Абай мектебіндегі әдеби дәстүр және тақырыптық-көркемдік ізденістер
Бауыржан Ердембеков
Айтыс жанрының өзіндік даму ерекшеліктері
Абай заманындағы айтыс ұғымын кез-келген ақын мұрасынан бөліп қарау мүмкін емес. Абай мектебіндегі айтыс тақырыбын Абайдың өзінің айтысқа қатысынан бастау керек. Абай және айтыс өнері деген ұғымдар сырт қарағанда қабыспайтын сияқты. Ал, мұқият зерделесек, айтыс Абайды айналып өтпейтінін, тіпті өз айналасындағы айтыс өнерінің дамуына, жанрлық үлгіде баюына Абайдың айтарлықтай үлес қосқанын аңғару қиын емес.
Абай – ақын. Ақын болған да – нағыз суырып салма. Жалпы Абай жазба әдебиеттің өкілі дегенімізбен, Абай заманының жазба әдебиеті мен бүгінгі жазба әдебиеттің арасы жер мен көктей. Ғасырлар бойы халқымыздың бойына сіңірілген қасиет - өлеңді ауызша және табан астында суырып айту қазақтардың басқалардан ерекшелігі ғана емес, артықшылығы да.
Абайдың нәр алған үш рухани көзінің бірі ауыз әдебиеті болғанда, оның ішіндегі айтыс өнері Абайға аса жақын еді.
Айтыстың түп төркіні айтысу, сөз барымтасынан шыққанын ескерсек, сол сөз барымтасы табан астында, қолма-қол құйылатын нағыз өлең болуы керек деген талабы тағы бар. Демек, жазба поэзиясының өкілі бар да, айтыскер ақын бар. Екеуі ақындықтың екі қанаты сынды. Абай заманында өлең-жырдың дені ауызша, суырыпсалма түрде шығарылғандықтан, нағыз ақындық осы суырыпсалмалық қасиетпен өлшенген, бағаланған. Абайдың өлең жазу машығында да сол қанға біткен, нағыз ақынға тән суырыпсалмалық жатқаны даусыз. Тіпті ақынның көп өлеңдері белгілі бір оқиғалар негізінде табан астында туған. Әкесінің өлең жазардағы түрін Тұрағұл былай суреттейді: «...бір құсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды, естір-естілместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп, жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды» [118, 14-б.]. Ойын қағазға түсіріп отыр демесең, нағыз - суырып салу. «Адамның кейбір кездері» деген өлеңінде өзі айтқандай:
Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар кез.
Қуатты ойдан бас құрап
Еркеленіп шығар сөз [105, 256-б.],-
деп «ақынның белін буынып, алды-артына қаранар» кезі – нағыз шабыттың шығар шырқау биігі.
Табан астында есті өлең шығара білген ақынды Абай аса жоғары бағалаған. Алдыңғы тарауларда сөз болғандай қасындағы Әріп, Байкөкше, Қиясбайларға бір ауыз өлеңді босағадан айтқызса, шәкірттеріне әр-қилы жағдайда табанда өлең құрату Абайдың күнделікті әдетіне айналған. Әсіресе, суырыпсалма өнердің майталмандары Көкбай, Әріптер Абайдың алдынан тосыннан айтылған бір өлеңсіз құтылған емес. Бірер мысал: Көкбайдың «Жүрісім, тұрысымның бәрі Абайша» дегеніне, ілезде «Мен боламын, демеңдер» деп өлеңмен қарымта жауап беріп тойтаратыны бар. Көкбайдың Абаймен алғаш жақындасып кетуіне табан астында туған өлең себепкер болған. Табан астында тауып айту - Көкбайға жасынан дарыған. Қаракүшік-Балтай атадан тарайтын Төребай байдың бір қылығын өлең қылып:
Көкекте күн ұзайды жазға бастап,
Болады сонда Төкең үйден қашқақ.
Үйінде жалғыз турам дәм болмайды
Барғанда кісі үйіне сондай асқақ,-
дегенін естіп, «Жанатайдың қуы қолыма бір түсерсің»- деп кіжінген Төребайға кездесіп қалғанда бала Көкбайдың жөпелдемеде айтқаны:
Төрекем Қаракүшік балтайдағы,
Адамның туған соң бар қартаймағы.
Серке сан серебро қайран Төкем
Ақиық алғыр қыран Алтайдағы [34, 261-б.].
Көрші елден Әріп келіп, Абай үйіне бас сұқса, үй толы Тобықтының игі жақсылары етке енді бас қойып жатыр екен. Отырғандар төрге шық деп құрмет көрсетіп жатқанда Абай Әріпке: «Қолыңды жуып болғанша бір шумақ өлең айтып жіберші» дегенде Әріп бөгелместен:
Қолды жуып жатырмын сапылдатып,
Тобықтылар ет жейді қапылдатып.
Қазы-қарта, жал-жая бар екен-ғой
Қыран құстай сезіппін үйде жатып [140, 91-б.] ,-
деген екен. Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып қарта ойнап отырғандарды нұсқап Абай Әріпке осыны жұмбақтап өлеңге қосшы дегенде Әріп ойын картасын табанда жұмбақтаған [140, Б.144-145]. Жалпы өлеңмен жұмбақ жазу – Абайдың өзінен бастап айналасындағы ақындарға жалғасқан жарасымды дәстүр. Бұл үрдіс Әріптен басқа Шәкәрім шығармашылығында да кездеседі.
Жөпелдемеде туған өлең әркез мінсіз бола бермейді. Алайда «Іші алтын, сырты күміс» сөз жақсысын Абай талап еткен уақытта тауып айтпасаң тағы «жазғаға» ұшырарың айқын. Қонақтарға өлеңмен сәлем беруге шақырған Көкбайдың кешігіп, Абай сынына ілініп, әжуаға ұшырағанын жоғарыда айттық. Жалпы білетін өнеріңді Абайдың дәл сұраған уақытында алдына тоспасаң, сезімтал ақынның ынтасы тез суып қалатын болған.
Абай өлеңдерінің дені, әсіресе жас кезіндегі өлеңдері табан астында туған. Әуезов он үш жасар Абайдың өлеңмен әжесінің құлағын емдейтінін эпопеяның басына тегін келтірілмесе керек-ті. Жасында осындай суырып салып айтқандары бізге жетпеген деуге де болады. Ал жеткендеріне назар аударсаңыз «Кім екен деп келіп ем түйе қуған», «Түңілікбайдың қатыны атың Шәріп», «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім» сияқты біз алдыңғы тарауда сөз қылған арнаулардың қай-қайсысы – қолқ етіп бас-аяғы бүтін, табан астында туған дүниелер. Мәселен, «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім» - Абайдың қызды ауылды торып, қыз ағаларынан қашып кеп бір төбенің басына түсіп, ентігін баса айтқаны. Осындай ұрымтал тұста туған өлеңнен түбі терең сөз іздеген Абай өлең құрар шәкірттеріне қандай да бір қиын жолды ұсынып отырған. «Абай жолы» эпопеясының «Ақын аға» тарауына үңілейік. «Еңлік Кебек» жырын «мен жазам, мен жазам» деп таласқан Шұбар мен Дәрменге құс салудан басқа шарт қояды Абай: «Құстардың ана дуадақты барып ілгенше, бір-бір ауыз тың өлеңді екеуің шауып келе жатып, қатар айтыңдар... Сын болған соң қысас сын болсын. Мен қапысыз шапшаңдықты тілеймін. Тапсыратыным, қысқы аязды түнде, гуілдеп соққан жел үніне күй қосып, кәрі әже немересін қандай сөзбен жұбатады? Соны шапшаң жыр етіп беріңдер. Ал, айт»,- деді» [94, 10-б.]. Ең қиын тақырыпты жөпелдемеде сөз патшасына айналдыра алғанды ғана нағыз ақын деп есептейтін Абайдың тұлғасы шебер жазушының қолымен шынайы сомдалған.
Айтыспен егіз ұғым суырыпсалмалықтың тағы бір көрінісі – бір шумақ өлеңді бірнеше ақынның жарыса шығаруы, яғни төрттік жырды бірнеше ақын болып іліп-қағып айтатын бір дәстүр Абай айналасында кеңінен тараған. Эпопеяның аталған тарауына Мағауия, Ақылбай, Кәкітайлардың:
Күз жетті ме, батыр-ау, неге тоңдым,
Тоңғаның рас, бозарып түсің де оңды.
Бірің тоңып, бірің оң, жұмысым жоқ
Ойына түк кірмейді Кәкітай шоңның [94, Б.4-5],-
дейтіні өмір шындығының бір сәулесі. Бұл үрдісті шеттеу жүрген Әріп те өз ортасында жиі қолданған. Әріп үйінде Шұғыбан, Нұғыман деген ақын шәкірттерімен сөйлесіп отырғанда, бажасы Кәкен кіріп керосин сұрапты. Сонда Әріп бастап:
Кәке, әнекей тұр ыдысыңыз, -
дегенде Шұғыбан іліп әкетіп:
Оңай бітім болды ғой жұмысыңыз.
Сонда Нұғыман:
Ыдысыңды кәресінге толтырып ап
Үйге қарай бөгелмей жылысыңыз,-
деп аяқтапты. Әріп ақын мұрасын бізге жеткізушілердің бірі Сіләмшайық Имамұсаұлының айтуынан жеткен тағы бір дерекке тоқталайық. Нұрлыбайұлы Рақымжан, Орынбайұлы Қаумет және Әріп ақын үшеуі қайтыс болған Дөненбай дегеннің ауылына құран оқуға келе жатқанда Қаумет бастап:
Өтіп барамыз Дөненбай қорасынан,
Сонда Рақымжан іліп әкетіп:
Айрылмайық бұрынғының жорасынан (бауырымдап шабайық дегені) дегенде, Әріп әлгі екеуіне:
Елжіреп іші-бауырың бара жатса
Көзіңнің мен байқармын сорасынан [83, 122-б.] ,-
деп тоқтатыпты. Міне, Абай ортасында кең қолданылған мұндай ақындық жарыстың Абай шәкірті Әріп айналасында да кең өріс жайғанын байқауға болады. Қашанда шәкіртінің өнерін сынауға бар ынтасын салған Абай бірде Шәкәрім, Көкбайлармен келісіп, орталарынан ауылдың жас ақыны Сәуірбек дегенді Әріпке жұмсап мына өлеңді айт дейді:
Ассалаумағалейкум, Әрібіміз!
Тараған қазағыма дәрібіміз.
Аспандағы жұлдызды аламын деп
Бір күні болып жүрме ғарібіміз.
Аспандағы жұлдызы - ақын Сара. Есіктің алдына кеп өлеңдетіп тұрған Сәуірбекті көріп, бұл істің Абай мен Көкбайдан келгенін сезген Әріп:
Уағалейкумассалам, Сәуірбегім,
Атауға арғы атаңды ауыр көрдім.
Қылша мойын көктердің бәрі қалып
Бәйгеден сен келдің бе, жауырбегім [81, 70-б.] ,-
деген екен. Қылша мойын көктер деп меңзеп отырғаны - Абай, Көкбайлар.
Абайдың шәкірті Уәйіс қасында Төлеу мен Нысанбай ақындар бар өздерін құр көжемен қатырған сараң үйге қонып жатады. Көршідегі асылып жатқан жас тоқтының етінің иісі мұрынды жарып, дөңбекшіп ұйықтай алмай жатқан Нысанбай сөз бастап:
Нысанбай өзім атым, шешем қойған,-
дегенде, Уәйіс жалғап: Бұл несі басын бастап, соңын қойған,-
депті. Төлеу іліп әкетіп: Қайнаса біздің сор да қайнап жатқан
Мынау үй қонағына тоқты сойған [252],-
дегенде, үй иесі ұялып, қазан көтеріпті.
Табан астында өлең құрап, суырыпсалама өнердің не бір түріне аса мән берген Абай айтысқа бей-жай қарамаған. Бұл өнерге бел шешіп кірісіп кетпегенімен, жасында сөз барымтасына аз түспеген сыңайлы. Абайдың бізге жеткен Қуандық қызбен сөз қағысы соның айқын дәлелі бола алады. Абай мен Қуандық қыз арасынадағы сөз қағысы алдыңғы тарауда әңгіме болған. Бұл айтыс туралы М.Әуезов: «Ақын Абай ол кездегі қазақтың барлық басқа ақындарының үлгісімен ауызша айтатын, соған машықтанған ақын болады. Тегінде ақын емес кісі бұрын аты бар жүйріктермен өлең айтыспайды. Ал, Абайдың жаңағы ісі (Қуандықпен айтысы Е.Б.) оның бір емес, талай жерде жеңіл айтысқа батыл кірісе жүргенін дәлелдейді. Шешендік айтыстың қатарында ақындық айтыстың ілесе жүретінін сездіреді. Ол, тіпті, жазушы ақын болған кезінде, ертеңгі уақытта да талай ұзақ өлеңін осылайша қолма-қол суырып салып айтатын. Көптеген эпиграмма, әзіл-өлеңдері жазушы Абай емес, фольклор көлеміндегі Дулат, Шөже сияқты ақын боп жүрген кездерін, әсіресе, жастық кездерін айқын танытады» [253, 17-б.] ,- деген пікірінде Абай және суырыпсалмалық өнер турасында келелі тақырыптың бастау көзі жатыр.
