Әдеби ортаның ақынға рухани ықпалы (4-бөлім)
Бауыржан Ердембеков
Жалғасы
Әр ұрпақ өз заманын үлгі тұтары табиғи заңдылық. Бұл тұрғыда жас Абай Тобықтының белгілі шешені Қаратай жүйрікпен де сөз жарыстырған. Қаратай Сапақұлы - Тобықтының Көкше руынан, Құнанбаймен қатар ел билеп, онымен бірде тату, бірде қату қарым-қатынаста болған сөзге жүйрік адам. «Абай жолында» Мырза кім? – дегенде Құнанбай, Шешен кім? Жақсы кім? дегенде де осы Құнанбайды атап, жалғыз не қылайыны жоқтығынан алысып жүргендігін айтып налитын Қаратайды Құнанбай ерекше бағалап, жүйріктігін мойындаған да. Романдағы Байдалының аузымен айтылатын: «Осы өздерің көріп жүрген Қаратай бар ма? Тап соның ішінде көп қойма жатыр, не керек! Шіркін, тек қана азғантай Көкшеден шықты ғой. Егер Олжайдан туса, өрісін көрер ең» [119, 123-б.] ,- деген сөзі тап Құнанбайдың өз аузынан шыққандығы айқын. Қаратай - Құнанбайдың ерекшелігін елден гөрі терең таныған адам. Бір сөзінде: «Құнанбайдың жауырыны жантайып жатқанда үш кез. Ал, шешендігін сөйлегенде, Құнанбай қу таңдай шешен дейтін шешен еді. Күн ұзын сөйлегенде қақырынғанын, я жөткірінгенін естігенім жоқ» [34, 286-б.] ,- депті. Қаратай шешеннің ұлағатты сөзін жасынан бойына дарытқан Абай өсе келе өз ойын айтып, онымен пікір жарыстырып та отырған. «Қаратай бірде Абай бастаған жастар ортасына келіп, жастардың заманын жамандап, өз заманын мақтайды. «Менің заманым пайғамбарға жақын» дегеніне Абай қарсы дау айта келіп: «Алатаудың басы күнге жақын, бірақ басында мәңгілік қар жатады. Сайында не түрлі өсімдік, неше алуан жеміс шығады. Рахым-жақсылыққа алыс жер, алыс заман жоқ. Қайда барса да жетеді. Сіз пайғамбарға Әзірет әлінің әкесінен жақын емессіз, ол кәпір болған»,- депті» [116, 121-б.]. Оқып-тоқығанын қорыта білген пәлсапалық ой тереңдігін аңғарамыз жас Абайдың пайымдарынан Қаратай Құнанбайдың күшімен Абайды тоқтатқан көрінеді. Қаратай мен Абай арасындағы бізге сақталып жеткен сөз қағыстарын жазушы Р.Тоқтаров «Абайдың жұмбағы» деген роман-хамсасына да сәтті арқау еткен. Абайдың аға заманынан үлгі алып үйренуші ғана емес, өз көзқарасын батыл айтып, соны қорғай білуге жарап қалған кесек ойлылығы күн сайын айқындала түседі өз ортасында. Құнанбай көп үміт күткен баласын бірде билік айтар дауға салса, бірде өзімен ерте жүріп, ел игі-жақсыларының есті сөз, биліктегі әділ шешімдерін тыңдатып, жас Абайды ширықтыра жарата берген. Романдағы жас Абайдың әке тапсырмасымен Құлыншаққа, Сүйіндікке, одан Байдалы ауылына барып бір-бір елдің беткеұстарларымен тең сөйлесіп, сыр алдырмай келуін Әуезов өмір шындығынан алған. Шығармада Абай «Жидебайға, аналарының қасына қайтсам»,- деген ниетін әкесіне айтқанда, Құнанбай «немене бұ, қуыршақ ойнайтын қыз ба едің сен, шешеңнің қасынан шықпайтын? Менің қасымнан сол қатындардың қасы артық болды ма? Мұнда болсаң ел көресің, сөз ұғасың, тәлім-тәрбие аласың. Онда не табасың» [119, 120-б.] ,- дейтіні есіңізде болар. Қатігез әкені тағы Абайға қарсы қоя қабылдадық бұл сөзді. Жалғасын сырып қойып романдағы ойды дәл осы жерден үзіп, Құнанбай сөзінің астарына үңілсек, жазушы көп сыр сақтаған. Абайға «ел көресің, сөз ұғасың, тәлім-тәрбие аласың»,- деген әке сөздерінде табанды тәрбиенің қайнары бүлкілдеп жатыр. Жазушы романда Құлыншақ, Сүйіндік, Байдалылар мен Абайдың арасындағы ел, жер дауына байланысты сөз барымтасы сияқты оқиғаларды арқау ете отырып Абай ортасы, Абайдың әдеби айналасының бастау көздерінен сыр суыртпақтайды. Мәселен, Сүйіндік Жанкөбекұлы ел ішіндегі оқиғаларға байланысты Құнанбаймен аса ынтымақта болмаған адам, бірақ екеуі де бір-бірін жақсы сыйлаған. Сүйіндік пен Құнанбай арасындағы бір әңгімені М.Әуезов романында кірістіріп, қырбай боп жүрген Сүйіндік Өскенбайдың асы туралы Құнанбайға қарата айтқан:
