. Өлеңге анықтаманы Тұрағұл Абайұлынан тыңдайық: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңді Шаһкерім қажының жас күнінде кәрілікті жамандап, алпыстан аспай өлейік, кәрі ит, жат деп, былшылдап шат деп айтады деп, бозбалашылықты мақтап, «Шіліктен шымылдық құрып, томашадан жастық қып» деген өлеңі болған. Көкбай молданың «Әзірет Әлі айдаһармен алысыпты» деген өлеңі болған. Әріп деген сыбан, өлең жазғыш жігіт «Зияда» деген өлең жазған, қызды мақтамақшы болып суреттегенде көзі гауһар, иегі алтын деп, осы сықылды алтын тастарды түсіне қарамай сұлудың бетіне жапсыра берген. Сол үшеуіне ой салып, құбыла көрсетпекші болып жазып еді. Ол өлеңге Әріп кектеніп, Біржан мен Сара деген қыз айтысыпты деп өлең жазып, біздің ақсақалды жамандайды Біржанның Арғын емес, Керей екенін білмепті» [118, Б. 44-45]. Сөз болып отырған ақындардың бәрін көріп, қасында жүрген Тұрағұлдың айтқанынан артық айта алмаспыз. Олай деп отырғанымыз, кейінгі жылдары кеңестік заманда тиым салынған тақырыптарға жол ашылып, соның ішінде Шәкәрім шығармашылығы жайында да айтарлықтай мөлшерде зерттеулер жазылып жатқаны анық. Зерттеулердің көп болғаны әрине жақсы, ал әйтеуір тың тақырып деп Шәкәрімдей аса күрделі тұлғаға екінің бірінің қалам жүгірте бергені де - аса абырой әпере қоймайтын іс. Республикалық «Абай» журналының 2006 жылғы 1, 2 - сандарында А.Омаровтың «Шәкәрімнің өмірбаяны» [196] деген атпен көлемді мақаласы басылды. Мақалаға толық талдау жүргізіп, баға беру біздің мақсатымыз болмағандықтан, жоғарыдағы Абай өлеңіне қатысты айтқан автордың ойына тоқтала кеткенді жөн көрдік. Өлеңге тоқтала келіп, автор былай дейді: «Бізше Абай өлеңіне бірден бір себепкер, жалғыз түрткі жас Шәкәрім болған»,- деп сол ойын дәлелдеуге тырысады. Автордың пайымдауынша «Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар», «қыңыр келмей» т.б. Абай сөзінің бәрі тек Шәкәрімге арналған да «Әріп пен Көкбай ақынның Шәкәрімге қосақтала сыналуы тек бүркемелеу айласы» деп тұжырады. «Өлеңі бар, өнерлі інім» деген Абай сөзі жалқылық мағынада, яғни, Шәкәрімге арналған «өнерлі іні» де «өлеңі бар» да Шәкәрім», - деген сияқты Абай сөзін өз әлінше тек Шәкәрімге қаратылғанын дәлелдеуге біраз сөзін жұмсаған. Өлеңдегі «сәнқой, керім-кербез жігіт» Шәкәрім екен де, ал Әріп пен Көкбай жасында сәнді киініп, серілік құрмапты. Есіңізде болса, Көкбайға «Әсемсіп, сәнсіп» дейтін Абайдың өзі емес пе? Қысқасы, Абай дәл осы өлеңді жазғанда үш ақынды да сынап отыр. Анауысын негізге алған, мынауысы тек фон десек, Абай ойына қиянат болады. Осы арада Абай сыны қай шәкіртіне қаратыла айтылды деген емес, ұстаздың сынын қай шәкірт қалай түсінді деген мәселеге тереңірек үңілсек өлеңнің табиғаты ғана емес, тағылымдық қасиеті де ашыла түсер еді. Өлеңді әр ақын өзіме деп қабылдағанына дау тумауы қажет. Ол - Әріптің Абайға кектеніп, бұл арада ұстаз бен шәкірт арасындағы өнер кегі, «Біржан-Сара» айтысында Абайды жамандауы. Ескерте кетейік, Әріп Абайды Сара аузымен жамандағанымен, Біржан аузымен асқақтата ақтап алады. Ал, Шәкәрім «Жастарға» өлеңінде қателігін мойындайды. Ақынның осы өлеңіне жазба әдеби тілдің аясында пікір айтқан тілші ғалым Р.Сыздықова: «Абайдың «Сөз айттым Әзірет Әлі айдаһарсыз, Мұнда жоқ алтын иек сары ала қыз» дегені Әріп пен Көкбайды сынаған үй ішілік, ошақ басылық сөздері емес, программалық тезисі: Әзірет Әліні айыптауы – ислам дінін уағыздаған мазмұнды жырламағаны, осыдан барып творчествосының негізгі тақырыбы діни болмағандықтан, «алтын иек қыз» тәрізді шағатай әдебиетінінің сөз саптауын қолданбағаны» [40, 43-б.] ,- деп Абай жаңашылдығының кезекті бір астарына үңіле біледі. Айтайық дегеніміз, Абайдың анық айтып тұрған түсінікті сөзінің астарынан балама іздеп, басқаша «ойлантып қою», немесе «Абай мына тұста былай айтпақ болған, осыны меңзеп тұр» деген сияқты жалаң философияға бару кейінгі әдебиетшілерді адастырады. Дұрыс тұрған сөзді майішекше айналдырып, Көкбай мен Әріпке айтылған сынды бүркемелей берсең, ертеңгі күні өзі әрі тарт та, бері тарт болып жүрген Бұхар, Дулат, Шортанбайларға қаратыла айтылған сынды да Абайдың аузынан алып тастамасымызға кім кепіл.
Мағынасы нәзік түсініктерге зәру астарлы сөзі бар да Абайдың, төбеңнен қос қолдап ұрғандай қып анық айтатын сөзі бар. Соңғысына еш анықтаманың да, түсініктің де қажеті жоқ. Осы өлеңді себеп еткен А.Омаровтың «Сонымен аға ақын мен іні арасындағы (Абай мен Шәкәрімді айтады Е.Б.) ортақ бағыт, осы негізде қалыптасатын шынайы рухани туыстық 1887 жылға дейін болмаған десек қате емес» [196, 47-б.] ,- деген пікірі - жеті жасынан Абай тәрбиесінде болған Шәкәрім мен Абай арасындағы рухани байланыстың уақытын анық болжамаудан туған тым ұшқары айтылған сөз.
Абай мен Шәкәрім арасындағы рухани байланыс туралы тамыры тереңге кететін тақырыптың тек көбігі ғана сыпырылды десек қателеспейміз. Екі ақын арасындағы рухани жақындықтың бір куәсі – Абай сыны.
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз [105, 126-б.],-
деген шумақтың соңғы түйіні:
Қызусыз тәнің,
Сезімсіз жаның –
Болады кәрілік белгісі.
Оны да сезбей,
Үмітін үзбей,
Келмейді шалдың өлгісі.
Алпыстан әрі бармаңдар,
Байқамай шал боп қалмаңдар [163, 31-б.]!-
деп аяқталатын Шәкәрімнің «Кәрілік туралы» өлеңін нысанаға алған. Әлгі екі шәкірті сияқты Шәкәрімге де бұл сын оңай тимеген. Көкбай жырын жоғалтып тынса, Әріп «қарсы» шығарма жазып ұстазынан «өш алғандай», қарымтасы қайтқандай болады. Ұстаз сынының Шәкәрімге қаншалықты әсері оның «Жастарға» деген ұзақ өлеңінде айқын көрінеді. Ел ішіндегі келеңсіздікті айта келіп:
Абай жүр соны мазақ өлең қылып,
Біреу ұғар ма деп көзі ашылып,
Бізге де біразырақ айтқаны бар
Құр қылжақтай берме деп босқа күліп [163, 39-б.] ,-
деген сөздер Абай өлеңін меңзегені. Абайдың «Қызшыл да, қызылшыл», «Арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз елірме», «Сәнқой, даңғой,ойнасшы, керім-кербез» дегендері жанға ауыр сөздер. Шәкәрімнің:
Шиқанымды езгендей шықты жаным
Айтқанда естігендей ұғып келіп,-
деп ширығатыны содан. Шәкәрімнің де әу баста ұстаз сынына ешкікөздене қалғаны анық:
Шу дегенде бұл сөзі жанға батты,
Бұрын ондай көргем жоқ жаманатты.
Қайырусыз, қағусыз өскен басым
Бұлқындым шу асаудай мойны қатты.
«Ашу - алдан» дегендей ақылға жеңдірген талантты жас кемеңгер ұстаздың сынын ой таразысына салып, саналы қорытынды шығарады.
«Неге мұндай қатты айтты?» - деп ойласам,
Өлеңнің сырты ащы, іші тәтті
Жаны ашып, жақсы соқпақ тазалапты,
Жігерленіп, білсін деп табалапты.
Жоба көрмей, жүгенсіз кетпесін деп
Қатты сөзбен қайырып қамалапты [163, 40-б.],-
деген жолдардан саналы шәкіртті рухани ізденіске салған ұстаз сынының қуатты нәтижесін аңғарамыз. Хәкімнің үш-ақ ауыз сөзі үш шәкірттің бұдан былайғы ақындық жолына қаншалықты әсер еткенін осы сараптаулардан-ақ байқауға болады.
