Абай қалыптастырған өнер ортасы
Бауыржан Ердембеков
Абайдың айналасы оның ақын шәкірттерімен ғана шектеліп қалмағаны белгілі. Ақынның айналасындағы өнерлі топ өкілдерін әдеби ортадан бөліп қарауға болмайды. Әнші мен күйші, тоғызқұмалақшы мен дойбышы, балуан мен құсбегі, қолөнер шебері мен Ағашаяқтай цирк өнерінің майталмандары Абай маңына үйірілді. Өйткені, Абай ауылы тек өлең ғана емес, барлық өнердің бас қосқан құтты мекеніне, шын мәнінде өнер ордасына айналды.

Абай - бүкіл бір елдің мәдени ренесансын жасап кеткен тұлға. Мәдениеттің ішіне ақыл-ой, әдебиет пен өнер, ән мен күй кіреді десек, осылардың бәрін Абай туғызбаса да жаңадан түлетті, жаңғыртты, бұрынғы шықпаған биігіне шырқатты, аспаған асуына жеткізді. Ақын Абайдың кемеңгерлігі міне осында жатыр. Өнер түрлерінің ішінде қара өлеңмен қатар қанат қағып, даңқы алысты шарлаған Абай ауылынан шыққан ән өнері десек, Абай айналасындағы әншілікті сол ортадағы ақындық өнерден бөле-жара қарауға болмайды. Сол себепті де Абай айналасындағы ақындықты айтқан кезде, сонымен жарыса жүретін өнерлі топ, өнер ортасы деген ұғымға, соның ішінде әсіресе ән тақырыбына ауытқып кететініміз заңды сияқты. Өйткені, Абайдың ақындығын ән өнерінен бөліп қарау мүмкін емес. Абайдағы өлең сөз бен әнге салып айтатын өлеңнің арасына шек қоймай сөйленетін біраз өлеңінде ән мен күйге байланысты ойлары баршылық. Мәселен, «Көңіл күйі құйқылжыр шартарапқа» деген өлеңі - жақсы әнге берілген анықтама. Дәл осы анықтамалықты жазған адам жаман ән шығармасы анық. «Әннің де естісі мен есерін» електен өткізе білер қатал сыншы, ән шығарғышқа талабы жойқын Абайдың тек «судай тұнық өмір сәуле көрсетер» жақсы ән шығаруға ғана қақысы бар еді. Қазақтың әуезе тарихында Абай тек композитор ғана емес, музыка әлеміне «Абай стилін» енгізген жаңашыл тұлға. Ақынның ән мұрасын зерттеуші Г.Бисенова бұл туралы былай дейді: «...песенный стиль Абая представляет собой органический синтез речитативной декламационности искусства казахских акынов, с преобладающим значением поэтического текста, в сочетании с распевностью лирико-повествовательных казахских песен и интонационных особенностей руского городского мелоса» [339, 90-б.]. Абай әні жаңашыл дегенде оның әуезінен ғана жаңалық іздеу аз, терең мазмұн мен биік эстетикаға толы ән сөзінің құдіреті де адам жанын баурарын сезімтал ақын қалт жібермеді. Ақынның поэзиядағы жаңалығы ән өнеріне де жаңа леп, қазақ даласына тың әуендер әкелді. Ғалым А.Жұбанов «Абай» деген мақаласында Абайдың композиторлық даралығын жан-жақты ашып көрсеткен [249, Б. 110-124].
Абай әндерінің ерекшелігін айтқанда оның орыс халық әндерімен байланысын, олардың әсерін айтудан қашудың керегі жоқ. Абай әндерінің әуені орыстың ескі әндерін еске түсірсе, ол - көшіріп алғандық емес, керісінше ұлттық колоритке басқа ән әуендерді пайдалана білген Абайдың жаңашылдығы, музыка өнерін жетік меңгергендігі. Абай бұрынғы тыңдаушының құлағына, жыршының қолындағы домбыра әуеніне тәуелді қазақ өлең құрылысында жазба поэзияға лайық жаңа реформа жасады. Қазақ өлеңінің құрылымына, ырғақ, әуез жүйесіне қыруар жаңалықтар қосты, қазақ тілінің ауыз әдебиетін жарқыратып көрсете алмаған мүмкіндіктерін ашты. «Абайдың композиторлық еңбектерінде де ақындық еңбегі сияқты өзіне тиісті үлкен жаңа өзгешеліктер бар. Бұрынғы ауызша әдебиетке Абай көп еліктемей, жалпы сөз қорын пайдалана отырып «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп, өзінше жаңа түрлі өлеңдер шығарады. Бұрынғы әнді өзі бұрынғы әдебиеттен сонағұрлым артық бағаласа да, ендігі өз әнін жақсы-жаман болса да жаңаша үлгімен айтпақ болады. Шырқауы, айғайы аз, көбінесе құлақ күйіне ұқсаған қоңыр баяу әндер туғызады. Орыс пен европаның камерный әніне, романстарына ұқсаңқырап келеді. Бұрынғы қазақ әнінің жаңа бір стильмен дами бастағанын байқатарлық әндер болады» [57, Б. 77-78] ,- деген М.Әуезовтің пікірі Абайдың композиторлық жаңашылдығын тап басып тұр.
Әсілі, Абай әншілікті кәсіп етпегені айдан-анық. Абайдың әні өлеңі мен қарасөзі сияқты халыққа жақсы сөз, үлгі-өсиет, эстетикалық тәрбие берудің құралы-тын. Бұл тұрғыда Абай әнінің қоғамдық мәні айқын. Халқының санасын өлеңмен, қарасөзбен баураған ақын, ендігі кезекте «ұйықтап жатқан жүректі оятар» әнді қару етті. Сөйтіп, Абайдың құдіретті сөзі әнге қосылып қазақ даласына бұрынғыдан да жылдам тарады, тыңдаушысын баурап алды.
Қазақ музыкасы, ән-күй өнеріне деген жақындық Абайдың Тәттімбет күйлерін тыңдап, Біржан әндеріне деген ерекше ықыластан бастау алғанын айта кетуіміз керек. Шертпе күйдің қас шебері Тәттімбет Қазанғапұлы Абайға әріден қозғаса нағашылығы да бар. Әкесі Құнанбаймен қарым-қатынаста болғандығы жайында М. Бейсенбаевтың «Абай және оның заманы» кітабында жазылған. Қазақ музыка мәдениетінің ірі қайраткері А.Жұбанов төмендегідей дерек келтіреді: «Бір әңгімеде Абайдың шешесі Ұлжанмен бірге туған сіңілісі Малғара келіншек болып ұзатылып барып отырғанда, киітімнің басы деп Тәттімбеттің «Сылқылдағын» тартыпты дейді» [340, 81-б.]. Тәттімбет пен Абайдың нағашы апасы – Малғараның күй жарыстырғаны туралы да ел аузында деректер кездеседі. Қалай деген күнде де әке мен шеше жағынан да таныстығы бар Абай мен дәулескер күйші арасындағы домбыраның шегіндей нәзік байланыстың күйін келтіретін уақыт тақалғандай.
Ал, Абай мен ән өнерінің ақтангері Біржан арасы туралы аз-маз тоқтала кеткен жөн. Абай мен Біржан байланысы бір жағы Біржан, Тәттімбет ән өнерімен байланысты болса, екіншіден Біржан мен Сараның кездесіп, ән жарыстыруы, соның нәтижесінде «Біржан-Сара айтысы» сияқты көркем туындының өмірге келуіне қатысты мәселе.
Біржанның Абай аулына келуі туралы деректерді А.Жұбанов, С.Мұқанов, М.Ғабдуллин, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, М.Жармұхамедұлы, М.Имашев сынды ғалымдар келтіреді. Бұл оқиғаның М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында тарихи шындықтың шеңберінде өте әсерлі суреттелгенін баса айтуымыз керек.
