Абайдың әдеби ортасы тақырыбының төңкерістен кейінгі зерттелуі
Бауыржан Ердембеков
(1918-1950 жылдар аралығы)

Абай туралы пікірлер, оның ішінде Абай ортасы, Абай шәкірттері тақырыбындағы мәселе төңкерістен кейін кеңірек сөз бола бастағаны белгілі. 1918 жылы «Абайдың өмірі мен һәм қызметі» деген мақалада (мақала авторлары Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов) Абай дәстүрі, оның тікелей мұрагерлері турасында былай делінген: «Бұл күнде жұрт Абайдың сөзімен пайдаланып, айтқанын ала қоймағандық – көптің қараңғы, надандығынан. Бірақ Абайдың соңынан ерген, сөздері әсер берген кісілер жоқ деуге тағы болмайды», - деген /1,140/ емеурінінде Абай мектебі, Абай шәкірттері деп аталатын арналы тақырыптың көктеп келе жатқан түйнегі бар.
Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің «Екеу» деген бүркеншік атпен жазған «Абайдан соңғы ақындар» деген /2/ екінші мақаласы шын мәнінде Абайдың дәстүрі, Абай мектебі тақырыбына арнайы жазылған тырнақалды мақала болып саналмақ. Қазақ әдебиетінің даму кезеңдері, қазақ поэзиясының теориялық, түрлік, көркемдік ерекшеліктерін талдауға ұмтылыс жасаған ғылыми мәнділігімен қоса, Абайдың өзінен кейінгі ақындарға әсері туралы мәселені де алғаш көтерген еңбек.
«Абайдан соңғы ақындар» - зерттеушілердің назарына кейінгі тәуелсіздік жылдары ғана ілінді десек қателеспейміз. Ғалым Т.Жұртбай бұл мақалаға жан-жақты ғылыми түсінік берген /қараңыз: 3,329-343/.
Жаңа тебіндеген Абай ортасы оның ішінде Абай төңірегіндегі ақындар тақырыбы бұдан былай сара жолға түсіп, қанаты кеңейе берді. Абай ортасы сияқты әйдік әлемнің бір саласы ақынның өзгеге берген нәрі, яғни, ұстаз – Абайдың қарекетін айқындайтын Абай мектебі деген тақырыпқа баса назар аударылып, ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталғанда осы бір мәнді сала бөлініп атала басталды.
Жалпы «Абай» журналында Абайдың кейінгі ақындарға әсері деген мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Журналды шығарушы Ж.Аймауытов пен М.Әуезов болса, «Журнал туралы» деген беташар мақаласында Ж.Аймауытов: «Абай жалғыз ғана ақын (литератор) болды деуге болмайды. Әдебиетімізге де негіз салған Абай, адамшылық, тәрбие, ғылым, өнеркәсіп деген сөздерді терең ойлап, тексерген де Абай… Абайды қай жөннен болсын ұстаз қылып, бетке ұстап, жастар шәкірт болып, соңынан жүруге талаптанғандығын көрсетеді. Қазақта қашаннан білгіштің соңынан ергіштік береке бар. Оқыған зиялыларымыз да, оқымаған саңылаулы адамдарымыз да Абайды үлгі қылмайтыны жоқ» - деп /4,4/ Абай – ұстаз деген ұғымды әдебиетке алғаш енгізді.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Абайдың өз басына шүйілген сын ақырын сырғып абайтану саласының социалистік танымға тар келетін Абайдың әдеби айналасы деген тықырыптың алқымынан ала бастады. Алдымен Абайды тұқыртуға белсене кіріскен саяси науқан көзі тірісінде ұлттың символына айналып үлгерген кемеңгер ақынның сөзінен мін таппай дағдарды. Бар тапқан кемшілік «Абай байдың баласы, сондықтан да ол байшыл ақын» деген байбаламдары ақынды тұғырдан түсіре алған жоқ. Абайға тісі батпаған кеңестік сын оны басқа ақындардан бөле-жара ерекшелендіріп, дараландырып тұрған ақындық мектебіне қол сұқты. «Қасына шәкірт жинап, ақындық мектеп қалыптастыру сияқты әлем әдебиетін айналса таптырмаған үрдіс, қазақ сияқты қараңғы елдің ақынына қайдан біткен өнер»,- деген сипаттағы астамшыл шовинистік пікірлердің негізінде Абай мектебіне деген шабуыл тұтанып, ұлтшылдықтың желеуімен абайтанудың осы бір арналы саласы қатты жазалана бастады.