Өзге сегіз болғанда, құдай жеке,
Алдыңа ата-анаң – ол бір Меке,
Қырық үйліні қырық пышақ қылып едің,
Өз асың да бұзылды-ау, Өскенеке [119, 113-б.] ,-
деген өлеңді келтіретіні бар. Сүйіндік - шынында да өлеңнен құр алақан болмаған жан. Бүгінгі ұрпаққа сақталып жеткен ел аузындағы бір әңгімені тағы Әуезовтен алайық: «Сүйіндік ауылы бір жылы жау түсіріп, сол жаудан олжаға бір жақсы қара ат алады. Қара аттың соғыста шекесіне сойыл тиіп, басы жарық боп түскен екен. Сонда да Құнанбай қызығып, Сүйіндіктен сауғаға сол атты сұрата жібереді. (Жалпы Құнанбай, Абайлар ел ішіндегі жақсы ат, алғыр тазы, қыран құсқа қызыққыш келгендігі жайында әңгіме баршылық Б.Е.) Бірақ осының алдында Жуантаяқ руынан Бостан дегеннің ауылы Сүйіндіктің бір айғыр үйір қысырағын апарып сойып алған. Сүйіндік Құнанбайға шаққанда, ол Бостаннан бір айғыр алған екен, соның салдарынан Сүйіндіктің дауын аяқтатпай жүреді. Жаңағы қара аттың енді Сүйіндік Құнанбайға бергелі жөнелтіп жатып:
Айыбында қара аттың басы жарық,
Өзім семіз болғанмен көңілім арық.
Бостанның қорасына қонар едім
Құнанбай қор қылмаса айғыр алып, -
деп бір ауыз өлең айтқан. Заманынан қалған мұндай сөздер анық, шындық айғақ» [116, 277-б.] ,- дейді жазушы. Сүйіндік пен Абайдың арасын байланыстырып жатқан тағы бір дүние ол – Тоғжан. Абай мен Тоғжан арасындағы махаббат хикаясын М.Әуезов эпопеясында балын тамыза суреттеп берген. Р.Тоқтаровтың да роман-хамсасында бұл оқиға жаңаша түр тауып, екі жастың сезім-сырлары мейілінше шынайы берілген. Бізге жеткен тарихи дерек қызды ауылдан қашып шығып, бір төбенің басында ентігін баса тоқтаған бозбаланың тоқтау сөзі – «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!». Шын ғашықтар Абай мен Тоғжанның тағдыры әуел бастан қосылмасы айқын еді. Құнанбай мен Сүйіндік Тобықтының ішінде бергі атадан қосылады десек, Құнанбай көп үміт күткен «жаман қарасына» Қалқаманның тағдыр-талайын тартқызбасы анық. Сол себепті де ғашықтықтың азабына басы байлана бастаған Абайды Алшынбай ауылына қайындатып жібереді. Екі жастың жарастығы Құнанбай мен Сүйіндікті де алаңдатпай қойған жоқ. Р.Тоқтаровтың роман-хамсасына үңілейік: «Енді екеуі де ұят-намысты, жалғанның көп жамау тиымдарының бәрін жиып тастап, бір-біріне айсыз қараңғы түндерде қырсау бұлт астынан сөгілген найзағайша атылып ұмтылған. Ағалары Тоғжанды жеке үйде қамауда ұстап, исі Олжайдың еркесі мен серкесіне айналып келе жатқан Абайды ауыл шетіне қия бастырмай қойған» [123, 237-б]. Абайдың өзін-өзі тұсаулап:
Өз-өзіңнен бейнетке
Өз басыңды саласың.
Қай мезгілде тойғыздың
Аюдайын ағасын,
Қатыны мен қалашын?!
Қарсақ жортпас қара адыр,
Қарамай неге шабасың?
Сонда тәуір бола ма,
Ұстап ап біреу сабасын
Киіміңді тонасын,
Елге де күлкі боласың [105, 37-б] ,-
деп тоқтаған екен. Қыз әкесі Сүйіндік Күшік-Тобықтының болысы болса, аюдайын ақырған ағалары - Асылбек, Әлібектер де осал жандар емес. Осы өлеңдегі «Сені біреу қарғай мадан?» кейін келетін:
Егер адал жүргенде,
Тіпті жолың болмай ма
Қыз ағасы Асылбек
Ұстап алса жонбай ма? [134, 554-б] ,-
деген бір шумақты Кәкітай жинаққа бергенде ағайын арасына араздық түседі деп алып тастаса керек. Сол күйі қалған жинақтарға да енгізілмей келеді. Кезінде сылынып қалған төрт жол өлеңді болашақ жинақтардан көрсек, Абай сөзі ғана түгелденіп қоймайды, Сүйіндік әулеті мен ақын арасындағы байланыстардың сыры бүтінделе түсер еді.