Бірақ, дәл қай жылдары Абай аулына келді дегенге түрлі болжамдар айтылып жүр. Көбіне Біржан салдың Абай еліне, одан Жетісуға келуін «Біржан-Сара айтысы» сынды көркем шығармадағы «Екі жыл отыз беске келгеніме» деген жолдармен байланыстырып, «Біржан отыз жеті жасында Жетісу өңіріне келген» деген болжам айтады. Әлі нақты бір тоқтамға келмеген Сара Тастанбекқызының өмір сүрген уақытымен Біржан мен Сара кездескен уақытты анықтаған күнде ғана Біржанның Абай ауылында болған кезін межелей аламыз. «Сара Тастанбекқызы 1854 жылы туып 1916 жылы өлген»,-деген деректі келтіруші М.Имашев Біржанның 1971 жылдары Абаймен кездескенін айтады [341]. Ө.Ақыпбекұлы, Б.Нұржекеевтер: «Сара 1853 – 1907 жылдар арасында өмір сүріп, 1871 жылы Біржанмен айтысқан» деген деректі ұстанады [342]. Ал, «Сара 1878-1916 жылдары өмір сүрген, Біржанмен кездескен уақыты 1890 жылдардың орта шені»,- деген деректерді І.Омаров, Т.Қалилаханов [343] сондай-ақ, тағы басқа зерттеушілер келтіреді. Ескерте кетейік, Б.Кенжебаев, Қ.Мұхамедханұлы бастаған «Біржан мен Сара айтыспаған»,- деген деректі ұстанушылардың барлығы Сараның 1878-1916 жылдары өмір сүргенін дәлелдеп келді.
Демек, Біржанның Шыңғыстауға келіп, Абаймен жолығуы - 1870 жылдардың басы, екінші болжам тоқсаныншы жылдардың орта шені. Абай елінің құйма құлақ қарттарының естелігінде төмендегідей дерек келтіріледі: «Абай жастарға өз әнімен қатар әсіресе елдің ескі ән-күйлерін үйренуді көп тапсырған. Өз тұсындағы атақты әншілерден Әсет, Біржан, Мұқа сияқтыларды қонақ етіп, аулында ұзақ-ұзақ уақыт сақтағаны да бар. Мысалы: Біржаннан ән үйренген деп, өзінің тоқалы Әйгерімге де тапсырады. Бұл жасында ірі әнші болған әйел екен. Кейбіреулер Абай оны әсіресе әншілігіне қызығып алған деседі. Сол Әйгерім жас шағында Біржаннан ән үйренгенін айтып кеп: «Абайдың айтуынша Біржан ақын емес, әнші еді. Ал әншілігінің ерекшелігі дауысы өте зор еді. Қыстауда отырып салған әні Тізесуға естілетін, (бұл екі ара қозы көш жер). Өзіме осыдан ән үйрен деп Абай тапсырды. Біржанды жаз бойы қонақ қып сақтады» [344] ,- дейді. Демек Біржан сал Абай еліне Әйгерім келін боп түскеннен кейін ат басын тіреген. М. Әуезов «Абай жолы» эпопеясында Әйгерімнің келін боп түскеніне үш ай толғанда Біржанның Абай аулында қонақ болуын шығармасына арқау етіп, уақыт шындығынан алыс кетпегенін аңғартады. Әйгерімнің келін боп түскен жылы – 1875 жыл. Яғни, Біржан Абай аулында кей зерттеушілер айтып жүргендей 1871 жылы емес, «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында айтылғандай 1865 жылы да емес [345, 499-б.], 1875 жылы немесе содан кейін келген. Бұл турасында М. Әуезов: «Ертерек уақытта қазақтың әнші, ақындарының ең бір ірі адамы – Біржан сал да Абаймен жүз көрісіп, үлкен дос болған. Ол Абайдың жасырақ кезінде Тобықты ішіне келіп (атақты ақын қыз Сарамен айтысатын сапары болу керек), көп уақыт қадірлі қонағы болып жатып, Көкшетау, Атбасардан бергі жерде болған қазақ өнерпаздарының көп қазынасымен Абайды кең таныстырып кетеді. Абай өзі де көп ән үйреніп, көп ақынның сөзіне қанып қалады. Әйелі Әйгерімге Біржанның әндерін үйретеді» [116, 388-б.] ,- дейді.
Біржан мен Абайды жазушы Асқар Сүлейменов те «Адасқақ» деген әңгімесінде 1875 шілдеде кездестіреді [346]. Бірақ екі өнер иесінің кездесуін арқау еткен әңгіме желісінде Біржан соншалықты ұнамсыз бейнеде көрінген. Жазушы Абай мен Біржанның кедесуін арақ ішіп отырған, мән-мағынасыз тұрпайы әңгіме үстінде бейнелейді. Абайдың жанындағы Керімбала, Әйгерімдерге қырындап, араққа тойып, кекірене кербезденген Біржан, «нақұрыс Ербол» тағы-тағылардың арасындағы анайылау диалогқа құрылған көркем шығарманы кезінде Б.Сапаралы да қатты сынға алған [110]. Автор қаншалықты көркемдік қиялға барды дегенімізбен, тарихи тұлғалар Біржан мен Абайға қиянат жасаған.
Ал жоғарыдағы «Біржан ақын емес, әнші» деген Абайдың айтқанына келсек, Біржанның ақындығына шүбә келтіруге болмас. Әсте, Абай адамның бойындағы қай өнері басым соған қарата айтқан болуы керек. Анығында Біржанның ақындық өнері заманындығы ақындардың жуан ортасынан орын алады. Әйтсе де, оның әншілігі басымы басым. Әсет Найманбайұлын да Абай ақындығына емес, әншілігіне бола қасына тартқан. Қажылық сапарға аттануға ниет білдірген Шәкәрімге Абай: «Шәкәрім, сенің ақындығыңнан тарихшылдығың басым, шығыс жұртына барып, солардың кітапханаларына отырсаң деп едім» [34, 130-б.] ,- дегенінен Шәкәрімнің ақындығын төмендетуге болмас. Абай дәл байқағандай Шәкәрім тарихқа өте жүрік-тін және оның тарихшылдығы ақындығынан асып тұрғанын мойындауымыз керек.
Олай болса, әншілік пен өлең өнерінің екі үлкен өркешті өкілінің кездесуі – Абайға да, Біржанға да үлкен рухани толысу болды. Әуезов эпопеяда Біржанның Абай ауылымен қоштасар шақта туған «Қозы көш» әнін Әмірдің үйреніп қалуын романға арқау еткенде Біржан мен Абай өнерінің шағылысуы Абайдың әншілік өнерде жүрген ізбасар шәкірттеріне жаңа бір ән толқынын әкелгенін байқатса керек-ті. Сондай-ақ, Біржандай дауыс болмағанмен Абай ән өнерін жетік меңгеріп, әсіресе, орыс композиторларының әндерін жадына тоқыған үлкен композитор, Біржан өнерінің шын бағалаушысы бола білді. Абай мен Біржан арасындағы осындай жақындықтың салмағын артыра түсу мақсатында шығар бәлкім қырқыншы жылдары Ғ.Сералиев деген Біржан салды Абайдың ақын шәкірттері қатарына қосып жібереді [46]. Біржан Абайдың ақын шәкірті бола алмайды. Біріншіден, жасы үлкен, бірақ ол да негізгі талап емес. Көп дегенде Абай қасында бір ай болып, өлең туралы, ән туралы сұхбат құрып, еліне көп өсіп қайтқан Біржан салды Абай шәкірті десек, онда Абай мектебі деген, ақын шәкірттері деген ұғымның мәнін жоғалтып алғанымыз.
Ахмет Жұбанов Біржан мен Абай арасындағы байланысқа тоқтала келіп, Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңіне ән шығарғандығын айтады [249, 48-б.]. Бұл пікір «Абай» энциклопедиясына енген Біржан сал туралы мақалаға да арқау болған [347, 177-б.]. Бірақ, осы жерде бір сәйкессіздік бар. Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген өлеңі – «Я видел березку, - сломилось она» деген В.А.Крыловтан аударма (А. Рубинштейн ән жазып, романсқа айналдырған) 1898 жылы аударылған шығармасы. Яғни, Біржан сал дүниеден өткен соң бір жылдан кейін Абай аударған. Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» еңбегінде Біржан сал мұрасына тоқталғанда аталмыш туындыға әнді Біржан шығарған десе, «Абай» деген тарауында: «Абайдың кейбір әндері орыстың белгілі композиторларының шығармаларымен тікелей таныстықтан туып жүрді. «Мен көрдім ұзын ағаш құлағанын» атты әні сол аттас Рубинштейннің романсын естіп барып шығарылуы да мүмкін деген жайлар бар» [247, Б. 122-123] ,- деген қарама-қайшы пікір айтады. Өнертану ғылымдарының докторы, профессор Б.Т.Ерзакович: «В 1939 году по инициативе М.О. Ауэзова в Алматы были возобновлены нотные записи песен Абая»,- деп бірнеше әндерді атай келіп: «... лично с напева М. Ауэзова записал «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» («Видел я, буря сломила березку») [348, 79-б.] ,- деп жазса, Абайдың музыкалық мұрасын зерттеуші Т.Бейсенова да әнді Абайдың шығармаларының қатарында зерттеп қарастырады [339, 168-б.]. Ал белгілі композитор Т. Базарбаев дәл осы Абай әніне М.Төлебаев та ән жазғанын айтады [349]. Демек, ән Біржан салдікі емес, Абайдікі. Абай мен Біржан арасын айтқанда осындай бірін-бірі жоққа шығарып жататын басы артық дүниелерге сақ болуымыз керек. Мұндай даулы пікірлер екі тұлға арасындағы байланысты зерделей түсуге кері әсерін тигізері анық.
