Абай мектебінің кейінгі жылдарда зерттелуі
Бауыржан Ердембеков
Абай мектебі арнайы тақырып ретінде сөз болмаса да, 60-жылдардан бастап қазақ әдебиетінің тарихына қатысты еңбектерде ақын шәкірттердің мұралары Абай дәстүрін жалғастырушылар, Абай төңірегіндегі ақындар ретінде қарастырылып отырды.
Мәселен, “Қазақ әдебиеті тарихының” 2-том, 1-кітабына ХІХ ғасырдың өкілдері қатарында Әсет Найманбайұлы (С.Ордалиев), Ақылбай және Мағауиялар (М.Әуезов) қарастырылса, 2-кітапқа ХХ ғасырдың көрнекті өкілі ретінде Әріп Тәңірбергенұлы (Ө.Есназаров) шығармашылығы кірді. Осы еңбекте аталған ақындардың шығармашылық өмірбаяны, әдеби мұралары алғаш рет кең түрде арнайы сөз болды десек те болады.
Жалпы Абай шәкірттерінің ішінде, өз балаларынан кеңестік идеологияның тырнағынан аман қалып, әдебиеттану ғылымында көбірек сөз болған Ақылбай мен Мағауия шығармашылығы екендігін айта кетуіміз керек. Бұл ақындардың мұрасына алғаш ғылыми баға беруші М.Әуезов еді.

Абайдың ақындық ортасы тақырыбын соның ішінде, Абай дәстүрі мәселесін кеңірек сөз еткен ғалым А.Нұрқатов 1966 жылғы монографиясының «Абай тұсындағы ақындар» деген бөлімінде Абайдың ақындық мектебі мәселесіне көңіл бөледі /қараңыз: 1/. Абай мектебі тақырыбының зерттелуіне қысқаша шолу жасаған зерттеуші мектеп өкілдері мен дәстүрін жалғастырушылардың ара жігін ашпайды. «Творчестволық тұрғыдан алғанда Абайдың әдеби мектебі болғаны даусыз. Бірақ жоғарыдағы аталған зерттеушілердей оны тек Абай төңірегіндегі ақындармен ғана шектеу ғылыми жағынан жаңсақтық еді. Абай кезіндегі және одан кейінгі дәуірдегі реалистік қазақ әдебиетінің даму жолдарымен тұтас алып қарау шарт», - деген пікірі Абай дәстүрі мен Абай мектебі өкілдерін тұтас алып қарастырғаннан туған. Зерттеуші еңбегінің құндылығы – Абай төңірегіндегі ақындар тобы, өнер иелерінің ішінде әлі әдеби қауымға елене қоймаған есімдердің аттары аталып, шығармаларына шолу талдаулар жасалған. Мәселен, Б.Айтқожаұлы, Т.Жомартбайұлы шығармашылығына, Халиолла, Кәкітай сынды тұлғалардың Абай ортасындағы орнына тоқталады. Өнер иелері Мұхамеджан Майбасаров, Әлмағамбет Сексенбаев, Мұқа Әділхановтар аталып, Мұқа скрипкашы мен ақын Әубәкір Ақылбайұлының шығармашылық мұралары едәуір қарастырылған. Абай шәкірттері Әріп пен Әсет шығармашылығының Абаймен байланысына назар аударады зерттеуші. Ақылбай, Мағауия, Әсет поэмаларындағы романтизм мәселесіне тереңірек барған А.Нұрқатов: « ...Абайдан үйрене отырып аталған ақындар қазақ поэзиясына тың бағыт – романтизм бағытын енгізді», - деген /1,149/ қорытынды жасайды.