Құнанбай айналасындағы қара сөзге дес бермеген Қаратай, Сүйіндік сынды тұлғалардың аузынан шыққан сөз әсте мол болған. Арнайы ақындық қуып, өлеңді кәсіп етпеген Абай айналасындағы бұл қауымның аузынан шыққан шешендіктің озық үлгілері толығымен бүгінгі ұрпаққа жетпесе де, Абайдай дананың рухани азығы болғаны сөзсіз.
Тал бесіктен бастап ат жалын тартып мінген азамат болып қалыптасқан шағына дейінгі Абайдың рухани толысуына бірден-бір азық болған оның әулеті – ата-ана, әз әже, оқыған көзі ашық іні - Халиоллалардың орны ерекше-тін. Жастайынан көрген тәрбие Абайдың қалған өміріне жетерлік рухани азық сақтар қойманың кілті деуге боларлық. Аппақ қағаздай таза сәби Абайдың санасына ең алғаш мейірім мен махаббаттың, адамгершілік пен ізгіліктің дәнін екті. Қарадан шығып хан болған Құнанбай өзінен асырып ұл туғызып қана қойған жоқ, шаңырағында қазақ асып, әлемге мәшһүр болған Абайды тәрбиелеп өсірді. Бұл ретте ата мен ананың айналасындағы сөз майталмандарының да Абайдың ақындық жолға түсуіне, сол жолда шыңдалып, қанаттануына тигізген әсері аз емес. Абайды ақыны бар, жырауы бар, биі мен шешені бар әдеби ортамен табыстырған адам – Құнанбай десек қателеспейміз.
Әке Құнанбай мен бала Абай арасындағы рухани жалғастықтың мәні неде, Абай Құнанбайдан не алды?- деген қарапайым сауалдың түп-төркінін санамалап айтар болсақ, ең алдымен, отбасындағы тәрбиеден бастап, ел ішіндегі үлкен әлеуметтік істерінде Абай тікелей әке ықпалында болды.
Ескі тарих, халықтық әдеби мұралар, ұлттық өнер, шешендік нұсқалар тағы-тағыларды тануы Абайға Құнанбай арқылы келді. Қазақтың қара сөзінен қаймақ ағызған ділмар-шешен Құнанбайдың бізге аз сақталып жеткен ойлы өлең өрнектері - Абай бойындағы ақындық алауды тұтандырды. Құнанбай қазақ мәдениетін танып-білуде ғана емес дін мен саясатта да Абайға ұстаз бола алды. Осы алғышарттар - әке мен бала арсындағы рухани жалғастықтың салмағын аңғартатын дүниелер болып табылады.
Ес біліп, ақыл тоқтатқан уағына дейін Абай берісі - өз шаңырағы мен ауылының, арысы - аралас-құралас көрші елдің ең танымал деген ақыны мен жырауынан, биі мен шешенінен сөз маржандарын сүзді, халықтың бай ауыз әдебиетін бойына сіңірді. Қара сөздің қасиеті мен киелі өлеңді көкірегіне бойлатып, жүрегіне тұндырды. Әдеби ортаны көңіл қойып, көп тыңдаған бұйығы бала бойындағы ақындық шабыт біртіндеп сыртқа тепті. Өзіне ұзтаз санаған небір сөз жүйріктерімен ашық сөз жарыстырып, ақындық қуатын маңына паш ете бастады. Ендеше біз «Абайдағы қазақтың нақыл-тақпақ, билер сөздерінің үлгісімен келетін шешендік сөздерге ұсталық, мысқыл-сықаққа асқан шеберліктердің бір тамырын осы өскен ортасынан іздеуіміз керек» [143, 74-б.] ,- деп кезінде мәселе көтерген Қ.Жұмалиевтің пікіріне орай, Абайға әсер еткен әулеттің орнын айқындап беруді мақсат тұттық.
2.2 Абайға ықпал еткен ақындық орта
Абайға ықпал етіп, оның ақындық өсу жолына игі әсерін тигізген ортаны сөз еткенде біз ақындарды бөліп атаймыз. Өйткені, Абайдың нағыз ақын болып қалыптасуына сол заманның сөзге ұста биі мен шешені, өлеңге жақын жыршысы айтарлықтай ықпал етті дегенімізбен, негізгі нәр сөз патшасының иелері - ақындардан келгені анық. Оларды айтқанда алдымен, Құнанбаймен аралас-құралас болып, Абайға әсер еткен бір топ ақынға алдымен тоқталып өткенді жөн көрдік. Өйткені, әуелден аға буынмен табыстырған да әкесі Құнанбай болған соң, оның бұл арадағы орны ерекше. «Абай жолына» енген ақындардың бәрі дерлік тоталитарлық жүйенің қақпақылына түсіп, романда аттары өзгертіліп, өңі айналдырылып берілді. Дулат – Барлас, Сабырбай – Қадырбай, Жанақ – Садақ, Түбек – Шүмек болып өзгергеннен-ақ Абайға әсер еткен ақындық ортаның кеңестік заманда қаншалықты қыспаққа алынғанын салмақтай беріңіз.