Абай және ән өнері деген әйдік әлемнің бір ғана бөлігі боп саналатын Абай мен Біржан байланысы - үлкен тақырыптың басы болса, осынау тақырыптың жалғасы іспетті үлкен дүние - Абай айналасындағы ән өнерінің дамуы. Әрине, Абайдың ақындық мектебі дегеннің аясында һәм бір бөлігі іспеттес әншілік мектебінің де сұлбасы менмұндалайтыны заңды. Бұл арада ең алдымен Абайдың әнші шәкірттерінің болғанын айтуымыз керек. Ақын шәкірттерінің бәрі дерлік әнге жақын болды десек, солардың арысы композитор, берісі әнші екенін де есте ұстаған жөн. Дәл осы топ Абай әндерін орындап, халыққа таратты. Ұстаздарының әнге бет қойғанын байқап өздері де ән шығаруға бел байлады. Нәтижесінде Абай ауылы тек ақындықтың ғана емес, үлкен әншіліктің де ауылына айналды.
Қазақта ән мен өлең қатар жүрді, әмсе Абай заманында солай болды. Өлеңге ебі бар кез-келген ақын сол өлеңін әнге қосып өзі айтатын болған. Ақын да, композитор да, орындаушы, яки әнші де өзі. Осы құбылыс Абай айналасындағы әдеби мектептен әншілік өнерді бөле қарауға болмайтынын айғақтайды. Ақындығы мен композиторлығы елден асқан Абайдың әншілігі қалай?- деген сұрақ өзінен өзі сұранып тұр. Күшті әнші болмағанымен, ән өнерінің қыр-сырын жақсы меңгерген Абайдың домбыраға қосылар қоңыр дауысы болғанға ұқсайды. Ал, сол Абай дауысымен орындалған алғашқы нұсқаны ары қарай жетілдіріп, нақышына келтіріп орындау - Абайдың әнші шәкірттерінің міндеті. Бұл орайда А.Жұбанов былай дейді: «... Ақылбай, Әлмағамбет, Әйгерім Абайдың «жәй даусымен» айтып шығарып берген әндерін аузынан қағып алып, шырқата, үдете, құйқылжыта орындап кетті. Абайдың міндеті – бірінші рет «автор даусымен» орындап беру болды. Әрине одан әрі Абай өз әндерін орындамады деген сөзден аулақпыз. Міне, осылай, Абай әндері ауылынан шықпай жатып жоғарыда ескертілген «лабороториядан» өтіп, шыңдалып, біздің тілімізбен айтқанда Абай айналасының «литосынан» өтіп барып, халық алдына тарады» [249, 114-б.]. Бұл арада Абайдың әнші шәкірттері Абай әндерін тек таратушы ғана емес, ортаға салып артық-кемін түзеп, нағыз әншінің дауысына салып жетілдіріп те отырды. Абай айналасындағы мұндай әншілік талқы халық композиторларының көбінде болған жоқ. А.Жұбановтың Абай әншілерінің тобын орыстың «Могучая кучкасымен» ұқсататыны содан.
Абай жанындағы ән өнерінің өкілдері кімдер дегенде біз ең алдымен оның нағыз әншісі қайсысы, композиторы қайсысы, жай әуесқойы кімдер, қай музыканты қандай аспаптарда ойнаған деген мәселелерге барлау жасап көруіміз керек. Абай ақындықпен қатар әншілік өнердің өрістеуіне көп ықылас білдіріп, маңына ең жақсы деген әншілерді жинағаны аян. «Әлдеқандай себептермен қалаға барып оқи алмай қалып, өз маңайына жиналған іні, бала, ағайын-туысқан сияқты жастардың тәрбиесін қатты ескергендіктен, Абай жалғыз өз өсиетіне қанағат қылмай, бұлардың сезім тәрбиесін толтырмақ болып, сол 89-жылы музыка үйретпекші болады. Сол мақсатпен Көкен еліндегі Мұқа деген скрипкешіні ауылына алғызады. Тағы сол жылы Әсет деген ақынды да сақтайды» [116, 144-б.] ,- деп жазады М.Әуезов. Дәл осылайша Керей елінен әнді жақсы айтатын Уәйіс ақын, Қаракесек Мауқай сияқтыларды да жанына жияды. Тіпті Абайды ең әуелі баураған Әйгерімнің өзі емес, әншілік өнері болған-ды. Кейіннен, Абай әндерін нақышына келтіріп жұртқа таратушылардың қатарында осы Әйгерім де тұрды. «Ән, дауыс сияқтыны Әйгерімге Абайдың өзі де үйреткен екен» [103, 240-б.]. Әйгерімнің әншілік бейнесін беруде М.Әуезов шындықтан алыс кетпеген.
Бала кезінен барлық өнердің түріне баулыған талапты інісі Шәкәрімнің домбыраға құмарлығын байқап, Керейдегі Біткенбай деген атақты домбырашыны алғызып Шәкәрімге көптеген қазақ күйлерін үйретеді. «Менің домбыра ұстазым – Біткенбай, оны тауып беруші – Абай» [36, 8-б.] ,- дейді Шәкәрім. Жалпы қасындағы жастарды ән өнеріне баулыған Абай музыкалық аспап түрлерін де байытқан ғой. Қазақтың қара домбырасынан басқа орыстың, татардың ұлттық аспаптарының сахараға келуіне себепкер болады. Бір жағы қала музыканттарынан үйренсе, екінші жағы бұл жаңалықты әкелуші Омбыда оқитын Халиолла, кейіннен Абайдың баласы Әбдірахман болды. Әрхам Кәкітайұлы өз естелігінде былай деп жазды: «Халиолла келген соң жазда басталып ортасы үзіліп қалған орысша оқу, ән-күй, домбыра, скрипка, гармонь, ойнап үйренуді қайта қолға алады» [103, 72-б.]. Нәтижесінде, Абай ауылы домбыра, қобыз, сыбызғыдан бөлек, қазақ жұртына таңсық скрипка, гармонь, мандолина сияқты аспаптарда еркін ойнайтын дәрежеге жетеді. Бүгінге дейін кең қолданылатын ақын еліндегі үш шекті домбыра сол Абай заманында орыстың мандолинасынан көшкен болса керек. Жүз жасаған халық ақыны Шәкір Әбеновтің қолынан үш шекті домбырасы түспегенін ескерсек, Абай әкелген осынау бір жаңалықтың да ел арасына қаншалықты сіңісті болғандығына көзіңіз жете түседі. Абай музыка аспаптарына деген ерекше ықыласы, оның күйшілік өнерден де құр алақан еместігіне куә. Абай күйлері – оның өзі бөлек тақырыпқа сұранып тұрған дүние.
Абайдың әнші-музыканттарды қасына жиюуы шын мәнінде ән мектебін қалыптастырды. Осы ортада Абай жанындағы Көкбай, Шәкәрім, Ақылбай, Тұрағұл, «Қозы Көрпеш» жырының бір вариантын он жеті түрлі әнмен айтатын Бейсенбай ақын, «Абай жолынан» жақсы таныс Майбасардың Мұхамеджаны, Құдайбердінің ұлы Әмір, Ақылбайдың ұлы Әубәкір, Кәкітайдың ұлы Әрхам, әнші Әлмағамбеттер әншілік мектептің түлектері болды. Осылардың ішінде ән өнерінің қыр-сырын жетік меңгерген Шәкәрім, Уәйіс, Әсет, Мұқа, Ақылбай, Бейсенбай сынды шәкірттері - өздері де ән шығарып композиторлық дәрежеге көтерілген әншілер. Әсіресе, Әсет ақынның әншілік атағы қазақ даласына кеңінен жайылған. Көкбай ақын да жасында жақсы әнші болған. Бірақ ән шығарумен әуестенбегенге ұқсайды.
Жалпы Көкбай жасынан ән-жырға құмар боп өсіп, Абай шәкірттерінің ішіндегі көп-көрім әншісі болған. Абайдың:
Өлең жиған тырбанып,
Ән үйренген ырғалып.