Абайтану ұғымы енді қанаттана бастаған сонау отызыншы жылдары Абайды таптық тұрғыдан бағалау басты міндет болып саналып, көшбасшысы С.Мұқанов (Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер шешендер // Еңбекші қазақ. 1923. 1 наурыз, «Әркім өзінше ойлайды». Жаңа әдебиет. 1928.№3) болып, І.Қабылов (Философия казахского поэта Абая и ее критика // Советская степь. 1928. 2 август., Тағы да Абай және абайшылдар туралы // Еңбекші қазақ. 1929. 20 қараша), Артурини (Заметка о национальной литературе // Новый восток. 1928. №23-24) дегендер дауды үрлеп, өршітіп жіберді. Кейінгі автор Абай жолын дамытушылар – Ахмет, Міржақып, Шәкәрім тағы басқа ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің ірі өкілдері - ұлтшыл, панисламшыл деген мәселені көтерді. Бұл енді тебіндеп келе жатқан 1950 жылдары қатты сынға ұшыраған Абай шәкірттері деген ұғымның қабырғасын сөгіп жіберетін нойыс көзқарастың басы еді...
Бір сөзбен айтқанда, 20-30 жылдары Абай таптық тұрғыда танылып, шығармалары біржақты талданды.
Осы жылдары сол кездегі жаттанды ой, социалистік қалыпқа түскен көзқарастардан ада, Абай мен оның дәуірін қосақабат қарастырып, көкейкесті пікір түзген М.Әуезов пен Қ.Жұбановтың мақалалары болды. М.Әуезов 1933 жылы Абайдың тұңғыш өмірбаянында ақынның әдеби ортасы алғаш рет кең көлемде сөз болады. Кеңестік танымның таразысына тартылып, түзетулер мен қысқартулар көрген мақаланың әуел бастағы (1933 жылғы) қалпында Әуезов сөзді әріден Ырғызбай, Өскенбайлардан бастап, Абайға тікелей әсер еткен әкесі Құнанбай туралы кеңірек мағлұмат берген. Құнанбайдың ел ішіндегі іс-қимылдарына, мінезіне, кейінгіге қалған қанатты сөзіне жіті мән берген Әуезовтің: «Бұл сөздің басын Абайдың жайы деп алып, Құнанбай жайлы көп танытып айтып кетсек, солай болуына себеп болып отырған да осы міндетті көп ойланғандық. Өйткені Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім екенін білу де қиын», - деген /5,13/ пікірі, көп жылдар өтіп, еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ғана абайтану ғылымының құнды бір қанатты сөзіне айналды. «Абайдың туысы мен өмірі» мақаласы - Әуезовтің көп жылдар ізденіп, деректер жинап барып, Абайды тек ақындық жағынан ғана емес, өз өскен ортасынан озып туған біртуар тұлға ретінде толық танытқан ғылыми көзқарастарының жиынтығы.