Абай шәкірттерінің арасындағы айтысқа да араласқан. Оның дәлелін Көкбай ақынның Абай туралы естелігінен табамыз. Кездескен жерде қолқаларын өлең түртіп, сөзбен шарпысып қалатын Көкбай мен Әріп кезекті бір сөз сайысына түсіп, өз аталарына шаң жұқтырмай жатқан кезі. Әріп:
Арғынға Көкше сенен Қызай жақын
Ата қумай түзей бер өз бетіңді,
немесе,
Тобықты Арғын емес Көкше тұрсын,
Ата қуып қайтесің өзің жүрсің,-
дегеніне Көкбай оған:
Көкше атам Тобықтының бел баласы,
Бөтен деген білместің бос таласы.
Нарынбайды тәшкендік сарт дейтұғын
Сол сықылды қазақтың құр жаласы,-
деп қарымта жауап қайырған екен. Олардың сөзін естіген Абай Көкбайға: Әріпке былай десең тосылар еді деп:
Ақ сұпы дүниеден ұлсыз өткен,
Енеден жалшысынан бала біткен.
Өкіреш Найман ұлы болмаған соң
Атасызда Найман көп деп атап кеткен [140, Б. 213-214],-
деген сөзді алдына тартқан екен. Әріптің «Тобықты Арғын емес», «Арғынға Көкше сенен Қызай жақын» дейтіні Көкбайдың руы – Тобықтының ішінде Көкше. «Тобықты анық Арғын емес» деген алып-қашпа сөз ел ішінде ертеден бар. Ата таратуда аңыз бар да, тарихи дерек бар. Өкініштісі, қазақ шежіресі көбіне хатқа түспей, ел аузынан аңыз-әфсанасы араласып жеткендіктен, нақты бір руға, атаға байланысты алып-қашпа әңгімелер, қисық-қыңыр деректер, бір-біріне қайшы келетін тұстар аз кездеспейді. Шәкәрім «Шежіресі» сияқты сауатты деректердің бізге жеткені саусақпен санарлық екенін ескерсек, әр ру, әр атаға қатысты ата таратуға байланысты ақ-қарасы анықталмаған күйде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, кейбірі тарихқа ақиқат болып таңбаланып қалып та жатқан. Соның бірі Найман мен Тобықты руларына қатысты. Тобықты туралы ел арасындағы аңызды С.Мұқанов та келтіреді: «Қазақ арасында сақталған аңызда Қанжығалы мен Тобықтыны Арғын руына кірме деген де сөз бар. Ол аңыздың баяндауынша, жаугершілік заманда, Қанжығалы қанжығаға байланған қоржынмен жаудан алып келген жас болғандықтан атанған. Тобықты «Ақтобық» атанған жүйрік аттың бәйгесіне келген құлдың баласы болғандықтан атанған. Осы екі келімсек баланы баласыз Кенжесопы асырап ап, өсіріп өрбіткен» [112, 47-б.]. Бұл - әрине, С.Мұқановтың пікірі емес, ел аузындағы аңыз. Абай заманында бұл аңыздың мәні күштірегін де естен шығармаған жөн. Бірақ, көзі ашық сауатты адамдар осындай аңыз-әпсаналардың жалған екенін білген, оны тоқтатуға күш салған. Екі ел ақындарының айтысында бірінен бірі бағын асыру үшін ел арасындағы осындай қияңқы әңгімелерді қарсыласының мысын басу үшін қасақана келтіріп отырған. Абайдың қос шәкірті де бұл аңыздың түбі шикі екенін білген. Көкбайдың:
Әрине, бекер қалжың жарамайды,
Ел ішін өсек, өтірік аралайды.
Екеуіміз шын тарихты бұрмаласақ
Ренжіп, кейінгі ұрпақ қаралайды [140, 214-б.],-
деген тоқтау сөзінде үлкен тағлым жатыр. Көкбайдың қарымтасындағы «Нарынбайды тәшкендік сарт»,- дейтіні, Нар дауысты Нарынбай - Әріптің арғы атасы. Нарынбайдан Қу дауысты Құттыбай би, одан Байғара би, Байғарадан асыл сөздің атасы Айталақ пен Байсал бірге туады. Байсалдан - Әлі, Әліден – Тәңірберген, Тәңірбергеннен - Әріп. Нарынбайдан тараған ұрпақ - жеті атадан шешендігі үзілмеген «Дүт» атанған ұрпақ. Нарынбай шамамен 1650-1670 жылдары Ташкенттің бір қақпасын билеген бек болған. Көкбайдың «ташкендік сарт» - дегені соны меңзегені.
Абайдың берген жауабына келсек, жалпы шежіре екі түрлі жолмен жиналады десек, Абайдың сөз етіп отырғаны сол - Әріпке қарымта жауап ретінде ел аузындағы аңыз. Тарихи дерек бойынша «Найман» қазақ шежіресінде айтылғандай тіпті де жеке адамның аты емес, «сегіз оғұз» деген ел атының моңғол тіліне тура аудару арқылы сіңіскен атауы [254, 56-б.]. Найман атауын анықтау ұзаққа кететін бөлек әңгіме, қысқасы, Абайдың атайтын Ақ сопысы ел аузындағы - Найман шал. «Найман Бұхарадан оқыған молда, ғалым кісі болған, киімді ақтан киген, атты қылаңнан мінген, өзінің өңі ақ кісі екен, сопы молда болған соң Ақ сопы атанған» [255, 66-б.] ,- деген сөз бар ел аузынан жеткен деректерде. Сол Найман қартайғанда, М.Ж.Көпейұлының айтуынша тоқсаннан асқанда жалғыз ұлы өліп, Ақсұлу деген келіні әлі де зәрі көпіріп жатқан Найман шалға қыз айттырып, содан ұрпаққа қалған екен-мыс. Ал, өкіреш Найман аталуы шал қыз қойнында өкіріп өліпті-мыс [256, 39-б.]. Өлмелі шалдан бала қалды дегенге кейінгі елдің күдігі де болғаны рас. Абайдың: «Өкіреш Найман ұлы болмаған соң, атасызда Найман көп деп атап кеткен»,- деп Әріпке дәл осы ел аузындағы аңыз-ақиқаты айыру бермейтін әңгімені алға тартатыны сондықтан. Бұл арада Абай анығы осы деп отырған жоқ. Тобықтыны Арғын емес дейтін аңызыңа қарсы, Найманның да атасыздығын алдыңа тосатын әңгіме барын аңғартып отыр.
Әрине, ата қуып сөйлеу, өз руының шашбауын көтеру сияқты сол кездің айтысына тән дәстүр Көкбай мен Әріп айтыстарының да көрігін қыздырған. Алайда, қос шәкірт ата-ру шеңберінен әрі аспады деген сөз емес - бұл. Абайдың ақындық поэзиясын ілгері дамытушы шәкірттердің айтысу үлгісі көп жағдайда өз заманынан ерекшелене білді. Ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді өлеңмен ғана өрнектеген жоқ, енді екі ақын көзбен көрген ел ішіндегі келеңсіздікті де айтысқа арқау етті. «Көкбай мен Әріп өз елінің, руының шашбауынан ары шыға алмаған ақындар»,- деген пікір кешегі кеңестік идеологияның көзқарасымен айтылған-ды. Ата қуып тар шеңберде сөз айту - Абай айналасына жараспайтын қылық. Атаның емес, адамзаттың баласы болуды құлақтарына құйып өскен Абай шәкірттері Көкбай мен Әріп айтыс тақырыбында әлеуметтік мәселені өз дәрежесінде көтере білді. Өз елін мақтау емес, керісінше Әріп – Сыбанды, Көкбай – Тобықтыны сынға ала сөйледі. Бұл - өлеңге Абайша келу. «Әріп – Көкбай – Боранбай» айтысында Көкбайдың:
Жаңа сот Тобықтыға бұрын келді,
Ұры менен жуанға қырын келді.
Аяғына қан түспей жүрген мықты
Ең алғаш сонда көрді сүрінгенді.
Жуасыды Жұмағұл, Шыңғыс, Мұқыр,
Еш нәрседен қылмайды әлі қыпыл.
Жартысы – ұры, жарымы – сүйеуші еді
Байқасаңдар таянды енді тықыр, –
деген сөзіне орай Әріп:
Тобықты тентек емес, білімі зор,
Түспеген бұрын байқар құрылса тор.
Өлерін білмейтұғын құр сүмелек
Ел бар ғой деп жүрмісің Сыбандай қор [140, Б. 218-219],- деген жанайқайы - бүгінгі сөзбен айтқанда нағыз демократия.
Қашанда Абайға жүгіну тек Абай шәкірттері емес, солардың маңайындағы ақындардың машығына да енген. Абайдың сөйлеген сөзі, айтқан билігі үлгі-өнеге ретінде маңайындағы елге тез тарап, халықтың жадында қалғаны анық. Әсіресе, ру арасындағы тартысқа тоқтам айтқан Абай кесімін Тобықты жақ өзіне бұра тарта арқаланып қалатын кездері де аз болмаған. Көкбай мен Әріптің айтысына жолдан қосылған Тобықтының ақыны (ертеде шабынды кезінде арғы аталары қалмақтан келген) Боранбай Әріпке тисемін деп:
Тобықты қашан жауға бой беріпті,
Зор білім, тентек қайрат ой беріпті.
Найманға «Найман төлеу» атандырып
Атына - тай, тайына - қой беріпті [140, 221-б.],-
дейтіні бар. Осындағы «Найман төлеу» - Тобықты мен Найман арасындағы үлкен бір дауға Абайдың айтқан билігі [257, 22-б.]. Айтайық дегеніміз, 1922 жылғы, яғни, Абай заманынан көп кейін де маңындағы шәкірт ақындар ғана емес, олардан кейінгі буын да айтыс барысында қарсыласының мысын басу мақсатында Абай сөзін арқаланып, оның есімін қорған ете сөйлеген.
Жалпы сөз жарыстыруда Абай шәкірттері бірін-бірі толықтырып, өлеңді кемелдендіре түсуді де мақсат еткен. Әріп пен Көкбай Мұсағали дегенді ортаға алып, өлеңмен қысатыны есіңізде болар. Көкбайдың:
Арғы атаң аты шыққан Мамай батыр,
Ту тігіп батырлықпен құрған шатыр.
Бір тайды жалғыз жеген атаң Дулат
Мына май сені көріп неге жатыр?-
дегеніне Әріптің:
Арғы атаң аты шыққан Мамай батыр,
Аштықта ашыған нан балдай татыр [140, 225-б.],-
деп сәл түзету енгізетіні бар. Бұл тағы да Абай машығын аңғартады.
Абайдың өз балаларының ішінде суырып-салма өнерге жақыны Ақылбай болса, нағыз шапшаң сөздің иесі сол Ақылбайдың баласы Әубәкір еді. Әубәкір Ақылбайұлы - жасынан Абайдың тәрбиесін көрген ақын шәкірті, жақсы домбырашы, әнші, жақсы құсбегі болған адам. «Оның шығармалары әзіл, қалжың, ащы әжуа, шанышпа шенеу, мірдің оғындай мысқыл түріндегі өлеңдер болып келеді» [124, 293-б.]. Әубәкір сыны жалғыз адамға емес, жалпы қоғамға, жағымсыздардың типтік образын жасауға бағытталған. Бір топ би жиналғанда:
Ішіңде байың да бар, кедей де бар,
Кедейлігі болмаса егей де бар.
Тайлы бие тамаққа жұқ болмайтын
Неше түрлі қомағай көмей де бар [124, 298-б.],-
деп сұқпа тілін қадайды.
Әубәкірдің ащы сынынан жақын-жуық та аман қалмаған. Бірде әйелі Кәлипаға көңілі тоймай:
Кәмештің келіспей жүр тойы-дағы,
Өзіне теңі болмай бойы-дағы.