Осы арада бір ескеретін жай Шәкәрімнің ұстаз сынынан қорытынды шығарып өз ойын ортаға салған «Жастарға» өлеңі ақын жинақтарында 1879 жылы жазылған деп келтіріліп жүр. Бұған иланайын десең, өлең Абай сынына дейін («Мен жазбаймын...» өлеңі 1889 жылы жазылған) он жыл бұрын жазылған болып шығады. Шәкәрімнің «Жастарға» өлеңіндегі әлгіндегі сөздер Абай сынына қатысты айтылған десек, онда Шәкәрім шығармасының 1879 жылы жазылуы логикалық жағынан мүмкін емес. Екіншіден, өлеңнің табиғаты 21 жастағы бала Шәкәрімнің емес, отыздан асқан Шәкәрімнің сөз сұлбасына келеді. Яғни, өлең Абай өлеңімен бір жылда, яғни 1889 жылы, не одан кейін жазылған деген болжам айтуға болады. Шәкәрім өлеңдерін бізге жеткізуші Ахат Құдайбердіұлы: «Жастарға» өлеңін Шәкәрім он тоғыз жасында жазған» деп көрсетеді [36, 15-б]. Дегенмен, «1878 бен 1904 жылдарда жазған өлеңдері енген»,- деп Ахаттың өзі атап көрсететін Шәкәрімнің «Қазақ айнасы» кітабына (Семей: Жәрдем, 1912) «Жастарға» өлеңі енбеген. Сондай-ақ, А.Құдайбердіұлының дерегінше «Жастық туралы», «Кәрілік туралы» деген өлеңдері де 1879 жылы жазылған болса, Абайдың атақты сегізаяғынан (Алыстан сермеп) он жылдай бұрын туған болып шығады. Кейбір зерттеушілер Абай өлеңінің кейін жазылғанын тілге тиек етіп: «Сегізаяқтың атағын шығарған Абай болса да, негізін қалаған Шәкәрім болуы ықтимал»,- деген болжам айтады [197, 55-б]. Бұл тұрғыда ғалым Ш.Сәтбаеваның төмендегі пікірімен де санасқан жөн: «Ақынның баласы Ахат Құдайбердиевтің көрсетуі бойынша, «Жастық туралы», «Кәрілік туралы», «Жастарға» деген ұзақ өлеңіне 1879 жыл; «Жаз келер» деген өлеңіне 1880 жыл қойылған. Мұның өзі шартты сияқты. Басқа өлеңіне жыл қойылмаған, жыл қойылмау, әрине, ақынның творчестволық эволюциясын зерттеуді, толысу жолдарын анықтауды қиындататыны сөзсіз. Ақын туындыларының кейбірінің жазылу мерзімін тек басылған жылдарына қарап оны шартты түрде анықтауға болады» [198, Б. 75-76]. 1988 жылы шыққан ақынның қос жинағында да бірізділік жоқ. «Жазушы» баспасынан шыққан жинақта (құраст. М.Жармұхамедов, С.Дәуітов) «Жастық туралы», «Кәрілік туралы» деген өлеңдердің аяғында 1879 жыл деп көрсетілсе [163, Б. 29-30], «Жалын» баспасынан шыққан жинақта (құраст. М.Мағауин) осы өлеңдер 1883 жылы шыққан деп көрсетілген [199, Б.37-40]. Сондай-ақ, екі жинақтағы бастапқы бес-алты өлеңнен басқасының жылдары көрсетілмегенін ескерсек, Шәкәрім шығармаларының жазылған жылдарын анықтау мәселесі түбегейлі шешілмегенін байқауға болады. Демек, осы екіұштылықтың бәрі ақын шығармаларының хронологиясы жасалмағандықтан туындап отыр. Ал, Абай өлеңінің 1880 жылдардың соңында жазылуы анық. Өйткені, өлеңдегі Әріптің сынға іліккен «Зияда-Шаһмұрат» қиссасы 1884 жылдың он бесінші сәуірінде жазылып біткен. Бұл туралы қиссаның соңында:
Қолыма ұстағаным қалам болды,
Көңілім бұл дүниеге алаң болды.
Мың сегіз жүз сексен төртінші жыл
Апрельде он бесінші тәмәм болды [140, 308-б.],- деп жазылған. Сегіз аяқ үлгісін қазақ әдебиетіне Абай әкелгенінде дау болмаса керек, бірақ бұл мәселе Шәкәрімнің жаңашылдық, түршілдік шеберлігіне нұсқан келтіре алмайды.
Шәкәрім тұлғасы Абайдың басқа ақын шәкірттерінен айтарлықтай биік тұр. Бір себебі өзге шәкірттерге қарағанда Шәкәрім Абай тәрбиесін бала жастан көріп өсті. Ес білген шағынан бастап Абай дүниеден өтер-өткенге дейін аға тәрбиесінде болды. Абай көз жұмғанда Шәкәрім қырық алтыда. А.Құдайбердіұлының естелігіндегі көлденең көзге елеусіз көрінетін төмендегі ойға назар аударайық. Онда Шәкәрім былай деген екен: «Абай бізді жақсы көретін, келгенде қасына жатамыз деп таласатынбыз. Абай: «Бұл кіші ғой» – деп мені қойнына алып жататын, басқа балалар да Абайдың айналасына жайғасатын. Бізге әңгіме айтып беріп, оқыған оқуымды, жаттаған қиссаларымды айтқызатын еді»,- дейді Шәкәрім» [36, 6-б.]. Қойнына алып жатып, бала-былдыр ертегісін ықылас қоя тыңдаған Шәкәрімге Құдайбердінің басқа балаларына қарағанда Абайдың ықыласы ерекше болған. Ағалық пейілдің соған ауғаны Шәкәрім бойындағы бір тылсымның барын аңғарғандық па, әйтеуір Абай мен Шәкәрімнің арасында туыстық сезімнен де оқшау бір ажырамас байланыс орнады. Ол - аға мен іні арасындағы рухани жақындық. Абайдың үміт күткен жасының бірі Шәкәрім болып, өнердің қай түріне де баулып, шын ықыласын беріп тәрбиеледі. Шәкәрімнің жасынан домбыраға құмарлығын байқап домбырашы алғызып, құсбегілігін танып мергенге ертіп, тіпті жер өлшеуге келген орыс инженеріне қосып «орыс тілін үйрен, әрі өнерін үйрен» деп әр өнердің түрімен таныстырады. Шәкәрімнің қай тақырыпта, тіпті қай жанрда жазған шығармаларына да Абай себепші болып отырды. Абаймен рухани жақындық, сөз жоқ, Шәкәрімді үздіксіз ізденіске салды. Қолына қалам алған күннен бастап Абайды, оның өлең-сөзін өзіне жол басшы қылды. Ғылымға қолын кеш сермеген аға өз олқылығын толтыру мақсатында бар назарын Шәкәрімге аударды. Бірер мысал: Шәкәрімнің тарихи шығармасы «Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі» - Абайдың жөн сілтеуімен жазылған дүние. Шәкәрім Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи шығармасын ұлғайтып, деректер қоса отырып туған тарихымыз үшін теңдессіз дүние қалдырды. Шәкәрімнің «Үш анығына» Абайдың қарасөзі ой түрткі болды десек тағы қателеспейміз. Тіпті терең мазмұнды «Мәнді сөздер», «Шын бақтың айнасы», «Бәйшешек бақшасы» атты прозалық миниатюраларында ұстаз ғақлиясының сәулесі менмұндалайды. Абайдың философиялық ойларын Шәкәрім жалғастырып қана қойған жоқ, ілгері дамытты. Дін мәселесінде Абайдың адамгершілік дінін ту етіп «Мұсылмандық шартын» жазды. Ұстазының тапсырмасымен «Еңлік-Кебек» дүниеге келді. Шығыс тақырыбындағы аудармасы «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын Абай сиынған жеті алыптың аттарымен бастауы жай ғана кездейсоқтық емес. Осындай сабақтастықтар келтіре берсе жетерлік.
Осылайша рухани дүниесі тоғысқан қос ойшыл-ақынның өмір тағдырлары да бірінен бірі алшақ кеткен жоқ. Абайдың оқуы (бұл арада белгілі оқу орны) бас-аяғы үш жылмен тамамдалса, Шәкәрім ауыл молдасынан ары асып оқу көрмеген. «Оның мектебі де, университеті де – Абай» [200, 273-б.]. Екеуі де жасынан ел ісіне араласып, болыс болады. Бұл Абайдың да, Шәкәрімнің де өмірінің ең өкінішті, пайдасыз уағы еді, әрине олар үшін. Абайдың бағына орыс ғалымдары кездессе, Шәкәрімді түзу жолға салатын алдында Абайы бар-тын.
Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық,
Замандасы болмады сөзді ұғарлық.
Амалы жоқ, айналды енді бізге
Күн туды етегіне жабысалық [163, 33-б.] ,-
деген Шәкәрім алғашқылардың бірі боп, Абайдың қасиетін ұғынып, шәкірті ретінде ұстаз жанынан табылды.
Абай қамқорлығының ең зоры - Шәкәрімнің Меккеге аттануы еді. Абай кезінде қолын кеш сермеп қалған кемел білімге Шәкәрім осы сапарында қол жеткізді. Бұл сапар, сөз жоқ, Шәкәрімді өз заманының ең білімді адамдарының бірі етті. Стамбол, Мекке, Мәдинада қандай кітаптар мен кітапханалар бар, кімдердің еңбектері құнды деген мәселелерді бүге-шігесіне дейін айтып, жөн сілтеуші Абай болды. Әкесінің кітапханасы туралы Ахат ақсақал былай дейді: «Сол кезде Шәкәрімнің кітапханасындағыдай кітаптары бар адамдарды көргем жоқ. Батыс, Шығыс ақындарының толық жинақтары, барлық елдің лұғаттары, газет-журналдары болатын» [36, 12-б.] ,- деп батыс пен шығыстың құнды кітаптарының біразын теріп көрсетеді. Шәкәрімнің кітаптары мен қолжазбалары ақынның өзі өмірінің соңғы жылдарын өткізген Саят қораның маңында көмілгендігі туралы естеліктердегі ескертпелерді де [201, Б. 154-158] назардан шығармау керек сияқты. Осы арада әлі күнге түбегейлі зерттелмей келе жатқан Абай кітапханасы, Шәкәрім кітапханасы деген тақырыптардың қолға алынбай жатқандығын айта кету ләзім. Ақын кітапханасы тақырыбы әлі тоңы сөгілмеген, кез келген зерттеуші алып жүре алмайтын ауыр тақырыптардың бірі. Олай дейтініміз өз қолымен жазған бірде-бір өлеңінің қолжазбасы жетпеген Абайдың кітапханасын анықтау – аса қиын іс. Мәселен, Абай болсын, Шәкәрім болсын қай кітаптарды оқыды, оқыса түпнұсқадан ба, әлде аудармасынан ба, қай еңбектің қай тұсына мән берді, бүгінгі тілмен айтқанда қай сөздің астын сызып оқыды деген былайғы көзге қажетсіз болып көрінетін сауалдар - ақын шығармашылығын толық тану үшін аса керек дүниелер. Абай кітапханасы дегенде біз әзірге Абай кімдерді оқыды дегенмен шектеліп келеміз. Абай қасында болып, дерек беруші Кәкітай, Тұрағұл, Көкбай ақындардан бастап ақын кітапханасы туралы әлгіндей ғана дерек қалдырған Ә.Бөкейханов, М.Әуезовтер Абай таныс болған орыстың, Европаның ақын-жазушы, сыншы-философтарын, сондай-ақ, шығыстың жыр-дастандарын атап көрсетсе, бертін келе ғалым М.Мырзахметұлы «Абай және шығыс» деген еңбегінде Абайдың ақындық кітапханасы тақырыбының кеңестік идеологияның салдарынан дұрыс қарастырылмай келген шығыс жақ қанатын сөз етеді. Сол кездегі орыс басылымдарынан «Современник», Л.Толстойдың романдары басылып тұрған «Русский Вестник» журналдарын оқығандығын ескерсек, дәл сол жылдардағы баспасөз беттерінде қандай дүниелер басылып тұрды, олардың ақынға әсері болды ма?- деген сауалдар төңірегінде де жұмыстар жүргізілуі қажет. Абай кітапханасына қатысты бірер мәселеге тоқталайық. Мәселен, Абай мен М.Лермонтовтың арасы басқа орыс ақындарына қарағанда жақын. Абай Лермонтовтың қай жылғы жинағын оқыған, қай кітаптағы өлеңдерін аударған,- деген сауалдарға зерттеушілердің жауабы да дайын. Екі ақын арасындағы шығармашылық байланысты зерттеген ғалым З.Ахметов Лермонтов жайында: «Жазғандары сонша көп болса да, ақын 1840 жылы басылып шыққан өлеңдер жинағына бар болғаны 26 өлең кіргізді» [202, 381-б.] ,- дейді. «Лермонтовтың көзі тірісінде жарық көрген жинағына 28 өлең енген. Дәл сол 28 өлеңді Абай аударған. Демек, Абайдың қолында Лермонтовтың осы жинағы ғана болған деген»,- жорамал жасайды зерттеушілер Т.Әлімқұлов [203, 127-б.] пен А.Сатаев [204]. Абай кітапханасындағы әр кітаптың тарихы шамамен осылайша таратыла әңгіме болса, Абай кітапханасы тақырыбының зерттелу ісі айтарлықтай алға басар еді. Бұл тұрғыда ғалым Т. Жұртбайдың «Кемеңгердің кітапханасы» деген мақаласы жаңа деректерге толы. Шығыс, Еуропа, қазақ тарихы сияқты үш сала бойынша жіктеп, Абай оқыған авторларды тізіп берген. Шығыс классикалық поэзиясынан Науаи, Сағдилардан бастап жиырма үш ақын-шайырдың атын атаса, Абай таныс болған шығыстың он екі дастанын көрсеткен. Еуропаның жиырмадан астам ақын-жазушысын, көне гректен бері қарай отызға тарта ойшылын, қырық шақты тарихшының еңбектерін тізген автор былай дейді: «Жалпы алғанда Абайдың кітапханасында әр ғасырда, әр жылдары жарияланған 146 кітап болған» [205] ,- деген пікірі - сөз жоқ, абайтану үшін үлкен олжа. Тек енді осыны дәлелдеу керек. Абайтануда ақынның кітапханасы деген тақырып арнайы қарастыруды қажетсінетін, ауқымы кең мәселе болғандықтан, біз тек тақырыптың көкейкестілігіне қатысты кейбір дүниелерді айтумен шектелдік. Абай кітапханасы туралы сөз осы дәрежеде болса, Шәкәрім кітапханасы туралы сөз әлі басталған жоқ. Шәкәрім кітапханасы деген тақырып - терең білімді, ыждаһатты ізденісті, салмақты сараптауларды қажетсінетін, екінің бірі игеріп кете алмайтын ауыр тақырып. Шәкәрімнің білім алған көздерін анықтап алмай, Шәкәрімді толық тану, басқаға таныту мүмкін емес.
