Абай. Әдеби ортаның ақынға руханы ықпалы (5-бөлім)
Бауыржан Ердембеков
Жалғасы

Жанақ нұсқасы, бірде Жанақ-Бейсенбай, немесе Абай, немесе Потанин деп аталып, осы нұсқаларының өз ішінде үлкенді-кішілі өзгерістер болғанымен бір түбірден, Жанақтың айтуынан тарағаны анық. Ал, жыр нұсқаларындағы өзгерістерге келсек, Жанақ күшті ақын. Ол дәл осы жырды қалың жұрттың алдында бірнеше рет жырлағаны тағы бар. Әр жырлағанда ақынның көңіл-күйі, шабыты, көрерменнің ықыласы дегендей бір Жанақтың жырлауының өзі азды-көпті өзгеріске түсуі әбден ықтимал. Ал, оны қайта жырлаған Бейсенбайдың жыр аяғын өзінше тұйықтауын алсаңыз, немесе кейінгі Шәкірдің «Қозы - Көрпешіне» көңіл бөлсеңіз, жыр нұсқасынан гөрі назиралық ретпен жырланған авторлардың төл туындысына көбірек келеді. Сондықтан да, бұл арада айтарымыз Жанақ нұсқасының өңделіп, халыққа таралуына Абайдың және оның маңындағы ақын шәкірттердің үлес салмағы мол. Ал, жырдың қай тұсына қай ақынның қаламы тиді деген мәселені тек долбарлауға ғана болады. Шәкірттерінің жырлауынан шыққан дүниені үстінен бір қарап, жөндемеуі мүмкін емес Абайдың. Өзі жазбаса да, жазғандарға көңілі толып, бір нұсқасын орыс зерттеушісіне жіберген де. Ал, қолжазбаның Абайдікі болмауы да заңды. Жырға қатысы бар кез-келген шәкірті – Ақылбай, Мағауия, Бейсенбай, Уәйістерге немесе жазуы әдемі басқасына жырды қағазға түсіртіп, «Семипалатинского уезда, Чингизской волости, А.К.» деп жіберуіне ұстаз Абайдың хақысы бар.
Демек, бүкіл түркі халқына ортақ әйгілі жырдың бір тармағы – Жанақ, Байкөкше, Шөже сынды Абайдың өзі нәр алған ақындар мен Бейсенбай, Уәйіс сияқты шәкірттерінің, одан кейінгі Абай дәстүрін жалғастырушы Шәкір Әбеновтей халық ақындарының арасын жалғап, Абайдың ақындық ортасы өкілдерінің шығармашылық бірлігін айғақтайтын рухани желі болып табылады.
Абайға ықпал еткен ақындардың ішінде Шөже Қаржаубайұлының атан бөліп атасақ, Шөженің әсіресе, бетке айтар турашылдығы Абай көңіліне жаққанына күмән болмауға тиіс. «Абай жолында» сыннан аман қалып, өз атымен аталған Шөженің Алшынбай мен Құнанбайды өткір тілмен шенеген тұсын, оған жас Абайдың қысылуы мен қызығуын жазушы шебер бейнелеген. Шырқыраған шындықты ту етіп ұстаған Шөжелер мен сөз сынына ілінген Алшынбай, Құнанбайлардың арасын алшақтатып, бір-біріне қарсы қою идеясы кеңестік әдеби идеологияның ұстанған негізгі қаруы-тын. Ол идеологияның бүгінгі көзқарастар көкжиегінде қауқары кеткеніне біраз уақыт болды. Асан қайғыны Жәнібекке, Бұхар жырауды Абылай ханға, Шөжені Құнанбайға қарсы қойып, ақын мен әкім арасындағы айтылар шындыққа біржақты қарағанымыз жасырын емес. Ақын тарапынан шындықты айту бар да, соны ел билігін қолына ұстаған Құнанбай ердің қабылдауы, дәлірек айтқанда қабылдай алуы тағы бар. Алшынбай бидің ақыны Балтаның «соқыр, соқыр» дегеніне қарата:
Ұры шіркін қорқа ма бір Құдайдан,
Кісі аспас пара алуға Алшынбайдан.