Шашы ілгері, кимешек кейін кеткен
Мұндай қатын оңдыра ма байын дағы [124, 299-б.] ?-
деп сөккен екен. Әубәкірдің мұрасы бізге толық жетпеген. Оның табан астында айтқан жиырма шақты өлеңінен сыншыл да, міншіл өткір тілді нағыз Абайдың шәкіртін, өнердегі ізбасарын танимыз. Әубәкір Еркежанның қолында тәрбиеленген. Он алты жасар кезінде дүниеге келген Ақылбайдың баласын Абай немересі емес, өз балам деп қабылдаған. Әубәкірдің: «Өз атым - Әубәкір, әкем – Абай», - дейтіні содан. Абай дүниеден өткен соң қара шаңырақ, үлкен үй осы Әубәкірге қалады. Бәйбіше мен тоқал арасындағы сыртқа шықпай аузы буылып жатқан бақ күндестік Абай өлген соң сыртқа тебіндей бастайды. Абай балалары дегенмен күнделікті тірлікте пенделік те болмай қалмаған. Тұрағұл мен Әубәкірдің де мал жайылымына таласып қалған сондай бір сәтінде Шәкәрім екі туысқа ара ағайынға жүрмек боп жолға шығыпты. «Үлкен үй» Әубәкірге соқпай, Тұрағұл ауылына өтіп бара жатқан Шәкәрімнің артынан қуа жеткен Әубәкір:
Ассалаумағалейкум, қажы-биім,
Бәріңнің өзің шыққан үлкен үйің.
Әуелі малды болар жерге келдің
Осы ма аруаққа тартқан сыйың [81, 66-б.] ,-
дегенде Шәкәрім ат басын іркіп:
- Біздің тұқымға бұлай өлеңді айтып тастау дұрыс емес, жазып, жинап, кітап етіп бастыру керек, - деп кетіпті. Міне осы Әубәкірдің саусақпен санарлық өлеңдерінің ішінде бізге жеткен екі-үш айтыс-өлеңі бар. Айтыс болғанда біреумен емес, бір ақынмен айтысты дегізген шығармасы.
Екі ақынның айтысын көркем шығарма етіп жазу – Абай шәкірттерінің арасында кең қолданысқа енген үрдіс. Әуелі айтыстың осы бір түрі, яғни А.Байтұрсынұлынша айтқанда «шығарма айтыс» түріне аз-кем тоқталу керек. А.Байтұрсынұлы: «Шын айтыстар емес шығарма айтыстар қазақта да соңғы кезде шыққан» [258, 409-б.] ,- деген пікірімен толық келісу қиын. Өйткені, ауыз әдебиетінің озық үлгісі саналатын айтыс өнері жазба әдебиетінде де қоса қабат ертеден дамыды. Мәселен, мысал айтысына жатқызылатын айтыс түрі сонау М.Қашқаридың еңбегіндегі «Қыс пен жаздың айтысы», А.Яссауидағы жұмақ пен тозақ айтыстарынан бастау алатынын ескерсек, айтыстың көркем шығармалық түрі де ертеден поэзиямызға енген. Осындай айтыс үлгісін пайдалану С.Бақырғани поэзиясына да тән. Ақынның «Жұмақ пен тамұқ», «Рух пен нәпсі қағысуы» деген өлеңдері – сөз жоқ алдыңғы ақындар өлең үлгісінің жарқын жалғасы.
Алғашында екі ақынның сөз жарысы болған айтыстың әлеуметтік мәні орасан болғандықтан да, әдеби туындаларда айтыс үлгісі пайдаланылып, енді айтыс көркем шығарманың түріне айналды. А.Байтұрсыновқа жүгінейік: «Айтыс бастапқы кезде шын екі ақынның айтысқаны болса да, соңғы кезде айтысты ақындар өз ойынан шығаратын болған. Яғни бір ақын екі ақынның айтысқаны қылып, екі жағының да сөзін өзі шығаратын болған. Сөйтіп айтыс шын айтыс емес, тек шығарманың түрі болуға айналған» [258, 408-б.]. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында мысал айтыстың үлгісіндегі М.Ж.Көпейұлының шабдар атпен, тырнамен, ала қарғамен айтысы Шораяқтың Омарының «Қарашекпен мен қасқырдың» айтысы туындысы, М.Дулатұлының «Қарақұс һәм адам», С.Дөнентаевтың «Жан мен тән» тағы басқа шығармаларды атауға болады.
Ауыз әдебиетінің үлгісін шебер пайдаланған С.Торайғыровтың «Айтыс» поэмасы – біз сөз етіп отырған шығарма айтыстың озық үлгісі деуге тұрарлық. Осындай үлгі С.Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасында (ақ аю мен қара аюдың сөз тартысы), І.Жансүгіровтің «Бай, Бәйбіше айтысы» шығармасында көрініс табуы айтыс жанрының көркем туындыларға арқау болуы қазақ әдебиетінде жаппай қолданысқа енгенін байқатады.
Абайдың «Жігіт сөзі» мен «Қыз сөзі» өлеңдері айтыс түрінде жазылған. «Бұл өлеңдерде ішкі сырларын сәлем хатпен, делдал арқылы айтысып отырған жастар көрінеді... Бұл өлеңдегі асықтар қазақтың анық Абай тұсындағы ауыл жастары. Солардың ішінде құда мен құдаша, бозбала мен бикеш сәлемдемесі» [57, 144-б.]. Ақын қыз бен жігіттің аузына нелер шебер теңеу мен ұлттық нақышқа суарылған баламаларды салады.
Айттым сәлем, Қаламқас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап
Келер көзге ыстық жас [105, 134-б-],-
деп тебіренген жігітке қылықты қыз кет әрі емес жауап қатады:
Қиыстырып мақтайсыз,
Ойласаң не таппайсыз.
Бізде ерік жоқ өзің біл
Әлденеге бастайсыз,-
деген қызды тым босаң деуге болмас. Шын махаббат жолында жанын құрбан етер бойжеткеннің бозбала алдында қояр талабы:
Үйір қылма бойыңа
Шыны жақсы көрмесең [105, 136-б.] ,-
емес пе?! Екі өлең айтыс, айтыс болғанда да екі жастың ішкі сезім толқыныстары бүлкілдей сыртқа теуіп, алқымға тығылар сәт қазақ болмысына тән шебер тілмен әрлі өрнектелген. Өлең - кәдімгі қыз бен жігіттің айтысы. Тек екі қарсыластың қарабайыр жауаптасуы емес, Абай құрған өлең өрнегі қыз бен жігіттің сөзінде адам бойындағы ыстық сезім қақпаларын айқара ашып, махаббат тізгініне ерік берген еркін жырдың тұнығына тәнті боламыз.
Ауыз әдебиетінің озық үлгісі айтыс жанрын көркем шығармаларына арқау ету Абай шәкірттерінің еншісіне де жат емес. Мәселен, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жайлаубайдың баласымен айтысы», Әріп Тәңірбергенұлының Хафизден аударды делінетін «Арыстан мен ит», «Қасқыр мен жолаушы» мысалдары, сондай-ақ Тұрағұл Абайұлының «Тұрағұлдың Матай елінің қызымен жауаптасуы», «Әлмағамбет пен қыздың айтысқаны», Әубәкірдің «Қайырбек пен келіннің айтысы», «Қыз бен өзі», «Бүркітімен айтысы» сияқты жанрлық жағынан мысал айтысқа жататын өлеңдермен қоса, Әріп Тәңірбергенұлының «Тәуке мен Ұрқия», Уәйіс Шондыбайұлының «Тәуке мен Жікібай» сияқты айтыс негізінде жазылған көлемді поэмалардың да дүниеге келуі – Абай шәкірттерінің айтыс жанрын терең игеріп қана қоймай өзгеше ізденісер үстінде қазақ әдебиетінде алғаш болып айтыс-дастан жазудың көшбасшысы ретіндегі орнын айқындайды. Сондай-ақ, Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмасындағы қыз бен жігіт арасындағы алғаш бірін-бірі сынауы жұмбақ айтыстан елес береді. Мамырдың жұмбақ емеурінін Қалқаман қалт жібермейді. Дәл осындай айтыс эпизодтары Көкбайдың «Наурызбай-Фатима» дастанында да көрініс тапқан. Жортуылдағы Наурызбай батыр Тілеуқабақ байдың сұлуы Фатимамен кездесіп, екеуінің арасында қыз бен жігіттің мәнерлі айтысы өрбиді.
Айтыс өнерінің қас жүйрігіне айналған Әріп, Әсеттер болып, бірақ толық сақталмаған айтыс, сөз қағыстарын көркем шығарма етіп қайта жырлады. Өңделген айтыс деп айдар тағып қарайтын «Омарқұл мен Табия», «Молда Мұса мен Манат қыз», «Сүйінбай мен Қатаған», «Біржан мен Сара», «Әсет пен Ырысжан» сияқты айтыстардың артында үлкен бір өңдеуші автордың тұрғандығы айқын. М.Әуезов 1920-шы жылдары жазған «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деген мақаласында: «Айтыс өлеңдерінің ерте күндегілері, ауызша әдебиетке кірсе де, бергі замандағы айтыстың ішінен ұзақ әңгіме тудыратын Наурызбай (бұл арада автор Наурызбай мен Фатиманың айтысын айтып отыр. Б.Е.) мен Біржан – Сара сияқтылары жазба әдебиетке кіреді. Екі кісінің айтысуынан, немесе екі кісінің жайынан туатын әңгімелер ертерек уақытта ағылшын әдебиетінде Грандисон, Ричардсон, Достоевскийдің уақыттарында туылған. Орыстардың «Бедные люди» деген кітабында бар. Мұндай әңгімелерді эпистолярный роман деп атаған. Біздің айтыстардың көбі – осы эпистолярный роман түріндегі өлеңдер» [259, Б. 79-80] ,- деген салыстырмалы түрде берген пікірінің жаны бар. Бұл арада Әуезов хат орнына ауызша жеткен айтыскерлердің сөзін айтып отыр. Қалай деген күнде де Абай шәкірттері айтыс жанрын өз шығармаларына арқау ете отырып, өлеңінің жаңа бір қырына түрен салып, тосын әдісіне бара алды. Сол арқылы ақындардың айтқан сөз, қорытқан ойының әлеуметтік салмағы артты.
Айтыс жанрынан ақындық табиғаты алыстау жатқан Шәкәрімнің «Жайлаудың баласы мен айтысқан өлеңі» деген шығармасын атадық. Ақын кішкентай ойын баласымен айтыса отырып, ойын қуған балалардың күнәсіз тентектігі мен мал деп, дүние деп бір-бірін қорқауша талаған ересектерді қарсы қоя сөйлетеді. Баланың ұрлығы ертеңгі елді зарлатқан жуанның зорлығына ұласарын ескертеді. Торғай қуып, санасыз ұрлық қылған баланың қылығы - есі кірген ересектің содырлық қылықтарының қасында пәк, таза. Шәкәрім бала мен ересекті айтыстыра отырып, елі ішін ен жайлаған қулық пен зорлықтың бетін ашып, түп-төркінін аңғартуға тырысады. Ақын көп өлеңдерінде ақ пен қараны, жақсылық пен жамандықты қатар алып, бір-біріне қарсы қоя суреттей отырып, содан ғибадаттық жол ұсынады. Мәселен, «Ашу мен ынсап», «Шаруа мен ысырап», «Анық пен танық», «Махаббат пен құмарлық», «Мақтау мен сөгіс», «Бай мен қонақ», «Піскен мен шикі», «Бай мен кедей» т.б. өлеңдерінің ішкі табиғаты айтысқа жақын. Сондай-ақ, ақынның «Баяулы суырындағы» баяулы суыр мен кәрі суырдың айтысы, «Қаншыр мен бөдене», «Қасқыр, түлкі, бөдене» Ә.Тәңірбергенұлының «Арыстан мен ит», «Қасқыр мен жолаушы» деген өлеңдері - мазмұнына қарай хайуанаттардың өзара айтысы, яғни мысал айтысына жататын шығармалар. Ақынның «Бай мен қонақ» өлеңінде үй иесі мен қонақ арасындағы айтыс өрбиді. Бай үйіне келген қонақ қарын тойғызып алған соң, байдан ақша сұрап, одан болмаған соң бір жыл мінуге аттың майын сұрап, байды зығыр қып, ақыры түк шықпаған соң, оған өкпелеп, кектеніп кетеді. «Бай біткеннің бәрі сараң, кедейдің жаманы жоқ» деген кеңестік кезеңде қалыптасып қалған қағидаға қарсы айтылған жауап – бұл өлең. Біреудің адал малына көз сүзген сұрамшақ, жексұрын бұл арада - кедей.
Байда жазық, немене, малын сойды,
Қымыз ішті, шайменен етке тойды.
Қонағыңыз тым арсыз болды білем
Бай бермесе өз малын бермей қойды [163, 70-б.],-
деп түйіндейді автор. Шәкәрімнің айтыс өлеңдері адам бойындағы жағымсыз мінезді ашуға келгенде тағылымдық ауыр ой арқалап, ғибратқа толы сөздермен түйінделіп отырса, Әубәкір ақынның айтыстары жағымсызды ащы тілмен шенейтін, ойнақы да, жеңіл әзілге құрылған. «Қайырбек пен келіні» деген айтыста, ел қыдырған қайнағасы мен келіннің арасында айтыс туады. Қайырбек ұлғайған адам Күлән деген жас қызды алған екен, соған келіні:
Япырм-ау, мына келген қайнағама,
Тісі өтпейді деуші еді шайнамаға.
