«Масғұт»
1882-1903
Абайдың оқиғасы, тақырыбы шығыс халықтарының аңызынан алынғаны байқалатын, терең ой тудырған дастаны.
Қашан жазылды?
Поэма 1882-1903 жылдар аралығында жазылған деп саналады. Абай мұрасын зерттеген ғалымдар бұл шығарманың алғашқы бөлігі орыстың аса көрнекті жазушысы И.С. Тургеневтің «Восточная легенда» атты әңгімесімен үндес екенін анықтап, әрі Мүрсейіттің 1907 жылғы қолжазбасындағы «Масғұттың» тұсындағы «Тургеневтен» деген жазуға арқа сүйеп, Абай өз поэмасының сюжетін, бір жағынан, И. Тургеневтен, екінші жағынан шығыс фольклорынан алған деген пікір айтады. 1970 жылдары З. Ахметов өз зерттеулерінде «Масғұттың» И.С.Тургеневте жоқ екінші бөлігін бирма халқының ертегісінен тауып, оны Абайдың шығармасымен салыстырып, екеуінің жақындығын анықтады.
Қайда жазылды?
Поэма Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта толық емес күйінде, кейін толық түрінде 1939 жылғы басылымда жарияланды (17-бөлік. Әңгіме «Масғұт», 98-100 беттер). Шығарма басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.
Поэма не жайында?
Шығармадағы ең әуелгі басты кейіпкердің аты – Масғұт, оның тіршілік еткен шаһары – Бағдат, заманы – Һарон-Рашид халифтың тұсы. Кейін Масғұтқа кездесетін қария мұсылмандардың дін аңыздарыңда жүретін Қызыр, қазақша Қыдыр аталады. Ол сол айтылған аңыздар бойынша өлмейтін, мәңгі жасайтын жалғыз жан. Әр заманда, әр ортаның адамына оқта-текте бақ-дәулет әкелетін, ырыс үлестіруші болады. Міне, сөйтіп, осы аталған белгі, деректердің бәріне қарап, біз Абай поэмасының негізі шығыс аңызынан алынған дейміз.
Ақынды шығарманың ішінде бір ғана кейіпкердің жайы қызықтырады, ол – Масғұттың ғана жайы. Сол Масғұтты бірнеше ерекше халдерге, уақиғаларға ұшыратып барып, Абай оған сапалы адамгершіліктің қасиеттерін бітірмек болады.
Қай жанрда жазылды?
Дастан 11 буынды қара өлең үлгісімен жазылған, әрқайсысы 4 тармақты 44 шумақтан тұрады. Бұл поэма туралы Абайдың өзі атап көрсеткен деректері жоқ. Бірақ шығарманың ішіндегі кейбір белгілерге қарағанда, мұның оқиғасы, тақырыбы шығыс халықтарының аңызынан алынғаны байқалады.
Қай тілдерге аударылды?
Поэма ағылшын, әзербайжан, араб, қарақалпақ, қырғыз, қытай, латыш, орыс, өзбек, татар, ұйғыр тілдеріне аударылған.