Абай – ұлттың шамшырағы
Айгүл Кемелбаева
Дүниеде қандай құбылыс болмасын қосарлы, жұп арқылы дараланады. Жақсылық пен жамандық, күн мен түн, жарық пен қараңғы бір-бірімен тығыз байланысты, бірімен бірі тіркескен, біріне бірі байланған егіз құбылыс тәрізді философиялық сипатымен алма-кезек ауысып отыруын адамзат аңдамасына шара жоқ. Бұл галактикалық әлемді ұстап тұрған квантты физиканың заңдылығы деп танылады. Шәкерім ақын «Тіршілік, жан туралы» атты өлеңде: «Жаралыс басы – қозғалыс» деп әншейінде физикалық заңдылыққа мән бере қоймайтын қыр қазағының санасына ой салатын, жаратылыстың құпиясы туралы сауатты ақпаратты бекер жазған жоқ. Шәкерім – Абайдың шәкірті. Дүние қазіргі тілмен бейнелеп айтса, энергия, энергетика барша тіршіліктің астары, ағып жатқан қуат көзі, сондықтан ол үнемі өзгеріп, құбылып, алмасып тұрады. Мәңгілік тыныштық – бұл энергияның жоқтығы болып табылады.
XX ғасырдың бас шенінде дүбірлі өркениетті орталықтан әлдеқайда шет өлке Шыңғыстаудан құдіреттің қалауымен дана туған Абай Құнанбайұлы маңдайына жазылған жер бетіндегі өлшеулі ғұмыры таусылып, қасиетті болмысқа айналып, сөзі өзі болып, өзі сөзіне айналып, ардақты есімі өлмейтін тағдырға енші болып кете барған болатын. Абай «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деп басталатын өлеңде өмір мен өлімнің өзгеше бір маңызды түсініктен құр еместігін, дүниеде бәрі өзгермелі болғанымен сөздің құдіреті ерекше екенін таңбалап кетті. Ол мынау қасиетті шындықты өз болмысына үңіліп, өз бойынан тапқан асылды бағалап, құдай аузына сөз салып айтқаны дау тудырмайды.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған? [1, 161].
Сонымен, сөздің қуатына, сүйегіне ерекше артықшылық берілген болып шықты. Қуатты, тірі сөзді айта алған адам өзі өлсе де, сөзімен тірілерге әсері тиеді. Сөздің сұлулығы дүниенің сипаты болып шығады. Ақындық, данышпандық адамзат тіршілігіндегі есте жоқ ескі замандардан беріде тек тірі сөз иелерін есімдерін ұмыттырмай, «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» қалыбымен ұрпақтан ұрпаққа кітап кейпінде жеткізе береді.
Абай қазақтың рухани әлемі мен ұлттық дүниетанымының шыңы іспетті. Ол ұлттық қордағы әлденеше жүзжылдықтарда ұйысқан барша рухани құндылықтарды бойына сіңіре отырып, қазақ халқы жаңа қоғамдық формацияға ауысу мерзілін бастан кешіріп, осы мезеттегі ұлы жоғалтулар мен өзгерулердің алға қояр күрделі құбылыстарын терең сезініп, елі мен жерінің сәулелі болашағын аңсап, сол жолда кездесер кедергілерді айқын көріп-біліп философиялық сүзгіден өткізген ренессанстық жасампаз тұлға. Өзі айтпақшы, Абай ескінің соңы, жаңаның басы. Туған халқы тарих көшінен жоғалып кетпей, өзге озық халықтардан кем қалмай, рухани жаңғыруы, елдік азаттығы үшін жан аямаған Абай – Ел Ағасы, жол бастаушы рухани Көсем.
Қазақ халқының бағына құдай Абайды берген. Абай қазіргі тәуелсіз Қазақстанның мәдениет саясатының арқасында әлемге жолдама алды. Жарты дүние Абайдың кім екенін біліп қалды. Бұл қазіргі Қазақстанның мәдениетаралық ынтымақтастығы саясатының арқасында жеміс беріп жатқан сала. Абайды жарық дүниеге таныту – біздің қазақ ұлтының рухани болмысын, мәдениетін, әдебиетін таныту екенінде ешбір күмән жоқ. Себебі әлем халықтары өзгелерді алып тұлғаларымен өлшейді, данышпан адамдарымен, классик ақын-жазушы, суретші, өнер иелері арқылы таниды әрі құрметтейді.