Жұқпас қылып берерлік дәнеме жоқ
Бұл үйде бұл мезгілде май қала ма [124, 299-б.],-
деп қылжақтайды. Өткір сөйлейтін Әубәкірдің тілі өз басына да тиген. Бір жағы өз басын сипаттаған болып, өз әйеліне көз қып қызбен айтысқан өлеңі сақталған.
Белбеуі босап кеткен беліндегі
Қатындарша жаңадан бала тапқан,-
деп сөккен қызға «өз атым Әубәкір, әкем Абай» деп таныстырған ақын «мойның кір, салтақсың» деп тиіседі. Сондағы қыздың:
Жағаңыз кір бопты ғой Сіздің-дағы
Құдайдың артық екен берген бағы.
Әлдеқашан сен жұртта қалушы едің
Абайдың сақтап жүр ғой аруағы [124, Б. 300-301] ,-
деген қарымтасында өз басының мінін, кемшілігін көре білген көкірегі ояу ақынның әкеге деген үлкен құрметі көрінеді. Мысал айтыстың біріне жататын Әубәкірдің бүркітімен айтысының жазылу тарихи былай: Құсбегі Әубәкір Ғалымжан деген жігіттен отыз кез бұл, бір өгіз беріп бір бүркіт сатып алады. Осынша шығынданған бүркіті өз бағасына тұрарлық па деп күдіктенген ақын бүркітімен айтысты шығарған екен.
Абай балаларының ішінде айтыс өнеріне бел шешіп кіріспегенмен, айтыс өлеңін өз поэзиясына арқау еткен адамның бірі – Тұрағұл. Матай елінің сұлуымен хат түрінде айтысты өлең қылған шығармасы бар. Тұрағұлдың бізге жеткен екі-үш өлеңінен оның сырлы сезімге суарылған нәзік лириканың ақыны екендігі байқалады. Жастық шағында жазған аз өлеңінде тіл шұрайлылығы жағынан Абайға аса жақын келіп, сезім сұлулығын Абайша кестелеуге тырысқан Тұрағұл лирикасынан сол кездегі тағылымдық сарыннан ада таза көңілдің пернелерін тап басуға болады.
Жайнаған көз, қиғаш қас, қырлы мұрын,
Әжімсіз аппақ саусақ, тіп-тік маңдай [212, 181-б.] ,-
қызға хат жолдаған лирикалық қаһарман қыздан оңды жауап ала алмайды. Осылайша Тұрағұл айтысты көркем шығармаға тән сюжеттік сатылармен қыздыра түседі. Тауаны қайтқан, бірақ үміті үзілмеген жігіт – Тұрағұл Ақылбайға ерген Әлмағамбеттен тағы бір хат жолдайды. Айтыс арасындағы баяндалып отыратын оқиға өлеңде поэмалық элементтердің барлығынан хабардар етеді. Өйткені, айтысты поэма етіп жазу, Абай шәкірттеріне тән құбылыс-тын. Атап айтсақ, белгілі бір дәрежеде болған айтысты, әлде сөз қағысын өңдеп, өз жанынан сөз қосып жаңадан көркем шығарма етіп жазылған Әріп Тәңірбергенұлының «Біржан – Сара айтысы», Ырысжанмен айтысын Әсет ақынның өзі қайта жырлауы осыны аңғартады. Бұл айтыстарды өңделген айтысқа жатқызып жүргенімізбен, өңдеуші ақындардың авторлық құқы басым. Мәселен, «Біржан мен Сара айтысы» Әріп Тәңірбергенұлы - айтысты өңдеуші ғана емес, толықтырып қайта жазып шығушы. «Біржан Сара айтысына» Әріп ақынның қатысы туралы бұдан бұрынғы еңбектерімізде кеңінен сөз болғандықтан, айтысқа Әріптің авторлық құқы турасында бір-екі сөз қосуды ғана жол көрдік. Біржан сал мен Сара қыз кездескен. Айттырылып қойған Жиенқұлдың дауына байланысты Сара қыз Біржанға өлеңмен мұңын шағады. Көп жұрт жиналған ортада Біржан мен Сара кезектесіп өлең айтып, Ешкіөлместің бауырын әнге бөлейді. Өнер көрсеткен екі ақын айтыспаған. Жиенқұл тақырыбындағы екі ақынның сөздерін Әріп айтысқа арқау еткен. Дәлірек айтқанда ән салған Біржан мен Сара сөзін көп өзгеріссіз енгізе отырып, оған өз жанынан Тобықты мен Сыбан арасындағы ру тартысын негізгі тақырып етіп, көп сөздер қосып, бас-аяғы белгілі бір сюжетке құрылған айтыс жазады. Әдейі іздеп келген Біржан алдында Сараның Тұрысбек қажыға айтқан арызы, Біржанның Сараны қорғап сөйлеген сөзі Әріптің айтыс жазуына негізгі арқау болған. Біржан мен Сараның айтқан сондағы өлеңдері айтысқа енген, сондықтан да бұл шығармаға Біржан мен Сараның да үлкен үлесі бар екені даусыз.
Айтыстың толық нұсқасы деп танылып жүрген 1899 жылғы кездесуін, ондағы өлең-сөздерін арқау ете отырып айтысты белгілі бір сюжеттік желіге құрылған көркем шығарма етіп жазған. Біржанның қасына жолдастарын ертіп Ешкіөлмеске келуі, Сараның шешесімен, одан сіңілісімен айтысуы, Арғын мен Найман, дәлірек айтқанда Әріпке жақын тақырып Сыбан – Тобықты арасындағы оқиғаны ұштастырып әкеп, бас-аяғы жұмыр поэма жазуы - Әріптің авторлық құқын анықтайтын дүние.
Әріптің Біржан мен Сараның кездесуін айтыс қып жазуы кездейсоқтық емес. Біріншіден, екеуі де ел мақтаған өнер саңлақтары. Біржан әнші, ақиық ақын, бірақ айтыскер емес, Сара да - он үшінде топта сайраған Маман, Тұрысбектің бұлбұл құсы. Екіншіден, айтысқа арқау болар тартыс бар. Ол Сараның Жиенқұлға айттырылуы да, Біржан – қызға бостандық әперуші. Айтыста қазақ қоғамының асқынған бір ауруы жас қыздың малға сатылуы негізгі тақырып ретінде көтеріліп отыр. Ал, шығармадағы Сыбан мен Тобықты арасындағы ру бәсекелесі тақырыбы жаңағы негізгі тақырыпқа жетудің баспалдақтары іспетті. Әр ақын өз ата-бабасын асыра мақтау сияқты сол кездегі дәстүрлі айтысқа тән жауаптасуды әрлі өріп келген автор, ру арасындағы тартысты әлеуметтік тақырып - қалың мал проблемасына әкеліп шебер кульминация жасайды. Біржан мен Сараны айтыстырып, Сараны жаман күйеудің кесірінен ғана жеңілген ету - Әріптің авторлық түйіні. Өйткені – айтыстың, көркем шығарманың айтар ойы, идеясы – жас қыздың бас бостандығы. Бұл арада автордың жеке мүддесі де менмұндалайды. Шығармада Сара – малға айырбасталған көп қазақ қызының жиынтық образы ғана емес, Әріптің қолы жетпей арманда қалған асығы, махаббат жалыны шарпыған жыр арнаған ғашығы. Сондықтан да, Сара ақынның сөзі кесек, Біржанға қайтарған қарымта жауабының екпіні күштірек. Ру, ата абройын қорғағанда Матай қызы Сара Сыбан Әріптің атымен сөйлейтіні де сондықтан. Керей – Біржан Тобықтының, Сара Сыбанның жақсыларын ардақтаған тұста, көз алдыңызда Көкбай мен Әріптің айтысы көлбеңдйтіні бар. Әріп дәл осы тақырыпта, яғни, Тобықты мен Сыбан арасындағы тартысты бейнелеген «Тәуке мен Ұрқия» айтысын жазған.
«Біржан Сара айтысының» көркем шығармаға тән басты белгілерін атасақ, біріншіден айтыс бас-аяғы жинақы оқиғасы бар белгілі сюжетке құрылған. Екіншіден, жері шалғай екі өңірдің ақындарының сөз саптауы, өлең құрулары, әдеби терминмен айтқанда стилі бір. Осындай көркемдігі мінсіз айтыс тек қана белгілі бір автордың қаламынан туады. Бір ескеретіні Біржан, ең алдымен, айтыс ақыны емес, Сараның да бізге жеткен айтыстары мұндай көркемдік биіктен көрінбейді. Айтыста өзін Арғынмын деген Біржан Арғын емес, Керей руынан. Сара да айтыста аталғандай Қаптағай руынан емес. Сара Матайдағы Кенже деген елдің Тастемір деген аз ғана атасынан шыққан. Өз руының атынан сөйлемеу айтысқа, жалпы ақындар табиғатына жат нәрсе. Біржанды – Арғын, Сараны – Қаптағай етіп отырған Әріп. Айтыс Арғын мен Найман, оның ішінде Матай ақындарының арасында болды деген күнде де, екі ақынның ру жағын сөз еткенде Тобықты мен Сыбанға ауып кетуі көркем туындыға тән тартыс жасаған тағы да Әріптің әдісі.
Айтыстағы Абай мен Құнанбайға қатысты сөздер тағы да Әріпке қатысты. Ол туралы алдыңғы тарауларда сөз болды. Пікіріміз дәлелді болу үшін «Біржан – Сара айтысындағы» адамдарға және кейбір оқиғаларға түсінік бере кетсек, Сара Матай руынан болғанмен, Матайдан Маман, Тұрысбек, Есімбектер ғана аталады. Онда да автор баяндауында. Матай елінің атақты бай, ел басқарған адамдары Маманов Тұрысбек Қаптағай оның ішінде Қыдыралыдан тарайды. Тұрысбек көп жылдар Қапал уезі Арасан болысын басқарған. Қажыға барған, 1904 жылы дүниеден өткен. Тәнекенің Есімбегі Көлдей-Жұмай аталатын болыстың болысы. Сараның «Таласпас Тәнекемнің жан бағына, теңермін егер тартса іс ағына»,- дегендегі Тәнеке - осы Есімбек байдың әкесі. Сараның қалған аузына алып сиынары Қаракерей-Сыбанның қаракөктері. Мәселен: «Кеншімбай, Дулат, Сабыр, Сұртай, Жылтыр, Жанұзақ қолда, дедім ақын Түбек»,- дейді. Осында Сара сиынған ақындарға тоқталсақ, Кеншімбай Күшікұлы Матай руынан, оның ішінде Әріпке жақын Жарма Матайларына жататын Елқонды тармағынан. Кеншімбай 1846 жылы Тана мырзаға еріп барып Жетісуда Арғынның ақыны Орынбай Кертағыұлымен айтысып, бүкіл Найманның бағын асырды. Айтыста Сараның: «Орынбай іздеп келіп, кеткен қаңғып, жеңген жоқ Кеншімбайды о да аңдып»,- деуі содан. Он тоғыз жасар Кеншімбайға көз тиіп, жанарынан айырылады. Үш жылдан соң қайтыс болған. Қ.Алтынбайұлының айтуынша Кеншімбай шамамен 1827-1849 жылдары өмір сүрген. Зираты Жарма ауданына қарасты Аюлы тауының етегінде. Дулат, Сабырбай, Түбек – Сыбанның әйгілі ақындары. Сабырбай мен Түбек Байғарадан тарайтын әйгілі он жеті ақынға кіреді. Сабырбай жасында әйгілі Жанақты сүріндірген. «Жанақ қашан жол алды Сабырбайдан, жаманын көтереді Арғын сән ғып»,- дейді Сара. Жылтыр ақын Бақайұлы – Жарма өңірінің ақыны. Найманның Бурасынан тарайды, оның ішінде Қаратаз. Жылтыр ақын Көкпекті округінің аға сұлтаны Әлімхан Тлеубердиннің сарай ақыны болған. Зираты Шар өңірінде Бес қарауыл төбесінде. Шамамен 1880 жылдары дүниеден өткен. Жанұзақ Шынанұлы - Байжігіттің Жұмық тармағынан, Тарбағатай өңірінің ақыны. Сұртай Нұрашұлы - Қыржы руының ақыны. Зираты Ақсуаттың Сұлутал елді мекенінде. Сараның аузымен айтылатын: «Шерубай, Тана менен Ер Тәукебай, қай қазақ сөз бастаған онан бұрын»,- деген өлең жолдарындағы адамдар кімдер? Ең алдымен, бұл адамдар орыс отаршылдығына қарсы наразылық білдірген халық қамқоршылары болған. Тана мырза Тілемісұлы туралы алдыңғы тарауларда сөз еткен болатынбыз. Шерубай – Мұрынның Тоқабай тармағынан шыққан Құл баласы. Ұлы атасы Кегенбай би болған. Келгенбайдан кейін Мұрын елінде сөз ұстаған аузы дуалы би осы Шерубай. Орыстың өктемдігіне қарсы шыққан Мұрын батыры Қожагелдінің құнын жоқтан Петерборға барған ел жақсыларының ішінде Шерубай да болған. Ер Тәукебай Жәкенұлы Әжіғұл ішінде Жауардан тарайды. Жоғарыда аты аталған Қожагелді батырмен ел тәуелсіздігі үшін патша үкіметіне қарсы шыққан ерлердің бірі. Н.Я.Коншиннің келтірген деректері бойынша 1844 жылдары Кенжемұрын елінің болысы болған. Қарашекпенділердің қоныстануына барынша кедергі жасап баққан Тәукебайды қастастары үзеңгісіне у жағып өлтіреді. Зираты Жарма ауданы, Әулие шоқы тауының етегінде.