Тек Құнанбай ғана емес, Абайға әсер еткен орта, ақынға ең жақын рухани айналасы - оның қу тілді нағашы жұрты, Ұлжан аналар болса, ел ішіндегі Қаратай шешен, Шорманның Мұсасы сияқтылармен сөз жарыстырып, топқа түскен шақтары Абайдың өсу жолындағы мәнді бір кезеңі ретінде сөз болады Әуезовтің аталмыш мақаласында. Алғаш рет Мұхтар Әуезов Абайдың ұстаздық қырын ғылыми айналымға енгізеді: «...Осы жылдан бастап Абайдың білімі мен өсиетіне құмар болған, ел ішінің көзі ашық жастарына Абайдың ауылы Үлкен білгіштіктің медресесі сияқты болды. Абай ұстаз да, сөз ұғатын ынталы талапты жастардың бәрі – шәкірт. Абай іні, бала, ағайындарына мағыналы тәрбиеші бола бастайды», - дейді /5,36/. Ең алғаш рет Абай мектебі, Абай шәкірттері деген ұғымдарды қолданған Әуезов, Абайдың төңірегіндегі ізбасарлары Көкбай, Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Әсет, Әріп, Уәйістер туралы қысқа да болса деректер ұсынып, олардың Абаймен байланысын шын мәніндегі ұстаз бен шәкірт арасындағы құбылыс ретінде қарастыруы – қазақ әдебиетіне Абайдың ақындық мектебі, ақын шәкірттері деген ұғымды әкелді.
Демек, Абай ортасы, оның ауқымына енетін Абай мектебі, ізбасар шәкірттері деген ұғым Әуезов арқылы 1930 жылдары әдебиеттен мықтап орын алды.
Абай шәкірттері мен Әуезов арасындағы байланыс әріден басталады. Шәкәрім, Көкбай, Тұрағұл, Кәкітайлармен таныс-біліс қана емес, аса жақын сырлас болған Әуезов Абай тақырыбына дәл осы адамдар арқылы келді десек қателеспейміз. Жалпы Абай шәкірттері және М.Әуезов деген тақырып М.Мырзахметұлының тарапынан зерттеу нысанына алынды дегенімізбен, әсіресе жаңаша көзқарастар тұрғысынан түпкілікті қарастырылып бітпеген тақырып. Көкбаймен, Шәкәріммен рухани байланыста болған Әуезов дәл осы өзі көп білген, жақын араласқан ең талантты адамдар туралы не ғылыми еңбектерінде, не әйгілі романында жаза алмай арманда кетті. Абайдың 100 жылдығына келген М.Әуезовке Көкбайдың ақын қызы Қалыш Көкбайқызының:
Есен-сау, аманбысың бауырым Мұхтар,
Жүруші еді бір көрсем деп тәтең құштар.
Әлемге болды мәлім Абай ағаң
Қалмасын жаратылмай өңге тұлпар,-
деген /6,257/ аналық назына, Мұхтар:
-Тәте, қазір қазақ әдебиеті Абай шәкірттері хақында “Абайдың ақындық мектебі” дегенді қолға алып жатыр. Абай ақын шәкірттерінің алдында Көкең тұрмақ. Асықпай, шыдай тұрыңыз. Бәрі өз кезегімен келеді ғой,- депті. Алайда, Абай шәкірттерінің мұралары араға жарты ғасырдай уақыт салып барып қана ақталды.
Әуезовтің редакторлығымен 1925 жылдың наурыз-маусым айларында төрт саны шыққан “Таң” журналында Абай шығармаларымен қатар Көкбай ақынның жинауынан ақын-жырау, билердің өлең-сөзін жариялануы, Шәкәрімнің журналдың шығуына ақ жол тілеп ән-өлеңмен байғазы жолдауы - Мұхтармен арадағы жақсы қарым-қатынастың жарқын үлгісі. Абай туралы монографиясының түптелген қолжазбасынан жыртылып алынып, кейінге дейін жарыққа шықпай келген “Көкбайдың ақындығы” деген мақаласы - Абай шәкірттерінің ішінде даралап жазылған ең алғашқы мақала еді. Абай шәкірті ретінде Көкбайдың қысқаша ғылыми шығармашылық өмірбаянын түзген ғалым сөз соңында Абай шәкірттері ретінде Ә.Тәңірбергенұлы мен Ә.Найманбайұлын атап өтеді.