Кезінде «Абай мектебі» концепциясын қолдамаған зерттеушілердің қатарында болғанмен, ғалым Қ.Жұмалиев 60-жылдары «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі» деген еңбегінде: «Қазақтың ұлы ақыны Абайдың зор еңбегінің бірі – жастарды, әсіресе, болашақ ел өмірімен байланысты ақын-жазушыларды тәрбиелеу»,- дей келіп /2,79/, Абай балалары Мағауия, Ақылбайлардың әдеби мұраларына шолу жасайды. Мағауия Абайұлының өмірбаянын кең қамтуға тырысқан. Қазақ әдебиеті тарихындағы романтикалық шығармалар жайында айта келіп: «Абайдың шәкірттері Мағауия мен Ақылбайлардың дастандарына дейін бізде сюжетті уақиғаға құрылған романтикалық бір де шығарма болған емес»,- деген /2,112/ қорытынды жасап, романтикалық поэмалардың тууына тікелей Абайдың ықпалы болғандығын атап көрсетеді. Ғалым келесі бір еңбегінде Абай шәкірттерін ақынның айналасынан ғана іздемей жалпы идеялық жақындық жағынан іздестіру, яғни Абай мектебі деген ұғымды дәстүр жалғастығы аясында қарастыруды ұсынып: «ХХ ғасырдың бас кезіндегі ақындар және совет дәуіріндегі қазақ поэзиясының ірі өкілдері – бәрі де Абай мектебінен сабақ алды, бәрі де сол ұядан ұшты», - деген /3,368/ сол кезеңге тән тұжырым айтады. Ғалым «ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген кітабында Ақылбай мен Мағауия шығармашылығына тоқталып, Ақылбайдың «Қисса Жүсіп» (Дағыстан), Мағауияның «Медғат-Қасым» поэмасына талдау жасайды.
Абай шәкірттері ішінен дәл осы Ақылбай мен Мағауия шығармашылығына ғалым Ш.Сәтбаева тоқталу мақсатын былай деп көрсетеді: «Ақылбай мен Мағауия Құнанбаевтардың творчествосы әдебиеттану ғылымында молынан зерттелсе де, олардың басқа елдер әдеби мұрасымен байланыстары жайы жеткілікті ашылмай келеді», - деп /4,98/ Ақылбайдың аяқталмаған поэмасы «Зұлыс», Мағаумяның «Медғат-Қасым» поэмаларын кеңінен сөз етеді. Аталған поэмалардың қазақ-европа әдебиеттер байланысы тарихындағы өзіндік орнын баса көрсетуді негізгі мақсат етеді автор.
Айта кететін бір жайт, арнайы зерттеушілері болмағандықтан, Ақылбай мен Мағауияның ғылымда белгілі шығармалары (поэмалары) зерттеу нысанына алынып, көбіне ақындардың өмірі мен шығармашылығы жайында тың деректер қосыла қойған жоқ. Аталған ақындардың өміріне қатысты деректер сол 1950 жылдардағы М.Әуезов, Қ.Мұхамедханұлының зерттеулерінен арыға бара алмады. Бастысы ақын, ұстаз, әке Абай мен ақын, шәкірт, бала арасындағы рухани байланыс өмірдеректер арқылы бекітілмегеннен кейін, шәкірт ақындардың әдебиеттегі орны толық айқындалған жоқ.
Байқап отырсаңыз, 1950 жылдардың соңынан бастап Абай ортасы, ақын шәкірттері деген тақырып сөз болғанда Ақылбай мен Мағауия мұраларын көбірек назарға ілінген. Бұның негізгі себебі: Абай шәкірттерінің ішінде жастай дүниеден өтіп, «советтік цензураға» ілінбей, «халық жауы» атанбай қалған Ақылбай мен Мағауия шығармалары сол кез үшін «зиянсыз» еді. Екіншіден, Ақылбай мен Мағауия Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Әсеттердей күшті ақын болмағанымен, жаңаша жол бастап қазақ әдебиетіне романтикалық поэма жанрын әкелген, сондай-ақ Абайдың нұсқауымен тың тақырып - жат жұрттардың тағдырын поэмаға желі еткен жаңашыл ақындар ретінде бағаланды және әлі де сол дәрежеде қала бермек.
Абайдың әдеби ортасы, оның ішінде Абай мектебі тақырыбы кең көлемде сөз бола қоймағанымен, елуінші жылдардың соңы алпысыншы жылдардың басында социалистік сүзгіден әупірімдеп аман қалған Әріп, Әсет сынды талантты ақындардың мұралары жеке тұлға ретінде қарастырыла бастады. Мәселен, ғалым Б.Кенжебаев елуінші жылдардың орта шенінен бастап Ә.Тәңірбергенұлының мұрасына қатысты құнды мақала жазып /5/, кейіннен «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» деген еңбегінде /6/ Ә.Тәңірбергенұлы жеке тарау болып енді. Зерттеуші С.Ордалиев тарапынан алпысыншы жылдары Әсет ақын мұрасы зерттеле бастаса, Абай төңірегіндегі ақындар қатарында аталып жүрген Т.Жомартбаев ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің өкілдерінің қатарында Б.Кенжебаев, Ө.Есназаров сынды ғалымдар тарапынан зерттеу нысанына алынды /қараңыз:7/.