Тәуелсіз Қазақстанның мәдениет саласындағы ірі жобасы – «Мәдени мұра» – мемлекеттік бағдарлама болды. Қаз басқан жас мемлекетіміз үшін теңдесі жоқ игілік болды. Оның артынан жүзеге асқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін аңсарлы дүние екенін айту керек. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты мақаласы бұл жобаның ары қарай жүзеге асуына жол ашты. Қазір жер бетінде өркениеттер қақтығысы астыртын жүріп жатыр. Ол ешқашан толастамайтын құбылыс. Жеңген мәдениет жеңілген мәдениеттерді ақыры құртып тынады, оның түбінде идеологиялық әрі материалдық басымдылыққа ие болу мұраты жатыр. Бұның астарында әр халық үшін керемет құнды елдік мүдде бұғып жатыр.
Ең алғаш қазақ даласында жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Қазір өткен мен болашақты жалғайтын күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз.
Қазақ халқы дүниетанымы ешкімге ұқсамайтын ұлы халық, бірақ соның парқын білместік басып кете береді. Ол өткен ғасырда бастан кешкен сұмдық рухани жоғалтулардың кесірі. Бізді құтқаратын ұлы күш – өзімізді өзіміз ұлт ретінде сүю, ана тілімізді ұлық тұту, басқа тілдерден де қалыс қалмау, бірлік пен береке. Өзгенің де асылын құрметтеп, өз әдебиетімізді қастерлеу – бұл нағыз бақыт ұялайтын психология, ұлттық мәртебе. Ұлттық идеологияның күшеюіне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы айрықша үлкен үлес қосты. Әсіредіншілдікті ұлттық идеологиямен шатастырмау керек. Қазақ болып қалу аса маңызды, қазақтың жүрегінде әрқашан иманы бар. Бөгде идеологияның құлы болу қатерлі.
Қазақ мәдениетін көтеру Тәуелсіз Еліміздің мәдениетін көтеру деген сөз. Рухани жаңғырудағы бір концепция – өзін-өзі тану әрі қазақ мәдениетін өзгелерге таныту мақсатында жүзеге асып жатқан «Әдеби өлкетану» және «Жаһандану заманындағы қазақ әдебиеті». Қазақстанның 60 ақын-жазушысының көркем туындылары БҰҰ-ұйымының 6 тіліне аударылды. Қазақстанның зайырлы мемлекет ретінде күшеюіне, биік болашағына бастау осы тектес игіліктен көрініс табары анық.
Абай академиясында әлем халықтарының тілдерінде жарық көріп жатқан Абай шығармашылығы аз емес шығар. Менің жеке кітапханамда екі кітап бар болып шықты. «Евразия» баспасы, Алматыда 1995 жылы жарық көрген «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. «Өлең – сөздің патшасы....»» атты жинақ Халықаралық Абай қорының тапсырысы бойынша қор қаражатына басылған. Абайдың таңдамалы өлеңдері жинағын құрастырған Ғалымжан Мұқанов. 184 беттен тұратын бұл кітап қазақ және француз тілдерінде жарық көрген. Француз тіліне тұпнұсқадан аударған Ғалымжан Мұқанов.
«Абай. Сайланма» атты кітап өзбек тілінде Ташкент қаласынан 2018 жылы «MASHHUR-PRESS» баспасынан жарық көрген. Аударған М.Ахмад, А.Алимбеков.
2020 жылы Қазақстан Республикасының президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы тойланды. «Егемен Қазақстан» газетінің 9.01.2020 жылғы санында Қ.К. Тоқаевтың «Абай және XXI ғасыр басындағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Президент Абай әлеміне кеңінен тоқтала келе, оның тұлғалық қасиетінің қазіргі қазақ халқы үшін ел болып ұйысуына тигізер зор ықпалын, Абай аңсаған асыл мұраттарға ұмтылу әрі оның орындалуы мемлекеттік идеологияға қызмет етерін айқын аңғартып өтті.
«Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек», – деп сөз басын елдік биіктен бастан Президент руханият мәселесіне айрықша мән берген.
Қазақстан XXI жүзжылдықта ерекше маңыз беруі қажет құбылыс мәдениетаралық ынтымақтастықты дамыта түсу болып табылады.Қазақ халқының сүйегіне біткен төл рухани құндылықтарын, оның құдірет-қасиетін жалпақ әлемге таныту мәселесі елдік өнер бағын жайқалта түсуге бастауы заңдылық.