Сол кездегі Құнанбаймен үзеңгі қағыстыра дос болған ақынның бірі Жанақ десек, бұл тұрғыда Жанақ – Құнанбай – Абай арасындағы рухани байланысты назарға алған жөн. Жанақ Сағындықұлы - айтыс ақыны. Арғынның Қаракесек - Қамбар атасынан. Құнанбай мен Жанақ арасындағы байланысты дәлелдейтін хатқа түскен құжат поляк зерттеушісі А.Янушкевичтің еңбегінде кездеседі [137]. Құнанбайдың аса бір үлкен ісі – 1851 жылдың шілде айында Көкшетаудағы Арғын ішінде, Қамбар руы жайлаған Көкжайдақ деген жерінде Өскенбай биге үлкен ас бергендігі. Сол аста жылаған елді жұбатып Жанақ ақын қолына қобызын алып былай деген екен:
Ей, Құнанбай, Құнанбай,
Қазақта сенен де артық
Ұл туар ма мынандай?
Ас бердің әкеңе
Үш жүздің қосып баласын.
Әкесіне ас берген,
Қамбар жері – Ошанда.
Алшынбай болып тірегі,
Қалың Арғын – Бошанға.
Басын қосқан үш жүздің
Құнанбай, сірә, осал ма?!
Бақ қонар таудай басыңа,
Әмірші болып қашанда.
Құнанбайдай ұл туып,
Өз әкеме ас берсем
Тобықтының баласы-ау,
Жылай да беріп қайтесің
Топырағы торқа болсын да [144, 53-б.].
Жоғарыда айтқандай М.Әуезов эпопеяда атын Садақ деп өзгертіп қана қойған жоқ, Жанаққа қатысты Сабырбай аузымен айтылатын төмендегі үзіндіні 1942 жылдан кейінгі шыққан басылымдарында алып тастауға мәжбүр болды. Романдағы: «Қарт ақын (Сабырбайды айтып отыр Б.Е.) әр сөзінің тұсында әлдебір ертегідей алыс ақын Садаққа соға береді. Бала кезінде өзіне өзге ақындардан өзгеше көрінген сол Садекең екен. «Көргені мен білгені ұшаң-теңіз. Ол кісінің айтқаны мен жеткізгенінің мың да бірін білмейміз. Тегін емес, кеудесінен нұр саулаған ақын сол еді, жарықтық!»- деп сөйлейді. Садақ Қыдырбайдың айтуында жай ақын емес. Өзінше бір көреген жан сияқты» [119 , 244-б.] ,- деген жерден Әуезовтің Жанақ туралы айтпақ бір әңгімесі үзілген. Кейінгі басылымдарда жоқ Жанақ туралы әңгіменің төркіні төмендегідей: «Найман ішіне бір тойға келген Жанақтың атына бір даукес жабысып, алдын-ала есінеген аттың таңдайындағы меңді көріп алған ол куәлікке сол белгіні айтып атын иемденіп кетеді. Жанақ атының ерін алып жатып:
Жанын берген Жанақтың шұбарын жер,
Мына адам бұл шұбарды менікі дер.
Жақсы атыңды жалғанға сатқан жанның
Бар құдай, өзің біліп жазасын бер, -
дегені айнымай келіп, дауқұмар бұлақтан қарғып өткен кезде жетектегі ат тартынып қалып аттың мойнына байлаған белбеуіне сүйретіліп өледі» [145, Б. 419-420]. Абайдың ерекше бағалаған ақыны Жанақтың аузы дуалылығын романнан алып тастаудың сыры мәлім. «Ала аяқтың Алла жазасын берді» немесе «Жанақ сөзінің тылсым күші» деген ұғымдар «социалистік реализмнің» талаптарына сыймайды. Сондықтан да, Жанақ атын Садақпен ауыстырып, Сабырбай аузымен жоғары баға беруінің өзі сол кез үшін кезекті ерлігінің бірі еді жазушының. Сабырбай ақынның Жанақ туралы ірі сөйлеуі - жазушының ел аузынан естіген шындығы. Абайдың екі ақынның айтысы туралы сұрағанына «Біздің Сәдекеңмен (Жанақ Б.Е.) айтысар шамамыз қане? Әншейін бір жалғыз ауыз сөздің тұсында болымсыз тосқауыл айтқаным ғой. «Айтысты, жеңді» дейтін сөз емес. Тек қана Сыбанның Шүмек бастатқан он алты ақынын жеңіп отырған соң, мұндағы елдің намыс етіп, көтеріп әпкеткені...– деді де, басқа әңгімелерге көшіп кетті. Қадырбайда үлкен мінезділік, кеңдік бар. Өзімшіл емес. Мақтан сөйлеген «шыға шаппа» емес. Сонысы және жалғыз Қадырбайдың өзінде емес. Осы кәрі ақын есіне алып отырған Садақта, Шүмекте, Барласта да бар сияқты. Қадырбай өсиеттерінің түбіне бойласаң ақындық – дарыған күш, үлкен қасиетті жақсы ақыннан қалған айшықты сөз тегінде заманның қасіретін айтады екен» [119, 244-б.] ,- деген көркем шығармадағы ой иірімдері - нағыз тарихтан сөйленер сөз. Абаймен қатар дәл осы Сабырбайдың сөзін тыңдап жазушының өзі қасында отырғандай шымшып көрер шындық бар. Абайдың өнеге алған ортасын мұнан дәл, мұнан терең айтып жеткізуге болмас. Бұл – жабық тақырыптық өзінен озық туынды жасай білген Әуезовтей жазушының ғана қолынан келер жасампаздық.