Көкбайдың ақырғы демі үзілгенше байланысын тоқтатпаған Мұхтар Көкбайдың абайтануға қосқан үлесін айқындап кетті. Ал, Шәкәрім мен Мұхтардың байланысы туралы ғалым А.Еспенбетов былай дейді:”Шәкәрім мен Әуезов бір Шыңғыстың тумасы, ағайын-туыс қана емес, рухани жағынан аға-іні. Терең тарихты ақтарып “Еңлік-Кебек” оқиғасының желісімен бірі поэма, екіншісі драмалық шығарма жазған. Творчестволық сайысқа түсіп ой жарыстырып, сұлу сөздің інжу-маржан үлгісін жасауға жетіскен. Шәкәрім (1858-1931) мен Мұхтар Омарханұлы (1897-1961) жас алшақтықтарына қарамай ғажайып сыйластық қарым-қатынаста болған”/7,51-52/.
Шәкәрім М.Әуезовтің рухани ұстазы болды дегенді бүгінде батыл айтуымыз керек. Ахат Шәкәрімұлы әкесі туралы мақаласында: «Мұхтар әкеймен жиі әңгімелесетін. Қыста да Мұхтар мен арқылы әкейге хат жазып, керекті сұрақтарына жазба түрде жауап алып тұратын. Кейінде Мұхтар марқұм айтатын : «Сол кезде Шығыс әдебиеттеріне Шәкәрімдей жүйрік адам көргем жоқ. Шығыс әдебиетіне берілуіме себеп болған ұстазым Шәкәрім!»/8,20/.
Әуезов Көкбай мен Шәкәрім туралы таптық идеология бас көтермей тұрған кезде біраз дүниені айтып үлгерді.
Абайдың дүниеден өткеніне 30 жыл толуына байланысты 1934 жылы «Абай ақындығының айналасы» деген мақаласында Абай шәкірттеріне арнайы тоқталды.
Алғаш рет Абайдың әдеби ортасын құрайтын қазақтың төл әдебиеті, Шығыс және Батыс (орыс) әдебиетінің әсерін ғылыми тұрғыда терең білімділікпен ашып берген автор: «Енді бұл уақытқа шейін ақынның айналасы деген тақырыпты сөз қылғанда біз өзіне әсер еткен жайларды, өз қорына құйылған салаларды алып келдік. Бірақ, ақындық айналасы Абайдың өзі алған нәрді санаумен түгелденбейді. Екінші қатарда тұрған тағы бір алуан мәселе – Абайдың өзгеге берген нәрі турасында», - деп /9,19/ Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері деп Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім ақындардың мұраларына қысқаша шолу жасайды. Сондай-ақ, М.Әуезов: «Бұл мәселеде біз Абай ақынның төңкеріс алдында, не төңкерістен бергі қазақ ақындарына еткен әсерін айтпаймыз. Ол айрықша ұзақ талдауды керек етеді. Бергілер және дәл айналасы деген тақырыпқа сия да қоймайды»,- деп /9,19/ Абай дәстүрін жалғастырушылар мен Абайдың тікелей қасында болған ақын шәкірттерінің ара жігін ашып көрсетеді.
Мақаланың мақсаты айқындағандай дәл осы уақыттан М.Әуезов Абай мектебі тақырыбына мықтап ден қойып, бұл мәселені абайтанудың іргелі бір саласы ретінде қарастыра бастағаны көрініп тұр. Тіпті осы мақала «Поэтическое окружение Абая» деген атпен орысшаға аударылған да. Тек, ұлтшылдықпен күрестің қызған уақытына тап келіп, баспа бетін көрмей, жазушының мұрағатында сақталып қалған /қараңыз:10,1-23/.