Жалғыз соқыр халыққа жайсыз болса
Құтылсаңшы алдымен Құнанбайдан,-
дейтіні бар Шөженің. Осы сөзді желеу етіп, Құнанбай мен Шөжені тас қорғанның екі жағындағы жау қып, бітіспес өштігі бар адамдар етіп көрсетудің жөні жоқ. Керек десеңіз, Балта мен Шөжені айтыстыратын осы -Құнанбай мен Алшынбайдың өзі. Қарақан басының кемдігін бүркеуге ақындардың аузына құм құятындай сонау әділет сүйер хандардан бастап Құнанбай, Алшынбайларда да қауқар бар-ақ. Бірақ аталы сөзді баталы елдің баласы бұғауламайды. «Мен соқыр болсам, Құнанбай да соқыр» – деген дәл Шөженің айтыс үстіндегі сөзін Құнанбай кек алмағаны анық. Әйтпесе, бетіне айтпақ түгіл Құнанбайдың көзіне тиісетін замандасы саусақпен санарлық. Бірер мысал: Оразбайды арбаның артына таңып қаладан әкелетін Оспанның қырсығын Оразбай Құнанбайға ас бермегеніне меңзеп: «Соқыр көрсе Абай екеуінің жыны бар емес пе? Бірін аштан өлтіріп еді, енді міне», - дейтінін еске алыңыз. Ол сөз де Құнанбай өлген соң айтылған. Екінші әңгіме Тана мырза мен Құнанбай арасында болған. Тана Тілемісұлы Найманның Қаракерей-Мұрын тармағынан шыққан Байжігіт-Мұрынның атақты биі, болыс болған. Орыстан поручик шенін алған. «Мұрын жерінде үш бірдей мешіт салдырған. Тұңғыш мектеп салған да Тана мырза. «Ақ мектеп» орны әлі бар» [157, Б. 73-74]. Еліне жақсылығы өтіп, халқы оны Тана мырза деп атаған. Бұл туралы Қ.Алтынбаев былай дейді: «Танаға «мырза» деген атақты татарлар берген тәрізді... Мұндай атақтың берілу себебі, ол ұзақ сапарға барарда және қайтарда жолындағы кедей-кепшіктерге, жетім-жесірлерге олжадан үлестіріп отырады екен. Әсіресе, патшаның әскери міндетінен қашқан татарларға көп жақсылық жасапты. Оларды өз старшынының адамы деп жаздырып, бірнешеуін үйлендірген. Тіпті кедейлерінің алдына мал салып берген. Қысқасы, өзіне қысылып көмек сұрай келгендерді мүмкіндігінше жарылқап жіберетін болса керек» [158, 75 б].
Құнанбай мен Тана мырзаның достығы, сыйластығы ерекше болған. Өскенбай бидің асын басқарған адамның бірі Тана мырза десек, сол Тана 1863 жылы Көкпекті-Самар жерінде мешіт салдырып (Қ.Алтынбаевтың айтуынша аға сұлтандықтан өтпей өкпелі жатқан Тананың қайғысын серпілту үшін бәйбішесі Бостан осы мешітті тұрғызған дейді Б.Е.) «Тана мешіт» ауылына досының көңілін жұбата, әрі салынып біткен мешітке құтты болсын айта Құнанбай қасына жиырмаға толмаған Абайды ерте келеді. Осы сапарында Абай Тана мырзаның інісі Жәнібек батырдың қызы Тұржан сұлуға ғашық болады. Тана мырзаның бауырында өскен ерке қыз - Тұржан сұлуды жеңгелері «Қаламқас» деп еркелеткен. Екі жас бір-бірін ұнатқан. Абай Ділдаға құда түскен болса, Тұржан сұлу да Байжігіт елінің Өзіхан деген жігітке бала кезінде атастырылған. Әрине, жүрек қалаулары жарасқан екі жасқа бұл онша қиын кедергі емес еді. Құнанбай мен Тананың «бай байға құяды» деген ішкі ниеттеріне дөп келетін де ме еді осы құдалық? Алайда, тағдыр жолы басқаша болды. Тананың ордасының сыртында соқыр түйесін балағаттап «көзіңді..., қу, соқыр» деген біреудің сөзі жарасқалы келе жатқан құтты құдалықтың шырқын бұзады. Тананың жік-жапар болып, әлгі жігітке ат-шапан айып кестіргеніне қарамай, Құнанбай Танаға:
- Әдейі істетіп отырсың, - деп аттанып кетеді. Осы оқиғаның соңында «Түйені соқыр десең, Құнанбайға тиеді» – деген сөз қалады. Абай мен Қаламқастың тұтанып барып түтіні үзілген махаббаты қалады. Қаламқас қызға арналған ынтық сезімі:
Айттым сәлем, қалам қас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап
Келер көзге ыстық жас [105, 134-б.],-
деп басталып сезімді елітер жақсы өлеңі әдемі әнмен көмкеріліп, қазақ даласын шарлап кетеді. М.Әуезов дерегінше «Тұржан сұлу Сабан ішіндегі Быжы деген өзбекке тиіп тұрғанда, Абай әдейілеп барып амандасып қайтып жүрген» [116, 193-б.]. Қаламқас қыздың кейінгі тағдыры туралы Қ.Алтынбаев пен Е.Жұмаханұлы еңбегінде айтылған [158]. Әуезов келтіретін Тұмабай Наданбайұлының естелігі арқылы Тұржан сұлу мен Абай арасындағы ащылау сөз қағысы да жеткен [159, 287-б.]. Мешіт салып, мектеп ашып, орыстан қашқан мұсылман (татар) ағайындарды бауырына тартқан игі істері бір арнаға тоғысып жатқан ойы ортақ, істер ісінің бағыты бір Құнанбай мен Тананың бұл араздығы алысқа бармаған. Ашуын ақылға жеңдірер атпал азматтар араға жылдар салып құда болысады. Тананың қарындасы - Тектіні Құнанбайдың Ысқағы алады. Одан Абайдың жақсы көретін шәкірт-інісі Кәкітай туады. Біздің айтайық деп отырғанымыз, далада жаңғырған жалғыз ауыз сөз адам тағдырына, ақын өміріне қаншалықты бетбұрыс әкеліп қана қоймай, Абайдың қолы жетпей кеткен асығы Қаламқастың қазақ сахарасына ән болып самғауына себепкер болды.
Шөже ақынның айтқан «соқыры» мен Тананың үйінің іргесіндегі жетесіздің айтқан «соқырында» үлкен айырма барын сұғыла Құнанбай ажыратпады емес. Шөжеге деген әкенің ерекше бағасын Абай жасынан аңдады. Шөже сөзін жүрегіне ұялатты. Әсіресе, Шөже ақынның: «Кісінің міні болса, бетіне айтып, ат пен ас, ажарына қарамадым»,- деген турашыл қағидасы Абайдың адамдық жолында да, ақындық жолында да бет түзер темірқазығына айналды. «Абай Шөже өлеңдерімен жас кезінен таныс болған. Оны айрықша қадір тұтып, апталап, айлап қонақ етіп, өлең жырын тыңдаған» [160, 609-б.]. Ә.Марғұлан Абай «Қозы Көрпеш» жырының Шөже нұсқасымен де таныс болғандығын тілге тиек етеді [150, 324-б.].
Жас Абайдың ел ішіндегі беделін әуелден таныған Шөже ақын:
Ер шықты тобықтыдан талай-талай,
Байлығы, адамдығы бәрі де сай.
Атадан артық болып аруағы
Ел билеп келе жатыр ақын Абай [146, 110-б.] ,-
деп тегіннен-тегін өлеңге қоспаса керек-ті. Бірін-бірі алыстан аңғартып, тереңнен табыстыратын екі ақынның кеудесіне ұялаған ақындық дарын, сөз құдіреті Шөже мен Абай арасын жалғап, екеуін бір-біріне ынтықтыра түскендей. Шөже мен Абай поэзиясы арасындағы байланысты айтқанда Шөженің турашылдығын, оның өлеңдерінің ерекше өткірлігін Абай бойына дарытты дер едік. Қырғыздың батыры Бәйтіктің, мені жаманда,- дегеніне:
Сенің шешең – айраншы,
Қойнына байы жатпаған.
Жалпақ табан жаман күң
Ер Қанайдың қасына
Келуге де батпаған [146, 102-б.] ,-
деген сөздер - тек Шөжеге ғана тән өткір, ауыр сөздер. Бетке айтар турашылдығынан талай қамшы жеген Шөже әсте тілін тартпаған да. Алшынбай би Шөженің сөздеріне шыдамай қамшы үйіргенде:
Япыр-ау, бұл немене тарсылдаған,
Қаншық емес, төбет қой арсылдаған
Тепкілей бер, сабай бер өлтірмессің
Ашуыңды баса тұр қалшылдаған [146, 104-б.] ,-
деп қайсар ақын өлеңін қайырмай, өршелене түсіпті. Абайдың ащы сынға құрылған арнау өлеңдерінде Шөженің өткірлігінің өрісі бар. Әсіресе, жас кезінде айтқан «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа», «Көжекбайға» деген өлеңдері - әлгілердің бетіне тура қарап тұрып, табан астында айтылған экспромттар десек, осы адамдармен Абай жақсы таныс, кейбірімен аса сыйлас болғандығын ескеріңіз. Абайдың жанындағы жақынының мінін бетіне басып тура айтары осы Шөжеден де жұқтырған ілкі қасиеті дер едік.