Жанақ ақынның өлеңдері бізге өте аз жеткен. Абай Жанақ жырларын азық еткені анық. Екі ақынды байланыстырып тұрған заманы болса, сол заманға деген көзқарастан туған ортақ сарындар бір арнаға тоғысып жатыр. Өткенді аңсау емес, өз тұсындағы қоғамның азуына налу бар Жанақта: «Ханнан қайыр, қарадан шайыр кетті»,- деп үзілген үміттің сәулелері Абай өлеңдерінде бояуы қалың қайғыға ұласқан. «Алдыңда күткен күннің түсі суық»,- деп қапаланған Жанақ ақын ел ішіндегі індеттің басы:
Жуан қамшы той бастар көсем болды,
Елірмелі екі есті шешен болды.
Би кетті малдылардың айтағында
Пәленді мұқатып бер десең болды [144, 58-б.] ,-
дейді. Дәл осы жолдардағы ащы ойлар Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» тағы басқа өлеңдерінде ақындық шеберліктің биігіне жеткен. «Қазақ жайлы» деген өлеңінде Жанақ «Астында тақ, аузында әмірі жоқ» қолынан билігі тайған елдің бет-пердесін мейілінше шебер бейнелеген:
Үй жығылып қазақтан, тікті күрке,
Күркеден де айрылар бірте-бірте
Сүлік, сона аралап сөлін сорып
Жайды уын, тісінің қанын бүрке [144, 56-б.].
Қазақты елдіктен кетіргендерге табылған балама. Дәл осы жолдардағы ой орамдары Абайдың «Бай сейілді» деп басталатын өлеңін еске салғандай. Десек те, Жанақ поэзиясындағы осы тұрғылас ойлар Абайда мүлде жаңа пішінге көшіп, сол кездегі қазақтың келбет-кеспірі мейілінше шынайы, бүге-шүге нақтылығымен өз тыңдаушысын тапқан. Жанақ сынындағы жалпылық ой сарындар Абайдың поэзиялық қазанына түскенде дараланып, болыс пен би, қу мен сұм, надан мен ұры сияқты әрқайсысының жеке-жеке портреттері типтік дәрежеде сомдалып шығады. Жақсы мен жаманды айырмай, екі ұртының бірі қан, бірі май болған қаймана қазақты басқарар басшының қолында да билік қалмайды. Бидің сиқы – қиқым. Билікке таласып, далпылдап, жалпылдап, шыбындап, қырындап жүрген болысты әркез қимыл үстінде көрсек:
Жылуы жоқ бойының,
Жылмиғаны неткені?
Құбылуы ойының –
Кетпей құйтың еткені [105, 291-б.] ,-
деп басталатын Дүтпайға арналған өлеңі – дара сипаттау. Адамның ішкі дүниесінің қалтарыс-бұлтарыстарына шейін алдыңа жайып салар нағыз психологиялық мінездеу. Мұндай ішкі психологиялық иірімдерді беру Абайға дейін қазақ поэзиясында болмаған.
Екі ақында кездесетін тағы бір ортақ сарын қоғамдағы рухани жұтаңдыққа алаңдау. Жанақ ақын былай дейді:
Ақындікі сандырақ сарын болды,
Күйшінікі көмескі зарың болды.
Ән сәнінен айрылып, күй көркінен
Ішкенің бойға жұқпай зәрің болды [144, 58-б.].