Абайтану саласында өз уақытында басқаларға ұқсамайтын ой айта білген Б.Кенжебаев сынды ғалымның Абай шәкірттері туралы жазған еңбектеріне кеңірек тоқталып өткен абзал.
Қазақ әдебиетінің қай саласы болмасын араласып, жай ғана араласып, бас көрсетіп қана емес, сол салада зерделі зерттеу жүргізіп, жүйелі ой айтқан шын мәніндегі ғалымдар кем де кем қазақ әдебиетінде. Саясаттың салқынынан ықпай қазақ әдебиетінің бастау бұлағын Бұхар жыраудан көне түркі дәуіріне дейін ілгерілетіп берген, қазақ әдебиетінің әр дәуіріне ой жүгірткен Б.Кенжебаевтың есімі осы аз ғана ғалымдар шоғырында аталады. Сондықтан да қазақ әдебиетінің сонау өзі ашып берген десе де болғандай ежелгі дәуірінен бастап, өз заманына дейінгі әрбір ғылыми мақаласы, әрбір сөзі кейінгі ұрпаққа бағалы болып саналады Б.Кенжебаевтың.
Адымы алысты аңғартатын жас ғалымның 1925 жылы М.Жұмабаевтың ақылымен «Абай» атты мақаласы, Қ.Ергөбек тауып айтқандай, абайтануда төңкеріс жасады. Абай қай топтың ақыны деген бүгінде тіпті қисынға келмейтін сұрақтың төңірегіндегі қысыр дауға жас зерттеуші: «Абай – халық ақыны» - деген қағиданы қарсы қоя білді. Т.Кәкішев айтқандай: «Б.Кенжебаевтың бұл тұжырымының 20-жылдардың орта шенінде жасалғаны қазақ әдебиеті сыны үшін үлкен олжа болды» /8,406/. Абайтану іліміне аттаған алғашқы қадамы сәтті, қаламы қарқымды болып шыққан ғалым - Кенжебаев өз ғұмырында зерделі зерттеуші ретінде абайтану ілімінің алдыңғы қатарында болды. Ұстазы туралы толғанысында Қ.Ергөбек былай дейді: «Бейсекең уыз шағында бетін ашқан бұл тақырыпқа кейін әлденеше рет қайта оралып, қалам тартты. 1945 жылы абайтанушы Мұхтар Әуезовпен бірге қазақ-орыс тілдерінде, 1954 жылы Абайдың қара сөздері, 1955 жылы ұлы ақынның өлең құрылысы хақында қалам тербеп, абайтануға өзіндік үлес қосты. Бір тақырыпқа әр кез дүркін-дүркін оралу арқылы ғалым «Өзінің Абайын» сомдады» /9,26/.
Осыдан кейін-ақ, абайтану тақырыбы мен абайтану ілімінің ішінде бүгінге дейін әлі терең зерттеле қоймаған Абайдың ақындық мектебі, ақын шәкірттері Б.Кенжебаев зерттеуінде қаншалықты көрініс тапқан деген мәселеге мойын бұратынымыз – уақыт сұранысы.
1930 жылдардан Шәкәрімнен басталатын Абай шәкірттерінің бәрі дерлік халық жауы, діншіл, ескішіл ақындар ретінде әдебиеттен аластатылды. 1931 жылы Шәкәрім халық жауы ретінде қастандықпен өлтірілді. 1935 жылы Б.Кенжебаевтың алғы сөз жазып, құрастыруымен А.С.Пушкиннің қазақ тілінде «Таңдамалы шығармалар» жинағы жарыққа шықты. Басқасы басқа сол жинаққа Шәкәрім аударған «Дубровский» әңгімесінің енуі - қарапайым тілмен айтқанда қаһармандық, Кенжебаевтың қаһармандығы. Кітапты құрастырушы былай деп жазды: «Абай мен Шәкәрім өздерінше аударған. Әсіресе, Абай тек идеясын, ұзын – ырғасын ғана алған… «Дубровский» орысшасында қара әңгіме. Шәкәрім оны өлеңмен аударған. Өлеңмен аударғанда сөзбе-сөз аудармай, мағынасын аударған» /10,18-19/.