Мұралары елдің тәуелсіздігімен бірге қалың жұртшылыққа танылып, шығармашылығы енді ғана зерттелу нысанына алына бастаған Абайдың ақын шәкірті, әрі өмірлік досы Көкбай Жанатайұлының Абаймен байланысы жайында да әлі толыққанды ғылыми тұжырымдар жасалып біткен жоқ. Ақын шәкірттердің ішінде Көкбай - кесек тұлға. Абай өзінің алғашқы өлеңдерін осы Көкбайдың атынан жариялауы – шәкіртіне деген үлкен сенімі, биік бағасы деп түсінген жөн. Қашанда ақындық өнерге биік талғаммен қарайтын Абайдың «жазғанымды оқырман қалай қабылдайды екен», - деген үміт-күдірі аралас күйде болғаны шығар бәлкім. Екіншіден, өзінің жазғандарына сыншыл ақынның көңілі толмай, қанағат қылмай жүру себебі де бар. «Дала уалаятының газетінде» Көкбайдың атынан басылған бір-екі өлеңін көзі қарақты жұрт жылы қабылдап, жақсы лебіз айтқаннан кейін ғана, өлеңдерін өзіне қайтарып алады.
Көкбай атынан басылған (1889 №7) «Жаз» (Жаздыкүн шілде болғанда) өлеңінің шығу тарихына бақсақ, өлең сәл ертерек 1886 жылы жазылған. Көкбайдың өзі айтқан естелігіне сүйенсек: «Абай қонып жатқан ауылды көріп, осы суретті өлең қыл деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да, өзі жазбақшы болды. Сонымен үй тігіліп болып бәріміз жайланған соң, Абайға келіп едім: «Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой»,- деді. Мен: «Асса, басында қолқаланып алған нәрсе емес еді. Енді өзіңіз ретін тауып қайта аларсыз»,- деп қалжыңдадым, сүйтсем, сол күні «Жаздыкүні шілде болғанданы» жазаған екен. Оқып берді» [186, 201-б.]. Абай өлеңі ақындық сынның негізінде туған. Қарапайым сөзбен айтқанда, шәкіртіне «өлеңді былай жазу керек» деген үлгінің нәтижесінде дүниеге келгенін естен шығармауымыз керек. Абайдың үлгі қып шығарған өлеңі біраз уақыт Көкбайдың атында болып, 1886 жылдары жазылған өлеңнің үш жылдан кейін әлі де шәкірт атынан жарияланған. Абай өлең жазып, атын шығармақ болса екі-үш жыл бұрын жазылған өлеңін Көкбайдың емес, өз атынан беруіне болар еді. Дәл осы жылдары жазылған «Көкбайға» өлеңіндегі:
Сорлы Көкбай жылайды,
Жылайды да, жырлайды.
Ол жыламай қайтіп тұрады
Мынау азған қу заман
Қалыбында тұрмайды [105, 77-б.] ,-
деп зарланғандағы Көкбай – лирикалық қаһарман, Абайдың өзі. Байқасаңыз, 1886 жылға дейін Абай Көкбай боп сөйледі. Тағы да осы жылы жазылған «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» яғни «Аттың сыны» өлеңінің жазылу тарихы Көкбайға қатысты екені мәлім. «Аттың сыны» өлеңі – қазақ поэзиясында жылқыны суреттеуге үлгі болған шығарма. Абайға ұқсап аттың сынын өзінше өрнектеген ақын Абсалық Күнқожаұлының өлеңінен Абай үлгісін табасыз:
Құлағы қайшыланған қамыс құлақ,
Жайнаған екі көзі, бота қабақ.
Ой желке, ешкі басты, майда жалды
Қоян жақ, қой мойынды, алма сағақ [206, 93-б.] ,-
деген жолдар Абай өлеңінің кейінгі ақындарға қаншалықты әсерін аңғартып-ақ тұр. Көкбайдың естелігінде «Меркенің бегі берген Ақауыз аты» делінсе [186, 206-б.], жырда Наурызбайға Бұхар ханы қызыл ауыз ат сыйлайды:
Ат таңдап алғызады қол астынан,
Болмады ешбір адам қорашсынған.
Науанның қызыл ауыз сол аты екен
Ұрыста тастамайтын оны астынан.
Ат мінді қызылауыз текежәуміт,
Салдырған жібек шідер күміс баулық.
Апарған төрт орыстың тұқымынан
Бар дейді Бұхарада азын-аулақ [207, Б. 91-92] ,- деген жолдармен Наурызбайдың қызылауыз аты туралы сөз бітеді. Әлде естелік, немесе дастанды бізге жеткізушілерден болған өзгеріс пе, әйтеуір осы арада болмашы бір сәйкессіздік бар. Б.Исабаев Көкбайдың қасында жүріп, көргені мен түйгені көп Ыбырайша Мұсатайұлының төмендегі естелігін келтіреді. Көкбай былай деген екен: «Абай ағамның асқан ат сыншысы екені мәлім ғой. Мен Наурызбайдың Қызылауыз атын сипаттаймын деп «қанаты қабырғада кере қарыс, танауы десең болар бейне талыс» деп басталатын өлеңімді ұнатпай, «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» атты өлеңін жазғанын білесіңдер» [34, 277-б.]. Қарап отырсақ, жаңағы жолдармен басталатын ат суреті Көкбай жырында жоқ. Абай көңілінен шықпаған соң Көкбай өзі жазған аттың сынын дастанынан алып тастағанға ұқсайды.
Абай шәкірттерінің өлеңін ғана сынап қоймай, мінезінен мін, жасанды оғаш бір қылық көрсе, өлеңге қосып екіншілей қайталамастай етіп ұялтып, тыйып тастап отырған. «Бұралып тұрып» деп басталатын өлеңнің тарихын да Көкбайдың естелігінен табамыз. Бірер сөз, бірер мінезі жақпаған Көкбайды Абай өлең қылған екен. М.Әуезовке берген естелігінде өлеңнің шығу тарихын қысқа ғана қайырған Көкеңнің ел ішінен толығырақ боп жеткен әңгімесі бар. Онда былай дейді: «Жаз шығып қалған кез еді. Іңірде Тақырдағы үйге Абайдан хат алып біреу келді. Хатында ертең таңертең осы күнгі Оспан – Абай зираты тұрған төбе үстіне кел депті. Абай кісісінен жөн сұраудың қажеті жоқ. Ол бәрібір айтпайды. Абай тапсырмасы солай болатынын білемін. Ертеңінде ерте тұрып, бергі балақ Ырғызбайдың үйіне түсіп, қора төбесіне бір баланы шығырып қойып, Жидебайдан атты кісілер шыға қалса хабар беруін тапсырып, шай ішіп отыра бердім. Бала хабарымен шықсам, әлгі баласы бар болғыр, маған кеш хабарлапты. Көріп келемін, Абай серіктерінен бұрын кеп, төбеге түсті. Төбе үстінде ілгері-кейінді жүріп жүр. Өзге салт аттылар менен бұрынырақ келіп, түсіп болғанда мен жеттім. Қонақтарға қарасам, мол пішілген киімді, Бошан тымақты шүйделі Қаракесектер секілді. Ат үстінде тұрып сәлем беріп қарасам, Абай ағам өңі келіспей тұрғандай көрінді. Ол дереу атын алғызып мінді де, үн-түнсіз Жидебайға қайта жүріп кетті. Жолаушылармен сөйлессем, Абайдың нағашылары екен. Абайға жақпай қалғанымды біліп, нағашылардың атын ұстап, байлап, киімдерін шешіп, іліп, Абай үстіне кірсем, ас үйінде екпетінен түсіп, төбедей боп жатып ап, қағаз жазып жатыр екен. Қарасам жазып жатқаны өлең, басына «Көкбайға» деп астын сызып қойыпты. Оқысам бір әлемет! Өкіріп жылап, аяғын құшып жата кеттім. Абай «тұр» деп зекіп, тұрғызып ап сөйледі. Нағашыларының бірі кешкі мәжіліс үстінде:
- Абайжан, Құнекеңнен Абай боп туып, қазақ астың, ақын болдың. Тобықтыда соңыңнан ерген, көңілің толатын талантты жас бар ма? – депті. Абай:
- Осында бір Көкше бар еді,- деп, мені шақыртқан екен. Абай ағам ойынша, нағашыларға өлеңмен сәлемдесуге тиіс екем. Абай осыны айтып кеп:
- Жарайды, өлең жайын сен ұғасың ғой. Бәрін жаймайық, басы сақталсын,- деп, соңғы жағын жыртты» [34, Б. 252-253]. Сөйтіп бас жағы ғана бізге жеткен сегіз жол өлеңде Абай жақтырмаған сәттегі Көкбайдың бейнесі сәтті сомдалып берілген. Адам портретін берудің асыл үлгісі - бұл өлең. Алғашқы үш жол қимылды, кейінгі үш жол мінезді ашып тұрса, соңғы екі жол жинақтап келіп автордың ойын түйіндеп тұр. Сөзі шымыр өлеңнің композициялық құрылымында да ақау жоқ. Бұралып тұрып, буыны құрып, мұрынын қисайта тартып тұрған кім? Ол, сөз жоқ – керенау кердең. Әсемсіп, сәнсіп, әр нәрсенің орнын білгенсіп, бәлсіп тұрған ол – бір керім. Естелікте айтылғандай, ашудан лықсып кеп таза құймадай төгілетін өлең ғана дәл осындай мазмұны мен пішіні дайын қалыптан түскендей лоқ ете қалады. Сүйікті шәкіртінің абройын ойлаған ақын усойқыдай ащы өлеңнің уытты тұсын жұртқа жаймаған сыңайлы.
