Абай поэзиясындағы надандық категориясы
Айгүл Кемелбаева
Абайда ең жиі кездесетін, көкейінде безеріп түйіліп тұратын, күйігі асқан соң айтыла беретін сөздер бар. Кәдімгідей кілтті сөздер тізбегі. Надан, надандық – соның ішіндегі ең бастысы. Абайдың творчествосы, Абай жүрегінің ыза-зары айналасын аш бөрідей торыған қас надандықпен күрестен туған. «Біреуден біреу артылса» атты өлеңде Абай наданның портретін жасайды.
Біреуден біреу артылса,
Өнер өлшеніп тартылса,
Оқыған, білген – білген-ақ,
Надан – надан-ақ сан қылса. [1, 84].
Абайдың айтпағы, надан не қылса да өзгермейді. Өйткені ол надандықтың құрсауынан шыға алмай малтығады, бірақ өзі соны түк сезбейді. Айналасы тола надан адамдар, асып туған хакім Абай мұны қалайша көрмей тұрады?! Көріп тұрған арылмастай қайғы болған соң жаны қалай күймесін!
Оқыған білер әр сөзді,
Надандай болмас ақ көзді.
Надан жөндіге жөн келмей,
Білер қайдағы шәргезді. [1, 84].
Абай өлеңнің екінші шумағында «надан» сөзінің синонимін қолданған. «Ақ көзді» – түк білмейтін, бейхабар, надан деген мағына береді. Пайдалы ештеңемен ісі жоқ, өмірге құлшынысы жоқ, болса да аз, көзін ақ шел басқан соқыр адам тәрізді меңіреу, мәңгүрт адамды ренішті пейілде айтып отыр.Наданды ерекшелейтін мінезі жөн нәрсеге қырын қарап, дұрысты қолдамай, қырсығып шыға келетіні екен. Сол үшін Абай «шәргез» сөзін қолданған. «Шәргез» - шәлкес, шалыс, қыңыр, қырсық деген мағына береді. Шәргездік – қырсықтық, қыңырлы.
Надан қуанар, арсаңдар.
Таңырқап тұра қалсаңдар.
Татымды ештеңе болмас,
Адамсып босқа талтаңдар. [1, 84].
Наданға таңырқай қарау оны есіртіп, бекер жел беретін болып шықты. Ол өзін жөн санап, шалқақтай талтаңдап шыға кетеді. Талтаңдай басу – өзін артық санаудан, төрт құбыласы түгел санаудан шығатын есер әрі оғаш қылық. Ешқандай адамшылық этикаға жатпайды. Мұндай оғаштықты Абай жек көре суреттейді. Ақымақ қылықтарды көзі жиі көрген соң жаны күйзеліп жылайды. «Қараңғы саңырау қайғы ойды жеңген» болып албастыдай еңсені басып тұрған жоқ па! («Ауру жүрек ақырын соғады жай» аталған, Лермонтовтан делінген өлеңінен). Егер бірлі-жарым надан көрсе дәл бұлай күйзелер ме еді?! Абайдың бір өлеңі екінші өлеңімен жер асты суларындай байланысып, біте қайнасып, сабақтасып жатады. Ой патшалығы біртұтас болғандықтан шығады. Сонымен қатар қоғамды нақты танытар шындық өмірдің боямасыз көрінісі болғандықтан өстіп жалғаса береді. Суреткерлікке тән қасиет. Абай шығармашылығының басты қасиеті де осында жатса керек. Өмірдің шынайы келбетін өтірік, бояма, жалған һәм әсіре қиял қоспай айқын көрсете білуі. Мысалы, тұтас елінің бейдауа сиқын көріп түңілгендіктің жан айқайын Абай жасырмайды. Өйткені, халық даналығында «Ауруын жасырған өледі». Бір адамның басындағы келеңсіздік емес, тұтас қазақ қоғамын шарпып тұрған қасіреттің негізгі атауы осы – надандық қамыты.
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын.
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын?! [«Жүректе қайрат болмаса», 4, 23]. «Өзі өнерсіз, өмірден тез суынар, /Ойлаған жолаушыдай бос жүргенін» деп Абай үстей түседі. Бұл-дағы қоғамды қара албастыдай басып тұрған өнегесіздіктің, қас надандықтың ауыртпалығы.
Ақыл жоқ, қайғы жоқ онда,
Ісі жоқ – теріс пе, оң ба?
Тіленіп, телміріп ізденер,
Тиын ба, яки бір сом ба? [1, 84-85].
