Абайдың әдеби ортасы
Бауыржан Ердембеков

КІРІСПЕ
Кез-келген қаламгерді әдеби ортасынан жеке-дара алып қарау, тану мүмкін емес. Ақын, немесе жазушы өз ортасында өсіп, шыңдалып қана қоймай, біте қайнасып, сол қауымның бір бөлшегіне айналады. Рухани дүниесі толысқан шақтан бастап айналасына ықпалды болған тұлғалар өз әдеби ортасын қалыптастырады. Демек, белгілі бір әдебиет өкілінің шығармашылық өсуіне ықпал ететін үрдістер және сол тұлғаның кемеліне келгеннен кейін өз айналасына, кейінгі буынға әсері деген мәселелер әдеби орта ұғымын тудырады.
Төл әдебиетіміздің тарихын жаңаша зерделеуге мүмкіндік туған бүгінгі тәуелсіз көзқарастар тынысы қандай да бір сөз зергерін оның әдеби ортасымен, айналасымен байланыста қарауға жол ашып отыр. Қазақ әдебиетінің дара тұлғасы А.Құнанбайұлының әдеби ортасын анықтап, ғылыми айналымға түсіру – бүгінгі абайтану ғылымының көкейкесті мәселесі.
Абайдың әдеби ортасы дегенде оны ақындық өнерге баулыған, рухани өсу жолында темірқазық бағдар бола білген ақын-жырауларды, би-шешендерді, кейіннен нағыз ақындық кемеліне жеткен тұлғаның өнеріне сусындап, әдебиеттегі дәстүрін жалғастырған ақын шәкірттерін, оның мұрасын халыққа насихаттаған өнерпаз буынды айтамыз.
Әдеби орта ұғымын мейілінше кең тұрғыда алу да бар. Ол өлшемге салсақ, ақынға әсер еткен рухани қайнар көздерге ұласатын алғышарттарды есепке аламыз. Бұл тұрғыда әдеби ортаны абайтанушы ғалымдар атап көрсететін ақынға әсер еткен шығыс, батыс және қазақтың төл әдебиеті сияқты рухани қайнар көздерімен байланыста қарауға болады. Осылайша әдеби ортаның құлашын кеңейтіп, ақын сусындаған әдеби дереккөздерге қатыстылығын ескерсек, Абайдың кітапханасы деген тақырыптың да әдеби ортамен бөлінбес бірлікте екенін аңғару қиын емес. Әдеби орта тек өзіне ықпал еткен ілгерідегі әдебиетпен ғана шектелмейді, енді ақынның өзгеге берген нәрі деген тұста қазақ әдебиетіндегі үлкен арна – Абайдың әдебиеттегі дәстүрі мәселесін қоса қамтиды. Шартты түрде осындай кең ауқымды қамтитын Абайдың әдеби ортасын біз мейілінше нақтылап, тарылтып ақынның айналасы, яғни Абаймен тікелей қарым-қатынаста, әдеби байланыста болған аға буын, замандас сөз зергерлері – ақын-жыраулар, би-шешендер және кейінгі ақынның тікелей тәрбиесін көрген ақын шәкірттерімен шектеп, шеңберлеп қарастыруды мақсат еттік. Әуезовтің сөзімен айтқанда «бергілер және дәл айналасы» [1, 19-б.] зерттеу жұмысымыздың негізгі нысаны болып табылмақ.
Демек, үш қайнар көздің бірі - төл әдебиет пен ақын арасындағы байланыс Абайдың әдеби ортасының нақты шеңберін белгілеп, ақынның айналасы (ақындығының айналасы емес, бұл тіркес әдеби ортаны кеңірек алуға жетелейді), онымен тікелей қарым-қатынаста болған әдебиет өкілдерінің рөлін айқындайды. Жас өреннің өлеңге алғаш қадам жасаған шағынан бастап, ақындық жолда рухани толысуына алдымен әсер еткендер - оны қоршаған, қаумалаған жанындағы сөз майталмандары. «Абайдың үзік тұлғасын, арнайы арнасын, қазақы қалпын» (М.Әуезов) жасаған дәл осы ортаның, айналасының бағасын беру – бүгінгі абайтанудың негізгі міндеттерінің қатарынан.
Дәл осы тұрғыдан алғанда, әдеби орта ұғымы кез-келген әдебиет өкілінің, оның шығармашылық жолының қалыптасуында айтарлықтай рөл атқаратын өскен орта, яғни туған өлке деген ұғымдармен де аса жақын келетінін ескерген жөн. Туған топырақтың қасиеті қаламгер атаулының кіндігін өзінен бір сәт ажыратпай, оның шығармашылық жолына табиғи бояуын сіңдірер үзілмес желі боп тартылады. Кіндік қаны тамған туған жер адам болмысының қалыптасуына өз әсерін тигізері анық болса, рухани дүниеге ұмтылысы ерекше өнерге жақын жандардың табиғаты сол туған топырақтың құнарына да тәуелді. Қазақ даласын шалқытқан өнердің сан алуан түрі - ән мен күй, өлең мен жыр әр аймақтың сипатына қарай өзінше шырқалып, түрліше күмбірлейді. Жер табиғатының өзгеше өрнегі әр өлкедегі өлең-сөзге де өзіндік мақам-бояуларын сіңіреді. Шығыстың шертпе күйі батыс қазақтарына аса тән емес, оларда күйдің төкпе түрі кең жайылған. Жетісу ән мәнері де арқаның әндерінен бөлекше. Ақындық өнерде дәл мұндай ерекшеліктер анық байқалмағанмен, әр аймақтың өзіндік ақындық дәстүрі қалыптасып, дамып-жетілді. Қаратау шайырлары, Сыр сүлейлері немесе арқа ақындарының сал-серілік дәстүрі тағы басқаларды алсақ, әр аймақтың ақындық сөйлеу тілінде көзге ұрып тұрған айшықты айырмашылықтар болмады десек те, табиғат-тылсымы тереңге тығылған әр өлкеге тән ақындық дәстүр сақталған. Осы арады белгілі бір аймақтың ақындық дәстүрін, ерекшелігін, даралық сипаттарын зерттейтін әдеби өлкетану мәселесінің қазақ әдебиеттану ғылымында кенжелеп жатқандығын айта кетуіміз керек. Бұл сала, яғни, «Литературное краеведение» орыста да, батыста да әлдеқашан алдыға кеткен. Бүгінгі күннің өзінде де бұл тақырыптың астарында жершілдік, руға бөлінушілік жоқ па?- деген сияқты қате ұғым-түсініктің қалыптасуынан болар, сірә, аталмыш сала ұлттық әдебиеттану ғылымында соншалықты назарға ілінбей келеді. Ал, анығында қазақ жеріндегі қоғамдық-тарихи дәуірлердің ерекшеліктеріне орай, әсіресе ХХ ғасырдың басына дейінгі еліміздегі көшпелі мәдениетке тәуелді әдеби ахуалды ескере отырып, әр аймақтың әдеби дәстүрлерін жеке-дара зерттеп, екінші бір өлкенің әдеби үрдістерімен салыстыра қарағанда жалпы қазақ әдебиетінің тарихи жолын, көркемдік сипатының даму ерекшеліктерін толық тани түсуге мүмкіндік аламыз. Л.Толстойдың шығармашылық өмірбаянында Ясная Полянаға қаншалықты екпін түсіріліп назар аударылса, қазақ әдебиетіндегі тұлғалар туралы зерттеулерде Махамбеттің Нарынына, Шоқан дүниеге келген сұлу Сырымбетке де соншалықты мән берілу керек сияқты. Бөрілінің сұсты табиғаты М.Әуезовтің әңгімелеріне арқау болса, «Өмір мектебінің» алғашқы беттерін парақтағанда С.Мұқановтың туған жеріне саяхат жасайсың. Бірақ, туған жер мен сол өңірде, аймақта өскен тұлғаның арасын байланыстыра қарау ұлттық әдебиеттану ғылымында солғын екенін жасырудың реті жоқ.
Абай өмір сүрген дәуірдегі әлі де жазба поэзиясы қалыпты жолға түсе қоймаған көшпелі елдің әдебиетін сөз еткенде, айшықты мәселенің бірі ретінде белгілі бір аймақтың әдебиетін, ондағы әдеби ортаның рөлін баса көрсетсек, ең алдымен ұлттық әдебиетіміздің сол уақыттағы даму жолдарын айқындауға септігін тигізері анық.
Ақынды қоршаған әдеби орта, оның ішінде тікелей қарым-қатынаста болған айналасы туралы айтқанда батыс, орыс әдебиеттану ғылымы «контактные отношения» деген мәселеге көңіл қойған. Мағынасын қазақшаласақ - бір-біріне жолығып, түйісіп барып әдеби байланысқа түсу. Ф.Достоевский мен В.Соловьев, Л.Толстой мен Д.Мамин-Сибиряк сынды жазушылар арасындағы әдеби байланысты осы тұрғыдан қарастырған еңбектер де бар [2].
Демек, әдеби орта дегенде ақынның туып-өскен ортасы, аймағы деген мәселені де естен шығармаған жөн. Ақындыққа көтерілу жолында өз ауылының, өлкесінің әдебиет өкілдерінен құнар жинаса, толысып, кемеліне келген шақта да алдымен өз айналасына рухани нәрін септі. Сол себепті де Абайдың әдеби ортасы туралы сөздің бісмилләсі оның айналасынан басталуы заңды. А.Құнанбайұлы Ертіс бойындағы Семей шаһары мен Шыңғыстау тауының аралығында ғұмыр кешті. Біз білетін тарихы Майқы билерге баратын қасиетті Шыңғыстың суын ішіп, топырағын еміп өсті. Ес біліп, ақыл тоқтатқан шаққа дейін өлең-сөздің, ақындықтың әліппесін Абай өз әулетінен, маңайындағы үлкенді-кішілі ақындар мен би-шешендерден үйренді. Дәл осы Шыңғыстаудың бауырынан шықпай отырып, қазақ өлеңін шырқау биікке аспандатса, сол өлең-сөзге алғаш баулыған әдеби ортаның орны айрықша. Кейіннен ақынның маңайына сөз ұғарлық өнерлі топ үйірілсе, олар да сол өңірдің жас өрендері-тін. Демек, қазақ әдебиетінде кеңінен қанат жайған Абай дәстүрінің бұлақ көзі алдымен осы ақын айналасына шоғырланған ақындардан бастау алады. Ал, Абайдың әдебиеттегі дәстүрінің қазақ даласында кеңінен сипат алуы ақын дүниеден өткеннен кейін барып жүзеге асты. Жасыратыны жоқ, көзі тірісінде Абайды жаңағы өзі өмір сүрген өлкесінен басқа алыстың қазағы танымады. «Біздің жұрт әлі күнге шейін мәдениет басқышының ең төменіне аяқ баса алмай тұр. Қазақ әдебиетінің атасы хакімінде тарихта аты алтынмен жазыларлық Абай Шыңғыс тауында 60 жылдық өмірін өткізіп, сол Шыңғыс тауында өлді. Туғанын, жасағанын, өлгенін өз елі Тобықтыдан басқа қалың қазақтың көп жері білмей де қалды» [3] ,- деп қынжыла жазған М.Дулатовтың сөзі - ащы шындық. Дәл осы қынжылысты Шәкәрім де білдірген болатын.
Ақынға тікелей әсер еткен, үлгі көрсеткен замандас аға буын ақындар, би-шешендер мен сол Абайдан үлгі алған ішінде ақыны бар, әншісі мен күйшісі бар өнерлі жастардан тұратын әдеби қауымды негізге ала отырып, М.Әуезов Абайдың айналасын, ақындық ортасын ақынның өзі алған нәрі және өзгеге берген нәрі деп екі салаға жіктейді. Өзі алған нәрі дегенде, сөз иелерінің ішінде ақындардың орны айрықша. Атап айтқанда, Абай жасынан Бұхар жырау, Шортанбай жырларына қанып өссе, өзі жүзбе-жүз кездескен Дулат, Сабырбай, Жанақ, Шөже, Балта, Байкөкше, Қуандық қыз, Бодау жырау, Мұрынбай жырау, Біржан сал сынды әдебиет өкілдерінің қай-қайсысынан да оның ақындық өсу жолын бөліп қарауға болмайды. Осы орайда академик С.Қирабаевтың пікіріне жүгінсек: «Абайдың ақындық жолы, ортасы күрделі болғаны белгілі, оның ақындылығы да сол ортада, өз дәуірінің шындығына орай қалыптасты. Сондықтан ақынның өзі туып өскен ортаның әдебиеттік үлгілерінен, қазақтың шешендік өнерінен (атақты би болғанын еске алыңыз!), аты белгілі (өзі атайтын Бұқар, Дулат, Шортанбай) ақындар өнегесінен тыс тууы мүмкін емес. Қайта Абай осылардың бәрін жақсы білді, жанына азық етті. Ұлттық рухани байлығын бойына сіңіре отырып, кейін шығыс, батыс үлгілерін еркін меңгеру арқылы бүкіл халықтық, жалпы адамзаттық ой-пікір деңгейіне көтерілді. Халықтық әдебиет сарындарын үлкен европалық үлгідегі ақындық жинақтаушылыққа (обобщение) ұластырды. Мұның өзі қазақ әдебиетінің Абай арқылы адамзат мәдениетінің көркемдік биігіне шығуын дәлелдейді» [4, 14-б.] ,- дейді.
Екінші мәселе - ақынның өзгеге берген нәрі турасында. Бұл кеңірек түсінікті қажет ететін ақындық мектеп, қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрі деген ұғымдардың мәнін ашуға жетелейді.
«Абайдың ақындық мектебі» концепциясын М.Әуезов ұсынды. Әлем әдебиеті бойынша әдебиеттану ғылымында «мектеп» термині бар. Нақты «әдеби мектептің» анықтамасы болмағанмен, бұл ұғым батыс пен орыс әдебиетінде әдеби ағым, әдеби үйірме, әдеби топ дегендермен алмастырыла айтыла береді. Әсілі, әдеби мектеп - бір көзқарастағы, бір бағытта шығармалар жазатын, арман-мұраттары ортақ қаламгерлердің басын құрайтын ұғым. Көбінің бастаушысы, яғни сол мектепті құрушы ұстазы болып, қалғаны шәкірт саналады. Бірақ, батыс әдебиеттануындағы мектеп атаулының қай-қайсысында да ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс нақты айтылмайды да, әдебиеттегі ағымға қарай ауып кетеді. Әлем әдебиетіндегі мектептер, үйірмелер, әсіресе батыстың әдеби салон-клубтарының маңайына ақын шәкірттер жинап, тәрбиелеген Абайдың қарекетін еске түсіргенімен, екі түрлі қоғамдағы бұл әдеби топтардың табиғи нышандары қабыса бермейтінін де ескеруіміз керек. Нақты бір бағытты бетке алып, ортақ көзқараста, тіпті кей тұстарда бір ғана тақырыптың аясынан шықпай шығармашылық жолға түскен европалық үлгідегі бірлестік-клубтар мен бастау көзін сонау көшпелі түркі әдебиетінен алатын, әлі де ауызша әдебиеттің үстемдік алып тұрған қазақ даласында ақындыққа ебі бар өнерлі жастардың басын қосып, өлеңге баулып, нағыз сыншыл да, шыншыл поэзияның мектебін құрған Абай айналасын бір қалыпқа салып, ортақ анықтаманың аясында қарауға тағы болмайды. Батыс әдебиетіндегі мектептің ұстанған принциптері, ондағы басты белгілер мен өзіндік айшықтарды, сөз жоқ, Абай мектебінің табиғатына сәйкесе қоймайды. Бұл арада ұлттық әдебиетіміздің өзіндік ерекшеліктерімен санасқан жөн.