Сорлы Көкбай қор болды-ау
Осыншадан құр қалып [105, 137-б.],-
деп жазатыны бар. Қолына домбыра ұстап, ән айтқан Көкбайдың ақындық өнері қатар жараған. Абай ортасы Көкбайдың ақындық қана емес, әншілік қабілетін де ұштай түседі. «Семейге Абай келсе күнде думан, ән салып, босамаймыз айғай-шудан»,- дейді Әріппен бір айтысында. Әрине шығарған арнау өлеңінің бәрін Көкбай әнге қосып айтқан. Оған суырып салып айтқан айтысты қосыңыз. Жалпы ол кездегі ақындардың көп шығармасы әнмен таралған. Абай алдында Абылайды да әнге салып айтқан ғой Көкең [186, 205- б.]. Демек, Көкбай жақсы әнші және өз өлеңдерін әнге қосып айтатын белгілі бір дәрежеде сазгерлік өнері де болған. Көкбайдың әні делініп ауыл арасында айтылатын бірді-екілі әндер де жоқ емес. Ал, Көкбайдың нағыз композиторлық шеберлігін байқататын ән – «Әудемжер» деп танылып жүр. Қ. Мұхамедханұлы бұл әнді Көкбай еншісіне байлағалы, оған ашық дау айтқан ешкім жоқ. Десек те, «Әудемжер» әнінің Көкбай ақындікі екендігін толық мойындауға көкейді түртпектеген кейбір сауалдар кесекөлденеңдей беретіні тағы бар. Бұл ән өнерін зерттеуші ғалым А.Жұбанов пен ақын мұрасын көп жылдар бойы зерттеген Қ.Мұхамедханұлы пікірлеріне қарсы шығу емес, әрине. Бірақ, осы әнге байланысты көкейдегі ой-пікірмен бөлісуді жөн санадық.
«Әудемжер» әні кей ән жинақтарында Ақан серінің әні деп беріліп жүрсе (Қазақ әндері, 1963 және Ауыл кеші көңілді, 1978), Көкбай ақынның бүгінгі таңға дейін шыққан екі жинағында да жоқ болғандығы [207], [217] әннің әлі де болса буыны бекіп, Көкбай мұрасына қосыла қоймағандығын аңғартады. Көкбайдан да, Ақан серіден де қолжазба қалмағаннан кейін, ең алдымен ақиқатты өлең мәтінінен іздеген жөн сияқты. Қ.Мұхамедханұлының айтуынша: «Әудемжер» деп аталып, айтылып жүрген әні мен өлеңін Көкбай денсаулығы төмендеп, өмірден күдер үзе бастаған кезінде – 1924 жылы шығарған. Оны әннің өзінен де, сөзінен де көрінетін, арманға толы, шерлі сарынынан (драматизм) айқын аңғаруға болады» [102, 66-б.]. Дей тұрсақ та, өлең мәтініне қайта үңілейік:
Әудемжер жүре алмаймын аяғымнан,
Ұстаймын екі қолдап таяғымнан.
Сайраған Орта жүздің бұлбұлы едім
Кәрілік келіп қалдың қай жағымнан,-
дегенде, шынында да қарға адым жер жүру мұң болған кәрі, науқас адамның айтар сөзі. Алайда, Көкбайдың дерті – қылтамақ. Аяқтан баса алмай қалып немесе «Әудемжер жүре алмаймын белім ұйып» дейтіндей Көкбайдың жөні жоқ сияқты. Әрине, ауруын дәл айтпай, әнде жалпы кәріліктің белгілерін көрсеткен дер едік, бірақ, «Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын» деп Көкбай ақын әсте айтпаса керек. Қалай десеңіз де дәл осы сөз Көкбай стилінен, сөйлеуінен алыс. Сарамен жолыққанда осы сөзді Біржан айтты. «Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын, арқаның Алтай, Қарпық ақтанкері»,- деген Біржан сөзін Әріп ақын өзгертпей берді. Соны Көкбайдың қайталауы мүмкін бе? Орта жүздің бұлбұлы Көкбайға қарағанда Біржан, Ақандарға пішілген тіркес. Жасында өлең айтқанмен, бала оқытып, молдалық қылғаннан кейін Көкбай ән айтуды да доғарған. Дін жолындағы молда адамның өзін орта жүздің бұлбұлына теңеуі қай жағынан алсаңыз да қисынға келмейді. Ауруы меңдеген Көкбай ақын жанына жақын осы бір әнді ыңылдап айтуы (өмірінің соңында айқайлап ән айтпағанын ескерсек Б.Е) мүмкін де, қасындағы Есентай Бердин сияқты шәкірттері Көкбайдың әні деп іліп әкетіп, сөйтіп Көкбайдың «Әудемжері» болып елге тарауы ғажап емес. Сондай-ақ, «Әудемжер» әннің төресі, бүгінгі тілмен айтқанда – таза классика. Ән төресін Көкбайға қимай отырған жоқпыз. Көкбайдың сазгерлігі әуесқойлық дәрежеден әрі аспағанын мойындауымыз керек. Абайдың басқа әнші-ақын шәкірттері - Әсет пен Уәйіс сияқты қазақтың дәстүрлі ән үлгісінде өз туындыларымен дараланып, немесе Шәкәрімге ұқсап өзгеше ән үлгісін ұсынып жатса бір сәрі. Сондықтан да, Көкбайдың сазгерлігіне «Әудемжерді» қосақтап жіберсек, асығыстық етпейміз бе? Бұл арада, әрине, музыка мамандарының да пікірлері керек-ақ. Біздің бұл айтқандарымызды біреу құп алар, құп алмас, бірақ осы мәселелерге жауап тапқан күні ғана «Әудемжер» әнінің шын авторы табылмақ.
Абай шәкірттерінің әншілік мұрасы - әлі зерттеле қоймаған тың жатқан дүние. Оның себептеріне келсек, Абай шәкірттерінің өзі тек тәуелсіздік жылдары ғана қолға алынып, ғылыми қауымның назарына іліне бастады. Ал, ән өнерін зерттеу тек әдебиетшінің қолынан келмейтінін еске тұтсақ, бұл тақырыпты зерттеу үшін әдебиетші мен музыка мамандарының бірлескен ұжымдық жұмысы ғана нәтиже беретінін қатты ескерген жөн. Немесе, Абай шәкірттерін зерттеуші адамның музыкадан арнайы білімі болғаны абзал. Тек, сонда ғана Абай мектебіндегі әншілік өнердің қазақ мәдениетіндегі орнын өз дәрежесінде зерттеп көрсетуге мүмкіндік бар.
Біз музыка маманы болмағандықтан, Абай шәкірттері әндерінің құрылысы, музыка тілінің ерекшеліктері, әуен-сазының өлшемдік-ырғақтық құрылымы деген сияқты әннің ішкі табиғатына еркіндеп баруға дәрменсізбіз. Сол себепті зерттеу еңбегіміздің мақсатына орай Абай айналасындағы ән өнерінің дамуы, даралық сипаты деген мәселелерді анықтай отырып, ондағы ұстаз Абайдың орны, Абай әндерін өз дәрежесінде орындап халықтың жүрегіне жеткізуші әнші шәкірттердің рөлі, олардың ән өнеріне қосқан өзіндік үлесі деген сияқты мәселелерге қысқаша тоқталып өтпекпіз.
Музыка саласында жазба мәдениетінің болмауына қарамастан, Абай әндерінің бізге толық жеткен себебі олардың халықтың жүрегінде сақталуында. Композитор болғанымен, нота білмеген Абайдың әндері ауызша таралды. Абай әндерінің халыққа кең таралуына, біріншіден, ән табиғатының халыққа жақындығы, тыңдаушысын баурап алар тосын әуен мен терең мазмұн болса, екіншіден, сол әндерді үлкен сахна – сахарада нағыз күміс көмей әншілердің орындауы еді. Абай әндерін орындаушылар ән өнерінің хас шеберлері-тін. Ақынның өзі айтқандай: «Адам аз мұны біліп ән саларлық, тыңдаушы да аз ол әннен бәһра аларлық»,- деп, Абайдың жаңа әндерін тосырқап қабылдаушылар да аз болмады. Сол кезде әнші шәкірттер тек әнді таратушылар ғана емес, терең мазмұнға құрылған ғибратты әндердің насихатшысына айналды. Бұл арада сазгер Абай өз бойындағы барлық құндылықтарды әнге деген ыстық ықыласын, өзі шығарған әндерін орындап халыққа таратушы әнші шәкірттеріне сол уақыттың жырын жырлап, мұң мұқтажына араласуына өз бойларындағы таланттарын шыңдап, көрсете білулеріне жол ашты. Әнші-музыканттар уақтылы-уақтылы Абай үйіне жиналып, өздері шығарған, біреуден үйренген ән, күйлерін Абай алдында ортаға салып, сыннан өткізіп отырған. Абайдың Татьянасын әнші шәкірттердің автордан үйренуі тұсын Әуезовтен тыңдап байқайық: « ...Мұхамеджан домбыраға жаңағы әннің бас қайырмасын тыңқылдатып көрді. Келмей жатыр. Абай бұл кезде өз кезегін жүріп, сәл босап отыр еді.