Тегінен Қозыбайдың Тілеуберді
Әлихан оның ұлын әркім көрді.
Құдайдан қорыққан пенде осал демес
Қарадан хан боп шыққан Қисық ерді [140, 401-б.],-
деген жолдардағы кісі есімдеріне тоқталсақ, Тілеуберді Көкпекті округінде тілмаштық қызмет атқарса, баласы Әлихан аға сұлтан болған. Саржомарт руынан. Қисық Тезекұлы Найман елінің көрнекті тұлғасы. Руы – Мұрын. «Қарадан шыққан хан» деп дәріптелетін Қисық 1844-1850 жылдары Көкпекті округі бойынша аға сұлтан болған. Азан шақырып қойған аты – Салмақ. Орыстан шен-шекпен алған Қисық Тезекұлы бірбеткей, турашыл, ұрыны тыюға келгенде қатыгез адам болған. Айтыста Сараның атайтын:
Жан жетпес Батабайға, Салпы Жанақ
Аққожа би, Ақтайлақ асқан манап.
Ақтанберді, Алтыбай, Ер Еспенбет
Қалмақты қойдай қырды қолмен талап [140, 401-б.],-
деген жолдардағы батыр-билері түгелдей Сыбанның атақтылары. Әр басылымда әртүрлі аталып жүрген ол - Салпы Жанақ есімі. Ол «Жалбу Жанақ», «Жалпы Жанақ» немесе «және Жанақ» деп аталып, жазылып жүр. Тарихта бірнеше белгілі Жанақ болған соң, автор Салпы Жанақ деп оның арғы атасын (руын) қосақтап отыр. Салпы (Байгөбек) - Сыбанның бір баласы. Салпы Жанақ та елдің бір белгілі адамы болған. Айтыста Әріп Сара аузымен мыналарды атайды:
Кенжеғұл қазақ жетпес баласына
Төрт арыс билік айтқан арасына.
Байтоқа, Кеңесбай мен құт Данияр
Қоймаған сөйлер сөздің шамасына [140, 401-б.].
Бұлар да Сыбанның игі жақсылары. Әріп «Санабай қажы» деген жоқтау өлеңінде: «Арғын, Найман бұлбұлы, Кенжеғұл шешен ағасы»,- дегендегі Кенжеғұл Сейтенұлы жасынан билікке араласқан Сыбанның белгілі қаракөктерінің бірі. Шамамен 1794-95 жылдары туған. Құнанбай заманындағы Сыбан-Тобықты арасындағы жер дауы, мал дауының бел ортасында жүрген аузы дуалы би, шешен адам болған. Байтоқа - Сыбан, Салпы руының биі. Әріптің «Байтоқаның қызына» деген арнау өлеңі бар. Кеңесбай би - атақты Ақтайлақ бидің баласы. Д.Бабатайұлының «Кеңесбайға» деген өлеңі бар. Кеңесбай да сөз ұстаған шешен, ел басқарған адам болған.
Сараның аузымен Қабанбай және оның ұрпақтары аталады. Қабанбайдың екі әйелінен жеті ұл. Әлі - шала туған кенжесі. Әліден Жақаш, одан Әділбек. «Он жеті мың жылқы бар Жақаш байда» деп Әсет ақын өлеңге қосқан Жақаш аса бай, елге беделді адам болған. Әділбек батыр болған. Қ.Халидтің «Тауарих хамса» кітабында Әділбек пен дүнген батыры Бор екеуінің Қытайларға қарсы ұлт-азаттық қозғалысын бастағаны айтылған. Әділбектен тарайтын Сүлеймен болыс ел басқарған ірі тұлға. Сүлеймен әкесі Әділбекке ас бергенде ат жарысында қырық атқа дейін бәйге тігілген. Осы үрдіс Сүлеймен асында да қайталанған. Айтыстағы: «Ботабай, Байжігітте құт Шаянбай, Сасан би, шапты Кенже жауға аянбай»,- дегендегі Сасан би Мыңбайұлы Байжігіттің Тоғас тармағынан тарайды. Ақтайлақпен тұрғылас. Найманға танымал ақпа би болған. «Сыбан қырылған» деген атпен елге аңыз болған Сыбан мен Байжігіт арасындағы дауды шешкен Сасан бидің бойындағы ерекше қасиеттері туралы да ел аузында көп әңгімелер бар. Қ.Алтынбайұлының мына бір әңгімесіне құлақ түрейік: «Көкпекті жақтағы Қарауыл-Жасық елі мен Жұмық елінің арасында қақтығыс болып, кісі өліп, екі жақ Сасаннан төрелік күтеді. Қарауыл-Жасықтың қояр шарты Жұмық жақтан бір адамды кепілге ұстау. Екі жақ бұған келісіп, Ұлтарақ бидің өзі ауру, нашар Шаянбай деген он үш жасар баласын кепілге беріпті. Құны сұраусыз деген шығар. Шаянбай сол күннен ауруынан айығып, адам қатарына қосылады. Сол даудан аттанарда Сасан би: -Маған ажал уақыты таяу. Екі бөрім ауру баланың жанында қалды. Маған ермеді. Енді Байжігіттің менен кейінгі билікті адамы сол болады, - депті» [162, Б. 128-129]. Айтыс жолдарындағы осы Шаянбай ірі би, Тәуке – Байжігіт елінде болыс болған. Әріп Санабай қажыны жоқтауында:
Тұлпар аттай қанатты
Тұла бойы құт болған.
Бағланым кетті сымбатты
Кер маралдай керілген
Құт Шаянбай нағашың [140, 150-б.],-
деп өлеңге қосады. Сараның аузынан айтылатын «Қазыбек Құнанбайды найзалаған, Төре түгіл Төлеңгіт жорығында»,- деген сөздер Тобықты мен Сыбан арасындағы рулық тартыстың бір көрінісін береді. Сыбан ішіндегі Барақ төренің төлеңгіті Қазыбек батыр ел арасындағы бір барымтада Құнанбайды найзамен ат үстінен түсіріп кеткен. Бұл туралы М.Әуезов Мұсылманқұл Жиреншин дегеннің әңгімесін келтіреді: «Аз уақыт өтті, бір күні жылқыға жау тиді, бағанағы сөз қаперімде жоқ, белдеудегі Салпаңқұлаққа міне шаптым, - депті Құнанбай, - келсем жау жылқыны айдап жіберіп, жол тосып, жасанып тұрған екен. Салпаңқұлақ (Ағаныс биден қалап алған аты) бой берместен келіп жауға кіріп кетіпті. Өзім білмей қалдым, қабырғамнан біреу найзамен салып кетіпті. Жығылып қалыппын, сүйтсем Барақ төренің төлеңгіті Қарақалпақ Қазбек деген батыр екен» [116, 253-б.]. Құнанбайға қатысты мұрағат құжаттарында айғақталғандай осы барымтаның дауы ұзаққа созылған. Біржанның Сараға жауабындағы: «Найманды хан жұртынан қуған шақта, мойынын Барақ қашқан бір бұра алмай» немесе «Қазыбек, Кенжеғұл мен Батыр Барақ, Құнекем қараңғы үйге қойған қамап»,- деген сөздер екі ру арасында осы тартыстың тарихынан көп сыр береді. Сондай-ақ:
Шет елде Қанай, Түсіп, Боқанбайым,
Кетірген қатты сөйлеп Найман жайын.
Барақты хан жұртынан қуып тастап
Найманның мінгізбеген жалғыз тайын [140, 406-б.],-
деген жолдардың сырына үңілсек, Құнанбай Сыбанның жерін қарпып қалу үшін Тобықтының Сыбан жақ шекарасына ішкерілете Қанай сияқты батырын, Түсіп, Боқанбай сияқты басты адамдарын әдейі қоныстандырады. Осы оқиғаға байланысты Б.Исабаев төмендегідей әңгіме айтады: «Жаз өтіп, ел күзеуге құлар кезде Барақ жылдағы әдетімен Саға бөктеріне қонуға келе жатыпты. Көш түйесін жетектеген Барақ бәйбішесі екен. Төре қолына құсын қондырған көш алдында екен. Қанай бір тар жерде тосып тұрып Бараққа көшін бұруды, жер өзінікі екенін айтса, төре көз салмапты да. Қанай Барақты қара балтаның сыртымен ұрғанда төренің аты соққыға шыдай алмай кері қайырылған екен. Барақ сол бетте қайырылмай көш басын бұрғызып көш ізімен кейін қайтқан екен. Барақтың бәйбішесі: - Құдайым-ай, Төренің Барағына бәйбіше болғанша, Есімнің Қанайына тоқал болмаған екенмін. Көшімнің бас бұрылды-ау! – деп аһ ұрыпты» [34, Б. 371-372]. Құнанбай мен Барақ арасындағы оқиғалар жайы М.Әуезов, М.Бейсенбаев, Б.Исабаев, Б.Сапаралы, Т.Жұртбай еңбектерінде кеңінен сөз болған. Сараның «Қайсы Арғын жетеді Аманкөшеріме» дегендегі Аманкөшер деген кісі есімі кей нұсқаларда бөлек жазылып жүр. Анығында Аманкөшер өрдегі Найманда аса бай адам болған. Ақтайлақ бидің баласы Түгелбай, одан Сыбанның ардақтысы Өзбехан болса, сол Өзбеханның әйелі атақты Мәнжан бибі – Аманкөшердің қызы. Әріптің Мәнжан өлгенде айтқан жоқтауы да бар. Сара аузымен айтылатын: «Арғын жоқ мақтасаң да Тойғұлындай, қор құйған қыдыр келіп сабасына» немесе, «Асына Тойғұлының бәйге тікті, тоғыз қыз Арғын берген жетімінен»,- дегендегі Тойғұлы - Сыбанның Жанкөбек тармағынан. Елінде беделді адам болған. Ол дүние салғанда бүкіл Орта жүзге сауын айтылған. Арғыннан келген кісілер аттың бәйгесіне тігуге тоғыз жетім қыз әкелген екен, Әріп соны айтып отыр.
Ал енді, Біржанды Арғын атынан айтыстырып отырғанмен Әріп сонау Біржан елі Көкше, Кереку маңының Есіл мен Нұра бойын жайлаған Арғынның Қаракесек, Шоң т.б. тармақтарының игі жақсыларын емес, өзіне жақын Қаракерей, оның ішінде Сыбан-Мұрынмен ауылы аралас бергі өңірдің Арғындарын атайды. «Кім жетер Жанайдарға Алтайдағы, жеті жүз жас бота мен тайлағы бар»,- дегендегі Жанайдар Орынбайұлы Сүйіндік ішінде Төртуыл деген рудан. Кенесарының қол басшыларының бірі болған Жанайдар - кейіннен Қарқаралы өңірінде болыс болып, өмірінің соңында қажыға барған адам. Біржанның аузына алынған адамдардың бірі Итқұсты (кей нұсқада Итқосты деп қате берілген Б.Е.) шын аты Айтжан, руы Қыдырәлі, өз елінде болыс болған. 90-ға жеткен жасында Мекеге барып сонда қайтыс болады.
Шыныбай асып еді өз шағында
Кім жетер ер Қазекем аруағына.
Жамантай, Құсбек, Шыңғыс, Сартай төрем
Ілінген талай Найман қармағына.
Арғынның ақсақалы өтті Алшынбай
Өр Найман таласқан жоқ ер бағына [140, 399-б.].
Осындағы аты аталғандардың бәрі дерлік бергі өңірдің игі жақсылары. Шыныбай қажы - Тарақты руынан. Қарқаралы дуанында белгілі билердің бірі болса, Жамантай, Құсбектер - Құнанбаймен аға сұлтандыққа таласқан адамдар. Алшынбай би - Құнанбайдың құдасы. «Абай жолынан» белгілі Қарқаралы елінде атақты адам болған. Біржан атайтын әйгілі Тәттімбет күйші де - осы өңірдің адамы.