Абайдың ақындық мектебі – оның кейінгі әдебиетке әкелген жаңашыл дәстүрлері мен сол әдеби үлгі-өрнектерді жалғастырып, дамытушы ізбасар ақындардың әдебиеттегі орнын айқындайтын, сол арқылы кемеңгердің тағлым беруші ұстаздық қырын танытатын қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс. Сонымен қатар, ақынның күнделікті қасында жүріп, тікелей тәрбиесін алушы, оның тапсырмасымен алуан тақырыпта шығармалар жазған айналасындағы шәкірттерді ғана бөліп алып, Абай мектебінің өкілдері деп қарастыру бар. М.Әуезов: «Тегінде әдебиеттік мектеп мағынасы тарихтық басы ашық, даусыз, деректі көлемде алу да бар. Онда «шәкірт» деп белгілі ақынның қасында, қатарында жүріп күнделік байланыс арқылы тақырып, үлгі, ұстаздық, сын-өнеге алып жүрген ақындар тобын даусыз «мектеп» деп айтуға болады» [5, 118-б.] ,- деген анықтама берген болатын.
Ал, Абай дәстүрі - біз сөз етіп отырған ақындық мектепті де ішіне сыйғызып жіберетін кең ұғым. Абай дәстүрі оның қасында жүрген шәкірттерімен шектелмейді. Қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі көрнекті тұлғалардың барлығы дәстүр жалғастырушылар десек, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды әдебиет қайраткерлері осы легтің алдыңғы толқыны ғана. Демек, кең мағынада алғанда дәстүр жалғастырушылардың бәрі дерлік Абайдың ақындық мектебінің өкілдері болып табылады. Алайда, Абайдың ақындық мектебі деген ұғымды нақтылап, оның маңайындағы ақын шәкірттерімен байланысын алып қарастырғанда, ақындық дәстүрден де басқа, ұстаз бен шәкірт арасындағы күнделікті қарым-қатынастардың нақтылы көріністері бой көрсетеді. Яғни, Абай поэзиясының кейіегіге әсер-ықпалы деген мәселеден басқа, Абайдың тікелей тәрбиесі, ұстаздық ұлағаты, тіпті оның өлең жазуға баулу, үйрету қарекеттері айқындалды.
1950 жылдардағы «Абайда мектеп болған ба, жоқ па»?- деген даудың тууына ақындық мектеп мәселесіне қатысты нақты меженің жоқтығы да себеп болды. Соның салдарынан біреулері Абай мектебін тар мағынада, яғни айналасындағы ақын шәкірттерімен шектесе, екінші зерттеушілер тобы мектеп мағынасын кеңейтіп, оның аясына дәстүр жалғастырушылардың барлығын кіргізді. Абайдың тікелей тәрбиесін көрген маңайындағы ақын шәкірттердің бәрі дерлік кеңестік идеологияның жаласына ұшырап, әдебиет тарихынан аластатылғаннан кейін, Абай шәкірттері, Абай мектебі деген ұғымдар дәстүр жалғастырушылар деген тақырыптың аясына сіңіп кетті.
Негізінен, Абайдың ақындық мектебі мәселесін сөз еткенде Абай мен оның тікелей тәрбиесінде болған ақын шәкірттер арасындағы байланыс бір бөлек, кемеңгер ақынның әдебиеттегі дәстүрі, яғни Абай дәстүрін жалғастырушылар жеке тақырып ретінде қарастырылғанда ғана Абайдың ұстаздық қарекеті мен жалпы ақындық өнерінің кейінгі әдебиетке әсері деген мәселелерді ажыратуға мүмкіндік туады. Сол себепті, ғылыми жұмыста ақындық мектеп аясындағы Абайдың алдын көрген ақын шәкірттер мен ұстаз арасындағы байланысқа баса назар аударылды. Яғни, әдебиеттегі дәстүр орнықтыруымен қатар, жанына бір топ ақынды жинап, әдеби жол көрсетіп (тақырып беріп, өлең жаздырып, сол жазғанын ортаға салып талдап, кемшін жерін түзеп) шын мәнінде осындай іс жосығын жүзеге асырған Абайдың ұстаздық қарекеті баса көрсетілді.
Ақынның әдеби ортасын өз айналасымен шектеп алғанда ондағы Абайдың орны деген мәселеге ерекше ден қойылды. Өзіне дейінгіден алып, кейінгіге ұсынды деген қасаң қағиданы ұстансақ, Абай тек дәстүрді жалғаушы, ұлттық әдебиетіміздің көркемдік құндылықтарын тасымалдаушы дәрежесінде ғана қалып қояды. Ал, Абайдың әдебиеттегі қайраткерлігі одан әлдеқайда биік. Қазақтың төл әдебиетін классикалық дәрежеге көтеруші ғана емес, кейінгі ізбасар буынға үлгі ұсынушы, өнер таратушы бола білді. Яки, Абай алдыңғысынан тек алып қана қойған жоқ, соның маржанын екшеп, арзанын сынға ала шыңдалды, өсті. Сол толысқан шағында өзінен кейінгі жастарға нағыз ақындық өнердің қыр-сырын үйретті. Бұл арада Абай өнер үйретуші ғана емес, сол үлгілі шәкірттердің кей өнеріне тәнті болды. Жақсы сөзіне сүйсініп, оны қабылдады, басқаға үлгі ретінде насихаттады. Міне, кемел ақынның әдеби айналасы осылайша қанаттанып, жетіліп үлкен бір әдебиеттің ордасына айналды. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп бүкіл бір ұлтқа жаңа меже көрсеткен ақын, хәкім, ұлы ұстаз деп тануымыз да содан Абайды.
Жеке ақынның әдеби ортасын, тікелей әсер еткен рухани айналасын танып, біліп болмай, сол тұлға туралы толымды пікір айту мүмкін емес. Абайдың әдеби ортасы тақырыбы - абайтану ғылымында зерттелу жағынан кенжелеп жатқан сала. Көп жылғы бодандық құрсауындағы Абай тұлғасы енді ғана өз биігінен көрініп, жаңа зерттеулерге бой ұсынып абайтануға тың міндеттер артқанына да аз уақыт болған жоқ. Десек те, Абайды ұлттық таным тұрғысынан бағалап, оның кемеңгерлігіне толымды баға беру ондаған жылдардың еншісіне сыя қоймайды. Әсіресе, кеңестік кезеңде өз заманынан, ортасынан, тіпті ұлтынан бөлініп, жеке-дара қарастырылған Абай есімі қайта, қайыра қарастырар жаңа пайымдауларға зәру. Академик З.Ахметов айтқандай: «Абай творчествосының өз заманымен, сол кездегі қоғамдық өмірімен байланысын, сол кезде қандай зор танымдық, тәрбиелік міндет атқарғанын, сөз өнеріне не жаңалық әкелгенін толық түсінсек, сонда ғана біз оның кейінгі кезеңдерде, қазіргі заманда қоғамдық ой-сананың, әдебиеттің өркендеуіне қандай ықпал жасап келе жатқанын толық аңғара аламыз» [6, 38-б.].
Кеңестік саясаттың салдарынан абайтану ғылымында еріксіз назардан тыс қалып, тіпті күшпен басылып, еркін зерттелу мүмкіндігінен айырылған сала – Абайдың ортасы, дегенде «социалистік» деп аталатын қоғамда ақынды өз ортасынан, әдеби айналасынан ажыратып алу мақсатты түрде іске асырылды. Алдымен Абайдың өзі «шынжыр балақ, шұбар төс» Құнанбай баласы болғаны үшін ғана кеңестік әдебиетке жақпады. «Бай баласының» ақындық құдіретінен мін таппаған таптық идеология, оның жеке басынан сырғып, айналасын бопсалауға көшті. Ақынның өмір сүрген ортасы – «ескішіл», әкесі - бай-шонжар, маңайындағы ақын-жыраулар мұрасы «социалистік талаптардан ада» болған себепті, Абай мақсатты түрде әдеби ортасынан жырақталып, оқшаулана берді. Ақынның әдеби мұрасы «әдебиеттің таптығы» деген қалыпқа ыңғайланып, «кедейшіл», керек десеңіз «большевик» Абай өз ортасына, айналасына қарсы қойыла танылды. Абайға ерекше ықпал еткен шығыс әдебиеті туралы аса аз айтылып, ақынның «шығысым батыс боп кетті» деген сөзі желеу етіліп, «оның елден асырып дана қылған орыстың зиялылары» деген түсінік санамызға сіңірілді. Орыс зиялылары, оның ішінде Е.Михаэлис, Н.Долгополов сияқты замандастарының Абайға, оның орыс әдебиетін меңгеруге тигізген қолғабысын жоққа шығаруға болмайды. Сол сияқты орыс әдебиетінің, оның көрнекті өкілдерінің де Абайға бергені өте мол. Әйтсе де, Абайға әсер еткен қорды санамалағанда төл әдебиет, оның ішінде ақынмен тікелей қарым-қатынаста болып, жанаса әсер еткен ортаның рөлін екінші қатарда ысыра беруге келмес. Абайдың заманынан асып туған кемелдігі ең алдымен, әкенің қаны, ананың сүтімен бойға дарыған құт, туған топырақтың қасиетінен. Екінші, тал бесіктен әженің әлдиімен, атаның әлқиссасымен жадыға жатталған қазақтың асыл сөзі, домбыраның күйі, қобыздың үнімен жүрекке тұнған төл өнер «қазақта қара сөзге дес бермеген» Абайды ақын етіп қалыптастырды. Кезінде М.Әуезов атап көрсететін Абайдың алған қорының ішіндегі ең молы – осы қазақтың халық әдебиеті екендігін ескерсек, осы бір сала - заманның қақпақылына түсіп, абайтанудың ең бір осал тартып жатқан тұсы боп қалды. Академик С.Қирабаевтың абайтану ғылымының алдында тұрған негізгі міндеттерді атай келіп: «Абай өміріне, оның өмір сүрген ортасына, айналасына байланысты деректерді толықтыра беру, ....Абай мектебі мен оның ақындық дәстүрі жайлы жаңа еңбектер жасау – алдағы күннің жалғаса беретін міндеттерінің қатарында жатады. Абай жайлы жаңа ұрпақтың жаңаша сөзі керек» [7, Б. 233-234] ,- деген ғылыми ұсынысы біз көтеріп отырған тақырыптың көкейкестілігін тап басып тұр.
Кеңестік жүйенің абайтануға кесірі тиген көлеңкелі тұсының болғанын ескерсек, сол кезде Абайдың төл әдебиетке, қазақтың ақыны мен жырауына, тіпті бүкіл қазақ халқына қарсы қойылғанын бүгін жоққа шығара алмаймыз. Ақынның ащы сөзінің астарына үңілмей, Бұхар, Шортанбай, Дулаттарды ақын сөзімен сілкіп, «ескі би» мен «ескі ақындардың» мұрасын керексіз еткеніміз кешегімен кетті. Жаңаша поэзияға құлаш ұрып, эстетикалық талғам тұрғысынан өркешті деген өлең иелерін сынаған Абай мен оның өзіне дейінгі әдебиет арасына сол тұста сына қағылды. Соның салдарынан Абайға дейінгі әдебиет жоқтың қасы есебінде болып, тіпті «қазақтың әдеби тілі Абайдан басталады»,- деген пікірлерге дейін айтылды.
Абайдың алдындағы әдебиет осылайша бір ыңғайлы болғаннан соң, абайтануға кезекті бір әдеби шабуыл басталды. Әлем әдебиетінде жалпы ағым-бағыттың аясында қолданылатын «мектеп» ұғымының бір ғана адамға қатысты айтылуы кеңестік қазақ әдебиеттануында үлкен дау туғызды. Нәтижесінде, маңайына ақын, әнші, музыкант, ертегіші сияқты алуан өнерді үйренуге құлшыныс білдірген жастарды жиып, баулыған ұстаз Абайдың тағлымдық, тәрбиелік қарекеті тұмшаланып, ақын шәкірттері шетінен «кертартпа», «ескішіл» деп танылып әдебиеттен аластатылды, көзі тірілері «халық жауы» болып қуғындалды.
Көп уақыт қапаста жатқан шәкірттер тәуелсіздіктің алдында ғана ақталып, шаңырағы шайқалған Абай мектебі енді ғана еңсесін түзей бастады. М.Әуезовтің: «Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында-ақ Абай маңына тұтас бір әдебиет школасының құрылуы – Абайдың кемеңгерлігін халықтың танығандығының белгісі» [8, 8-б.] ,- деп, сонау 1939 жылы айтқан пікірінің астарына байыппен қарап, кең түрде зерттеуге енді ғана мүмкіндік алдық.
Абайдың айналасындағы әдебиет өкілдері туралы біраз зерттеулер жазылды, ақын шәкірттердің мұралары жинақ болып шықты десек, ендігі міндет - сол еңбектердегі Абайдың әдеби ортасын айқындап алу. Мәселен, Құнанбайды ақтап алу аз, енді оның Абайға ықпалын, әке мен бала арасындағы рухани байланыстардың көзін аршу міндеті тұр. Сол сияқты Абайдың алдындағы аға буын ақындардың байланысы, қарым-қатынасы, жас Абайға көрсеткен өнегесі турасында толайым пікір айту да - бүгінгі зерттеулердің міндеті. Бұл арада Абай тәрбиесі өз ауылынан, өңірінен аспаған ба?- деген сауалдың көлденеңдейтіні заңды. Осы орайда академик С.Қасқабасовтың: «Соңғы уақытта Абайды жеке бір ақынның шәкірті, бір аймақтың ғана ақындық мектебінен нәр алған деген сөздер де айтылып жүр. Бұл пікірдің теріс екенін айтпасқа болмайды. Абай бүкіл қазақ фольклорын, өзіне дейінгі ақын-жыраулар поэзиясын толық меңгерген, қорытқан, сөйтіп қазақ әдебиетін жаңа сапаға көтерген, сондықтан оны бір ақынға теліп қою жөн емес» [9, Б. 61-62] ,- деген пікірін басшылыққа алғанда ғана Абайдың әдеби ортасын тануда методологиялық дұрыс бағытты ұстай аламыз.
Абайдан кейін қазақ әдебиетінде оның дәстүрі қалыптасты десек, сол дәстүр ұғымының аясында ұлан-ғайыр дүние қылаң береді. Абайтанушы ғалым Ж.Ысмағұловтың сөзімен айтсақ: «Абай дәстүрі деген ұғымның сан салалы, өте күрделі екені мәлім... Өзгені былай қоя тұрып, Абайдың реалистік дәстүрін ғана ауызға алсақ та, оның әр жағында том-том зерттеу еңбектерінің сұлбасы көзге елестеп тұрар еді» [10, 32-б.]. Абай дәстүрі деген зор арнаның мәнді саласы - Абай мектебін сөз еткенде, ұстаз бен оның шәкірттері арасындағы байланысты тек олардың поэзиядағы сабақтастығымен шектеп қою аз. Бұл мәселеде тұрмыстық қатынастардан бастап, өлең үйрену қағидалары, тақырып таңдау, өмірге келген шығармаларды әдеби ортада сыннан өткізу сияқты қарекеттермен жалғасып, одан туындайтын ұжымдық әдеби процесс сияқты құбылыстардың сырына үңілгенде ғана әдеби мектептің мәні айқындала түспек. Ақындық мектеп дегенде, ең алдымен, сол мектепті қалыптастырушы Абайдың рөлін, ұстаздық қарекетін айқындап көрсету шарт. Оның әдебиеттегі жолын жалғастырушы ақын шәкірттердің әдеби мұрасына үңіле отырып, әр қырынан танып, олардың Абай дәстүрін жалғастырушы ғана емес, сол дәстүрді өздерінше дамыта білген даралық сипаттарын саралағанда барып Абай мектебінің қазақ әдебиетіндегі орны айқындала түспек. Тек қана ақын емес, әнші, музыкант, ертегіші, дойбышы сияқты сегіз қырлы өнерпаздарды қасына жиған Абайдың айналасына қазақ мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі тұрғысынан баға берілген уақытта Абай ортасының анық деңгейі анықталмақ.