«Біз Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз.
Бұл тойдың тұсындағы басты мақсатымыз бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуы тиіс деп білемін. Абай сыны – ауыр сын, сындарлы сын.
Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық.
Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз.
Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді», – деп еліміздің мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев Абай рухына байыпты көзқараспен әрі перзенттік адалдықпен парасат биігінен сөзін сабақтайды.
2020 жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты Қазақстан Республикасының үкіметінің қолдауымен Абай поэзиясы әлемдегі ең көп таралған, БҰҰ-ның жетекші тілдеріне енген 10 тілге аударылып шықты. Бұл ретте көптеген әдебиетшілер мен аудармашылық қыруар еңбек жасады.
Қ.К. Тоқаев Абай тойына дайындық басталғанда оның ең маңызды саласы аудармаға қатысты екенін атап өткен болатын: «Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару.Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады».
12 қараша 2020 жылы Лондонда «ABAI» кітабының тұсаукесері өтті. Кембридж университетінің баспасы, Қазақстан Ұлттық аударма бюросы және Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Абайдың ағылшын тіліндегі алғашқы толық жинағы басылып шықты. Абай аңсаған халқының нұрлы келешегі һәм рух азаттығы осындай іс-шаралардан көрініс табары сөзсіз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шетелдегі абайтанудың алғашқы қадамын жасауға талпынып, Лондонда Абай Үйін ашқан қазақтың үлкен жазушысы, қоғам қайраткері Роллан Сейсенбаев болатын.
Әзірбайжан елінде, Бакуде Абай атындағы көше ашылды. Әзірбайжанның халықаралық университетіне Абайдың суреті бейнеленген ақпараттық тақта орнатылды. Абай әлеміне байланысты мұндай қуанышты мезеттер жер-жерден жетіп жатыр. 2021 жылдың 17 тамызында Қазақстан Республикасының президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласының Кибер университеті аумағында Абай бюстінің ашылу салтанатына қатысып қайтты. Абай әлемі күн астындағы кең дүниеге күн шұғылалары тәрізді тарап жатқаны ең әуелі қазақ халқының бағы мен бары, салтанаты мен рухани жеңісі екені айдай анық.
Абай шығармалары әлемнің 30 тіліне аударылған. Бұл құдай қаласа, жалғаса беретін үрдіс.
«Бірақ қазақ елі Абайсыз өмір сүрмейтіні кәміл», – деп жазады көрнекті абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай «Күйесің, жүрек...сүйесің...» атты монографиялық кітабында. Қазақсыз Абай жоқ, Абайсыз қазақ жоқ. (2, 462).
Абай тақырыбы түпсіз, әркім Абайды өзінше қабылдап, өзінше түсінеді. Абай жалықтырмайды. Абай өзінің шығармашылық тұлғасын тіршілігінде танып кеткен дана. Ол мақтан-мадақты әлсіздіктің, дарақылықтың, ақымақтақтың белгісі ретінде жаратпай қабылдайды. «Мал мен бақтың дұшпаны» атты өлеңінде мадақ туралы айтуға ниеті болмаса да, шындықтан аса алмай қалады да, ұлтын да, өзін-өзі танудың да үлгісін көрсетіп тұрғандай:
Бұл сөзімде жалған жоқ,
Айтылмай сөзім қалған жоқ,
Абайлаңыз, байқаңыз –
Елдің жайы солай-ды. [1, 68].
Расымен Абайда айтылмаған сөз қалған жоқ. Назар салып, көңіл қойып оқыған пейілді қазаққа Абайдан өткен ақылман, Абайдан асқан ойшыл жоқ. Дүние жаралғалы жер бетінен небір данышпан өтті. Олардың өмір шындығын қаз-қалпында алып, даналық безбеніне салып, адам баласы адаспайтын тура жолды таңдап алулары үшін айтып кеткен даналық құпиялары мен ізгілік нақылдары иісі адамзаттың рухани қазынасына айналды. Алайда, әр халықтың өзіне тән дүниетанымы, көзқарас-қағидалары бар. Сол тұрғыдан алғанда Абайдың даналығы біздің қазақ баласы үшін ең қасиетті, ең қымбат, жанына жақын мұқтаждық болып шығады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Абай. Қос томдық. «Жазушы» баспасы. Алматы – 2002. I том. 161, 84 беттер.