Айтыста Абайға едәуір орын берілгендігі жайында алдыңғы тарауларда тоқталдық. М.Әуезов Абайдың өмірбаянының алғашқы нұсқасында (1927-1933) Абайдың шәкірттеріне арнаған өлең-сынына тоқтала келіп: «Осы сөздер ақындардың барлығына да ауыр тиген шығар. Бірақ іштерінде, әсіресе Әріп қатты намыс қылып кектеніп, Абайдан есесін қайырмақ болып, «Біржан – Сара» айтысын шығарған. Сонда Сара айтты қылып Абайдағы кегін шынымен-ақ алғандай болады. Біржан – Сара Әріпке әншейін ойдан шығарған геройлар есепті ғана керек. Сондықтан Біржанның Арғын емес, Керей екендігін де ескермеген…» [116, 156-б.] ,- деген әлі социалистік идеологияның қысымына ұшырап, өзгеріске түсе қоймаған алғашқы айтқан пікірі айтыстағы Абайға қатысты сөздерге анықтама болып тұр. Ең алдымен, Әріп Абайды өз елінің биі Серікбаймен иықтастырады. Көкбай ақын «Әріпке» деген өлеңінде осынысын сынға ала:
...Данышпан Абайға да дәтің бар ма,
Ұлы атын қазақтықтың сақтайтұғын.
...Серікбай Найман асқан деп жүрсің ғой,
О дағы жуан тұғыр шаппайтұғын [207, 16-б.],-
деп жауап қайырған екен. Айтыс үшін Абайды Серікбаймен теңестіргенімен, шын өмірде Әріп «Серікбай қажыға» деген өлеңінде қажының кемшіліктерін де бетіне басқан. Осы Серікбайдың інісі Есікбай Әріпті Лепсі түрмесіне жазықсыз қаматқан да. Айтыста Сара «Бағланы Жігітектің кетті қайда» деп Базаралыға жоқшы болса, Біржан Абайды қорғай кеп:
Дос көрген әулет заһит ғылымдарды,
Алдында атасынан тағлым бар-ды
Момынға жәбір-жапа қылмасын деп
Жіберген жер аударып залымдарды [140, 404-б.],-
деп оңтайлы жауап қайтарады. Қалай десек те, айтыста сөз болған оқиғалардың қай-қайсысы да тарихтан алшақ кетпейді. Әріп Тобықты мен Сыбан-Мұрын арасындағы сол кездегі рулық қақтығыстарды екі ақын арасындағы сөз қағысына, яғни, айтыстың табиғатына шебер пайдаланған.
Ә.Тәңірбергенұлының келесі бір туындысы – «Тәуке – Ұрқия айтысы». Бұл шығарманың толық нұсқасы Қ.Мұхаметханұлының кітабында [124] жарық көрді. Түсінігінде: «Бұл шығарманың қолымызда екі қолжазбасы бар. Біреуі Қаскен (Нұрқасым) Төлеу ақын ұлының қолжазбасы, екіншісі Әріптің немересі Рамазанның қолжазбасы. Және «Тәуке-Ұрқия айтысын» Төлеу Көбдікұлы мен Сапарғали Әлімбетұлы жатқа айтушы еді» [124, 161-б.] ,- дейді. Айтыс ретінде «Тәуке батыр мен Ұрқия» деген атпен «Айтыс» жинақтарында 1964 жылдан бері, үзінділері жарияланып келеді. Түсінігінде: «Айтысты Қармысов Сансызбайдың айтуынан 1964 жылғы Семей экспедициясының мүшесі Қанағатов Телмұхамбет жазып алған. Оқиға ХХ ғасырдың бас кезінде Семей облысына қарайтын қазіргі Аякөз қаласында болған. Түрмеде жатқан Тәуке түрменің түбінен әкпішпен су алуға келіп-кетіп жүрген Ұрқия деген жас келіншекпен сөз қағысады» [260, 341-б.] ,- делінген. Анығында «Тәуке мен Ұрқия айтысын» «Біржан – Сараның» ізіне салып Әріп шығарған.
Алдымен Тәуке мен Ұрқия кім? Соларға қысқаша тоқталайық. Тәуке Мұстафаұлы шамамен 1878 жылы туған. Тобықты ішінде Мәмбетей, одан Қарамырза. Тәукенің өмірі ат үстінде қуғын-сүргінде өтті десе де болады. Тәукені біреулер батыр десе, екіншілері барымташы, қарақшы деген. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы мұрағат деректері де сақталған. Әкесі Мұстафа Саптаяқов Үркітке жер аударылғанда жас Тәукені өзімен ала кетеді. Он жыл айдауда, орыс ішінде болған Тәуке орысшаға, оның заңына жетік болып жиырма жаста елге оралады. Өзі батыр, ақындығы, әншілігі бар сері жігіт ел ішіндегі, ру арасындағы қақтығыс, барымта-қарымтаның бел ортасында жүріп атағы шығады. Патша заңына мойынсұнбай, қол жиып орыс әскерлеріне қарсы шыққан кездері де болған. Бұл туралы Е.Бердиннің «Қанды кек» поэмасында суреттелген [261]. Алайда, ел атқамінерлері Тәукені өз істеріне ру арасындағы қақтығыстарға пайдалануға әрекет етті. Осындай ру арасындағы қақтығыстар, мал ұрлау, ауыл, көш шабу сияқты дүниелердің бәрі Тәукенің есімімен байланысты болып, көптен қолға түспеген Тәуке ақыры 1912 жылы тұтқынға алынады да ұзақ тергеу кезінде Аякөз түрмесінде жатады. Осы оқиғалар Ә.Тәңірбергенұлының «Тәуке мен Ұрқия айтысы», У.Шондыбайұлының «Тәуке мен Жікібай» поэмасына, кейіннен М.Әуезовтің «Текшенің бауырында» әңгімесіне, І.Жансүгіровтің «Жолдастар» романының бөлімдеріне арқау болады.
Ұрқия (Рухия) Смайылқызы ел ішінде Қайша деп атаған 1889 жылы туып, 1912 жылы 23 жасында қайтыс болған. Ақтайлақ бидің Жарқынбай деген баласынан Смайыл туады. Ұрқия осы Сыбанда атақты бес бөрінің бірі – Смайылдың қызы. Айтыстағы «Нағашым Қаракерей, қалың Мұрын, өз шешем, Тана-екеңнің қарындасы»,- деген жолдар Ұрқияның текті жерден екендігін байқатады. Ұрқияның ұзатылған жері - Сыбан-Ақымбет Шалтай қажы.
Енді көркем туындыға келетін болсақ, Қ.Мұхаметханұлы 1950 жылдары Әріп ақынның «Тәуке мен Қайша айтысы» деген шығармасы бар екенін айтады [52, 199-б.]. Жоғарыда айттық, ел ішінде Ұрқияны Қайша деп атаған. Тәукенің Ұрқиямен және келіншекпен (Жікібайдың әйелі Бықия) айтыс жинақтарында сонау қырқыншы жылдардың соңынан басылып келеді. Анығында Ұрқия да, Бықия да ақын болмаған адамдар. 1942 жылы шыққан «Айтыс» кітабының бірінші томында «Тәуке мен келіншек» айтысына берілген түсінікте: «…бұл айтысты Шашубай ақын шығаруы ықтимал» деген қате болжам жасалған. Негізінде бұл айтыс емес, Уәйіс Шондыбайұлының «Тәуке - Жікібай» дастанының бір құрамдас бөлігі. Ұрқия мен Жікібайдың әйелі Бықияның ақын еместігі анық. Ал, Тәуке ақын, сазгер болды дегенімізбен, оның бірді-екілі өлеңдерінен басқа шығармалары бізге жетпеген. Тәуке мұрасын жинаушы көнекөз ақсақал Қабден Есенғариннен де ауыз толтырып айтарлық шығармалар табылмады.
Тәукенің «Ақдари» әні туралы І.Жансүгіров «Жолдастар» романында, І.Жақанов «Тәукенің Ақдариы» деген мақаласында тоқталған. Тәукенің ақындығына талас жоқ. Көп мұралары оқырманға жетпегендіктен болуы керек сірә, Тәукені бейнелеген көркем туындыларда да (М.Әуезов, Е.Бердин), ел аузындағы естелік әңгімелерде де Тәукенің ақындығынан гөрі батырлығын сөз қылады. Ұрқиямен айтысуы дегенге келсек, Тәуке ақын болды деген күннің өзінде, ақын емес Ұрқиямен темір тордың ар жағында тұрып (бірі бер жағында су әкеле жатып) осындай айтыс қылды деген шындыққа жанаспайды. Тәуке - көзі тірісінде ел ішінде аты аңызға айналған батыр, ел еркесі сері болған. Ерекше қасиеттері, қым-қуыт іс-әрекеттерімен халықты өзіне тәнті етті. Міне осындай ер Тәукені Абай шәкірттері өз шығармаларына қаһарман етіп, жырға қосты. Дәлірек айтсақ, ақындар - Ә.Тәңірбергенұлы, У.Шондыбайұлы Тәуке арқылы сол кездегі ру арасындағы жікшілдікті, алауыздықты көрсетіп, тіпті сынға да алғандай. Уәйіс поэмасында Тәукенің Керейді шапқаны сөз болса, Әріп Найманның көшін масқара еткен Тәукенің абақтыдағы ахуалын айтысқа арқау еткен. Әр ақын өз руына қатысты сыбағасын бөліп алып, жырлады.
Айтыстың тақырыбы, сюжеттік желі, оқиға өрбуі «Біржан – Сара айтысына» сонша ұқсас. Екі шығарманы салыстырып оқығанда тіпті жолма-жол дәл келетін тармақтарды, сөз тіркестерін кездестіруге болады. Осы шығарма туралы белгілі журналист Медеу Аталықұлы былай дейді: « …біздің қолымыздағы вариант Семей облысы Аякөз қаласында тұратын Ахмадиев Мұсатай деген 75 жастағы қарттың аузынан 1970 жылы жазылып алынған. Оның айтуына қарағанда бұл өлең революциядан бұрын Әріп ақынның қолымен жазылған бір дәптер екен. Оны Мұсатайдың әкесі Әріптің досы Ахмади Жамбазаров Әріптен алған көрінеді. Бірақ қолжазбаны бертінде Мұсатай жоғалтып алыпты… өлеңнің кейбір сөздері мен ұйқастары, дәлелдері Біржан мен Сара айтысындағы сөздерге ұқсайды» [262, 126-б.].
Айтысқа арқау болған Тәукенің түрмеге түсуіне қысқаша тоқталсақ, Тәуке інісін соққыға жыққан Найман, оның ішінде белгілі Маман, Тұрысбектермен өшігіп, олардың қалыңдығы келе жатқан көшті тұтқындап, серіктерімен бірер жұма көштегі қыз-келіншектердің қызығын көреді. Тәуке өзі қалыңдықпен болып, көштен бір сабақ инесін алмай жолға салып қоя береді. Қанша құпия дегенмен Тәукенің зорлығы Маман еліне аян болып, соңы Тәуке бастатқан Тобықтының 20-дан астам адамы тұтқынға алынады. Оқиға 1911-1912 жылдары болған. Осы іс қаралған кезде Тәукенің Керей елін шапқаны туралы да ісі қозғалса керек. Тәукенің Ұрқияға берген жауабында «Жатырмын артын күтіп бір құдайдан»,- дейтіні сол. Осы іспен Тәуке үш жыл жатқан. Бір рет қазақы билік (Нарманбет ақын әділ билік айтқан), екі рет орыс соты болады. Тәуке бастаған Тобықтылардың ісі Найман-Арғын деңгейіндегі дауға кетеді. Айтыста Ұрқия аузымен айтылатын: «Тобықты аруағына сиына бер, Арғында қанша сенің қатысың бар» немесе «Сені іздеп не қылады Арғын жағы»,- дегенде, Найманның тізесі батқан Тобықты Арғынға арқа сүйеп, Нарманбет айтқан қазақы бітімге тоқтамаған Мамандар жағына Арғынның игі жақсылары өкпе артады. Тәукенің: «Су тасып Аякөзде жүре ме екен, мырзаның қарындасы Жұмақандай»,- деп тиіскеніне Ұрқияның қарымта жауабы дайын еді. Тобықтының атқамінерлерін мақтап отырған Тәукеге:
Бір кезде шығып еді дыбысым деп,
Несіне мақтанасың намысым деп.
Шынжырлап өз Тобықтың қамап отыр
Қайтесің атын атап арысым деп [140, 428-б.],-
сөзден соққы береді. Мұрағат деректері бойынша Тобықтыдан біраз адам тұтқындалғанымен қулық қылып, босап кеткен. Тәукенің Керейді шабуына тікелей мұрындық болған ру басы Арап, Ыбырайлардың батыр түрмеде жатқанда көмегі болмаған тәрізді. Ұрқияға жауабында Тәукенің: «Жеңілдім рақымсыз елім үшін, кетіп тұр бүгін менің қайрат күшім»,- деп налуы содан. Екі ел арасындағы ру қақтығыстарын негізгі оқиға ете отырып Әріп, негізінен, іздеушісіз қалған Тәуке батырға араша түсу мақсатында осы поэманы жазған сыңайлы. Поэманың соңында Тәуке аузымен:
Айтамын тағы сәлем қалғаныңа
Қатынға табашы боп қалғаным ба?