1936-37 жылдары Абайдың туғанына 95 жыл толу қарсаңында жасалған «План биографичесого тезиса о гениальном казахском поэте-основоположнике казахской письменной литературы Абае Кунанбаеве» деп аталатын сегіз тараудан тұратын жоспар-тезистің жетінші тарауы: «Классическая поэтическая школа Абая», - деп аталып, онда: «знаменитые ученики Акылбай, Магавья, поэты-писатели Кокбай, Аубакир, Арип, Турагул, Абсалык и др. и их романтические и исторические поэмы: «Медгат-Касым», «Дагестан», «Зулус», «Загира», «Аблай», «Енлик-Кебек», «Калкаман-Мамыр», - деген /11,89/ тезистік ой-тұжырымдар көп нәрсені аңғартады.
Отызыншы жылдары М.Әуезовпен қатар Абай тақырыбында салиқалы ой түйген ғалымдар некен-саяқ болса да бар еді. Сол кездегі стандартты ойлардан ада, шын мәнінде Абайды қазақ әдебиетінің классик ақыны ретінде көрсете алған Қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты мақаласы болатын /қараңыз:12/. Абай мұрасына «Түзу келіп», «ішін көрген» іргелі еңбектің басқа құндылықтарымен қоса, автор Абайды оқшау күйде алмай, Шағатай әдебиетімен, қазақтың төл ауыз әдебиетімен байланыстыра қарастырады. Бұл мәселе Қ.Жұбанов тарапынан дер кезінде көтерілгенімен, кеңестік кезеңде жабық тақырыптардың бірі ретінде көлегейлене бергені анық. Абай ортасы, ақынның заманы дегенге ден қойған автордың аяқталмаған зерттеу-мақаласы кейінгі абайтанушылардың Абай мұрасын тарихи-салыстырмалы тұрғыда зерттеуіне мұрындық болды десек артық айтқандық емес.
1920-30 жылдардағы әдеби сын Абайды байшыл ақын деп танып, оның мұрасынан үгілді-кесілді бас тартса, 1930-жыдардың екінші жартысында Абайдың қуаты күшті поэзиясы кеңестік сынның сыңаржақ пікіріне бой бермей, ақыры Абайды классик ақын ретінде “социалистік әдеби қоғам” қабылдауға, мойындауға мәжбүр болды.
Әуезов мықтап қолға алған Абайдың әдеби ортасы, оның ішінде ақынның өзгеге берген нәрі, яғни Абай мектебі мәселесі абайтану саласының ең бір көкейкесті тармағы ретінде қарастырыла бастады. Бұл тақырыптың басында М.Әуезовтің өзі тұрды. «Әуезов және Абайдың әдеби ортасы» деген тақырыпқа абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлы арнайы тоқталған. Десек те, аталмыш тақырып М.Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясының аясы негізінде қарастырылды. Екіншіден, 1980 жылдарда айтылған тұжырымдар тәуелсіз әдебиетіміздің сұраныстарын толығымен өтей алмайды. Сондықтан да, Абайдың әдеби ортасына қатысты Әуезовтің еңбектерін зерттеу жұмысымызға арқау етіп, тиісінше баға беру бүгінгі күн еншісінде де қалып отыр.
Қырқыншы жылдардың басында Абай мектебі деген күрделі тақырыпқа Әуезовтің кеңесімен жас зерттеуші Қ.Мұхамедханұлы араласты. Жетекшісінің тапсырмасы туралы бір әңгімесінде Қайым былай дейді: «Абайдың ақын шәкірттері Ақылбайдың, Мағауияның, Көкбайдың, Тұрағұлдың тағы басқаларының өлең-жырлары, дастандары түгел жиналған жоқ. Осыларды жинап, зерттеп, жазу жұмысын қолға алуың керек,- деп, тағы басқа істелуге тиісті жұмыстарды нақтылап атап-атап айтты» /13/. Кейін келе-келе «Абай мектебі» тақырыбы Қ.Мұхамедханұлының өмір бойғы ғылыми ұстанымына айналды. Қ.Мұхамедханұлы абайтану саласында әлі тың боп игерілмей жатқан тақырыпқа кірісіп қана қойған жоқ, соны игеріп, әдебиеттану ғылымында Ұстаз-Абайдың шәкірттері мұраларын жан-жақты зерттеу арқылы Абай мектебі деген ұғымның қазақ әдебиетіндегі орнын айқындап берді.