- Жоқ теріс тартып отырсың,- деп домбыраны қайта алды. Жаңағы әнін үш-төрт қайырып тартып өтті. Мұхамеджан енді домбыраны қайта алғанда, іркілместен қатасыз тарта жөнелді. Сол арада жаттап алған алғашқы екі ауыз өлеңді әнге де салып жіберді» [119, 574-б.].
Абай қасындағы аса талантты әнші-музыканттарды атағанда алдымен Мұқа Әділханұлы есімі айтылады. Сонау Халиолла қаладан келіп жүрген кездерде Абай ауылының ән мен күйін келтіретін Мұқа келе-келе Абай ауылындағы әншілер мектебінің ұстазына айналды. Музыка өнерін қаладан арнайы үйреніп келген Мұқадан «Көкбай, Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Тұрағұл, Әлмағамбет, Мұхамеджан, Өтегелді тағы бірнеше жастар домбыра, гармон, скрипка тартып, музыка тілін үйреніп шығады. Абайдың қызы Күлбадан, Ысқақтың қызы Рахималар да гармон ойнауды үйренеді» [103, Б. 125-126]. Бүгінгі тілмен айтсақ, Мұқанікі музыка үйірмесі іспетті. Абайдың Мұқа сияқты талантты ауылына алғызуы сияқты өнегелі ісі өз шәкірттерінің өмір жолында да жалғасқан. Мәселен, Мағауия інісі Тұрағұлдың ән-күйге әуестігін біліп Семейден Яков деген скрипкашыны алдырып, ақы төлеп, Тұрағұлға скрипка үйреткен. Мұқаның талантын аса жоғары бағалаған Абай оны музыка саласында оқыту үшін Мәскеу, Петербор сияқты үлкен қалаларға жібермек болып, арнайы киім тіккізіп, жол жабдығын да дайындаған көрінеді. Ел арасындағы көп кикілжіңнің бірі қолбайлау болып Мұқа бұл сапарға бара алмай қалған екен [124, 279-б.]. Музыкант Мұқа домбыраны да өзі жасайтын шебер болған. Ең өкініштісі - Мұқаның музыкалық мұрасы нотаға түспей, жасаған домбыралары бізге жетпей қалғандығы. Абайдың немересі, Ақылбайдың ұлы Исраил Мұқаның күйлерін сақтап, тартып жүргенмен, дер кезінде нотаға түспеген музыкалық мұраның қазір көбінен көз жазып қалдық. Мұқа скрипкада ойнап орыс күйлерін қазақ даласына әкелді. Австрия композиторы И.Штраустың «Көгілдір Дунайда» вальсін скрипкада тамылжыта орындағаны соншалық, сол күйдің әсерінен «Он саусақ бірі басып, бірі қаға» деп басталатын лирикалық күйге толы өлеңін шығарады. Әнші шәкірттердің көшбасшысы ғана емес, Мұқа солардың ішіндегі үздігі-тін. Қ.Мұхамедханұлы былай дейді: «1909 жылы Семейде «Народный дом» деп аталатын орында қазақ, татар өнерпаздары домбырашы, скрипкашы, әнші-күйшілердің жарысы болғанда, оған Абай шәкірттері Мұқа Әділханов, Әлмағамбет Қапсалямов, Мұхамеджан Майбасаровтар да қатынасады. Осы өнер салыстыру жарысында бас бәйге Мұқаға беріледі» [124, 283-б.]. Абай дүниеден өткен соң, ұлы ақынды еске алу кештерінде Мұқа, Әлмағамбеттер ұстаз әндерін айтып, күй орындаған. Абайдың талантты шәкірті деп таныған М.Әуезов Мұқаны ертеден біліп, араласып, кейіннен Мұқа образын эпопеясында ең жарқын бейнелердің бірі ретінде сомдады.
Жалпы «Абай жолы» эпопеясындағы әнші-ақындар бейнесі деген тақырыптың әлі көбесі сөгіле қойған жоқ. Әу баста эпопеяның кейінгі екі кітабында Абай және оның маңайындағы шәкірттері тақырыбын көтермек болған М.Әуезовтің жоспары саяси қысымның салдарынан іске аспай қалғанда, жазушы Абай айналасындағы әншілік дәстүрге көп салмақ салуына тура келді. Эпопеядағы ақын шәкірттердің орнын әнші шәкірттер басып, тиым салынған Абай мектебі деген ұғымның оқырман санасынан мүлде өшіп қалуынан сақтағандай еді. «Абай жолында» ән тақырыбы Абайдың Ділдә ауылына қайындап барғанда, Сүйіндік-Тоғжан ауылындағы көріністерде қылаң беріп қап, Әйгеріммен кездесуінде бір жарқ ететіні бар. Нағыз әннің шарықтауы «Жайлауда» тарауында, Абай ауылына Біржанның келуімен көркем көрініс тапқан. Біржанның қасында ән үйренген Әмір мен Оралбай, Әйгерім мен Керімбалалар сомдалған. Біржаннан үлкен ән қуатын алған Абайдың айналасы енді әнді күнделікті тұрмыстың бір қажеттілігіне айналдырғандай. Эпопеяда қалаға келе жатқан Абай балалары жарыса ән шырқап, ел ішінің ығырынан мезі болған әке көңілін бір уақ жадырататын эпизод бар. Бұл келесі бір биікке шырқаған ән тақырыбына барар баспалдақ іспетті еді. «Татьянаның сахарадағы әні» Әуезов көркем шығармасының өнер тақырыбын қозғаған ең бір кестелі тұсы ғана емес, жалпы эпопеяның алғашқы іргетасы осы «Татьяна жырынан» бастап қаланған. Яғни, әлемге аты мәшһүр эпопеяның бастау бұлағы ән тақырыбында жатқандығы тегін емес. Татьяна әнінің Мұхамеджан арқылы Абайдың өзге шәкірттеріне жетуі эпопеяда аса тартымды суреттелген: «Олар тегіс көшіріп болған соң, осы кеш бойында біреу домбырамен, біреу үнмен ылғи «Татьяна хатын» айтуда болды. Тек үйрене алмағандар Мұхамеджанға бастатып, өздері екіден-үштен қосылып отырып айтты. Сонымен, түн ортасы ауғанша, барлығының ден қойғаны – Мұхамеджан әкелген жаңалық сый еді. Көп мезгіл өтіп, жатарманға тақағанда, бұл үйдің ішінде домбыра тартып, ән сала білетін адамның барлығы да Татьяна әнін, мұңын жаттап алды» [119, 580-б-]. Нағыз өмір шындығы жазушы қиялындағы көркемдік шындықпен астасып, бірігіп, тұтасып кеткендей. «Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән, сан-саналы жырлар көшіріліп жатталып, әуендеп толқып, тарап жатты. Алуан сырлы жаңа сөз Арқаның қоңыр желіндей жай жылжып, бірақ кең жайылып тарады» [119, 586-б.]. Осынау құдіретті әнді таратушы жас әншілердің келесі бір легі туралы сөз эпопеяда бұдан былай кеңінен сөз бола бастады. «Абай жолын» сүзген адамға бірден байқалатыны, Әуезов ән тақырыбын сомдағанда өмір шындығынан алыс кетпеген. Көкбай, Мұқа, Әлмағамбеттер Абай әнін жарыса шырқайды. Мұқа «Айттым сәлем қаламқасты» созса, Әлмағамбет «Көзімнің қарасын» айтады. Қаладан келген Әбіш Мұқамен бірігіп скрипка тартып, өнер көрсетеді, барлық жерде Абайдың сөзі, Абайдың әні жас өнерпаздардың аузында. Төрт кітаптан тұратын эпопеяның соңы да әнмен бітеді. Бірақ, қайғылы, қазақ даласына жаңалық шашқан ұлы өнердің иесін жоқтаған азалы ән. Ән өнерін ерекше қадірлеген кемеңгер ақынның қабірінде жоқтау айтқан асыл жар - Әйгерім сазы оқырман жүрегін елітеді. Жазушының соңғы сөйлемдеріне құлақ түрейік: «Адал жар жоқтауымен Абай жаңаша жолға өтті. Ол өлмеске қадам басты! Әйгерімнің әні мен соған оралып айтылған Дәрмен жыры Абай туралы кейін туатын бар өнердің басы еді. Жаңа туған әннен бастап Абай жаңа туысқа ауысқан» [94, 605-б.]. Ән мен өлең! Абай өзі тірі кезінде мүлде жаңа сатыға көтерген осынау бір өнердің екі қанатын ары қарай самғата алар ұрпақ бар ма деген сауалға жауап қатады жазушы. Бар! Ол - Абайдың өнерлі шәкірттері. Топырағы кеппеген Абай қабірінің басындағы жаңашыл жыр мен өзгеше ән Абай өнерінің жалғасы болып шартарапқа тарап жатты. Осы орайда ғалым Ж.Дәдебаевтың: «Абай жолы» ақын Абай туралы ғана емес, ақындық, ән мен жыр өнері туралы да шығарма болып табылады» [350, 121-б.] ,- деген ойы орынды айтылған.