Кер заманның кесірі асыл өнердің азып-тозуына әкелді деген қағида бар ақында. Нақты сол өнер иелерін де сын тезіне алу да жоқ емес бұл жерде. Жанақ есіл өнердің қор болуына ашынады. Абайда бұл тақырып неше тарам. Біріншіден, жалпы сөз қадірін түсінер жанның жоқтығына налу болса (...осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық, ...тыңдаушымды ұғымсыз, қылып тәңірім бергенді, ...қайран тіл, қайран сөз, наданға қадірсіз т.б), екінші мәселе – Абай сол өлеңші қауымға сын артады. Бұл арада бұрынғы ескі биден бастап, алдындағы ақындары, соңындағы шәкірттері қатаң сын тезіне ұшырайды. Осы тұста бір мәселеге назар аударған жөн. Өзінен ілгерідегі ақындарды сынаудағы Абай сынын тек Бұхар, Шортанбай, Дулаттармен шектеп қою дұрыс емес. Олардың атын атағанда сол заманның бүкіл поэзиясы сынға алынды десек, бұл сыннан біз сөз етіп отырған Жанақ та аман қалмағаны белгілі. Оның:
Ауылым алыс, мен келем өзім азып,
Қой мен шай бер ақынға жерден қазып.
Он қадақ шай, қос қоржын сүр асып бер
Өрге барған Жәкеңе болсын азық [144, 61-б.] ,-
дегені сыншыл Абайға жақпағаны анық. Дәл осы сарынды Абайға айтарлықтай әсер еткен Шөже ақынның өлеңдерінен де кездестіруге болады. Қазығұрт елінің ауқаттысы Дәукейге:
Бергенің сегіз жылқы, жалсыз түйе,
Өлеңді естімессің енді менен [146, 98-б.] ,-
деген өкпелі сөздер сол заманның тезіне салса еш сөкеттігі жоқ орынды айтылған да. Өйткені, Жанақ пен Шөжелер заманында ақын атаулы ел үстінен күн көрді. Оған сол заманның ақынын сөгуге де келмес. Әйтсе де, нағыз өлеңнің шын бағасын білген Абайға қасиетті сөздің қадірін кетіріп, дүние-малмен саудалауы жақпағаны анық. Жалғыз Жанақ, Шөжелер ғана емес, замандастарының деніне біткен дертке Абайдың айтар жауабы да біреу ғана:
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп
Кетірген сөз кәдірін жұртты шарлап [105, 90-б.].
Қалай десек те қабырғаны қайыстырып жанға батыра айтылған сөз Жанақ пен Шөже ақындардың әлгі өлеңдеріне дөп тиген жауап. Шындық қашанда – ащы. Ал, Абайдың сыны иесінсіз емес. Ұстараның жүзіндей ащы ойлар біреуін болмаса екіншісін тіліп түсері хақ. Жанақ жырларының жақсысына тамсанып, тек одан үйренуші ғана болып қалса ол Абайға, оның ақындық, сыншылық сұранысына аздық етер еді. Жаманын, жақпағанын сынға алуымен бағалы Абай сөздері.
Тақырып ортақтығы деген мәселеде «Аңға шықсаң, алғашқы жауғанда қар» деген Жанақ өлеңіндегі идеяны Абай «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңінде дамытып, табиғаттың адамға сыйлаған осы бір «қызық ісін» көз алдыңа жарқ-жұрқ еткен қимыл-әрекетке толы, бетпе-бет айқасы айшықты суреттелген тартысқа толтыра ұсынады. Осы көріністерге тамсанған автордың көңіл-күйі, сезімі өлеңде бірге бөленген.
Ешкімге зияны жоқ өзім көрген,
Бір қызық ісім екен сұм жалғанда [105, 40-б.] ,- деген жолдардан ғалым Т.Әлімқұловтың саяси астар табуы өте орынды. Қоғамның әділетсіздігі мен жауыздығынан әбден қажыған ақынның бойын аулаққа әкетіп аң қууы, содан шынайы ләззат алуы айқын көрінеді ақын сөзінің тұжырымдауында. Өзі ұнатқан қансонарды өлең қылуы Абайдың осы бір өнерге көңілімен беріліп, жүрегі сүйе қызықтауы десек, оған Жанақ өлеңінің де әсері болмай қалмағанын ескергеніміз жөн. Жанақ пен Абай арасындағы сөз қолданысындағы ұқсастықтарды сөз еткенде «Кәрілік жайлы» өлеңіндегі:
Моласындай бақсының тұрған оқшау,
Бара алмаймын бас қосқан болса жиын [144, 55-б.] ,-
деген тіркесін сөз ұғудан қалған айналасынан жиреніп, адамсыздықтың батпағына белшесінен батқан бейқам, қараңғы, талапсыз елінің күйігіне шыдамай:
Моласындай бақсының,
Жалғыз қалдым – тап шыным [105, 123-б.] ,-
деп ағынан жарыла аһ ұрған Абайда қолданылады. Бақсының моласы - екі ақында да жалғыздықтың, оқшаулықтың символы. Осында Жанақ та, Абай да көптің ішінде жүріп жалғызсырайды. Бұл ақындардың ішкі дүниесіндегі жақындық. Бірақ, Жанақтың оқшаулануы қатары сиреп қалған қарттыққа қатысты айтылса, Абай жалғыздығының мәні тереңде жатыр. Тән жалғыздығы емес, Абайдікі – жан жалғыздығының көрінісі. Демек, Абай, сөз жоқ, Жанақтың ақындығын ерекше бағалап, өлең-жырын өнеге тұтты. Екі ақын өлеңдеріндегі идеялық бірлік, тақырып ұқсастықтары Жанақ пен Абай арасындағы рухани жақындықтың болғандығына куә.