Абай қасында жүрген Көкбай қашанда ұстазына жақын болғандықтан, қажетті жерінде батым, еркіндеу болған. Абай бірде Тобықтының басты адамдарын жиып, екі күн қонақ етіп, өзі ештеңе деместен жатқызып қояды. Абайды сөйлете алмай, сөйлетуге батпай отырған игі-жақсыларға Көкбай:
- Үндемеңдер, қазір сөйлетем деп, кітап оқып отырған Абайға кіріп келіп:
Жүрісім, тұрысымның бәрі Абайша,
Абайдан кем боламын мен қалайша?
Аз ақыл, көп закүнім өзімде бар
Ашылып көкірегім кең сарайша [207, 24-б.],-
дегенде, Абай кітабын үстел үстіне қоя сап:
Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға.
Құр қарайсың еліріп,
Екі көзің аспанға.
Бір ғылымнан басқаның,
Бәрі бекер тасқанға
Ондай адам жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға [105, 311-б.]! –
деп барып, ары қарай сөйлеп кеткен ғой. Абайдың дәл осы өлеңіне: «Табиғаттың заңдылықтарын түсінбей, өз нәпсісінің ықпалымен ешқандай жауапкершіліксіз бейберекет өмір сүретіндерге табиғат заңдылығының қалай әсер ететіні туралы» [208, 137-б.] ,- деген қисынсыздау анықтама береді кейбір зерттеушілер. Тағы да өлеңнің шығу тарихын танып алмай, мүлде теріс түсіндіру деп ұқтық. Осындайда бір «білгіштің» Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» дегенін «Абай қандай байқағыш, сезгіш, ә» деп «герменевтикалағаны» еріксіз есіңізге түседі. Бүгінгі ғылымда өлең мәтініне өз білгенінше «герменевтикалық талдау» жасап, ақын сөзін жаңсақ ұғындырып жүргендерге «Герменевтика – ашық есікті бар пәрменімен күш жұмсап ашқандай аңғырт әрекет емес, керісінше, мәтіннің көнеріп «құлыпталған» тұстарын ашып түсіндіру» [209, 41-б.] ,- екенін ғалым Қ.Шаяхметұлы орынды ескерткен.
Көкбай - Абайдың шәкірті ғана емес, ақындық өнер жолында серіктесі, реті келген кезде ұстазының шабытын қамшылап, өлең тудыруына себепші болған жан. Қашанда алдымен Көкбайды сынап, соңынан өз туындысын ұсынған Абай өлеңдерінің кейбіріне Көкбайдың ортақтасып жататын тұстары да ұшырасады. Мәселен, Абай жинақтарында «Күлембайға» арналған екі өлеңнің бірі «Болыс болдым мінеки» деп басталады. Алғаш рет 1889 жылы «Дала уалаятының газетінде» (№12) көп қысқартылып, сөздері оғаш өзгеріске түсіп, авторы аталмай жарияланды. Өлең түсінігінде: «1888 жылда май айында Ақшатау деген жерде, Семей облысы менен Жетісу облысының чрезвычайный съезі болғанда бір уездің ел билеушілерінің съездегі түрі» деп жазылған. Өлең 1933 жылғы «Толық жинақтан» бастап «Күлембайға» деген тақырыппен басылып келеді. Тек, Ә.Жиреншин құрастырып, баспаға дайындаған 1961 жинақтың түсінігінде: «Абай шығармалары жинағындағы коментарийлерге бұл өлең Күлембай болысқа байланысты жазылды делініп келді. Ол дұрыс емес. Осы жылы Семей губернаторы жергілікті әкімдердің салақтығын еске алып, ерекше приказ шығарған» [134, 578-б.] ,- деп өлеңнің жалпы болыстарға арналғанын келтірген пікірі шындыққа жақындау. Өйткені, Абай өмірінен хабардар ететін бірден-бір тарихи шығарма «Абай жолы» эпопеясында осы туындыға қатысты төмендегідей жолдар бар: «... Әлдекімнің аузынан «Тәкежан болыс», «Молдабай болыс», «Ысқақ болыс» деген сөздер шыға қалса, Абай ылғи сықылдап күле беретін. Қазір ұлық үйлерінің маңында топталып жүрген әбігер жандарды көргенде Абай өзгеріп кетті. Кеше кештен оралып жүрген бір ащы сайқымазақ, қазір күліп айтқан өлең жолдарына айналды» [119, 535-б.] ,- деген өлеңге берілген көркемдік негіздегі түсінікте де Күлембай туралы сөз айтылмайды. Демек, өлең Күлембай болысқа емес, жалпы би-болыстарға арналған. Әсілі, Мұқыр елінің болысы Күлембайға арналған «Уағалейкумуссәләм...» деп басталатын өлеңнің жалғасы іспетті болғандықтан болса керек сол кездегі би-болыстың типтік бейнесін сомдаған «Болыс болдым мінеки» өлеңі де Күлембайға таңылып кеткен. «Абай жолында» кездесетін тағы бір құбылыс романда Абайдың осы өлеңінің соңын ала Көкбай да:
Қойма қойып әр жерге,
Тығып жүрмін сырымды.
Жауығатын жатымнан
Аямаймын қырымды [119, 535-б.] ,-
деген шумақты қолма-қол суырып қосып жібереді. Абай туралы көп мәліметтер алып, аса жақын араласқан М.Әуезов Көкбайдың аузына бір ауыз өлеңді даладан алып сала салмасы анық. Тарихи романда идеологиялық көзқарастың салдарынан «Сырымды менің сұрасаң» деп басталатын Дулат жыры ғана өзгеріске ұшырағаны болмаса, бір де бір өлең тармағы ойдан қосылып немесе тарихи шындықтан алшақ кетпейді. Қалай деген күнде де «Болыс болдым мінеки» өлеңі Абай мен Көкбай арасындағы поэзиялық диалогтың тағы бір айғағы бола алады. Екі ақын арасындағы осындай шығармашылық бірлік, рухани селбестік кейбір екіұшты деректердің тууына да әсер еткен.
Негізі бізге жеткен Көкбайдың естелігі біреу. Ол - Әуезов арқылы жеткен. Сонымен қатар Көкбайдың көзін көрген қариялардың ел ішіндегі әңгімелерден жеткен естеліктерге де көзді жұмуға болмайтынын айту керек. Сондай естеліктерді келтіруші Б.Исабаев: «Абайдың «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық» өлеңі – Шәкәрімдікі, «Қыз сөзі – Көкбайдікі» [34, 251-б.] ,- дегенді Көкбай айтты қып келтіреді. Әрине, кез келген естелікке жүгініп, Абай өлеңдерін басқалардың, соның ішінде шәкірттерінің мұрасына теліп жіберу асығыстық болады. Әңгімеге сүйенсек, «шәкірттерін жиып «Жігіт сөзін» оқыған Абай жігітке жауап ретінде Көкбайға «Қыз сөзін» жазуды тапсырады. Абай сөзіне сүйеніп жазған өлең Көкбайдікі де, соңғы:
Мұны оқыса кім танып,
Жүрегіне от жанып.
Сөзді ұғарлық жан тапса
Айтса жарар ән салып.
Өлең жиған тарбанып,
Ән үйренген ығалып.
Сорлы Көкбай қор болды-ау
Осыншадан құр қалып, -
дегенді Абай қосқан» [34, Б. 251-252]. Біздің айтарымыз, бұл Шәкәрімдікі, Көкбайдікі деген екі өлең де - екі ақынның көзі тірісінде 1909 жылғы жинаққа енген өлеңдер. Жинақты құрастырушы Кәкітай мен Тұрағұл Абай өлеңдерінің ішіне Шәкәрім, Көкбайлардың өлеңін енгізбес болар. Парасатты Шәкәрім мен Көкбайдың да бұған жол беруі екіталай. Сондықтан да, естеліктегі сөздің бәрін бірдей шындық деп қабылдап, көзжұмбайлықпен ғылыми айналымға енгізіп жіберсек, бұдан ұтарымыз шамалы. Көкбай Абай тапсырмасымен өзінің «Қыз сөзін» жазуы да мүмкін. Бірақ, ұстаз сынынан өтпей, Абай әдеттегідей өзі қайта жазған да болар. Зер сала үңілген адамға:
Сорлы Көкбай қор болды-ау,
Осыншадан құр қалып [105, 137-б.] ,-
дегенінде «өлеңді осылайша жазу керек еді» деген астарлы мағына жатқандай.
Керісінше, өлең-сөз жинаушылар Шәкәрімнің «Алмастай ағып» деген өлеңін Абайдікі деп, ағат айтқандарға [210] ғалым А.Еспенбетов дер кезінде тосқауыл қойды [35, Б.26-31]. Сондай-ақ, 2006 жылы баспасөз бетінде «Абайдың сілеті бойынан табылған өлеңдері» [211, Б. 43-44] деп жариялаған көркемдігі Абай поэзиясының ауылына маңайламайтын екі өлеңді де Абайға телу дұрыс емес. Осы арада М.Әуезовтің Абай жайын зерттеушілерге айтқан мына бір сөзін келтірудің артықтығы болмас: «Жиналмасын демейміз, Абайға тиісті деп аталған сөздің, өлеңнің бәрі жинала берсін. Бірақ, жиналу бір басқа да, жариялау екі басқа. Зерттелмей, жете танымай, құр ниетім жақсы еді деп жығыла бермейік»,- деген абайтанушының сөзі - кешегі, бүгінгі һәм ертеңгі зерттеушілердің жадынан бір сәт шығармауға тиіс дүние.
Әлгіндей екіұшты пікірлердің бірі «Я, құдай, бере көр», «Тілім, саған айтайын» деп басталатын Абайдың Әбдірахман деген баласы ауырып жатқанда Кәкітайдың атынан жазған өлеңі төңірегінде айтылып жүр. Қ.Мұхамедханұлы бұл екі өлең Кәкітайдікі дейді [102, 14-б.]. Кәкітайдың басқа ақындық мұрасы жетпегендіктен болар, бұл өлеңдер Абай шығармасы ретінде танылып, 1933 жылғы жинақтан бастап, Абай шығармаларының қатарында орын алып келеді. Бір ескеретіні, Кәкітай мен Тұрағұл шығарған 1909 жылғы жинақта бұл өлеңдер жоқ. 1933 жылдан бері қарайғы енген Абай жинақтарында «Әбдірахманға Кәкітай атынан хат» деп берілген атына сай өлең Кәкітайға тиесілі болып жазылған. «Қу көсе қандай өзімшіл, бір сынамай қоя ма?»,- деп Мағауиямен іштей жарысқа түскен Кәкітай:
Оқып көріп байқасын,
Мағнасы ішке кіре ме?