Бір жәрдем осы ісіме етпесеңдер
Тапсырдым Тобықты атам аруағына [140, 430-б.],- деп бүкіл Тобықтыға сәлем жолдайды. Поэма шамамен Тәуке түрмеде жатқан уақытта 1912-13 жылдары жазылған. Байқап қарасақ, айтыс жанрын көркем шығармасына пайдалану - Әріп шығармашылығына тән құбылыс. Жалпы «Біржан - Сара» мен «Тәуке Ұрқияны» салыстырып қарағанда екі шығарманың тақырып ұқсастығы, идеялық бірлік, оқиға орайы тіпті сюжет дамуындағы тартыс пен көркемдік шешім бір қалыптан шыққандай ұқсастық тауып жатыр. Әкесінің төрт түлігі сай дүниеге мұқтажсыз Сара айтыста қажы ағасына мұңын шағып, бас бостандығын аңсаған жан болса, Ұрқия да Жұмақандай мырзаның қарындасы, еріксіз аз ауыл Ақымбетке ұзатылып, Аякөзде тезек арқалап, су тасыған күйге түседі. Сара: «Сіздерден ұялағаннан үндемеуші ем, есекке қосақтаулы өтті-ау күнім»,- деп ашынса, Ұрқия: «Ақ ноқта басқа киіп қатын болдық»,- деп мойынсұнады. Екі айтыстың на негізгі желісі Сыбан мен Тобықты елі төңірегінде өрбиді. Сара да, Ұрқия да Тобықтының бүлігін қарсыластарының бетіне басса, қарсыластары – Тәуке мен Біржан Тобықты атқамінерлерінің тұлымын көтереді. Екі айтыстың сөз салымына көз салсақ, Біржан: «Үш жүзге даңқым шықты өлең жаттап, қысқартам адымыңды бір-ақ аттап»,- десе, Ұрқия Тәукеге: «Болсаң да қанша жүйрік тоқтатармын, қысқартып адымыңды бір-ақ аттап»,- дегені сияқты сабақтастықтар екі айтыста да молынан кездеседі. Айтыстағы Сара да, Тәуке де өз қарсыластарынан ақындық қуатының кемдігінен немесе ұрымталда сөз таппағаннан жеңілген жоқ. Елінің айнасы болған ақынның ең осал тұсы да – елінің кемшілігі, елінің міні. Екі айтыста да бір араға түйіскен мәселелерді, ұқсастық пен идеялық бірлікті елемеу мүмкін емес.
Жоғарыда айтып өттік, айтысты арқау еткен Абайдың келесі бір шәкірті Уәйіс Шондыбайұлы «Тәуке-Жікібай» поэмасын жазды. Тобықтының жортуылшысы Тәукенің Найманға қылғанын Әріп өз шығармасына арқау етсе, Уәйіс Тәукенің Керейді шапқанын сөз етеді. Өйткені, Уәйіс - Керей, бұл - оған жақын тақырып. Поэманың кейіпкері Жікбай батыр Уәйіспен де, Төлеу Көбдіковпен де аталас ағайын болған. Поэма басты кейіпкер Тәукенің атынан баяндалады. Бұл – Уәйіс ақынның көркемдік тәсілі. Поэмадағы оқиға нақты тарихи шындықтан алынған да, шығармаға Тәукенің Жікібайдың келіншегімен айтысы шебер жымдастырылған. Жорықтағы батырды Жікібайдың келіншегі алдынан тосады: «Жазықсыз Ақмолаға жер аударған, жүрмісің Тобықтының намысына»,- деп тиіскен келіншекке Тәуке батыр мандытып жауап қайтара алмайды. Тәукенің сүйенері - «Есентай, Ыспан қажы – екі арысым, қазақтың көріп еді сан жарысын». Есентай, Ыспан қажы – Тобықтының игі – жақсылары. Ыспан қажы – «Абай жолынан» жақсы таныс Оразбай інісі. Сол кезде Тобықты елінің игі-жақсысы болып, сөз ұстаған Шәкәрім, Тұрағұл, Көкбай сияқты Абай шәкірттері аталады Тәуке аузымен. Тәукенің атайтын Медеу, Араптары да – Тобықтының жуандары. Арап Абралыұлы – Тобықты ішінде Сақ, Тоғалақ елінің ру басы, сондай-ақ, әлгі Оразбайдың күйеу баласы. Медеу – Оразбайдың ұлы. Байқап отырсаңыз, Оразбайдың өзі болмағанмен, Тәукені қаумалаған Оразбайдың айналасы. Дәл осы Оразбайлар Әріптің «Тәуке мен Ұрқиясында» да Тәуке аузына алынады. Тәуке сол топтың қолшоқпарына айналып, Керейден жылқы алады. Оқиға былай болған. Жаңағы аты аталған Араппен бірге туысқан Ыбырай деген тілге шешен, сөзге жүйрік, пысық атқамінер екен. Ел ішіндегі дау-шарға Арап осы Ыбырайды жүргізсе керек. Осындай ел арасындағы дауды қуып Ыбырай Керей ішінің басты адамы Демесін дегенге келеді. Бұл оқиға 1909 жылы болған. Ыбырай мен Демесін сөзге келісе алмай, ақыры өктем сөйлеген Ыбырайды байлап тастаған екен. Кейіннен, Арапқа кісі салып «Ыбырайды алып кетсін» деп бітімге келгенімен Арап Демесіннің осы ісін кек алып, Ақмола жақтан айдаудан қашып келген Тәукенің қолтығына дем беріп, Керейден жылқы алғызады. Поэмадағы: «Демесін Ыбырайды байлағаны, қозғалып, себеп болды ел шабыспақ»,- деген сөздердің әңгімесі әлгіндей. Уәйістің бұл поэмасына арқау болған Тәуке мен келіншек айтысы жеке айтыс жинақтарында басылғаны белгілі. Текстологиялық салыстырулар жүргізгенде байқағанымыз айтыс болып басылған нұсқаның өлең жолдары қисынсыз өзгертілген, сөздері бұзылған. Тіпті, 1965 жылғы «Айтыс» жинағында «Тәуке батыр мен келіншек» деп енген шығарманың басында: «Тобықтының Абайын ұрыпсың» деп, Керей руынан барымта алмақ болып, Тәуке атанады» [263, 503-б.] ,- деген қате түсінікке де жол берілген. У.Шондыбайұлының «Иванушка дурачок» еркін аудармасында: «Ыбырай жазып бер дер бұйырған соң, дей ме деп тіл алмайтын неткен кешше»,- деген жолдар бар. Уәйістің Ыбырай деп отырғаны – Абай. Осыған қарап «Тәуке – Жікібайдағы» Ыбырайды да Абай деп шатастырса керек, айтыс кітабын құрастырушылар.
Поэма ішіндегі айтыста келіншектің сөзі басым шығады. Тобықтыға тиер сөздің ауыры – Қалқаманның оққа байлануы, ер Кебектің ат құйрығында кетуі, Жігітектің маңғаз жігіттерінің сібір айдалуы Тәукені сөзден тосылтады. Келіншекпен айтысып маңдайы тасқа тиген батыр Абылайлап Керейдің көп жылқысына тиеді. Әйелінің хабар беруімен кеткен жылқының соңынан Жікібай жөнеледі.
Жылқыны бесеу айдап, қалдық он бес,
Қуғыншы беті қайтып сірә көнбес.
Кез келсе іліп тастап алғызбайды
Жікібай жігіт екен өзім теңдес [102, 289-б.],-
деген Тәуке сөзіне қарағанда Жікібай осал жан емес. Жауын жапырып болмаған Жікібайды Тәукенің бір оғы тоқтатады. Ілуде біреу болмаса қазақтың ру арасындағы барымта-қарымтасында кісі өліміне жол берілмеген. Қанша араз, жау дегенмен қазақ өз ағайынын өкпеге қиғанмен, өлімге қимаған. Тәукенің Керейді шапқаны ел ішіне үлкен дүрбелең әкеледі. Қ.Мұхамедханұлы Төлеу Көбдікұлының төмендегі естелік әңгімесін келтіреді: «Керейден Семей губернаторына бес кісі жіберілді. Олар ел шапты, кісі атты деп арыз апарды. Қаладан доктор келіп, Жікібайдың денесіне дарыған мылтықтың бытырасын алып, оны емдеп, ауылда бес күн болды... Семейден 25 солдат шығып, Арап, Тәуке бастатқан Тобықтының 22 адамын тұтқынға алды. Келер жылы екі ел Сергиопольде бас қосып бітісті. Тобықты Керейден алған 300 жылқыны қайтарды және Көкбесті аттың (Тәуке атып өлтірген Жікібайдың мінген аты Б.Е.) орнына 10 түйенің құнын төледі. Сөйтіп, тұтқындағы адамдарды шығарып алды» [102, 326-б.]. Тұтқыннан босамаған жалғыз Тәуке ғана. Тәукенің түрмедегі оқиғасы алдында сөз қылған Әріп Тәңірбергенұлының «Тәуке – Ұрқия» поэмасында жалғасын тапқан ғой.
Ел арасында батырлығымен қоса, барымташылығы қоса бар нағыз жау жүрек, сол кезде қазақ даласын билеп-төстап алған орыс ұлықтарына да бас имей, патша әскеріне тұқиылдан қаптап кететін, тілге шешендігімен қоса, орыстың тілін де еркін меңгерген бірі «барымташы Тәуке» деп үрейленсе, екіншілер «батыр Тәуке» деп тамсанған-тын Тәуке Мұстафаұлына. Тәукенің басынан өткен оқиғаларды Абай шәкірттері Уәйіс пен Әріптің көркем шығармаға арқау етуі – тек ру арасында тартысты сөз ету емес, ондағы Әріп Ұрқия арқылы, Уәйіс Балқия келіншек арқылы ел атқамінерлерінің Тәукедей батырды қолшоқпар етуін қатты сынға алған. Екі шығармада да Тәуке опық жеген трагедиялық тұлға ретінде көрінген. Уәйіс поэмасында «Керейдің оққа ұшты-ау қайран ері» деп опынған Тәуке, Әріп шығармасында елінің рақымсыз атқамінерлері үшін Ұрқиядан жеңіледі. Тәукеге қатысты оқиғаларға, яғни тарихи деректерге құрылған екі шығарма бірін-бірі толықтырып тұрған циклды дастанға да келеді. Бұл үрдіс Абай шәкірттерінің шығармашылығындағы творчестволық бірлік мәселесі дегенге әкеліп саяды. Уәйіс пен Әріптің бұл аталған шығармалары жарыса өлең жазу, бір тақырыпқа дастан жазудың асыл үлгісі болып табылады.
Көкбайдың «Наурызбай-Фатимасындағы» қыз бен жігіттің айтысының табиғаты да Тәуке мен келіншектің айтысына келеді. Тілеуқабақ байдың жылқысын алуға шыққан Наурызбай байдың қызына кезігеді. Жездесін сағына әнге қосқан сұлудың жөн сұрауына,
Сұрасаң – атам аты хан Абылай,
Шағында мәртебесін берген құдай.
Ағамыз Кенесары хан болып тұр
Інісі сол асылдың мен Наурызбай,-
деп өктемси жауап қатқан Наурызбайға қыз қарымтасы да оңай тиген жоқ:
Сен бе едің батыр Науан шыққан даңқың,
Ешкімді иландырмас мына қалпың.
Төре боп ұрыға ұқсап ел торисың
Жоқты да мақтайды екен байғұс халқым [207, Б. 98-99].
Дастанда айтыс үлгісін пайдалану - кейіпкерлердің образын жан-жақты аша түсетін оңды әдіс. Қызбен сөз қағысында батыр Науанның барымташылық әрекеті ашылып, қарсыласының тарапынан табаға ұшырайды. Қыз сөзіне жауап тауып жарытпаған жас батыр ызаланып жылқыға тиеді. Сөзбен жанысқан екі жас кейіннен бірін-бірі ұнатып, көңілдері жарасады. Бір сөзбен айтқанда Көкбай ақын оқиға тартысын шиеленістіре түсу мақсатында айтыс үлгісін қолданып, әрі характерлердің бейнесін жан-жақты аша түскен.