Абайдың әдеби ортасы тақырыбы - абайтану ғылымының негізгі арналарының бірі, бірі болғанда зерттелу жағынан кенжелеп жатқан мәселелердің қатарынан. Абайтану мен Абайдың ортасы деген мәселелер тек бір-бірімен біте қайнасып жатқан дүниелер ғана емес, Абайды тану ең алдымен осы әдеби ортаның, нақтырақ айтсақ сол ортаны құрайтын әдеби топ - Абайдың ақын шәкірттерінің еншісінде екенін де есте тұтқан жөн. Мәселен, Абайға өлең арнаған, ол туралы естелік айтқан, Ұстаз-Абайдың өлеңдерін жинап, халық арасында таратқан, әнге қосып шырқаған оның маңайындағы ізбасар шәкірттері. Абайдың алғашқы өлеңін баспасөз бетіне өз шәкіртінің (Көкбайдың) атынан беруі - жай кездейсоқ құбылыс емес. Ал, Абай туралы жазылған Көкбай ақынның, Тұрағұлдың, Кәкітайдың, Әрхам Кәкітайұлының естеліктері жайында бөлек бір зерттеудің тақырыбы сұранып тұрғандығын айта кетуіміз керек. Демек, ең алғаш Абай шығармаларын елге таратушы, жинап, кітап етіп бастырушы, ақын туралы құнды деректер беруші Абайдың айналасындағы ақындар мен өнерлі жастардың абайтану ғылымының іргетасын қалауға қосқан үлесі орасан.
Абай ортасы, оның айналасы туралы әңгіменің де бастау бұлағын ақын жайында айтылған алғашқы пікірлердің астарынан іздеген жөн. Ондай ойдың тұңғыш із көрсетуі Ә.Бөкейхановтың мақаласында қылаң береді. Автор алғаш рет ақынның нағашы жұрты - Қантай, Тонтайлар туралы сөз қозғайды. Қазақ даласы, ондағы қоршаған орта Абайды белгілі би, өз заманының айтулы шешені етіп шығарғандығын тілге тиек етеді. Мақаласында маңына өнер шашқан Абайдың шығарған әндерін Әділханың орындауында естіген автор, Әбдірахман, Мағауиялардың оқып, білім алуына ерекше ықпал жасаған Абайдың ұстаздығы хақында құнды пікірлер келтірілген [11].
Әлихан Бөкейханов – Шәкәрім мұрасына алғаш баға берушілердің бірі. Мұның екі себебі бар. Біріншіден, Шәкәрім жинақтары 1911 жылдан бастап кітап болып жұртшылыққа таныс болса, екіншіден, Шәкәрім - Абайдың туыс інісі ғана емес, оның ізін басқан шәкірттерінің ішінде білімі тереңі, ақындығы зоры. 1913 жылы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деген мақаласын жарияласа [12], 1915 жылы «Қалқаман-Мамыр (Шәкәрім)» деген мақаласы жарық көрді. Мақалада: «Абай барда таласып ақындық қылып, жарыққа шықпай, көлеңкеде жүре берген» [13] Шәкәрім мен Абай арасындағы өлең үндестігі сөз болады. Аса жақын араласқан Кәкітай Ысқақұлы дүниеден өткенде де Ә.Бөкейханов «Қазақ» газетіне көлемді мақала жариялайды: «Кәкітайды жасынан сүйіп, Абай қасына ертіп баулыған. Абай қасында жүріп, школ көрмей Кәкітай орысша оқу, жазу білген. Абай білетін Европа писательдерімен Кәкітай да таныс, оқыған еді» [14] ,- деген Бөкейханов пікірінің ар жағында Абайдың әдеби ортасы тақырыбының сұлбасы байқалады.
Абай ортасы, әулеті турасында сонау 1915 жылы ғылыми пікір білдірген талантты қазақ оқымыстыларының бірі - Сабыржан Ғаббасов «Тарих қазақ жайынан» деген мақаласында Құнанбай, Абай, Шәкәрім жайынан сөз қозғап, оларға аса жоғары баға берді. «Марқұм Құнанбай мырза өте ақылды, сабырлы, хақлық сүюші, ғылым, мағрифатқа құмар, Қарқаралы атырабында бастап хаж етуші, бек дана бір зат еді. Баласы марқұм Абай Құнанбай мырзаның кім екенін жұртқа білдірді» [15, 65-б.] ,- деп баспасөз бетінде алғаш Құнанбайға әділ баға берілген мақалада Құнанбай, Абай, Шәкәрімдермен үзілмей жалғасқан ұлағатты ұрпақтың игі ісі мен ел алдындағы абройы құрметпен сөз болады.
Абай туралы ғылыми пікірлер ақын дүниеден өткеннен кейін барып молайды. Себебі, көзі тірісінде атақты болған ақынның дүниеден өткен соң есімі мәшһүрленіп, өлең-сөзінің қасиеті арта түсті. Қазақ баспасөзі Абай туралы жазды. Қазақ және орыс тілдерінде бүгігі таңға дейін жарияланған мақалалардың барлығына шолу жасау мүмкін емес болғандықтан, біз тақырыптың аясынан шықпай Абайдың әдеби ортасы, оның айналасы деген мәселенің зерттелу жолын сүзіп, бүгінгі күн талабы тұрғысынан баға беруді мақсат тұттық.
Алғашқылардың бірі болып Абайды жоқтап, мақала жазған ұлтжанды ақын М.Дулатұлы. 1908 жылы Татар тілінде шығатын «Уақыт» газетінің 322 санында және ақынның дүниеден өткеніне 10 жыл толуына орай 1914 жылғы мақалаларында Абай есімінің, оның мұрасының халыққа танылмай жатуына қынжылыс білдірген М.Дулатұлының: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар. «Бірінші ақынымыз» деп қабырын халқы жиі-жиі зират етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар» [3] ,- деген бір ғасыр бұрын айтқан арман-сөзін, данышпандық ой-пікірін Абай туралы айтар сөздің алдында дем сайын келтіріп отырсақ артық болмас.
Абай туралы деректерді Ә.Бөкейхановқа табыстаушы Кәкітай Ысқақұлы 1909 жылы Абайдың жинағын шығарып, оған көлемді мақаласын қосты. Әуезов аса жоғары бағалаған мақала, сөз жоқ, Абайдың өмірбаянын жазуға бірден-бір негізгі дереккөз (источник) болды. Өйткені, Кәкітай – туысы ғана емес, Абайдың қасында жүріп, талапты шәкіртіне айналған ең жақын адамдарының бірі. Абай туралы көрген-білгенін осы мақалаға сыйғызып кетпесе де, бұл құнды еңбек абайтану ғылымының бастау бұлағы ретінде маңызын жоймақ емес. Мақалада Құнанбайдың елден асқан ерекшелігіне тоқтала келіп: «...халыққа ауыл басы молда ұстатып, қадари хал ғылымның жолын көрсетіп, үлгі салған. Өзге жұрт орыстан баласын жасырып жүргенде, балаларына орысша оқу оқытты» [16, 17-б.] ,- деп Құнанбай Өскенбайұлының қасиетін паш етіп, әкенің Абайға рухани ықпалы деген мәселенің шетін шығарушы Кәкітай болды. Қалжың сөздің шеберлері Абайдың нағашылары - Бертіс би тұқымы да Кәкітай назарынан тыс қалған жоқ. Осындай ортада тәрбиеленген Абайдың өзі қалыптастырған ортасы турасында былай дейді: «Абай жазған өлеңдерінен басқа, әншейін отырғанда, көбінесе, өзінің қызықты көріп, көңілі рахат болатын сөзін ұғар деген бала-шағасы уағайры жаңа талап, байыпты жас жігіттер ортасында, өзге ел сөзі, шаруа сөзі сөйленбей, өзінің білгенін, сезгенін айтып, адамның адамшылығы қандай мінезбен түзеледі, ғылымды қалай іздеуге керек, өмірді қалай кешірсе жөн болады, бұрын қандай ғалымдар өткен, олардың айтқан сөздері қандай, әйтеуір не түрлі насихатпен болсын жастарға ғибрат болып, адамшылығы түзелер деген сөзді айтып отырушы еді, бұл уақытта бір адам әншейін шаруа жайынан, ел жайынан сөз сөйлесе бек ренжіп ашуланып қалушы еді. Қанша халық надан болса да Абайдың насихатын көп тыңдап, қасында болған жігіттер өзгелерден бір түрлі медреседен оқыған ғылым жолындағы кісі сықылды әр нәрсенің жөнін біліп, жаман жақсыны көп айырып, надандықтан көп шығып қалушы еді» [16, 22-б.]. Абайдың ақындық айналасы, оның ішінде әдеби мектебі туралы алғашқы толымды ойдың қайнар көзі деуге болады бұл пікірді. Абайдың ұстаздық қарекеті туралы автор ойының түйіні - Абайдың алды - сөздің тура мағынасында өнер-білімнің мектебі де, Абай - сабақ беруші ұстаз, алдындағы сөз ұғар жас талап - шәкірттері. Сабақты бөтен сөзбен бөлген адамға ұстаз назары қатты. Кәкітай жазбаларында Абайдың ақындық өнерге баулу үстіндегі қам-қарекеті айқын көрінеді. Өзінен кейінгі жастарға өнер-білімді үйретуді Абай «ең қызықты өмірім» деген екен. Кәкітайдың зор еңбегі – Абайдың алғашқы жинағын шығаруы. Жинақты Кәкітай жалғыз шығармаған. Абайдың баласы, әрі шәкірті – Тұрағұл Құнанбаевпен бірге дайындаған. 1915 жылы қазанамада Ә.Бөкейханов былай дейді: «Оригинальные сочинения Абая и его переводы из Пушкина (Отрывок из «Евгения Онегина»), Лермонтова и Крылова собраны его сыном Туракулом и в непродалжительном времени будут изданы Семипалатинским Подотделом им. Р.Географ. Общества под редакцией А.Н.Букейханова» [11, 27-б.].
Кеңестік заманда Тұрағұл «халық жауы» ретінде қараланған себепті жинақтың шығарушысы ретінде тек Кәкітай аталып келді. Анығында 1909 жылғы жинақты шығарушы Кәкітай мен Тұрағұл. Кітаптың сыртқы мұқабасында: «Қазақ ақыны Ибрагим Құнанбай ұлының өлеңі. Бастырған: Кәкітай, Тұрағұл Құнанбай ұғландары. Спб., «Восточная электропечатная Н.Бораганского», 1909», - деп анық жазылған. Қалай дегенде де, данышпан ақынның мұрасына қатысты басқа да құнды деректер берумен қатар Абайдың әдеби ортасы, Абай мектебі туралы ең алғаш ой қозғаған шәкірті, әрі туысы Кәкітай Ысқақұлы деп білгеніміз жөн.
1903 жылдан бастап Абай өлеңдерімен таныс боп, ақынмен кездесуге ықылас білдіріп, бірақ кеш қалған қазақ зиялыларының көшбасшысы –А.Байтұрсынұлының 1913 жылы «Қазақтың бас ақыны» деген бүгінгі абайтану ғылымында салмақты саналатын көлемді мақаласы «Қазақта» жарияланды. Абайдың әдеби ортасы, ақындық мектебі туралы нақты айтылмағанмен, «жұрт аузына қараған» Құнанбай мен «күлдіргі шеше тұқымы» туралы сөзін тұжыра келіп: «Заман бұрынғыдай болса, Абай алаштың атақты билерінің бірі болуы шүбәсіз» [17, 24-б.] ,- дейді де Абайды шыңдап, мұндай ақындық биікке көтерген өз заманы, ортасы деген пікір қорытады. Ақын бойындағы шеберлік, сыншылық, білімділігін атай келіп: «Абайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне, Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған» [17, 25-б.] ,- деп Абайдың кейінгіге берген нәрін ерекше атап көрсетеді. Абайдың өлеңге қояр талабын, сыншылығын дәлелдеу мақсатында «Өлең - сөздің патшасы» өлеңін мысалға алып, дәлелдейді. Тек сол кез үшін ғана емес, А.Байтұрсынұлының мақаласы дәл бүгінгі күн үшін де Абайды танушыларға жол көрсетер темірқазық іспетті. Бұл мақала Абай ақындығының құдіретін ұғынып, дана ойларының терең қатпарына үңіле білген шын сөз танушының қарапайым халыққа ақын сөзін ежіктей таныстыра алуымен құнды.
Осы арада айта кетуіміз керек Абай сөзінің құдіретін алдымен таныған, оны жырға қосқан қасында жүрген шәкірттері мен дәстүрін берік ұстанған ізбасар ақындары. Маңайындағы шәкірттердің Абайды жырлауы бөлек әңгіме, ал Мағжан ақынның «Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес» деп басталатын ақын ағаға арнау сөзі, ілтипат-құрметі жалғыз оның ғана емес күллі Абайдан кейінгі ақындық әулеттің сөзіндей. Мағжан - тек Абайды алғаш хәкім деп таныған адам ғана емес, соның әдебиеттегі дәстүрін дамытуда ұстазына аса жақын келіп, ақындық шеберлігі жағынан тетелесе алған ақын.
Алғашқы жинақ Абайдың атын қазақ даласына кеңінен таныта түсті. Ақынның дүниеден өткеніне он жыл толуына байланысты сол кездегі көзі ашық қазақ қыздарының бірі, ірі қоғам қайраткері – Назипа Құлжанова әдеби кеш өткізді. Абайды тануда, ақын есімін елге таратуда Н.Құлжанова өткізген кештің маңызы бүгінге де азық, баға жетпес өнеге. Н.Құлжанова ханым өткізген бір емес екі кештің де Абайға қатысы болуы тосын құбылыс емес. Алғашқы кеш Империялық орыс географиялық қоғамында 1914 жылдың қаңтарында өткен. Бұл туралы М.М. деген бүркеншік есіммен Уфадағы «Ғалия» медресесінің түлегі, ұстаз, журналист, «Қазақша ең жаңа әліппе» (1912) оқулығының авторы, қазақ зиялысы – Мұстақым Малдыбаев «Айқап» журналында жариялаған мақаласында кештің мән-маңызына, мазмұнына тоқтала келіп: «Бұл кешті жасауға ат салысқан Нұрғали Құлжанов, балалары Кәкітай һәм Тұрағұл мырзаның өлеңге, білімге ыңғайы бар деп айтысады. Абай секілді сұңқардың орны бос қалмас деп үміт етеміз. Қазақ шежіресінің негізін құрған, қазірде өлеңмен бірнеше кітаптар жазған ақсақал Шәкәрім қажы осы Абайдың інісі болады» [18, 68-б.] ,- дейді. Бұл пікірден тек Абай ғана емес, ұлы ақынның соңын ала оның ізбасарларының да қатар аталуы - «Абай мектебі» деген тақырыптың ойсұлбалық көрінісінің сол кезден-ақ қауыз жара бастағанының белгісі.