Ұрланған сөз деп айтасың,
Сөз ұрлыққа жүре ме [102, 24-б.] ?-
деп өлеңнің өзінікі екеніне салмақ салуында бір мән бар. Мағауия расында көсе болған да, «Әбішке хат» өлеңінде Кәкітайдың әлгі сөзіне қарата:
Кәкітай былжырап,
Айтыпты білгенше.
Жүрегі елжіреп
Асығып көргенше [212, 133-б.] ,-
дейді. Бұл өлеңді Абай жазған болса, Мағауия қарымта жауапта ондай қалжың айтпас болар еді. Кәкітай өлеңін Әбішке жіберер алдында Абайға үстінен бір қаратып, жөндетуі мүмкін. Өйткені, өлеңнің Абай сөз саптасынан айырмасы аз, әрі «сөз ұрлыққа жүре ме» деп, өлең өзімдікі дегендей Кәкітайдың ақталуына қарағанда Абайдың да қатысы болмауы мүмкін емес. Азамат соғысы кезінде үш сандық қолжазбалары, кітаптары қасақана өртенген Кәкітайдың ақындығына шек келтіруге болмас, сірә. Бірақ, біздің бұл жайттарға тереңдей барып отырғанымыздың себебі, Абай өз жанындағы шәкірттерінің өлең жазуына ықпал етіп қана қоймай, сол үрдістің бел ортасында жүргенін ұғына түсу.
Мұндай даулы дүниелер, Абай шәкірттерінің өз арасында да жиі ұшырасады. Мәселен, Шәкәрімнің «Талап пен ақыл» деген өлеңі Ә.Тәңірбергенұлының 1969 жылғы алғашқы жинағына еніп кетсе, Әріптің «Жеңгелерге» өлеңі қытай жерінде Әсет ақынға телініп кеткен. Көкбайдың «Қандыжап» дастанын Әріптікі деген де деректер кездесті баспасөзде. «Ағыбай батыр» деген дастанды да біреулер Әріптікі десе, екіншілері Уәйіс Шондыбайұлының қанжығасына байлайды. ҚР ҰҒА Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында «Ағыбай батыр» деген атпен еш авторы көрсетілмеген батырлық дастан сақталған [213]. Дәл осы дастан «Ағыбай туралы аңыз» деген атпен Ә.Тәңірбергенұлының 140 жылдығына арналып шыққан шағын жинаққа енген. Н.Сәменбетұлы деген Уәйіс ақын мұрасын жинап, зерттеуші бұл дастанды Уәйіс есімімен байланыстырады [214]. Қолда жеткілікті дәлелдер болмағандықтан бұл шығарманы көңіл сүйген ақынға аудара салу асығыстық болады. Сондай-ақ, Уәйіс ақынның «Иванушка» дастаны басқа ақындікі деген сияқты пікірлердің [215, 227-б.] болуы Абай айналасындағы ақындар шығармашылығында әлі де түйіні шешілмеген мәселелердің көп екендігін байқатады. Шәкәрімнің сонау 1912 жылғы «Қалқаман-Мамыр» жинағында басылып, басы бүтін бекіген «Анық пен танық» өлеңі кейіннен құрастырылып жатқан М. Ж. Көпейұлының жинағына еніп кеткені өкінішті-ақ [216, Б. 161-162]. Екі өлеңді салыстырғанда көзге шалынатыны - Көпейұлында «Шайтанның досы» деген атаумен берілген өлеңнің текстологиялық қалпы нашар, ауыздан-ауызға жетіп, белгісіз себептермен М.Ж.Көпейұлының жинағына қосылып кеткендігі.
Абай өлеңдеріне шәкірттер есімі ортақтасып жатуының бір себебі ұстаз туындыларының дені осынау бір мәдени ортада, шәкірттерімен сұхбат кезінде немесе солардың бір іс-әрекетіне орай туындап жатқандығында. Балалары Тұрағұл, Мағауия, Әбдірахман сағатты өлең қыламыз деп әуреленіп жүргенін көрген Абай «Сағаттың шықылдағы емес ермек» деген өмірдің өтпелілігі жайлы ойлы өлеңін жазады. «Құлақтан кіріп бойды алар» деп басталатын өлеңінің шығу тарихы да шәкірттердің қатысымен, дәлірек айтқанда Тұрағұлдың сұрауымен дүниеге келген. Тұрағұл былай дейді: «Әнді өлең қып суреттемегімнің себебі, мен де жасымда ақын шығармын деп аз-маз жазып жүргенімде, әнді өлең қып құрайыншы деп едім, қисынын келтіре алмадым. Сонан соң әкеме айттым: осы әнді өлең етіп суреттеңізші деп, сонан соң айтып еді, соған жалғас күйді суреттеп осы өлеңді жазды - «Құлақтан кіріп, бойды алар» [118, 50-б.]. Бұл құбылыс Абайдың көп өлеңінің ақын шәкірттерімен мәжіліс үстінде, ақыл-кеңес беріп, жол көрсету мақсатында туғандығының тағы бір айғағы бола алады. Абай мектебіндегі шығармашылық үрдістің қалайша іске асып, қандай жолдармен жетіліп жатқандығына осы өлеңдердің тууы куә. Алдымен тақырып бекітіп тапсырмасын береді. Өлең көңілінен шықса, алып-қосарын айтып, түзетеді. Абай сынынан өткен өлең әнге келсе, әнші шәкірттер арқылы ел арасында шырқалады, сөйтіп халыққа тарайды. Ал, өлең сынға жауап бермесе дәл осы тақырыпта Абайдың өзі өлең жазып, басқаға үлгі көрсетеді. Міне, ақындық мектеп аясындағы ұстаз бен шәкірт арасындағы нағыз қарекет, ақынды тәрбиелеудің, шеберлігін ұштаудың, шығармашылық көзқарасын қалыптастырудың жолы осылайша іске асып отырды. Шәкірттерін сынағандағы Абай сөзіне қайрыла назар аударсақ, сондағы Көкбайдың сынға ұшыраған өлеңі - Әзірет Әлінің айдаhармен алысқаны туралы шығарма. Тұрағұл Әріптің «Зияда - Шаhмұрат» дастанын да өлең деп атағандықтан, Көкбайдың бұл шығармасы аталуына қарағанда оқиғалы дастан болуы мүмкін. Мүмкін дейтін себебіміз Көкбайдың айдаһармен алысқан Әзірет Әлі туралы шығармасы бізге жетпеген. Бізге белгілі дастандарында, өлеңдерінде бұндай сюжет жоқ. Көкбайды көрген, Абай туралы көп деректер алған М.Әуезовтің өзі: «ертеректе айтқан дін сарынындағы бір қиссасы» [57, 140-б.] дегенімен, нақты тоқталмауына қарағанда бұл шығарма Әуезовтің қолына түспеген. «Көкбайдың ақындығы» деген мақаласында жазушының: «Одан қалған жазбалардың саны өте аз ғана. Жас кезінде, Абай уақытында айтып, жазып жүрген өлеңдерін өзі көп ұқыппен жинамаған» [5, 110-б.] ,- деген пікірі біраз нәрсені аңғартады. Көкбайдың «қисса» деп аталып жүрген «Мың бір түннің» сюжетінен алынған «Ғадыл патшаның қиссасы», «Һарун Рашид патшаның қиссасы» деген туындылары ақын жинақтарына енген [207], [217]. Қ.Мұхамедханұлы ақын шығармаларының ішінде бұл қиссаларды атамайды. Ал, Көкбай қиссаларын қарастырған зерттеуші Ж.Әубәкір қиссаның қай жылдары жазылғандығын көрсетпеген [82]. Сірә, жазылған жылы белгісіз. Біздің пайымдауымызша Көкбай ақын қисса жазуды ақындық сапарының басында қолға алса керек. Абай сыны Көкбайдың ақындық бетін басқа жаққа бұрып, реалистік шығармалар жазуына мұрындық болған. Осы ықпалды Әріп ақын шығармашылығына қатысты айтуға да болады. Демек, «Әзірет Әлімен алысқан айдаһар» туралы діни тақырыптағы шығармасы Көкбайдың жас кезінде жазылуы ықтимал. Абай сыны шәкірттеріне үлкен ой салып, әлгі шығарманың ел арасына таралмауына Көкбайдың өзі себепкер болған, сол себепті бұл шығарма ақын шығармаларының ішінде аталмайды деген пікір тұжыруға болады.
Көкбай ұстаз сынын осылайша оң қабылдаса, «Мұнда жоқ алтын иек, сарала қыз» деген сөзді Әріп алғашында кек алғаны белгілі. Шынында да «Зияда-Шаһмұрат» жырына үңілсек сұлу қыздың сипатын асыл тастармен көмкерген жолдар жетерлік. Жырдағы Қорлы мен Ғайын – қос сұлуды Әріп төмендегідей суреттейді:
Ұжымақтай сезіледі қойындары,
Бағында бұлбұл сайрап ойындары.
Інжуден отыз тісі, ерні-лағыл,
Ақ тамақ, алтын иек мойындары [140, 239-б.],-
деген қыз келбетін Абай сыны дөп басқан. Абай сынына ұшыраған Көкбай ақын қиссасының тағдыры бізге белгісіз болып қалса, Әріптің «Зияда-Шаһмұрат» деген қиссасы басқа да қиссаларымен бірге Қазан қаласында 1890-1912 жылдар аралығында дүркін-дүркін алты рет кітап болып басылған.
Абай екі ақынның қиссашылдық халін сынағанда сол кездегі қазақ ақындарына жаппай келген осынау бір нәзиралық үрдіске, қиссашылдық науқанға қарата сын айтқан тәрізді. Тек Әріп, Көкбайлар ғана емес, ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы ақындардың көпшілігі қисса жазып, Қазанда кітаптарын бастырып, кітаби ақындар қатарын құрады. Әріп қиссалары сол кездегі қазақ қиссаларының ішіндегі елеулісі болды дегенімізбен, жеке ақын шығармашылығында ондай биіктен көрінген жоқ. Әріп осы қиссаға қаратыла айтылған Абай сынын кек алып, «Біржан-Сара айтысында» Абайға қатты тиетін сөздер де айтады. Бірақ, Әріптің бұл кегін Абайға қарсы қоюға болмайды. Бұл әрекетті өнер адамдарының қарымтасы, шәкірттің ұстазға деген арты жоқ ашуы деп ұққан жөн. «Сара-Біржан айтысын естігенде, Абай: «Әлгі сар сайтанның сөзі ғой»,- депті дейді» [159, 310-б.] ,- М.Әуезов жиған бір естелікте. «Біржан-Сара айтысындағы» Әріптің Абайға қатысты айтқан сөздеріне келсек, айтысты мұқият оқыған адамға байқалатыны Әріп Абайды Сара аузымен жамандаса, Біржан аузымен ақтап алып отырады. Мәселен, Сараның:
Ел аспас Серікбайдың жарлығынан,
Құт болды бас қадірі барлығынан.
Мақтаған Ыбырайың дәнеме емес
Бүлінді бар Тобықты паңдығынан.
Наймандай Арғын қайда қоңыр майда,
Ел тоқтар бір мінез жоқ Ыбырайда.
