«Қарға мен түлкі» 2
Жұрт біледі, күледі,
Сұрқия тілдің жаманын,
Қошеметшілердің амалын.
Сонда да солар қайда жоқ?
Ептеп айтса, ересің,
Артынан өкінсең де пайда жоқ.
Ірімшікті Құдайым
Кез қылды бір күн қарғаға.
Алып ұшып барды да,
Қонды бір биік ағашқа.
Үлкен олжа емес пе
Ірімшік деген қарны ашқа?
Бір жеп алып, шүкірлік
Қылайын деп аллаға,
Тұмсығында ірімшік,
Ойланып қарап тұр еді,
Бір қу түлкі сорына
Жақын жерде жүр еді,
Ішіне сақтап қулығын,
Ептеп барып барлайды,
Бұлғақтатып құйрығын,
Қарғаның көзін алдайды.
Тәтті тілмен, тәтті үнмен
Сөйлесуге айналды:
"Қарағым, не еткен сұлу ең!"—
Деп таңырқап таңданды,—
"Не еткен мойын, не еткен көз,
Осыдан артық дейсің бе
Ертегі қылып айтқан сөз?
Қалайша біткен, япырмай,
Мұрныңыз бен жүніңіз!
Періштенің үніндей
Деп ойлаймын үніңіз.
Осы көрікпен, Бұл жүнмен,
Әншілігің белгілі,
Ұялмай, қалқам, бір сайра,
Біз де алалық үлгіні.
Құс төресі біздерге
Сіз боларсыз бір күні".
Басы айналды қарғаның
Сұмның айтқан сөзіне.
Қуанғаннан бөртініп,
Бір мастық кірді өзіне.
Өзіне біткен өңешін
Аямастан қарқ етті,
Ірімшік жерге салп етті,
Іс бітті, қу кетті.

(И.А.Крыловтан)
1898
Абайдың И.А.Крыловтың «Ворона и лисица» мысалынан аударған туындысы.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл өлеңді И.А.Крыловтан аударған уақыты басылымдарда 1898 жылмен көрсетілген.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.
Қайда жарияланды?
Мысал алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық ауытқулар кездеседі.
Өлең не жайында?
Түпнұсқада қошеметшілердің жыл-постығы, айла-амалы әлемге аян бола түрса да, олардың қашанда жол тауып, сан соқтырып кететіндігі айтылады.
Сәл ғана өзгерістері болмаса, аудармадағы ой өзегі де осы. Абай орыс ақынында жоқ «күледі», «өкіну» сөздерін енгізу арқылы мысалдың негізгі ойын айқындай түскен. Түпнұсқада ірімшік тауып алған қарға таңертеңгі асын жеуге қамданды десе, аудармада қарғаның «қарны аштығы» айтылады. «Бір жеп алып, шүкірлік қылайын деп аллаға» деген ұғынықты жолдарды ақынөз жанынан қосқан. Ал түлкінің қарғаны алдап түсіру мақсатымен айтқан қошемет сөздері Абай аудармасында мүлдем құлпырып кеткен. Абайдың тәржімелеуіндегі: «Өзіне біткен өңешін Аямастан қарқ етті, Ірімшік жерге салп етті, Қу кетті, іс бітті» — деген жолдар өлең аудармасының классикалық үлгісі болып саналады.
Қай жанрда жазылды?
Абай түпнұсқаның мазмұнын толық сақтап, сәл кеңейтіңкіреп, өте жатық және көркем етіп аударған. Түпнұсқада – көп буынды 26 жол, аудармада 8-9 буынды жыр үлгісімен 47 жол.
Қай тілдерге аударылды?
Мысал орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.