Екінші кеш приказчиктер клубында 1915 жылы 13-ақпанында болған. Алғашқы кештен алған әсер бұл кешке нөпір халықты жинаған-ды. Әдеби кеш туралы сол кездегі «Айқап» журналы (М.М. Қазақша бастапқы ойын), «Қазақ», «Семипалатинский телеграф» газеттері (Киргизский вечер) жазды. Осы әдеби кеште «Қазақ әдебиеті жайынан» атты мәнді баяндама жасаған Р.Мәрсеков қазақтың әдебиетіне тоқтала келіп, Шәкәрім қажының «Қалқаман-Мамыр» шығармасынан үзінді ұсынады. Сөзінің соңында Абайдың қазақ әдебиетіндегі оқшау орнына лайықты баға бере отырып: «Абай марқұмнан бері қарай қазақ әдебиетінің үшінші дәуірі басталды... Абайдан бері һәм одан үлгі алған кейінгі жастарымыздың ыждаһатымен әдебиетіміз түзу жолға түсті» [19] ,- деген пікірінде Абайдың әдебиеттегі дәстүрі мәселесіне қатысты алғашқы ойдың көрінісі бар.
Н.Құлжанова ұйымдастырған екі кешке зейін қойып отырғанымыздың себебін аша түссек, бұл кешті ұйымдастырушылардың, дәлірек айтқанда, осында ойын қоюшылардың басым бөлігі – Абайдың маңайындағы ақын, әнші, күйші шәкірттері. 1914 жылы өткен кештің бағдарламасына үңілсеңіз әнші Әлмағамбет пен қобызшы Берікбай бақсының есімі бізге Абай айналасынан таныс. Әлмағамбет Қапсаләмұлы Абайдың қасында болған шәкірті, әнші, күйші, сол кеште өзі ел арасына таратқан Абайдың «Татьянаның сөзі», «Көзімнің қарасы» әндерін орындайды. Берікбай бақсы Сәтиұлы (сол кезде 80 жаста) қобызымен бақсылық өнер көрсеткен. Берікбай Абаймен замандас, сыйлас адам болған. Құнанбай құрметтеген Көкше еліндегі Шаһар бақсыға осы Берікбай жиен болады. Дәулескер Шаһар қасиетті қобызын бәйгеге қосқан деген де аңыз бар ел арасында. Сол қасиетті қобыз Шаһар бақсының қолынан жиені Берікбайға өтіп, 1914 жылғы кеште ерекше әуенімен жиналған елді баурап алған. Берікбай бақсыдан баласы Сіләмбек арқылы сол құнды қобыз қазірде Семейдегі Абай мұражайында сақтаулы. Берікбайдың бақсылық өлең сарынын М.Әуезов 1927 жылғы «Әдебиет тарихы» еңбегінде келтіреді:
Ал періңмін-періңмін,
Періленген серіңмін.
Қалың бір әйтек ішінде
Аз ауыл бәкең болсам да
Таңдап бір қонған жеріңмін.
Өзім бір деген кісіге
Өзегімді берермін.
Егескен жауым кез болса,
Ауызы бір қанды бөріңмін.
Кекіліктей жорғалап,
Қара бір қаным сорғалап,
Алладан әмір келгенде
Өстіп бір жүріп өлермін [20, 40-б.].
Берікбай бақсының қобызға қосып айтқан көп өлең мұрасының бізге жеткен жұрнағы ғана – бұл.
Бір жылдан кейінгі екінші кеште Абай айналасындағылардан тағы да Әлмағамбет ән айтып, Абайдың өнер сапарындағы жақын серік-шәкірті әнші, скрипкашы, композитор Мұқа Әділханұлы күй орындап, Абай дәстүрін ұстанушы ақын, педагог, драматург – Тайыр Жоматбайұлы ақынның «Қыс» өлеңін оқиды. Бұл көріністер Абайды алғаш елге таныстырушылар да, өлеңдерін жинап, бастырушылар мен оны халыққа насихаттап жеткізушілердің алдыңғы қатарында Абайдың айналасындағы топ, оның шәкірттері тұрғанын айғақтайды.
Абайдың ақындық дарынын байқаған орыс зерттеушілері де ақын мұрасына ХХ ғасырдың басынан-ақ үлкен қызығушылық таныта бастайды. Солардың ішінде ағайынды Белослюдовтардың Абай мұрасына деген қызығушылығы, жанашырлығы ерекше еді. «Белослюдовтың қазақ-татар жазушылары туралы қолжазба метериалдары» [21] деген қолжазба мақала - Абай дәстүрі турасында сөз қозғаған алғашқы еңбектердің бірі. Бұл туралы абайтанушы-ғалым М.Мырзахметұлы: «Зерттеуші Абай поэзиясының әсері туралы күрделі мәселеге байланысты абайтану ғылымына кең мағынадағы Абай дәстүрінің тікелей мұрагерлері болуы деген күрделі мәселені де көтереді... Бұл зерттеу революцияға дейін Абайдың ақындық дәстүрін дамытушылардың кімдер екеніне, негізінен, дұрыс бағдар айтуымен де ерекшеленеді» [22, 64-б.] ,- деген жоғары баға береді.
ХХ ғасырдың басында Абай өмірбаянын орыс тілінде жазып, Мәскеуден шығарған Н.Рамазановтың еңбегін атап өту орынды. Автор Ә.Бөкейханов, Б.Герасимов, Е.Михаэлис деректерін пайдалана отырып, ақын өмірбаянын өзінше түзіп шыққан. Абайдың ұстаздығына ден қойған Н.Рамазанов: «В последние годы Кунанбаев охотно выходил в общение с молодежью. Собрав вокруг себя слушателей, он вел сними беседы на темы: как жить, какие были на свете великие ученые, чему учили, и.т.д. Обо всем говорил он с жаром и увлечением. Советы его не осталось без влияния на молодое поколение. Он назвал время, проведенное с молодежью в беседах, личными моментами своей жизни» [23, 38-б.] ,- деген пікірі әсіресе, орыс оқырмандарын ақын айналасынан хабардар етті.
Абай туралы пікірлер, оның ішінде ортасы, шәкірттері тақырыбындағы мәселе төңкерістен кейін кеңірек сөз бола бастады. 1918 жылы «Абайдың өмірі һәм қызметі» деген мақалада (мақала авторлары Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов) Абай дәстүрі, оның тікелей мұрагерлері турасында былай делінген: «Бұл күнде жұрт Абайдың сөзімен пайдаланып, айтқанын ала қоймағандық – көптің қараңғы, надандығынан. Бірақ Абайдың соңынан ерген, сөздері әсер берген кісілер жоқ деуге тағы болмайды» [24, 140-б.] ,- деген емеурінінде Абай мектебі, Абай шәкірттері деп аталатын арналы тақырыптың жылғасы бар.
Кеңестік идеология тұсында Абай туралы жазылған А.Байтұрсынұлының (1913), М.Дулатұлының (1914) және Мұхтар мен Жүсіпбектің (1918) жоғарыда аталған мақалалары қырағы сынның талауына да ұшырап жатты. М.Қаратаев «Абай тұсындағы ақындар» деген мақаласында: «Алашордашыл ұлтшылдардың Абай мұрасының идеялық бағыты мен көркемдік ерекшеліктерін бұрмалап түсіндіріп, оны өз мақсаттарына ыңғайламақ болған әрекеттері бұл мәселенің тарихи және творчестволық тұрғыдан шешім табуына қырсығын көп тигізді» [25, 120-б.] ,- деп айыптады.
Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің «Екеу» деген бүркеншік атпен жазған «Абайдан соңғы ақындар» [26] деген екінші мақаласы - шын мәнінде Абайдың дәстүрі, Абай мектебі тақырыбына арналған тырнақалды ғылыми мақала. Қазақ әдебиетінің даму кезеңдері, қазақ поэзиясының теориялық, түрлік, көркемдік ерекшеліктерін талдауға ұмтылыс жасалған ғылыми мәнділігімен қоса, Абайдың өзінен кейінгі ақындарға әсері туралы мәселені де алғаш көтерген еңбек. «Абайдан соңғы ақындар» - зерттеушілердің назарында кейінгі тәуелсіздік жылдары ғана жан-жақты қарастырыла бастады. Ғалым Т.Жұртбай бұл мақалаға жан-жақты ғылыми түсінік берген [27, Б. 329-343]. Сол себепті мақалаға толық тоқталмай, Абайдың әдеби ортасы, оның ішінде Абай дәстүрі, ақын шәкірттері мәселелеріне көңіл аударсақ, бұл мақала – «Абайдың өнері һәм қызметі» мақаласының заңды жалғасы. Абай поэзиясының деңгейінде болмағанмен, қазақ әдебиетінде соған аса жақын кеп, дәстүрін жалғастырған М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлы, С.Торайғырұлы, Ахмет Мәметов, А.Байтұрсынұлы, С.Дөнентаев, Шәкәрім, Б.Өтетілеуовтердің шығармаларына тоқталып, жоғары талаппен сын тезіне алады. Өлеңші мен ақын арасын айырып бере алған сын мақала бүгінгі әдеби сынға да сабақ боларлықтай. Абайдан кейінгі ақындарды оның ақындық деңгейіне салған қатаң талғамның ар жағында дана ақынның қалыптастырған поэзиядағы әдеби дәстүрін шын мәнінде жалғасыра аларлық сөз иелерін іздеу, нағыз дәстүр жалғастырушыны, һәм дамытушыны айырып беруге ұмтылыс бар.
Осы мақаладан кейін Абайдың әдебиеттегі дәстүрі деген мәселе жиі айтылып, ақынның ұстаздық өнегесі, тәрбиелеушілік қарекеті бөлініп атала бастады. «Абай» журналында Абайдың кейінгі ақындарға әсері деген мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Журналды шығарушы Ж.Аймауытов пен М.Әуезов болса, «Журнал туралы» деген беташар мақаласында Ж.Аймауытов: «Абай жалғыз ғана ақын (литератор) болды деуге болмайды. Әдебиетімізге де негіз салған Абай, адамшылық, тәрбие, ғылым, өнеркәсіп деген сөздерді терең ойлап, тексерген де Абай… Абайды қай жөннен болсын ұстаз қылып, бетке ұстап, жастар шәкірт болып, соңынан жүруге талаптанғандығын көрсетеді. Қазақта қашаннан білгіштің соңынан ергіштік береке бар. Оқыған зиялыларымыз да, оқымаған саңылаулы адамдарымыз да Абайды үлгі қылмайтыны жоқ» [28, 4-б.] ,- деп, әдебиеттегі Абайдың ұстаздық ұстанымдарын баса көрсетті.
Ақын өлеңдерінің ішкі идеялық мәнін ден қоя зерттеп, оның заманымен қабыстыра талдау жүргізген татар зерттеушісі А.Сағди Абайдың өскен ортасы, оның ақынға әсері туралы төмендегідей құнды ой айтады: «Абайдың һәм барлық қазақ халқының отырған орны, қонып жүрген шеті көрінбес кең шөлдер, меңіреу үнсіз далалар болғандығы белгілі. Абай, міне, сол заманда, сол елдің ішінде сондай тіршілік орындары, сондай табиғат орындары ортасында туған, сонда өскен, бар өмірін сонда жасап, сонда өлген бір кісі. Кісіге сол ел, сол тұрмыс қандай әсер, қандай ғибрат бере алса, Абай да сол бізге өзі арқылы өлеңдерімен соны береді. Сол тұрмыстан алған жүрек толқындарын шығарады» [29, 6-б.] ,- деген пікірінде ақынға әсер еткен өз ортасының, айналасының әсер-ықпалына ерекше екпін түсіруі аңғарылады. «Абайдың өлеңдерінің табиғатын һәм ішкі рухын ашық тексеру үшін демесін беретін» сегіз негізгі мәселені атағанда, соның ішінде, ақын айналасына қатысты «... 6. Абайдың қазақ арасындағы ел ақындарымен қатысы болды ма, болған күнде олардың шығарған өлеңдеріне еліктеді ме? Еліктеген болса, олар қандай ақындар еді? Қандай типтегі кісілер еді? 7. Абайдың қазақ арасындағы дайым қатынас жасаған ел адамдары, пікірлес замандастары кімдер болған? Олар қандай табиғаттағы адамдар еді? Бұлардың Абайға қандай әсерлері болды? 8. Абайдың үй-жамағатымен, тұрмыс жүзінде әйелдерімен қандай байланысы бар еді?» [29, 11-б.] ,- деген зерттеушінің сауалдары біз сөз етіп отырған ақындық орта мәселесін сонау 1923 жылы-ақ көтергендігін айқындап тұр. Мақаланың құндылығы сол – автор Абай өлеңдерін тексергенде оның өскен ортасы, заманымен, өмір фактілерімен байланыстыра алып талдауында.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Абайға қарсы айтылған ой-пікірлер келе-келе ақынның өз басынан сырғып, абайтану саласының социалистік идеологияға тар келетін Абайдың әдеби айналасы деген тықырыпқа ауысты. Абайдың өлең-сөзінен мін таппаған солақай сын ақынның шыққан тегіне соқтықты. Абай даналығының, кемеңгерлігінің бір қыры – оның қалыптастырған ақындық мектебі, әдеби айналасы аяусыз қараланды. «Қасына шәкірт жинап, ақындық мектеп қалыптастыру әлем әдебиетін айналса таптырмаған үрдіс, қазақ сияқты қараңғы елдің ақынына қайдан біткен өнер»,- деген сипаттағы астамшыл, шовинистік пікірлердің негізінде Абай мектебіне деген шабуыл тұтанып, ұлтшылдықтың желеуімен абайтанудың осы бір арналы саласы қатты жазалана бастады.
Осы жылдары Абайды таптық тұрғыдан бағалау басты міндет болып саналып, сол аранға С.Мұқанов та қосылып кетіп [30], соңын ала І.Қабылов [31], А.Аршаруни [32] дегендер дауды үрлеп, өршітіп жіберді. Кейінгі автор Абай жолын дамытушылар – Ахмет, Міржақып, Шәкәрім тағы басқа ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің ірі өкілдерін ұлтшыл, панисламшыл деген мәселені көтерді. Бір сөзбен айтқанда, 20-30 жылдары Абай тұлғасы таптық тұрғыда танылып, оның айналасы, шәкірттері жаппай қараланды.