Қазақтан өнері асқан ер болғанда
Бағланы Жігітектің кетті қайда [140, Б. 402-403] ,-
дегеніне Біржан:
Ыбырайға тамам елің Найман жетпес,
Зейіні түпсіз дария көзің жетпес,-
деп алып,
Дос көрген олар заһит ғалымдарды,
Алдында атасынан тағылым бар-ды.
Момынға жәбір-жапа қылмасын деп
Жіберген жер аударып залымдарды...
Абайдай тумас кісі сөзге зерек,
Құр мақтан артын бақпай неге керек [140, Б. 404-405] ,-
деген жауап қайтарады. Сара аузымен айтылатын Найман Серікбай қажы – Сыбан елінде көп жыл болыс болған, егде тартқан шағында Меккеге барып қажы атанған адам. Әріптің «Найман Серікбай қажыға» деген арнау өлеңі де бар. Бұл арада Абаймен салмақтастыра салыстыруы – елінің игі жақсысы ретінде жоғары бағалағаны. Өйткені, Тобықтыда - Өскенбай, Құнанбай болса, Қаракерей-Мұрында – Серікбай атақты. Серікбай – ертеректе Құнанбай ауылына бірнеше ұрыс салып, барымта қылған азулы адам. Кейіннен бітісіп, Құнанбаймен құда болған Абаймен жақсы араласқан. Абайға Тобықты елі қамшы көтергенде, бірінші боп Абайдың құнын жоқтағанның бірі. «Біржан-Сарадағы» Абай тақырыбы - сөз жоқ, көркем шығарманың сюжеттік шарықтауын ширықтырып, көркемдік тартысқа орасан күш-қуат берер сәтті эпизод. Әріп ақынның тарапынан Абайға қаратыла айтылған сөздерді осы бір көркемдік шешім тұрғысынан қараған күнде ғана кей пікірлерде тілге тиек етілетін екі ақын арасындағы «қырғи қабақтыққа» тосқауыл қоя аламыз.
Абай қарекеті үнемі сын үстінде. Ақын өзін сынайды, маңайындағы сөз ұғар шәкірттерін, балаларын сынайды, еріншектіктің қамытын киген елін, қараңғылықтың құшағында қалған халқын сынайды. «Абай жолында» орыстың оқымыстысы Долговқа (Долгополовқа) алдымен балаларын, одан кейін өзін сынататыны бар ақынның. Осының ар жағында үлкен даналық жатыр.
Абай шәкірттерінің шығармаларын ғана емес, көңілі толмаған мінез-құлқына да өлең арнағанын жоғарыда Көкбайға арнаған өлең табиғатынан аңғардық. Сондай өлеңінің бірі баласы Ақылбайға арналған. Т.Жұртбай бұл өлең туралы былай дейді: «Рас, Абай бұл өлеңді өзінің он алты жасында дүниеге келген тұңғыш ұлы Ақылбайға шығарған. Өмір бойы Құнанбайдың бауырында өскен бала Абайды әке ретінде емес, ағасы қатарында санаған. Сондықтан да есейген кезінде де Абайдың сөзін жүре тыңдайтын болған. Оспан дүниеден қайтқан соң оның жесіріне әмеңгерлік етіп, иеленуді дәметкен. Аңғал да, аңқау, жұрттың сөзіне сенгіш Ақылбайдың бұл мінезін пайдаланып, шешесінің орнына жүретін Еркежанға сөз салдырған. Сонда Абай қатты ашуланып, Ақылбайды шақырып алып, жанын көзіне көрсете сілікпесін шығарыпты. Ағаттығы үшін қатты қысылған Ақылбай осы өлеңді естігенде ішінен тынып:
Бір жаман мен бе? –
Дедің бе,
Көңіліңде? –
деген жолды өз ойынан қосыпты деседі» [218, Б. 282-283].
Жасында Ғабидхан молдадан 4-5 жылдай оқып, оқуды тастап кеткен Ақылбай домбыра тартып, ән айтып жастықты сауық-сайранмен өткізеді.
Оқытарсың, молдаға оны,
Үйретерсің әр нені.
Медеу етіп ойы соны
Жаны тыныштық көрмеді.
Жасында күтті,
Дәме етті,
Босқа өтті, -
деп баласынан түңілетіні сол кез. Сондай-ақ:
Ата көңіл жанбаса бір,
Артық өнер шықпаса.
Ел танымай, үй танып құр
Шаруасын да ұқпаса [105, 160-б.],-
деген ойлардан мойны жар бермеген жалқау ұлдың бойындағы өнерінен күдерін үзбеген әке көңіліне қаяу түскен. Ақылбай бейнесін М.Әуезов «Абай жолы» романында өте нанымды суреттейді. Тәкежанның жылқысына Базаралылар тиіп, ұлы Әзімбайды сойылға жығып кеткенде, Ақылбай түк болмағандай қоста қуырдақ жеп отыра беретіні бар. Ақылбайдың өз аузынан осы әңгімені естігенде Абай кейіп: «Құнанбайдың бір баласы жаумен еркекше жағаласып, қанжоса боп жығылып жатқанда, тағы біреуі, «қоста қуырдақ жеп алайын» деп тоғышарлық етіпті. Қазан түбінің майын жалап отырыпты дейді-ау!- деді» [94, 88-б.]. Көркем шығармадағы кестелі ой өмірдегі Ақылбайдың табиғатын айнытпай берген. Осындай шектен шыққан енжарлығы бір басына жетерлік Ақылбай талапты болмағанмен, ата қанымен, ана сүтімен бойға біткен таланты бар болып, жасынан-ақ өлеңге қабілетті келеді. Қанша ерке өсті дегенмен, Ақылбай Құнанбай шаңырағында, Нұрғанымның тәрбиесінде болды. Әкесі Абай болса, шешесі Ділдә - Алшынбай бидің немересі. Сонау қара тілдің ділмары Қазыбек биден үзілмеген нағашы жұртын Ақылбайдың суырып салып өлең қылатыны да бар. Ділдәнің төркінімен бірге келген алтынмен зерленген әдемі тонға балаларының көзі түсіп, таласқан екен. Сонда Ділдә Абайдың машығына басып:
- Менің төркінімді келістіре мақтап табан астында келісті өлең шығарғаныңа беремін мына тонды,- дегенде, әншейінде самарқау жүретін Ақылбай арғы нағашысы Қазыбек биден бастап Бекболат би, Тіленші би, Алшынбай, Ділдәнің әкесі – Жүсіпті жырға қосып, бәйгені жеңіп алған екен. Ақылбайдың шығармалары жарияланған Қ.Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» еңбегінде осы өлеңнің соңғы жағы енбей қалған.
Тіленші одан туып ел билеген,
Арғынға одан қорқып жан тимеген.
Билікте бұйырғаны ғаділ шығып
Тентегі мен телісі зар илеген.
Алшынбай – атасынан сары қасқа,
Бір адам сөз айтпаған одан басқа.
Біреуді аға сұлтан қоям десе
Ешбір жан ешқашан бас шайқамас та.
Өзіме мырза Жүсіп – нағашы ата,
Сөзімде кешіріңіз, болса қата
Атаңды арғы-бергі түгел айттым
Аруағын нағашымның тонға сата [219, 94-б.] ,-
деп соңын қалжыңға салып жіберген екен. Міне, осындай өлеңге епті баласынан Абай да үлкен үміт күткені рас. 1880 жылдары Абай қасына өнерлі жастар үйріле бастағанда Ақылбай әлі әке қасынан жырақ жүрген. Тумысынан аңғал, сөзге сенгіш Ақылбайды Әзімбайдың азғыратыны да осы кез. 1891 жылы Абайдың жақсы көрген інісі, аусар мінезді, ақ жүрек, жомарт Оспан дүниеден өтеді. «Жайнаған туың жығылмай..., жақсы өліпсің, япырмай» деп күңіреңген Абайдың басына бір қайғысы аздай қазақтың әмеңгерлігі әңгір таяқ ойнатады. Оспанның әйелдері, мал-мүлкі бөліске түседі. Оспанның қолында өсіп келе жатқан Әубәкірден байлықты қызғанған Тәңірбердінің баласы Әзімбай үлкен үй, негізгі мал Еркежанның қолында болғаннан соң аңқау, әр нәрсеге қызыққыш Ақылбайды азғырады. Ақылбайға көңілі кетіп құлаған Керауыз атын да сыйлап жіберіп, Еркежанға сөз айтқызады. Еркежан сұмдықтың Әзімбайдан келгенін біліп, төркініне кетуге бел буады. «Ерден кетсе де, елден кетпейдінің» керімен көпшілік жиналып, Еркежанның өзіне таңдау беріп, ақыры Абай Оспан үйіне кіреді. Сөйтіп, Ақылбайдың аңқаулықтан қылған лаңы Абайға да абырой әпермеген.
Жоғарыда сөз болған Әріп Тәңірбергенұлының «Абайдың бөлесі Кемелбайға жазып берген сөзі» деп аталатын сегіз шумақтан тұратын өлеңінде осы оқиға да қамтылған. Өлеңде Абайдың Құнанбайға ас бермеуі оқиғасымен қатар Оспан мал-жанының бөліске түскендігі былай сынға алынады:
Баласы Құнекемнің Оспан манап,
Жаратқан құтқа лайық құдай қалап.
Мың жылқы, қанша мүлкін бірін қоймай
Оны да ұйқы-тұйқы алдың талап.
Етпедің жан көргендей елге парық,
Артық айтар жерің жоқ маңдай жарып.
Төрт қатын мен мың сомын талап алып
Кісідей қалмақ шапқан болдың қарық [140, 101-б.],-
деген ауыр сөзді Әріп жазған, анығы біреуге жазып берген. Бұдан байқайтынымыз, өз ағайынының ішінде Абайдың қандай күйге түскенін аңғармаған сыртқы ел шындығында да Абайға кінә артты. Әзімбай сияқтылардың өсегі, жаласы Әріп сынды бірбеткей ақындарға қалам алғызып, арандық әрекетке еруіне жол берген сияқты. Осылайша Әріп шәкірт біреудің атынан болса да қатты айтса, Абайдың Әбдірахман деген баласы да әкесінің бұл ісін тіпті хош көрмеген. «Әке, Сіз надан адам емессіз. Қазақтың ескі салтының адамшылыққа келіспейтіндерін жұртқа өсиет қып айтып жүрген адамсыз, сол салттың ең жаман әдеті көп қатын алу, әмеңгерлік жолын қуу, соны біле тұра соны қолданасыз. Үлкен қате жасадыңыз. Бірақ, өткенге өкінгеннен пайда жоқ. Енді менің тілімді алыңыз. Ақшоқыда, Аралтөбеде қатыным бар, балам бар еді деп қыдырмаңыз, егер оларды сағынсаңыз шақыртып алып, бес-он күн қонақ қып қайтарып отырыңыз» [103, 153-б.] ,- деген Әбіштің сөзін құп көріп, орындаған екен. Міне, соңы осындай Абайға ауыр тиетін ылаңға айналған Ақылбайдың қылығына қатты кейіп, бұрыннан да көңілінен шықпай жүрген баласын өлеңмен қатты сынаған-ды. «Ата-анаға көз қуаныш» Ақылбайға арналып шығарылғанымен, жалпы бала тәрбиесіне, ондағы ата-ананың орны деген толғақты мәселені көтерген. Абай сыны Ақылбайға үлкен ой салып, кейінгі өмірінде Абай шәкірттерінің қатарына қосылып, ұстаз тапсырмасымен «Дағыстан», «Зұлыс», «Жаррах батыр» поэмаларын жазуына әсер етеді. Дарынды ақын Ақылбайдың көп өлеңдері бізге жетпеуінің себебі жасында ақындық жолды ұстанбауынан, өлеңдері сауық пен әннің көлеңкесінде қалып, сақталмаған. Екі інісі, әкесі едел-жедел дүниеден өтіп, жүрегіне зіл-батпан қайғы түскен Ақылбай Абайдың қырқы күні кенеттен қайтыс болады. Ақылбай – Абайдай кемеңгер ақынның тұңғышы ғана емес, талантты шәкірті, ұстазының тапсырмасымен тау халықтарының өмірінен және Африкадағы зұлыстар жайлы оқиғалы дастандар жазып, қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының қалыптасуына өзіндік үлес қоқан көрнекті ақындығымен қоса бірнеше музыкалық аспаптарда ойнаған өнерпаз, күйші, әндері халық арасына тараған әнші – композитор. Табиғатынан дарынды, бірақ құлшынысы солғын, көңілі жүйрік болғанмен, қылған ісі марғау Ақылбайды қамшылап, талантты да, талапты шәкірттерінің қатарына қосып, біз білген дәрежеге жеткізген әке - Абайдың, ұстаз - Абайдың қамқор қарекеті.