Өнерсіз адам не істей алады. Қолынан ең әуелі өзіне, қала берсе отбасына, одан асса еліне пайдасы тиер істің жөнін білмеген соң не шара?! Ондай адам тек масылдыққа байланады. Күнін көре алмай, тойып ас іше алмай, телмірумен күні өтпей ме?! Абай үшін мұнан өткен ит қорлық жоқ.
Ит көрген ешкі көзденіп,
Елерме жынды сөзденіп.
Жасынан үлгісіз шіркін,
Не қылсын өнер ізденіп. [1, 85].
Абай біздің жазба әдебиеттің жолашар өкілі болумен қатар қазақ халқының қанына біткен ауыз әдебиетінің асқан білгірі. Фольклор, ертегі-жыр, эпостық батырлық жырлар оған әкенің қанымен, ананың сүтімен сіңген. Оның үстіне қазіргі мәдениетсіздіктің, қазақ тілін бұзудың жаманшылығы ол кезеңге атымен жат құбылыс болатын. Қазіргі заманғы қаптаған сауатсыз жарнамаларды түсіну оңайға соқпайды. Мысалы, «Әр пәтерде ақылды үй» деген жарнаманы ана тілінің уызына жарып өскен адамға қалай қабылдауға болады? Баттасқан, ойды анық жеткізуге қабілетсіз олақ кальканың көрінісі.
Ақын өлеңде «Ит көрген ешкі көзденіп» деген теңеуді дөп қолданған. Бұл теңеу ежірейе, тікірейе қарау деген мағынаны береді.
Кісімсіп белгілі білгіш,
Біреуге сондай-ақ күлгіш.
Бұлықсып, бұлданып босқа.
Өзімшіл, оңбаған шерміш. [1, 85].
Кісімсудің жөні бар, бірақ ол әрқашан жағымсыз әсер етеді. Ішкі мәдениеті қалыптасқан адамда шамына өлердей тимесе кісімсу мінез бола қоймайды. Біреудің қылығына күлгіштік Абайдың пайымында ең антұрған, ең оңбаған арсыз мінез. «Өзі жығылып жатып, сүрінгенге күледі» деу осыдан шығады.
«Бұлықсып» – ауыспалы мағынада менменсу, тәкәппарсуды білдіреді. «Бұлдану» сөзіне қосарлы сөз «бұлданып», оның мәні де бекер қылық жасау, әлдеқандай болу, бәлсіну, міндетсіну. Абай мұндай қас наданның жағымсыз портретін аяғына дейін жеткізген.
Өзімшіл, оңбаған шерміш.
«Шерміш» сөзі қазір құлаққа жиі естілмейді, архаизмге кетіп бара жатқан сияқты. Оның тағы бір себебі, қазіргі ана тілінің сөз қорын білетін қазақтардың саны кеміп кетуінде де жатса керек. Сөз қоры өте төмендеп кеткені жалған мәселе емес. «Шерміш» сөзінің ауыспалы мағынасы «пасық», «бақас» дегенді білдірсе, тура мағынасында «қарны қампиып, жүре алмай қалған, ауру, мешел» деген сөз. Наданның надандығы оны ауру, мешелге ұқсатып бағады екен. Мұнан шығар ой осындай. «Надан өз айыбын білмес, кісі айыбын білер» дейді қазақ мақалы.
Кісіде бар болса талап,
Отырмас ол ойын балап,
Жүрер, әрқайдан ізденер,
Алар өз сүйгенін қалап. [1, 85].
Өлеңнің соңғы шумағында Абай ойын түйіндейді. Адам надандықтан арылса, талапты ерге айналса, «Талаптыға нұр жауар» дейтұғын сүйінішке кенеліп, өмірде жолы болып, қалаған мақсатына жете бастайды екен. Абай әуелде күйінішпен бастаған өлеңді үмітпен аяқтайды. Сөз түсінетін көкірегі ояу жастарға үміт артады.
Ескі ғасыр аяғында қазақ қоғамының оң-терісін танып, сыни ойларын, қауіп-қатерін, ұлттың қайғысы мен кембағалдық комплесксін айтудан жалықпаған, қазағым түзелсе, рухы күшейсе, әлеуеті, өмірге икемділігі артса деп қалам қуатын аямаған ақын, ойшыл, қоғам қайраткері Мейірхан Ақдәулетұлы Абайды халқынан бұрын оянған деп жазады.Абайдың рухани көсемдігі, ұлтын ойлап қиналған ұлы трагедиясы да, өлгеннен соң өлмейтұғын асқан бақыты да халқымен бірге бола беретін құдайдың бұйрығында. Құдай сүйген құлына бұйыртар әулиелік бақ, оның азабы мен ғажабын былайғы жұрт біле алмас.