Сол кездегі жаттанды ой, социалистік қалыпқа түскен көзқарастардан ада, Абай мен оның дәуірін қосақабат қарастырып, көкейкесті пікір түзген М.Әуезов пен Қ.Жұбановтың мақалалары болды. М.Әуезовтің 1933 жылы жазған Абайдың тұңғыш өмірбаянында ақынның әдеби ортасы алғаш рет кең көлемде сөз болады. Кеңестік танымның таразысына тартылып, түзетулер мен қысқартулар көрген мақаланың әуел бастағы (1933 жылғы) қалпында Әуезов сөзді әріден Ырғызбай, Өскенбайлардан бастап, Абайға тікелей әсер еткен әкесі Құнанбай туралы кеңірек мағлұмат берген. Құнанбайдың ел ішіндегі іс-қимылдарына, мінезіне, кейінгіге қалған қанатты сөзіне жіті мән берген Әуезовтің: «Бұл сөздің басын Абайдың жайы деп алып, Құнанбай жайлы көп танытып айтып кетсек, солай болуына себеп болып отырған да осы міндетті көп ойланғандық. Өйткені Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім екенін білу де қиын» [33, 13-б.] ,- деген пікірі, көп жылдар өтіп, еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ғана абайтану ғылымының құнды бір қанатты сөзіне айналды. «Абайдың туысы мен өмірі» мақаласы - Әуезовтің ұзақ уақыт ізденіп, деректер жинап барып, Абайды тек ақындық жағынан ғана емес, туып-өскен ортасынан үзік шыққан біртуар тұлға ретінде толық танытқан ғылыми көзқарастарының жиынтығы. Тек Құнанбай ғана емес, Абайға туыстық жағынан жақын орта – оның сөзге шешен, тілі өткір, сайқымазақ нағашы жұрты, Ұлжан аналар болса, сондай-ақ, ел ішіндегі Қаратай шешен, Шорманның Мұсасы сияқтылармен сөз жарыстырып, топқа түскен шақтары Абайдың өсу жолындағы мәнді бір кезеңі ретінде сөз болады мақалада. Мұхтар Әуезов «Абайдың ұстаздығы» деген мәселені сөз ете келіп: «...Осы жылдан бастап Абайдың білімі мен өсиетіне құмар болған, ел ішінің көзі ашық жастарына Абайдың ауылы Үлкен білгіштіктің медресесі сияқты болды. Абай ұстаз да, сөз ұғатын ынталы талапты жастардың бәрі – шәкірт. Абай іні, бала, ағайындарына мағыналы тәрбиеші бола бастайды» [33, 36-б.] ,- дейді. Ең алғаш рет Абай мектебі, Абай шәкірттері деген ұғымдарды қолданған Әуезов, Абайдың төңірегіндегі ізбасарлары Көкбай, Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Әсет, Әріп, Уәйістер туралы қысқа да болса деректер ұсынып, олардың Абаймен байланысын шын мәніндегі ұстаз бен шәкірт арасындағы құбылыс ретінде қарастыруы – қазақ әдебиетіне Абайдың ақындық мектебі, ақын шәкірттері деген ұғымды әкелді. Демек, Абай ортасынан өсіп-өнген мектебі, ізбасар шәкірттері деген ұғым Әуезов арқылы 1930 жылдары әдебиеттен мықтап орын алды.
Абайдың айналасындағы шәкірттері мен Әуезов арасындағы байланыс әріден басталады. Шәкәрім, Көкбай, Тұрағұл, Кәкітайлармен таныс-біліс қана емес, аса жақын сырлас болған Әуезовтің Абай тақырыбын игеріп, өз дәрежесінде әдебиетке әкелуіне осы адамдардың көмегі ерекше болғандығын баса айтуымыз керек. Жалпы Абай шәкірттері және М.Әуезов деген тақырып М.Мырзахметұлының тарапынан зерттеу нысанына алынды. Әйтсе де, зерттеуші саяси қысымның салдарынан ғылыми көзқарастарын сарқа жеткізе алған жоқ. Көкбаймен, Шәкәріммен рухани байланыста болған Әуезов дәл осы өзі көп білген, жақын араласқан ең талантты адамдар туралы не ғылыми еңбектерінде, не әйгілі романында жаза алмады. Абайдың 100 жылдығына келген М.Әуезовке Көкбайдың ақын қызы Қалыш Көкбайқызының:
Есен-сау, аманбысың бауырым Мұхтар,
Жүруші еді бір көрсем деп тәтең құштар.
Әлемге болды мәлім Абай ағаң
Қалмасын жаратылмай өңге тұлпар,-
деген аналық назына, Мұхтар:
-Тәте, қазір қазақ әдебиеті Абай шәкірттері хақында «Абайдың ақындық мектебі» дегенді қолға алып жатыр. Абай ақын шәкірттерінің алдында Көкең тұрмақ. Асықпай, шыдай тұрыңыз. Бәрі өз кезегімен келеді ғой,- депті [34, 257- б.]. Алайда, Абай шәкірттерінің мұралары араға жарты ғасырдай уақыт салып барып қана ақталды.
Әуезовтің редакторлығымен 1925 жылдың наурыз-маусым айларында төрт саны шыққан «Таң» журналында Абай шығармаларымен қатар Көкбай ақынның жинауынан ақын-жырау, билердің өлең-сөзін жариялануы, Шәкәрімнің журналдың шығуына ақ жол тілеп, ән-өлеңмен байғазы жолдауы - Мұхтармен арадағы жақсы қарым-қатынастың жарқын үлгісі. Абай туралы монографиясының түптелген қолжазбасынан жыртылып алынып, бертінге дейін жарыққа шықпай келген «Көкбайдың ақындығы» деген мақаласы - Абай шәкірттерінің ішінде арнайылап жеке-дара тоқталған алғашқы мақала еді. Абай шәкірті ретінде Көкбайдың қысқаша ғылыми шығармашылық өмірбаянын түзген ғалым сөз соңында Абай шәкірттері ретінде Ә.Тәңірбергенұлы мен Ә.Найманбайұлы туралы қысқаша мәлімет береді.
К.Жанатайұлы дүниеден өтер-өткенше байланысын тоқтатпаған Мұхтар Көкбайдың абайтануға қосқан үлесін айқындап кетті. Ал, Шәкәрім мен Мұхтардың байланысы туралы ғалым А.Еспенбетов былай дейді: «Шәкәрім мен Әуезов бір Шыңғыстың тумасы, ағайын-туыс қана емес, рухани жағынан аға-іні. Терең тарихты ақтарып «Еңлік-Кебек» оқиғасының желісімен бірі поэма, екіншісі драмалық шығарма жазған. Творчестволық сайысқа түсіп ой жарыстырып, сұлу сөздің інжу-маржан үлгісін жасауға жетіскен. Шәкәрім (1858-1931) мен Мұхтар Омарханұлы (1897-1961) жас алшақтықтарына қарамай ғажайып сыйластық қарым-қатынаста болған» [35, Б. 51-52].
Шәкәрімнің М.Әуезовке рухани әсері өте күшті болғанын енді ғана айтып жүрміз. Ахат Шәкәрімұлы әкесі туралы мақаласында былай дейді: «Мұхтар әкеймен жиі әңгімелесетін. Қыста да Мұхтар мен арқылы әкейге хат жазып, керекті сұрақтарына жазба түрде жауап алып тұратын. Кейінде Мұхтар марқұм айтатын: «Сол кезде Шығыс әдебиеттеріне Шәкәрімдей жүйрік адам көргем жоқ. Шығыс әдебиетіне берілуіме себеп болған ұстазым Шәкәрім!»,- деп» [36, 20-б.]. Әуезов Көкбай мен Шәкәрім туралы таптық идеология бас көтермей тұрған кезде біраз дүниені айтып үлгерді. Абайдың дүниеден өткеніне 30 жыл толуына байланысты 1934 жылы «Абай ақыдығының айналасы» деген мақаласында Абай шәкірттеріне арнайы тоқталды. Алғаш рет Абайдың әдеби ортасын құрайтын қазақтың төл әдебиеті, Шығыс және Батыс (орыс) әдебиетінің әсерін ғылыми тұрғыда терең білімділікпен зерделеп берген М.Әуезов: «Енді бұл уақытқа шейін ақынның айналасы деген тақырыпты сөз қылғанда біз өзіне әсер еткен жайларды, өз қорына құйылған салаларды алып келдік. Бірақ, ақындық айналасы Абайдың өзі алған нәрді санаумен түгелденбейді. Екінші қатарда тұрған тағы бір алуан мәселе – Абайдың өзгеге берген нәрі турасында» [37, 19-б.] ,- деп, Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері қатарында Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім ақындардың мұраларына қысқаша шолу жасайды. Сондай-ақ, М.Әуезов: «Бұл мәселеде біз Абай ақынның төңкеріс алдында, не төңкерістен бергі қазақ ақындарына еткен әсерін айтпаймыз. Ол айрықша ұзақ талдауды керек етеді. Бергілер және дәл айналасы деген тақырыпқа сия да қоймайды» [37, 19-б.] ,- деп Абай дәстүрін жалғастырушылардың ішіндегі Абайдың тікелей қасында болған ақын шәкірттерді даралап алып, осы екі ұғымның ара жігін ашып көрсетеді. Мақаланың мақсаты айқындағандай дәл осы уақыттан М.Әуезов Абай мектебі тақырыбына мықтап ден қойып, бұл мәселені абайтанудың іргелі бір саласы ретінде қарастыра бастағаны байқалады. Тіпті осы мақала «Поэтическое окружение Абая» деген атпен орысшаға аударылған да. Тек, ұлтшылдықпен күрестің қызған уақытына тап келіп, баспа бетін көрмей, жазушының мұрағатында сақталып қалған [38, Б. 1-23].
1936-37 жылдары Абайдың туғанына 95 жыл толу қарсаңында жасалған «План биографического тезиса о гениальном казахском поэте-основоположнике казахской письменной литературы Абае Кунанбаеве» деп аталатын сегіз тараудан тұратын жоспар-тезистің жетінші тарауы: «Классическая поэтическая школа Абая», - деп аталып, онда: «знаменитые ученики Акылбай, Магавья, поэты-писатели Кокбай, Аубакир, Арип, Турагул, Абсалык и др. и их романтические и исторические поэмы: «Медгат-Касым», «Дагестан», «Зулус», «Загира», «Аблай», «Енлик-Кебек», «Калкаман-Мамыр» [5, 89-б.] ,- деген аннотациядан біраз нәрсені аңғаруға болады.
Отызыншы жылдары М.Әуезовпен қатар Абай тақырыбында салиқалы ой түйген ғалымдар некен-саяқ болса да бар десек, сол кездегі стандартты ойлардан ада, шын мәнінде Абайды қазақ әдебиетінің классик ақыны ретінде көрсете алған Қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты мақаласы болды. Абай мұрасына «Түзу келіп», «ішін көрген» іргелі еңбектің басқа құндылықтарымен қоса, автор Абайды оқшау күйде алмай, Шағатай әдебиетімен, қазақтың төл ауыз әдебиетімен байланыстыра қарастырады. Бұл мәселе Қ.Жұбанов тарапынан дер кезінде қолға алынғанымен, кеңестік кезеңде жабық тақырыптардың бірі ретінде тасада қала берді. «Абай және халық әдебиеті» деген бөлімінде Абайға әсер еткен халық әдебиетінің үлгілері, Абайдың өзіне дейінгі өлең-сөзге, ақындарға берген бағасы, сыны алғаш рет Қ.Жұбанов тарапынан кең түрде сөз болады. Өзінің алдындағы әдебиет үлгілерін сынай отырып, жаңа көркемдік биікке шырқаған Абайдың сөз кестесі жайында пікір қорыта келіп ғалым: «Бұлайша ескіні жаңаға ұштастырып жан бітіру үлкен шеберлікпен ғана болатын іс. Абайдан біз осы ірі шеберлікті көреміз. Абай ақын болғанның үстіне ескі мәдениет мұрасын дұрыс пайдалана білген ақын» [39, 30-б.] ,- деген пікірінде Абай мен оның алдындағы әдебиет арасындағы рухани байланыстың көздерін аңғарту бар. Абай шығармашылығын оның әдеби ортасымен байланыстыра қарастырған Қ.Жұбановтың зерттеу-мақаласы кейінгі абайтанушылардың Абай мұрасын тарихи-салыстырмалы тұрғыда зерттеуіне мұрындық болды. Тілші ғалымдардың ішінде Абайдың әдеби ортасына ерекше мән берген ғалымдардың бірі Р.Сыздықова қазақтың жазба әдеби тілі, оның ішіндегі Абайдың орны деген мәселелерді зерттеуде ақынның тілін жеке-дара алып қарамай оған дейінгі және соның заманындағы әдебиет өкілдерінің тілімен салыстыра қарап, бір себептен Абайдың өмір сүрген дәуірі мен ортасы мәселесін қамтып көрсете білді [40].
Сонымен, 1920-30 жылдардағы әдеби сын Абайды «байшыл ақын» деп танып, оның мұрасынан үзілді-кесілді бас тартса, 1930-жыдардың екінші жартысында Абайдың қуаты күшті поэзиясы кеңестік сынның сыңаржақ пікіріне бой бермей, ақыры Абайды классик ақын ретінде «социалистік әдеби қоғам» қабылдауға, мойындауға мәжбүр болды.
Қырқыншы жылдардың басында Абай мектебі деген күрделі тақырыпқа Әуезовтің кеңесімен Қ.Мұхамедханұлы араласты. Жетекшісінің тапсырмасы туралы бір әңгімесінде Қайым былай дейді: «Абайдың ақын шәкірттері Ақылбайдың, Мағауияның, Көкбайдың, Тұрағұлдың тағы басқаларының өлең-жырлары, дастандары түгел жиналған жоқ. Осыларды жинап, зерттеп, жазу жұмысын қолға алуың керек,- деп, тағы басқа істелуге тиісті жұмыстарды нақтылап атап-атап айтты» [41]. Қ.Мұхамедханұлы - абайтану саласында әлі тоң болып жатқан тақырыпты қолға алып, Абай шәкірттері шығармаларының зерттеліп, жарық көруіне бірден-бір себепкер ғалым. 1940 жылы Абай балалары – Ақылбай, Мағауия [42], Әубәкір Ақылбайұлы [43], сондай-ақ, Әріп Тәңірбергенұлы [44] сынды ақындардың өмірі мен әдеби мұралары Мұхамедханұлы тарапынан алғаш рет кең түрде зерттеле бастады. Шәкәрім, Көкбай, Тұрағұл сияқты сол кезде «ұлтшыл ақын» атанғандардан басқа шәкірттері Қ.Мұхамедханұлы зерттеулерінің арқасында ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы әдебиеттің өкілдері қатарына кірді. Демек, Абай мектебін тар мағынада алып қарастыру, яғни айналасындағы тікелей қарым-қатынаста болған ақындармен байланысты зерттеу М.Әуезов, Қ.Мұхамедханұлының пікірлерінде айқын көрінді.
Қ.Мұхамедханұлымен қатар Абай мектебі тақырыбына сол кезде Е.Ысмайлов [45], Ғ.Сералиев [46], Ә.Тоқмағанбетов [47], М.Сильченко [48] сынды зерттеушілер назар аударып, өз пікірлерін білдірді. Абай мұрасы туралы орыс тілінде еңбек жазған ғалым М.Сильченко «Абай» атты монографиясының «Абай-ага» тарауын ақын шәкірттерге арнады [48, Б. 76-81]. Өзіне дейін жазылған ғылыми еңбектер мен естелік, деректерді арқау еткен бұл еңбектің жетістігі - Абайдың әдеби ортасын орыс оқырмандарына таныта түсуімен құнды. Абай маңындағы өнерлі жастардан - Әбдірахман, Мағауия, Ақылбай, Көкбай, Бейсенбай, Баймағанбет сынды Абай шәкірттеріне тоқтала келіп: «Напряженно и продуктивно протекал день Абая. И будучи для окружающих образцом неустанного искания знаний, Абай являл примеры чуткого и заботливого воспитания и передачи этих знаний всем, кто общался с ним» [48, 80-б.] ,- деп Абайдың ұстаздық өнегесін айрықша атап көрсетеді. Алайда, зерттеушінің кейінгі «Абай - классик казахской литературы» (Стенограмма публичной лекций) [49] деген еңбегінде Абай шәкірттері туралы сөз болмайды. Өйткені, өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының соңындағы Абай айналасына жасалған әдеби қысым тек М.Сильченконың ғана емес, жалпы бұл тақырыптың зерттелуін ауыздықтады.
Ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында абайтану ғылымы айтарлықтай серпіліс жасағаны аян. Ортасы, шәкірттері, мектебі тұрмақ Абайдың өзін зорлықпен мойындап отырған тоталитарлық жүйені бұзып-жарып өте алмасын білген Әуезов Абай ортасы тақырыбын көктей шолып, «Абай мектебін» әдебиет тарихында қалдыруға тырысты. Мерейтой алдында түзген орыс тіліндегі «Кем был Абай?» деген он бес бөліктен тұратын тезисінің төртінші бөлімінде Абайдың әдеби ортасы: Біржан, Әсет, Дулат, Шортанбай, Шөже, Балта, Кемпірбай... Әйелдерден Ажар, Тоғжан, Қуандық, Сараларды атаса, тоғызыншы ой-үзігінде шәкірттері, мектебіне қатысты «Медғат-Қасым», «Қозы-Көрпеш», «Дағыстан», «Зұлыс», «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» сынды шығармаларды тізген [5, Б. 82-83]. 1943 жылы 8 шілдеде Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында Абайдың 100 жылдық мерекесіне дайындық туралы кеңес болып, Әуезовтің арнайы хабарламасы тыңдалды. Болашақта өткізілетін сессияда М.Әуезов тағы төрт ғалыммен бірге (Мұқанов, Жұмалиев, Тәжібаев, Сильченко) «Абайдың әдеби мектебі» деген тақырыпта баяндама жасайтынын атап көрсетеді. Бұл туралы кейіннен баспасөз бетінде де жазылды [50]. Тоғыз бөліктен тұратын арнаулы тезисте болашақта кең сөз боларлық Абайдың әдеби ортасы, ақындық мектеп, ақын шәкірттері деген бауырлас ұғымдарға қысқаша түсінік берілген. Өмірінің соңғы жылдарында аса ден қойып айналысқан Әуезовтің бұл ой-түйіндері кейіннен саяси қысымға қарамастан ұстазының ізін жалғастырған Қ.Мұхамедханұлы ғылыми еңбегінің негізгі мақсатын айқындады. Тезистің қорытындысына назар аударайық: «Абай – классик не только широтой диапазона его собственного творческого наследия, но и тем, что он обогатил литературу своей эпохи, способствовал огромному росту литературной культуры поэтов-современников. Создав свою поэтическую школу, он еще теснее и прочнее связал дальнейшие пути казахской литературы с классической русской литературой» [5, Б. 99-100] ,- деген пікірінде ақын Абайдан басқа, екінші бір ұстаз Абайды тануға, оның мектебін зерттеуге үндеу жатқандай.
Қ.Мұхамедханұлының 1945 жылы баспасөз бетіне шыққан «Абайдың әдебиет мектебі» мақаласы болашақ үлкен де, маңызды зерттеуінің іргетасы еді [51]. Мақалада Абайдың ұстаздық қарекетіне тоқала келіп автор шәкірттерді төрт топқа бөліп қарайды. Европа ақындарының үлгісімен терең сезімді махаббат, өршіл сарынды уақиғалы дастандар жазатын Ақылбай, Мағауиялар, екінші қарасөз, аударма, көңіл күйі қысқа өлеңдер жазатын Кәкітай, Тұрағұлдар, үшінші қазақ өмірінен тарихи өлең, жырлар жазып, ауыз әдебиеті саласынан айтыс, кенеттен шығарып қолма-қол айту дәстүрін ұстанған Көкбай, Әріп, Иманбазарлар, төртінші әзіл, мысқыл, ащы тілді әжуа өлең шығарушы Әубәкірді атап көрсетеді [51]. Әрине, Абай шәкірттерін жазған мұраларының тақырыбына қарай жіктеу сол кез үшін айтарлықтай ғылыми мәнді болғанмен, тым шартты еді. Өйткені, Көкбай, Әріптердің қисса-дастан жазғанын да ескерсек, бұлар бірінші топтағы ақындарға да жақын тұр. Әзіл-әжуаға құрылған өлеңдер Әубәкірден басқа ақындардың мұраларында да орын алған. Аты аталған ақындардың шығармашылығына кең түрде тоқталуымен қатар мақаланың құндылығы – Абай ортасын құрайтын әншілер Мұқа, Әлмағамбеттер, ертегіші Баймағамбет, Абай тұсында өмір сүрген Байкөкше ақын, Бейсенбай Жәнібекұлы сынды өнерлі топ өкілдерін алғаш сөз етіп, Абай ортасының қазақ сахарасындағы зор мәдениет ордасы болғандығын ғылыми тұрғыдан бекіте түскендігімен айқындалады.
Қ.Мұхамедханұлы Абайдың ақындық мектебі жайлы ізденістерін жинақтап, жүйелеп 1951 жылы кандидаттық диссертация ретінде қорғады [52]. Осылайша Әуезовтің жетекшілігімен Абай мектебі ғылыми тұрғыда дәлелденді. Бірақ бұл тақырып тек абайтануда ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінде үлкен дау туғызып, Абай тақырыбына айтарлықтай «зор кесірін» әкелді. Олай дегеніміз Әуезов пен диссертант Қ.Мұхамедханұлы «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбын ғылымда дәлелдегенмен, қызыл империяның тұрпайы көзқарасынан қорғап қала алмады. Сол кезде мұралары әдеби ортаға таныла қоймаған Ақылбай, Мағауия, Әсет, Әріп, Көкбай және диссертацияның қосымша бөлімінде зерттелген Халиолла, Кәкітай, Мұхамеджан, Бейсембай т.б. ақын, әнші өнер адамдарының тағдыры талқыға түсті. Шәкәрім мен Тұрағұл алдын-ала «халық жауы» атанып зерттелу мүмкіндігінен тыс қалды. Кезінде таспаға (стенограммаға) жазылған талқылаудың үзінділері кейіннен баспа бетін көргендіктен, бұл арада қайталап келтіруді жөн деп таппадық [53]. Тек бір ғана адамның сөзіне көңіл аударайық. Қазақ ғалымдары Қ.Мұхамедханұлының еңбегін іске алғысыз еткенде, профессор Усанович деген былай деген екен: «Глубокоуважаемый диссертант не знает меня и не знает, что я не специалист-литературовед, большинство из присутствующих это хорошо знают. Я диссертацию не читал, только очень внимательно прочитал автореферат и позволю попросить слово, чтобы сказать следующее диссертанту: Сейчас очень ответственный и торжественный момент Вашей жизни, потому что Вам приятно будет когда-нибудь вспомнить, что старый ученый, который выпустил несколько десятков кандидатов, ознакомившись с Вашим авторефератом, хочет выразить глубокое убеждение, что Ваша диссертация представляет явление незаурядное, что она представляет действительный вклад в науку» [53, 81-б.] ,- деп ағынан жарылса, орыстың екінші бір ғалымы М.С.Сильченконың: «Работа Каюма Мухамедханова (на казахском языке объемам 318 страниц машинописи и приложения к ней объемом 478 страниц машинописи) является результатом и обобщением длительного и любовного собирания и исследования материала, значительно восполняющего наши представления о литературном процессе конца 19-го начала 20-го века» [54, 298-б.] ,- деген жағымды пікірі тағы бар. Нәсілі басқалардың сол кезде жас диссертантқа берген адал, әділ бағасына сүйсінбеске болмайды.
1951 жылдың 15 маусымында Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және Әдебиет институты мен Қазақстан Совет жазушылар Одағы бірлесіп өткізген «Абайдың әдеби мұрасы мәселесін талқылауға арналған ғылыми айтыстың» тууына дәл осы диссертация себеп болды. Осы әдеби жиналыстың қаулысындай С.Мұқановтың баяндамасы баспасөзде жарияланды [55]. Бұл Абай мектебіне жұмсалған ауыр соққы еді. Абай шәкірттерінің бәрі дерлік «ұлтшыл», «пантюркист», «халық жаулары» ретінде мейілінше қараланды. «Абайдың ақындық мектебі» социалистік әдебиетте жат концепция деп танылып, Әуезов ҚазССР Ғылым академиясының Президиумының мүшелігінен шығарылып, университеттен қуылды. Мұхамедханұлы халық жауы ретінде тұтқындалып, 25 жылға сотталды. Сталин о дүниелік болып, елде «жылымық» орнаған кезде 1953 жылы түрмеден босайды. Бір естелігінде Қайым былай дейді: «Біз атақты Ермұхан Бекмаханов, Есмағамбет Ысмайлов, Бекежан Сүлейменов – төртеуміз айдалдық, артымыздан Қажым Жұмалиев сотталды. Сегіз ай тергеуде жатқанда сегіз тергеушіні ауыстырдым. Алған бетімнен қайтпай қойдым. «Мұхтарды сат, диссертацияны зорлап жазғызды, ғылыми еңбектеріңнен бас тарт, жазаң жеңілдейді» дейді олар. Одан да өлгенім артық емес пе, жалған айтып қайтіп жер басып жүремін». Қайсар ғалымның ұстазға, тақырыбына деген адалдығы осындай еді.
Қанша қағажу көргенмен Қ.Мұхамедханұлы «Абай шәкірттерінен» бас тартпады. Кейінірек, 1959 жылы алғашқы тақырыбын сәл өзгертіп «Абай төңірегіндегі ақындар» (Поэты Абаевской поры) деп диссертациясын қайта қорғады. Өйткені, «Абай мектебі» деген атау кеңестік әдебиеттің қалыбына сыймайтын болды.
1940-50-жылдары Абай тақырыбында елеулі еңбек еткен ғалым Ә.Жиреншин зерттеулерінің бір ерекшелігі - Абай шығармашылығын оның ортасымен мейілінше кең қамтып байланыстыра қарауға ұмтылуымен құнды. Абай туралы, оның орыс зиялыларымен байланысы жайында жазған, ақын шығармаларын құрастырудағы еңбектері, сөз жоқ, абайтануға қосылған қомақты үлес. Десек те, Жиреншиннің Абай туралы жазғандары еш кемшіліксіз деуге келмейді. Ғалымның «Абай Құнанбаев» [56] деген еңбегіне Әуезовтің тым қатал сын айтатыны да бар [57, Б. 309-312]. 1950-жылдардағы Абай мектебіне байланысты социалистік көзқарастағы солақай сынға қосылып: «Әдебиет пен Абай жайындағы ең соңғы айтыстар 1951 жылы июнь айында болды. Бұл айтыста көптеген құнды пікірлер айтылды, сонымен бірге әдебиетте «біртұтас» ағым теориясына әділ соққы берілді» [58, 22-б.] ,- деген біржақты ой айтқанымен, ғалымның жалпы Абай ортасы, Абай шәкірттері деген ұғымға көзқарасы дұрыс болған. Жиреншиннің «Абай және орыстың ұлы революцияшыл демократтары» деген кітабы сол кездегі саяси сынның қылбұрауынан аман қалған жоқ. Тарихшы Ш.Юсупов деген зерттеушінің кітабын «Абай Құнанбаевтың тамаша өмірі мен еңбегіне кір келтірген» [59] деп бағалап, тұрпайы сынның тезіне салып, біршама «кемшіліктерін» тізіп көрсетеді.
Сол кездегі Абай мен оның ақындық мектебіне қатысты өршіген даудың баспасөздегі көрінісіне талдау жасап шығу әңгімені ұзаққа әкетеді. 1951 жылы шыққан «Абайды зерттеудегі бұрмалаушылыққа қарсы» [60], «Қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаевтың өмірі мен творчествосын ғылыми жолмен зерттеу жөніндегі айтыстың қорытындысы туралы» [61], «До конца искоронить буржуазно-националистические извращения в изучении творчество Абая» [62] сияқты бүгінгі оқырманның жанын ауыртатын жалалы да, жаңсақ мақала, қаулыларды атасақ та жеткілікті.
Сонымен, Абай мектебі, Абай шәкірттері туралы атаулардың барлығы әдебиеттен аластатылып, 1950 жылдардың соңына қарай ғана бұл тақырыпты Абай төңірегіндегі ақындар деп атауға зорға қол жетті. Жалпы «Абай мектебі» тақырыбының кеңестік идеологияға сай келмейтін екі үлкен «кемшілігі» бар еді. Оның біріншісі – Абайдың маңайындағы шәкірттерінің бәрі шетінен «ескішіл», «шығысшыл» кейінгі көзі тірілері «халық жаулары» болса, екінші үлкен «кемшілік» - ол Абайдың мектеп қалыптастыруы, яғни ақындық мектеп деген ұғымның бір ғана адамға байланысты аталуы евроцентристік көзқарастарға қайшы келетін еді.
Біраз уақытқа дейін мүлде тыныстап қалған тақырып төңірегінде үлкен зерттеу жүргізген ғалым А.Нұрқатов 1966 жылғы монографиясының «Абай тұсындағы ақындар» деген бөлімінде Абайдың ақындық мектебі мәселесіне көңіл бөле келіп: «Творчестволық тұрғыдан алғанда Абайдың әдеби мектебі болғаны даусыз. Бірақ жоғарыдағы аталған зерттеушілердей оны тек Абай төңірегіндегі ақындармен ғана шектеу ғылыми жағынан жаңсақтық еді. Абай кезіндегі және одан кейінгі дәуірдегі реалистік қазақ әдебиетінің даму жолдарымен тұтас алып қарау шарт» [63, 121-б.] ,- деп Абай дәстүрін тұтас алып қарастырады. Зерттеуші еңбегінің құндылығы – Абай төңірегіндегі ақындар тобы, өнер иелерінің ішінде әлі әдеби қауымға елене қоймаған есімдердің аттары аталып, шығармаларына шолу талдаулар жасалған. Мәселен, Б.Айтқожаұлы, Т.Жомартбайұлы шығармашылығына, Халиолла, Кәкітай сынды тұлғалардың Абай ортасындағы орнына тоқталады. Өнер иелері Мұхамеджан Майбасаров, Әлмағамбет Сексенбаев, Мұқа Әділхановтар аталып, Мұқа скрипкашы мен ақын Әубәкір Ақылбайұлының шығармашылық мұралары зерттеу нысанына алынып, әдеби талдаудан өткен. Абай шәкірттері Әріп пен Әсет шығармашылығының Абаймен байланысына назар аударады зерттеуші. Ақылбай, Мағауия, Әсет поэмаларындағы романтизм мәселесіне тереңірек барған А.Нұрқатов: «...Абайдан үйрене отырып аталған ақындар қазақ поэзиясына тың бағыт романтизм бағытын енгізді» [63, 149-б.] ,- деген қорытынды жасайды.