Абай Ақылбайдан да басқа балаларына да өлең арнаған. Оның Әбішке арнаған бірнеше өлеңдері бар. Әбдірахман шетке шығып Түменде, Петерборда әскери білім алған Абайдың үлкен үміт артқан баласы еді. Ақыл-парасаты мен зор білімін ел игілігіне жұмсай алмай, жастай дүниеден өткен сол кездегі санаулы қазақ жастарының бірі. Әбіштің қыршынынан қиылуы Абайға үлкен соққы болды. Биікке самғаған арман құсы шарықтап барып, төмен құлады. Өнері жұрттан асқан жас өрен құйрықты жұлдызай жарқ етті.
Жаңа жылдың басшысы – ол,
Мен ескінің арты едім.
Арман деген ащы сол
Сүйекке тиді, қарт едім [105, 232-б.],-
деп күңіренген әке қалды соңында. «Өткенімді өкініш етіп не қылайын, бүгінгі көп қайғының ішінде бір қайғы өзегімді жегідей жеп барады. Ол - Әбіштің қайғысы» [185, 215-б.] ,- деген екен.
Бір шешеден туғанда,
Бәрінен кетті тәуірім.
Көтермеске амал жоқ,
Көрдім дүние ауырын [105, 238-б.] ,-
деп басқа балаларын бір төбе көрсе, Әбішті бір төбе көрген. Сүйікті ұлының толық бейнесі Абайдың жоқтау өлеңдерінде мейілінше шебер ашылған. Әке ұлын жоқтап отырғанымен, жеке адамның күңіренгенінен басқа да сипаттар бар өлеңде:
Әділ, мырза, ер болып,
Әлемге жайған өрнекті.
Тәубесін еске түсіріп
Тентекті тиып, жерлепті.
Қазақтың ұлы қамалап,
Іздеген жүзін көрмек-ті.
Ақылынан ап қайтқан
Өлгенше болар ермек-ті.
Ол сыпатты қазақтан
Дүниеге ешкім келмепті [105, 226-б.] ,-
деген сөздерде қазақтың маңдайына біткен біртуарды ел атынан өлеңге қосады ақын. «Әбдірахман орны жалғыз өз балаларымның ортасында емес, бәрімізден де үздік жан еді» [185, 215-б.] ,- деген Абай бағасынан артық Әбіш туралы мадақ сөздің қажеті болмас. «Жасқа жас, ойға кәрі» Әбіш Абайдың баласы ғана емес, сырласар досына, қиналғанда ақыл қосар тірегіне, қарманғанда қасында болар сүйенішіне айналып келе жатыр еді. Қысқа ғұмырында үнемі шетте жүрген Әбдірахманның әкесімен әңгімелескен сәттері де сирек болған шығар, сірә, әкенің баласын сынай сауал қойған бір-ақ сәті ел аузынан жетіпті бүгінге. Халық ақыны Төлеу Көбдікұлының Абайдың өз аузынан естіген әңгімесіне құлақ түрейік: «Баламның білімі мол, терең екенін сезем. Бірақ сол мол білімге сүйенген ақыл, ой тапқырлығын байқарлық бір кезі келмей жүрді. Осыдан барып бір-бірімізді көре алмай кетсек, баламды сынарлық бір ауыз сөз айта алмай қалу үлкен бір арман болмай ма маған деген оймен бір күні шәй үстінде, көңілді бір мәжілісте отырып мынадай сұрау салдым:
- Қалқам Әбіш, осы жаратылыста ақ затты нәрсе асыл ма? Қара затты нәрсе асыл ма? – дедім» [185, Б. 215-216] ,- деген сауалы естеріңізде болар. Абайдың қара зат асыл деген дәлеліне Әбіш дау айтып:
- Осының бәрін мимен ойлап білдіңіз, ми - ақ түс. Ақыл, нұр жарық зат, ол да аққа жақын. Үшінші, күллі жан иесі жарыққа ынтық,- деп жауап қайырып әкесін риза қылған екен. Жалпы әке мен бала арасындағы ақ түс пен қара түс төңірегінде кең философиялық ой өрбітуге болады. Абай философиясын ауызға алған уақытта кемеңгердің осы бір ойлы сауалы мен Әбіштің салиқалы жауабында терең дүниетанымдық мәселелер жатыр.
Абайдың жүрегіне тиген соңғы ауыр соққы – сүйікті ұлы Мағауияның өлімі. Абайды дүниеден де ерте әкеткен осы жарасы жазылмас жас өлім еді. Демі үзілер шақта қайран Мағаш әкесіне қолын созғанда Абай:
Арқамды жүктен босатқан, қарағым,
Аузымды сөзден босатқан, қарағым.
Алдымды кісіден босатқан, қарағым,
Қош бол, қарағым [58, 94-б.] ,-
деп күңіреніп қоштасқан деседі. Мағауия - Абайдың жиырма бес жасында Ділдә бәйбішесінен туған баласы. Ауыл молдасынан хат танып, он төрт жасында Семейдегі ер балаларға арналған орыс мектебінде (Семипалатинская мужская киргизская школа) оқиды. Абайдың «Адамның бір қызығы бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім»,- дейтіні - осы кез. Мағауияның мектепте үздік оқығандығы туралы деректер Қазақстан мемлекеттік орталық мұрағатында кездеседі [220]. Бірақ талапты шәкірт өкпе ауруына шалдығып, оқуын тоқтатуына тура келеді. Мағауияның ендігі оқуы әкенің алдында болды. Орыс тілін үйреніп келген ынталы жас Абайдың арқасында сол тілді жетік біліп шығады. Мағауияның бізге жеткен мұрасы өте аз. Нәзік лирикаға құрылған және Әбішке арналған бірнеше өлеңдері мен «Еңлік-Кебек», «Медғат-Қасым» атты поэмалары Мағауияның Абай шәкірттерінің қатарында өз орны бар ақын екенін мойындатады. «Ай жарық, жаздың түні ат терлетіп» деп басталатын өлеңі Абайдың «Желсіз түнде жарық айын» еске салғандай. Тамылжыған жаздың түнін бүркенген қос асықтың жүрек дүрсілі тымырсық тыныштықты бұзардай. «Бой дірілдеп, шошынып, жүрек қағып» ауылды баққан бозбала мен үйден әрең шыққан бойжеткен ынтыға табысса, «Түсімде бүгін түнде кірді дұхтар» деп басталатын келесі туындысы - екі ғашықтың табысқан сәтін шынайы суреттеген драмаға толы оқиғалы өлең. Оқиға баяны «қызарып, сұрланып, ...өзгеден ұрланып» табысқан Абай ғашықтарын көзге елестетеді.
Тұрмады сыпайысып о да шыдап,
Қосылған адамбыз ғой тегінде ұнап.
Арта сап мойыныма ақ білегін
Кеудеме келіп қалды басы құлап [212, 132-б.] ,-
деген көріністен кез-келген жұмыр бастыға «жеңілдің, жеңілдің» деп мойындатар Абайдың жүйрік тілі мен терең ойындай болмаса да соның саябыр сәулесін аңғарғандаймыз.
Ақындық – Мағаштың бір ғана қыры. Ол көп-көрім әнші, домбырадан басқа гармонь, скрипкада ойнаған шебер музыкант болған. Жоғарыдағы Абай сөзінде айтылғандай, Мағауия ел ішіндегі барлық мәселелерге араласып, Абайдың алдын даудан, аузын сөзден босатып, шын мәнінде әкеге сүйеніш болады. Ақынның алаңсыз әдебиетпен айналысуына Мағауия көп ықпал еткен. Әуезовке құлақ түрейік: «Бұл ақындығының үстіне ерекше мінезді кісі болған. Жасынан денсаулығы нашар болғандықтан, қаладан толық тәрбие ала алмаса да, әкесінің үнемі қасында ұстап, шын жақсы тәрбиелеп шығардым деген баласы осы болатын. Елде отырып Европа тәрбиесін алған адамдардай ақыл, мінез, адамшылығы түгелімен мәдениетті кісінің халінде болған… Ел жұмысына кіріссе, әкесінің міндетін өз мойнына алатын. Жұмсақ мінезді болып, ел көпшілігіне аса сүйікті болған» [57, 78-б.]. Ел басқаруда адал, аса жомарт Мағауияның да ауылы кезіндегі Абай ауылы сияқты Шыңғыс бауырындағы өнер аралына айналған еді.
Міне, осылайша әке - Абай, ұстаз - Абайдың алдын көріп, ұлағатын ұққан әр баласы ел алдында абыройлы, беделді болып Абайдың даңқын, Абай ортасының даңқын арттыра берді.
Ақынның арнауларына келсек, шәкірттерінің ішінде адамдық мінезді сынап, қатты айтқан өлеңінің бірі – «Әсетке». Өлең ақын, әнші, айтыс өнерінің жүйрігі Әсет Найманбайұлына арналған.
Болыс досы Күлембай да, Ақылбай да, «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңімен Шәкәрім, Әріп, Көкбайлар да дәл осы, яғни 1889 жылдары Абай сынына ілінді. Сол екпінмен Абай Әсетке былай деді:
Ит көрген ешкікөзденіп,
Елерме жынды сөзденіп.
Жасынан үлгісіз шіркін
Не қылсын өнер ізденіп [105, 111-б.].