Абайдың жанындағы ақын шәкірттерді сомдауға мүмкіндік болмағаннан кейін салмақты әнші өнерпаздарға салған Әуезов, әнші жастардың тек Абай әндерін таратудағы еңбегін ғана сөз ете алды. Жас өнерпаздар эпопеяда тек Абай әндерін орындаушы, таратушы. Ал, өз жандарынан ән шығарғандары туралы Әуезов сөз қозғамаған. Өйткені, композиторлық дегеніңіз - нағыз ақындық. Ақындық туралы сөз қозғауға мүмкіндік болмағандықтан, Шәкәрімнің, Көкбайдың, Әсеттің, Уәйістің, Ақылбай мен Мұқаның композиторлық қарымы туралы Әуезов айтпады.
Өзі ән шығармағанмен, Абай әндерін насихаттауда үлкен еңбек сіңіріп, көзі тірісінде «Абайдың әншісі» атанған өнерпаздың бірі - Әлмағамбет Қапсәләмұлы. Жасынан Абай жанында жүріп, кемеңгер ақынның ішкі тебіренісін дөп басатын сезімтал Әлмағамбеттей Абай әндерін көңілден шығарып орындайтын адам кемде-кем болса керек. Абайдың, бір жан сияқты үлкен әншілердің әндерін орындаған Әлмағамбет, қолқалап жүріп Ақылбайға да ән шығартып, оны Тұрағұлмен қайыншылап барған Матай жерінде орындайтыны бар.
ХХ ғасырдың басындағы Абайға арналған кештерде Әлмағамбеттің ән айтқаны туралы баспасөз беттеріндегі қысқа хабарлардан басқа әнші туралы нақты дерек жоқтың қасы. Бізге жеткен дерек - Әлмағамбеттің үш ұлының бірі - Шәбден ақсақалдың әңгімесі [351] мен ақын М.Ыбырайұлының Әлмағамбет туралы мақаласы [352] ғана. Ел аузындағы естеліктерге жүгінсек, Әлмағамбет Тобықты ішінде Тоғалақ деген атадан. Әлмағамбеттің үш ұлының бірі – Шәбден әкесінің өнерін ұстаған өнерпаз, кейіннен құйма құлақ шежіре адам болған. Әлмағамбеттің қасиетті домбырасы осы Шәбден ақсақалдың тапсыруымен Абай мұражайынан құнды жәдігер болып орын алды. Сол Шәбден ақсақалдың айтуынша малдың бабын білген Әлмағамбеттің әкесі Қапсәләмді Абай жылқы бағуға әдейі алдырып, тағдырдың жазуымен Әлмағамбет Абайдың тәрбиесін көріп өседі. «Абай өз балалары Мағауия, Тұрағұлмен бірге Әлмағамбетті де үш қыс Семейде орыс музыкантына беріп үйреткен» [352, 79-б.] ,- деп жазады Шәбден Әлмағамбетұлы. Әлмағамбет әнші ғана емес, бірнеше музыкалық аспаптарда ойнаған шебер күйші болған. «Дунайская волна», «Лезгинка», «Возвратное время», «Банкрот», «Полька», «Птичий марш», «Криковяк» деген басқа халықтың ән мұралары Әлмағамбет арқылы елге тараған. Қазақ зиялылары Нұрғали және Нәзипа Құлжановалармен жақын араласып, Абай есімін халыққа таныстыруда бірлесе жұмыс істеді. Төңкерістен кейін Семей қаласында ұйымдастырылған қазақ театрының белді бір мүшесі болған Әлмағамбет әнші өмірінің соңына дейін Абай әндерін халық арасында орындап, насихаттаудан бір танған емес.
Әлмағамбеттің қолқалауымен Ақылбай да ән шығарған. Жалпы Ақылбай ән-күйге аса бейім болғанымен, әншілік жолға да мықтап түспеген сыңайлы. Көптің қолқалауымен ән айтып, күй тартқаны болмаса, суырылып шығып әншілік өнерге аса бейіл қоймаған. Әйтпесе, жасынан сал-сері Ақылбайға әншілік өнер жат емес. Шебер музыкант, жақсы әнші Ақылбайдың бізге бір ғана әні жеткен. Оның өзі екі ауызы ғана сақталған. «Бір ән тауып Әлекең бер деген соң» деп басталатын екі шумақ өлең. Қ.Мұхамедханұлы осы екі шумақты екі бөлек ән деп көрсетеді [212, 16-б.]. Анығында бұл бір ән сияқты. Белгілі әнші, сазгер, жазушы Ж.Кәрменовтің Ақылбайдың ішкі толғаныс, сезімінің пернелерін дөп басып, Ақылбай әнінің шығу тарихын көркемдік шешімге шебер орайластырған «Ақылбайдың әні» әңгімесінен танысуға болады бұл әнмен. Бірақ, әңгімеде айтылғандай Мекайылдың емес [353], М.Ыбырайұлы келтіргендей Мағауияның да емес [352], Тұрағұлдың қалыңдығы Сақыпжамалды алуға Матай жеріне барарда Ақылбайдың Әлмағамбетке шығарып берген әні. Сауыққой, өнерлі Матайдың жеріне құдалар Ақылбайдың жаңадан шығарып берген әнімен барған екен. Сақыпжамал – Матай елінің белгілі байы, Делбегетейдің бауырын жайлайтын Әлжан қажының қызы. Әлжан - ХҮІІІ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген атақты Құттымбет батырдың ұрпағы. Өз заманында батырлығымен аты шыққан, кейіннен бойындағы қасиетімен елдің аңызына айналған Жалаңаш батырдан Назар туса, Назардан Әлжан туған [354, 47-б.]. Шамамен, 1835-1918 жылдары өмір сүрген Әлжан елінде бірнеше жыл болыс болған, елге қадірі артып, қартайған шағында Мекеге барып, қажы атанады. Әлжанмен сыйласқан Абай байдың қызын өзі көріп, ұнатып, Тұрағұлға әперген. Қазіргі Әлжан көлінің жағасына Абай бастап келген құдалықта Ақылбай әнінің тұсауы кесілген екен. Сақыпжамалдан ұлы – Жебіраил, екі қыз – Ақылия (Ақыш) пен Мәкен туады. Тұрағұлды қуғынға салған кеңес заманының белсенділері Томскіде оқуда жүрген баласы Жебіраилдың түбіне жетсе, екінші ұлы Зүбаир елден кетіп, қырғыз жақта аштан өледі. Ел естелігіне құлақ түрсек, Ақылбайдың «Ақтамақ» деп аталып кеткен Көкен қызға арналған «Асықтық сәлем айттым Көкеніме, жүре берме әркімнің жетегінде» деп келетін ән-өлеңі де болған көрінеді [34, 497-б.]. Осы әнге қатысты бір деректі Т.Әлімқұлов келтіреді: «Осы күні Оңтүстік Қазақстанда «Сәкеннің әні» деп салатын бір ән Абайдың баласы Мағауияның (дұрысы - Тұрағұлдың Б.Е) қалыңдық ойнауға бара жатып шығарған әнінен айнымайды» [355, 151-б.] ,- деген пікіріне де құлақ аспай болмайды. Абай ауылының әні қазақ жерінің екінші бір қиырына Сәкен арқылы жетуі ықтимал немесе осы әуенге ұқсас ән болуы да мүмкін. Бұған жауапты ән өнерін зерттеушілер береді деген ойдамыз. Тұрағұлдың өзі де, балалары да әнші болған. Жебіраил әнді домбырамен жақсы айтқан, әсіресе Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» нақышына келтіріп орындаушы еді делінеді естеліктерде [183, 96- б.]. Ал, Мәкен Тұрағұлқызы - Абай әндерін бірден-бір бізге жеткізуші адам. Осы арада айта кетуіміз керек, Абай әндерін жұртқа жайып, насихаттаушы әнші шәкірттер болса, кейінгі буын, дәлірек айтқанда Абайдың ұрпақтары ақын баба ән мұрасының бүгінге жоғалмай жетуіне айтарлықтай үлес қосты. Отызыншы жылдары А.Жұбанов Абайдың әндерін Тұрағұлдың кенже қызы Мәкен Ахметжанованың орындауынан жазып алып, нотаға түсірсе, Л.Хамиди Әрхам Ысқақовтың айтуымен біраз әнін нотаға салады. Шәкәрім әндерінің дені бізге ұлы Ахат арқылы жетсе, әнші Мұқаның скрипкада, домбырада ойнаған күйлерін сақтаған Ақылбайдың баласы Исраил болған [124, 280-б.]. Абай ұрпақтарының өнері, игі істері туралы әңгіме бөлек бір тақырыпқа жүк боларлық.