1940 жылы Абай балалары - Ақылбай (Абайдың әдеби мектебі (Ақылбай Құнанбаевтың «Дағыстан», «Зұлыс» поэмалары) // Екпінді, 1940. №232), Мағауия (Абайдың әдеби мектебі (Мағауия Құнанбаевтың «Медғат-Қасым», «Еңлік-Кебек») // Екпінді, 1940, №232), Әубәкір Ақылбайұлы (Абайдың әдеби мектебі (ақын Әубәкір Абаев) // Екпінді, 1940. №236), сондай-ақ, Әріп Тәңірбергенұлы (Абайдың әдеби мектебі (Әріп Тәңірбергеновтің өмірі мен шығармашылығы) // Екпінді, 1940. №239) сынды ақындардың өмірі мен әдеби мұралары Мұхамедханов тарапынан алғаш рет кең түрде зерттеле бастады. Әуезовтің жетекшілігімен қолға алынған тақырыптың іргесі сөгіліп, алғашқы қадамдар жасалды. Шәкәрім, Көкбай, Тұрағұл сияқты сол кезде «ұлтшыл ақын» атанғандардан басқа шәкірттері Қ.Мұхамедханұлы зерттеулерінің арқасында ХХ ғасырдың көрнекті тұлғалары қатарында аттары атала бастады.
Қ.Мұхамедханұлымен қатар Абай мектебі тақырыбына сол кезде Е.Ысмайлов (Кемеңгер Абай «Әдебиет және искусство» 1940. №9., Ғ.Сералиев (Қазақ халқының данышпан ақыны // Ленин туы. 1940. 15 қазан), Ә.Тоқмағанбетов (Абайдың ақындық мектебі // Соц. Қазақстан. 1940. 26 қазан), М.Сильченко (Абай. Алматы. 1945. стр. 76-81; Абайдың шәкірттері // Әдебиет және искусство. 1940. №9, №10.) сынды зерттеушілер назар аударып, өз пікірлерін білдірді. Абай шәкірттері, Абай мектебі деген ұғымға нақты анықтама берілмеген соң бұл зертеушілер Абай шәкірттерін ешқандай талғамсыз өздері алып-қосып көрсете берді...
Абай мұрасы туралы орыс тілінде еңбек жазған ғалым М.Сильченко «Абай» атты монографиясының «Абай – ага» тарауын ақын шәкірттерге арнады /қараңыз:14,76-81/. Өзіне дейін жазылған ғылыми еңбектер мен естелік, деректерді арқау еткен бұл еңбектің оқырманға берері - орыс тілділер үшін Абайдың әдеби ортасын тани түсудің сәті келді. Абай маңындағы өнерлі жастардан - Әбдірахман, Мағауия, Ақылбай, Көкбай, Бейсенбай, Баймағанбет сынды Абай шәкірттеріне тоқтала келіп: “Напряженно и продуктивно протекал день Абая. И будучи для окружающих образцом неустанного искания знаний, Абай являл примеры чуткого и заботливого воспитания и передачи этих знаний всем, кто общался с ним”,- деп /14,80/ Абайдың ұстаздық өнегесін айрықша атап көрсетеді. Алайда, зерттеушінің кейінгі “Абай классик казахской литературы” (Стенограмма публичной лекций) деген еңбегінде /15/ Абай шәкірттері туралы бір ауыз сөз жоқ. Өйткені, өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының соңындағы Абай мектебіне жасалған әдеби шабуыл тек М.Сильченконың ғана емес, басқа да ғалымдардың бұл мәселе туралы айтар ойларын ауыздықтап, ғылыми көзқарастарына тұсау салды.