Шөжемен айтысқа түсетін Қаракесек руынан Балта ақын да - тек Құнанбайдың замандасы емес, Абайға үлкен әсер еткен сөз зергерлерінің бірі. Балта ақын туралы деректер тым аз. Шөжемен айтысында Алшынбай бидің жанынан табылатын Балта ақынның Құнанбайға берген бағасы ел аузында сақталған:
Атың шыққан Үрімнің қақпасындай,
Айтқан сөзің кілемнің тақтасындай.
Кешегі өтіп кеткен би Өсекем
Алтынын тастап кеткен ат басындай [116, 105-б.].
Балта ақынның атбасындай алтыны – Құнанбай. Осыған ұқсас бір ауыз өлеңді кей естеліктерде Байкөкше ақынның Құнанбай дүниеден өткенде Абайға айтқаны деп келтіріп жүр [81, 53-б.].
Өскенбай бидің асы, Құнанбайдың атағын бұрынғыдан да асқақтата түсті. Әйтсе де, үлкен ас болған жерде дабырайған дау болмаса да, аз ағайынның өз арасында кішігірім кикілжің туа беретіні – заңды нәрсе. Шежіре-қарттардан қалған әңгімеге құлақ қойсақ, Өскенбай бидің асында да осындай екі қолайсыздық болған көрінеді. Бірі ат бәйгесіне байланысты. Құнанбай бірінші боп келген Тобықты-Мәмбетей руының (Мотыш атасынан) Қосжетердің құла атына емес, сонымен құйрық тістесе келген Алшынбайдың құла торысына бас бәйге түйе бастатқан тоғызды береді. Мәмбетей жағы наразы болып, ас аяқталмастан үйлерін жығып өкпелеп кетеді. Жай кетпей Қарақан деген жігіті Құнанбай жатқан үйдің маңдайшасын ұрып:
- Құнанбай, сен құла аттың бағын қайырсаң, сенің бағыңды құдай қайырсын!- деп қоқан-лоқы көрсетіп кетеді. Екінші жайсыз әңгіме Майбасар Бөжейдің Найман еліндегі нағашыларынан бір айғыр үйір жылқысын ұрлатып, асқа сойғызып жібереді. Бөжей біліп, малды қайтар десе, Майбасар Бөжейдің сөзін шала тыңдайды. Бұл оқиғаға «Абай жолы» эпопеясындағы Сүйіндіктің Абайға айтқан әңгімесінен қанығамыз. Сол кезде Құнанбаймен қырбай болып асқа бармай қалған Сүйіндіктің осы оқиғаға қатысты бір ауыз өлеңін жоғарыда келтірдік. Осы әңгімелерді Абай жайында көп білетін Алдажанов Ниязбек Әбдіғалиұлының естелігі бойынша Бекен Исабаев өз кітабында кеңінен сөз еткен [34]. Ас иесі бола тұрып, өз Тобықтысына бас бәйгені байлап жібермегені Құнанбайдың алыстан аңғарар асқан ақылдылығы дер едік. Ал, Майбасар мен Бөжей арасындағы дауды естігенде қатты кейіген екен. Сонда осы Қаракесек Балта ақын:
Үш жүздің жиып ас бердің,
Келістіріп сәйкесін.
Арғынды тегіс биледің
Алшысы мен тәйкесін.
Келсең кел де кез болды
Кейи де беріп қайтесің [78, 223-б.],-
деп тоқтау айтқан ғой. Балта ақынның алты жол өлеңіне бүкіл астың мән-мағынасы, Құнанбайдың орны сыйып-ақ кеткендей. Нағыз ақын осылай дәл, әрі қысқа тұжырса болар. Балта ақын мен Құнанбайдың арасы жақын болған. Шөже Балтамен айтысында «Күн көрдің Құнанбай мен Наушабайдан» деуі тегін емес. Шөжеге қарымта сөзінде:
Құнанбайға тіл тигізбе, ей, ақымақ
Аға сұлтан ол алған айламенен [78, 130-б.],-
деуі жаңағы пікіріміздің растығына куә. Бұдан Балта үнемі Құнанбайға жағынып күн көрді деген ұғым тумауы керек. Шаппа-шапқа келгенде Құнанбайға да шындықты бетіне айтқан жерлері болған. Сондай бір сөз қағысына құлақ қойсақ, Балта ақынға бір кездескенде Құнанбай:
Ағалейкумәссалам, ақын Балта,
Болып сен жаралдың ғой шараң орта.
