Абайдың ақындық айналасы және айтыс
Бауыржан Ердембеков
Абай және айтыс өнері. Бір қарағанда қабыспайтын ұғымдар сияқты. Ал ішкерілей кіріп, тақырыптың байыбына бара қарасақ, айтыс Абайды айналып өтпегенін, тіпті айтыстың дамуына Абайдың да айтарлықтай үлес қосқанын аңғаруға болады.

Абай – ақын. Ақын болған да – нағыз суырып салма. Жалпы Абай жазба әдебиетті дамытты дегенімібен, Абай заманының жазба әдебиеті мен бүгінгі жазба әдебиеттің арасы жер мен көктей.
Ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңген өлеңді ауызша және табан астында суырып айту біздің, қазақтардың басқалардан ерекшелігіміз ғана емес, артықшылығымыз да.
Абайдың нәр алған үш рухани көзінің бірі ауыз әдебиеті болғанда, оның ішіндегі айтыс өнері Абайға айтарлықтай әсер етті. Айтыстың түп төркіні айтысу, сөз барымтасынан шыққанын ескерсек, сол сөз барымтасы табан астында, қолма-қол құйылатын нағыз өлең болуы керек деген талабы тағы бар.
Демек, жазба ақын бар да, айтыскер ақын бар. Екеуі ақындықтың екі қанаты сынды. Абай заманында өлең-жырдың дені ауызша, суырып салма түрде шығарылғандықтан, нағыз ақындық осы суырып салма өнерімен бағаланды.
Абай ақындығының қуаты да осы суырыпсалмалықтан бастау алғаны белгілі. Тіпті ақынның өлеңдерінің дені белгілі бір оқиғалар негізінде табан астында туған.
Абайдың өлең жазу машығында да сол қанға біткен, нағыз ақынға тән суырыпсалмалық жатқанын аңғару қиын емес. Абайдың өлең жазардағы түрін Тұрағұл былай суреттейді: «бір құсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаурыңқырайды, естір-естілместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп - жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды» /1,14/.
Ойын қағазға түсіріп отыр демесең нағыз суырып салу. «Адамның кейбір кездері» деген өлеңінде Абайдың өзі айтқандай:
Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар кез.
Қуатты ойдан бас құрап
Еркеленіп шығар сөз, -
деп «ақынның белін буынып, алды-артына қаранар» кезі – нағыз шабыттың шығар шырқау биігі.
Табан астында есті өлең шығара білген ақынды Абай аса жоғары бағалаған. Қасындағы Байкөкше, Қиясбайларға бір ауыз өлеңсіз босағадан аттатпай қойса, шәкірттеріне әр-қилы жағдайда табанда өлең құрату Абайдың күнделікті әдеті десе де болғандай. Әсіресе, суырыпсалма өнердің майталмандары Көкбай, Әріптер Абайдың алдынан тосыннан айтылған бір өлеңсіз құтылған емес. Бір-екі мысал.
Көкбайдың «Жүрісім, тұрысымның бәрі Абайша» дегеніне, ілезде «Мен боламын, демеңдер» деп өлеңмен қарымта жауап беріп тойтаратыны бар.
Көкбайдың Абаймен алғаш жақындасып кетуіне табан астында туған өлең себепкер болған.
Орыс оязының алдында істі болып:
Жігітке кедейшілік үлкен салмақ,
Жүргем жоқ біреуді алдап, біреуді арбап.
Ысқа жіп күрмеуіме келмеген соң
Жібердім ар жағына кендір жалғап, -
деп Абайдан араша сұрап, сәлем жолдаған. Осыдан бастап Көкбай Абайдың тәрбиесіне көшеді. Көрші елден Әріп келіп Абай үйіне бас сұқса, үй толы Тобықтының игі жақсылары етке енді бас қойып жатыр екен. Отырғандар төрге шық деп құрмет көрсетіп жатқанда Абай Әріпке: «Қолыңды жуып болғанша бір шумақ өлең айтып жіберші» дегенде Әріп бөгелместен
Қолды жуып жатырмын сапылдатып,
Тобықтылар ет жейді қапылдатып.
Қазы-қарта, жал-жая бар екен-ай
Қыран құстай сезіппін үйде жатып, -/2,91/
деген екен.
Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып қарта ойнап отырғандарды нұсқап Абай Әріпке осыны жұмбақтап өлеңге қосшы дегенде Әріп ойын картасын жұмбақтаған екен /қараңыз: 2,144-145)
Жалпы өлеңмен жұмбақ жазу – Абайдың өзінен бастап, айналасындағы ақындарға жалғасқан жарасымды дәстүр. Бұл үрдіс Әріптен басқа Шәкәрім шығармашылығында кездеседі өлеңмен жұмбақ түзу. Жөпелдемеде туған өлең әркез мінсіз бола бермейтіні тағы бар. Алайда «Іші алтын, сырты күміс» сөз жақсысын Абай талап еткен уақытта тауып айтпасаң, тағы «жазғаға» ұшырарың айқын. Қонақтарға өлеңмен сәлем беруге шақырған Көкбайдың кешігіп, Абай сынына ілініп, әжуаға ұшырағанын есіңізге алыңыз.
Жалпы білетін өнеріңді Абайдың дәл сұраған уақытында алдына тоспасаң, сезімтал ақынның ынтасы тез суып қалатыны туралы да естеліктерде аз айтылмаған.
Абай өлеңдерінің дені, әсіресе жас кезіндегі өлеңдері табан астында туған. Он үш жасар Абайдың өлеңмен әжесінің құлағын емдейтіні эпопеяның басына тегін келтірілмесе керек-ті. Жасында суырып салып айтқандары бізге жетпеген деуге де болады. Ал жеткендеріне назар аударсаңыз «Кім екен деп келіп түйе қуған», «Түңілікбайдың қатыны атың Шәріп», «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім» сияқты арнаулардың қай-қайсысы – қолқ етіп бас-аяғы бүтін, табан астында туған дүниелер. Мәселен, «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім» - Абайдың қызды ауылды торып, қыз ағаларынан қашып кеп бір төбенің басына кеп, ентігін баса айтқаны.
Осындай ұрымтал тұста туған өлеңнен түбі терең сөз іздеген Абай өзінің шәкірттеріне де қандай да бір қиын жолды ұсынып отырған. Өмір шындығына суарылған «Абай жолы» эпопеясының «Ақын аға» деген тарауына үңілейік. «Еңлік Кебек» жырын мен жазам, мен жазам деп таласқан Шұбар мен Дәрменге құс салудан басқа шарт қояды: «Құстарың ана дуадақты барып ілгенше, бір-бір ауыз тың өлеңді екеуің шауып келе жатып, қатар айтыңдар... Сын болған соң қысас сын болсын. Мен қапысыз шапшаңдықты тілеймін. Тапсыратыным, қысқы аязды түнде, гуілдеп соққан жел үніне күй қосып, кәрі әже немересін қандай сөзбен жұбатады? Соны шапшаң жыр етіп беріңдер. Ал, айт», – деді /3,10/. Ең қиын тақырыпты жөпелдемеде сөз патшасына айналдыра алған ғана нағыз ақын деп есептейтін Абайдың тұлғасы шебер жазушының қолымен шынайы сомдалған.
Айтыспен бауырлас ұғым суырып салмалықтың тағы бір көрінісі – бір шумақ өлеңді бірнеше ақынның жарыса шығаруы, яғни «төрттік жырды бірнеше ақын болып іліп-қағып айтатын бір дәстүр»/3,4/ Абай айналасында кеңінен тараған. Эпопеяның аталған тарауына Мағауия, Ақылбай, Кәкітайлардың:
-
Күз жетті ме, барыр-ау, неге тоңдым,
-
Тоңғаның рас, бозарып түсің де оңды.
-
Бірің тоңып, бірің оң, жұмысым жоқ
Ойыңа түк кірмейді Кәкітай шоңның, -
дейтіні өмір шындығының бір сәулесі. Бұл үрдісті шеттеу жүрген Әріп ақын да өз ортасында жиі қолданған. Әріп үйінде Шұғыбан, Нұғыман деген ақын шәкірттерімен сөйлесіп отырғанда, бажасы Кәкен кіріп керосин сұрапты. Сонда Әріп бастап:
Кәке, әнекей тұр ыдысыңыз, -
дегенде Шұғыбан іліп әкетіп:
Оңай бітім болды ғой жұмысыңыз.