2. Тұрсын Жұртбай. «Күйесің, жүрек...сүйесің... (Абай: «Жан бостандығы» немесе рухани тәуелсіздік». «Қайнар» баспасы. Алматы – 2009. 462, 113-115 бет.
3. Ыбырай Алтынсарин. Өлең.
4. Абай. Қос томдық. «Жазушы» баспасы. Алматы – 2002. II том. 24, 23, 10.
5. Айгүл Кемелбаева. «Абай айтпаған жегі сөз». «Егемен Қазақстан» газеті, №26-29. 27.01. 2010. / А.Кемелбаева. «Мәжнүн жүрек», эсселер. «Алаш» баспасы. Алматы – 2013. 218-219 бет.
6. Құран Кәрим. Қазақша мағына және түсінігі. Аударған: Халифа Алтай. Өңдеуші. Дәлелхан Жаналтай. Редакциялаған: Абдұрраһим Алтай. Екі харамның қызметкері Фаһд патшаның Құран Шәриф басым комбинаты –1991. 250 бет.
7. Коран. Перевод смыслов и комментарии Иман Валерии Пороховой. «Аванта+». Москва – 2002. Стр 275, 705.
8. Мағжан Жұмабаев. Өлеңдер. «Тәңірі». «FOLANT» баспасы, Нұр-Сұлтан – 2019. 77-78 бет.
9. Ахмет Байтұрсынов. Ақ жол. «Жалын» баспасы. Алматы – 1991. 216, 218 бет.
10. Қазақ сөздігі. Қазақ тілінің біртомдық түсіндірме сөздігі. А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты. Алматы – 2013. 1259 бет.
11. Шәкерім. Иманым. «Арыс» баспасы Алматы – 2000. 213-214 бет.
12.Лермонтовская энциклопедия.Научное издательство «Большая Российская энциклопедия». Москва – 1999. Стр 329.
13. Yunus Emre Юнус Эмре. Eskişehir – 2013.
14. Сейіт Кенжеахметұлы. Жеті қазына. Жиған-терген. «Ана тілі» жшс Алматы – 2003. 1-ші кітап, 28 бет.
15. Мәшһүр-Жүсіп. Шығармалар жинағы. 4 том, 63 бет. Павлодар – 2005.
16. Сейіт Қасқабасов. Әлем таныған академик. «Арда». Алматы – 2013. 4 бет.
17. Құлмат Өмірәлиев. Абай афоризмі. «Қазақстан». Алматы – 1993. 98-99 бет.
18. Әуелбек Қоңыратбаев. Көп томдық шығармалар жинағы. 5 том. Монографиялық зерттеулер. Абайтану мәселелері. 161 бет. / қазақ әдебиетінің тарихы. 3 том. 149, 150 бет. «МерСал» Баспа үйі. Алматы – 2004.
19. Мурат Султанбеков. Поэтическое вдохновение: Абай, Шакарим и Мухтар. Новосибирск, 2007. Стр 19.
20. Серік Негимов. Шығармалары. Бес томдық. I том. Шешендік өнер. «FOLANT» баспасы. Астана – 2018. 198-199 бет.
21. Рәбиға Сыздық. Абай және қазақ әдеби тілі. Мақала. «Абай» журналы, №2.2005.
22. Қайым Мұхамедханұлы. Абайдың ақын шәкірттері. Алматы. «Дәуір» баспасы– 1993. Бірінші кітап. 202-203 бет.
23. Қайым Мұхамедханұлы. Абайдың ақын шәкірттері. Алматы. «Дәуір» баспасы – 1995. Үшінші кітап. 178-179 бет.
24. Қайым Мұхамедханұлы. Абайдың ақын шәкірттері. Алматы. «Дәуір» баспасы – 1997. Төртінші кітап. 185 бет.
25. Қайым Мұхамедханұлы. Абайдың ақын шәкірттері. Алматы. «Дәуір» баспасы – 1994. Екінші кітап. 134 бет.
26. Мейірхан Ақдәулетұлы. «Абайға құлақ салсаңыз...». Қаламгер кз, 08. 2021. / «Арай» журналы, 1991.
27. Айгүл Кемелбаева. «Ілияс Жансүгіров. Табиғат лирикасы». Эссе. «Ана тілі» газеті, №50-51. 12.12. 2019. 5 бет.