Шаншар менен Бошанның құртын ұрлап
Салдырдың оң жағыңа майлы қалта, -
дегенде (Бұл қылығын Шөже де бетіне басқан Б.Е.) Балта іле жауап қайырып:
Шарам орта болды ғой шараңыздан,
Есіркесең бөліп бер қараңыздан.
Мен ұрласам құрт пенен май ұрлаппын
Сіздің жеген арам ба параңыздан [57, 29-б.],-
деген екен. Қалай дегенде де Балта ақын мен Құнанбай арасында жақын сыйластық болған. Келесі бір сөз қағысын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы келтіреді: «Қаракесек Жарылғаптан шыққан Балта ақын өзінің бір немере қарындасын алып қашып Құнанбай еліне барып қатын қылған... Сөйтіп жүргенде бір күні Құнанбайдың үйіне кіріп барғанда Құнанбай былай деп өлең айтқан, екеуі құрдас екен:
Ақ құрлар, қара құрлар, құрлар – құрлар,
Бұрынғы хақиқаттан сөзін жырлар.
Қарындасын қатын қылып алып қашып,
Ел аралап жүреді-ау арсыз мұңдар.
Сонда Балта ақын айтты дейді:
Ақ құрлар, қара құрлар, құрлар – құрлар,
Бұрынғы хақиқаттан сөзін жырлар.
Баласы әкесіне балта жұмсап
Шешең жынды қатын ғой бәдік мұңдар.
Балтаның тілге тиек еткені Құнанбай өзі қорып өсірген тоғай ішінде ағаш кескен дауыс естіліп, қолына балта алып тұра жүгірсе, ағаш кескен әкесі Өскенбай екен. Балта ақын соны айтса керек» [161, 73-б.].
Балта ақынды Абай білген, бізге жетпеген өлең-сөзін көңілге тоқыған. Әуезовтің эпопеясында бала Абайға Балта ақын сөзі «бір алуан қызық көрініп, тағы да тыңдай түсейінші деп, ентелеп келгенмен, жыр үзіліп» өлең құмартқан жас бір түрлі жақсы сөз аңсап, томсарып қалатыны бар. Өкінішке орай Балта мен Абай арасындағы өмірдегі аралас-құралас байланыстардан нақты деректер сақталмаған.
Абайдың ақындық ортасы туралы сөз болғанда аты аталатын ақынның бірі – Шортанбай десек, Абайдың Шортанбай ақын өлеңдерінен хабардар болуына әкесі тікелей әсер еткен. Олай дейтініміз - Құнанбай Шортанбаймен тек таныс-біліс қана емес жақсы қарым-қатынаста болған. Дүниеден өтер алдында Жанғұтты бидің қолында болған Шортанбай Қанайұлы ел-жұртымен арыздасып айтқан өлеңінде:
Дұғай сәлем айтайын,
Тобықтыда Құнанбай.
Кімнің де тағы қалады
Өлгеннен соң суалмай?!
Осы дәулет барында
Талап қылсын Мекені
Ахреттен құр қалмай [162, 92-б.],-
деген сөзінің астарында екеуінің бір-біріне деген үлкен жүректі сыйластығы жатыр. Шортанбайдың сөзі қозғау салды ма, жоқ өзінің әуелден түйген мақсаты ма Құнанбай қажылыққа аттанып, құдай жолына түседі. Мәселе, осы сөздің Шортанбай ақынның Құнанбайға айтуында. Жоғарыда аты аталған Жанғұтты би Ботантайұлы Шортанбай мен Құнанбайды білген. Орта жүзге әйгілі би болған Жанғұтты қазіргі Жезқазған облысы, Ақсу-Аюлы елді мекенінде өмір сүрген. «Тобықты Құнанбай шыңның басынан шыққан қайнар бұлақ. Қыпшақ Ыбырай қажымас қара болат, Мұса қабыршығы жоқ қолға тұрмас жылмағай қара балық... Осы үшеуі қазақ маңдайына неғып сыйып жүргеніне айран-асырмын» [121, Б. 38-39] ,- деген екен бір сөзінде би. Жол түсіп Құнанбай ауылында болған кезде сол Жанғұтты жас Абаймен кездесіп батасын берген. «Сәлем бере кірген Абайға Жанғұтты би сынамақ болып, сұрақтың астына алады, Абай бұл сұрақтан сүрінбей өткенге ұқсайды:
-
Шырағым, дүние неге сүйенеді? – дегенге, Абай:
-
Дүние үмітке сүйенеді.