Тұрағұл әнші, шебер музыканттығымен қоса, сазгерлік өнерге де құлаш сермеген сыңайлы. Тұрағұлды көзімен көрген Н.Алдажаровтың естелігіне тоқталайық: «Тұраш аға ақын, әрі композитор болған. «Әйел сыны» деген өлеңі бар, әнін де өзі шығарған:
Дәл қарға бет қызылы тамған қандай,
Ақ таңлақ айналасы атқан таңдай.
Кірсіз тіс, жайнаған көз, қырлы мұрын
Әжімсіз аппақ тегіс тіп-тік маңдай,-
деген. Тұраш ағаның осы өлеңі мен әні ұмыт болмасын деп магнитофонға жаздым» [183, 95-б.] ,- деп бізге белгілі «Хат» өлеңінен үзінді келтіреді. Тұрағұл әншілік, сазгерлік жолға түспегенімен, бұл өнерден де қара жаяу еместігі байқалады.
Абайдың ән мектебінің ірі өкілі – Майбасардың Мұхамеджаны. Сол уақытта әншілік пен сал-серілік қатар жүргенін ескерсек, Мұхамеджан жасында қасына топ жиып, салдық құрып, ел аралап, ән салады. Қасында Құдайбердінің баласы Әмір бар. Әмір Құдайбердінің Ботантай деген екінші әйелінен туған да, бала көтермеген Төлебике бәйбіше Әмірді бала қып алған. Әнші, серілігіне қоса Құнанбайдай алыптың ерке де, тентек немересі Әмір Абай ортасына жарқ етіп келіп, лап етіп сөнген ерекше жан болған. Мұхамеджан мен Әмірдің салдығы сол өңірде ерекше болып, тіпті шектен шығуға айналған соң, Құнанбай, Абай болып тиым салған да. Бұл оқиғаны М.Әуезов «Абай жолында» бояуын қалыңдатып, Құнанбайдың қатыгездігін көрсете түсу үшін көркемдік қиялға иіп суреттейтіні бар. Серілігі асқан асау Әмірді Құнанбай қылқындырып, теріс бата бергенде, Абай арашаға түседі. Ал, өмір шындығы сәл басқашалау болған. Өз ауылының қызына ғашық болып, ырыққа көнбей бара жатқан Әмір мен Мұхамеджанды арбаға таңып қойғаны рас. Бірақ немересін қылқындырып, ешқандай теріс бата бермеген. Таңылып жатып намазын бұзып, ән айтқан екеуіне дауа жоқ екенін біліп, босаттырып жіберген екен [79, Б. 129-130]. «Мұхамеджанның үлгі-өнеге алған, әншілік тәрбие көрген адамы осы Әмір сал болса, әндерінің денін Абайға еліктеп шығарып отырған. Абай дәстүрі, Абайдың әншілік сарыны Мұхамеджан әндерінде айқын сезіліп отырады» [356, 175-б.] ,- дейді Ж.Кәрменов. Әмір жастайынан қайтыс болған соң, Мұхамеджан жетімсіреп, сал-серілік жүрісіне тиым салған Құнанбай, Абайларға өкпелеп, (кей деректерде басқа ағайындарымен сыйыспай Б.Е) қайнына Қызылмола жаққа көшіп кеткен.
Жау болды Абай ағам жасымыздан,
Кетпеді күнде қиқу басымыздан.
Қорқытып әбден жеңіп алғаннан соң
Көршінің бәрін қуды қасымыздан.
Сұрасаң арғы атамды Ырғызбай-ды,
Шындаса жатқа олжа болғызбайды.
Еліне Қызылмола кеттім шығып
Қудалап ағайыным тұрғызбайды.
Көк үйірім айдын шалқар көл емес пе?
Ырғызбай қайда жүрсе бел емес пе?
Еліне Қызылмола кеттім шығып
Көңілімді көтергім жөн емес пе?-
Осы өлеңді естіп Абай кісі жіберіп Мұхамеджанды көшіріп алғызған» [187, Б. 92-93] ,- делінеді бір естелікте. Осыдан былай қарай Мұхамеджан Абай шәкірттерінің тобына қосылып, Абайдың дәстүріндегі әндердің насихатшысына айналады. Абайдың келіні Кәмәлияның айтуынша: «Әкем әндерін халыққа таратқан әншінің бірі – Мұхамеджан» [357, 200-б.]. Абайдың «Татьянасын» алғаш орындап, бүкіл өнерсүйер қауымды елең еткізген осы Мұхамеджан болса, құдіретті әншілігімен қоса ақындығы да боған Мұхамеджанның бізге жеткен осындай бірер ауыз өлеңінен басқасы кезінде ұмыт болғанға ұқсайды.
Абай ән мектебіндегі нағыз сазгер-әншінің бірі - Әсет. Әсеттің атын жұртқа жайған оның әншілік өнері. Алланың берген дауысына сай Әсеттің сазгерлігі оның атын бірден әуелетіп әкетті. Әсеттің дара талант екенін байқаған Абай оны қасына шақыртып, айналасындағы жас өнерпаздарға өнер үйреттіреді. Аса күшті дауыс бар да, сол дауысты әннің қажетіне жұмсай алу бар. Міне, Абай Әсетке осы арада үлкен мектеп болды. Әсет мұрасын зерттеуші Б.Нұржекеев ақынды көзі көрген Жақсылық Төленов дегеннің мына бір естелігін келтіреді: «Абай Әсеттің әнін ғана тыңдаған, алып барған адам да оны әнші деп қана таныстырған, сондықтан Абайдың: «Біздің әншілердің үнінің зор, тынысының кең екенін мақтан көріп, әнді барынша өңеші қызарғанша айқайлап әсерлендірмек болады»,- деуі, ал Әсеттің: «Маған Абайдың осы бір сөзі өмірлік сабақ болды» [221, 9-б.] ,- деуі де шындыққа жанасатын секілді.
Құр айғайға бақырған
Құлаққа ән бе екен?
Өнерсіз шатылған
Кісіге сән бе екен [105, 269-б.]?-
демеп пе еді сыншыл ақын. Демек, Әсеттің әншілік жолында Абай кездесіп, шын таланттың дарынын ұштап, үлкен өнерге жолдама берді. Ал, Әсеттің әншілік мұрасы жайындағы сөз - жеке әңгімені керек ететін ауқымы кең тақырып.