Кемеңгер ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында абайтану ғылымы айтарлықтай серпіліс жасағаны аян. Абайтану ғылымын үлкен асуларға алып шыққан М.Әуезов заман тезіне қайшы келетін Абай ортасы ұғымына да немқұрайлы қарай алмады.
Ортасы, шәкірттері, мектебі тұрмақ Абайдың өзін зорлықпен мойындап отырған тоталитарлық жүйені бұзып-жарып өте алмасын білген Әуезов Абай ортасы тақырыбының тым құрығанда топсасын босатып, тақырыпты алып шығар өзек табуға тырысты. Мерейтой алдында түзген орыс тіліндегі «Кем был Абай?» деген он бес бөліктен тұратын атақты тезисінің төртінші бөлімінде Абайдың әдеби ортасы: Біржан, Әсет, Дулат, Шортанбай, Шөже, Балта, Кемпірбай... Әйелдерден Ажар, Тоғжан, Қуандық, Сараларды атаса, тоғызыншы ой-үзігінде шәкірттері, мектебі дегенге «Медғат-Қасым», «Қозы-Көрпеш», «Дағыстан», «Зұлыс», «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» сынды шығармаларды тізген. 1943 жылы 8 шілдеде Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында Абайдың 100 жылдық мерекесіне дайындық туралы кеңес болып, Әуезовтің арнайы хабарламасы тыңдалды. Болашақта өткізілетін сессияда М.Әуезов тағы төрт ғалыммен бірге (Мұқанов, Жұмалиев, Тәжібаев, Сильченко) «Абайдың әдеби мектебі» деген тақырыпта баяндама жасайтынын атап көрсетеді. Бұл туралы кейіннен баспасөз бетінде де жазылды /қараңыз: 16/. Тоғыз бөліктен тұратын арнаулы тезисте кейіннен кең сөз болатын Абайдың әдеби ортасы, ақындық мектеп, ақын шәкірттері деген бауырлас ұғымдарға қысқаша шолу жасалған. Өмірінің соңғы жылдарында аса ден қойып айналысқан Әуезовтің бұл ой-түйіндері кейіннен саяси қысымға қарамастан ұстазының ізін жалғастырған Қ.Мұхамедханұлының Абай шәкірттері тақырыбының негізгі мақсатын айқындады.
Тезистің қорытындысына назар аударайық: «Абай – классик не только широтой диапазона его собственного творческого наследия, но и тем, что он обогатил литературу своей эпохи, способствовал огромному росту литературной культуры поэтов-современников. Создав свою поэтическую школу, он еще теснее и прочнее связал дальнейшие пути казахской литературы с классической русской литературой»,- деген /17,99-100/ түйініндегі орыс әдебиетімен байланыс туралы сөз сол кездің саясатына ұстанған қалқаны болды десек, ал негізгі тұжырымы ақын - Абайдан басқа екінші бір ұстаз - Абайды тануға, зерттеуге шақырады.
Абай мектебінің меншікті зерттеушісіне айналған Қ.Мұхамедханұлының 1945 жылы баспасөз бетіне шыққан «Абайдың әдебиет мектебі» мақаласы /18/ болашақ үлкен де маңызды зерттеуінің іргетасы іспеттес еді. Мақалада Абайдың ұстаздық қарекетіне тоқала келіп автор шәкірттерді төрт топқа бөліп қарайды. Европа ақындарының үлгісімен терең сезімді махаббат, өршіл сарынды уақиғалы дастандар жазатын Ақылбай, Мағауиялар, екінші қарасөз, аударма, көңіл күйі қысқа өлеңдер жазатын Кәкітай, Тұрағұлдар, үшінші қазақ өмірінен тарихи өлең, жырлар жазып, ауыз әдебиеті саласынан айтыс, кенеттен шығарып қолма-қол айту дәстүрін ұстанған Көкбай, Әріп, Иманбазарлар, төртінші әзіл, мысқыл, ащы тілді әжуа өлең шығарушы Әубәкірді атап көрсетеді /қараңыз: 18/.