-
Көздің көрмесі бола ма?
-
Көз қабағын көрмейді.
-
Шам жарығының түспесі бола ма?
-
Шам жарығы табағына түспейді.
-
Болат пышақтың кеспесі бола ма?
-
Болат пышақ өз сабын кеспейді.
-
Тамағына тарпайтын мақлұқат бола ма?
- Өз тамағына тартпайтын мақлұқат болмайды, - деген жас Абайдың енді ақындығын сынамақ болған би енді осыны өлеңге айналдыршы дегенде Абай табан астында:
Сіз сұңқар самғай ұшқан қиядағы,
Талпынған мен балапан ұядағы.
Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,
Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.
Көз көруді жетпейді қабағына,
Шам жарығы түспейді табағына.
Өз сабын болат пышақ өзі кеспес,
Мақлұқат тартпай қоймас тамағына» [110, 138-б.] ,-
депті. Ел аузынан жеткен осындай жүйелі сөз табиғатын аңдасақ, бала Абайдың сұңғылалығы әркез менмұндалап тұрады.
Шортанбай мен Абай арасындағы рухани байланысты сөз еткенде алдымен айтарымыз алдымен Шортанбай - Абай сынында аты аталған үш ақынның бірі, яки ауызға іліккен атақтылардың сапында. Абай баспадан шыққан Шортанбайдың өлеңдерін оқып өскенін ескерсек, ауызша жеткен Жанақ, Шөжелердің өлеңдеріне қарағанда Шортанбай өлеңдерінің Абайға, оның поэзиясына аса жақын болуы заңды. Жоғарыдағы Жанақ, Шөже жырларында кездесетіндей сөз саудалау жоқ Шортанбайда. Өлеңнің қадірін шын ұққан Шортанбай әркез «сөзіне қарауыл қоя» сөйлейді. Ал, өлеңінің «жамау мен құрау» болатыны Абайдың өзіне дейінгі поэзиядағы үрдісті терістеуі ғана емес, сол ескіні жаңа сапаға көтеру жолында дәстүр сабақтастығының рухани желісі жатыр. Абайдың айтқаны қай құрау мен жамау десеңіз түсінікті Шәкәрімнен табасыз. «Қазақтың жайы белгілі, өлеңі өңкей құрама»,- деген Шәкәрім:
Ауылым қонды Нұраға,
Мінген атым сұр ала.
Керексіз сөзбен бұрала,
Қазақ сүйтпей тұра ма? [163, 111-б.] ,-
деп шумақты толтыру үшін өлеңдегі ойға қатысы жоқ сөздерді тоғытып ұйқас құрауды қолмен қойғанай етіп айтып тұр. Осы мәселеге қатысты З.Ахметовтің пікіріне жүгінейік: « ...бұл – көбінесе қатардағы өлеңшілердің, ауыл арасындағы жыршы, ақындардың әдеті. Абай айтып отырған Бұхар, Шортанбай, Дулат секілді майталман жүйрік ақындар туралы мұны айту қиын. Сондықтан оларға қатысты айтылған сөзде қазақтың ауызша поэзиясында толғау, термелерде бұрыннан келе жатқан дайын нақыл сөздерді еркін, өзінше қолдану дәстүрін мегзеген болар деуге келеді» [155, 45-б.]. Мәселен, Шортанбайдағы:
Ағаш көркі – жапырақ,
Адам көркі – шүберек.
Ахретте жалған жоқ
Таразысы басқа, бір бөлек [162, 76-б.] ,-
деген сияқты дайын нақылдардың көрініс беруі Абайдың алдындағы әдбиет өкілдерінің бәріне тән десе де болғандай.