Әсетпен Абай жанына келген үлкен әншінің бірі – Уәйіс Шондыбайұлы. Абай ортасына Керей Уәйіс келгенде өз елінің әндерін ала келеді. «Марқұм Төлеу Көбдіковтің айтуынша, ұлы Абай Бақанас, Байқошқар жайлауында Көкбай мен Уәйіске кезек ән салғызып, өзі оларды сүйсіне тыңдайды екен» [358]. «Екі емелдің ортасын қостым әнмен, салдарша салтанатпен жүрдім сәнмен»,- деп ақындық пен әншілікті қатар алып жүрген Уәйістің мұрасына зерттеушілер назары кеш түсті. Ақындық мұрасын зерттеуді Қ.Мұхамедханұлы қолға алса, әншілігіне кейіннен Ж.Кәрменов назар аударды. Уәйістің бізге белгілі атақты әндері «Ақбөкен», «Балқурай», «Бес қарагер», «Бозқараған», «Перуайым», «Шыңғыстау» тағы басқа. Бұл әндердің кейбірі иесін таппай басқаға таңылып, не болмаса халық әндерінің құрамында жүргенін де айта кеткен жөн. Мәселен, «Перуайым» әні бірде Ә.Қашаубаевтың ән қоржынынан табылса [359, 176-б.], келесі жинақта халық әні болып жүр [360, 70-б.]. «Бозқараған» әнінің де сөздері өрескел бұзылып, «бозқараған» сөзінің орнына «қос барабан» делініп, сол себепті әннің де аты «Шұбартау» деп берілген ән жинақтарында. Сондай-ақ, халық әндері болып жүрген «Бекзатым», «Балқурай», «Ән лебіз» әндері ақынның жиені, шығармаларын жинап, зерттеуге көп үлес қосып жүрген Н.Сәменбетұлы тарапынан Уәйістікі деп танылса да [214], ән зерттеушілері әлі толық қабылдай қоймаған сыңайлы. Ж.Кәрменов өзінің «Үш күн» әңгімесінде Уәйіс ақынның ажалмен арпалысқан соңғы күндерінен сыр шертеді [361, Б. 235-256]. Ақынның шыбын жаны кеудеден ұшып кеткенмен, ел ардақтайтын екі әні - «Перуайым», «Бозқараған» мәңгілік қалды деген өміршеңдік идеясын арқалаған шағын әңгіме Уәйіс ақын образын сомдаған жалқы туындының бірінен. Қорыта айтқанда, Абайдың адал шәкірті болған Уәйіс Шондыбай баласының әншілік өнері ақындығынан бір мысқал да кем болмағандығын есте ұстаған жөн.
Әсет пен Уәйіс қазақтың қаймағы бұзылмаған дәстүрлі ән өнеріне өз үлестерін қосып, қоржынын толтыра білсе, Абай мектебінің келесі бір шәкірті қазақ әніне өзіндік бір жаңалық әкелді. Абайдың музыкаға жаңаша келу жолын жалғастырып қана қоймай, өз дәрежесінде дамыта білген сазгер ақын Шәкәрім еді. Білімі кемел, философиялық ойы терең Шәкәрімнің ән туралы сауаты да басқа ақындарға қарағанда анағұрлым жоғары болды. Батыс пен шығыстың өнер-білімін жетік меңгерген Шәкәрім әндерінің де жаңаша шырқалуы заңды еді. Абай да Шәкәрімнен жаңалық қана күткен. Бізге жеткен бір ел әңгімесінде: «Абай Шәкәрімге: «Осы қазақта алты, жеті, сегіз, он бір буынды шумақтар бар. Тоғыз, он, он екі буынды өлең шумағы болуы мүмкін бе? Ай, ондай болмайтын шығар,- дейді. Шәкәрім ертеңіне тоғыз, он, он екі буынды өлеңге ән шығарып әкеліп Абайға тыңдатады. Ол «Ажалсыз әскер» әні екен» [362, 6-б.]. Ұстаз бен шәкірт арасында дәл осы әңгіменің болған-болмағанын айту қиын, бірақ Шәкәрім қазақ өлеңінің құрылысына ғана емес, осы ән шығару өнерінде де үнемі жаңашылдыққа ұмтылып отырған.
Шәкәрім ел арасында жүріп ән айтпаған, оның әншілігі туралы да сөз жоқ. Солай бола тұрғанмен Шәкәрім шығармаларының көбінің өз әні бар. С.Мұқановқа жазған хатында былай дейді: «Бір сөзім, менің кейбір өлеңдерім қазақтың бұрынғы өлең жырларының әнімен айтылмайды. Әр қайсысының өзім шығарған әні (мотиві) бар» [131, 77-б.]. Өлеңдері ғана емес көлемді шығармалары – поэма, аудармалары ел арасында автордың өзі шығарған әнімен жырланған. Әр шығармасын жырлайтын меншікті жыршылары да болған. Музыканың теориясын жете меңгерген ол қазақ ән өнеріне тыңнан жол салады. Бұл тұрғыда Шәкәрімнің әндері Абай әндеріне де ұқсамайды. Белгілі композитор Т.Базарбаевтың сөзіне құлақ түрсек: «... оның (Шәкәрімнің Б.Е) ән әуендері, саздары өзімізге әбден қанық ұлы Абай әндерінен тіпті ерекше, бір-біріне тіпті ұқсамайды деуге болады. Қалай екенін қайдам, тек қана бір әні Абай атамыздың атақты «Сегіз аяқ» әнін көзге елестетеді» [363, 43-б.] ,- дейді. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп ақынның өзі айтқандай, Шәкәрім әндерінің әуенінде орыс композиторлары Мусоргскийдің, Прокофьевтің де сарындары жоқ емес. Қысқасы, Шәкәрім ән жанрында өз жанындағылардан алға кетіп, Европа мен қазақ ән дәстүрінің ерекшеліктерін қатар пайдаланып, классикалық шығармаларды туғызды.
Абай айналасындағы әнші-ақындардан тағы бір ерекшелігі, артықшылығы десе де болғандай Шәкәрімнің Меке сапарында нота жазу өнерін үйренуі. Өзі нотаға түсірген Шәкәрім әндерінің бізге жетпегені өкінішті. Жасынан Абайдың көмегімен бірталай аспаптарды еркін меңгереді. «Он жасыма кірген соң, домбыра, гармонь білген соң» немесе «Сағат пен орган жүргенін, таңырқап ашып көргемін» деп жазады өз өмірбаянында. Тіпті музыкалық аспаптарды өзі жасаған. «Ол кісі өз әнін орындау үшін домбыраның жоғарғы тұсынан қосымша тағы бір перне тағып берді» [362, 8-б.] ,- дейді Шәкәрімді көрген Садық Қасиманов ақсақал. Ахат Шәкәрімұлының айтуынша Шәкәрімнің «Ала байрақ», «Бозторғай» деген күйлері де бар. Демек, Шәкәрімнің музыкалық дүниесі - тұнып тұрған жаңалық. Жаңалықтың басшысы Абай болса, жаршысы - Шәкәрім. «Ән-өлшеуіш, өлең-күміс, қоспаңыз мыс»,- деп ән мен сөздің үйлесімділігіне аса ден қойған Шәкәрім әндері ойлы, ғибратқа толы, адам бойындағы ізгілік қасиеттерге жетелейтін тағлымдық сипат алып жатыр. Бұл арада Шәкәрім де ұстазы Абай сияқты әншілік өнерде биік адамгершілік мұраттарын эстетикалық тұрғыда адамдар жүрегіне ұялата білетін тәлімгер-тәрбиеші. Әнді Абайша сүйіп, өзінше өрістете білген Шәкәрімнің композиторлық қуаты өз дәрежесінде танылған уақытта ғана оның әндері дүниежүзілік деңгейге даусыз көтеріледі.
Абай мектебіндегі ән, музыка өнерінің дамуы туралы айтқанда, алдымен музыкада Абайдың өзі жаңашыл болды. Маңына өз заманының ең айтулы деген әнші, күйшілерді жинаған Абай шын мәнінде ән мектебін қалыптастырды деп айтуға болады. Ән өнері ақындықпен қатар жүріп, ақын сөзінің насихат күшіне қызмет еткендіктен, Абайдың ақын шәкірттерінің бәрі дерлік жақсы әнші бола білді. Абай мектебінің нағыз сегізқырлылық сипатын ескерсек, ақын әрі әнші және музыкалық аспаптарда шебер ойнаушы болған Абай маңындағы өнерпаз топ өз ортасындағы ән өнерінің жаңашылдық сипаттарын айқындай алды.
Мұқа, Әлмағамбет, Мұхамеджан сынды әншілердің ақындық өнері аса байқалмағанмен, бұлар Абай әндерін насихаттаумен ерекшелене білді. Көкбай ақындық пен әншілікті қатар ұстаса, Ақылбай, Тұрағұлдар бірнеше аспапта ойнай білген шебер музыканттығымен көзге түсті. Ал, Уәйіс пен Әсет айтулы әнші ғана емес, дәстүрлі ән өнерінің дамуына өз үлестерін қосқан композиторлар еді. Абай шәкірттерінің ішінде қазақ ән өнерін өзіндік бір белеске шығарып, жаңа әуен, тың мазмұн әкеле алған ақын Шәкәрім болды. Міне, Абайдың жанындағы ақын, әнші, сазгер, музыкант жастар бұл өнерді әр қырынан дамытты. Осылайша әр қырынан дамып, қазақтың музыка өнерінде өзіндік із қалдыра алған Абайдың әншілік мектебі - кемеңгер ақын тұлғасын айқындай түсер тағы бір керемет көрсеткіш.