Әрине, Абай шәкірттерін жазған мұраларының тақырыбына қарай жіктеу сол кез үшін айтарлықтай ғылыми мәнді болғанмен, тым шартты еді. Өйткені, Көкбай, Әріптердің қисса-дастан жазғанын да ескерсек бірінші топтағы ақындар тобына жатқызуға да болар еді немесе әзіл-әжуаға құрылған өлеңдер Әубәкірден басқа ақындардың мұраларында да орын алған.
Аты аталған ақындардың шығармашылығына кең түрде тоқталуымен қатар мақаланың құнды жері – Абай ортасын құрайтын әншілер Мұқа, Әлмағамбеттер, ертегіші Баймағамбет, Абай тұсында өмір сүрген Байкөкше ақын, Бейсенбай Жәнібекұлы сынды өнерлі топ өкілдерінің шығармашылығына шолу жасап, Абай ортасының қазақ сахарасындағы зор мәдениет ордасы болғандығын ғылыми тұрғыдан бекіте түседі.
Қ.Мұхамедханұлының Абайдың ақындық мектебі жайлы ізденістері жинақталып, жүйеленіп 1951 жылы кандидаттық диссертация ретінде қорғалды. Осылайша Әуезовтің жетекшілігімен Абай мектебі ғылыми тұрғыда дәлелденді. Бірақ, көп кешікпей қорғалған тақырыпқа, яғни Абай мектебіне нағыз шабуылдың өзі басталды. Ол өз алдына бөлек әңгіменің арқауы болмақ.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Екеу. Абайдың өмірі һәм қызметі.// Абай. 1995. № 1,2.
2. Екеу. Абайдан соңғы ақындар.// Абай. 1918. № 5.
3.Жұртбай Т. Абайдан соңғы ақындар.// кітапта: Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы.1-т. –Алматы: Ғылым, 1997. -472 бет.
4. Аймауытов Ж. Журнал туралы. //Абай. 1992. №1.
5. Әуезов М. Абайдың туысы мен өмірі. //Абай.1992. №1.
6. Исабаев Б. Ұлылар мекені. –Новосибирск,2001. -623 бет.
7. Еспенбетов А. Уақыт өрнегі. -Алматы:Інжу-маржан, 2005. -515 бет.
8. Шәкәрімұлы А. Менің әкем, халық ұлы – Шәкерім. //Жұлдыз. 1992. №1.
9. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 10-т. –Алматы: Ғылым, 2003. -456 бет.
10. ЛММА мұрағаты, №199-бума.
11. Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері. -Алматы: Санат, 1997. – 448-бет.
12. Жұбанов А. Абай – қазақ әдебиетінің классигі.// Әдебиет майданы.1934. №11-12.
13. Мұхамедханұлы Қ. Ұлы ұстаз,қамқор аға //Семей таңы. 1997. 23 қыркүйек.
14. Сильченко М. Абай. –Алма-ата: Каз ОГИЗ, 1945. -112 бет.
15. Сильченко М. Абай классик казахской литературы. (Стенограмма публичной лекций). –Алма-ата: КазОГИЗ, 1949. -30 бет.
16. М.Әуезов ҚазПИ-де. // Жетісу. 1978. 13 қазан.
17. Әуезов М. Абай дәрістерінің дерек көздері. –Алматы: Санат, 1997. -448 бет.
18. Мұхамедханов Қ. Абайдың әдебиет мектебі. // Екпінді. 1945. 23,25,26,28,29,30 қыркүйек.