Ал, енді Абаймен арадағы рухани байланыс туралы сөз қозғайтын болсақ, ең алдымен Шортанбайдың жазба әдебиеттің өкілі болуы - екі ақын арасын жақындастыра түсер негізгі факторлардың бірі. «Шортанбай - тұтас бір ағымның атауына айналған «зар заман» ұғымын санаға сіңірген» [164, 315-б.] үлкен тұлға. Зар заман сарыны Абайдың поэзиясында өзіндік даралық сипаттарымен ерекшеленіп, Абайға ғана тән әуенмен жалғасын тапты. «Мәселен, оның (Абайдың Б.Е) заманның азғандығы, дүниенің тарылғандығы туралы пайымдаулары Шортанбай тұжырымдарын еске түсіреді» [164, 310-б.] ,- дейді екі ақын арасындағы поэзиялық байланысқа тоқталған ғалым Б.Омарұлы. Шортанбайдың Абайға жақын келуінің бір себебі зар заманға киліктірген шеттен келген кәпірді ғана кінәлау жоқ. Оған қосылған:
Сайлауға салып ынтасын,
Байлар қалта қағып тұр [162, 72-б.] ,-
немесе, Дәуренбексіп болыс тұр,
Кәпірдің сөзін мақұлдап [162, 109-б.] ,-
Бұл - «күштілері сөз айтса, бас изеп, шыбындаған» айнымаған Абайдың болысы. Осы арада Абайды тануға өзіндік оқшау пайымдауларымен келген ғалым Т.Шапайдың: «Абайдағы зар - адамнан басталады. Тұстастарының надандығын, күйкілігін, алауыздығын, ынтасыздығын, пәлеқорлығын, кербақан берекесіздігін... мінеуден басталады» [165, 28-б.] ,- деген пікірі әбден құптарлық. Шортанбай зарындағы жалпылық хал Абайда бүкіл болмыс-бітімімен көз алдыңда көлбеңдер нақты бейнелерге айналған. Сорлы қазақтың алауыздығына себепкер болған «сабырсыз, арсыз, еріншек, көрсе қызар, жалмауыздардың» қай-қайсы жағымсыз тұлғалардың сапын құрап, ақын өлеңдерінде шебер тілмен шенелген. Демек, заманның зарына себепкердің бет шырайы айқын. Қолынан ырқы кеткен би мен болыс, өз малының қызығын ұқсата алмаған бай, құранды теріс оқыр дүмше молда, тентіреген ұры-қары, санасына үлгілі сөз қонбаған заман ақырдың жастары, тағы-тағыларды сұқ саусағыңмен нұсқап, түрлеп, түстеп алуға әбден болады. Бұл - Абай поэзиясының алдыңғы ақындардан ерекшелігі.
Зар заман ақындарына айтылар сынның бірі олардың өлеңдерінде өмірден түңілу, заманақырға бойсұну бар десек те, Шортанбайда мүлде сыну жоқ. Ұлттық намысы жер боп тапталған қазақты тұп-тура майданға шақырады:
Жалаңаш болып жауға шап,
Ажалдан бұрын өле ме?
Ноқталы басқа бір өлім
Өлмей де адам жүре ме?
Қатын-бала қамы үшін
Қарсы шап та, мылтық құш,
Құр жабырқап жүдеме [162, 104-б.].
Осы орайда Абайдың ата-бабаларымыздан қалған ерекше екі мінезін жоқтайтыны еске түседі. «Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай, сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді» [117, 212-б.] ,- деп ақынның аласұрып жоғалтып отырған мінезінің бірі - жаңағы Шортанбай ұран қылған намысқорлық. Әрине, Абай заманында әбден иыққа отырып алған қара шекпендіге қару алып шығар қазақта қауқар қалған жоқ-ты.
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың [105, 50-б.] ,-
деп қынжылудан басқа амал қалмады Абайда. Әйтсе де, Абай поэзиясындағы «түзетпек едім заманды, өзімді тым-ақ зор тұтып» немесе «мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деген сияқты әрекетшілдік сипаттар поэзиядағы ақындық «Меннің» бояуын қалыңдатып Шортанбай жырындағы ұраннан даралап тұрады.
Екі ақындағы ортақ сарындардың бірі дидактика, яки өсиет айту десек, Шортанбай уағыздары Абай аса көңіл бөлген мәселелерден алыс жатқан жоқ:
Медресе, мешіт салдырып,
Мүфтиге берсең балаңды.
Азан, тәкбір айттырып
Мешітке қойсаң молдаңды [162, 77-б.].
Абай оныншы сөзінде: «...малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзіңе табылмаса, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды» [117, Б. 144-145] ,- деп ғылым мен діннің бірлігін сөз етеді. Сөзі мен ісін бірлікте ұстаған кемеңгер ақынның өз ауылындағы «Ескі там» мектебінің сол өңірді шарпыған шапағатын ескеріңіз. Оған Абайдың кеңесімен Көкбай ақынның Мұқыр өзенінің бойында, Әріптің Жыландыда медресе ашқанын қоссаңыз Шортанбай сынды ел қамын ойлаған аға буынның арман-сөзі Абай тарапынан нақтылы қолға алынып, қаншалықты іске асқандығын байқау қиын емес.