Келесі бір мәселе «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының ең көркем нұсқасы Жанақтікі десек, сол нұсқаны негіз етіп Абай «Қозы Көрпештің» бір нұсқасын жазғызып, 1884 жылы атақты ғалым Г.Н.Потанинге сыйға тартуы. Жырдың бір данасы Н.Я.Коншиннің орыс географиялық қоғамына тапсырған Абай өлеңдерінің жинағымен бірге сақтаулы. Абай «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының өзіне дейінгі нұсқаларымен таныс болған. Десек те, біршама өзгешеліктері бола тұра Абайдың таңдап, негіз етіп жаздырған нұсқасы - Жанақ жыры. Жанақ пен Абай арасын сабақтастырып тұрған үзілмес рухани көпір осы – «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жыры да. Әйгілі жырдың түркі тектес халықтардың өзінде қырыққа тарта нұсқасы бар. Орыс зерттеушілері XIX – ғасырдың басында-ақ басында бұл жырға аса қызығушылық танытып, жырдың қазіргі нұсқаларына аса ұқсамайтын мазмұнын (М. Файзулин 1807 жылы жазып алған) қағазға түсірген [147, Б. 85-90]. Сонау XIX ғасырдың басынан орыс зерттеушілерін, ақындарын (А.С. Пушкиннің кітапханасынан жыр нұсқасының табылғанын ескеріңіз) қатты қызықтырған көне жырдың көркем нұсқалары Жанақ ақындікі, ал ертедегі қалпын сақтау тұрғысынан Шөженің нұсқасы, кейінгі үлгілі жыр ретінде Жанақ ізімен жырлаған Шәкір ақындікі екендігін зерттеуші ғалымдар дәлелдеген-ді. Жырдың Жанақ нұсқасы туралы М.Ғабдулиннің: «Жанақ жыры тіл көркемдігі жағынан шебер жырдың бірі болып табылады... Жанақ айтқан жыр сюжет құруы, оқиға желісін тізбектей отырып баяндауы және адам образдарын айқын етіп жасауы жағынан өзі тектес басқа жырлардан әрі күрделі екендігін байқаймыз. Жанақ жырының ең алдымен көзге түсетін ерекшелігі – оқиғаны реалистік өмірден алуында. Егер жырдың басқа варианттарында ертегіге тән, фантазиялық халге құрылған әңгімелер басым келсе, Жанақта олай емес. Қозы мен Баян да, Қарабай мен Қодар да шындықта болған типтік бейне болып суреттеледі» [148, 258-б.] ,- деген сипаттамасы құп аларлық. Қазақ халқының өзінде сандық көрсеткіші он алтыдан асатын (барлығын нұсқаға жатқызуға келмейді, әрине Б.Е.) бұл жырдың ішіндегі көркемі Жанақ нұсқасы болуының себебі, ең алдымен, көне жырды қайта жырлаған Жанақтың ақындық деңгейінде. Әуезов: «Жанақ нұсқасының тілі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» нұсқаларының көбінен көркем және бұл кезге дейін баспаға түсіп, жұртқа көбірек мәлім болған түрі» [149, 64-б.] ,- деп бағалаған.
Жанақ жырына кезінде Құнанбай ерекше ықылас білдірген. Бұл туралы жырдың бірден-бір зерттеушісі, ғалым Ә.Марғұлан Жанақ нұсқасының артықшылығын айта келіп, Өскенбай бидің асында «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» қобызға қосып жырлаған Жанаққа Құнанбай үлкен сый тартқан деген дерек келтіреді [150, 220-б.].