Келесі бір тоқталатын шығарма - Әсет пен Ырысжанның айтысы. Бұл айтыстың өз заманындағы айтыстардан көзге ұрып тұрған бірнеше ерекшеліктерін атап өту керек. Біріншіден, айтыстың ең бір ауыр түрі - жұмбақ айтысына құрылған Әсет пен Ырысжанның сөз бәсекесі көркемдігі жағынан сол кездегі айтыстардың алды. Ал жұмбақтап айтысудың сонша мінсіз шығуы сирек. Өйткені, әрі қарсыласына жауап қату, әрі қойған жұмбағын шешу, оны келісті өлеңмен кестелеп жеткізу оңай шаруа емес. Небір айтыс өнерінің жүйріктері жұмбақтасуға жүрексінеді. Қазіргі айтыста да жұмбақ айтыстың көрінбеуі содан. Әсет даңқының елге жайылуы да осы айтысқа байланысты болғаны да осы жұмбақтың арқасында. Терең ой, асқан білім, тақырлықты қажет еткен айтыста Ырысжан қыздың жұмбағын шешкен Әсеттің даңқы аспандайды. Әсілі, айтыс болған соң оның жұртқа таралуы жеңілген ақын тарапынан болатын болса, Әсет пен Ырысжан айтысын елге жыр етуші жеңген Әсет болып шыққан. Осы құбылыстың ар жағында «айтысты Әсеттің өзі шығарған» деген пікірлер де қылаң беріп жатқаны жасырын емес. Анығында Әсет Ырысжан деген қызбен айтысқан. Бірақ Ырысжан туралы дерек аз. Басқа айтысы, өлеңдері жоқ, болған күнде бізге жетпеген. Тек, Әсетпен айтысынан там-тұм дерек аламыз. Қарқаралы жақтан, Арғынның Бошан деген атасынан тарайтын Ырысжан Шашубай, Аязбай ақындармен сөз барымтасына түскенін алға тартады айтыста. Әсет мұрасын зерттеуші С.Қожағұл: «Айтыс 1885 жылдың жазында Қоянды жәрмеңкесінде болған» [84, Б. 43-44] ,- деген дерек айтады. Демек, айтыс өмірде болған. Әсетпен айтысқан Ырысжан деген ақын болған да, кейіннен қазақ салтымен атастырылған жеріне күйеуге тиіп, я басқа бір себептермен ақындықты тоқтатуға мәжбүр болуы мүмкін деп топшылаймыз. Өйткені, қаншама ақын қыздың есіл өнері жаулық таққан соң тиым салынып, іште кетті. Оған бір ғана Ұлбике ақынның аянышты тағдырын еске салсақ та жеткілікті. Әйтпесе, арындаған Әсетпен тең түсіп сөйлескен Ырысжанның басқа өлеңі жоқ деу қисынсыз.
Айтыстың үлкен бір ерекшелігі – мұнда басқа ақындардағыдай ру тартысы атымен жоқ. Қайта Ырысжан: «Қарқабат, Қаракесекті етпеймін бел, аузымнан а дегеннен зулайды жел»,- деп ата қуудан сөзді алыс тастайды. «Бұл айтыстың көркемдік қасиеттерімен қатар саяси-әлеуметтік мәні де зор. Ескі айтыстар сарынына түспей, екі ақын өз заманандағы өмір шындығын айтыстың негізгі тақырыбы етіп жырлайды» [124, Б. 199-200]. Және айтыс тек екі ақынның жалаң айтысынан ғана тұрмайды. Болған айтысты Әсет өзі поэма етіп қайта жырлаған. Айтыстағы бір ақын стиліне тән көркемдік тұтастық та соны аңғартады. Әрине, Ырысжанмен жұмбақтап айтысудың сұлбасы, қаңқасы қалып, соның бәрін бір демде поэма етіп жырлауы ықтимал. Бірақ Ырысжан сөзінің әуелде қандай болғанын, оған Әсеттің қаншалықты өз сөзін қосқанын дәл айту мүмкін емес. Айтыстың алдындағы кіріспе сөз бен қорытынды сөздің өзі-ақ болған айтысты көркем шығарма етіп қайта жырлаған Әсеттің авторлық күйін аңғартқандай. Мәселен, «Біржан - Сара», «Тәуке - Ұрқия», «Тәуке - Жікібайдағыдай» екі ақынның айтысына дейінгі оқиға автордың атынан баяндалады. Айтыс Әсеттің әспетті өлеңімен басталады. Аспандата сөз көрігін қыздырған автор оқиғаға ауысады. Қоянды жәрмеңкесіне сауда жасай барған Әсеттер алты кісі «Ағұс өтіп, сентябрь күзде келеді». Авторлық шегініске құлақ түрсек:
Бір асқан Қарқаралда қыз бар екен,
Аттыға аял, жаяуға жол бермеген.
Көз таңбалы Арғынның бәрін жеңіп
Алты таңба Найманға қол сермеген [221, 114-б.],-
Ырысжанның атын алыстан айбындатады. Әсеттің жүрегі дір етіп, қорқып қалғанын да жасырмайды. Бір-екі адам келіп аты енді таныла бастаған жас жігіт Әсетті Ырысжан отырған үйге жетектейді. Түскен үйін қошеметке көміп отырған «сөзге ұста және даусы әнге жүйрік» Ырысжанның мысы жас Әсетті тұқырта түскендей. Осылайша оқиға ширығып кеп, автор енді ғана екі ақынға сөз береді. Бұл көркемдік әдіс «Біржан - Сара айтысынан» қанық. Алғашқы сөз алмасулары да автор сөзімен өріліп отырады. Ырысжаннан ығып қалғанын автор жасырмайды:
Сөзінің қайран қалдым кірін таппай,
Кенедей лебізіңнің мінін таппай.
Жүйрік ем жеке шапсам жан салмайтын
Адастым айтар сөздің бірін таппай.
Қамалып тұңғиықта қалдым тұрып
Қайымның қосып айтар ебін таппай [221, 116-б.],-
деп, айтыс ішінде көңіл-күй әуенінен хабар беретін авторлық жолдар да орын алған. Осылайша айтысқа жерқорқақ болып, жүрексіне кіріскен Әсетті айбынды Ырысжан тарпа бас салады.
Осы ма, атақтыңыз Әсет деген,
Бере ме өнер пайда көрсетпеген.
Топастау торшолақтың біреуі ғой
Мұны кім сөз білгішке есептеген [221, 117-б.],-
деген қамшылау Әсет сүйегін қариды. Алғашында қыз бен жігіттің қалжыңынан басталған сөз сайысы келе-келе әлеуметтік мәні бар жұмбақ айтысына айналады. Қыз түймесін ұстамақ болып арсалаңдап қасына жетіп барған Әсеттің алдына төрт жұмбақты тосады Ырысжан. Жұмбақтың шешуін дұрыс тауып қана қоймай, оны кестелі өлеңмен келістіре жеткізген Әсеттің Ырысжан алдында айбыны асады.
Қыз сонда әдебінен аспай келді,
Аяғын титтей қия баспай келді.
Шетіне орамалдың жүзік түйіп
Алдыма бір торғынды тастай берді [221, 132-б.],-
деп басталатын сөздермен автор айтыс оқиғасының соңын қорытады.
Бір сөзбен айтқанда Әсет пен Ырысжан арасындағы айтысты тілі көркем, идеялық-тақырыптық мәні зор, сюжеттік даму кезеңдері жүйелі, композициялық құрылымы тұтас көркем шығарма етіп жырлауы, сөз жоқ, Әсеттің үлесіне тиетін дүниелер. Әсет мұрасын зерттеуші Б.Нұржекеевтің: «Бұл айтыстағы поэзиялық көркемдіктер Әсеттікі деп қарасақ, қателеспейміз, өйткені ол бұл шығармада өз сөзін де, Ырысжан сөзін де өңдеп айтушы автор» [221, 25-б.] ,- деген пікірінің жаны бар. Демек, Әсет пен Ырысжанның айтысы қыз бен жігіт арасындағы жеңіл-желпі сөз қағысуы болып қалмай, «әлеуметтік мазмұнының өткірлігі мен көркемдік сипаттары жағынан ерекше дараланатын айтысқа» [264, 21-б.] айналуына Әсеттің әсері аз болмаған. Айтыс жанрының табиғатын көп жылдар бойы зерттеп келе жатқан ғалым М.Жармұхамедұлы осы белгі-сипаттарымен бұл сияқты айтыстардың поэмаға жақын екендігін атап көрсететіні де содан [264, 25-б.].
Әсеттің ғылыми айналымға түспеген бір шығармасы – «Гүлзағипа-Гінар төре» қыз бен төре арасындағы айтысқа құрылған. Айтыс болғанда да тағы да Әсетке етене жақын - жұмбақ айтыс. Оқиғаның басы ақын қиялының шарықтап, романтикалық леппен басталады. Автордың қиялынан туған Абылайдың ұрпағы Гінәр төре мен ноғай қызы Гүлзағипа патша губернаторы бастаған ұлықтар жиналатын Петербордың сарайында айтысады. Айтысар алдында төре жеңілсе қызға малай, Гүлзағипа жеңілсе төреге қатын болатыны туралы шартқа отырып, губернатордың алдында қол қояды. Осындай қиял-ғажайып элементтерін қосқан автор шығармадағы негізгі оқиғасы - екі ақынның жұмбақтасуына келгенде бірден салмақты тақырыпқа ауысып, дін, оның ішінде мұсылмандықтың шарттарына қатысты мәселелерді көтереді. Гінәр төре намаздың шарттары, құран сөздері, дүниенің тіреуі, яки мәні, адам бойындағы қасиеттер сияқты құбылыстарды жұмбақ етіп, оның жауабын Гүлзағипа ойланбастан алдына тосады. Сөзден тосылған төре қызды бәйгеге түспек болған байталға теңейді. Ары қарай қарсыластар бірі еркектің, екіншісі әйелдің қасиеттерін айтып айтыс көрігін қыздырады. Шығарманың соңы қайта жұмбаққа ауысып, қыздың жұмбағын шешкен төре мен Гүлзағипа қосылған екен.
Енді бірде Әріпжан ақынмен жұмбақтасып, соққан желді, толған ай, үркер жұлдыз, таң алдында туған шолпанды жасырады:
Ұшады төмен қарап топ бөдене,
Кейде толы, кейде орта бір тегене.
Лай менен тұнықтың ортасынан
Бір аққу шыға келді, ол немене [236, 340-б.] ,-
деп дүниенің тылсымын құстарға балайды. Жауабын тапқан Әріпжан ақынға көңілі толып, аманат арта сөйлейді:
Үмітім ел есінде жүрсем болды,
Өткен деп кеше арадан бұл бір тумаң.
Бақтиярдың көгені байымады-ау
Қосақталар қалғаны сіздің қолдан.
Желді әлемнен бұлт боп көшер болсам
Кетпесін бұл қиссалар болып тұман [236, Б.341-342] ,- дегенде Бақтиярдың қырық бұтағын жыр етіп аяғына жеткізе алмай кеткенін меңзеп, осы дәстүрді шәкірті Әріпжанға тапсырып отыр. Келесі бір айтысында Есенқұл дегеннің хатпен жазған жұмбағына жауап береді [236, Б. 347-349]. Демек, жұмбақ айтыс түрі Әсет шығармашылығына тән құбылыс.
Ойымызды жинақтай келгенде айтарымыз, Абай мектебі өкілдерінің айтыс жанрын игеруі қазақ әдебиетіне айтарлықтай жаңалық әкелді. Табан астында өлең құрап, суырыпсалама өнердің не бір түріне аса мән берген Абайдың өзі де айтысқа бей-жай қарамаған. Бізге жеткен Қуандық қызбен сөз қағысы Абайдың айтысқа тікелей қатысын байқатқандай. Табан астында сөз құрап, айтысқа түскен шәкірттерін Абай күнделікті сынап отырды десе де болғандай. Әсіресе, суырыпсалма өнердің майталмандары - Көкбай, Әріптер Абайдың баулуымен, айтыс өнерін шебер меңгерді. Ал, айтысты көркем шығармаға айналдыру – Абай айналасына кең тараған көркемдік тәсіл. Шәкәрімнің «Жайлаубайдың баласымен айтысы», Тұрағұлдың Матай елінің қызымен жауаптасуы, «Әлмағамбет пен қыздың айтысқаны», Әубәкірдің «Қайырбек пен келінінің айтысы», «Қыз бен өзі», «Бүркітімен айтысы» сияқты жанрлық жағынан мысал айтысқа жататын өлеңдермен қоса, Әріп Тәңірбергенұлының «Тәуке мен Ұрқия», Уәйіс Шондыбайұлының «Тәуке мен Жікібай» сияқты айтыс үлгісі бар көлемді поэмалардың жазылуы – айтыс жанрының мүлде өзгерген көркемдік түрін ұсынды. Сондай-ақ, Әріпке қатысты «Біржан – Сара», Әсетке байланысты «Әсет пен Ырысжан» айтысы сияқты туындыларда – айтыс өнерін жетік меңгерген ақындар ел аузында жұрнағы қалған немесе өз ойларынан шығарған айтыстарды көркем шығармаларына арқау етті.