Жұмыр басты пенденің нәпсіқұмарлыққа бой ұруы - имансыздық, адам бойындағы иманының жоқтығы. Шортанбайда иман жайлы көп айтылады. «Иман – жанның жарығы», «Байлықтың алды иман-ды», «Иманнан басқа нәрсені, құдайдан көп сұрама» немесе «Ашты-тоқты болсаң да, иманың – сақта ұятты» деген сияқты иманға қатысты айтылған ойлар Абайдың он екінші, он үшінші қарасөздерінде таратыла талданады. Адамның ішкі тазалығы – иманы деген мағынада айтқан алдыңғы ақын сөзіне кеңірек түсінік берілгендей. Иман келтіріп, иланудың жолдарын ежіктеп түсіндірумен құнды Абай сөзі. Қазақтың «якини иманы бар деуге ғылымы жоқ, тақлиди иманы бар деуге беріктігі жоқ»,- болғандығына қайғылы хәкім Абай.
Екі ақынның заман туралы, қалың ел туралы қай сөзін бақсақ та зілмауыт запыран, жүректі қарс айырар қалың қайғы бар. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» дегенде Абайдың жасы - қылшылдаған қырықтың үсті. Елуден жаңа асқанда «қараңғы саңырау қайғы ойын жеңіп» ақынның ауру жүрегі ақырын соғатын хәлге жеткен. Тәні емес, қайғы жеп мүжілген жаны қартайып, жүрегі тулап, ұйқысы қашқан-ды ақынның. «Бала зарында» Шортанбайдың:
Түшіркеген ұйқы жоқ –
Қайғының асқан зарлығы [162, 75-б.] ,-
деген қайғысы да сол жамандығы асқан заманына қарайлағаннан туған қайғы.
Өз-өзіне көңілі толмау – данышпандықтың нышаны.
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес [105, 309-б.].
Бұл - әрине, Абай өлшемімен айтылып отырған сөз. Ол басқаға өлшем бола алмайды. Шортанбай ақынның:
Қазақтан алған қарызым
Көлденең тұрды көмейге.
Ақын, шешен, көсем деп
Ілеспеңдер мендейге [162, 92-б.] ,-
деген насихатында да Абай ойларына жақындық жоқ емес. Дулат ақынның «Дүние – жемтік, мен – төбет» өлеңінде осы ойлар тіпті ащы айтылған ғой.
Қос ақын арасындағы рухани байланыс, поэзиядағы үндестік жоғарыда сөз болған Шөже, Жанақтарға қарағанда анағұрлым айқын. Шортанбай өлеңдеріндегі замана кейпін, азған қоғамның бет-пердесін сыпыра бейнелеу сарындары Абай поэзиясында нағыз ақындық шеберлік деңгейіне көтере жырланып, жалғасын тауып жатыр. Ұлттық намыс, бойдағы иман туралы ойлар, қазақтың келешегіне алаңдаған ақындар өсиетіндегі бірлік бір араға тоғысып, ұлы мұраттар төңірегінде табысады.
Абайдың заманында үлкенді-кішілі ақындар болды. Олардың біразын көзі көрсе, кейбірінің өлеңдері кітап болып та басылып шықты. Атап айтсақ, Дулаттың «Өсиетнамасы», жаңағы Шортанбайдың «Қисса-и Шортанбай», Мұраттың өлеңдерін Абай кітап арқылы да оқып білуі мүмкін. Жалпы Абайдың Бұхар, Шортанбай, Дулат ақындарға қаратыла айтылған сынын олардың жинақтағы өлеңдеріне байланысты тууы да мүмкін деген жорамалдар да бар. «Менің ойымша, мұның жауабы мүлдем басқаша және Абайдың бұл өлеңінің Бұқардың, Шортанбайдың, Дулаттың өлеңдеріне еш қатысы жоқ. Әңгіме, олардың 1880 және 1888 жылы басылып шыққан «Өсиетнама» мен «Бала зар» атты жинақтары туралы болып отыр» [166, 395-б.] ,- деген ғалым Т.Жұртбайдың пайымын құп алу қиын. Абайдың бұл ақындарға қарата айтқан сөзі бір ақынды екінші ақынның сынауынан әлдеқайда терең, анағұрлым кең, өзінің алдындағы ақындық платформаны терістеп барып, жаңа талаптарға жауап беретін мүлде басқа, соны әдеби үлгіні әкелушінің тұжырымы деп қарағанда ғана Абай сынының қатпарына бойлай аламыз дегенді қайталап айтамыз бұл арада.