Жанақтың «Қозы Көрпешін» Абай өз еліндегі Байкөкше ақыннан естігені туралы дерек «Абай жолы» эпопеясында айтылған. Сондай-ақ Н.Абрамов «Каменная пирамида намогильный памятник Кузу Курпеч и Баян Сулу в Киргизской степи» деген мақаласында он екі жасар Абай, яғни 1857 жылы жас ақын Байкөкшеден «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» деген ұзақ жырды естігенін келтіреді [151]. Демек, Жанақ жырын Абай бала кезінде алғаш Байкөкшеден естіген. Жанақ – Байкөкше – Абай, одан маңындағы жас ақындар біліп, соның ішінде Бейсенбай арқылы, кейіннен Уәйіс ақынның, Шәкірдің жырлауымен көне жырдың көркем тармақтары түлеп, түрленіп бүгінгі ұрпаққа жетті.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын Жанақ нұсқасының негізінде Абай өзі жырлаған деген деректі академик Ә.Марғұлан келтіреді. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының Абай нұсқасы» деген мақаласында (мақала аз ғана өзгеріспен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» (Абай жазып алған нұсқасы) [152] деген кітаптың кіріспесіне де берілген Б.Е.): «Бұл жырды Абай 1884 жылы өз шабытымен жазып, оған орыс әрпімен Қозы Көрпеш Баян сұлу» деп ат береді. Жырды сол кездегі аяулы ғалым Г.Н.Потанинге сыйға тартады, қасына «Жаңа закон» деген жаңа поэмасын қоса жібереді. Адресін орысша жазып, «Семипалатинского уезда, Чингизской волости, А.К.»,- деп көрсетеді. Абай нұсқасының бір көшірмесі Н.Я.Коншин жинап тапсырған Абай жырларының жинағында Омбыдағы географиялық қоғамының архивінде сақтаулы. Ол өте көлемді, екі мың алты жүз жол. Абай мұны жас кезінде әдемі араб әрпімен жазған» [153, 75-б.] ,- деп жырдың Абай стиліне жақындығын дәлелдеу мақсатында нұсқаның көркемдігін тарата талдайды. Жырдың Абай жазған нұсқасы деген жалпы абайтануда ашылған үлкен жаңалық боп көрінгенмен, әр уақытта Абай шығармаларына үлкен зерделілікпен, терең ғылыми дайындықпен келген ғалымдар тарапынан «Қозы Көрпештің» Абай жазған деген нұсқасы бірауыздан қабылдана қойған жоқ. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын сонау 1925 жылдан назарға алып келе жатқан абайтанушы Әуезовтің өзі Абай нұсқасы дегенді айтпайды. Әуезовтің пікірінше «Қозы Көрпешті» жырлау үлесі Абайдың шәкірттері Бейсенбай Жәнібекұлына тиген. Бейсенбайға Ақылбай мен Мағауия көмектескен. Кейіннен Абайдың шәкірті Уәйіс ақыннан (Шондыбайұлы) Әуезов жазып алып жариялайды. Бұл арада Ақылбай мен Мағауияның да осы жырдың өңделе түсуіне қатысы бар болуы әбден ықтимал. «Томск архивінде сақталған қолжазбадағы «А.Қ.» Ақылбай Құнанбаев болар» [154, 685-б.] ,- деген жорамалға да Ақылбайдың қолжазбасы сақталмағандықтан толық қосыла кету асығыстық болады. Жырдың 1500 жылдығына орай шығарылған кітапта Абай нұсқасы деген пікірлерге қатысты: «Өкінішке қарай, осы нұсқаны кейбір зерттеушілер Абайдың өзі жазған деп жүр. Олай емес. Дұрысында, ол Абайдың тапсырмасымен қайта жырланып, жазылып алынған. Қанша әдемі дегенмен бұл жыр Абайдың стиліне келмейді» [154, 16-б.] ,- дейді ғалымдар М.Жолдасбеков пен С.Қасқабасов. Осы бағыттағы пікірді абайтанушы ғалым З.Ахметов те ұстанады [155, 269-б.].
«Жаңа закон» деген жүз қырық жолдық ұзақ өлеңнің де Абай шығармасы емес екендігін ғалым Ы.Дүйсенбаев кезінде дәлелдеп көрсеткен болатын-ды. Осы пікірді Б.Байгалиев те қостай отырып, көңілге қонымды дәлелдер айтады. Жырдың бұл нұсқасы Абайдың шығармасы емес, қазақ халық әдебиетінің нұсқалары түрінде Потанинге жолданғанын айта келіп, Әлкей Марғұланның пікіріне қатысты былай дейді: «...ғалым жариялаған жырдың қолжазбасына қарап мұны Абай жазды деп тануға да негіз жоқ. Өйткені жырдың фотокөшірмесі (бір беті) Абайдың бірден-бір қолтаңбасы (автографы) ретінде танылып жүрген «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген ғылыми еңбегінің жазуына ұқсамайды. Сондай-ақ, бұл автограф Абай өз қолымен жазды деп ғалым дәлелдеген В.Кудашев дәптеріндегі жазуға да ұқсамайды» [156, 16-б.]. Біз осы пікірлерге толық қосыламыз. Бірақ бұл «Қозы Көрпеш» жырына Абайдың мүлде қатысы жоқ деген сөз емес. Абай жасынан қызыққан әйгілі жырдың Жанақ нұсқасын өзінің шәкірттеріне жырлауға тапсырма бергені анық. Оның ішінде Бейсенбай, оған көмектескен Абай балалары, кейіннен Уәйістер жырлап қана қоймай ел ішіне он-он бес түрлі әуенмен әнге қосып таратқан да.