Сонда Нұғыман:
Ыдысыңды кәресінге толтырып ап
Үйге қарай бөгелмей жылысыңыз, – /4/
деп аяқтапты.
Әріп ақын мұрасын бізге жеткізушілердің бірі - Сіләмшайық Имамұсаұлының айтуынан жеткен тағы бір дерекке тоқталайық. Нұрлыбайұлы Рақымжан, Орынбайұлы Қаумет және Әріп ақын үшеуі қайтыс болған Дөненбай дегеннің ауылына құран оқуға келе жатқанда Қаумет бастап:
Өтіп барамыз Дөненбай қорасынан,
Сонда Рақымжан іліп әкетіп:
Айрылмайық бұрынғының жорасынан (бауырымдап шабайық дегені) дегенде, Әріп әлгі екеуіне:
Елжіреп іші-бауырың бара жатса
Көзіңнің мен байқармын сарасынан, – /5,117/
деп тоқтатыпты. Міне, Абай ортасында кең қолданылған мұндай ақындық жарыстың Абай шәкірті Әріп айналасында да кең өріс жайғанын байқауға болады.
Қашанда шәкіртінің өнерін сынауға бар ынтасын салған Абай бірде Шәкәрім, Көкбайлармен келісіп, орталарынан жас ақын Сәуірбек дегенді Әріпке жұмсап мына өлеңді айт дейді:
Ассалаумағалейкум, Әрібіміз!
Тараған қазағыма дәрібіміз.
Аспандағы жұлдызды аламын деп
Бір күні болып жүрме ғарібіміз.
Аспандағы жұлдызы ақын Сара.
Есіктің алдына кеп өлеңдетіп тұрған Сәуірбекті көріп, бұл істің Абай мен Көкбайдан келгенін сезген Әріп:
Уағалейкумассалам, Сәуірбегім,
Атауға арғы атаңды ауыр көрдім.
Қылша мойын көктердің бәрі қалып
Бәйгеден сен келдің бе, жауырбегім, -/6,70/
деген екен. Қылша мойын көктер деп меңзеп отырғаны Абай, Көкбайлар.
Абайдың шәкірті Уәйіс қасында Төлеу мен Нысанбай ақындар бар өздерін құр көжемен қатырған сараң үйге қонып жатады. Көршідегі асылып жатқан жас тоқтының етінің иісі мұрынды жарып, дөңбекшіп ұйықтай алмай жатқан Нысанбай сөз бастап:
Нысанбай өзім атым, шешем қойған,-
дегенде, Уәйіс жалғап: Бұл несі басын бастап, соңын қойған,-
депті. Төлеу іліп әкетіп: Қайнаса біздің сор да қайнап жатқан
Мынау үй қонағына тоқты сойған,- /7/
дегенде, үй иесі ұялып, қазан көтеріпті.
Табан астында өлең құрап, суырып салма өнердің не бір түріне аса мән берген Абай айтысқа бей-жай қарамаған.
Бұл өнерге бел шешіп кірісіп кетпегенімен, жасында сөз барымтасына аз түспеген сыңайлы. Абайдың бізге жеткен Қуандық қызбен сөз қағысы соның айқын дәлелі бола алады. Бұл айтыс туралы М.Әуезов: «Ақын Абай ол кездегі қазақтың барлық басқа ақындарының үлгісімен ауызша айтатын, соған машықтанған ақын болады. Тегінде ақын емес кісі бұрын аты бар жүйріктермен өлең айтыспайды. Ал, Абайдың жаңағы ісі (Қуандықпен айтысы Е.Б.) оның бір емес, талай жерде жеңіл айтысқа батыл кірісе жүргенін дәлелдейді. Шешендік айтыстың қатарында ақындық айтыстың ілесе жүретінін сездіреді. Ол, тіпті, жазушы ақын болған кезінде, ертеңгі уақытта да талай ұзақ өлеңін осылайша қолма-қол суырып салып айтатын. Көптеген эпиграмма, әзіл-өлеңдері жазушы Абай емес, фольклор көлеміндегі Дулат, Шөже сияқты ақын боп жүрген кездерін, әсіресе, жастық кездерін айқын танытады»,-/8,17/ деген пікірінде Абай және суырыпсалмалық өнер турасында келелі тақырыптың бастау көзі бар. Абай шәкірттерінің арасындағы айтысқа бір-ақ рет араласқан. Бізге жеткен мұраларға көз жүгіртсек, бұл туралы Көкбай ақынның Абай туралы естелігінен қанығамыз.