Шәкәрімнің етжақын туыстарының өзі көмусіз құр құдыққа тасталған ақын сүйегіне жолай алмаған заманда, оның атын атау былай тұрсын, еңбегін жариялап, өз пікірін білдірген Б.Кенжебаевқа қазақ халқы борыштар. Қ.Ергөбек ғалым күнделігінен мынандай үзінді келтіреді: «Абайдың маңында ешкім, ешқандай шәкірттері болмаған тұл ұстаз десек, онымыз шындыққа, тарихқа қиянат, өрескел қате болады. Өйткені, дұрысында Абайдың өмірде Абайдың маңында түрлі ақындар мен әншілер, әңгімешілер мен музыкашылар болған; бәрі де Абайдан ақыл-кеңес алған, үйренген» /9,37/.
Ал, Кенжебаевтың Қ.Мұхаметхановтың «Абайдың әдеби мектебі» тақырыбында жазған ғылыми диссертациясын жақтаған әрекеті батыл қадам еді...
Б.Кенжебаев ақталғанын көзімен көрмей кеткен Шәкәрім ақын рухына өмір бойы бас иіп өтті. 1958 жылы жарық көрген «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» деген еңбегіне бұл еңбегі артынан жоғары оқу орындарының негізгі оқулығына, басты құралына айналып, бірнеше дүркін 90-жылдардың басына дейін шығып келген өміршең монографиясына Шәкәрім бастатқан Абайдың ақын шәкірттерін енгізе алмауының обалы сол заман идеологиясына. Саяси «кертартпалығы» Шәкәрімнен бір елі кем емес Абай шәкірті Көкбай ақынның осы еңбекте аты аталуы да оңай дүние емес-тін. «Ұлы Октябрь социалистік революциясынан бұрын өлкеде азды-көпті өлең жазып, халық арасында атағы шыққан, шығармаларында демократтық-ағартушылық бағыттан кейде феодалдық, буржуазиялық, буржуазиялық-ұлтшылдық, буржуазиялық-либералдық көзқарасқа ауытқып жүрген ақын-жазушылар – Ақмолла, Әбубәкір, Нұржан, Мәшһүр Жүсіп, Шәһді, Мақыш, Жүсіпбек қожа Шайхисламов, Көкбай Жанатаев тағы басқалар болды», - дейді /6,41/ ғалым. Саяси ықпалдың ығымен болса да сол кезде «саяси беті теріс, кертартпа ақын, шығармалары залалды, идеясы жат» (С.Мұқанов) Көкбайдың атын қандай мақсатта болмасын, әйтеуір тілге тиек етуінде терең мән бар. Б.Кенжебаевтан кейін көп уақыт Көкбай ақын атаусыз қалды.
Абай шәкірттерінің ішінде Әріп Тәңірбергенұлының шығармашылығына кеңінен тоқталған ғалым, оның Абаймен байланысына, шәкірттік қырына тоқтала алмады. Өйткені, ХХ ғасыр басындағы демократтық бағыттағы ақындар қатарында есімі аталғанмен, Абай шәкірті ретінде Әріпке де оң баға берілмегені белгілі. С.Мұқанов 1951 жылы былай дейді: «Әріп шығармашылығындағы негізгі сарын ескішілдік. Арналған өлеңдерінің Көкбай өлеңдерінен ешбір айырмашылығы жоқ»,- деп /11,62/ келетін пікірлер оны Абайдың шәкіртінен гөрі оны Абайға қарсы қойды. Мәселен 1947 жылғы «Социалистік Қазақстан» газетінде (№ 150) «… өмір бойы Абайға қарсы пікірде болған, үнемі қастықпен болған адам» - деген жалаға дейін барды. Әріптің талантты Абай шәкірті ретіндегі орны былай тұрсын, тіпті қазақ әдебиеті тарихында аты қалу-қалмауы екіталай болып тұрған 50-жылдары ақын шығармашылығына үлкен бір тарау арнап қана қоймай, жоғарыдағы жалаға орынды жауап қайтарды: «Әріп ақын болса, бірсыпыра шығарма берген болса, шығармаларының әлеуметтік, әдебиеттік құны болса, оның үстіне, революция жылдарында бірден совет өкіметі жағына шығып, советтік тәртіпті мақтап өлеңдер жазған болса, оны тек бұрынғы уақытта тілмәш болғаны үшін, кей ретте Абайдың қара басына наразы болғаны үшін тек осы қылықтары үшін ғана бізге жат, жау деу, әдебиет тарихына енгізбеу өте әділетсіздік болар еді», - деуі /6,198/ сол кезде екінің бірі айта алмайтын тұжырым. Ғалым бұл арада «Абайдың қара басына наразы болғаны үшін» деп Абай мен Әріп арасындағы өнер қақтығысын тілге тиек етіп отыр. Абай «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп басталатын өлеңінде шәкірттерін олардың алдында қатты сынағаны, оған қарсы Әріптің «Біржан – Сара айтысына» Сара айтты қып Абайды жамандаған сөздер қосқаны әр әдебиетшіге таныс жайт.