Жаныңды баурап алар жағымды ән мен есті өлеңнің авторын дәл мұндай сөздерге қимайсың. Алайда, ақын болсын, я басқа болсын жұмыр басты пенде болғаннан соң кемшіліксіз болмайды. Әсет дара өнерінің арқасында халқының еркесі, адамның бұлбұлы атанды. «Халық құрметінің арқасында кимегенді кидім, ішпегенді іштім» [221, 7-б.] ,- дейтін Әсеттің асып-тасып, «адамсып талтаңдайтын», «кісімсінер» кездері де болмады емес. Дәл осы мінезі Абайға жақпай қалды да, ащы өлеңге арқау болды. «Керенау кердең» Көкбайды сынаған өлеңнің ең ащы тұсы сол Көкеңнің өтініші бойынша жыртылып бізге жетпей қалғанын ескеріңіз. Әйтпесе, Әсетке айтқаннан да ауыр, зілді сөздерге жолығар ма едік? «Ел танымай, үй танып», «сүйкімі жоқ құр масыл би» болған «жігері жоқ» Ақылбайға айтылған сөз де - санасы барға ауыр сын. «Бір жаман мен бе, дедің бе, көңіліңде? – деп бұртиғаннан басқа амал жоқ-тын балада.
Надан, ақылсыз, үлгісіз, өзімшіл, оңбаған, шерміш - әрине қос қолдап төбеден ұрғандай салмақты сөздер. Үміт еткен адамының оғаш мінезіне шын күйінген, шын жаны ашыған ақынның қайғы-зары. Бұл өлеңді кейбір зерттеушілер «Әсетке» ауыр көрді. Әсет мұрасын зерттеушілер Б.Абылқасымов [222] , Б.Нұржекеевтер: «Абайдың ертеректе шыққан кітаптарында бұл өлең «Әсетке» деп аталмапты. Өлеңге ат кейіннен берілген» [221, 9-б.] ,- деген деректі өз болжамдарына тірек етеді. 1909 жылы Әсеттің көзі тірі. Жинақты құрастырушы Кәкітай мен Тұрағұл өлеңге Әсеттің атын бермей «Біреуден біреу артылса» деп жіберуі заңды. Өйткені, алғашқы жинақта нақты біреудің атымен аталған бірде-бір өлең жоқ. Жалпы, Кәкітай мен Тұрағұл ащы сынға құрылған өлеңдердің көбін ағайынға ауыр болар дегеннен жинаққа енгізбегендігі туралы кезінде М.Әуезов те тілге тиек еткен-ді [223, 18-б.]. 1909 жылғы жинақты құрастырушы Кәкітай мен Тұрағұл өлеңнің «Әсетке» арналғанын білді, әлбетте. Тұрағұл естелігінде: «Біреуден біреу артылса» деген өлеңді сол жылы бізге музыка үйретемін деп, Мұқа деген скрипкашыны әкеліп, әм Әсет дейтұғын ақынды да сақтаған. Әсет терісі тар, ызақор, кісімсіген адам еді, соған арнап жазған» [118, 43 б]. Әсетке берілген Тұрағұлдың қатты айтқан мінездемесін толық мақұлдамасақ та, өлең - Әсетке арналғаны анық болып отыр.
Осы өлеңнен кейін Абай мен Әсет арасы суып кетті деген пікірдегі адам қателеседі. Әсет Абай сынын қалай қабылдағаны туралы болжам айту қиын. Десек те, 1889 жылы осы өлең шыққаннан кейін де Әсеттің Абай ауылында болып, ақындық өнерін жетілдіре түскені мәлім. «Абайдың: «Біздің әншілердің үнінің зор, тынысының кең екенін мақтан көріп, әнді барынша өңеші қызарғанша айқайлап әсерлендірмек болады. Ол ән емес, айқайға айналып кетеді»,- деуі, ал Әсеттің: «Маған Абайдың осы бір сөзі өмірлік сабақ болды-ау»,- деуі» [221, 9-б.] Абай мен Әсет арасындағы қарым-қатынастың айқын көрінісі бола алады. «Құр айғай бақырған, құлаққа ән бе екен»,- деген мәндегі ұстаз ұстанымдары әлбетте Әсеттің нағыз әншілік биікке көтерілуіне жол ашты.
Абайдың арнау өлеңіне арқау болған шәкіртінің бірі – Баймағамбет Мырзаханұлы. Анығында «Қара қатынға» деген өлеңі Баймағамбеттің әйеліне арналған да «Баймағамбетке» деген өлеңі - әйелінің атынан шығарылған өлең. Осы арада біраз түсінікті қажет ететін дүние - Абайдың қасында екі Баймағамбет болған. Бірі – ақын шәкірті Баймағамбет Айтқожаұлы да, екіншісі Абайдың ертегішісі – Баймағамбет Мырзаханұлы. Абайдың өлең арнайтын, әрі «Абай жолынан» бізге жақсы таныс Баймағамбет осы - соңғысы десек, ол - Абайдың оқыған шығармаларын халыққа таратушы шебер әңгімеші, ертегішісі. Абай мен бұл Баймағамбетті жалғастыратын бірнеше жағдаяттар бар. Баймағамбеттің әкесі Мырзахан – (Тобықтының Жуантаяқ деген атасынан) Құнанбайдың сенімді кісілерінің бірі болса, Баймағамбет жастайынан Абай мен Оспанның атшысы ретінде сол ауылға сіңісті болады. Өлең-сөзге жасынан үйір Баймағамбет бала кезден Абай қасында жүріп айтқан әңгімелерін елге таратуды машық етеді. Баймағамбеттің негізгі өнері ертегіші дегенде, ол жай ғана ертегі айтушы емес. Абайдан естіген түрлі оқиғалы әр елдің көркем туындыларын бір айтқаннан ұғып, соны өзінше әрлендіріп, қазақ ұғымына сай шебер тілмен әңгімелеп беру Баймағамбеттің бағын асырды. М.Әуезов былай дейді: «Абайдың өз аузынан және жыршы досы Баймағамбеттің аузынан бірқатар Батыс жазушыларының шығармалары ауыздан-ауызға көшіп, бүкіл елге тарады. Мен өзім Баймағамбеттің өз аузынан Дюманың «Үш мушкетер» деген романын, «Новарра Генрихы» деген романды, Үрістемнің дастандарын, Петр Великийдің және белгісіз авторлардың инквизиция заманынан жазған сюжетке бай бірнеше романдарын естідім» [8, 8-б.]. Баймағамбет Абайдың қасында жүріп, көбіне қалаға бірге кетіп, кейде жеке айлап, апталап ел аралап кететін кездері аз болмаған. Сол жүрісін Абай әзіл қып өлеңге қосады:
Қара қатын дегенде, қара қатын,
Үзіп-жұлып, алып жүр қанағатын.
Ала жаздай байың кеп бір жатпайды
Қазақтың не қыласың шариғатын [105, 145-б.],-
деп Баймағамбеттің әйеліне тиіссе, енді бірде сол Баймағамбеттің әйелінің атынан:
Ажының жақсы-ақ қызы едім,
Жетістірем деп алды.
Тілеуін түзден тілесе
Баста мені неге алды?
Сол желікеннен желігіп
Жынды сары жоғалды.
Ойбайлаған болайын-ай
Жоқтамасам обал-ды [105, 198-б.],-
дейді. «Баймағамбетке Абай: «Сенің қатының осылай деп айтып отыр», - деп бір күні тысқа шығып, қайта үйге келгенде айтып кіріпті» [116, 179-б.]. Екі өлеңдегі тақырып біреу. Жас әйелінің қасында болмай желігіп жүре беретін шәкіртін сынап отыр. Алдыңғы ақындарға айтқанына қарағанда Абайдың Баймағамбетке айтқаны жеңіл әзіл ғана. Бірақ астарында үлкен ой жатыр. «Жоқтамасам обал-ды» деген түйін үйде болмайтын кезбені әйелі өлдіге санаған ащы тұспал бар.
Абайдың ертегішісі болу әншейін ермек емес-ті. Қазақтың даласында бүгінгі баспасөз бен теледидарды ауыстырған осындай Баймағамбеттер өнеріне Абай үлкен жауапкершілікпен қараған. Көкбай ақын бұл туралы былай дейді: «Абай қыстыгүні бос уақыттарының бірталайында өзі оқып алған романдарды кейде ертек қылып маңындағы жұртпен бірге, әсіресе өзінің ұдайы қасында болатын ертекшісі Баймағамбетке айтып беретін. Баймағамбет орыс романдарын бір айтқаннан жаңылмай ұғады. Ішіндегі Европаша аттарды да қайта сұрамайды. Содан кейін бірнеше күндер өткенде, өзі айтып берген ертектерін Баймағамбетке қайта айтқызады да, ешнәрсеге алаңдамастан қайтадан түгел тыңдап шығарды» [186, 208-б.]. Қандай да бір көркем шығарманың кітап оқымайтын дала жұртына дұрыс жетуіне осыншалық мән берген Абай - Баймағамбет еңбегін шын бағалаушы. Сауаты аз елдің ішінде түрлі халықтардың оқиғалы шығармаларын майын тамыза әңгімелеген Баймағамбеттің өнері Абай шәкірті деген атқа әбден лайық.
Ойымызды жинақтап айтсақ, Абайдың эстетикалық талғамының бір көрсеткіші болып табылатын ақындық өнер туралы толғаныстары ақын арнауларымен, дәлірек айтқанда ақын шәкірттерге, олардың туындыларына қарата айтылған сындарымен байланысып жатыр. Абай сыны - оның ақындық қиялының көрінісі емес, өмірлік ұстанымдары мен күнделікті туындап отыратын тағылымдық қарекетінің жемісі. Шәкәрім, Көкбай, Әріп сынды шәкірттерінің шығармаларын сынға алғанда Абай тек шәкірттерін үйретуші, түзеуші деңгейінде ғана емес, қазақ өлеңіне биік меже қоюшы, өзінен кейінгі әдебиетке жаңа, классикалық поэзияның үлгісін ұсынушы Ұстаз-ақын биігінде көрінеді. Ақындыққа баулуы биік меже, қатал сыннан бастау алып, өлеңге әуес жастарды құдіретті сөз патшасымен ширықтыра сынап, ширата сілкіп жарата түсуінде Абайға ғана тән өзгеше тәрбие айқын аңғарылады.
Абай поэзиясының тағылымдық сипаты оның ұстаздық қарекетімен тығыз байланыста болды. Маңайындағы әдеби топқа тікелей қатысты арнаулары, жеке мінездерін сынаудан басқа ақындық жолды үйрету процесінде әр-түрлі тақырыпта өлеңдері дүниеге келді. Ақынның айналасына шәкірттердің топтасып, әдеби мектептің шын мәнінде қызу шығармашылық жұмысқа кірісуі 1886-1889 жылдар болса, Абайдың ақындық жолындағы ең өнімді жылдарының да дәл осы тұста болуы жай ғана сәйкестік емес. Ақын-ұстаздың шәкірттерін сынауы, жеке бас мінездерін әшкерелеуі, өлеңдерін түзеп, қайта жазғызып, үлгі боларлық қып өзі шығарып көрсетуі сияқты құбылыстар мектеп өкілдеріне үлкен сабақ қана болып қойған жоқ, сонымен бірге Абайдың ақындық шабытын қуаттандырып, шығармашылық өрісін кеңейтті. Ақындық мектеп өлеңге ебі бар жастарды ақын етіп шығару жолындағы Абайдың ұстаздық тағылым-қарекетін ашып, ізбасар шәкірттердің нағыз ақындық жолға түсіп, кемеңгер ақынның әдебиеттегі дәстүрін жалғастырушы және дамытушылық дәрежеге жетуіне тікелей әсер етті.