Абай тақырыбында ғылыми зерттеу жазған ғалым Қ.Жұмалиев 60-жылдары «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі» деген еңбегінде: «Қазақтың ұлы ақыны Абайдың зор еңбегінің бірі – жастарды, әсіресе, болашақ ел өмірімен байланысты ақын-жазушыларды тәрбиелеу» [64, 79-б.] ,- дей келіп, Абай балалары Мағауия, Ақылбайлардың әдеби мұраларын зерттеу нысанына алған. Әсіресе, Мағауия Абайұлының өмірбаянын кең қамтуға тырысқан. Қазақ әдебиеті тарихындағы романтикалық шығармалар жайында айта келіп: «Абайдың шәкірттері Мағауия мен Ақылбайлардың дастандарына дейін бізде сюжетті уақиғаға құрылған романтикалық бір де шығарма болған емес» [64, 112-б.] ,- деген қорытынды жасап, романтикалық поэмалардың тууына тікелей Абайдың ықпалы болғандығын атап көрсетеді. Ғалым келесі бір еңбегінде Абай шәкірттерін ақынның айналасынан ғана іздемей жалпы идеялық жақындық жағынан іздестіру, яғни Абай мектебі деген ұғымды дәстүр жалғастығы аясында қарастыра келіп: «ХХ ғасырдың бас кезіндегі ақындар және совет дәуіріндегі қазақ поэзиясының ірі өкілдері – бәрі де Абай мектебінен сабақ алды, бәрі де сол ұядан ұшты» [65, 368-б.] ,- деген пікірінде Абай мектебін кең мағынада алып отырғандығын айта кеткен жөн. Ақылбай мен Мағауия шығармашылығына тоқталып, Ақылбайдың «Қисса Жүсіп» (Дағыстан), Мағауияның «Медғат-Қасым» поэмасына талдау жасайды. Абай шәкірттері ішінен дәл осы Ақылбай мен Мағауия шығармашылығына ғалым Ш.Сәтбаева тоқталу мақсатын былай деп көрсетеді: «Ақылбай мен Мағауия Құнанбаевтардың творчествосы әдебиеттану ғылымында молынан зерттелсе де, олардың басқа елдер әдеби мұрасымен байланыстары жайы жеткілікті ашылмай келеді» [66, 98-б.] ,- деп Ақылбайдың аяқталмаған поэмасы «Зұлыс», Мағауияның «Медғат-Қасым» поэмаларының қазақ-европа әдебиеттер байланысы тарихындағы өзіндік орнын баса көрсетуді негізгі мақсат етеді автор. Айта кететін бір жайт, арнайы зерттеушілері болмағандықтан, Ақылбай мен Мағауияның ғылымда белгілі шығармалары (поэмалары) ғана зерттеу нысанына алынып, көбіне ақындардың өмірі мен шығармашылығы жайында тың деректер қосыла қойған жоқ. Аталған ақындардың өміріне қатысты деректер сол 1950 жылдардағы М.Әуезов, Қ.Мұхамедханұлының зерттеулерінен арыға бара алмады. Бастысы ақын, ұстаз, әке Абай мен ақын, шәкірт, бала арасындағы рухани байланыс өмірбаяндық деректер арқылы бекітілмегеннен кейін, бұл ақындар тұлғасы толық ашыла қоймады. Байқап отырсаңыз, 1950 жылдардың соңынан бастап Абай ортасы, ақын шәкірттері деген тақырып сөз болғанда Ақылбай мен Мағауия мұралары көбірек назарға ілінген. Бұның негізгі себебі: Абай шәкірттерінің ішінде жастай дүниеден өтіп, «советтік цензураға» ілінбей, «халық жауы» атанбай қалған Ақылбай мен Мағауия шығармалары сол кез үшін «зиянсыз» еді. Екіншіден, Ақылбай мен Мағауия Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Әсеттердей күшті ақын болмағанымен, жаңаша жол бастап қазақ әдебиетіне романтикалық поэма жанрын әкелген, сондай-ақ Абайдың нұсқауымен тың тақырып - жат жұрттардың тағдырын поэмаға желі еткен жаңашыл ақындар ретінде бағаланды және әлі де сол дәрежеде қала бермек.
Абайдың әдеби ортасы, оның ішінде Абай мектебі тақырыбы кең көлемде сөз бола қоймағанымен, елуінші жылдардың соңы алпысыншы жылдардың басында социалистік сүзгіден әупірімдеп аман қалған Әріп, Әсет сынды талантты ақындардың мұралары жеке тұлға ретінде қарастырыла бастады.
Мәселен, ғалым Б.Кенжебаев елуінші жылдардың орта шенінен бастап Ә.Тәңірбергенұлының мұрасына қатысты құнды мақала жазып [67], кейіннен «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» [68] деген еңбегінде Ә.Тәңірбергенұлы жеке тарау болып енді. Зерттеуші С.Ордалиев тарапынан алпысыншы жылдары Әсет ақын мұрасы зерттеле бастаса, Абай төңірегіндегі ақындар қатарында аталып жүрген Т.Жомартбаев ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің өкілдерінің қатарында Б.Кенжебаев, Ө.Есназаров сынды ғалымдар тарапынан зерттеу нысанына алынды [69].
Абайтану саласында өз уақытында басқаларға ұқсамайтын ой айта білген Б.Кенжебаев сынды ғалымның Абай шәкірттері туралы жазған еңбектеріне кеңірек тоқталып өткен абзал. Қазақ әдебиетінің қай саласы болмасын араласып, жай ғана араласып, бас көрсетіп қана емес, сол салада зерделі зерттеу жүргізіп, жүйелі ой айтқан шын мәніндегі ғалымдар кем де кем. Саясаттың салқынынан ықпай қазақ әдебиетінің бастау бұлағын Бұхар жыраудан көне түркі дәуіріне дейін ілгерілетіп берген, қазақ әдебиетінің әр дәуіріне ой жүгірткен Б.Кенжебаевтың есімі осы аз ғана ғалымдар шоғырында аталады. Сондықтан да, ғалымның қазақ әдебиетінің сонау өзі ашып берген десе де болғандай ежелгі дәуірінен бастап, өз заманына дейінгі әрбір ғылыми мақаласы, әрбір сөзі кейінгі ұрпаққа бағалы болып саналады.
Жас ғалымның 1925 жылы М.Жұмабаевтың ақылымен жазған «Абай» атты мақаласы, Қ.Ергөбек тауып айтқандай, абайтануда төңкеріс жасады. Абай қай топтың ақыны деген бүгінде тіпті қисынға келмейтін сұрақтың төңірегіндегі қысыр дауға жас зерттеуші: «Абай – халық ақыны» - деген қағиданы қарсы қоя білді. Т.Кәкішев айтқандай: «Б.Кенжебаевтың бұл тұжырымының 20-жылдардың орта шенінде жасалғаны қазақ әдебиеті сыны үшін үлкен олжа болды» [70, 406-б.]. Абайтану іліміне аттаған алғашқы қадамы сәтті, қаламы қарымды болып шыққан ғалым - Кенжебаев өз ғұмырында зерделі зерттеуші ретінде абайтану ілімінің алдыңғы қатарында болды. Ұстазы туралы толғанысында Қ.Ергөбек былай дейді: «Бейсекең уыз шағында бетін ашқан бұл тақырыпқа кейін әлденеше рет қайта оралып, қалам тартты. 1945 жылы абайтанушы Мұхтар Әуезовпен бірге қазақ-орыс тілдерінде, 1954 жылы Абайдың қара сөздері, 1955 жылы ұлы ақынның өлең құрылысы хақында қалам тербеп, абайтануға өзіндік үлес қосты. Бір тақырыпқа әр кез дүркін-дүркін оралу арқылы ғалым «Өзінің Абайын» сомдады» [71, 26-б.].
1930 жылдардан Шәкәрімнен басталатын Абай шәкірттерінің бәрі дерлік халық жауы, діншіл, ескішіл ақындар ретінде әдебиеттен алыстатылды. 1931 жылы Шәкәрім халық жауы ретінде қастандықпен өлтірілді. 1935 жылы Б.Кенжебаевтың алғы сөз жазып, құрастыруымен А.С.Пушкиннің қазақ тілінде «Таңдамалы шығармалар» жинағы жарыққа шықты. Сол жинаққа Шәкәрім аударған «Дубровский» әңгімесінің енуі - қарапайым тілмен айтқанда қаһармандық, Кенжебаевтың қаһармандығы. Кітапты құрастырушы былай деп жазды: «Абай мен Шәкәрім өздерінше аударған. Әсіресе, Абай тек идеясын, ұзын – ырғасын ғана алған… «Дубровский» орысшасында қара әңгіме. Шәкәрім оны өлеңмен аударған. Өлеңмен аударғанда сөзбе-сөз аудармай, мағынасын аударған» [72, Б. 18-19]. Шәкәрімнің етжақын туыстарының өзі көмусіз құр құдыққа тасталған ақын сүйегіне жолай алмаған заманда, оның атын атау былай тұрсын, еңбегін жариялап, өз пікірін білдірген Б.Кенжебаевқа қазақ халқы борыштар. Қ.Ергөбек ғалым күнделігінен мынандай үзінді келтіреді: «Абайдың маңында ешкім, ешқандай шәкірттері болмаған тұл ұстаз десек, онымыз шындыққа, тарихқа қиянат, өрескел қате болады. Өйткені, дұрысында Абайдың өмірде Абайдың маңында түрлі ақындар мен әншілер, әңгімешілер мен музыкашылар болған, бәрі де Абайдан ақыл-кеңес алған, үйренген» [71, 37-б.]. Ақталғанын көзімен көрмей кеткен Шәкәрім ақын рухына Б.Кенжебаев өмір бойы бас иіп өтті. 1958 жылы жарық көрген «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ-жазушылары» деген еңбегіне, бұл еңбегі артынан жоғары оқу орындарының негізгі оқулығына, басты құралына айналып, бірнеше дүркін өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басына дейін шығып келген өміршең монографиясына Шәкәрім бастатқан Абайдың ақын шәкірттерін енгізе алмауының обалы сол заман идеологиясына. Саяси «кертартпалығы» Шәкәрімнен бір елі кем емес Абай шәкірті Көкбай ақынның осы еңбекте аты аталуының өзі оңай дүние емес-тін. «Ұлы Октябрь социалистік революциясынан бұрын өлкеде азды-көпті өлең жазып, халық арасында атағы шыққан, шығармаларында демократтық-ағартушылық бағыттан кейде феодалдық, буржуазиялық, буржуазиялық-ұлтшылдық, буржуазиялық-либералдық көзқарасқа ауытқып жүрген ақын-жазушылар – Ақмолла, Әбубәкір, Нұржан, Мәшһүр Жүсіп, Шәһді, Мақыш, Жүсіпбек қожа Шайхисламов, Көкбай Жанатаев тағы басқалар болды» [68, 41-б.] ,- дейді ғалым. Саяси ықпалдың ығымен болса да сол кезде «саяси беті теріс, кертартпа ақын, шығармалары залалды, идеясы жат» (С.Мұқанов) Көкбайдың атын қандай мақсатта болмасын, әйтеуір тілге тиек етуінде терең мән бар. Б.Кенжебаевтан кейін көп уақыт Көкбай ақын атаусыз қалды.
Абай шәкірттерінің ішінде Әріп Тәңірбергенұлының шығармашылығына кеңінен тоқталған ғалым, оның Абаймен байланысын, шәкірттік қырын ашық айта алмады. Өйткені, ХХ ғасыр басындағы демократтық бағыттағы ақындар қатарында есімі аталғанмен, Абай шәкірті ретінде Әріпке де оң баға берілмегені белгілі. С.Мұқанов 1951 жылы былай дейді: «Әріп шығармашылығындағы негізгі сарын ескішілдік. Арналған өлеңдерінің Көкбай өлеңдерінен ешбір айырмашылығы жоқ» [55, 62-б.] ,- деп келетін пікірлер Абайдың шәкіртінен гөрі оны Абайға қарсы қойды. Мәселен, 1947 жылғы «Социалистік Қазақстан» газетінде «… өмір бойы Абайға қарсы пікірде болған, үнемі қастықпен болған адам» [73] ,- деген пікірлер соны байқатады. Әріптің талантты Абай шәкірті ретіндегі орны былай тұрсын, тіпті қазақ әдебиеті тарихында аты қалу-қалмауы екіталай болып тұрған 50-жылдары ақын шығармашылығына үлкен бір тарау арнап қана қоймай, жоғарыдағы жалаға орынды жауап қайтарды: «Әріп ақын болса, бірсыпыра шығарма берген болса, шығармаларының әлеуметтік, әдебиеттік құны болса, оның үстіне, революция жылдарында бірден совет өкіметі жағына шығып, советтік тәртіпті мақтап өлеңдер жазған болса, оны тек бұрынғы уақытта тілмәш болғаны үшін, кей ретте Абайдың қара басына наразы болғаны үшін тек осы қылықтары үшін ғана бізге жат, жау деу, әдебиет тарихына енгізбеу өте әділетсіздік болар еді» [68, 198-б.] ,- деуі - сол кезде екінің бірі айта алмайтын тұжырым. Ғалым бұл арада «Абайдың қара басына наразы болғаны үшін» деп Абай мен Әріп арасындағы өнер қақтығысын тілге тиек етіп отыр. Абай «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп басталатын өлеңінде шәкірттерін олардың алдында қатты сынағаны, оған қарсы Әріптің «Біржан – Сара айтысына» Сара айтты қып Абайды жамандаған сөздер қосқаны әр әдебиетшіге таныс жайт.
Б.Кенжебаев ақынның шығармаларын талдау барысында бүгінге дейін даулы болып келе жатқан «Біржан-Сара» айтысына Әріп ақынның үлкен авторлық үлесі бар екендігін алғашқылардың бірі болып ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Ғалым айтыстың жазылу тұрғысында: «Әріп ақылды ағасы, асқан ақын Абайдың осы қатты, әділ сынына намыстанып, қынжылғанымен оған мойын қойған, онан көп сабақ алған сияқты. Сөйтіп, ол «Біржан сал мен ақын Сараның айтысын» бір жағынан соған жауап етіп, екінші жағынан «кек алу», өзінің творчестволық күшін көрсету мақсатымен жазған» [68, 210-б.],- деген ойға қонымды пікір айтады. Қ.Мұхамедханұлымен бірлесіп «Біржан – Сара айтысын» кітап етіп жариялаған ғалым Әріп шығармаларын талдау барысында Әріпті Абай алдын көрген ақын шәкірті ретінде, екі ақын шығармаларының арасындағы сабақтастық, жалғастықты ұдайы көрсетіп отырады. Ә.Тәңірбергенұлының әдеби мұрасын зерттей келе «Абай сынының, кеңесінің арқасында Әріп демократты-реалистік әдіске келді, сыншыл реализм дәрежесіне жетті» [68, 220-б.] ,- деген Б.Кенжебаев пікірінің астарында Әріп - Абай мектебінің көрнекті өкілі деген қағида жатқандығын ұғуға болады.
Демек, Б.Кенжебаев уақыттың қыспағына қарамай Абайдың әдеби мектебі, оның ақын шәкіртерінің мұрасын зерттеуге, шамасы келгенше насихаттауға бар пейілін салғанын байқау қиын емес.
1970 жылдардың аяғында Л.Әуезова Абайдың өскен ортасы тақырыбына ден қойып, Абайдың айналасындағы өнер адамдары жайында пікір білдірді. Ертегіші - Баймағамбет, Абай арқылы орыс тіліне жетік болған Кәкітай, музыкант - Мұқа, балалары Әбдірахман, Мағауияларға тигізген Абайдың өнерпаздық ықпалы Л.Әуезова еңбегінде М.Әуезовтің жеке мұрағатындағы құнды естелік, жазба-деректер арқылы «Абай жолы» эпопеясымен салыстырыла отырып ғылыми айналымға түскен [74, Б. 168-219].
«Абайдың ақындық айналасы» туралы еңбек жазған М.Бөжеевтің еңбегінің сол уақыт үшін құнды болғандығын атап өтуіміз керек. Ғалым бұл тақырыпқа арнайы тоқталып, Абайдың айналасындағы әдебиет өкілдері ретінде Бұхар, Шортанбай, Дулат ақын мен Абай шығармашылығы арасындағы поэзиялық сабақтастықты саралауға ден қойған. Сондай-ақ, Құнанбай мен Абай арасы, Қаратай шешенмен сөз қағысы тілге тиек етіліп, Абайдың өз айналасымен байланысынан аз да болса мәлімет береді [75].