Б.Кенжебаев ақынның шығармаларын талдау барысында бүгінге дейін даулы болып келе жатқан «Біржан-Сара» айтысына Әріп ақынның үлкен авторлық үлесі бар екендігін алғашқылардың бірі болып ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Ә.Тәңірбергенұлының әдеби мұрасын зерттей келе «Абай сынының, кеңесінің арқасында Әріп демократты-реалистік әдіске келді: сыншыл реализм дәрежесіне жетті» /6,220/ деген Б.Кенжебаев пікірінің астарында Әріп - Абай мектебінің көрнекті өкілі деген қағида жатқандығын ұғу қиын емес.
1970 жылдардың аяғында Л.Әуезова Абайдың өскен ортасы тақырыбына ден қойып, Абайдың айналасындағы өнер адамдары жайында пікір білдірді. Ертегіші - Баймағамбет, Абай арқылы орыс тіліне жетік болған Кәкітай, музыкант - Мұқа, балалары Әбдірахман, Мағауияларға тигізген Абайдың өнерпаздық ықпалы Л.Әуезова еңбегінде М.Әуезовтің жеке мұрағатындағы құнды естелік, жазба-деректер арқылы «Абай жолы» эпопеясымен салыстырыла отырып ғылыми айналымға түскен /қараңыз: 12,168-219/.
Абайдың әдеби ортасы туралы тақырып арнайы сөз етілмесе де, Абайдың өз заманындағы ілгерілі-кейінді ақындармен, би-шешендермен және тағы басқа өнерпаз жандармен рухани байланыстары туралы жекелеген зерттеу мақалалар, ел аузынан жеткен естелік-әңгімелер ғылыми еңбектерде, баспасөз беттерінде жарияланып отырды.
Кейінгі 1980-жылдары Абайдың әдеби ортасы тақырыбына арнайы ат басын бұрған ғалым М.Мырзахметұлы болды. «М.Әуезов және Абайдың әдеби ортасы» деген тақырыпты зерттеу нысанына алуы - М.Мырзахметұлының абайтану ғылымдағы үлкен арнаны аршуының алды еді. Өйткені, Абай ортасы тақырыбының басында Әуезов тұрғаны белгілі. М.Мырзахметұлы еңбегінде Әуезовтің жазып кеткен тезистері басшылыққа алынып, соның ой-сұлбасы негізінде аталмыш тақырып ілгері індете зерттеле түсті. Ғалым Әуезовтің пікіріне сүйене отырып, Абайдың әдеби ортасын үлкен екі салаға бөліп қарастырады:
«1. Абай ақыдығының айналасы немесе «өзі алған нәрлері»
2. Абайдың ақындық дәстүрі немесе «өзгеге берген нәрі»» /13,259-288/.
Абай әдеби орасының Әуезов зерттеуінде қарастырылуы - абайтану ғылымы үшін айтарлықтай алға басу еді. Абайдың әдеби ортасын екі үлкен тақырыпқа жіктеген ғалым Абайдың әдеби ортасы деген мейілінше кең тақырыптың зерттелу нысандарын белгілеп, қаңқасын құрап береді. М.Мырзахметұлы алғаш рет Абай ақындығының айналасы деген күрделі ұғымның маңайында қалыптасқан Абай шәкірттері, Абайдың әдеби мектебі, Абай тұсындағы ақындар т.б. бауырлас ұғымдарға, Абай мектебі төңірегінде туындаған әрқилы көзқарастарға әдеби-теориялық тұрғыда түсінік беруді мақсат етті. Абай мектебі төңірегіндегі басты проблемаға айналып отырған мәселеге қатысты М.Мырзахметұлы былай дейді: «Абайдың ақын шәкірттері деген нақтылы ұғымға кейбір әдебиет зерттеушілері меже, шек қоймай осы өнерлі жастар тобындағыларды бұл әдеби ортадан тыс, соңғы дәуір ақындары мен басқа өнер өкілдерін тоғытып жіберген тұстары да болған. Әрі мұның үстіне Абай мен тікелей күнделікті өмірде қарым-қатынаста болмаған, бағыт-бағдары алшақ ақын, әнші, қиссашыларды, тіпті, Абайдан көп кейін ақындық майданына түскен ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушыларды да Абайдың ақын шәкірттері деген топқа қосып жатты” /13,282/.