Кездескен жерде қолқаларын өлең түртіп, сөзбен шарпысып қалатын Көкбай мен Әріп тағы бір сөз сайысына түсіп, өз аталарына шаң жұқтырмай жатқан кезі. Әріп:
Арғынға Көкше сенен Қызай жақын
Ата қумай түзей бер өз бетіңді,
немесе,
Тобықты Арғын емес Көкше тұрсын,
Ата қуып қайтесің өзің жүрсің.
дегеніне Көкбай: Көкше атам Тобықтының бел баласы,
Бөтен деген білместің бос таласы.
Нарынбайды тәшкендік сарт дейтұғын
Сол сықылды қазақтың құр жаласы, -
деп қарымта жауап қайырған екен. Олардың сөзін естіген Абай Көкбайға, Әріпке былай десең тосылар еді деп:
Ақ сопы дүниеден ұлсыз өткен,
Енеден жалшысынан бала біткен.
Өкіреш Найман ұлы болмаған соң
Атасызда Найман көп деп атап кеткен, -
деген сөзді алдына тартқан екен.
Әріптің «Тобықты Арғын емес», «Арғынға Көкше сенен Қызай жақын» дейтіні Көкбайдың руы - Көкше. Көкшені, тіпті күллі Тобықтыны анық Арғын емес деген ел ішіндегі ескі сөзді қоздыру мағынасында айтып отыр. Қызай – Найман ішіндегі аз ру аты. «Тобықты анық Арғын емес» деген алып-қашпа сөз ертеден бар. Ата таратуда аңыз бар да, тарихи дерек бар. Өкініштісі, қазақ шежіресі көбіне хатқа түспей, ел аузынан аңыз-әпсанасы араласып бізге жеткендіктен, нақты бір руға, атаға байланысты алып-қашпа әңгімелер, қисық-қыңыр деректер, бір-біріне қайшы келетін тұстар аз кездеспейді. Шәкәрім «Шежіресі» сияқты сауатты деректердің бізге жеткені саусақпен санарлық екенін ескерсек, әр ру, әр атаға қатысты ата таратуға байланысты әңгімелер ақ-қарасы анықталмаған күйде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, кейбірі тарихқа ақиқат болып таңбаланып қалып та жатыр. Соның бірі Найман мен Тобықты руларына қатысты. Тобықты туралы ел арасындағы аңызды С.Мұқанов та келтіреді: «Қазақ арасында сақталған аңызда Қанжығалы мен Тобықтыны Арғын руына кірме деген де сөз бар. Ол аңыздың баяндауынша, жаугершілік заманда, Қанжығалы қанжығаға байланған қоржынмен жаудан алып келген жас болғандықтан атанған. Тобықты «Ақтобық» атанған жүйрік аттың бәйгесіне келген құлдың баласы болғандықтан атанған. Осы екі келімсек баланы баласыз Кенжесопы асырап ап, өсіріп өрбіткен»/9,47/. Бұл әрине С.Мұқановтың пікірі емес, ол ел аузындағы аңызды келтіріп отыр. Демек, бұл әңгіме Абайдың заманында да болған. Бірақ, көзі ашық сауатты адамдар осындай аңыз-әпсалардың жалған екенін білген, оны тоқтатуға күш салған. Көкбайдың:
Әрине, бекер қалжың жарамайды,
Ел ішін өсек, өтірік аралайды.
Екеуіміз шын тарихты бұрмаласақ
Ренжіп, кейінгі ұрпақ қаралайды, -
деген тоқтауында үлкен тағлым жатыр.