Абайдың әдеби ортасы туралы тақырып арнайы сөз етілмесе де, оның өз заманындағы ілгерілі-кейінді ақындармен, би-шешендермен және тағы басқа өнерпаз жандармен рухани байланыстары туралы жекелеген зерттеу мақалалар, ел аузынан жеткен естелік-әңгімелер ғылыми еңбектерде, баспасөз беттерінде жарияланып отырды. Ғылыми жұмыстың жазылу барысында бұл еңбектерге, дереккөздерге, естелік-әңгімелерге қажетінше тоқталып отыратын болғандықтан арнайы шолу жасауды мақсат етпедік.
1980-жылдары Абайдың әдеби ортасы тақырыбы ғалым М.Мырзахметұлының еңбектеріне арқау болды. «М.Әуезов және Абайдың әдеби ортасы» деген тақырыпты зерттеу нысанына алуы - М.Мырзахметұлының абайтану ғылымдағы үлкен арнаны аршуының алды еді. Өйткені, Абай ортасы тақырыбының басында Әуезов тұрғаны белгілі. М.Мырзахметұлы еңбегінде Әуезовтің жазып кеткен тезистері басшылыққа алынып, соның ой-сұлбасы негізінде аталмыш тақырып індете зерттелді. Ғалым Әуезовтің пікіріне сүйене отырып, Абайдың әдеби ортасын үлкен екі салаға бөліп қарастырады: «1. Абай ақындығының айналасы немесе «өзі алған нәрлері», 2. Абайдың ақындық дәстүрі немесе «өзгеге берген нәрі»» [76, Б. 259-288]. Әуезовтің ғылыми еңбектері мен «Абай жолы» эпопеясы зерттеудің басты нысанына алынып, Абай заманындағы ақын-жырау, әнші-күйшілердің ішінен Дулат, Сабырбай, Шөже ақындардың арадағы рухани жақындығы тілге тиек етіледі. Әуезов зерттеуіндегі Абай шәкірттері тақырыбына байланысты «бергілер және дәл айналасы», «Абайдың ақындық дәстүрін дамытушылар», «әдеби айналасы», «әдеби ортасы» сынды Әуезовтің қолданысындағы ұғымдарға тоқталып, тарата түсінік береді. Абай мектебі төңірегіндегі басты проблемаға айналып отырған мәселеге қатысты М.Мырзахметұлы былай дейді: «Абайдың ақын шәкірттері деген нақтылы ұғымға кейбір әдебиет зерттеушілері меже, шек қоймай осы өнерлі жастар тобындағыларды бұл әдеби ортадан тыс, соңғы дәуір ақындары мен басқа өнер өкілдерін тоғытып жіберген тұстары да болған. Әрі мұның үстіне Абай мен тікелей күнделікті өмірде қарым-қатынаста болмаған, бағыт-бағдары алшақ ақын, әнші, қиссашыларды, тіпті, Абайдан көп кейін ақындық майданына түскен ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушыларды да Абайдың ақын шәкірттері деген топқа қосып жатты» [76, 282-б.] ,- деп Абай мектебі мәселесін тар мағынада, яғни оның айналасымен байланыстыруды жөн санайды.
1980 жылдары абайтану саласында біршама батыл ойлар айтқан ғалым М.Мағауин Абай және оның ізбасарларының жаңа эпос жасаудағы қазақ әдебиетіндегі орнын айқындап, ақын шәкірттер – Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Әсет шығармашылығына тоқталды. Ақынның айналасындағы әдеби ортаны сөз ете келіп: «... Абайдың өнердегі ұлылығы, өмірдегі ұлағатты ұстаздық қызметі ғана емес, оның төңірегінің осындай ерекшеліктері нәтижесінде Шыңғыстау өңірі ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның рухани орталығына айналды, ал Абай өркен жайғызып, бағыт берген озық дәстүрлер бүкіл қазақ мәдениетіне кеңінен ықпал ете бастады» [77, 253-б.] ,- деп Абай айналасынан өріс алған мектеп пен дәстүр мәселесіне көңіл бөлген.
Аталған тақырыптың зерттелу тарихының басты нәтижелеріне баға берер болсақ, абайтану ғылымының негізгі саласының бірі - Абайдың әдеби ортасы туралы пікірлер, ойлар сонау ХХ ғасырдың басында-ақ көрініс бере бастады. Ал, нақты осы тақырыпты қазақ әдебиетінің тарихында мәселе етіп көтерген М.Әуезов болып, Абайдың әдеби ортасын «ақынның өзі алған нәрлері», «өзгеге берген нәрі» деп үлкен екі салаға жіктеді. Бірініші сала Абайдың өзгеден алған нәрі жайын, яғни Абайдың өзін қалыптастырған әдеби ортаны жазушы «Абай жолы» эпопеясында мейілінше қамтуға тырысқан. Ал, Абайдан кейінгі әдебиет өкілдері турасында қазақ әдебиеттану ғылымында М.Әуезов «Абайдың ақындық мектебі» деген ұғымды енгізіп, Қ.Мұхаметханұлы бұл тақырыпты кеңестік көзқарастың қысымына қарамастан кешенді түрде зерттеуге жол ашты. Негізгі тақырып ретінде болмаса да Абай мектебі тақырыбы жайында Ә.Жиреншин, Е.Ысмайлов, А.Нұрқатов, М.Сильченко сынды ғалымдар пікір білдіріп, ғылыми еңбектерінде сөз етті, мақалар жазды.
Абайға әсер еткен Дулат, Сабырбай, Жанақ, Біржан сал т.б. ақындар, би-шешендермен кемеңгер ақынның байланысы жайында кешенді зерттеу болмағанмен, жекелеген зерттеушілердің ғылыми мақалалары, көзі қарақты қарттардың, журналистердің естелік-әңгіме, ел аузынан жиған мұралары бұл тақырыптың мүлде жабық қалуына жол бермеді. Абайға тікелей әсер еткен әкесі Құнанбай Өскенбайұлы туралы кейінгі жылдары Б.Сапаралының [78], Т.Жұртбайдың [79] еңбектері абайтануға үлкен үлес болып қосылды. Сондай-ақ, «Сөз тапқанға қолқа жоқ» [80], «Абай әзілдері» [81] жинақтарының Абайдың әдеби ортасын тану үшін мәні ерекше екендігін айта кету ләзім.
Абайдың өзгеге берген нәрі турасында айтылған ойларымызды түйіндер болсақ, Абай мектебі, оның айналасындағы шәкірттер мұрасы Әуезов жетекшілігімен Қ.Мұхаметханұлының зерттеуінде ғылымда қорғалғанымен, өткен ғасырдың 50-60 жылдары аралығында «социалистік танымның» кесірінен жабық тақырыптардың қатарында болып кешенді түрде зерттеле қойған жоқ. А.Нұрқатов, Қ.Жұмалиев, Ш.Сәтбаева сынды ғалымдар Абай шәкірттері тақырыбын сөз еткенде тек Ақылбай, Мағауиялардың шығармашылығына ғана көсіле қалам сілтей алғандығын сол кездегі саяси ахуалдың салдары деп түсінген жөн. Оның өзінде зерттеушілер тарапынан аталған ақындардың өмірбаяндық деректері қамтылмай, тек бірді-екілі көлемді поэмалары сөз болды. Бұл ақындар мұрасының толық зерттеле қоймағандығын байқатады. Ә.Тәңірбергенұлы, Ә.Найманбайұлы сынды ақындар мұрасының тек кеңестік саясатқа жаққан беті ғана сөз болса, Шәкәрім, Көкбай, Тұрағұл есімдері тек сексенінші жылдардың соңына қарай ақталып, шығармалары елдің тәуелсіздігі орнаған күннен бастап қана шын мәнінде зерттеле бастады. Сан қырлы талант иесі Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы алдымен философтар, соңын ала әдебиетшілер 1990 жылдардың басынан ілгері зерттеулерін ұсынуда. Ел тәуелсіздігінің арқасында қазақ әдебиеті, оның ішінде Абай шәкірттерінің есімдері түгелдене бастады. Көкбай Жанатайұлы [82], Әріп Тәңірбергенұлы [83], Әсет Найманбайұлы [84] сынды ақындардың шығармашылық мұралары жаңаша пайымдаулар тұрғысынан зерттеліп, ғылыми еңбектер жарық көрді.
Абайдың әдеби ортасы тақырыбы жайында зерттеулердің мазмұны осындай. Алайда, абайтану саласының үлкен бір тармағы жайындағы сөз біршама зор болуы керек еді. Жоғарыдағы зерттеу еңбектердің, мақалалардың ғылыми мәнділігінде, абайтануға қосылған қомақты үлес екендігінде дау жоқ. Әйтсе де, бұл еңбектер көп уақыт зерттеу нысанынан тысқары қалған тың жатқан тақырыпқа енді салына бастаған сүрлеу-жол іспетті. Қаншама жыл Абай ортасы туралы сөз ауыздықталып келгендіктен, зерттеу ісі көсіліп кете алмай, тек кейінгі жылдары ғана қолға алына бастауымен түсіндіре аламыз бұл олқылықты.
-
Абай мектебі концепциясына қатысты ғылыми тұжырымдар мен түйінді мәселелер
Абайдың ақындық мектебің анықтамалығы жұмыстың кіріспесінде сөз болды. Абай мектебі деген ұғымды екі мағынада алып қарастыру бар дедік. Бірі – кең мағына, яғни Абайдан кейінгі қазақ поэзиясы өкілдерінің дені ақынның әдебиеттегі дәстүрін ұстанушылар, демек поэзия жолындағы шәкірттері. Екінші - мектеп ұғымы тар, әрі нақты мағынада. Бұл тұрғыдан келгенде Абаймен күнделікті қарым-қатынаста болған, ақынның алдын көріп, тәрбиесін алған ақын шәкірттерге қатысты айтылады. Жалпы «Абайдың ақындық мектебі» концепциясына қатысты 1950 жылдардағы даудың негізгі себебінде саяси астар жатқанмен, әдеби айтыстың өршіп кетуінің екінші бір себебі «Абайдың ақындық мектебі» деген ұғымға қай тұрғыда келу керектігінің нақты межесі анықталмағандығында да жатыр. Дәлірек айтқанда әлгі кең мағына мен тар мағынада қарастырудың ара жігі сақталмай, араласып кетті. Тағы бір әсер еткен фактор «ақындық мектеп» деген батыс пен орыстың әдебиетіндегі ұғымды Абай мен оның айналасындағы ақын шәкірттерге қатысты қоданудан барып туындағанын да ескерте кету керек.
Әдебиеттану ғылымында әдеби мектеп ұғымы жалпы мағынада алынып, оның аясында ағым, бағыт, ұйым, топ, бірлестік категориялары да қарастырылады. Орыс зерттеушісі В.И.Кулешов «бағыт», «ағым», «мектеп» ұғымдарын біртектес ұғым ретінде қарайды....[85]. Ағым-бағыт пен мектеп бір ұғымның аясында немесе синонимдік қатарда қоланыла беретіні тағы бар. Көркемдік әдіс туралы пікір білдіруші Л.Тимофеев пен С. Тураев былай дейді: « ...мы говорим о художественных методах как наиболее общем понятии, о направлениях и о течениях как о его различных историко-литературных проявлениях и о школах и группах как наиболее частных его формах» [86, 90-б.]. Абайдың айналасына шәкірт жинауы табиғаты жағынан әдеби топ, үйірмелерге жақын. Мәселен, әдеби үйірмелерге төмендегідей анықтама беріледі: «Литературные кружки, творческого объединения литераторов на почве единства взглядов, интересов, направления творчества. К ним относятся также литератуные салоны и «вечера»...» [87, 192-б.]. Әдебиеті әлі де ауызша үлгідегі Абай заманындағы ақын маңына шоғырланған әдебиет өкілдері белгілі бір ағымның тууына себепкер болды деп нақты айту қиын. Бұл тұрғыда М.Әуезов былай деген: «Әрине, қазақ әдебиеті сол күнде баспа жүзіне шығып, сол күнде оқушы тауып отырарлық жайға жетсе, Абай айналасынан, Абай мектебінен шыққан ақындар түгелімен Абайдың ізін баса шыққан үлкен әдебиет ағымын көрсеткен болар еді» [116, Б.155-156].
Ал енді, әлем әдебиетіне көз жүгіртсек, әдеби мектеп атауына жақын әртүрлі әдеби үйірмелер, бірлестіктер мен салон-клубтар ертеден-ақ болған. Олардың бәріне анықтама беріп, тоқталып жату біздің зерттеуіміздің мақсаты емес. Әйтсе де, біразына шолу жасаған жөн. Мәселен, ертедегі үнді елінде санскрит әдебиетінің ірі өкілі Ашивагхошидің ақындық мектебі жөніндегі деректер бұл құбылыстың тарихын тереңге әкетеді. Он бірінші ғасырдағы Әзербайжан әдебиетіндегі Ширвани мектебі, ХІІІ ғасырдағы Италиядағы алғашқы ақындық мектептердің бірі – «Сицилия мектебін» Джакамо де Лентино басқарған. XVI ғасырдағы франция әдебиетіне үлкен бетбұрыс әкелген Жан Дораның (1508-1588) «Жұлдыз» деген ақындық мектебі болған. Әдебиет пен театр өнерінің қосындысынан туған XVIІІ ғасырдағы «Испан классиктері» мектебін атауға болады. «Геттинген алқабы» (Геттингенская роща), «Көлді мектеп» (Озерная школа), Ресейдегі «Арзамас» атты әдеби ұйым, «Жасыл шам» (Зеленая лампа) әдеби-саяси үйірмесі, Франциядағы «Парнас» ақындар ұйымы тағы-тағылар. Әр мектептің, ұйымның ұстанған бағыты, мақсаты бар. Әрқайсысы қоғамдағы түрлі жағдайларға байланысты туып, өз міндеттерін атқарды. Бірінің ғұмыры ұзаққа барды, екіншілері қоғамнан, халықтан қолдау таппай немесе тағы басқа жағдайлармен тарап кетіп жатты.
Ал, нақты ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыстарға келетін болсақ, қазақ әдебиеті, одан бұрын жалпы түркі әдебиетінде тарихында Абайға дейін де ондай құбылыстардың болғаны анық. Әл-Фараби сияқты ойшылдардың маңайына топтасқан шәкірттері болған. Ахмет Иассауи ұстазы Арыстан бабты ерекше құрметтеп жырына қосса, кейіннен Иассауидің өзінің сопылық мектебі оның қасына көптеген шәкіртер үйірді. Кейінгі әдебиетте Жамбылдың пірі Сүйінбай болса, Ақмолла ақынның ұстазы - башқұрттың Маржаниы. Кез-келген ақын ұдайы ұстазының қасында жүрді демесек те, алдындағы ақыннан үлгі алары хақ. Абайдың да нағыз ақындық биікке жетуіне алдымен маңайы, ортасы ықпал етті. Ең алғаш қара өлеңнің уызын өз ауылындағы Байкөкше, көрші Сыбан еліндегі Дулат, Қарқаралыдағы Шөжелерден татты, асыл сөздің маржанын ел ішіндегі би мен шешеннен естіп, кеудесіне тұндырды. Кейін өзі игерген орасан білім мен өнерді елге тарату үшін қасына талантты шәкірттер жинап, тәрбиеледі. Алдындағылардай емес Абайдікі неше өнердің сәулесін шашқан бір қауым өнерлі жасты тәрбиелеген нағыз әдебиеттің мектебі болды. Және ол мектептің қазақ әдебиетіндегі атқарған қызметі орасан, тарихтан алар орны ерекше.