Сонымен, Абайдың әдеби ортасы, оның ішінде менмұндалап тұратын әдеби мектеп мәселесі тақырыбының зерттелу тарихына қысқаша болса да шолу жасауымыздың мақсаты – бұл тақырыптың әлі де болса толыққанды зерттелмей жатқандығына баса назар аудару, біз сөз етіп отырған тақырыптың өзектілігіне мән бере түсу.
Аталған тақырыптың зерттелу тарихына шола тоқталған басты нәтижелеріне баға берер болсақ, абайтану ғылымының негізгі саласының бірі - Абайдың әдеби ортасы туралы пікірлер, ойлар сонау ХХ ғасырдың басында-ақ көрініс бере басатады дегенімізбен, нақты осы тақырыпты қазақ әдебиетінің тарихында мәселе етіп көтерген М.Әуезов болып, Абайдың әдеби ортасын “ақынның өзі алған нәрлері”, “өзгеге берген нәрі” деп үлкен екі салаға жіктеді.
Абай мектебі тақырыбы Әуезов жетекшілік еткен Қ.Мұхаметханұлының зерттеуінде ғылымда қорғалғанымен, өткен ғасырдың 50-60 жылдары аралығында “социалистік танымның” кесірінен жабық тақырыптардың қатарында болып кешенді түрде зерттеле қойған жоқ. А.Нұрқатов, Қ.Жұмалиев, Ш.Сәтбаева сынды ғалымдар Абай шәкірттері тақырыбын сөз еткенде тек Ақылбай, Мағауиялардың шығармашылығына ғана қалам сілтей алғандығын сол кездегі саяси ахуалдың салдары деп түсінген жөн. Оның өзінде зерттеушілер тарапынан аталған ақындардың өмірбаяндық деректері қамтылмай, тек бірді-екілі көлемді поэмалары сөз болды. Бұл ақындар мұрасының толық зерттеле қоймағандығын байқатады. Әріп Тәңірбергенұлы, Әсет Найманбайұлы сынды ақындар тұлғасы жеке дара зерттеліп келсе, Абайдың нағыз қасында болған шәкірттері Шәкәрім, Көкбай, Тұрағұл есімдері тек сексенінші жылдардың соңына қарай ақталып, шығармалары елдің тәуелсіздігі орнаған күннен бастап қана шын мәнінде зерттеле бастады.
Сан қырлы талант иесі Шәкәрім Құдайбергенұлы туралы алдымен философтар, соңын ала әдебиетшілер 1990 жылдардың басынан ілгері зерттеулерін ұсына бастады. Қазақ әдебиеті бойынша бірнеше кандидаттық диссертация, Б.Әбдіғазиевтің “Шәкәрім шығармаларының дәстүрлік және көркемдік негіздері” деген тақырыпта жазылған докторлық диссертациясы Шәкәрім мұрасына қатысты біраз жұмыстың басы қайырылғанын аңғартады.
Ел тәуелсіздігінің арқасында қазақ әдебиеті, оның ішінде Абай шәкірттерінің есімдері түгелдене бастады. Көкбай Жанатайұлы (Әубәкір Ж. “Шындықтан басқа жолға түсе алмаймын”. – А., 2002), Әріп Тәңірбергенұлы (Әріп ақын А., 2001), Әсет Найманбайұлы (Қожағұл С. Әсет ақын А., 2003) сынды ақындардың шығармашылық мұралары жаңаша пайымдаулар тұрғысынан монографиялық деңгейде зерттелді.