Ал, Көкбайдың Нарынбайды тәшкендік сарт, - дейтіні, Нар дауысты Нарынбай - Әріптің арғы атасы. Нарынбайдан Қу дауысты Құттыбай би, одан Байғара би, Байғарадан асыл сөздің атасы Ақтайлақ пен Байсал бірге туады. Байсалдан - Әлі, Әліден – Тәңірберген, Тәңірбергеннен - Әріп. Нарынбайдан тараған ұрпақ - жеті атадан шешендігі үзілмеген «Дүт» аталған ұрпақ. Нарынбай шамамен 1650-1670 жылдары Ташкенттің бір қақпасын билеген бек болған. Көкбайдың «ташкендік сарт» - дегені соны меңзегені.
Абайдың екі ақын айтысына айтқан қорытынды сөзіне келсек, жалпы шежіре екі түрлі жолмен жиналады. Бірі ел аузынан да, екіншісі тарихи деректерге сүйенген. Абайдың сөз етіп отырғаны сол Әріпке қарымта жауап ретінде ел аузындағы аңыз.
Тарихи дерек бойынша «Найман» қазақ шежіресінде айтылғандай тіпті де жеке адамның аты емес, «сегіз оғұз» деген ел атының моңғол тіліне тура аудару арқылы сіңіскен атауы /10,56/. Найман атауын анықтау ұзаққа кететін бөлек әңгіме, қысқасы, Абайдың атайтын Ақ сопысы - ел аузындағы Найман шал. «Найман Бұхарадан оқыған молда, ғалым кісі болған, киімді ақтан киген, атты қылаңнан мінген, өзінің өңі ақ кісі екен, сопы молда болған соң Ақ сопы атанған»,-/11,66/ дейді ел аузынан жеткен деректерде. Сол Найман қартайғанда, М.Ж.Көпейұлының айтуынша тоқсаннан асқанда (Қараңыз: 39-бет) жалғыз ұлы өліп, Ақсұлу деген келіні әлі де зәрі көпіріп жатқан Найман шалға қыз айттырып, содан ұрпаққа қалған екен-мыс. Ал, өкіреш Найман сөзі М.Ж.Көпейұлының айтуында қыз қойнында жатқан Найманнан ұрпақ тарағанына тағы да күмәнімен қарайды /12,39/. Абайдың:
Өкіреш Найман ұлы болмаған соң
Атасызда Найман көп деп атап кеткен, -
деп Әріпке осы ел аузындағы аңыз-ақиқаты айыру бермейтін әңгімені алға тартатыны сондықтан. Бұл арада Абай анығы осы деп отырған жоқ. Тобықтыны Арғыннан алыстататын аңызыңа қарсы, Найманның да атасыздығын танытатын әңгіме барын аңғартып отыр. Абайдың шәкірттерінің айтысына араласуы осы ғана. Мүмкін бізге жеткені осы ма, оны айырып айту қиын. Ал, Абай шәкірттерінің басқа айтыстары туралы сөз келесіде.
Пайдаланған әдебиеттер:
-
Құнанбаев Т. Әкем Абай туралы. Алматы: Ана тілі, 1993. -56 бет.
-
Тәңірбергенұлы Ә. Шығармалары: Өлеңдер, айтыстар, қисса-дастандар. Құраст. Б.А.Ердембеков. –Алматы: Информ-Арна, 2006. –520 бет.
-
Әуезов М. Абай жолы. Екінші кітап. –Алматы: Жазушы,1990. –624 бет.
-
Кенжебаев Х. Үш өлеңнің тарихы.// Семей таңы.1997. 12 сәуір.
-
Ердембеков Б.Әріп ақын. –Алматы: Информ-Арна,2001.-184 бет.
-
Абай әзілдері. –Алматы: Ғылым, 1995. –96 бет.
-
Жақыпов С. Қазан қайнатқан сөз.// Семей таңы.1985. 12 қаңтар.
-
Құнанбаев А. Толық жинақ. Алматы: ҚМКӘБ, 1940. –320 бет.
-
Мұқанов С. Жарық жұлдыз. –Алматы: Санат, 1995.-272 бет.
-
Қазақ шежіресі. – Алматы: Атамұра 1994.-160 бет.
-
Ақтайлақ би. –Алматы: Творч. «Журналист» фотостудиясы, 1991. –115 бет.
-
Көпейұлы М.Ж. Қазақ шежіресі. –Алматы: Жалын, 1993. –76 бет.