Абайдың әдеби ортасы жайында негізгі зерттеу М.Мырзахметұлының еңбектері болды. 1982 жылы “М.Әуезов және абайтану проблемалары” деген еңбегінде “М.Әуезов және Абайдың әдеби ортасы” атты жеке тарау болып қарастырылса, 1994 жылғы “Абайтану тарихы” деген кітабында Абайдың әдеби мектебі арнайы сөз болады.
Абайдың ақын шәкірттері 1993 жылдан бастап шыққан Қ.Мұхаметханұлының еңбегінде жаңаша көзқарас тұрғысынан қайыра қарастырылды. “Абайдың ақын шәкірттері” кітабында Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Көкбай Жанатайұлы, Уәйіс Шондыбайұлы, Әріп, Әсет, Мұқа Әділханов, Әубәкір Ақылбайұлы, Тайыр Жомартбайұлы, Баймағамбет Айтқожаұлы, Имамбазар Қазқапұлы, Әкірам Ысқақов сынды ақындар мұрасы зерттелді. Ақындардың шығармалары жарияланды. Абай мектебі туралы зерттеулері жаңа тілге тиек еткенде М.Әуезовтің ғылыми еңбектері мен көркем туындыларында, соның ішінде бүгінге дейін оқырман қауымға жетпей келген “Ақын аға” романындағы Абайдың ақын шәкірттері бейнесін зерттеуге арналған С.Бекмырзаның “Абайдың ақын шәкірттері М.Әуезов творчествосында” (Канд. диссерт. А., 1997ж) ғылыми еңбегін атап өту орынды. Сондай-ақ осы тақырыпты қозғаған Б.Атығайдың “Абайдың ақындық мектебіндегі аудармашылық дәстүрдің қалыптасуы” атты кандидаттық диссертациясы (А., 2001ж) тың жатқан тақырыптың бір қанатына салынған салмақты түрен екендігін айта кеткен жөн. Ал, жалпы Абай дәстүрі туралы кейіннен жазылған еңбектердің бірі К.Бейбітованың «Эволюция абаевских традиций в казахской поэзии начала ХХ века» (Алматы, 1997) деген докторлық диссертациясында Абай шәкірттері де қамтылған.
Абайдың әдеби ортасы тақырыбы жайында зерттеулердің мазмұны осындай. Алайда, абайтану саласының үлкен бір тармағы жайындағы сөз біршама зор болуы керек еді. Жоғарыдағы зерттеу еңбектердің, мақалалардың ғылыми мәнділігінде, абайтануға қосылған қомақты үлес екендігінде дау жоқ. Әйтсе де, бұл еңбектер көп уақыт зерттеу нысанынан тысқары қалған тың жатқан тақырыпқа енді салына бастаған сүрлеу-жол іспетті ғана.
Қаншама жыл Абай ортасы туралы сөз жабық жатқан тақырып болғандықтан да, зерттеу ісі көсіліп кете алмай, тек кейінгі жылдары ғана қолға алына бастауымен түсіндіре аламыз бұл олқылықты.
Пайдаланған әдебиеттер:
-
Нұрқатов А. Абайдың ақындық дәстүрі. -Алматы: Жазушы, 1966 – 345 бет.
-
Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. -Алматы: ҚМКӘБ, 1960. -364 бет.
-
Жұмалиев Қ. ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. – Алматы: Мектеп, 1967. - 435 бет.
-
Сәтбаева Ш. Әдеби байланыстар. -Алматы: Жазушы, 1974. -216 бет.
-
Кенжебаев Б. Әріп Тәңірбергенов //Әдебиет және искусство. 1956. №2.
-
Кенжебаев Б. Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ- жазушылары.-Алматы: Қазақстан, 1958. -308 бет.
-
Кенжебаев Б., Есназаров Ө. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. Алматы: 1966. -288 бет.
-
Кәкішев Т.Қазақ әдебиеті сынының тарихы. –Алматы: Санат, 1994. - 448бет.
-
Ергөбек Қ. Арыстар мен ағыстар. Алматы: 2003.
-
Пушкин А. Таңдамалы өлеңдер. –Алматы: 1935.
-
Мұқанов С. Абайдың шәкірттері туралы. // Абай. 1992. № 4.
-
Әуезова Л. М.О.Әуезов творчествосында Қазақстан тарихының проблемалары.-Алматы: Мектеп, 1977. -272 бет.
13. Мырзахметов М. Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары. -Алматы: Ғылым, 1982. -296 бет.